Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА «Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім, мен бір жаққа асығамын… (Ақын рухына тағзым)»

 

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл

 

 

Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы

Академик Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды университеті,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

 Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім, мен бір жаққа асығамын…

(Ақын рухына тағзым)

 

Қазақ поэзиясының көгiнде өзіндік қолтаңбасын қалдырған озық ойлы, адамдық тұғыры биік,дара да дарынды таланттарымыз баршылық, ұлтымыз ақыннан кенде емес.Ақындарымыз ұлтқа  қызмет  етіп, өлең өлкесiнде өздерiнiң  шығармашылық бай лабораториясын жасап, шеберлiктерiн танытып қазақ жыр – қазынасының таусылмас байлығын жасап, ұрпаққа аманат етіп  кеттi.

Жетпiсiншi жылдар поэзиясына зер салатын болсақ, танымал таланттарымыздың  санаулысының  бiрi де бiрегейi, лирикалық асыл сезiмнiң жыршысы болған,«…қазақ поэзиясындағы экзотикалық тұлға, құбылыс» -деп сыншы-ғалым Т. Шапай айтқандай  Мұқағали Мақатаев едi. “Мен өз дәуiрiмнiң жаңғырығымын” — деп Виктор Гюго айтқандай, Мұқағали да 60-70-жылдардағы жыр әлемiнiң жаңалық жаңғырығы, құбылыс болды. Оның бойындағы асқақ азаматтық әуенмен қатар өрбiген биiк рухты  әрбiр шығармасын оқыған сайын түйсiнiп, сезiне түсемiз.

Халықтың бай  ауыз әдебиетiмен, жыраулар поэзиясымен сусындаған, Абай поэзиясын жетiк меңгерген,  Қасымды жатқа  оқыған, әрі  өзiнiң ұстазы  санаған, шетел әдебиетін терең түйсінген Мұқағали ешкiмге ұқсамайтын, образды  сөз өрнектерiмен ерекшелендi.

Туады, туады әлі нағыз ақын,

Нағыз ақын бал мен у тамызатын.

Жесірдің айрылмас сырласы боп,

Жендетттің көзінен жас ағызатын,

Туады, туады әлі нағыз ақын

Жыр сөздері жай болып атылғанда,

Атылғанда, аспаннан оқылғанда,

Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,

Жанар пайда болады соқырларға

Олай  болса, образды  сөзқолданыстар ақын лирикасының  көркемдiгiн, әсерлілігін,  шынайылығын,  жаңалығын, стильдік  колоритінайқын көрсетедi. Ойын ашық айтып, нағыз талантты ақындар туатынына шек келтірмейді.

Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн,

Алынбағанақым бар сендеменiң.

Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм,

Бура бұлттар бусанып терлегенiм,- деп

ақын өзi айтқандай, сонау биiкке көтерілген қазақ поэзиясының өлең өлкесiне сыршыл да шыншыл  жырларымен айқайлап келiп едi. Ақын лирикасынан үнемi тылсым табиғатпен,  қоғаммен, өмiрдегi болып жатқан сан қилы оқиғалармен тонның iшкi бауындай қабысып жатқан, оқырманын ойлантуға, сендiруге, иландыруға  мәжбүр ететiн айрықша  ішкі   байланысты байқаймыз. Ақын өлеңдерiн оқығанда тағы бiр байқайтын  ерекшелiгiмiз сөзбен суреттелген қарапайым өмiр, тiршiлiк құбылыстары  тұтас бiр образ жасап, көз алдымыздан бір мезетте сурет болып  өте шығады. Осы тұтас образ ұтымды, оралымды, көркем әрiшебер қолданылған тiл нақышы арқылы көрiнiс бередi.

М.Мақатаев өзiнiң тiлiн, стилдiк бояуын  қалыптастырған ақын және өлеңі арқылы ұлтын танытты әрі ұлтына қызмет етті.

Мекен-жәйім – жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

Шығарма тiлiнiң көркемдiгi суреткердiң сөздi аз-көп қолдануында емес, әр сөздiң орнын тауып көркем жұмсай бiлуiнде. Ақын сөздi  қиыстырып,  тиiстi  жерiнде ұтымды қолданып қана қоймай, ойдың түсiнiктiлiгiн, айқындылығын, дәлдiгiн беру үшiн сөз мағынасын сан жаққа құбылтып жұмсайды.

Мәселен,“Ақ кимешек  көрiнсе сенi көрем, Ақ кимешек жоғалса ненi  көрем”, “Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!”, “Қарқ қылмай тұрса да қара нанға, Қара қамба құт едi балаларға”, “Сенбеймiн әкең өлдi дегенге мен, Себебi ол үйiмiзден тiрi аттанған”, “Шаруасы шайқалған шағын үйдiң, Шаңырағына шаншылдық уық болып”, «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді», «Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде, Ұйқыдағы сәбидің келбетіне», «Қайран біздің өмірдің – балқаймағы»,«Ақыл мен парасат бұғынады, Шынайы шын сезімге жолыққанда»- осылай тiзбектелiп кете беретiн өлең жолдары бар қазаққа таныс төл ұғым. Осы өлең жолдарынан ақын ойының шыншылдығын байқап, жалпы халыққа түсiнiктi қарапайым әрі бейнелі  тiлiмен жеткiзгенiн көремiз. Ақынның қарапайым жалпы халыққа түсінікті сөз өрнектері өлеңде де айқындала түседі.

Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым

Мұқағали өз өлеңдерiнде  сөз аясын  кеңейтiп, бейнелегiш-көркемдегiш тәсiлдердi шебер пайдаланып, олардыңэмоционалды-экспрессивтiк    бояуын арттыра түсті.

Ақын өзi  өмiр сүрiп отырған қоғамдағы алуан түрлi  көрiнiстердi лирикалық шығармасы  арқылы оқырманына жеткiзе білді. Мына бiр ақиқатқа көзiмiз жеткен, яғни адамның бойында, мiнез-құлқында, iс-әрекетiнде, тағдырында жақсы мен жаман араласып, пендешiлiк, арамдық, көрсеқызарлық, жауыздық, қараниеттiлiк, екiжүздiлiк одан басқа да  толып жатқан түрлi жағымсыз әрекеттерді  бiлдiретiн ұғымдарды  ақын өткiр де уытты жырларымен жоғалтуға ұмтылады. Сонымен қатар өмiрдегi  жақсылық пен жамандық, iзгiлiк пен зұлымдық, адалдық пен арамдықты, өмiр мен өлiм сияқты  кереғар  ұғымдарды көркем тiлiмен айшықтап, суреттеп бередi.

Ақын көзiмен көрiп, көңiлiне түйгендерiн ештемеге қарамастан жалтақсыз айтып, өзiнiң де өзгенiң де айыбын жасырмай, бетке басып ашық жеткiзе алды. “Айтып өткен ақында  арман бар ма, жүрегiнiң түбiне кiр жасырмай” – деп армансыз ақтарылып айтып кеттi. Өзiнiң азаматтық үнiмен өмiрдiң ащы  шындығын өткiрлiкпен айтты. Мұқағали Мақатаев  қазақ поэзиясында қашан да биiктен көрiнедi, ол қазақ поэзиясының кең төрiнде  өзiнiң “менiн” танытты.

Ақын 1972-1976 жылдар аралығында күнделік жазған және бір таңқаларлығы өте сауатты, жүйелі жазылған. Өзінiң 14 ақпан 1976 жылы жазған күнделiгiнде: “…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Менiң қымбатты достарым! Егер шынымен менiң өмiрбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрiн түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Менi өз өлеңдерiмнен бөлiп қарамаулары-ңызды өтiнемiн. Естерiңiзде болсын, менiң өлеңiм жеке тұрғанда  түк те емес. Бiрiктiрiп қарағанда ол поэма iспеттi. Басы және  аяғы бар. Сонымен, достар, бүкiл менiң жазғаным  бар-жоғы  бiр ғана бүтiн поэма. Адамның өмiрi мен өлiмi, қасiретi мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар барлық өлеңiмдi жинап, бiр жинаққа топтастырып көрiңдершi. Естерiңде болсын, әрбiр өлеңiм өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетiне көңiл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер менi сонан таппасаңдар, онда  ақын болмағаным!” [1:41] – деп жазған болатын. Ақын поэзияны зерттеу керектiгiн баса айтып, өзiне де өзiнiң өлеңiне де аса жауапкершілікпен қарайды. Жырларының басқа жүректерге сәуле түсiретiнiн және осылардың бәрi  адам өмiрi туралы  тұтас поэма екенiн  оқырманына ескертiп отырады. Ақын өзiнiң жырына әдiл баға бере отырып, ертеңгi  күнi менiң өмiрiмдi, шығармашылығымды  зерттемек болсаңдар  мынаған көңiл аударыңдар деп өзi айтып кеткен едi.

Мұқағали лирикасында  халық тiлiнiң байлығын, оның мүмкiншiлiктерiн қаншалықты пайдаланғанын, әдеби тiлiмiздiң дамуына қосқан үлесiн, өзiндiк қолтаңбасы мен өрнегiн салып кетті. Жекелеген суреткердiң жазу мәнерi мен стилiн өзгелерден даралап тұратын  өзiндiк, авторлық қолданыстардың қызметi айқын  көрініп тұратыны  белгiлi. Мұқағали Мақатаев жалпыхалықтық қолданыстағы сөздердi қолданумен қатар жеке авторлық қолданыстарды да ойнатып, образға бағындырып  қолданған.

Мұқағали Мақатаевтың поэтикалық тiлi ешкiмге ұқсамайтын даралығымен ерекшеленеді, сөз құдiретi арқылы ақын көрiктi, әсем, сұлу сөз-бейнелер жасап, әрбiр сөздi  ойнатып  берген. Сөз – бейнелерiнiң көрiктiлiгi,әсемдiгi, сұлулығы, мағыналылығы, айқындылығы – ол қолданған  айшықтау-көрiктеу құралдарының негiзiнде жатса керек.

Мұқағали Мақатаев орыс тілін өте жетік білген және неміс тілінен  де хабары болған. Оны ақынның күнделігінен байқауға болады. 27 қаңтар 1974 жылы жазылған күнделігінде: «Будь ты проклята моя поэтическая судьба! Будь ты трижды проклята, среда окружающая меня! Среда, которой душой и сердцем я отдался, поверил, надеялся на лучшее. Коротаю свои униженные дни, дни которые мне ничего не принесли, кроме горечи да страданий. Теперь-то я понял, что нет человека на свете несчастнее меня. Не знаю, чем все это кончится. Одно мое желание – успетьвоспевать свою лебединную песню»[2,129].Қандай  тағдыр болса да, Аққу әнін айтып өткен ақынжәне көзі тірісінде таңдамалысы «Өмірдастан»жарыққа шыққан ақын.Ақын тағы да ішкі жан дүниесінің айқайын өлеңі арқылы таныта түседі:

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер.

Ақын қолданған сөзқолданымдар сөз сұлулығын, сөз құдіретін,   бейнелiлiгiн ғана жасамайды, ол типтiк характер жасауға да,  суреткердiң өзiндiк  “идиостилiн” жасауға да, оны ашуға да қызмет етедi. Мұқағали қолданған сөзқолданыстароның ақындық шеберлiгiн таныта түсті. Тiл, оның iшiнде сөздi пайдаланудағы  шеберлiк, орынды  таңдап жұмсау ақынды  биiктен танытып,  өзiнiң адамдық тұғырынан көрсете білді.

Сен менiң жырымды оқы,  ұнамаса,

Менiң туған жерiме  көмiп кеткiн,- деп

ақынның қазақтың байтақ да  кең жазира даласына  жар салуы,  өзiне де өлеңге де үлкен талап  қоя  бiлгендiгiнде болса керек. Киелi, қасиеттi, құдіретті  жырдың салмағын түсiнiп ғана қоймай, сезiнiп, поэзияның ешқашан да өлмейтiн қазына екенiн  өзi де мойындайды, өзгенi де мойындатады.

Ақын өлеңдерiнiң ғұмыры ұзақ, жылдар өткен сайын оның бағасы биiктеп, асқақтай түседi. Ол осылайша қанша оқырманының жүрегiнен  әлi  де орын  алатыны шындық. Туған халқының арман мақсатын  терең ұғынған ақын туған жермен тағдыры да, тамыры да қосылып жатқанын сезiнiп,  өзiнiң  бар бiтiм-болмысымен жырлап, баласындай мәпелеген жырын  айшықты сөздермен  өрнектедi.

Мұқағали туған халқын терең түсiнiп, оның тау-тасына, жерiне құдайдай табынып қастерлеудiң негiзiнде Қарасаз топырағынан  өлмейтiн жыр, өр тұлғалы шын ақын туды. Тағы да ақын күнделігінде:«Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне кәміл сенемін. Адамзат жаны қатігез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын.Ақырғы сөз соныкі»[3,158].Күнделігіндегі ойлары өлеңімен ұштасып, нақтыланып айқындала түседі.

Ақынның ақындығы – атақта емес,

Ақынның ақындығы – арда ғана.

Ол ұлты үшiн  туған,  оны жыр-қазына арқылы танытқан, сөз құдiретi арқылы ғажап та ғаламат  сөз – бейнелер жасаған  дарынды ақын. Өзiнiң  таусылмайтын жыр – қазынасымен, нақтырақ айтсақ, ұтымды, орынды, бейнелі, көркем қолданған сөз мәнерi арқылы ұтқыр ойларды,  құдiреттi де қасиеттісөздердi Мұқағалидай  дара да таутұлғалы ақын ғана бере алады. Өлеңнің өлмеуін, өшпеуін, өмір сүруін тілеп өмірден Ақын-Ғұмырөтті де кетті.

Өмірден менің күткен үмітім сол,

Өлеңім, мен өлсем де, сен аман бол!

Асықпайтын жүрісімен, асығып өмірден Ақын кеткеніне де жарты ғасырдай уақыт  болып қалса,  жарық  дүние  есігін ашқанына  да  бір ғасырға  жуық  уақыт  болып  қалған  екен. Ақын кетсе де, артында сарқылмас бай мұра, өлмейтін, өшпейтін поэзия, жыр-қазына қалды. Мәңгілік жыр-ғұмырғаайналған Ақынның өлең – тағдырымен өлеңі – өміріұрпақтан – ұрпаққа жалғаса беретіні мәлім.

Ақын өмірденерте кетсе де  Ақынның екінші өмірі – негізгі  әрі мәңгілік  өлең – өмірі  қалды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М. Мақатаев. Қарасаздан ұшқан қарлығаш. Жалын баспасы.–Алматы, 1999,224б.
  2. Т. Шапаев. Ой түбінде жатқан сөз. Жазушы баспасы. –Алматы, 1989, 216б.