Бағдат МҮБӘРАК «Поэзия деген далада екен ғой, Қалада ондай өлең жоқ!»

Бағдат Мүбәрак — 1978 жылы, 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Ақтоғай селосында туған. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін 1998 жылы тәмамдаған. Қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде және «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында, «Қазақ радиосында» қызметтер атқарған. Облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан «Құсни хат» атты жыр жинағы жарық көрген.

Мезгіл

Көктем, мен сені сүймейтін болдым,
Жаһанды жұмақ қылсаң да.
Басымды имейтін болдым,
Мың жерден ұнап тұрсаң да.

Күз, мен сені сүйдім,
Сары алтын кейпіңді.
Кезінде ызғары ұнамаған,
Даламда жанар тұр сүйкімді.
Дәл бұлай қызға құламағам.

Ақшулан ақ қырау шалған,
Сыңары – жүрегім күздің.
Ұқсайды ұсқыным да әрі,
Құс жолынан күдерімді үздім,
Балқашта құс қырылғалы.

Қаланың сайқал қызындай,
Бұл көктем несін біледі,
Көңілді арудай аулайды не-
мен?
Бәрібір күз жігіт шешіндіреді,
Айттым ғой аумайды менен.

Бір көктемді сүйгенім бар-тын,
Беріліп бекер сезімге.
Жақсы көруші едім,
Қойылды нүктесі неден?
Бірақ ол кетер кезінде,
«Қош, жаным, күтпеші» деген.

Көктемді сағына тосқан,
Түсірдің көпке беделімді.
Һәм, бәлкім, ұнамады өлең,
Не үшін өкпелегенімді,
…сұрама менен!

БАЛҚАШ
Серілік құрып сауыққан жерім,
Алаң да, алаң балаң жүр.
Көресінімді зауыттан көрдім,
Әйтпесе менің қалам бұл.

Желмая мінген абадан жырау,
Тамсанып айтқан текті өлең.
Желпініп өскен қаладан мынау,
Жетіскенімнен кетпеп ем.

Мұржаңнан шыққан жаңбырсыз бұлт,
Көшірмесіндей тамұқтың.
Аққудың бәрін тағдырсыз қылып,
Жаратпағанын жаңа ұқтым.

Ажары тайып, солған гүл жылап,
Ғазалыма көрші, ал шыдап!
Өзімше күткен сол жаңбыр бірақ,
Көзімнен шықты тамшылап.

Меселім қайтып, мысы басылды,
Баз кешіп қайда беземін?
Көкше теңізім құсын жасырды,
Көкшетау жақта сеземін.

Бөктерде емес, көкте гүлдеген,
Шынарға біздей қайыр бар.
Шапанға сыйып кеткеніменен,
Шаһарға сыймас шайырлар.

Сорпадай қылып, сорыңды ішкенде,
Қайғымды мен де ұлғайтам.
Көңіл айтармын жолым түскенде,
Көліңе айтам ба, кімге айтам?!

Өзіме Эпиграмма
Қанша тыраштансаң да тағдыр шымыр,
Ей, менің құрсүлдерім шандыр-сіңір.
Қарағанды қаласы – қаңғыбастың,
Қаңғыра алмай жүр едің қаңғыршы бір.

Ел сияқты болмасаң есепке дүр,
Дәлізге сан түнерсің, көшетке бір.
«Көмір болса, өмір бар» — деп отырар,
Шешеңнің үйі емес қой шешек келгір.

Сұрағым көп… Ал, қайдан жауап табам?
Өз обалым өзіме сауап маған.
Көшелерді кеземін кездесер деп,
Пешенемді түзейтін сауатты адам.

Күлтөбенің басында күпірлік көп,
Ол да бізге, біз де оған түкірдік деп.
Тағдырымның кім қояр леп белгісін,
Бұ не қылған бітпейті нүтір, нүкте ед.

Қолдан «жұмақ» жасаған жұмбақ елі,
Тірі жан түсінбеді мұнда мені.
Ақшам ауса күндегі уайымым —
Бүгін қайда қонамын?
Кім бар еді?

Қаршадай қыз
Қаршадай қыз,
Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.
Бірімізге айта алмай сырымызды,
Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

Есте қалар күніміз бүгіндейміз,
Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.
Бір қоштассақ айрылып қалатындай,
Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

Иран бағым,
Қалай сонда кеудеме сиған жаным?
Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,
Ибалылық белгісі қиналғаның.

Мамықтай маужыратып жасыл желек,
Кеудеме кеп төсенді басың кенет.
Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,
Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,
Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.
Маңайыңа қарайсың мұңға батып,
Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,
Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.
Өріктей өңің сынып отырғаның,
Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,
Сонда бізді табиғат тек түсінген.
Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,
Найзағай да суретке көп түсірген.

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,
Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.
Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,
Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,
Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.
Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:
Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,
…таңқалмас ем.