Елдос ТҮЙТЕ «Асылбек Ихсанның «Асфальттағы ұлу» шығармасының тілдік ерекшелігі»

 

Асылбек Ихсанның «Асфальттағы ұлу» шығармасының тілдік ерекшелігі

 

Е.Е.Түйте

академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ

филология факультетінің деканы,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Постмодернистік жазушы Асылбек Ихсанның «Асфальттағы ұлу» хикаятының тілдік-стильдік ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, жатсыну белгілері көптеп байқалады. Әсіресе, қазақ дүниетанымына жат кейінгі заманда қала өмірімен бірге пайда болған тілдік қолданыстарды атауға болады. Кез келген халықтың сөздік құрамы сол ұлттың байырғы төл сөздері негізінде жасалады және тілден сол халықтың болмысы, атап айтқанда, тұрмыс-тіршілігі, кәсібі мен шаруашылығы, мәдениеті толықтай сезіліп тұрады. Енді осы хикаят тілінің стильдік ерекшеліктеріне тоқталайық.

Қала өмірін сипаттайтын тілдік белгілерге мәрмәр тастар, басқыштар, бордюр, тротуар, зәулім үйлер, автобус аялдамасы, сфетафор т.б. жатады. Мысалы:

«Сәкен Сейітұлы қақпаға жақындағанда ағаш үйшіктің терезесінен күзетші жігіттің жүзі көрінген бойда-ақ қақпа түбіндегі қаңылтыр қобдиша ыңылдап қоя берді де, темір шыбықтар шырмауықша өрілген ауыр шойын есік «Мархабат, тақсыр!» дегендей жеңіл сырғып ашыла бастады. Үйшіктен лып етіп шыға келген жас жігіт амандасып үлгеріп, құрмет білдірген күйде тұрып қалды. Бұлшық еті сыртқа теуіп тұрған оң жақ қарының тұсында «Қабылан» деген зерленген жазуы бар униформасының төс қалтасынан рациясын алып, әлдебір нөмірлерді атады. Сыртқа шыққан Сәкен Сейітұлы темекісін тұтатып тұрып, қымбат тастардан өрілген дуалдың ар жағында қалған үйлерге көз тастады. Алатаудың далиған кең етегіне жармасып тұра-тұра қалған өңшең бір көк шатырлы, күрең шатырлы, күміс шатырлы зәулім үйлер ертегінің диюының қолынан шыққандай сыйқырлы да сесті көрінеді». Осы мәтіндегі «қақпа түбіндегі қаңылтыр қобдиша», «темір шыбықтар шырмауықша өрілген ауыр шойын есік», ««Қабылан» деген зерленген жазуы бар униформа», «рация», «қымбат тастардан өрілген дуал», «көк шатырлы, күрең шатырлы, күміс шатырлы зәулім үйлер» қала өмірін суреттеп тұрған тілдік қолданыстар болып табылады.

Мәрмәрдан ойылған колонналар мен басқыштар, сақиналанған жол, тақтайдай жол, бордюр, көшедегі бетон діңгектер – қала көшелерін сипаттап тұрған тілдік тұлғалар.

Күнделікті қаланың күйбелең тіршілігін суреттейтін картиналар да шығармада көрініс берген. Мәселен:

«Сәкен Сейітұлы аялдамаға келгенде 526 нөмірлі шағын автобусқа адамдар кіре бастаған екен.

Орбита, Саяхат, ВАЗ! – деп қарлыға айғайлаған жас бала бұны басынан аяғына дейін шоли қарады. Бір қолымен есіктің жақтауынан ұстап, сыртқа асылып тұрған қалпы «мына біреу біздің жолаушыға ұқсамайтын тәрізді, сөзімді шығын қылмасам ба екен» дегендей екі ойлы күйде тез көз жүгіртіп өтті де, шопыр жаққа қарап «Кеттік!» деп айғайлады».  Мұндағы аялдама, автобус, аялдама атаулары, жүргіншілер мен кондуктор, кондуктор мен шопырдың тілдесімі – күнделікті қала өміріндегі үйреншікті жағдайлар.

Қала өмірі үшін уақыт тапшы, әр минут есептеулі. Мұны шығарма кейіпкерінің «Сағатына қараса – сегізден он минут кетіпті», Өлшеулі кеңістік, қасықтап құйған суға тәуелді өлшеулі ғұмыр. Сәкен Сейітұлы сағатына қарады. Сегізден он бес кетіпті», «Сағатына қараса – сегізден отыз минут кетіпті» сияқты әрекетінен байқауға болады. Қаланың қарбалас сәті осы  сағат арқылы өлшеніп отырады.

Қаланың күйбелең тіршілігін суреттейтін адамдардың тынымсыз қозғалысы, ағылған көліктер – иномарка, таксидің асығыс жүрістері, ығы-жығы әрекет шығарма кейіпкерін мезі қылады.

Жатсынуды сипаттайтын тілдік ерекшелік – қала адамдарының тілдесімі. Мысалы: «Мәрт жігіт қой, иығынан шойындай қолымен бір ұрып, құшағына көміп алып, қабырғасын күйрете қысып-қысып: – Уважаю, Сәке! – дер еді» деген сөйлемдегі варваристік қолданыстан ана тілімізге жат сөздерді аңғаруға да болады. Негізінде әдеби тілдік қолданыста «Сізді, құрметтеймін, Сәке!» болуы керек еді.

Тіпті қала мен ауыл адамдарының, оның ішінде әйел адамдардың іс-әрекетінен де жатсынуды байқауға болады. Мысалы:

– «Мен шопыр болсам секіріп түсіп, ана сұмырайдың тұмсығынан періп-періп жіберер едім!.

– Машинасынан суырып алып, басын жыланның басындай езсе шіркін!».

Сәкен Сейітұлы көздері жанып, белсеніп отырған екі қартамыс әйелге қарап аң-таң. «Жеңгелеріміз қашаннан бері еркек сабауға шыққан… Мына апайлар не деп отыр өзі?!… Сәкен Сейітұлы көздерінен жас парлап есінеді» деген диалогтегі қала әйелдерінің дөрекілігі сөйлеген сөздерінен көрінеді. Қазақ әйелдері көпшілік алдында сыпайы, иманды, инабатты кейіпте суреттеледі.

Шығармада автор қала өмірін аялдама, самса, дүкен, бөтелке, сыра сөздері арқылы әсерлі жеткізген. Мысалы:

«Сәкен Сейітұлы аялдамадағыларға көз салды. Әртүрлі пішін, әртүрлі бейне. Біреу әлденеге абыржулы, біреу тас мүсіндей – бет-жүзінде тіршілік белгісі жоқ. Ана шетте самса жеп тұрған екеу өте көңілді. Аялдамаға жапсарлас салған дүкенге біреулер кіріп-шығып жүр. Бөтелкеден қылқылдатып сыра жұтқан денелі жігіт маңайына тоғайып қарайды. Кішкентай қыз бала шешесінің қолынан тартқылап бірдеңе дейді. Жолға қарап тұрған кәрі-жасы аралас топтың көздерінде күту тұр. Біреу сабырмен күтеді, біреу тағатсызданады. Бір қарағанда бейжай көрінген жұрт керек көлігі келіп қалғанда тұра ұмтылып барып мініп кетеді де, оның орнына басқа біреу тұра қалады».

Цирк, скверь, афиша, жарнама, банк, казино, супермаркет сияқты авторлық қолданыстағы сөздер де қазақ дүниетанымына жат тілдік қолданыстар болып табылады. Себебі мұндай ұғымдар қазаққа тек ХХ ғасырда ғана танымал болды. Мысалы: «Жол бой қызылды-жасылды жарнамалар қалып жатыр. Сәкен Сейітұлы банкілердің көптігіне таңырқап келеді. Казинолар да көше сайын кездеседі», «Мана аялдамаға жақындап қалғанда көргені көз алдына келді. Биік үйлердің іргесіндегі тротуармен аяңдап келе жатқан. Ертемен ашылған супермаркеттің алдынан өтті. Халық кіріпшығып жатыр».

Қала адамдары тұтынатын тағам түрлері – шоколад, мандарин, балмұздақ т.б. шығармада көрініс берген. Мысалы:

«Аялдамада ерлі-зайыпты болу керек, екеу тұр. Әйел ұзын бойлы еркегінің иығынан ғана келеді. Араларында екі үлкен ала сөмке. Үстерінде сәннен шыққан, көнетоздау киім. Еркегі мандариннің қабығын аршып кесегін әйелдің аузына салады. Басындағы тоқыма телпегі көзіне түскен әйел әлденеге мәз, алтын, темірі аралас тістері жалтырап мандаринді тұшына қайзаңдайды. Жанары жалт-жұлт етіп еркегіне еркелей қарап қояды. Телпегін сәл көтеріп маңдайын неге ашпайды екен деп ойлады Сәкен Сейітұлы». Немесе:

«Бір бала жылады.

Мама қарным ашты, шоколад жеймін!

Күнімау үстібасың қызарып кетеді, болмайды ғой саған.

Шажаланып бақыруына қарағанда қадалған жерінен қан алатын біреу болар өскенде.

Сен мамаңды жақсы көресің бе?

 – Жоқ! Сен жамансың!

 – Мә, жартысын ғана тісте. Енді сұрама. Сені бала етпеймін.

Түүһ! Менің де тәтті жегім келіп кетті ғой.  Кертік мұрын қыз қасындағы құрбыларына аузының суы құри сөйледі».

Жатсынудың тағы бір түрі – мәдениетті болып көрінген адамның ерсі қылықтары мен сөйлеген сөзіндегі дөрекілігі. Қаланың мәдениетті адамы ол – интеллегент, яғни оқыған адам. Мысалы:

«Екі қолын жоғарыдағы темірге асып, сүлесоқ тұрған бір жас жігіт сыртқа көз салды да, шалт кері серпіліп, шығар есікке ұмтылды. – «Әй айналайын! Не болды сонша, аяғыңды белімізге дейін көтеріп. Өзің үстің таза болса болды, басқаның киімін шұлғау қылу керек пе!? Өй, өзің де бір…». Кіргелі бері тыжырынып, айналасын қуырып тұрған интеллигент тұтана жөнелді. Ең ыңғайсызы дапдардай кісінің естіртіп тұрып боқтағаны болды. Жаңа ғана ішке кірмей жатып «жартастай болып тұрып алыпты ғой, сілеймей, жылжы әрі!..»деп Сәкен Сейітұлының да ту сыртынан кіржіңдеген еді». Немесе:

«Интеллигент түсіп барады екен. Алақанына шұқшиып сәл кідірді де, жалт бұрылып: «Атаңа нәлет! Қырыққа дейін санау білмесең, ауылға барып қой бақ!» – контролер баланың жағасынан ала кетті. Ондайға еті өліп кеткен болуы керек, контролер бала қолын жағасынан жұлып тастап, қайта санатты. Бір бес теңге өзге ақшаның астында қалса керек, есеп дұрыс шықты. Интеллигент тамам жұртты иіріп қойып қайта-қайта санады. Баланікі – дұрыс. Басын кегжитіп жөнеле берген интеллигенттің соңынан, бар оқыған-тоқығандарды қосып шопыр біраз сөйледі».

Осы мысалдардағы интелегенттің дөрекі сөйлеуі, өзін көпшілік ортада мәдениетті ұстай алмауы, ашуға ерік беруі қарапайым адамды жатсынтады.

Қала мен автобус ішіндегі қапырық ауа мен жағымсыз иіс те кең далада тыныстаған адамды тұншықтырады. Мысалы:

«Іштегі әртүрлі иістерден тынысы тарылды. Ана тұрған шұбар бет кепкен балықпен сыра ішіпті –  иісі бүкіл автобусты алып кетті. Мынау пәтерінде ит ұстайтын адам – үстінен иттің күлімсісі аңқиды. Өзіне жабысып тұрған шикіл сары дәйімшілікке сарымсақ жейтін біреу екен. Мына жігіт те үстіне салақ адам сияқты, аламан бәйгеден келген жүйріктей тері үгітіліп ау! Тұздалған балықты пиязбен қосып асап, түні бойы арақ ішкен сүр мас біреу тура көк желкесіне демалып тұр. Жусай салған мәнті, кәрістің ащы салатының иісі, әр алуан арзан иіс сулардың иісі араласып қапырық салонды тозаққа айналдырыпты. Шопырға тоқта деп әмір етіп, түсіп қалып, даланың ауасын көкірек кере жұтқысы келді. Болмайды, артта қара мерседес келеді…

– Шыда!  Халқыңның иісі ғой! – Сәкен Сейітұлы ащы мырс етті.  

Сәкен Сейітұлы аузын жаба алмай ұзақ есінеді де, қол орамалын алып көзінен парлаған жасты сүртті.

Жүрегінің соғысы мүлде баяулап барады. Айналадағы мынау ентіккен өмір өзіне жат тарта бастағандай».

Соңғы сөйлемнен кейіпкердің қала өмірін жатсынғандығын байқауымызға болады.

Даланың иісі, алуан өсімдіктердің жұпары, езуі көбіктеніп енесін еміп тұрған бота, ай сәулесі төгілген көк майса, алты мәрте шиырылып көкке ұмтылған мыңсан киіз үй сияқты қазақ танымына таныс суреттеулер қала тіршілігіне қарама-қарсы  қойылған тілдік құралдар болып табылады.

Қорытындылай келгенде, қазіргі қазақ жазушылар шығармаларының тілдік сипаты арқылы қазіргі қоғам бейнесін, тілге әсер етіп жатқан сыртқы жағдайлардың (экстралингвистикалық фактор) көрінісін байқай аламыз.