Ерік НАРЫН «ПАЙЫМ»

ПАЙЫМ

Соғыста және аңшылықта қолданылатын «Бумеранг» деген қару бар. Оны ешқандайда нысанаға көздеп атпай аспанға лақтырсаңыз, әлгі өзіңізге қайтып келеді. Адам баласының ойлап тапқан керметтерінің бірі бұл да. «Все, сделанное человеком, ему же возвращяется. Это – закон бумеранга» — деген даналық бар. Бұл бағзы заманнан дәлелденген заңдылықты ешкім жоққа шығармайтын шығар?! Сақал-шашын ақ басқан, өмір көрген ақсақалдар — «Тіршілік атаулыны жаратқан құдіреті күшті құдай тағала ештеңені де қапы жібермейді. Жақсылық та, жамандық та қайтарусыз қалмайды» дейді ғой. Өмір – бумеренг, немесе – шеңбер. ӨЗІҢНЕН КЕТКЕН НӘРСЕ ӨЗІҢЕ КЕЛЕДІ. Солай!

«Бумеранг» заңдылығы хақында айттық. Енді қарттар үйінде отырған қарияларды әңгімемізге қосайық. Сол қариялардың ғұмыр мәресі солай болғаны аянышты-ақ. Ата-анасын қарттар үйіне әкелген балаларды бәрі кінәләп жатады. «Ертең сен де қартаярсың. Сонда балаларың да осы істегеніңді алдыңа келтіреді» дейміз. Бәлкім қарттар үйінде отырған қариялар да бір кездерде өз ата-анасын жылатып кеткен шығар? Бумеранг секілді «жасаған қиянаттары өз бастарына келді»-деген фактіні ешкім айтқысы келмей ме? Құдай ештеңені назардан тыс қалдырмайды ғой. Мен бар болғаны дәлелдеуді қажет етпейтін қарапайым заңдылықты еске салдым. Қарттар да шеңбер өмірдің бір бөлігі. «Баяғыда пәленшенің көз жасына қалған, пәленшенің малын ұрлаған ол. Енді сол басына келді байғұстың»-деген әңігмелерді талай естігем.  «Адам түгіл хайуанның да көз жасы жібермейді» деген тағы бар. Баласының бұлайша жаңылуы – заңдылық. Ол бар болғаны көргенін істеген шығар?! Оның үстіне «ген» деген дүниені қайда жібересіз? Адамның қасиеті белгілі бір мөлшерде баласына дариды.

Біздің ел жаратушыдан саналы ұрпақ сұрайды. Тілалғыш, мінезі көркем, еңбекқор және басқа да жақсы қасиеттерді бойына жиған перзент бәріне керек. Сол үшін де оны «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай», «не жеймін», «не ішемін»дегізбеуге тырысады. Бүкіл сабырын оның тәрбиесіне арнайды. Бала өсіру – ағаш егіп, оны баптағанмен бірдей. Ол қисық болмауы үшін біраз төзім танытып, тер төгу керек. Иә, бұл айтып отырғаным әсте жаңалық емес. Бірақ, бала – өсіп келе жатқан терекке ұқсайтыны – ақиқат.  Өкінішке қарай, жақсы бала әркімге бұйыра бермейді. Ғұмыр заңы солай. Перзенті өзі қалағандай азамат болмаса кім кінәлі екен? Кінәліні анықтап алайықшы. Құдайдың маңдайға жазғаны сол ма, әлде адамның қателігі ме? Бірдеңені ескерген жөн: құдай бізге тек дұрыс пен бұрысты ұсынады. Ал, таңдау да, іс-әрекет те өзімізден. Эрих Фром деген ойшыл «Адам ата мен Хауа ана алманы жеп жерге қуылғаннан бастап таңдау құқығына ие болды» дейді. Жаратушы түкке де қарамай осындай бақытсыздықты еншімізге бере салатындай соншалықты озбыр және әділетсіз емес-ау?! Адам байғұс одан презент сұрады, ол берді. Бергені үшін кінәлі ме? «Сана бермесең ала бер»! Барып тұрған күпірлік қой бұл! Жаратушы ананың құрсағында жатқан пендеге жүрек, ми және басқа да тіршілікке қажетті мүшелерін түгел береді. Жаңа туған баланың жүрегі де, миы да бос болады. Сия тимеген ақ қағаз сияқты хәлде жатады. Сол ақ қағазға сия тигізетін, иман, еңбекқорлық секілді жақсы қасиеттерін қалыптастыратын әке-шешенің өзі.Миында ауытқуы бар баланы берген жағдайда ғана «құдайдың ісіне не шара» деп қынжылыуға хақымыз бар. Бұл – сынақ! Жаратушының сынағы мен өз күнәміз бен салғырттығымыздың салдарын шатастыруға болмайды-ау!

«Алма алма ағашынан ұзамайды», «не ексең, соны орасың». Бұл екі нақыл сөз – жеткізгім келген ойды нақтылады деп ойлаймын. Бұлар да дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылықтар. Өмір жүйесі солай құрылған. Ешқандай да сиқыр жоқ. Бәрі де қарапайым логика. «Сәбіздің дәнін егіп қызанақ жинапты» дегенді естіген емеспіз! Бала да көрген тәрбиесіне сай азамат болады. Ата-ана –  жайқалған ағаш, бала – сол ағаштан өнген алма. «Шешесін көріп қызын ал», «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтініміз де бар еді ғой тағы. «Халық айтса қалып айтпайды». Шешесі қандай болса, қызы да ұқсап бағады оған. Ұл да солай. Бұндайда біз тағы да «шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» дейміз. Болды. Артық ештеңе емес. Әке мен шеше де «сүттен ақ, судан таза» емес екені айқындала бастаған секілді.

Барлық планеталар алып Күнді айналады. Күн де, жер де ай да, бүкілі шеңбер пішіндес. Түгел ғалам шеңберге құрылған. Жаратқанның сызған сызығынан, жолынан шықпайды. Бұл – ақыр заманға дейін бұзылмайтын ұлы заң. Адамзат баласы да өзінің жасаған жақсы, жаман амалдарымен бірге бір сызықта айналып жүр. Шеңбер дүние!

Ерік НАРЫН