Мирас АСАН «СӨЗДЕР МҮСІН ІШІМДЕ, ОЙЛАР ОБА…» өлеңдер топтамасы

Асан Мирас Болатұлы 1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының магистрі. Бүгінгі таңда «Еgemen Qazaqstan» газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. 2011 және 2012 жылдары «Соңғы раушан», «Бекзат», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік Стипендияның иегері.

 

***

Өзіме-өзім қарап тұрмын сыртымнан,

Маған мүлде ұқсамайды түр-тұлғам.

Мынау мендік жүрек емес қап-қатты,

Мынау менің жейдем емес жыртылған.

 

Еркімнен тыс шығатындай зарлы үнім,

Өткен шақта көрем, сезем барлығын.

Мені елемей тұрған сынды ғашығым,

Мені аңғармай тұрған сынды тағдырым.

 

Кеудем боп-бос қаңыраған кеңістік,

Жүйкем дал-дұл, сөздерімнің көбі істік.

Мынау менің басым емес ең қымбат,

Мынау менің жасым емес ең ыстық.

 

Көмей-дағы күміс емес, тат перне,

Өзіме-өзім бейтаныспын, жат пенде.

Мені ұмытып кеткен сынды адамдар,

Өздері үшін ең маңызсыз сәттерге…

 

Шығам дағы биіктеу бір белеске,

Еске аламын бәрін-бәрін, тек еске…

Мені тастап кеткен сынды махаббат,

Үнсіздікке,

Сағынышқа,

Елеске.

 

Айғайымнан түк шықпайды қарлығып,

Мені ұмытып кеткен сынды жаңғырық.

Мені айналып өткен сынды жер шары,

Мен ойланып кеткем сынды мәңгілік.

 

Қайда бәрі, қарлығаш-ой, жыр-ұя?

Қайда жазым қызыл-жасыл дүрия?

Мені үгітіп жатқан сынды уақыт,

Мені ұмытып кеткен сынды дүния.

 

***

 

Бүгін ойлар ғарыш сынды,

Бүгін сөздер нұр сынды.

Бүгін жат та таныс сынды,

Бүгін тікен гүл сынды.

 

Бүгін тағдыр тым жайдары,

Бүгін бақыт тым жақын.

Бүгін тәтті – мұң қайнары,

Бүгін ғалам – сырлы ақын.

 

Бүгін әуен дұға сынды,

Бүгін ауа көк сынды.

Бүгін ренжу күнә сынды,

Бүгін қылмыс жоқ сынды.

 

Бүгін көздер – жарық Ай, Күн,

Бүгін сана – құс жолы.

Бүгін түйсік – тәңірі ойдың,

Бүгін ми – хат үстелі.

 

Бүгін сезім толқын сынды,

Бүгін сенім тау сынды.

Бүгін қола алтын сынды,

Бүгін науқас сау сынды.

 

Бүгін жұмбақ мендік той бұл,

Бүгін қысқан қол ыстық.

Бүгін құшақ – ендік-бойлық,

Бүгін жүрек – кеңістік.

 

МЕНІҢ ӘДЕБИ ОРТАМ

 

Ақындарым – сендер менің дос елім,

Тұрғынымын сендер тұрған көшенің.

Сендердікі менің жүріс-тұрысым,

Сендердікі менің қисап-есебім.

 

Сендер десе қасындамын Күн, Айдың,

Ұларбекше қара Ертіске құлаймын.

Өлеңімді Русланша оқимын,

Сағатымды Бақытжанша сұраймын.

 

Сендер десе ақын сынды бар ғалам,

Муза-аруға мен сендерше арбалам:

О, пәлі деп Ерланша сүйсінем,

Кетәрі деп Бағдатша таң қалам.

 

Қиялдарым қарагері Мерейдің,

Қияндарым ақ өлеңі Дәбейдің.

Келешегім – миы Ақберен шайырдың,

Бағзы күнім – үйі Дәулеткерейдің.

 

Бұтағымын Танагөздік дарақтың,

Тұтқынымын Құралайлық қораптың.

Кітаптарым момындығы Олжастың,

Ұйқастарым төбелесі Жанаттың!..

 

Ақындарым сендер – етім, сүйегім,

Сендер мен деп, мен сендер деп күйемін.

Мен иттерді Ақсұңқарша жек көрем,

Мен өмірді Жадыраша сүйемін!

 

Сендер десе ми, жүрекке елшімін,

Сендер десе мейірімге қоңсымын.

Жәнібектік итмұрынға туыспын,

Ұларбектік кейіпкерге көршімін.

 

Кейде қоям өздеріңше шашылып,

Кейде қалам өздеріңше басылып…

Сағынтайша шертем «Көңіл толқынын»,

Дәурен сынды тебем допты ашынып.

 

Бар ғаламның қайғы-мұңын артып ап,

Қалам кейде жан дүнием қалтырап.

Қаламақы алмасам да көк тиын,

Қалқаманша жүрем топта жарқырап.

 

Сендер десе күш алады жан қайрат,

Сендер десе шабыт бұрқақ, ән байрақ.

Тоқтап қалған көшпенді рух оянам,

Тоқтарәлі жылқыларын көлге айдап.

 

Айтылмаған ақындарым әлі көп,

Өмір сүру қандай қызық бәрі боп!

О, әдеби ортам менің бол аман,

Сендерге тас атқандарға лағынет.

 

Сарыағаш, 2020

 

***

 

Ағарған әр талын самайдың,

Өмірдің жолы деп санаймын.

Мен жалпы, ең ұлы ойларға,

Баланың көзімен қараймын.

 

Ойменен өтуде кей күнім,

Тойменен өтуде кей күнім…

Сүрініп, жығылып кеп тұрсам,

«Менімен күресші» дейді ұлым…

 

Белдесер тас түйін жас ұлға,

Насихат айтамын басында:

Біреумен күресу түк емес,

Өзіңмен күрестің қасында…

 

Бейнесін балалық шағымның,

Ұлымнан көп іздеп сабылдым.

Содан ба, «ат болам» мен оған,

Жауырын жасырып жанымның…

 

Жігітті қайрайды әр қайқаң,

Сарай деу дұрыс па салмай там?..

Хайуанат бағына барса ұлым,

Жол бойы адамдық жайлы айтам.

 

Тығылмақ ойнасақ, төзімді

Көбіне мен жұмам көзімді.

Қызығы, ұлды іздеп шығам да,

Таба алмай қаламын өзімді…

 

Тәлімнің бұл мүмкін ірісі,

Тұлпардың тай күннен жүрісі.

Балама ұстазбын мен ылғи,

Балама шәкіртпін, дұрысы.

 

Бәрін дос санайтын аппағым,

Мұң артып тұр бірде қап-қалың.

Досым жоқ дейді ұлым күрсініп,

«Менің де…» дей жаздап, тоқтадым.

 

Жаңылған, жығылған жерім көп,

Өмір – мұз,

Өмір – от,

Өмір – доп.

Сырғанақ тепсе ұлым, мен тұрам,

Тағдыр да тайғанақ дегім кеп.

 

***

 

Сені ойласам ей, ауыл обалы адыр,

Көз алдымды жабады томаға дүр.

Сені ойлаймын оңаша, қаладағы ұл,

Өзің десе мен де – бір, бала да – бір.

 

Сені ойласам ей, ауыл құндақ-далам,

Төс қалтамда жатады тулап қалам.

Бұлттар түгел кетеді түтін болып,

Біздің үйдің пешінен будақтаған.

 

Түзде өткізіп көп күнді серілікпен,

Таусылардай болыппын желігіп дем.

Мынау жаңбыр меніңше жаңбыр емес,

Кәрі әжемнің көз жасы мені күткен.

 

Құлағымда сайраған құс үні кіл,

Саған деген сағыныш ұшығы – жыр.

Мынау жатқан тас емес, мен танысам,

Біздің үйдің көк тарғыл мысығы бұл.

 

Жалаңаштап жанымды тұттай қылып,

Сені ойлаймын… мені тек құптайды үміт.

Ана бір шам жеңгем-ау жарқыраған,

Мына бір тал ағам-ау сыптай жігіт.

 

Анам жаққан анау Күн от па тегі?

Домалақ Ай біз қуған доп па тегі?

Сені ойласам ей ауыл, мұнарланып,

Маңайымның бәрі сен боп кетеді!

 

Ұлым кетіп барады мектебіне

 

Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,

Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,

Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,

Дәптері де су жаңа тысталмаған,

 

Ұлым кетіп барады мектебіне,

Биік шыңға балапан беттеді де!

Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,

Қолы құлын жалына жеткені ме?

 

Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,

Әріп көшін танымақ ұстам бекем!

Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,

Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?

 

Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,

Тақта да үлкен, білемін, парта да оған…

Бес күн жалған ой жүгін барады асып,

Бестегі ұлым ойыны тарқамаған…

 

Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен,

Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.

Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,

Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.

 

Алда сенің ақ арман, арай гүлің,

Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:

Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,

Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым.

 

Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,

Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.

Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,

Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.

 

Ақтап үміт, арқамның босат жүгін,

Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!

Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,

Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.

 

Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,

Шындыққа да берік бол шыған көшкен.

Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй,

Алты Алашты бірақ та шығарма естен.

 

Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап,

Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.

Ала допты болады сәл қууға,

Ала жіпті аттама мүлде бірақ.

 

Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,

Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.

Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,

Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.

 

Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,

Сол жолдарда ағартқан әкең самай.

Мектепке анаң апарса қалай бүгін,

Меккеге ертең сен де оны апар солай!

 

Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,

Қадамыңа қараймын бәрін ойлап…

Тарыдай боп мектепке кірген саған

Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.

 

***

 

Тағдырымды шимайлап қызыл қалам,

Тура жолдан таямын — түзу қадам…

Шексіздік бар ішімде өлшенбеген,

Шекара бар сыртымда сызылмаған.

 

Аттай алмай сол шектеу, сол нұсқадан,

Көнтеріге айналдым көнбіс, бодан…

Ең қиын дау сыртыңнан кескен үкім,

Ең қиын жау ішкі жау, аңдыспаған…

 

Шекарамнан аттап ем — шейіт болдым,

Мен жайлы сөз жұртқа өсек, көйітті ел мың…

Қандай мазақ тірлікке кіріптармын,

Қандай ғажап тіркеске кейіпкермін.

 

Сор сүрлеуге бейсана түсем бұғып,

Өмір құйған ащы уды ішем күліп…

Шындығымды ішімде шырылдаған,

Шығармайды сыртыма кісен-құлып.

 

Сөздер мүсін ішімде, ойлар оба,

Жақын жүздер айналды қайманаға.

Дым қызықсыз боп барам өзіме-өзім,

Тым құлықсыз боп барам айналама…

 

***

 

Сеземін сені жарықтан,

Шуақтан,

Нұрдан,

Күн,

Айдан.

Шақтардан сезем торыққан,

Іздеген,

Күткен,

Мұңайған.

 

Сен жайлы жұтып ауа, дем,

Сен жайлы батам ойға алып.

Қазір де маған бар әлем,

Кеткендей саған айналып.

 

Басылмас дертім құмары,

Сенімен сұлу жан нұры.

Сені еске салып тұрады,

Сағынған жанның әрбірі.

 

Сеземін ыстық алаудан,

Сеземін суық тастан да.

Ақшамнан сезем жаңа ауған,

Көзімнен тамған жастан да.

 

Сеземін жылы сөздерден,

Сеземін ұзақ жолдардан.

Ойлы да тұнық көздерден,

Қамқор да нәзік қолдардан.

 

Елеңдеп сендік есімге,

Тәтті усың тамған санама.

Кеңістік саған – көшірме.

Уақыт саған – балама.

 

Сенсіз сәт менде жоқ қандай?

Ғашықтық та адам тағдыры.

Сені айтып бара жатқандай,

Көшеде маған барлығы.

 

Теңізден сезем телегей,

Таулардан сезем бұйығы.

Осының бәрін елемей,

Өту ғой маған қиыны.

 

Мейірім

 

Адасқанға жол көрсет ұғындырып,

Ертең шырақ – сен жаққан бүгінгі үміт.

Жаны жаурап тұрғанға күртеше емес,

Күлкі сыйла жүрегін жылындырып.

 

Қу жалғаннан қалған ба шуыл бекер,

Ізгіліктің одан да туын көтер.

Аяғы жоқ кемтарға балдақ емес,

Арман сыйла бақытын қуып жетер.

 

Кәріптерге сол болсын сый тауарың –

Көңілінің жой дұрыс күйкі-алаңын.

Зағип жанға керек жоқ көзәйнегің,

Керең жанға керек жоқ күйтабағың.

 

Мейірімнің мерт болар мезеті көп,

Отқа итерме шерліні өз оты деп.

Жүрегі ауырып тұрғанға дәріден де,

Дәру болар сөзің көп қажетірек.

 

Азамат бол басын тек арға иетін,

Шарапат деп бірінші бол күйетін!

Қолыңды соз жауында қалған жанға,

Қолшатырдан кем емес сол ниетің.

 

Жақсылығың көп бассын безбен ұшын,

Ғұмыр кешір үлгі боп өзгеге ісің.

Қайырымға созылған қолдар үшін,

Мейірімге шөлдеген көздер үшін.

 

***

 

Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?

Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде…

Жария оқырмансың жұрт алдында,

Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде…

 

Сені еске салады әсем әрбір әуен,

Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!

Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,

Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем.

 

Білмеймін, маған кімсің расында сен,

Жолықтық, кез болғандай жасынға сең…

Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі,

Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем.

 

Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем,

Тағдырдың  келем үшкір түрпісімен…

Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан,

Танымай өте шығам жұрт ішінен…

 

Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі,

Шөл қысып қаталайды жан күйігі.

Мен бұған үйренгенмін ең қызығы,

Мен бұған үйренгенмін ең қиыны.

 

 

ТАҒЫ ДА ЖАЛҒАСҚА

 

Шыңдалады ер жігіт қайшылықта,

Жақсы жандар құшағын жайса, ұмытпа!

Дүниеге жап-жарық бойла ақылмен,

Дүниеге жылтырақ бой суытпа!

 

Аз сөйлейді, көп тыңдап өрелі адам,

Бағаң кеміп қалмайды төмен одан.

Сыйлы жілік ұстауың керек, дұрыс,

Сыйлы жігіт болуың керек оған!

 

Сөзге мән бер баба айтқан әрбір көне,

Тәңіріңе ет тәуекел тағдырға еге!

Бөрі арығын білдірмес, жоқпын деме,

Жарлыға қол созбасаң, бармын деме!

 

Ережелер болады жаттар мәңгі,

Қадірін біл еңбектің,  ақта арманды!

Аяғыңмен таптаушы болма ешқашан,

Маңдай термен ата-ана тапқан нанды!

 

Ойы керең, санасы соқырға ерме,

Отан жаққан ошақтың отын көмбе!

Әрқашан да тізе қос тілектеспен,

Ешқашан да тізеңді батырма елге!

 

Қарындасқа, бірдей бол, қайманаға,

Ойна кіші бала боп, ойла дана.

Кітап оқуды үгітте айналаңа,

Бұтақ егуді ұмытпа айналаңа!

 

Бүгінге айтар ақылым осы, балам,

Мұратына жетсін дін көшің аман.

Бөрі мінез тәрбие керек бізге,

Бөлтірігін тістелеп асыраған!

 

***

Менмін сенің бар айналаң,

Ай.

Күн.

Жұлдыз.

Жымың қаққан.

Қоңыраумын

жаңа ойнаған,

Аппақ таңмын

бүгінгі атқан.

 

Сен тоқтатқан көлік менмін,

Сен төлеген ақша да — мен.

Маған жаурап тоңып келдің,

Мезгіліңмін ақсары әлем.

 

Қолайнаңмын,

Тарағыңмын,

Қолшатырмын қолыңдағы.

Күртешеңмін қара-күлгін,

Жиектаспын жолыңдағы.

 

Менмін тыныш жұмыс бөлмең,

Менмін дәптер, кітаптарың.

Менмін — жауап дұрыс көрген,

Менмін — торғай бұтақтағы…

 

Сағатыңмын сыртылдаған,

Батырмаңмын басылмайтын.

Күнтізбеңмін жыртылмаған,

Терезеңмін ашылмайтын.

 

Жазған жұмбақ пәк сыр небір,

Қаламыңмын үстелдегі.

Есігіңмін ақшыл қоңыр,

Менмін жаңа түстенгенің.

 

Кеше түнде селмін құйған,

Ертең соғар желмін кері.

Шықпаған ой менмін мидан,

Альбомды емес, көрдің мені…

 

Не бар — солмын, тағы неңмін,

Жасың,

Тегің,

Атақ,

Атың…

Айналаңның бәрі менмін,

Айналайын,

Махаббатым!

 

***

 

Ескі жұрттан жырақта, алыс қалып,

Қырдағы елмен көп болды табыспадық.

Ауыл жайлы ойласам, түс көремін,

Ауыр-ауыр ойларға жанышталып.

 

Ішке сыймай еркіндік далаға тән,

Түс көремін, түсімде… бозала таң…

Қорап-қорап үйлердің арасымен,

Қора-қора қой жайып бара жатам.

 

Сарнап бір күй санамда қоңыр ырғақ,

Түс көремін, түсімде… сары құмдақ…

Ат шаптырым бір дөйдің кеңсесінде,

Ат суарып тұрамын, ән ыңылдап.

 

Жабырқаулы жанымды жаншып алаң,

Түс көремін, түсімде… мол сыбағам…

Шөп-шалам жеп отырам бір шендімен,

Шөп түсіріп жатады көрші-қолаң.

 

Қам көңілім өртеніп қоз жастайды,

Түс көремін, түсімде… тозбас қайғы…

Ана сүтін ақтауың керек қой деп,

Сүт тартқышы анамның сөз бастайды.

 

Өмірді аңсап далалық өте мінсіз,

Түс көремін, түсімде… жете құнсыз…

Боқтық естіп тұрамын бір көкеден,

Боқ шығарып жүреді әкем үнсіз.

 

Сен десе ауыл пәруана көбелек боп,

Түсем отқа күн сайын не керек көп.

Түс көремін, түсімде… марқұм әжем…

Оята алмай жүреді мені өбектеп.

 

АҚЫН ЗЕРТХАНАСЫ

 

(Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫНА)

 

Оның мінезі — жасыл найзағай сияқты шатырлақ,

Нағыз керек болмыс ақынға-ақ!

Сүйсе — лапылдап түгі қалмай сүйеді,

Суыса — Арқаның сары аязындай сақылдақ.

 

Оның ойлары — ешкімнің ойына келмейтін мәтіндер,

Толық тану үшін алыс тұр һәм жақын кел.

Оның айтуынша: ақын деген шоколад жеу керек,

Сыра ішіп тұру керек әкімдер.

 

Оның өлеңі — Мәриямның қолындағы өткір қайшыдай,

Бір қарасаң – күшейтпелі,

Бір қарасаң – жай шырай.

Ол өлең жазса – отты айналған пәруана көбелек,

Өлең жазбаса – жеңілген әскер сынды ойсырай.

 

Оның рухы — тұманға жалғыз сіңіп жоғалған көкбөрі,

Жапанға ылғи жалғыз қонатыны содан шеткері.

Оның әлемі – біздің әлемдей қызыл, жасыл, көк емес:

Үйі – кітапхана,

Жолдасы – жалғыздық,

Абай – мектебі.

 

Оның кітаптары – қаланған жартастар кәдімгі,

Сөрелердің алдында

Ақын сергек,

Ақын сабырлы.

Ұқыптап алмасаң төбеңе құлауы мүмкін Неруда,

Құлатып алуың мүмкін Қадырды.

 

Оның қаламы – пырақтардың болат тұяғы,

Оның қағазы – қазақтың байтақ қиыры мен қияны.

Жазу үстелі – домалақ Жер беті,

Майшамы – миындағы қиялы.

 

Оның құбыласы хакім Абай мен қасиетті Құран тек,

Шәк келтіреуге болмайды бала, бұған көп.

Ол қазір де Алланың алдына барғандай тап-таза,

Өлең жазып отырғанына күмән жоқ.

 

***

 

Бұл күз бізді неге есіне түсірді?

Қарсы отырмыз – бақыттылау пішінді…

Даяшы ұл дәм мәзірін әкелді,

Даяшы қыз ән мәзірін ұсынды…

 

Кезек-кезек ойнап жатқан саз да, Алла-ай,

Суыртпақтап сыр тартады сөз барлай…

Күллі әннің кейіпкері сен сынды,

Күллі әннің мәтінін мен жазғандай…

 

Бұл не сезім,

батты әп-сәтте жан мұңға,

Махаббат па,

басқа салған тағдыр ма?

Ойша бидің құшағында тербелдік,

Ойша үйдің тұрдық ұзақ алдында…

 

Сен алыстап, жақындауда өзге алыс,

Боза түскен бода-бода боздады іш…

Сені мүлде сүймегендей бұрылыс,

Мені мүлде сүймегендей қозғалыс…

 

Ғашықтықтың сырқаты іште қашанда,

Екі бетте қарсы отырмыз қос арна…

Тік қарауға болушы еді, о саған?

Тіл қатуға болушы еді, о сонда?

 

Үнсіз іштен төгіл, төгіл ән-жырым,

Үнсіз іштен егіл, егіл жан гүлім…

Бұл шақ менің ең аяулы сезімім,

Бұл сәт менің ең аяусыз тағдырым.