«Әдебиет және искусство» журналының 1948 жылғы поэзиясы туралы

453453«Әдебиет және искусство» журналының 1948 жылғы 12 санында 40 автордың 98 өлеңі басылған. Авторлардың ішінде Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Айманкүл сияқты белгілі ақындармен қатар тұңғыш көзге түскен талантты жастар да бар. Журналға колхоз ақындары мен жыраулар аз қатысқан: Омар Шипин, Саяділ Керімбеков, Айманкүл, Иманжан Жылқайдаровтардың ғана бірең – сараң өлеңдері басылуы жеткіліксіз. Жалпы колхоз ақындары журналдан да, жазушылар ұйымынан да соңғы жылдары аулақтап кетті. Оған екі себеп бар: біріншіден – халық ақындарының бірқатары бүгінгі күннің тілегіне сай өлеңдер беру дәрежесінен артта қалып қойды; екіншіден – колхоз ақындарының творчествосымен шұғылданып отырған адам Жазушылар одағында жоқ деуге болады. ҚК (б) П Орталық Комитетінің өткен жылғы қаулысына жауап беру жолында ақындарымыздың біраз талпынғаны байқалады. Журналға басылған өлеңдердің көпшілігі социалистік өміріміздің әр саласын жырлауға арналған. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының тақырыптары едәуір орын алған.
Бірақ жалпы алғанда, 1948 жылғы оригиналдық поэзиямыздың табысы өте аз екені көзге түседі. Журналға басылған өлеңдердің ішінде поэзияның бір адым алға басқандығын көрсететін өлеңдер өте аз. Жыл бойына ең болмаса бір поэманың журнал бетінде көрінбеуі ренжірлік жай. Журналға ақындарымыздың қатысуы да, поэзияға журналдан берілген орын да өте жеткіліксіз. Журнал қызметкерлері өлеңдерді басқанда поэзиямыздың өсуіне дем беру мақсатын ойламаған сияқты. Өлеңді талдап басу, ақындарға үлгі беру, сөйтіп, өсуге қызықтыру ниеті журнал қызметкерлерін жетектемеген. Соның салдарынан жақсы өлеңдермен қатар өте нашар өлеңдер де басыла берген. Журнал редакторы Ғали Орманов жолдас поэзияға қатты талап қоятын ақындарымыздың бірі бола тұрса да, көңілшектік жасау дегеннен де арылмаған. Әйтпесе, Дихан Әбілевтің «Қасым», «Қырман басында», «Күзгі кеш» деген өлеңдері, Бекхожиннің «Сталинград басталды» деген өлеңі, Борамбаевтың және бірқатар жастардың нашар өлеңдері журналға басылмаған болар еді. (Бұлардың кейбіреулеріне кейінірек тоқтаймыз).
Журнал редакциясының поэзиямызды өсіру мақсатында жасалған жылдық, айлық тыңғылықты жоспарлары жоқ. Ұйымдастыру мәселесі дегенге редакция көңіл бөлмей келеді. Редколлегияның мәжілістері өткізілмейді. Редакция маңында топтасқан ақындар активі жоқ. Ақын авторларымен журнал қызметкерлері талқылау өткізіп тұрмайды. Поэзиямыздың әрбір табысына құлшына қуанып, кемістігін аяусыз әшкерелеп отыру деген журнал да, жазушылар ұйымын да дағдыға айналмаған. Ақындарымыздың журнал бетінде пікір алысуы, айтысуы деген атымен жоқ. Журнал қызметкерлері тек қолдарына түскенді қанағат етіп, соларды шала-шарпы сұрыптап басуды ғана біліп келеді. Еліміздің өмірінде болып жататын тарихи жағдайлар төңірегіне ақындар активінің назарын ылғи аударып, соған ұйымдастырып, басшылық етіп отыру жұмысын поэзия секциясы да, журнал редакциясы да атқара ламай келеді. Поэзиядағы жаңалықты сезу, жақсылықты бағалау, солардың төңірегіне пікір ұйымдастыру, сөйтіп поэзияның өсуіне жағдай жасау жағы мұнда жеткіліксіз. ҚК (б)П Орталық Комитетінің қаулысында біздің поэзиямыздың алдына нақты, айқын міндеттер қойылды. Бірақ журналда да, жазушылар ұйымында да ол міндеттер төңірегінде қызу жұмыстар жүргізілген жоқ. «Қаулыны оқыңдар, баяндаманы естіңдер, енді жазыңдар» деген сөзбен ғана тынып келеді. Алға қойылған міндетті орындау жолында творчестволық жігер ұйымдастыру жағы бізде жеткіліксіз. Осының салдарынан ақындарымыздың бірқатары кездейсоқ өлеңдер жазумен келеді. Өткен жылы бірқатар ақындаырмыз (Орманов, Әбілев, Бекхожин, тағы басқалар) творчестволық командировкалар алып, елге, өндіріске де барып қайтты. Бірақ солардың командировканы ақтарлықтай еңбектерді әлі бере алған жоқ. Журналдың бір міндеті совет поэзиясының, классикалық поэзияның үлгілерін басып отыру еді. Бұл біріншіден, поэзиямыздың өсуіне жәрдемдессе, екіншіден, оқушыларымызға рухани азық болар еді. Журнал 1948 жылы оны істеген жоқ.
Журнал поэзиямыздың идеялық-көркемдік жағын өсірумен қатар түр жағын байытуға да басшылық етуі керек. 1948 жылы басылған өлеңдер көбі бір сарындас, түр жағынан кедей, бірін-бірі қайталау көп.
Енді журналға басылған кейбір өлеңдердің идеялық-көркемдік дәрежесіне тоқталып көрейік.
Дихан Әбілев ертеден жазып келе жатқан, өсуіне уақыты жеткілікті болған ақын. Журналдың 1-санында Әбілевтің «Қасым» деген ұзақ өлеңі басылды. Автор мұны «поэма» деп атауы мүмкін. Біздіңше бұл поэма емес, өлең. Осы ұзақ өлеңге арқау боларлықтай, оқушыны жалықтырмастай сюжет линиясы, немес уақиға шиеленісі жоқ. Ал, сюжетсіз ұзақ лирика болуы үшін ондай ой мен пікір мол болуы керек еді. Ақын өзінің тың ойы мен пікірін ақындық сезімге бөлеп, поэзиялық тілмен айтуы керек еді. Бұл қасиеттері және жоқ. Сонда бұл не болғаны? Мағынасыз сылдыр сөз болғаны.
«Жас Қасым сыпырушы ед қасіретіндей,
Тастарды кемердегі толқын шайған…» —
дейді. Мұнда не мағына бар? Қасіретті тасқа теңеуде еш логика жоқ. Тастарды сапырмайды.
«Адамдай шошынғандай көзін басқан(?!)
Күнде күле қаратпай түтінді аспан.
Оқ соққыдан болдырған жел сілейіп (?)
Айнымайды қалыпты есуастан» (?)
Көзін басқан күн бе, аспан ба? Дәлдік жоқ. Миға қонбайтын теңеу. Жел сілейгені қалай? Жел мен есуастың арасында қандай туыстық бар?
Әрине, Әбілев жолдастың журналға бастырған өлеңдерінің бәрі дәл жоғарыдағыдай дей алмаймыз. Жап-жақсы шумақтары да бар. Дегенмен, Әбілев жолдас поэзияға адал қарап, адал еңбек етуі керек. Ойлануы, өсуі керек.
Ақын Қалижан Бекхожин өсіп келе жатқан ақындарымыздың ішіндегі бір көрнектісі деуге болады, өйткені ақынның поэзиясынан өзіндік бетін байқауға болады, поэзияда жаңалық іздеуге тырысады. Осы журналдың 2 санында басылған өлеңдерінде Бекхожин жолдастың ақындық үні өзінше естіледі. «Сталинград басталдының» бірқатар жері жап-жақсы. Амал не, сол жақсылығынан ақын айрылып қала береді. Бұл — ақынның салақтығы. Поэзиядағы салақтық ақындық қасиет емес.
Бекхожин жолдастың екінші бір көлемді өлеңі «Ұлытау». Бұл өлең композиция жағынан шығыңқырамаған, шұбалаңқы. Екіншіден, ақын Байрон заманының сері ақындарынша шарықтаймын деп, айтам дегенін шашып алған. Дегенмен поэзиялық тілі жаман емес. Біраз сұрыптаса ақын шығармаларының актив балансына қосылатын өлең.
«Бесікте малдың үні оны оятқан,
Малы жоқ, басқанікін, бірақ, баққан.
Бабасы малсыз өткен, мал дегенде
Күрсініп көрінде де аунап жатқан…
Қазірде Түсекеңнің баққаны мал,
Өз малы өзегіндей колхоз малы…»
Осы алты өлңнің іші толып кеткен «мал». Неткен байлық! «Мал» деген сөз жеті рет қайталануы – ақынның сөз үнемдемейтінін, өлеңге салақ қарайтынын көрсетеді. «Малы жоқ, басқанікін, бірақ, баққан» деген жол сіресіп тұр; «бірақ» деген сөз орнысыз-ақ қыстырылған. «Бабасы малсыз өткен, мал дегенде күрсініп көрінде де аунап жатқан» деген әрі өлең емес, әрі осы күнгі ақынның айтатын сөзі емес.
Журналда Ғали Орманов жолдастың «Бетпақ дала дастаны», «Жер ұйық», «Днепр оты» деген өлеңдері басылды. Ғали тілге бай, өлең техникасына шебер, ой мен сезімді өріп келтіріп, ақын тілімен айта білетін ақын. Мұның бұл қасиеттері журналға басылған өлеңдерінде де бар. Бұл өлеңдері идея-көркемдік жағынан жақсы өлеңдер қатарына қосылуға тиіс, бірақ біраз сұрыптауды тілейді.
«Құшағын жайып замана
Күлімдеп соған төнгендей, —
Құлазып өткен кең дала,
Қуанып жатыр кеудемдей», —
деген жақсы куплеттер «Бетпақ дала дастанында» көп кездеседі. Сонымен қатар:
«Әйгілі Бетпақ еңбекке
Алшы деп оңай көнген жоқ.
Ғасырлар бойы, әлбетте,
Қамшы жеп ондай көрген жоқ», —
деген сияқты нашар куплеттердің еніп кетуі Ғали ақынға мін. Мұндай кемшіліктер «Днепр отында» да бар.
Тоғытты жауды Днепр
Толқынын қатты қамшылап?
Ұқсады көзге кейде бір
Ашулы жасы тамшылап ?!»
Немесе:
«Жанары күндей жалтылдап,
Қарады тағы Днепр.
Жарадан қалмай жалғыз дақ,
Жасарып шыққан түлек бір».
Толқынға қамшының керегі жоқ. «Ұқсады көзге кейде бір» деген жолдың сөздері дұрыс қаланбай, ұйқас үшін малтыққан. Екінші куплетте өзенді түлекке теңеуде де жарасым жоқ.

Ақын Тайыр Жароков жолдастың журналға жыл бойында бастырғаны шағын ғана үш өлең: «Ақ мақта», «Ильич шамы», «Теміртау». Үшеуі де бір дәрежедегі өлеңдер.
«Ақ мамық даламда өскен мақтам қандай,
Аймағым ақ күміспен қапталғандай,
Мамықтай мақта терген Мақпал жеңгей,
Гүл атқан еңбегіне мақтанғандай».
Бұдан әрі «ақталғандай, ақтарғандай, шаттанғандай» болып кете береді: ойға құрылған, сезімге құрылған өлеңдер болушы еді. Мынау тек ұйқасқа ғана құрылған екен. Тайыр бұл өлеңде терең ұйқастарды (глубокие рифмы деген мағынада) тапқанда, терең ой, өткір сезім таба алмаған. Поэзия бұлай жасалмайды.
«Өлеңді ойға құру» деген сөзге тоқтала кетейік. Біздің кейбір ақындарымыз поэзиясын прозаға соқтырып алса, «мынауыңда от жоқ екен десең» таласа түседі.
«Жоқ, бұл ойға құрылған», — дейді. Сол «ойға құрылатын» ақынның бірі Сағынғали Сеитов жолдастың «Ойлы өлеңінен үзінді келтірейік:
«Жастық деген адамның күрес, бағы.
Қымбат ол: өмір көркі, жүрек қаны.
Білемін коммунизм тұсы болар
Дүниенің толықсыған жігіт шағы».
(журналдың 10-санында).
Міне, «Ой толы» өлеңінің сыйқы. Өлеңде ой мен сезім, ақындық тіл бірдей келуі керек; біреуі жоқ болса, ол өлең — жарымжан. Ал біздің кейбір ақындарымыз осы үш қасиеттен түгел безіп, саудыраған сөздерді жіпке тізіп жүрген болса, — өзін-өзі алдағандығы деп білу керек.
Журналға басылған басқа өлеңдердің бәріне бірдей тоқтап жатпаймыз. Әйтсе де тәуірлерін атап кетейік. Олар:
Аманкүлдің «Жер», «Ана әлдиі», Жақан Сыздықовтың «Сенің үйің» дегені, Сеитовтың «Архитекторы», «Н.Биігі», Мұқашевтың өлеңдері, Ұябаевтың өлеңдері, Дінисламовтың «Тракторшы қызы», Қабдоловтың «Еділі». Бұлардың барлығы да біркелкі тәуір өлеңдер. Бірақ бұдан, бұл жолдастардың өлеңдерінде мін жоқ деген қорытынды шықпауға тиіс. Жоғарыда сыналған басқа ақындардың өлеңдеріне тән кемшіліктердің біразы бұларда да бар.
Қорыта айтарымыз: «Әдебиет және искусство» журналының 1948 жылғы сандарында басылған поэзияның идеялық-көркемдік дәрежесі әлі де төмен. Партиямыздың алдымызға қойып отырған талаптарына, совет оқушысының рухани талабына жауап беру жолында ақындарымыз өткен жылы жеткілікті жұмылмаған сияқты: журналдағы материалдар соны көтсетеді. Оның үстіне журнал кейбір жемісті ақындарымыздан қол үзген; өткен жылы жақсы өлеңдер жазып, құнды жинақ беріп отырған Сырбай Мәуленов сияқты ақындардың бірде-бір өлеңі журналға басылмауы дұрыс емес.
Ендігі игілікті 1949 жылдан күтеміз.

Қасым Аманжолов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.