«АЙТСЫН ДЕП АҚИҚАТТЫ ТІЛ БЕРІЛГЕН (ҚАСЫМ МЕН МҰҚАҒАЛИ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ҮНДЕСТІК)» Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА

Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 1991 жылдан жұмыс істейді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 1монография, 2 оқу құралы, 4 әдістемелік құрал, 2 электронды оқулықтың және 50-ге жуық мақаланың авторы.

 

Ғылыми қызығушылығы: лингвомәдениеттану, этнолингвистика және этномәдени лексика мәселелері, көркем мәтінді лингвистикалық талдау, прагмалингвистика, білім берудің инновациялық технологиялары, қазақ тілін оқыту әдістемесі, қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы  мәселелері.

 

Қазақ өлең өлкесінде өзіндік мәнерімен, сөз – образдар жасаудағы сонылығымен, шынайылығымен, ұтқырлығымен, байқағыштығымен өткір де кесек сөйлейтін, сөз құдіреті арқылы өлеңнен өрнек салған, жаңа, соны қолданыстарды қолданып, образдылықты кеңінен аша түскен, айтар ойын дәлдікке, ықшамдылыққа құрғанАлатаудай асқар, Хантәңіріндей биік тұлғалар – «Мен дауылдың ұлымын, Тұра алмаймын дауылсыз» — деп жырлаған  Қасым мен «Мен – таулықпын, таудан мен жаратылған» — деп айтып өткен Мұқағали еді. Өзі пір тұтқан әрі ұстазы санаған ақынды ақын тереңнен түсінеді және мақтанышпен жырға қосты.

Мұқағали «Қасым солай болмаса…» деген өлеңінде ақынға үлкен баға беріп қана қоймай, оның рухын асқақтата түседі, «жалын жұтқан», «шоқ шайнаған», «өлеңнің өлмеуін арман қылған», «тәкаппар жанның» образын оралымды сөзқолданыстарын қолдану арқылы оқырманының жан-дүниесіне әсер ететіндей етіп жайып салады. Он бір буынды, бес шумақты өлеңнің әр жерінен үзінді келтіріп, ойымызды дәлелдей түсейік.

Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!

Қасым солай болмаса, несі Қасым,

«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің

Әммесінен Қасымның десі басым.

Осы төрт шумақта ешқандай да образды сөздер болмаса да, «Қасымды» төрт рет қайталау арқылы өлең жолдарындаақынның айтар идеясы айқын көрініп тұр.Қасым образын ашудағы кіріспе осы төрт шумақтан басталып, әрі қарай жалғасын табады.

Жеді. Тынды … Керемет дерттертөніп,

Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.

Қасым деген — қалғыған Жанартау ғой,

Жанартау ғой.

Жанды да кетті өртеніп.

Қасым ақын – тау, бірақ жай тау емес, «қалғыған Жанартау» деп метафоралық тіркесім арқылы беруі ақынның ақынды танығаны, осы төрт шумақтағы ой негізді әрі тұжырымды екеніне көз жеткіземіз.

Өлеңнің соңғы шумағындағы екі жол үлкен салмақ көтеріп, «ақын» боламын, «Қасым» боламын дейтіндерге ой салады. Ақын болу – талант, талғам, таным, шеберлік, даралық, кемелділік, білімділік, жауапкершілікпен биіктікті, тереңдікті түсіну және үлкен әріппен жазылған «Адам». Тұтас бір тағдыр, тұтас бір өмірдің,  Адамның поэзияға айналуы.

Жыр бәйгеге аттанған адам болса,

Сөредегі Қасымын есіне алсын!…

Міне, Мұқағалидай дара тұлғаның өзінің ұстазы болған Қасым ақынға табынуы тектен тек емес. Ақын талантының басымдылығы, жырға жауаптылығы Мұқағалиға да ұлт алдында ойын тура, әділ, шынайы айтуға бағытберді.

Ақын тағы бірде былайша толғанады:

Түсінем. Қасым – тағдыр қасымда жүр…

Басымды тұр көзімнің жасында тұр.

Тым құрыса, қалса екен бір шумағым,

Басымдағы туған жер тасында бір.       

Шындығында не деген ұқсас тағдыр, табиғи дарын, құдыретті поэзия, поэтикалық тіл, терең психологиялық-философиялық көркем ой. Екеуі де өмірден ерте кетті. Екеуі де өмірге ғашық, іңкәр жүрекпен қашан демі таусылғанша жырлады және қолынан жүйрік қаламы түспеген ірі тұлғалар болатын.

Мына пікірге иланбасқа болмайды: «Қазақ поэзиясында Қасым жаңалығы ең алдымен сөз күрделенді: жарыққа, бояуға, музыкаға айналды. Ырғақ күрделенді: екпінге, пафосқа, құдіретке айналды. Шығарма күрделенді: ақын түйсігі бір құбылыстың, бір жердің үстіндегі сезімін жан-жақты, көп көріністі суреттермен сипаттарлық шеберлік тапты» [ 1,563].

Өзіндік дербестік танытқан тұлғалы ақындарымыз өлеңнің өрісін кеңейтті. Әр ақынның азаматтық дауысы өзі өмір сүріп отырған қоғамға байланысты ашыла түседі. Жалпыхалықтық қолданыстағы сөздерді көркем шындықты ашуда өткір әрі аса бір шеберлікпен жұмсайды. Қасым мен Мұқағали лирикасынан үнемі табиғатпен, өзі өмір сүріп отырған қоғаммен, қоғамдағы болып жатқан сан қилы оқиғалармен тонның ішкі бауындай қабысып жатқан, оқырманын ойлантуға, сендіруге мәжбүр ететін ерекше ішкі байланысты байқаймыз.

Олардың өлеңдерін оқығанда тағы бір көзге көрініп тұрған ерекшелік — сөзбен суреттелген өмір, тіршілік құбылыстары тұтас бір поэтикалық картина жасайды. Осы тұтас картина ұтымды, оралымды, көркем әрі мәнерлі қолданылған тіл нақышы арқылы көрініс береді.

Қасым мен Мұқағалиды өзінің жеке дара тілін, стильдік бояуын қалыптастырған ақындар деп айтуға негіз бар және олардың ақындық таланты өзіндік идиостилі арқылы ерекшеленеді.

Шығарма тілінің көркемдігі суреткердің сөзді аз-көп қолдануында емес, сөзді орнымен көркем жұмсай білуінде. Ақын сөзді қиыстырып, тиісті жерінде ұтымды қолданып қана қоймай, ойдың түсініктілігін, айқындылығын, дәлдігін беру үшін сөз мағынасын сан жаққа құбылтып жұмсайды.

Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев лирикасында көркемдікті беруде үстеме мағыналарарқылы ой айқындығын, мазмұн тереңдігін ашуда сөз – образдардымақсатты қолданған.Демек, осыдан олардың лирикасындағы сөздің, сөз тіркесінің алуан қырлары ашылып, сөз мүмкіншілігінің шексіздігі танылып, сөз құдіреті арқылы табиғат, өмір құбылыстарының бәрін де, бейнелеп, суреттеп, астарлап айтып бере алатындығы айқындалады. Мәселен, Қасым: “Жүзінен жалын шашып, бостандықтың бүркіті, ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы, түріледі бар әлемнің құлағы, өмір – сағым, күн нұрымен бетін жуған, махаббаттың бұғалығы,  қара түнді жамылып, өмір – бақша, тұлпарын мініп алып жастық шақтың, Хан Тәңірі – бұлт  жамылып, мұз киген,  тасқындайды жас өмірдің тілегі, қыз – қызылгүл, айбары арыстандай бір долы бұлт,  ойшыл арман,  жырдың алтын бұлағы, ақша бұлт – ақ  орамал, құйсын қасірет көліне,  ақыл қиял – ақ сұңқар, асқар ой шыңына бір қондырды,  жанымның жайлауы, ащы қайғы уытына зәр ішем,  кеудем – көрік,  жас дәурен – жігер оты жанған жалын”, ал Мұқағали: “Шығып ал да арманыңның  шыңына,  қуаныштың самалы соқпай қалды, ажал қанаты, өсектің қоламтасы, қырсықтың қытығы, ақиқаттың сүңгісі қадалғанда,  мұңның  шаңы  іліксе пәк көңілге, тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның, ұры – өмірді  уақыт жел күзетіп, санасын мазалайды – күшік  арман,қайғы дейтін қаншықты қан шаптырам,  дариға – жүрек  шөлдеді, еменде жапырақ – жүректер,  қыз – қайыңдар  үсітіпті өкшесін, көңілім – жердің  шары ғой, ақиқаттың алмасы суынған ба,  ақ жаулық самал, тойдың шоғын үрлемей, кірпігіне үміт ілдіру, көңілдің кептері” және т.б. тәрізді балама  жолдардағы мағыналылық та,  логикалық та,  түр-тұлғалық та ұқсастықтар екі ақын тіліндегі сөзқолданыстардың бай қазынасы барлығын дәлелдейді. Әрбір өлеңінен табылатын  жаңа сөз тіркесі, ұтымды оралымдар сонылығымен назар аудартады. Бұл тізбекті ұзыннан ұзақ соза беруге болар еді. Осылардың өзі-ақ екі ақынның поэтикалық тілге қаншалық бай екенін, қаншалық ұқыпты, құнтты болғанын, тапқырлығын танытады.

Олай болса, Қасым мен Мұқағалидың “бір — біріне жарығын түсіріп тұрған сөздерінің” семантикасы, оның тексте өзгеріске түсуі, лексикалық қабаттары сан қырлы, сөз тіркестерінің берілу жолдары өлеңнің  семантикалық-стильдік колоритін айқындап, өлеңнің көркемдігін арттыра түседі.

«Поэтикалықөрнек сөзден өріледі» — [2,205] деп, ғалым Р.Ғ.Сыздықова айтқандай поэзия – образды сөйлем, көркем де айшықты тіл. Сондықтан кез-келген қаламгердің өрнекті сөз оралымдарының құпиясын зерттеген сайын ашылатүседі.

Қасым мен Мұқағалидың сөзқолданыстарындағы кейбір өзіміз байқаған ұқсастықтардың үйлесімділігіне тоқталып кетсек.

Қасымның он бір буыннан бес шумақтан тұратын «Хан Тәңірі» мен Мұқағалидың он бір буынды алты шумақтан кұралған «Хан тәңірі» өлеңдеріндегі ой ортақ, екеуі де тауды жырлайды, бірақ өлең құрылымы екі бөлек. (Хан Тәңірі, Хантәңірі – ақындардың  өз нұсқаларын алдық.) Қасымда көбіне метафоралық қолданыстар арқылы суреттеу айқынырақ, Мұқағалида баяндау басым.

Қасым: «Хан Тәңірі – Көктіқұшып, Күн сүйген», ал Мұқағали: «Шырқай кеп, шыңырау көктен сүйіпті Күн», —дейді.

Тағы да Қасымда: «Хан Тәңірі – көк аспанның тірегі», ал Мұқағалида:«Түндігін түртіп тұрған көк аспанның»,-деп екі ақын тереңнен толғайды.

Хан Тәңірінің қадір-қасиетін, биіктігін, даралығын барынша асқақтата суреттеп «Тянь-Шанының шашақтаулы найзасындай, қайсысың Хан тәңірімен жанасасың» — деп оны одан сайын биіктетіп, ешкімге басын имеген, көкпен таласқан, сағымнан хабар алып, күнге ғана табынған тау  бейнесін заттық  ұғымнан гөрі символдық деңгейге дейін көтеріп суреттейді.

 

Қасым:«Сыбағам қайда сыбағам?

Жоқ па сірә ешқандай?»,-десе

 

Мұқағали:«Кең дүние кенде етсең сыбағамнан», — дейді.

Екеуінде де мағына бір, ой ортақ, бірақ Қасымда қайталау арқылы өлеңнің эмоциональдық-экспрессивтік әсерін күшейте түскен.

Қасым: Тынар ма кеудем менің жұтса да аз?

Күйер ме тілім менің шайнасам шоқ?

 

Мұқағали:Мен сені қызғанамын

Қызғаныштан мұз шайнап

Тұзжаладым.

Қасым «шоқ шайнайды», ал Мұқағали «мұз шайнайды». Шындығында адам мұзды да, шоқты да шайнамайды, бірақ екі автор да образдылық үшін бұл сөзқолданыстарын қолдану арқылы текске ерекше стильдік жүк арқалатып тұр және де сөздің денотациялық мағынасына қарағанда коннатациялық мағынасы (сөз реңі) айқын көрінеді. Әсерлілігі басым, бояуы қанық, ұтымды әрі ұтқыр қолданылған сөз – образдар. Логикалық әрі мағыналық жағынан үйлеспейтін сөз тіркестері контексте белгілі бір мағынаға ие болып мәтінге қызмет етеді.

Қасым: Тірліктегі тыпыршыған

Бір күніңе не жетеді?

Аулақ, ауру ыңырсыған

Өмір күйі тербетеді.

 

Мұқағали:Аулақ, аулақ,

Аулақ менің жанымнан

Қара уайым қара шәлі жамылған.

 

Екі ақында да тарыққан, шаршаған, қажыған, бәрінен де  жеріген көңіл-күйдің бір сәті. Қасым аурудан қашса, Мұқағали тірліктің қиын тауқыметінің бір мезетінен қашады. Бірақ,  екеуі де өмірге іңкәр. Қасымда «аулақ» бір рет қолданылса, ал Мұқағалида үшрет қайталанып өлеңнің экспрессиясын күшейтіп, қуатын арттыра түседі.  Және соны,тосын авторлық синкреттік тәсілмен жасалған эпитет метафораның қолданысы да айрықша мәнге ие болып, автор ойын нақтылай  түседі.

Жалпы, ойымызды қорытындылайтын болсақ бояуы қанық, сөз – образдаркөркем тілмен өрілген, әсері күшті,отты, жігерлі, куатты өлеңдердегі ерекшелік екенін аңғаруымызға болады.

Қасым, Мұқағали өлеңдерін оқыған сайын сөз –образдардыңқолданыстағы мән-мағынасы айқындалып, ерекшеленіп әр қырынан таныла түседі.

Екі ақынға тән тағы бір ерекшелік –ұғымға жеңіл қарапайымдылық, қуатты, күшті, астарлы, әсерлі, нақты, айқын, дәл, ықшам сөзқолданыстардың қабат-қабат образға оранып, меруерттей тізіліп  тізбектеле беруінде болса керек.

Қасым Аманжолов поэтикасын зерттеген ғалым Тұрсынхан  Әбдрахманова: «Қасым Аманжолов поэзиясы – дауылдай екпіннің, өткір ой,  отты сезімнің поэзиясы. Ол сегіз қырлы сөз өнерінің барлық қырын  жасындай жарқылдатып, оттай лапылдатып, өрттей лаулатып өз дегеніне  көндірген ақын. Аз өмірінде мол мұра қалдырған, талғампаз, ойшыл, тәкаппар ақын, қазақ поэзиясы аталатын сәулетті сарайдың берік бір ірге  тасы, биік бір діңгегі» [3,109]    .

Мұқағали туралы сыншы Т.Шапай: «Тегінде ірі талант атаулының қай- қайсысы да қалыпты өлшеммен қарауға көнбейтін, ерекшелігін екі ауыз сөзбен тұжырым тастайтын канондық сипаттамаларға сия бермейтін  қыртысты, қиын жұмбақ, бөлекше бітім, күрделі құбылыс. Бүгінде тұрмыс  қалпы, тіршілік салтында бүкіл мінез – психологиясында атом ғасырының таңбасы жатқан қазақ үшін, жаңа, орта, өзгеше атмосферада, әлемдік мәдениет қазынасынан еркін сусындай жүре, жағасы – жайлау, жаны –дала,  күллі адамдық, ақындық болмысымен кең қолтық қазақ  қалпында қала білген  Мұқағали, белгілі дәрежеде, экзотикалық тұлға еді. Құбылыс еді», — деп жазды [4,131].

 

Қасым: Қазақтың әні мен өлеңін

Найзадай көтеріп келемін

Шығыстың аласа аспанын       

Түндіктей бір түріп тастадым.   

 

Мұқағали: Жазайын, жалықпайын, жасырмайын,

Қашан қалғып кеткенше басылмаймын,

Ал деп ажалға мен бас ұрмайын,

Шоқ шайнап, от бүріккен Қасымдайын.

 

Қасым: Дүниеге келер, әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Өртке тиген дауылдай өлеңімді

Қасымныңөзі емес деп кім айтасың!

 

Мұқағали: Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

 

Қазақ поэзиясының көгінен орын алған  Қасым мен Мұқағалиқұдыретті өлеңнің қасиетін сезініп қана қоймай, «өмірім – өлеңім» — деп жырлап өтті. Қасым да Мұқағали да «Жүрегінің түбіне кір жасырмай»ақтарылып айтып кеткен ірі де дара таланттар.

Поэзияның биік шыңына шыққан киелі де қасиетті қара өлеңнің құдіретін жоғары бағалап, сарқылмас «жыр – қазына»қалдырған,«Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын» — деген Қасым ақын мен «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын» — деп жырлаған Мұқағали ақынның мәңгілік өлең – өмірікелешекке қарай тарих керуеніне ілесіп, талай ұрпақтың жүрегіне жарығы мен жылуын түсіріп, өшпейтін өрнекті, өміршең өлеңдер өмір сүре береді. Бәріміз мойындайтын бір шындық, олардың өздері де өлеңдері де мәңгілік жыр – ғұмырға айналды.

Қасым мен Мұқағали поэзиясын сабақтастыра отырып зерттеу, зерделеу, үйлесімділік іздеу әлі де жалғасын  табады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақ совет әдебиетінің тарихы, 3-том, 2-кітап. –Алматы, 1967.
  2. Стиль сыры. – Алматы, 1974.
  3. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы, 1995.
  4. Шапаев Т. Ой түбіндегі жатқан сөз. – Алматы, 1989.
  5. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы, 1989.

Аманжолов Қ. Нұрлы дүние.  – Алматы, 1