«Барлығы бірден басталады» Мұхаммадқали ӘБДУОВ

 

Барлығы бірден басталады

М.І.Әбдуов

филология ғылымдарының докторы, академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры

 

Дүниетаным құбылысы әр ұлттың өзіне тән түсінік-түйсігімен қалыптасады. Әрине, жалпыадамзаттық ортақ қабылдау мен танымның бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Сайып келгенде, дүниетанымның бір арнаға тоғысатындығы да ақиқат. Таным мәселесі баршаға белгілі сандарға да қатысты болып келеді. Адам баласы жаратылыстағы болып тұратын таңғажайып құбылыстарды сараптай келе жекелеген сандарды қасиеті бар деп есептеп, даралап қолдануды, киелі деп құрметтеуді дәстүрге айналдырған. Мұндай сипат қазақ халқында да бар.

Қазақ фольклорында айрықша назарға алынып, толық зерттеле қоймағанымен, көзге түсіп, көңілге ұялайтын керемет құбылыс бар. Олар қажетті тұстарда үздіксіз қайталанып, қолдданылып отыратын бір текті сандар тобы. Мұндай көріністердің көпшілігіне киелі немесе қасиетті деп айдар тағамыз да, қолданылу аясын айтумен ғана шектелеміз. Мәселен, ертегілерде айтылатын: «бір секірдім, құтылдым, екі секірдім, құтылдым, үшіншісінде тұтылдым» сөздерінде неге екіншісінде немесе төртіншісінде тұтылмайды, үшіншісінде тұтылады деген сұраққа жауап бермейміз.

Сондай-ақ, «жас бала жетіге дейін жерден таяқ жейді» деген нақылдан, сегізге, тоғызға дейін емес, неге жетіге дейін деген сұрақтардың ойға оралары хақ. Әлде, жеті жастан кейін бала сүрінсе де жығылмай кете ме? Болмаса, дыбыс үндестігіне, үйлесімділікке ерекше мән бергендіктен «жер» сөзіне «жетіні» тіркестіріп отыра ма? Ұлттық дүниетанымға шамалы көңіл бөліп көрейікші.

Осындай киелі сандардың қолданысынан лиро-эпостық шығармалар да тысқары қалмаған. Бірақ, біз қолданылу аясын, пайда болу, даму тарихын емес, киелі деп есептеуі туралы ойымызды ортаға салуды мақсат етіп қойып отырмыз.

Қазақ халқының дәстүрінде жалғызды құрметтеу, қадірлеу ерекше орын алады. Жазық жерде жалғыз ағаш өсіп тұрса, оның бұтақтарына ақ түсті маталарды байлау, жалғыз тұрған жеке дара тау болса, әулие қонған деп құрметтеу және тағы басқаларды мысал түрінде келтіруге болады. Біздің ойымызша мұның астарында жаратушыны жалғыз деп қабылдау жатыр.

Салтқа сіңген осындай әрекеттерді көргеннен кейін «неге?», «не үшін?» деген сұрақтар өздігінен ойға оралады. Кеңестік дәуір кезінде мұндай қолданыстарды қараңғылықтың нышаны деп қабылдап, жастарға іргені аулақ салуды үндеген. Сырт қарағанда жапан далада жалғыз таудың кезігуі (мәселен, Арқадағы Толағай) табиғатта бар құбылыстар ғой. Онда қазақ халқы оларға айрықша көңіл бөліп, ұрпақтың санасына сіңіру үшін ерекше назарда ұстап, дәстүрге неліктен орнықтырған? Ел ішінде кеңінен тараған термелердің бірінде:

Қанша батыр болса да,

Жауға салма жалғызды, —

деген жолдар бар. Ә деген бетте ойға оралатын пікір ұрпақ мәселесі. Яғни, шапқыншылықта мерт болып кетсе, соңында ұрпақ қалмайды, сондықтан жауға жіберуге болмайды деген негізден айтылған ғой деп ойлаймыз. Олай болса, Абылай ханның қарғысшыл қалмаққа берген жауабына не деуге болады? «Шөбің жапырылмасын!» дегенде хан: «Малың болмасын, кедей бол!» дегенің ғой, елім бай болса, бір менің кедейлігімнен, жалпы халыққа нұқсан келмес», ал «Күлің шашылмасын!» дегенде: «Ұрпағың болмасын!» дегенің ғой, елім өсіп-өнсе, бір менің ұрпақсыз қалғанымнан халқым қиналмас» деп айтқанын қалай дейміз? Ендеше, осындай ойлардан туындайтын түйін, жалғызды құрметтеудің астарында өзгеше мән бар деген пікір. Яғни, біз айтқан осы әрекеттердің аясында Жаратушының бар екендігін және жалғыз екендігін білу, мойындау көрініс беріп тұр. Осы орайда тағы бір мәселені айта кеткен орынды тәрізді. Зерттеушілердің басым бөлігі ата-бабаларымыз ертеде отқа табынған, оның дәлелі келін түсіргенде отқа май құйғызады деген пікірді мақұлдап жүр. Ал, бір өлкеде өмірге келіп, жұмыс бабымен екінші өлкеге келген қазақ бірнеше жылдан кейін еліне барғанда, туған жеріне соғып, топырағын қолымен ұстап немесе бір уыс топырақты шүберекке түйіп, үйіне келгенде, босағаға іліп қоятын дәстүр де бар. Сонда біз осы әрекетке қарап, ата-бабамыз топыраққа табынған деуге бола ма? Әрине, жоқ. Онда неге жаңа түскен келінге отқа май құйғызады?

Адам баласының, сонымен бірге, жалпы жанды тіршілік иесінің өмір сүруіне қажетті 4 түрлі нәрсе бар: от, су, топырақ, ауа. Бұлардың бірі жойылса, тіршілік бірге жойылады.  Және оларды жасаушы адам баласы емес. Яғни, Жаратушының тарапынан адамзатқа, жалпы жанды тіршілікке берілген сыйлық. Сондықтан, оларды құрметтеу, Жаратушыға деген ризашылықтың белгісі болмақ. Бұл – бір. Екіншіден, қызу тіршіліктің белгісі. Өлі дене суық болады. Үйдің тіршілігі – ошақтың қызуында. Келін соның ұйытқысы болу керек. Үшіншіден, май құйған от лаулап жанды. Жаңа түскен келін ошаққа су құятын месе, май құятын келін болуы керек. Яғни, отқа май құю келіннің өзі түскен ортаға берген анты тәрізді. Олай болса, отқа табыну деген пікірдің ақиқаттығы көңілге күдік ұялатады.

Зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде көшпенділердің көне дәуіріндегі сеніміне көк тәңірі деген қолданысты жатқызып жүр. Бұл пікір көңілге қонымды. Тәңір сөзі көне жазбаларда да кездеседі. Осы орайда ескеретін екі мәселенің байқалатындығын аңғарамыз. Біріншіден, тәңір сөзі көпше тұрғыда айтылмайды. Яғни, тәңірлер деген қолданыс жоқ. Олай болса көшпенділер ұғымында Жаратушы жалғыз. Екіншіден, тәңірдің алдына көк сөзінің тіркесуі кезігеді. Бұл жерде көк түс емес. Аспан деген мағынаны аңғартып тұр. Ал, аспан әлем деген сөзбен мәндес. Ендеше, көк тәңірі деген тіркес әлемнің тәңірі деген ұғымды туғызып тұр.

Тіл – ұлттық танымның айқындауышы. Бір сөзінің негізінде жасалған кейбір қолданыстарға назар аударып көрелік. Біреу, бірдеңе – белгісіздік, бірлік, бірігу – тұтастану, бір-бірлеп, біртіндеп – бөлшектену. Алдыңғы белгісіздікке байланысты айтылған сөздерде бар екендігін біліп тұрмыз, бірақ, қандай екендігін болжау мүмкін емес деген ұғым сезіліп тұр. Келесі тұтастануға қатысты сөздерде қаншалықты көлемде іріленсең де бірден жоғары бола алмайсың деген, ал соңғысында қанша ұсақталса да бардың бірден кете алмайтындығын аңғартады. Яғни, бардың барар жері бір. Осы қолданыстардың өзі-ақ Жаратушыны жалғыз деп қабылдаған халықтың танымын аңғартады.

Ауыз әдебиетінің мұраларында бір саны Жаратушының есімімен тіркесіп берілген. Мәселен, лиро-эпостық жырларда «бір» саны жаратқанның жалғыз екендігін растау үшін айқындауыш мүше ретінде қолданылып отырған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:

Қареке-ау, ақылменен арбайсыз ба,

Жаратқан бір тәңріні алдайсыз ба? –

деп берілсе, «Қыз Жібек» эпосында Төлеген жеңгесімен жауаптасқанда:

Жаратқан мені бір құдай,

Өлім десе көңілім жай, –

деп ажал Алладан дегенді меңзейді.

Ал, діни дастандарда өте жиі көрініс тапқан.

Мәселен, «Мұхаммед пайғамбар» жырында:

— Айналайын, Мұхаммед,

Көрінбей қайда жүр едің?

Амандығың, шырағым

Бір алладан тіледім, —

болып айтылса, «Ғалиарыстандағы» перінің батырының:

Кімсіңдер, жолда жүрген қашып кетпей,

Жаныңнан неге бездің көбелектей.

Мың жаның болса дағы өлтіремін

Өлерсің бір Алладан қаза жетпей,-

деген сөзінде де «бір» саны қолданылып тұрғандығын көреміз.

Енді біз бір санының мағыналық сипатына назар аударып көрелік. Бір ең алдымен бар деген ұғымды білдіреді. Яғни, бардың бастауы – бір. Бір бар болса барлығы бар, бір жоқ болса ешнәрсе жоқ. Бір өзі бар. Оны адам баласы жасаған жоқ, тек қана ізденістің нәтижесінде тапты, таныды. «Сізде қалам бар ма?» деген сұраққа бар деп жауап беру үшін аз дегенде бір қалам болу керек. Әйтпесе, бар деп айта алмайсыз. Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады? Бір саны бардың бастауы екен. Оның алдындағы нөл жоқтың баламасы. Нөл ұғымының бар болуы себебі бірдің арқасы. Бір болмаса нөл де жоқ. Нөлдің қызметі бір арқылы жүзеге асады. Бірнеше нөлді қатар тізгенмен ешқандай өзгеріс болмайды. Ал, сол нөлдердің бір тұсына бір санын қойса, сандық көрсеткіш пайда болады. Жоқтың барға сүйеніп тіршілік ететіндігін осыдан аңғаруға болады. Осы жерде ұлы Абайдың:

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл, —

деген өлең жолдарының астарының бір бөлігінде біз айтып отырған пікірдің көрініс жатуы әбден мүмкін.

Келесі бір керемет қасиеті барлық санды, нақтырақ айтқанда, бүтінді де, бөлшекті де жасаушы – бір. Бір бар болғаннан кейін өзге сандар да бар болып тұр, егер бір жоқ болса ешқандай сан болмас еді. Яғни, бір өздігінен бар, басқа сандардың бар болуы бірдің арқасы. Мәселен, нөл бүтін үш ондық десек, ол бірдің оннан үш бөлігі деген сөз. Немесе, нөл бүтін қырық үш жүздік десек, ол бірдің жүзден қырық үш бөлігі деген сөз. Сондай-ақ, бес десек, бірдің бесеуі, жиырма десек, бірдің жиырмасы. Шығатын түйін, бір өзгелерден ерекше, әрі оқшау, әрі жоғары.

Үшіншіден, бір саны – дара. Оның даралық сипатының көрінісі сонда, ол ешқандай санға ұқсамайды, өзге сандар оған ұқсамайды. Біз бұл жерде санның таңбалануын айтып отырғанымыз жоқ, мағынасы мен қызметіне қарай сараптап отырмыз. Ал даралығының себебі – жалғыздығы. Бір санының бар екендігін білеміз, түсінеміз, қабылдаймыз, бірақ, жалпы жаратылыстың ішінен бірді таба алмаймыз. Мәселен, әркім өзін жеке біреумін деп есептегенімен, адам баласы көп. Әркім өзіне «мен» болғанымен, әлемде алты миллиардтан астам «мен» бар. Жер біреу болғанымен, планеталар жеткілікті. Күн біреу болғанымен, күн тәрізді жұлдыздар баршылық. Яғни, дара бірді біз жаратылыстың аясынан кезіктіре алмайды екенбіз. Десек те, бірдің бар екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Олай болса бір – жаратылыстан тысқары деген ұғым туындайды.

Төртіншіден, бір саны – тәуелсіз. Өйткені, ол өздігінен бар. Бір де бір өзге сан оны жасай алмайды, жасап тұрған да жоқ. Ал, өзге сандар бірдің арқасында пайда болғандықтан, оған тәуелді әрі мұқтаж. Мәселен, он деген санды алатын болсақ, оның он бөлікті бірліктен құрылғанын білеміз. Бірақ, оның мағынасы, қызметі, әрекет ондықты береді, бірді бере алмайды, беруі мүмкін де емес. Яғни, он саны бірдің арқасында, бірдің қалауымен, оның сипаттарын белгілі бір деңгейде бойына сіңіре отырып жасалған сандық көрсеткіш.

Бесіншіден, бір санының әуелі және соңы жоқ. Яғни, басталуы мен аяқталуы болмайды, ал өзге сандар да басталу мен аяқталу бар. Мәселен, бес деген санды алып қарасақ, бірден басталып, беспен аяқтайды. Тоқсан деген санның да бір санынан бастау алып, тоқсанмен тоқталғанын аңдаймыз.Бұлардың басы мен соңы тоғыспайды, екі жақта. Ал, бір санында басталу мен аяқталу жоқ. Барлығы өзінде, өзінің иелігінде. Өйткені, ол – Бір.

Сонымен түйіндей келе, «бірдің» қасиетін төмендегіше жүйелеуге болады:

1.Бір – бар;

2.Бір – жалғыз;

3.Бір –ұқсасы жоқ, өзгеше;

4.Бір – тәуелсіз;

5.Бір – жасаушы;

6.Бір – әуелі, соңы жоқ;

7.Бір – басқарушы.

Қасиетті Құранның «Ыхылас» сүресінде: (Меккеде түскен, төрт аят) «Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! (Мұхаммед с.ғ.с. оларға) айт: Ол Алла біреу-ақ (1), Алла мұңсыз (Әр нәрсе оған мұқтаж) (2), Ол тумады да, туылмады (3), әрі оған ешкім тең емес (4)» — деп жазылған. Осы сүредегі айтылған қасиеттер мен бір санының бойындағы сипаттар үндесіп жатқандығын аңғаруға болады. Яғни, бір деген сандық ұғым Жаратушыға тән екендігін байқаймыз. Халықтық мұраларда бір санының Жаратушымен тіркесуі осы негізден туындаған деп түйіндеуге болады.

Ғылыми танымда бір санына байланысты тағы бір ерекшелік бар. Ол оның дыбыстық мағынасы. Мұны кері тұрғыда да айтуға болады. Мәселен, дыбыстың сандық мағынасы деп. Қалай айтсақ та екеуі бір нәрсе. Сонымен, бірдің дыбыстық мәні – «а». Неге? Әлем халықтарының қай қайсысын алып қарасақ та алфавиттік тәртіптің бар екендігін байқаймыз. Яғни, «А» деген дыбыстан басталады екен. Мұнда да себеп бар. «А» деген дыбысты естірту үшін ауызды ашып, дауыс шығарса болғаны. Ал, өзге дыбыстарды жасау барысында тіс, тіл, ерін, езу, көмекей, таңдай қатыстырылады. «А» дыбысына олар қажет емес. Сондықтан, «А» дыбысының әріптік түзілімде алғашқы болуы осыған байланысты. Және сандық мәні – бір. Дыбыс пен сандық мағынаның үндестігі араб тілінде жақсы дамыған. Ғылыми зерттеудің бұл түрі – абжад деп аталады.

Бес саны. Ұлттық рухани құндылықтардың бір парасы ақын-жыраулардың кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұралары болса, олардың көркемдік кестелері мен мазмұн байлығы халықтың дүниетанымымен тығыз байланысты. Көптің ойына орныққан,  қолдану барысында дәстүрге айналған, баға жетпес маңызды да мәнді дүниелер көркем туындылардың тартымдылығын арттырып, келбетін көтере түсетіні айқын. Өнерпаздардың мұрасына тереңірек үңілген сайын керемет өрнектің кескінін көріп қайран қаласыз. Жыраулар туындысына көз салғанда арғысы Асан қайғыдан бастап, кешегі Шортанбайға дейінгі аралықта халықтың аңсаған пернесін тап басқан дәлдікті аңғарамыз. Және солардың өзін елдің елегінен өткен ерекше суреттер арқылы бейнелеген. Оқи отырып, кейде, тылсым дүниенің үстінен түсесіз, таңырқайсыз, неге деген сұрақ ойға оралады. Мәселен, Шортанбайдың «Не керек?» деген толғауында төмендегідей жолдар бар:

Мал дүниенің жарығы,

Жаратып шырай көркіңе.

Қызықпаңыз бес күнге

Бұл дүние қалмас әркімге.

«Қызықпаңыз бес күнге» дейді. Бес күн деп нені айтып отыр? Қайдан алған? Бес санын қолдану мұнымен ғана шектелмейді. Келесі толғауда:

Дәулетінің барында –

Қорқынышты жер алдында,

Тәубесіз өтіп кетпесін

Бес күндік жалған қызыққа. —

деп берілген. Осындай қолданыс байқасақ Шортанбайға ғана тән емес екен. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің «Өсиет өлеңдер» шығармасында:

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз.

Бес күндік өмір деген кетер өтіп,

Орынға атаң барған барасыңыз.  —

деп бес санын қолданып отыр. Олай болса, жалпы ақын-жыраулар мұрасында өмір сүріп жатқан осы дүниені бес күндік жалған деп пайымдау халықтың дүниетанымынан алынып, қолданылған айқындауыш екенін аңғарамыз. Бірақ, мәселе оның қолданылу аясында емес, неге өмірді бес күн деп алғандығында болып тұр. Аптада жеті күн, айда отыз күн. «Жеті күндік жалған» деп неге айтпаған? Жеті, жалған сөздері дыбыстық жағынан үйлесім тауып тұр емес пе?

Қай қырынан алып қарасақ та, біз келтіріп отырған қолданыста бес саны уақыттың өлшемін аңғартып тұр. Уақыт өлшемінде біздің ойымызша екі түрлі тірек бар. Біріншісі – тәулік, яғни, жер өзін-өзі айналып шығады. Екіншісі – жыл, яғни, жер күнді айналып шығады. Өзге өлшемдер осы екеуінің бөліктері болып табылады. Бұлар жаратылыста бар нәрсе, адам баласы оны табушы, айқындаушы ғана. Тәуліктің бөліктеріне назар аударсақ бес саладан тұрады. Олар. миллисекунд, секунд, минут, сағат, тәулік. Жылдың бөліктеріне зер салсақ, ол да бес саладан тұрады. Олар: тәулік, апта, ай, маусым, жыл. Бұл жердегі мәселе атауында емес, өлшем бірлігінде. Мәселен, миллисекундқа дейін де есептейтін бірліктер бар. Ол сол миллисекундтың бөлшектері. Сондай-ақ, жылдан көлемді де өлшем бірлігі бар. Атап айтсақ, ғасыр, дәуір. Бірақ, бұлар да жылдардың жиынтығы болып табылады. Сондықтан, соңғы түйін – жыл. Адамзаттық танымда адамның жасы жылмен есептеледі. Яғни, жыл толып, кемеліне жеткен өлшем. Әркімнің туған күні бір жылда бір айналып келеді. Сонда уақыт өлшеміндегі өмірдің өзі жыл екен. Бір жылда 365 тәулік бар. Осы сандарды біріне бірін қосып бірлік санға әкелер болсақ бесті береді. (3+6+5=14, 1+4=5). Олай болса, жалған өмірдің бес санын беріп тұрғанын көреміз. Осы меңзеуді анық аңғарған қазақ халқы өзінің танымдық жүйесіне бес түрлі күннің жатысын енгізген. Олар: алдыңгүні,

кеше,

бүгін,

ертең,

бүрсігүні.

Алғашқы күндер – өткен күндер – елес, үшіншісі – орталық – ақиқат, соңғы екеуі – келешек – ғайып. Яғни, кейінгіні де, дейінгіні де ұстап тұрған – бүгін. Бүгін болмаса, өткенің де, келешегің де жоқ. Уақытша өмірде адам баласы бес нәрсеге сүйенеді. Олар:

азық,

еңбек,

сенім,

білім,

ғылым.

Алдыңғы екеу мен соңғы екеуді ұстап тұрған – сенім. Исламда бес мезгіл намаз оқу – парыз. Ол туралы халық ақындарының шығармаларында жан-жақты айтылған. Негізінде шариғаттың шарттарын халықтың санасына сіңіруде маңызды рөл атқарған дін өкілдері емес, ел ішінен шыққан танымалы өнерпаздар болған. Өйткені халық сөз өнеріне айрықша мән беріп, ерекше құрмет көрсеткен. Тұжырымды, мағыналы қанатты сөздерді өмірге әкелген адамға ерекше құрмет көрсетілген. Мәселен, Шортанбай ақында мынадай өлең жолдары бар.

Құбыласын білмеген адамның

Кешпеді деді құдайым,

Бес намазының қазасын.

Құрт-құмырсқа, жын-шайтан

Кетірер оның мазасын.

Сол бес уақыт намаз бүкіл өмірді толық қамтып тұрады десек те болады. Адамның қолы бес саусақтан тұрады. Сұқ саусақтан шынашаққа дейінгі төрт саусақтың қызметі тікелей бармақпен байланысты. Қолдың әрбір әрекетіне бармақ араласпаса, төрт саусақтың бітірері шамалы болса керек-ті. Ал, барша халыққа белгілі тарихи шындық — ислам дінін жеткізуші, таратушы, орнықтырушы Мұхаммад (с.ғ.с) пайғамбар. Пайғамбардан кейінгі төрт шаһаряр оның салған жолын жалғастырушылар болған. Олар: Әбу Бәкір Сыддық, Хазірет Омар, Хазірет Оспан, Хазірет Әли. Егер Мұхаммад (с.ғ.с) пайғамбар жан-жақты түсіндіріп, жол салмаса, төрт шаһаряр қалай болар еді? Міне, жаратылыстағы осындай сәйкестіліктер танымның бес санына байланысты түрін өмірге әкелген. Және солардың барлығы уақытша өмірдің хикметтері. Қазақ халқы осы хикметтерді түсіне білген, қолданған.  Қазақ халқының дәстүрінде айрықша назар аударатын құбылыс бар. Ол жас нәрестені өмірге келген күннен бастап бесікке бөлеу. Бесікке бөлеген баланы жақсылап құндақтап, кеудесінен және тізесінен таңады. Анығын айтқанда, баланың басы ғана қозғалатын болған. Кейінірек кеңес дәуірі кезінде бесікке бөлеуге байланысты әртүрлі сын-пікірлер өмірге келді. Олардың негізгі өзегі нәрестені таңып тастаудан туған болатын. Ол кездегі дәрігерлердің түсінігінде баланың денесі дамуы үшін, өсіп жетілуі үшін еркіндікте, қозғалыста болуы керек. Қозғалған денеге қан жүгіріп, дене мүшелерінің ойдағыдай қалыптасуына жағдай жасайды. Сондықтан, бесікке бөлеуді тоқтатқан дұрыс деген тәрізді ойлар айтылды.

Сонда қалай? Қазақ халқы бесік тәрізді сәбидің төсек-орнын өмірге әкелгенде қараңғылықтың негізінде туғызған ба? Ақиқатында, олай емес. Өмірге келген жас нәресте, шамамен алғанда, бес жасқа дейін кез келген жағдайға бейімделгіш болады. Баланың есінің толық деңгейде қалыптасуы да бес жастан басталады. Халықтың ұғымында «Баланы жастан» деген нақыл сөз бар. Олай болса, бесікке қозғалыссыз таңып тастаған бала қиындыққа, ауыртпалыққа төзімді болып тәрбиеленеді екен. Яғни, ертең ер жеткенде, адамның өмір жолында әртүрлі қиындықтардың кезігуі мүмкін мәселе. Сондай жағдайға тап болғанда бесік көрген бала ерекше төзімділік танытып, соның арқасында ауыртпалықты жеңіп шығады. Осы жағдайды айқын аңғара білген қазақ халқы бес жасқа дейін баланың белін бесіктен босатпаған. Бесік деген атаудың өзі де біздің ойымызша, осы бес жастың негізінде туындаған болу керек. Баяу ырғақтағы бесік жырын айта отырып, нәрестенің назарын, ойын аударту арқылы шыдамдылықтың қалыптасуына тәрбиелеген. Көз салып көрелік:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

Бесік деген сөз бес дыбыстан тұрады. Дыбыс үндестігіне ерекше мән берген және сол үндестікті жаратылыстың заңдылықтарымен байланыстыра білген қазақ халқы осындай арнайы төсек-жайды өмірге келтірген. Бесік туралы пікір айтушылар оның жас балаға қорғаныш екендігін де келтіреді. Нақтырақ айтқанда, жаугершілік заманда бесік құласа не домаласа, ондағы таңулы жатқан балаға зақым келмейтін болған. Бұл пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Ақиқатын айтқанда, бесіктің құрылысына рәсімдеріне байланысты зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігі өздігінен сұранып тұр. Біз айтып отырған бес деген санның бір сипаты осында жатыр.