Бектас ЖҰМАН «Қасым ескерткішінде»

 

Жұман Бектас Бақытұлы – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бесоба ауылында дүниеге келген. «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Студенттер Сарайының көркемдік жетекшісі, қоғам белсендісі, жас ақын, Республикалық, облыстық мүшәйралар мен байқаулардың жүлдегері. Шығармалары әр түрлі басылымдарда жарық көрген. Қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер.

 

Қасым ескерткішінде

Жырлары да тудырар бұрқасынды,

Бір шумағы басады кір тасыңды.

Артынан өшпес мұра сөз қалдырған,

Кім білмесін, дауылпаз бұл Қасымды.

 

Өр Қасым, өжет Қасым, дара Қасым,

Ойламаған еш уақыт қара басын.

Қасқырдай тобырыңда «қыңқ» етпеген,

Аяғын қақпан қауып жараласын.

 

Жырының танисың — ау дүбірінен,

Нәр алған тектіліктің түбірінен.

Мен таныған дауылпаз, дара Қасым,

Өмір сүрмес ақын ғой бүгінімен.

 

Бұл Қасым, көрді соғыс, көрді майдан,

Не болса да, барлығы бір Құдайдан.

Қамал алар жасында, қалпалақтап,

Әзірейіл құрығы төнді қайдан?

 

Көрді дейді қиындық, Қасымды көп,

Уа көк аспан, сағыныш жасыңды төк.

Кривогуз көшесінде орналасқан,

Сыйпалап отырмын ау, тасыңды кеп.

 

Кім тыңдайды құлақ сап, ғасыр үнін,

Мерейің үстем болып, тасыр бүгін.

Ескерткіші алдында есіме алып,

Қасқайып оқып тұрдым Қасым жырын.

 

 

Қарағанды

Қара өлеңнің қағбасы – Қарағанды,

Баурап алар өзіне қарағанды.

Отырардай бұл дағы алып шахар,

Ақындары сүйетін аламанды.

 

Адамдары жайдарлы, жайсаң анық,

Жігіттері ер жүрек, қайсар алып.

Көңіл шіркін еріксіз елеңдейді,

Құдды бір жатқандай сай-сала ағып.

 

Берік болсын босаға, белдеулерің,

Желсіз күні желігіп желдеудемін.

Қара алтынның қоймасы Қарағандым,

Тек өзің деп соғады кеудем менің.

 

Тарихы бар өшпейтін, хатқа түскен,

Жемістері жайқалған, бақта піскен.

Өзі туған қаланың тарихын да,

Сәбилері туылған жаттап іштен.

 

Жырмен жүрек тербеген қала мәңгі,

Тамылжытып, сызылтып салар əнді.

Өзіндегі өнерін саған арнап,

Жүректерді жаулайды Қарағанды!

 

 

Туған жер

Бесоба Жамантастың етегінде,

Тең келмес сұлулық бар шетеліңде.

Биязы жомарт анық халқы да оның,.

Кетпейтін қаңқу сөздің жетегінде…

 

Бесоба тау мен тасты бойлаған жер,

Жақсылықты жарыса тойлаған ел.

Ғажайыпқа осынау көз тігетін,

Қырат, қырқа, бұйрат пен ой дала бел.

 

Туған жердің керемет табиғаты,

Бар өзіндік даланың шариғаты.

Намысты да, ажарлы ұл-қызы бар,

Жанынан қымбат болған ар-ұяты.

 

Еске алып ауылдың шоқыларын,

Қиялға қанат байлап отырамын.

Қалада болғаннан соң аңсаймыз-ау,

Бұлағы мен ауасын, топырағын.

 

Қосшоқы қос жанары манаураған,

Жібекшоқы от болып алаулаған.

Қатпар-қатпар тасында тарих тұнған,

Қарашоқы, Қамқорда санаулы адам.

 

Наршөккен мен құт мекен Қызылтуы,

Құлағыңа естілер ызың шуы.

Көк жиекке көз тастап, тізбектеліп,

Қаздардың да керемет сызылтуы.

 

Байқожа бастау алып тау басынан,

Гүрілдейді мөлдір су арнасынан.

Артық көлік табылмас сірә бізге,

Атамның ат жеккен арбасынан.

 

Қоңыр-төбе еңселі көк мұнарым,

Енді қашан өзіңе бет бұрамын?

Атамның ізі қалған Қоңыржон да,

Құшақ жая қарсы алар текті ұланын.

 

Үшқазанның су толған қазаны да,

Құт болып жаралғандай қазағыма.

Таңбалытас бетіндегі таңбалары,

Әр беріп тұрғандай бір ажарына.

 

Сұңқарқия шыңына қол жетпеген,

Ұштасып тұратұғын ол көкпенен.

Туған жердің сөз жетпес табиғаты,

Жөргектегі баладай өбектеген.

 

Қасиетін білетін ана тілдің,

Жыры болған Бесоба сан ақынның.

Сендегі кереметті жырлау үшін,

Ақын болып мен дағы жаратылдым…