«Қ. Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы және интертекстуалдылық мәселелері» ӘДІЛОВА Алмагүл

 

А.С. Әділова,

академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті,

ф.ғ.д., профессор

 

Көркем мәтін — аяқталған күрделі ойды білдіретін, бір-бірімен өзара  тығыз байланысты  горизонтал (лингвистикалық) және вертикал (экстралингвистикалық) контекст негізінде туындайтын, полисемантикалы, біртұтас коммуникативтік-прагматикалық ашық жүйе, ол түрлі эксплицитті және имплицитті санаттар арқылы түзіледі.

Мәтін санаттары бірімен бірі ерекше лексикалық, логикалық, грамматикалық, синтаксистік байланыста келіп, мәтіннің біртұтас мағынасын қамтамасыз етіп, оның тиянақталған бітімін танытады. Көркем мәтіндегі мазмұндық-нақты ақпар бір тақырыптық өріске қатысты сөздермен түзіліп, мағыналық ұйытқы сөздер парадигматикасы және синтагматикасы арқылы вербалданады. Оның вербалды құрылымында лингвистикалық горизонтал контекспен қатар, вертикал контекст те көрінеді. Олардың өзара әрекеттесуі, диалогке түсуі арқылы көркем мәтіннің мазмұндық-концептуалды, мазмұндық-астарлы ақпары қалыптасады.

Көркем мәтіннің әрі коммуникативтік, әрі эстетикалық қызметі мәтін теориясындағы ақпарат (информация) санатында ұштасады, байқалады. Мәтінді лингвистикалық зерттеу нысаны ретінде қарастырған И.Р. Гальпериннің пікірі бойынша, көркем мәтінде информацияның (ақпараттың) үш түрі болады: мазмұндық-фактуалды (мазмұндық-нақты), мазмұндық-концептуалды, мазмұндық-астарлы. Бұлардың алғашқысы көркем шығарманың нақты лексика-фразеологиялық қабаты болса, мазмұндық-концептуалды ақпар қаламгердің қоғамдық өмір құбылыстарын өз бетінше саралауынан, түсінуінен, бағалауынан, оқырманға жеткізуінен көрінеді, ал мазмұндық-астарлы ақпар мәтіндегі тілдік бірліктер тудыратын түрлі ассоциацияларға, коннотацияға негізделеді.

Мазмұндық-нақты ақпар болмыс өмірде немесе суреттелетін өмірде болған, болып жатқан, болатын түрлі құбылыстар, оқиғалар, деректер туралы хабарлайды, ал мазмұндық-концептуалды ақпар осы аталған  құбылыстардың арасындағы сан алуан байланыстарды көрсетіп, олардың мәдени, қоғамдық, әлеуметтік өмірдегі орнын, маңызын, бағасын нақтылауға ықпал етеді. Мазмұндық-концептуалды ақпар үнемі ашық көріне бермейтіндіктен, оқырманның түрліше интерпретациялауына мүмкіндік береді. Ғалым аталған екі ақпардың айырмашылығы жөнінде былай дейді: «Таким образом, различие  между СФИ (содержательно-фактуальной информацией) и СКИ (содержательно-концепуальной информацией) можно представить себе как информацию бытийного характера и информацию эстетико-познавательного характера, причем под бытийным следует понимать не только действительность реальную, но и воображаемую» [1, 28], өйткені көркем шығарма қандай жанрда жазылмасын, автор болмыс өмірді эстетикалық тұрғыдан түсініп, өңдеп, санадан өткізу арқылы қайта көрсетеді.

Ақпардың аталған түрлерін Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы үлгісінде қарастырып көрелік.

1943 жылы «Абдолла» атауымен жарық көрген поэма ақын Абдолла Жұмағалиевтің ерекшеболмысы мен ерлігіне негізделген.

Бұл поэма туралы өз кезінде де, одан кейін де сөз өнерінің көптеген қайраткерлері, зерттеушілері ой-пікірлерін білдіріп, шығарманы өте жоғары бағалағаны белгілі. Поэма 1970 жылы орыс тіліне аударылып, сол кездегі ССРО құрамында болған халықтар қаламгерлерінің туындыларынан құралған «Великая Отечественная» антологиясына енгізілген.

Автордың шеберлігі жеке басының субъективті патриоттық сезімін қоғамдық объективті қажеттілікпен ұштастырып, оқырман көңілінде өз көңіл-күйімен астасып жатқан жауап толқын туғызуында, тәрбиелік ой салуында.

Поэмадағы перифраза, антитеза, синонимдік, синтаксистік қайталамалар мәтін түзуге қызмет етсе, түрлі метафоралық қолданыстар, символ сөздер, қайталамалар ассоциативті, коннотативті ақпар жеткізуші ретінде көрінеді.

Поэма шумақтарының көлемдері біркелкі емес, ақын өзі суреттеп отырған оқиғаның динамикасын, іс-әрекеттің өту жеделдігін дәл сипаттау үшін осындай форма таңдап алған. Композициялық-сюжеттік құрылымға сәйкес шумақтар поэманың бас жағы мен ортасында 16, 8, 10, 6, 13, 14, 4 жолдан тұрса, оқиғаның шарықтау шегі мен шешілуінде біртұтас картина бір-ақ деммен беріледі.

Ақын суреттеуінде әр шумақтағы ой өзінен кейінгі шумақтарда ширыға, үстемелене, еселене, градация түрінде айшықтала түседі. Мысалы, I шумақтағы эмоционалды-экспрессивті, бір реңктегі бағалауыш лексика, жалпылық мәндегі дерексіз зат есімдермен берілген өмір мен өлім жекпе-жегі келесі жолдарда нақтылана түседі. Синкреттік тәсілмен жасалған дүние төрі, поэтикалық стильдегі майдан, жағымсыз бояуы қанық қырғын соғыс, қанды қырғын қапылыс, ерегіс, экспрессивті, қимыл-қозғалысты дәл бейнелеп тұрған отқа қақтап, соққыласып етістіктері өлімнің бейнесін берсе, өрт жанарлы жас ұланның бар қимылы өмірді паш ететін экспрессивті арқалап майдан жүгін, қорғасынға түйіп, жанын тігіп, тас бекініп сияқты  көсемшелер арқылы көрсетіліп, оның бір сәттік көңіл-күйі күтті жедел өткен шақ етістігімен вербалданған.

Келесі шумақта сұм жендеттердің қимылы өлімнің символы ретінде алғашқы шумақтағы етістіктердің бояу-әсерін одан сайын күшейте түскен: жаншып, таптап, сүйреп, жындай қаптап, найзаға іліп; осы шумақта өмір мен махаббат, ар-ұят сөздері теңдестіріле қолданылып, бір контекст құрайды, яғни өмір мен өлім қатар қойыла, жарыстырыла, параллель түрде суреттеледі.

III шумақта сол, баяғы сөздерімен оқиға желісін жалғастырған ақын статикалық жатыр етістігін әдейі қолданған, жас ұланның көңіл-күйі, бір сәттік жағдайы табиғатпен астастырыла суреттелген. IV шумақтағы орман ойшыл болып кейіптеліп, мүлгіп, қалғып көсемшелерінің экспрессиясымен жандана түседі де, соңғы жолдағы қарағайдың іс-әрекеті арқылы (жайлап қана тартып, сыр шертеді) тыныштық, жайлылыққа акцент түсіріледі.

Шумақтағы бір семантикалық өріске қатысты сөздер кейіпкердің келесі шумақтағы монологіне бастайды, яғни от, ыршыған от күшейіп динамитке айналады.

Әскери-техникалық лексикаға жататын динамит метафораланып, жүрекке баланады. Модальділігі біркелкі сөздер шоғыры кейіпкер жанының ширығуын көрсетеді, бұл орайда қатар келген екі жолдағы мәндес қасақы, қасақана сөздері, ұйқас қажеттілігіне сәйкес инверсияланған қыр көрсету фразеологизмі, қимыл-істегі шарттылық (қуса, көнсең), антогонистік сипат (жау — сен), ауызекі сөйлеу тіліне тән, эмоционалды масқара сөзі, графикалық құралдар (леп белгісі, көп нүкте) жас ұлан жүрегінің жай-күйін танытады.

Келесі шумақтағы ер ұланның жауға арнауында поэтикалық қолданыстағы ұлттық нақышты сөздер мағынасының сана сүзгісінен өткізіліп, қайта жаңғыруы (переосмысление) арқылы қайталанбас символ жасалған. Кеуде – жүрек – бомба лексемалары өте әсерлі, қуатты контекстік синонимге айналып, жарқ-жұрқ еліктеуіші мен етіп көсемшесінің тіркесі нәтижесінде сезім динамикасын айқын көрсетеді.

Мәтінді байланыстыруға қызмет етіп тұрған бұдан кейінгі 4 жол – ақын мен табиғат арасындағы параллель. Келесі шумақтағы 13 жолдың алғашқысы алдыңғы шумақтың соңғы жолымен синтаксистік, мағыналық параллель жасайды. Сын сағаттағы намысты ұланның сезім диапазоны өте кең: күрсініп дем алып; жасауға қимай; жерін құшып; тасын сүйіп аласұрды, бұл бірыңғай қимыл-сын пысықтауыштары өлең ырғағына сай инверсияланып, ширыққан динамизмді көрсетуге қызмет етіп тұр.

Кейінгі жолдардағы кеуде кегі, жан ашуы синонимдес параллель тіркестер бірыңғайда келіп, шығып кетті жедел өткен шақ етістігімен оқиғаны шешілер сәтке жақындатады. Бұдан кейінгі шумақтағы синкретті метафоралық тіркестер (айқас қызып, жанып, оқ бораны, көктің миы, орман шашы), кейіптеу (снарядтар талдап жұлды, жар суға сүңгіді), фольклорлық теңеу (айдаһардай), көнерген сөз (зіл-зала), дозақ күйі, көрден ытқып шықты өліктер сияқты діни лексика мен жалпыхалықтық қолданыстағы сөз тіркесіндегі алогизм ерекше үрейлі, ерекше әсерлі көріністерді суреттейді.

Кейіпкер мен жау диалогі де табандылықтың, қайсарлықтың көрінісіндей: тұйықтала 2 рет сөзбе-сөз қайталанған репликалар әрі мәтін түзіп, әрі информативті қызмет етіп тұр.

13-шумақтағы «Ол темірден алды тартып адамзаттың өнер-күшін» жолдарындағы ауыстыру, инверсияланған баяндауыш пен толықтауыш, дыбыстық үйлесім арқылы оқырман назарын бірден өзіне аударып, кейіпкер рухының биіктігін көрсетеді.

4 жолдан тұратын шумақ композициялық-құрылымдық элемент ретінде де, хиазм ыңғайындағы сөйлеммен берілген бір сәттік көңіл-күйдің қорытындысы ретінде де назар аударарлық (ыза боп жау жіберді өрт. Кідірді ер оқ таусылып).

Кейіпкердің ішкі ойы контекстік антонимдермен сипатталған: бостандықтың алтын туы – бір килодай қорғасын, күліп тұрып сатқан – сұм және бұлардың бәрі де метафоралана қолданылған. Осы шумақтағы от оқшау бейнеленген: кейіптелген өрт (қызыл, жасыл киінген, билеп, ойнап, жалын желектерін желпіп келе жатты) пен жалынға оранған ақынды қатар әрі қарама-қарсы қойып сипаттау шығарма идеясын, пафосын биіктете түскен, ақынның Нұх пайғамбар мен Прометейге теңелуі де тегін емес; діни, мифологиялық әдебиеттен жақсы таныс бұл прецедентті атаулар оқырман ойында түрлі ассоциацияларға негіз болады. Оларды етістік тұлғалары да нақтылай түсіп тұр. Прометей мифонимінің оқырман ойында актуалдануы оның бірнеше дифференциалды белгісі мен атрибутына, яғни прецедентті атаудың ядросы мен перифериясының вербалдануына байланысты – Прометейдің адамдарға өз еркімен көмегі, өзінен күші басым құдайларға қарсылығы, жанкешті төзімділігі және оның қолындағы от, оның шынжырда, демек, қыспақта болуы. Қаламгер суреттеуінде қолында гранатасы бар ақынның сыртқы іс-қимылы, от қоршауында қалуы, оның адамзаттың жоғары идеяларына шын мәніндегі сенімі, яғни адамдарға көмегі, сол жолдағы азабы Прометей бейнесі арқылы танылып, Абдолланың ерекше рухты, ерекше қажырлы образы жасалған. Поэманың мазмұндық-нақты, мазмұндық-астарлы, мазмұндық-концептуалды  ақпарлары оптимистік трагедия модальділігін түзеді:

Шұғыла шалған кешкі бұлттай,

Толқын шашта оттар ойнап,

Өрт топанын кешіп Нұһтай

Тұрды ұқсап, тұрды кейде

От ұстаған Прометейге.

Топан сөзі дәстүрлі қолданыста тек су сөзімен тіркессе, ақын оны «өрт» лексемасымен тіркестіріп, мағыналық жағынан жаңғыртып, кеңейткен. Ал бұйрық райдағы кел бер, күйіңді шерт тіркестері мен тілек мәнді алшы етістігінен өлім мен өртті кейіпкер екі түрлі мағынада қабылдайтыны байқалады. Ол өртті еш қарсылықсыз қабылдайды, бірақ онымен келетін өлімнен қорықпайды, керісінше, оны жанға тыныштық әкелер құтқарушы деп түсінеді. Бұл орайда ұлт тілінде оқыған оқырман есіне М. Жұмабаевтың «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңін түсіріп, мәтінаралық (интертекстуалды) байланыс орната алады.

Поэманың соңғы бөлігі кейіпкер портретімен басталады, яғни жарық семантикалық тобына кіретін сөздер (нажағай, жарқ-жұрқ, күн, нұр, ай, жай) арқылы ақынның өлмес бейнесі беріледі. Абдолла монологіндегі алғашқы жолдарда жауға қарсы қойылған өлім келесі жолдарда өртпен тұтасып келеді. Осы шумақтағы синтаксистік қайталамалар (Қош бол енді, туған елім!), семантикалық, лексикалық қайталамалар, лексикалық, контекстік антонимдер, эмоционалды-экспрессивті сөздер шоғыры, грамматикалық тұлғалар (осы-ақ, болды-ау, бұл емес ед), қаратпа сөздер, олардың қайталануы монологтің ақпараттық, когеренттік қасиеттерін арттыра түседі.

Поэманың соңғы бөліміндегі перифразалар (өмір ақтық музыкасы, күй көңілді, жаз бейнелі алтын өмір), лексикалық қайталамалар (қасақана, алтын өмір, алтын ту, қайран) синтаксистік конструкциялардың, теңеулердің қайталануы көз алдымызға жанды суретті әкеледі. Алдыңғы бір шумақтағы алтын ту – бостандықтың символы – осы шумақта жалп етті делінсе, оған үстеме мағынаны жалт берді өмір, от төсекке түсті аунап сөйлемдері береді, соңғы жолдағы кесімділік (түсті аунап), метафора трагедияның бояуын күшейтеді, яғни оптимистік трагедияның өмірсүйгіш пафосын анықтайды. Қорытындыдағы эпифора дауыл сөзіне негізделген. Дәстүрлі поэтикалық қолданыстағы дауыл сөзінің мағынасын етістіктер (азаланып жетті, құшып алып кетті, шертті) кейіптей кеңейіп, ақпардың көлемін ұлғайтқан, сол арқылы кейіпкердің іс-әрекеті, көңіл-күйі қалың көпшілікке жететіні көрінеді. Жоғарыда айтылған барлық ой-пікірді соңғы осынау сілтеу есімдігі жинақтай нақтылап тұр.

Эпилогта да ақпараттылық, когезиялық, модальділік секілді санаттардың тілдік көрінісін: лексикалық, синтаксистік қайталамаларды, метафора қолданыстарды, хиазмды (сөйлем мүшелерінің кері ретпен орналасуын  — аш жүзіңді, шашыңды жи), семантикалық, синтаксистік параллельдерді кездестіреміз.

Поэмадағы ақпар түрлері жымдаса келгендіктен, ол көп қабатты құрылым ретінде танылады.  Мәтінге тән ақпар түрлерін түсіне білу, ажырата алу, түрлі ассоциациялар тудыра білу оқырманның қабылдауына тікелей байланысты.

Сонымен, вербалды түрде көрінетін мазмұнды-нақтылы ақпардан көркем мәтіннің мазмұнды-концептуалды ақпары туындайтыны байқалса, көркем шығармадағы мазмұндық-астарлы ақпар сөз арқылы бедерленіп, деректі түрде ашық көрінбейді. Ол тек жанама түрде, ассоциациялар негізінде қалыптасады.

Көркем мәтіндегі мазмұндық-астарлы ақпардың бір маркері және көркем мәтіннің қоғаммен, мәдениетпен, басқа мәдени феномендермен байланысы ретінде деп интертекстуалдылықты (мәтінаралық байланыстарды) айтуға болады. Интертекстуалдылық қаламгер және оның мәтіні өмір сүріп отырған лингвомәдени кеңістіктегі қоғам мүшелерінің күнделікті сөйлеуінде,  жазуында қайтсе де байқалады. Бұл көркем мәтінді оқу, қабылдаумен тығыз байланысты үнемі болып жататын үдеріс. Олар көбіне өзіне ұнаған көркем мәтінді, оның тілдік қабатындағы түрлі бірліктерді өзінің ой-пікірін білдіруге, белгілі бір жағдайларды бағалауға, тіпті болмаса өз эрудициясын көрсетуге пайдаланады. Ондай бірліктер өзінің автосемантиялылығы (контекстен үзіп алып, басқа контекске түсе алу мүмкіндігі), коммуникативтік ситуацияға сәйкес  полисемантикалылығы және эволюцияға бейімділігі, қысқалығы, әсерлілігі нәтижесінде оқырманның тілдік жадында қалып, реті келген жағдайда қолданысқа түседі. Ал оны естіген адам басқа жағдайда, басқа кезде, басқа адамға қайта қолдануы ықтимал. Сол себептен кез келген функционалдық стильдегі және басқа семиотикалық жүйедегі мәтіндерден алынған интертекстер қоғам мүшелерінің қарым-қатынас құралы, яғни контакт орнату, оны дамыту сияқты қызметтер де атқарады. Бұл жағдайда интертекстуалды элементтің претекспен байланысы үзіліп, тиісінше ассоциациясы жоғалып, тек ситуативті жұмсалады. Интертекст автор құзіретінен шығып, қолданушының өз сөзіне айналады. Мәселен, өз сөйлеу тәжірибесінде Қ. Аманжоловтың «Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым»  жолдарын (жанындағы досымен, бастығымен, тіпті қоғамдық көліктегі мүлде танымайтын адаммен сөзге келіскен) түрлі ситуацияларға бейімдеп қолданушы тілдік тұлғалар бар.

Тілдік тұлғаның жады тіл жүйесінің заңдылықтары мен лексика-фразеологиялық қазынасын ана сүтімен бойға дарытумен қатар, ұланғайыр білімді түрлі мәтіндерден алады, яғни өз ғұмырында оқыған сан алуан кітаптар қайтсе де оның жадында өз ізін қалдырады. Ол із шығарманың мазмұны, сюжеттік желісі, образдар жүйесі ғана емес, автордың немесе кейіпкердің тілдік тұлғаға ерекше әсер еткен сөзқолданысы да болуы мүмкін. Ондай сөзқолданыс жеке сөз, сөз тіркесі, сөйлем немесе мәтін фрагменті ретінде оқырман жадында өзінің бейнелілігімен, құрылымдық әсерлілігімен, көп мағыналылығымен еріктен тыс сақталып қалады да, кезі жеткен, қажет болған уақытта қайта еске түсіріліп, жаңа жағдайда, жаңа мәтінде пайдаланылуға бейім болады. Олар адам жадында белгілі бір тақырып немесе оқиға төңірегінде емес, бей-берекет (хаосты түрде) орналасып, белгілі бір ассоциация негізінде еріктен тыс еске алынып, қолданысқа түседі. Бұл жағдайда ондай фрагменттерді оқырман немесе тыңдаушы оқып яки тыңдап отырған мәтіннің жекелеген оқиғасының бір ғана белгісі өзектендіреді. Мәтінаралық байланыстардың маркері саналатын мұндай келтірінді құрылымдардың өзектенуіне уақыт әсер етпейді. Претексті өмір жасының қай кезеңінде оқыса да, ол адам жадында ұзақ мерзім сақталып, қатталып жата береді де, тек нақты қажет болған кезде ғана өз бетінше актуалдана алады. И.П. Смирнов [2, 126] адам жадының бұл түрін семантикалық деп атайды да, мәтінаралық байланыстар теориясының дамуын, зерттелуін осы құбылыспен байланыстырады.

Тілдік тұлғаның жадында өзінің жекелеген үзіктерін қалдыратын мәтіндер тек бір ғана функционалды стильге жатпауы мүмкін. Ондай мәтіндердің қатарында жалпыға ортақ сакральді мәтіндерден бастап, функционалдық, жанрлық сипаты жағынан мүлде ұқсамайтын мәтіндерді де атауға болады.

Зерттеуші Г.В. Денисова [3] прецедентті мәтіндерді «күшті әдеби», «әлсіз әдеби» және «күшті әдеби емес» мәтіндер деп үшке бөледі.

Интертекстуалдылық мәселелерін бұл ғалым аударма үдерісіне қатысты қарастырады. Ол күшті әдеби мәтіндерге орыстың ұлттық әдебиетінің мақтанышы болған ақын-жазушылардың шығармаларын жатқызса, әлсіз әдеби мәтіндерге өз кезеңінде ғана танымал, ал оқырмандардың кейінгі буындарына таныс емес шығармаларды атайды. Зерттеуші болжамы бойынша, бұл құбылыс көркем туындының эмоционалды-эстетикалық сапасына байланысты емес, ол шығарманың оқырман жадында сақталуына, оған әсер етуіне, оның түрлі оқиғалармен ассоциация тудыруына  байланысты.

Белгілі бір қоғамда әр уақытта өмір сүрсе де, ортақ тілді, мәдениетті, әдебиетті тұтынушылар үшін эталон деп саналатын күшті әдеби мәтіндер болады да, олар сол қоғамдағы моральдік-этикалық ұстанымдардың эксплицитті көрсеткіші, насихатшысы ретінде қызмет етеді. Ал мұндай мәтіндерді оқитын адамдардың өмірлік қағидалары, көзқарастары, адамгершілік туралы пікірлері бір-біріне ұқсас, үндес болып, бір-бірін толықтырып отырады. Шығарма авторлары да осы мәдени, әдеби ортаның бір өкілі болғандықтан, өзін толғандырған, ойландырған мәселені жазған кезде қайтсе де басқа қаламгерлердің әсер-ықпалын сезінбей тұра алмайды.

Мұндай әсер-ықпалдың саналы-санадан тыс екендігі туралы түрлі пікірлер бар. Алайда әр халықтың әдеби үдерісінде мәтінаралық байланыстардың барлығын дәлелдейтін мысалдар аз емес және мұндай байланыстар жеке дербес туындыны қабылдау, түсіну, талдау, интерпретациялау үшін айрыша маңызға ие. Бұл мәтінаралық байланыстар синтагматикалық (мәтіннің өз ішіндегі концептуалды орталықтардың өзара байланыстары) және парадигматикалық (осы семантика сипатталатын басқа да мәтіндермен байланыстары) қатынастарға түсу арқылы өздері маркерленіп те, маркерленбей де кіргізіліп отырған мәтіндердің мән-мағынасын байытатындықтан, ол мәтіндер бір интертекстуалды кеңістікте қарастырыла алады.

Қ. Аманжоловтың туындыларын, ондағы сөзқолданысты көптеген қаламгерлер претекст ретінде пайдаланып, өз шығармаларының семантикасын байытуға, толықтыруға қолданған, сол себептен де ақын мәтіндерін күшті әдеби претекстер қатарына жатқызуға болады.

М. Мақатаев «Қасым солай болмаса…» өлеңіне ақынның бір сөйлемін енгізіп, оны тырнақшамен де, парентезамен де нақтылайды:

«Бір күй бар домбырамда…»

                                      (Иесі Қасым)

Қасым солай болмаса, несі Қасым)!?

Жыр бәйгеге аттанған адам болса,

Сөредегі Қасымын есіне алсын!..

Ал мына интертекст басқаша берілген:

Байғазы етіп байлаған халқым маған,

Менің де бір күйім бар тартылмаған.

Менің де тұғырдағы қыраным бар

Асқар шың аспанды аңсап шаңқылдаған.

Бұл лирикалық туындыда ақын қолданысында қазақтың біртуар қаламгері Қасым Аманжолов өлеңінің бір фрагменті оп-оңай танылады және оны ақынның өзі вербалды түрде атап көрсетеді, яғни менің есімдігін де демеулік шылауымен күшейту арқылы оны бұрын да басқа адамның айтқанына сілтеме жасап тұрғаны сөзсіз. Алайда  М. Мақатаев өзінен бұрын айтылған ойды өз контексіне еш өзгеріссіз енгізіп, ақындарға тән сезім арпалысын, биік мақсатты дайын образбен беріп, Қасымның бұл сөзқолданысын саналы түрде қолданса да, келтірінді мәтіннің авторы туралы еш дерек бермейді. Осы екі ақын өлеңдеріндегі байланысты аңғарып, тану, орнату — оқырманның міндеті:

Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,

Өлеңінің өлмеуін арман қылды.

Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан

Қан менен жас аралас арман жырды.

Поэзияға өткен ғасырдың  80-жылдары келген Ғ. Жайлыбай да Қасым мәтінін, сөзқолданысын претекст ретінде пайдаланғаны байқалады:

Тартып туса атаға асыл ұлан,

Айырады асылды жасығынан.

Артықпын ба?

Жайлы орын іздейтіндей

«Аманжол – Рахымжанның Қасымынан».

М. Мағауиннің «Бір нәзік сәуле» әңгімесінің атауы бірден Қ. Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» өлеңін еске түсіреді, яғни прецедентті мәтіннен үзіліп алынған, өлеңмен семантикалық байланысы берік цитата деуге болады: Өңімде ме еді, түсімде ме еді. Көріп ем ғой бір армандай қызды… Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.

Жазушы қолданып отырған нәзік сәуле ақын контексінен екенін осы шумақтағы лексикалық бірліктердің парадигматикалық, синтагматикалық байланыстары көрсетеді: Соғыс болған жоқ. Апат келген жоқ. Бейбіт, тыныш заман; елес іспетті ғажайып қыз.

Жалпы, бұл әңгімеде тағы бір прецедентті айтылым бар, оны автор тырнақшаға алып, басқа стиль мәтіні екенін өзі көрсетеді, себебі Кеңестер Одағы уақытында кез келген газет айдарына шығарылған «Толған мақсат – толған таңдау» ұраны сол кездегі лингвомәдени қоғамның барлық мүшесіне жақсы таныс болғанмен, қазіргі оқырман үшін мүлдем бейтаныс.

Қ. Аманжолов контексінде жеке адамның пенделік өміріндегі ғажайып, құпия бір күштің, үміттің символы болып көрінген нәзік сәуле М. Мағауин әңгімесінде мәтінтүзушілік қызмет атқарып,  «Алла тағала сыйға тартқан, сый емес, аманатқа берген өнер. Аруақ алқаған өмірлік мұрат» ретінде жеке тұлғаның рухани, шығармашылық болмысының, жалпыадамзаттық құндылықтың символына айналған. Бұл прецедентті айтылымның о бастағы ассоциациясын, коннотациясын, семантикасын, яғни қабылдау инвариантын пайдаланғанын автор өзі нақтылай отырып, мәтіннің соңына қарай оларды түбегейлі өзгертеді. Мағыналық ұйытқы сөз ретінде әңгіме оқиғасын, семантикасын үміт сәулесі, сәулелі арман, жарық күннен үміт мол, сәулелі нұр, жалғыз-ақ сәуле – жарық нысана, нәзік сәуле, нұрлы жарық, сәулелі қыз, жаңа бір сәуле, басқа бір жарық нұр, ең нәзік сәуле, Киелі Жазу түрінде дамытып, мәтінді тиянақтаған прецедентті айтылымның ассоциациясы мүлде өзгеріп, қаламгердің ашық оң бағалауы нәтижесінде жағымды модальділік тудырған.

Интертекстуалды элементтер көркем мәтін авторының претекстің өзіне немесе претекст авторына, прецедентті құбылыстар арқылы көрінетін түрлі экстралингвистикалық факторларға субъективті пікірін, бағалауын эксплицитті, имплицитті түрде көрсетеді. Белгілі бір прецедентті құбылысты өз шығармасына претекст ретінде кіргізуінің, оны лингвомәдени кеңістік пен когнитивтік базадан өзектендіріп алуының өзі қаламгердің оны бағалауын көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде Қ. Аманжолов поэзиясы әлі де талай қаламгерге өлең, сөзқолданыс эталоны болатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, поэманы синергетика заңдылықтарына сәйкес ашық жүйе ретінде,  дискурс және интертекстуалдылық тұрғысынан қарастыру   оның қоғамдағы, лингвомәдени кеңістіктегі орнын нақтылай түседі деген ойдамыз.

 

Пайдаланылған әдебиет:

 

1 Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М.: Наука, 1981. – 137 с.

2 Смирнов И.П. Порождение интертекста. – Вена, 1985. – С. 59 – 137.

3 Денисова Г.В. В мире интертекста: язык, память, перевод. – М.: Азбуковник, 2003. – 298 с.