Ақынның хат қоржыны

Қадірлі Сәке!

Хатыңызды алып, Көкше дей көңілімнің қуанышы Бурабайдай шалқыды. Хатыңызды сіздің жаңада шыққан тамаша бір романдай сүйсініп оқыдым. Хаттан сіз арқылы бүкіл ұлы өмірдің бірсыпыра суреттерін көрдім. Әсіресе, қазақтың советтік әдебиеті мен искусствосының жаңалықтарын жазғаныңызға ризамын…
Қазақтың бүгінгі әдебиеті мен искусствосы — менің жүрегіме анадай жақын, жардай сүйкімді; өзімнің туып өскен үйімдей, алтын бесігімдей көрінеді. Әдебиет пен искусствоның бар қазынасы ‑ менің дүние-мүлкім, қуанышым, бақытым, бәрі менікі, ал мен өзім сол әдебиет пен искусствонікімін.
Искусство‑ мен (объективно) үшін, мен искусство үшін десем қате болмас па екен. Бұл формуланы өзімнің искусствоға деген махаббатымды айту үшін қолданып жатырмын.
Маған неге өлең жазбайсың деп мүдіртуіңіз өте орынды. Жазу керек. Бірақ менің ынта-зейінім Отан соғысының ұлы күйін тыңдауға аударылғандықтан ұсақ-түйек шығармаға алаң болғым келмейді. Сұрапыл соғыстың концерті біткен соң, поэзия ұясына қайта қонып, Отан соғысының ұлы хикаясын шындап бір шертсем деймін. Болашақ игілікті шығармалардың желісі жанымда тартылып жатыр.
Жанымда жанар таудай жатыр жырым,
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.
Көресіз жанар таудың атылғанын —
Жаңғыртып ойдың шыңын, жан түкпірін
Өлеңнің қаптатармын отты селін —
Толассыз топанындай ертегінің,
Білерсіз сонда, Сәке, кім екенін
Құландай құйындатқан тентек інің,
Шабалмайтын шабанға шаң жұға ма?
Шын жүйрік саз кешсе де шалдығар ма.
О, шіркін, жалын жұтқан ерке күнім!
Жас ғұмыр, еркін өмір, сүйіншім,-
Достарым, туған елім, сендер үшін
Қалам ұстап қолыма, мылтық алып
Ажал жортар қауыпты жуынды бағып,
Күннің шығар жерінде тұрмын бүгін.
Қадірлі Сәке, жаза берсем бітетін емес. Қалғанын қайтқан соң жазамын. Менің бұл хатым сіздің архивіңізде жататын шығар. Қайтқан соң көшірмесін берерсіз. Мен мұнда архив сақтаймын ғой…
Сіздің хатыңыз тура 18 күнде келді. Уақытыңызды бөліп, хат жазып тұрыңыз. Мүмкіншілік болса бірер өлең жазып, газетке жіберіп көрем…
Саяси сабақ өткізем. Қызыл әскерлердің ойын-сауығын басқарам. Қоғам-көпшілік жұмыстарына қатысып жүрмін.
Көріскенше сау-сәламат болыңыз. Реті келсе бірер өлеңдеріңізді хатқа салып жіберіңіз.

Ініңіз Қасым. 30/III-1942.

Қадірлі Сәке!

Былтыр бір хатыңызды алып, мен жауап жазып ем. Тәртіп бойынша хат жазу кезегі сіздікі еді. Бірақ бүгінге дейін күте-күте жалықтым. Әрине, бір есептен іні деген хатты топырлата беру керек қой. Бірақ олай емес-ау деймін. Алыста жүрген адамның көңілі кілт сыңғыш болады, хат алса жас балаша қуанып, хат алмаса «мені ұмытқан ғой» деген өкпе кеудесінде кесе-көлденең тұра қалады. Осы жағынан қарап мен сізге өкпелеңкіредім. Іні болған соң амал жоқ, хат жазуға ұйғардам да.
Пұшпақ — терісін базарға сүйреген саудагердің рөлін атқармайын деп, Алматыға баспа орындарына ұсына қойғаным жоқ. Сізге керегі өлең болатын болса, өлең менде бар, болады да. «Тепсе темір үзетіндей » кезімде… майдан бетінде жүргенімнің өзі өлең емес пе Сәке.
Ағамның хаттары арқылы есен-саулығыңызды естіп тұрдым. Ал, Сәке, енді өзіңіз бір қызық етіп хат жазыңызшы, сіздің былтырғы хатыңыз маған бір абыройлы документ болды. Өзің орысша жазғаныңыз дұрыс екен. Үлкендерге көрсетіп, мақтанып қоямын. «Мен ақын едім» дегенде жұрт илана қоя ма, осындайда сіздің хат мандаттан кем болып жүрген жоқ.
Ең соңғы мәселе: Мәриям жеңгеме көп-көп сәлем айтыңыз. Тек хат күтемін.

Ініңіз Қасым. 3/I-43.

Қадірлі Сәке!

Осы жақын арада саяси бөлім парткабинетіне қызметке орналасып, ойламаған жерден «Біздің Мәлік» деген жинақтарыңызды тауып алдым. Оқып шығып, өте қуандым. Біріншіден, Мәліктің ерлігінің жағдайына қандым. Тамаша ерлік, тамаша эпопея екен! Ақындар Мәлікті эпостағы батырларға теңеймін деп құр далаға лаққан екен. Меніңше, Мәліктің бейнесі-нағыз Ленин дәуіріндегі шын мағыналы жаңа адамның бейнесі.
Екіншіден, Мәліктің сізге жазған хаттары оның тағы бір тамаша қасиеттерінің сырын аша бастаған сияқты. Мен оның герой болуына сүйсінем, азаттығына алғыс айтқым келеді.
Меніңше, Мәлік Отан соғысының геройы ғана емес, біздің жаңа тіршілігіміздің геройы да сияқты.
Сәке! Сіз осы Мәлік мәселесіне тыңнан бір кіріссеңізші. Тамаша романның жолдары көз алдымда сайрап тұр. Мен де шабан шолағымды қамшылап көремін. Осы жазда кездесіп қалармыз.

Ініңіз Қасым. 17|IV-45

Сүйікті Қапан!

Көптен сенен хат алғаным жоқ. Кезек сенікі еді.
Астанада, кең дүниенің төрінде жүрген адамға алыстағы бір адамды ойлап, әуре боп, хат жазып жатудың өзі қандай қиын екенін өзім де сезем. Бұл менің өкпем емес, ақиқатты айтқаным. Мысалы, екеуіміз орын ауыстырған болсақ, мен де хат жазуға салақсып кетерім анық. Ден сау. Қал жақсы. Көктем келді. Соғыстың да көктемі жақындап қалды. Көкірегім қуанышқа толы. Ал, Қапатай! Сен Сәпенді білесің ғой. Әйел біткеннен менің көңілімнен кетпей жүрген жалғыз сол ғана. Маған оны ұмыттырмай жүрген жеңіл қанатты жастық махаббаты емес, нағыз адамгершілік махаббаты. Мен оны жаным ауырып аяймын. Сен Сәпенге менен сәлем айт. Адресін жібер. Өзі хат жазсын. Мен хат жазайын. Достарға сәлем.

Қош Қасым 10. III-45.

Қадірлі Қапан!

Хатыңды алдым. Көп жаңалықтар жазғаныңа өте ризамын. Денің сау, мәртебелі бол, досым!
Мен орыншамын. Кіші командирдің істейтін жұмысы өзіңе мәлім ғой. Тек әйтеуір «Отан үшін» деген сөз көңілге тоқ. Әйтпесе, есіл уақыттарым босқа өтіп барады. Өз орныңда, өз төбешігімде тұрып, уақыт өткізсем, өкінбес едім. Тіпті төменде жүрмін. Абыройым да, беделім де бар, бірақ өз бойыма шақ болмаған соң, болмайды екен. Қиқалақтатып орысша өлең жазған боламын. Жұрт «жақсы» дейді, мен оған қатты налимын. Қазақша еркіндеп, жан-жүрегімді жайып жазған өлеңдерімді тыңдайтын кісі жоқ. Мұндағы бастықтар мені шын ақын деп бағалап жүрген жоқ, әуесқой үгітші деп қана бағалайды ғой. Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы әзірше менмін, түбінде ең бақыттысы болып шығуым да мүмкін. Сәлем айт.

Хат жаз. Қасым. 10.12.44.