Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. «…АЛ, МҰНЫҢ АРУАҒЫ — ШОПАН АТА…»

Қойлыбай АсановСексенінші жылдары Қойлыбай мені Қарқаралыға іздеп келді. Ол кезде жастар газетінің тілшісі. Уыздай жас. Сөйлесіп көрсем, өне бойы өлең екен. Менімен қатарласа ,қапталдаса қолына қалам ұстаған Дәуітәлі Стамбеков – Алматыда, Абзал Бөкен – Балқашта, Ғалым Жайлыбай —Жезқазғанда жүрген. Қолына қалам ұстап, ақ қағазға телміретін Арқа қазағының қарасы, мүлде, аздау кез. Ол кезде Қарағанды қазақтан оқшауланып, орыстанып кеткен өңірге жатады.
Жетпісінші жылдардың ортасы, Алматыда бір сыраханада Дәуітәлі, Жасрасқан, Тынышбай бастаған бір топ ақындардың ортасында мен өлең оқығанда бір шәйірдің:
—Қарағандыда да қазақша білетін біреу бар екен-ау ?!-деп аң-таң қалғаны әлі есімде…
«Кемелденген социализмнің» сол кездегі кесікін- келбеті осындай еді.
Менің алғашқы жинағым отыздан асқанда әзер жарық көрген. Ол кезде кітап шығару қиямет- қайым дүние болатын. Қарағанды облысындағы СССР Жазушылар одағының мүшесінің ұзын саны жеті-сегізге әзер жететін. Соның ең жасы мен едім. Кейінгі толқын жас буын мені қоршап, қолдап, дуылдап жүруші еді. Соның көш басында осы Қойлыбай болды. Қасында адуынды ақын Қара Дәулет жүреді. Жай жүрмейді, елді иіріп, алдына салып, айдап жүреді.
Орыстың ұлы ақыны Юрий Кузнецовтың «Я в поколений друга не нашел» деген өлеңі бар еді. Біздің басымыздан да сондай жағдай өткен…
Қойлыбайдың буыны мені саф таза адами болмыс, адалдығымен, өлең мен өнерге деген көзсіз іңкәрлігімен магнитше өзіне тарта жөнелді. Ол екі ортада социализмнің шаңырағы ортасына түсіп, қырып-жойып, нарық келіп жетті. «Базарға кетті менің бір досым ақылды -деген өлең осы кезде туған,—Автомен тасып арағын, адуын қатынды.—Елім-ай!-дейді егіліп кейде ішіп ап…бала кезінде бұ да өлең жазған пақыр-ды. Қорланып алып,қозы көш озып көп елден, Көрші-қолаңның қолпашына да бөленген. Балапан—басы,тұрымтай кетті тұсына, Мен ғана қалдым күллі жұрт безген өлеңмен. Көз еті өсіп күптей боп,—майлы еттеніп, Өзінен өзі қарайды неге кектеніп? Мен сонау,қайран, балалық шақты сағынам, Қырықтан асқан қырқылжың кезді жек көріп! Қан базардың да төріне тігіп қосын кеп, Кердеңдеп кетті керемет көңіл хошым деп: «Анау бір сері менің бір әкім досым!»-деп, «Мынау бір пері менің бір ақын досым!..»-деп. Кердеңдей берсін, кере де берсін қасын да, Қай баламенен ойнамап едім жасымда? Моцарт жоқ менде, у қосып шарап беретін, Құдайға шүкір ,Сольери қалды қасымда! Айта да берсін аңыз ғып күнде атымды, пендеден безіп, Музамен қалған мақұл-ды. «Елім-ай!»-дейді егіліп кейде ішіп ап… Бала кезінде бұл да өлең жазған пақыр-ды…».
Қойлыбай мен Қара Дәулет Қарағандыда бітімі өзгеше әдеби орта құрып, қалыптастыруға аянбай ат салысты десе болады. Сол кезде облыстық мәдениет департаментінің төрайымы, ұлттық руханияттың жанашыры Рымбала Омарбекованың ұйытқы болуымен облысымызда әдеби, поэтикалық кештер, облыстық, республикалық ақындар айтыстары дүркіреп өте бастады. Сәкен серінің (Сәкен Жүнісов) «Алматы Мәскеуге ұқсаса, Қарағанды Пероградқа ұқсап барады!» -деген сөзі сол кезде айтылған!
Қойлыбай не бір аламан айтыста жүлделі орындарға ие болып, Қарағандының атақ-даңқын республикаға шығарды. Айтыс ақындарының ішінде маған Баянғали Әлімжанов, Қонысбай Әбіл, Әзімбай Жанқұлиев, осы Қойлыбайлардың орны бөлектеу еді. Бұларға айтыстың алдын ала өлең жазып, (оны айтыскерлер «заготовка» дейді), сахнаға шығу ,мүлде жат. Суырып салады! Он тоғызыншы ғасырда қазақ сахарасына келген Янушкеевичтерді аң-таң қалдырған суырып салып өлең айту,— Сүйінбай, Жамбыл, Кемпірбай, Шөжелердің аруағы осылардың арқасына қонған-ды.
Әлі есімде. Фәниден бақиға көшерінің алдында Қарағандыға Әулие Атаның алдына жан салмаған жүйрігі Әзімбек Жанқұлиев келді. «Қазақстан» қонақүйінде әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Өзінің лайықты орынына отыра алмай, ішқұса болып жүрген кезі.
—Қойлыбай! -деп еді ол сонда— Біз екеуміз ақымақ болыппыз ғой?!
Ел елең ете түсіп:
—Неге?
—Қалай? -десті.
Сонда Әзімбек:
—Өлеңді мыналар құсап, алдын-ала жазып, сахнаға жаттап алып шығу керек екен ғой?!.
Сонда «мыналар» деген осында отырған бір топ ақын …қып-қызыл болып кетіп еді…
Екеуінің айтыста жүргеніне он шақты жылдың мұғдары. Айтыс ақындарының бәрі білетін дүниені Әзімбек пен Қойлыбай бүгін сезіп отыр!

Ақын атаулының аруақ шақыратын бір пірі болады. Жамбылдың пірі —Жолбарыс, Кепірбайдікі —көк ала үйрек деседі. Қойшының ұлы Қойлыбайдың пірі Шопан Ата болуы керек. Қой маңырап, қозысы жамырап жатқанда Қойлыбай – Қойлыбай бақсыдай таңды –таңға жалғап, жырлаушы еді. Сахна оның шабытын шідерлегендей көрінуші еді.. Цивлизацияға бауыр баса алмай өтті. Ол қазақтың ұлы көшін көрген, көшпелілер мәдениетінің соңғы өкілінің бірі һәм бірегейі! Заманынан ерте туу— қасіретті. Кейін туудың да жетісіп тұрған жері жоқ-ау деп ойлаймын.
Айтыста талай есесі кеткен Қойлыбай кейін содан докторлық диссертация қорғап, профессор атанды. Бүгінде айтыс өнерінің Қойлыбайдай білгірі біздің республикаызда саусақпен санарлықтай ғана.
Той-думанда көш бастаған көсем, аузымен құс тістеген шешен Қойлыбайдың да дүниеде жалғыз қалғандай құлазыған кезін көріп едім. Қара Дәулет фәниден бақиға көшкенде соңында еңіреп қалды. Мен де балапаннан айрылған ата қаздай егіліп едім: «Көзіме көрінер бір қарам-ау деп, Қанатсыз қалған кезде қаралы әулет, -Соңыма балапаннан нөкер ертттім, Басында жүр ең соның, Қара Дәулет. Ақсұңқар дейтін құсты мақтан етіп, Аспандап самғайтын бір шаққа жетіп;
Арамды, күлуші едің— аттап өтіп, Тексізді— жүруші едің— таптап өтіп! Құс заты көкте сайран салады-ау кеп, Сайранға аң-таң қалып қарады-ау көк. Қанатың – балапанның қанаты еді, Қайырылып қалғаны ма, Қара Дәулет? Көз жасы мөлт-мөлт етіп гөзеліңде, Қыршын-ай, өгей болған өз елінде, -Қалайша көзден ұштың көктей солып, Өксігің өрттей болып— өзегіңде?! Нөсерлеп, боздап, кейде, далам-ау деп, Сайранын көкте жасын салар-ау кеп: Сол сен бе, — көк бұлттардың арасында Қап қойған қара нөсер – Қара Дәулет?!».

Мұндайда Абайға барып жұбанасың: «Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Қоңыр келініміз тұла-бойы тұңғышына босанғанда атын «Ақерке» деп мен қойып едім. Игілік Омаровтың «Ақеркесі» жан-дүниемді жаулап алған кез ғой. Сол Ақерке әке жолын қуып, Санкт-Петербург Мемлекеттік Университеті магистратурасының орыс тілі филологиясы факультетіне түсті.

Қойлыбай Асан ердің жасы елуге келді дегенге сенер, сенбесімді біле алмай отырмын. Бүгін өзімнің де қартаң тартқанымды сезінгендеймін. Оның бойында елім деп еміренетін махаббат сезімі, жақсы мен жаманды айыратын ақыл-ой, бекзатқа ғана тән тектілік жетіп артылады. «Қойшының ұлы Қойлыбай» деген өлеңімді сексенінші жылдары жазған екем. Ол кезде Қойлыбай жиырма үш-жиырма бестегі жігіт. Елуге келсе де сондайғы образынан әлі айнымаған:

Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп,
Е, ел айта берсін…

Ақынның жеңсігі – өмір, азығы— сор,
Алашы—тоқтар алтын қазығы сол.
Қойшының қосында кеп дүниеге,
Қойлыбай атанды—бар жазығы сол.

Шөп те— өлең қазір жұртқа, шөңге де— өлең,
Шәйір көп шөңгеменен дөңгелеген.
Ал, мұның аруағы— Шопан ата,
Шаруасы болған емес өңгеменен.

Шабытсыз шырқамаған ол бір әнін,
Құлағын жүз бұрағын, он бұрағын;
Аруағы Шопан Ата жебемесе,
Тіл-аузы байланады домбыраның.

Айтысса осындағы дөйлеріңмен,
Қойлы ауыл көшіп өтер ой легінен.
…Халтуршик машинамен қайтады ылғый,
Қойлыбай— тер шылқыған көйлегімен…

Кемпірбай, Шөже туған шаңырақ бұл,
Ол кейде шырқар дерсің аңырап құр.
Өйткені қошақаны жамырап бір,
Өрістен қайтқан қойы маңырап тұр.

Кейде оның жазылады бой, бауыры,
Ойран сап дүниеге ой дауылы.
Өйткені, пұл алып қайт демей оны,
«Сөзіңді айт!» – деп жіберген қойлы ауылы.

Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп,
Е, ел айта берсін…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.