Жамбыл шығармаларының аудармасы туралы

iЖамбылдың шығармалары тек қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл социалистік әдебиеттің алтын қазынасына қосылған шынайы асыл мұра. Біздің ұлан – байтақ Отанымыздағы халықтар әдебиетінің қай-қайсысына болса да Жамбыл шығармалары құнды қазына болып қосылуда. Қай ұлттың ақындары болса да Жамбыл шығармаларын аударып, Жамбылды өз ұлтының тілінде сөйлеткісі келеді. Олар Жамбыл шығармаларының бүкіл қасиеттерін сақтай отырып аударғысы келеді. Осы жөніндегі көмекті, ең алдымен, Жамбылдың айтқанын ауызба-ауыз тыңдап отырған қазақ ақын-жазушыларынан күтеді. Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл шығармаларының аудармасын дұрыс ұйымдастырып, соны қадағалап отыруын тілейді. Осындай ұлы тілекті біз қалай орындап отырмыз? Осы туралы бір топшылап ойланатын уақыт әлдеқашан жетіп еді. Жамбыл шығармаларын аудару мәселесі әдебиеттің үлкен бір проблемасы еді де, Қазақстан Жазушылар одағының ең күрделі ісінің бірі еді. Бірақ бұл іс жүзінде болдмай отыр. Өткен жылдың көктемінде Өзбекстан жазушыларының съезіне барған қазақ жазушыларының делегациясына бірнеше өзбек жазушылары мынадай сұрақ қойды:
Біз Жамбыл шығармаларын ылғи аударып отырғымыз келеді, бірақ қазақшасынан аударарымызды, орысшасынан аударарымызды біле алмай жүрміз. Өйткені қазақшасы мен орысшасы біріне-бірі жанаспайды, — деді. Дәл осы сияқты сұрақты Қырғызстан жазушыларынан да есіткендеріміз бар. Бұл бір. Москва әдебиет баспасы Жамбыл шығармаларының бұл күнге дейінгі аудармаларын ұнатпай, өздері қайта аударғысы келетін көрінеді. Бұл екі. Жамбылдың өлеңдерімен бүкіл халқымыз сөйлейді. Цитатқа алады. Бірақ орысша аудармасында бар сөзді оригиналынан қазақшасында барды, орысшасынан таба алмай қалушылық фактысы бар. Бұл үшінші жағдай. Міне, осы үш жағдайды еске алып, ойланыңқырап қарасақ, Жамбыл шығармаларын аудару жұмысында толып жатқан кемшіліктер барлығын айқын көреміз. Ол қандай кемшіліктер? Соны талдап тексеріп көрейікші. Жамбыл шығармаларын аудару мәселесін дұрыс шешу үшін ең алдымен жақсы аударушылар кадры керек. Ондай кадр бар ма? – деген сұраққа келгенде біздің әзірше білетініміз жалғыз ғана Павел Кузнецов жолдас. Жамбыл шығармаларының көпшілігін аударған осы. Ендеше әңгіме осы Кузнецов жолдастың аудармаларынан басталады.
Доцент Ритман жолдас өзінің бір мақаласында («Казахстанская правда» 1939 жыл, октябрьдің 18-і) Кузнецовтың талантына қатты сүйсінеді. Жамбылдың «Туған елім» деген тамаша шығармасын «қолжазбасына, дұрысырақ айтқанда жолма-жол аудармаға толық сай етіп» аударған дейді. Біз де осы «Туған елім» поэмасынан бастайық. Әдебиет дүниесінде Жамбыл шығармалары бір асқар шың болатын болса, ол шыңның ең биік бір жотасы «Туған елім». Бұл Жамбылдың Жамбылдығын әлемге танытқан поэма.
Поэма қазақшасында былай басталады:
«Тоқсанға келген жасым бар,
Көпті көрген басым бар.
Аман жеттім бұл күнге,
Ойды-қырды аралап,
Жалғыз атты сабалап,
Серік болдым өмірге».
Ал енді осының Кузнецов аударған орысшасын жолма-жол аударсақ дәл былай болып шығыпты:
«Жамбыл қазір тоқсан жаста,
Сонда да Жамбыл ерде нық отырады.
Ол келеді қуанышты жаңа қонысқа,
Қарсы алады жыршыны туысқан Қазақстан».
Салыстырып қараңыздаршы: біріншіден, қазақшасына орысшасы жанаспайды, екіншіден, қазақшасы өте көркем образды болып шыққан, орысшасында ол жоқ, үшіншіден, Жамбыл туралы басқа біреу айтып отырған сияқты. Бұл ма, Кузнецов Жамбыл шығармаларының кейбір тамаша жерлерін тіпті аудармай тастап та кетеді.
«…Ойды, қырды аралап,
Жалғыз атты сабалап,
Серік болдым өмірге», —
деген осы тамаша өлең жолдары орысшасында жоқ.
Жамбылдың «Халықтың сәлемі», «Ленин Мавзолейінде» деген тамаша өлеңдерін түп нұсқасына тіпті жанаспайтын етіп аударған.
«Домбырасын серік қып,
Өткізді Жамбыл ғасырды.
Өлеңді төгіп өрнектеп,
Асулардан асырды…» —
деп басталады.
«Халықтың сәлемі» деген өлең:
«…Көз жіберсем алысқа,
Көпті көрдім дегенім –
Көп зарыққан ел екен,
Шексіз дала дегенім –
Ұлтарақтай жер екен,
Тауды көрдім дегенім –
Тау емес екен, дөң екен,
Өзен, көл көрдім дегенім –
Көз жасының селі екен…» —
дейді.
Қандай тамаша өлең!Осы ғұрлы аса күшті жері орысша аудармасында жоқ болып шықса, оның орнына Кузнецовтың иі қанбаған балшықтай бұратана сөздерімен баттасқан жасық өлең тұрса, жаның қайтіп ауырмасын! Осы өлеңнің бір жерінде Кузнецов:
«Мен жаңа жырыммен қотанға келдім» деп аударыпты. Осыны да тауып айттым деді ме екен? Жамбыл «Саңғыратып даланы, әнді шырқап көлбедім» десе, Кузнецов «қотанға келдім» деп аударады. «Ленин мавзолейінде»деген атақты өлеңді де негізінен бұрмалап, тіпті теріс аударған. Бұл өлең қазақшасында:
«Күнсіздерге күн болған,
Жер жүзіне нұр болған,
Ақылдың кені данышпан»,-
деп басталса,
«Мен келдім саған сонау алыс қырдан,
Мен келдім саған көгілдір мавзолейге»
болып басталады. Осы өленнің қазақшасының аяқталуы:
«Бәрін бірдей құнарттың
Алпыс екі жүйенің,
Көпті көріп көніккен
Ақшыл тартқан басымды
Алдына келіп иемін»,-
дегенді оқығанда, өткен ғасырлардан бізге жеткен, өкінішті өткен ата-бабаларымыздың өкілі сақал-шашы ағарған бір қария Ленин мавзолейінде тәуап етіп тұрғанын көресіздер. Осы қария арқылы бүкіл тарих Ленинге тәуап етіп бас иіп тұрған сияқты. Міне Жамбыл өлеңінің күші осындай. Кузнецов мұны түсінбеген, сондықтан да орысшаға аудармай тастап кеткен.
Қазақстан Жазушылары одағының басқармасы Жамбылға жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқанын «Правда» газеті де қазақ жазушыларының екінші съезі кезінде ескерткен болатын. Жамбылға көңіл бөлудің ең бір басты шарты – оның шығармаларын дұрыс аудару мәселесі. Осы жөнінде Қазақстан Жазушылары одағының басқармасы жеткілікті шара қолданған емес, Жамбыл шығармаларын аударудағы бұрынғы жауапсыздық әлі бар. Аударушылар кадры жасақталған жоқ. Баяғы бір Кузнецов. Жамбыл өлеңдерінің жолма-жол аудармасын жасау жұмысын орыстың, қазақтың әдебиеттік тілін жеткілікті білмейтін, мәдениет дәрежесі төмен адамдарға тапсыру фактісі әлі бар. Осының салдарынан аударушы: «Жолма-жол аудармасы солай, мен қайтейін» деп, өз жауапсыздығын біреуге арта салушылығы да бар. Ендеше, ең алдымен осы жұмысты реттеу керек, жолма-жол аударма жасайтын жақсы кадр жасақтау керек. Әрбір жолма-жол аударманы оригиналына салыстырып. Тексеріп, әбден дұрыстап барып аударушыға ұсыну керек.
Ал, аударушы жолдас Жамбыл өлеңдерін аударғанда аударудың бүкіл заңын, тәртібін бұлжытпай сақтауға міндетті.
Жамбыл өлеңдерін (жалпы қай өлеңді болса да) аударғанда оның мотивын, ойын, формасын, мазмұнын, сөз образдарын, теңеулерін – қысқасы барлық қасиеттерін ойлап отырып аудару керек. Онсыз аударуға болмайды. Егер Кузнецовтың аудармаларын әдебиет теориясының заңдарымен қарай бастасақ, кемшіліктен аяқ алып жүре алмас едік. Бірақ Жамбыл шығармаларының жалпы сырын дұрыс бере алмаған Кузнецовтан өлеңнің басқа қасиеттерін қалай аудардың деп сұраудың әзірше қажеті жоқ қой.
Ендігі сөз біреу-ақ: Жамбыл шығармаларын үлкен жауаптылықпен мейлінше сапалы етіп аударатын болайық. Жамбыл шығармаларын аудару жұмысы өте игілікті, абыройлы жұмыс екенін Қазақстан совет Жазушылары одағының басшылары да, аударушылар да біліп қойсын! Жамбыл шығармаларын аудару жұмысын кәсіп етудің айласы деп түсінетін дүмше әдебиетшілер аулақ жүрсін.
Аударуды – творчество деп қарайтын, көркем әдебиетті қадірлейтін, қазақтың мәдениеті мен әдебиетін жақсы түсінетін, әрі мәдениетті, әрі талантты ақындар ғана Жамбыл шығармаларын аудара алады. Сондай аудармашылар кадрын жасақтауды жұртшылық Қазақстан Жазушылары одағынан күтіп отыр.

Қасым Аманжолов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.