Жәнібек ӘЛИМАН «Өксиді, елжірейді баладай жел…» Дауылпаз (Қасым рухына)

 

Жәнібек Әлиман  1990 жылы 25 мамырда  Қарағанды облысы , Шет  ауданы,  Нілді  ауылында  дүниеге  келгенАкадемик  Е.А.Бөкетов  атындағы  Қарағанды   университетінің  түлегі, магистр. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.   

Жұмабек  Тәшенев  атындғы  «Жылдың  үздік  ақыны»  сыйлығының  иегері. «Алтын тобылғы» республикалық байқауында «Дала жырлары» шығармасымен «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясы бойынша жеңімпазы.

 

 Өксиді, елжірейді баладай жел…

Дауылпаз

(Қасым рухына)

 

«Қарқаралы басында жалғыз арша»,

Төменде зарлы қанша, жарлы қанша?!

…Қасым хан, Абылайдың дәуірінен

Бір ақын кіріп келді барға ұзанша.

 

Келе сап аз кідіріп қоя тұрмай,

Күркіреп кетті шайыр жай отындай:

Негізі Махамбет пен Мағжан да,

Лебізі Құран-Кәрім аятындай.

 

Кез еді – өмірді іштен біліп туған

Дәуірі өлеңшінің жүріп тұрған…

Көрінді ол комунистер қоғамына

Қастерлі қағанаттай Түрік құрған…

 

Соны айтып, өлеңшілер не демеді,

Сондада көкке ап ұшты өлең оны.

Күйкілер көре алмайды жоғары ұшсаң

Бұл қасқаң енді қайтіп көгереді?..

(Қоғамы құдайсыздың бұған емес

Негізі бұл оларға керек еді!..)

 

Дауылпаз өмір сүрмек басқа қалай?

Астана – жұртты айналды аспаны арай.

Осында баспанасыз сандалғанмен

Өлеңде даңқы қалды Астанадай!

 

Соңынан коммунистер не демеді,

Сондада көкке ап ұшты өлең оны.

Адамға Алла қалай керек болса

Тап солай бұл да оларға керек еді!..

 

ІІ

 

Қара өлең деген ұлы Ел болатын,

Қанаты қаққан сайын шерге жақын.

Дауыл боп соқпай мұнда бір кетпейтін

Озалдан естілгенде жерден Атың.

 

Өлермен қылғанымен іштей дәме,

Қара өлең жорылмайтын түс қой көне.

Сезбесті қағып-соғып кетеді екен

Сұлбасы көкейіне түспей және

Өлермен қылғанымен іштей дәме…

 

Білемін, Сен сол Елдің астанасы,

Алаштай талай тиген тасқа басы.

Дәуірдей дауыл күшпен соғып өтсең,

Шығатын жын-жыпырдың масқарасы…

 

Қара өлең Тәңір текті ардай мекен,

Мен қалай байтағына қонбай кетем?!

Туса тек Жер, Көк, Ел боп қана туған

Зұлымдық онда бөтен болмайды екен…

 

Қара өлең жорылмайтын түс қой көне

Түсті адам қолдан қашап істей ме не?!

Қолына түсірмекші көптен бері

Өлермен кетті десем ішпей неге?..

 

ІІІ

 

Алыстан алып Абай елес берді,

Қарсыдан қара дауыл жел ескен-ді.

Мағжан кеп маңдайынан сипай бере

Оянып кеткен бала нені ескерді?!

 

Оянып кеткен бала жарық таңнан,

Алыстан көзі бір от шалып қалған.

Ойында мана көрген жұмбақ түстен

Бойында шалқи жүзіп шабытты арман…

 

Жалт еткен жарық нұрға жөнелді еріп,

Дүние қас-кірпігін шебер керіп.

Жаратқан жалғыз ұлды жетімдіктен

Әкетті таң атқанда өлең бөліп.

 

Кеудесін керней берді бір ұлы дем,

Сол шіркін мәңгіліктің нұры, білем.

Нық басып кетті Қасым

Жыр құдірет

Жұптасып өмір-бақи ғұмырымен.

 

Сол жарық бала жанын арманда ғып,

Талайдың жүрегіне барған жарып,

Айналып кете барды «Ақ сәулеге»

Артында жалған дүние қалбаң қағып…

 

Аңыз ғып қазір соны ел айтады,

Тамылжып бұл-бұл үнді тоғай талы.

Тәкаппар дүниеге жар салғанда

Атойлап азаттықтың арай таңы.

 

Айналған азаттыққа арда жыры,

Қастерлі қара өлеңнің маңғазы ұлы.

«Дүние танисың ба бұл қазақты»

Қасымдай маңдайында бар жарығы!

 

«Сен неміс, мен қазақпын азиатпын»

Жадымда жаңғырығып сарбаз үні

Мөп-мөлдір үлбіреген «Дәриға қыз»

Жанында армандай пәк ар нәзігі.

 

Жолында «қанды қырғын қызыл от пен

Қаптап жүр өлім деген» жалмауызы.

Оның да қағып-соқса көріп алды

Қолында жауға кезер қандыауызы.

 

«Бомба боп жау жолына жарыл жүрек»

Қалмақ тек қан майданда арлан ізі…

«Күніне жүз ойланып, мың толғанған»

Ақын боп туғандығы бар жазығы.

 

Сезбесті сезіп-біліп күйесің, Ар,

Бағзыдан Ақын-ардың иесі Жар.

Сүйем мен ақ сәулелі дүниені

Қасымның қалған онда киесі бар!

 

 

***

 

Құдай сынды қарап тұрдым – уақыт боп:

Дүниеге батпақтап жүр батып көп.

Жаза салдым маңдайына кещенің

Қарамай-ақ бақытқа да бақыт деп…

 

аспаған да, таспаған да кенере,

Өмір деген ойыншық па, немене?!

Күн дегенің күміс табақ – сатып ал,

Ай дегенің алтын толы тегене.

 

Жарылыстан қопарылсын жарты әлем,

Жұмысым жоқ әлем сыйған картамен.

Анау өтсін орын-тақта шіреніп,

Ақын өтсін аспан тіреп арқамен…

 

Сүймек ішім күймегі шын, бұ да сын,

Ақиқат па, арқа тоссын шыдасын.

Уақытқа жазып қойғам о баста

Айтшы, қане, оған қайсың куәсің?

 

Құдай сынды…

Ауар емес түкке есім,

Қалар емес дүниеге жүк, қосым.

Өкінерін білмей өткен – сен емес,

Мен қоямын мына өмірдің нүктесін!