ЖЫР ЖОЛЫНА ЖАНЫМДЫ БАҚШЫЛАДЫМ…

ЖЫР ЖОЛЫНА ЖАНЫМДЫ БАҚШЫЛАДЫМ…

(С. Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітабы жөнінде)

 

А.С. Әділова, Е.А. Бөкетов атындағы

Қарағанды университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Б.Р. Хасенов, докторант

 

 

Жақында Серік Ақсұңқарұлы «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» кітабы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Кез келген қаламгер өзі өмір сүріп отырған орта мен кезеңде, қоғамда әр алуан құбылыстар мен оқиғалардың куәсі болады, олардың бірі оның сезім-түйсігін жанай өтсе, енді бірі жан дүниесін мүлде өзгертеді, ал үшіншісі тікелей қайшылық тудырады. Ал мұның өзі осы аталғандарды көкірек көзінен өткізіп, өз эмоциясын қоса пікір білдіруге, өз пайым-түсінігін жеткізуге итермелейді. Бұл орайда ол көзімен көргеннің бәрін емес, өзі үшін аса маңызды, бағалы, буырқаныс тудырған оқиға-құбылыстарды таңдап алып, іріктеу, ықшамдау нәтижесінде белгілі бір кодқа салады, яғни көркем тілмен, түрлі образдар арқылы сюжет желісін әсерлі түрде басқаға жеткізеді.

Осы орайда «Біздің елде ақын деген жетеді, Бірде – жерде, бірде – көкте мекені» деп жырлаған С. Ақсұңқарұлының шығармашылығы оқырмандардың бірнеше буынына ой салып, олардың өзіндік пікір-көзқарасын қалыптастырып, ұлттық және адамзаттық құндылықтар жайлы түсінік-ұғымдарын айқындауға әсер ететіні сөзсіз. Ұлттық элитарлық тілдік тұлға ретінде оның құндылықтар жүйесінде ұлттық мәдени таным, ұлттық менталитет, ұлттық психология-болмыс  басты орында, сондықтан халқымыздың қазіргі жай-күйі оны бейжай қалдырмайды.

Ақынның «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітабы шартты түрде  екі бөлімнен тұрады. Кітаптың атауы сияқты, екі бөлімнің де атауы ақпаратты:  «Кирилица   ет жақыным, жатым да…» атты көлемді бірінші бөлігінде қаламгер ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік күресін, адам эволюциясын, қазақ сөз өнерінің биіктігін, туған жердің қасиетін, қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, осы заманғы (жаңа) қазақтар психологиясын, сөз құдіретінің (энергиясының) адамға әсерін көрсетеді. Ал шағын ғана екінші бөлім «Сайтанның сайран салуы» деп аталып, адалдық пен арамдық, шынайылық пен жасандылық, ақиқат пен жалғандық, шындық пен әзәзілдіктің тайталасына автордың өзіндік бағасын байқатады, себебі ақын үшін өлеңі – өмірі:   «Күңіреніп, үмітпен, күдікпенен, Тек сол үшін ғана  өмір сүріп келем: Өлең деген жоқ мына дүниеде, Құбылыс бар құдіретті – Рух деген». Сол рухтың көрінісі Пегас – Құлагер түрлі елдегі қазақ жұртының бойында екені ақын үшін де, оның өлеңдерін оқып отырған оқырман үшін де күмәнсіз:   «Тәңірі – Көкте. Тарихы – шаңда. Ұлты – жыр  – Күлтегін мен Мағжандардың жұрты бұл. Жылқы жүрген жерде ауып түркі жүр, Түркі жүрген жерде шауып жылқы жүр!».

Кеңес дәуірінде бірталай ұлттық құндылықтардан айрылып, өзіндік діл-болмысын жоғалта жаздаған халқы туралы әсерлі де бейнелі жеткізген ақынның сөзқолданысы еріксіз назар аудартады: «Қия бетте қырық қабырғам сөгіліп, Нені іздеп ем, не біліп? Ноғайдан қайтқан Қазтуғандай, Төгіліп, Қазақстаннан – Қазаққа келдім егіліп!!!».

КСРО аталған алып мемлекеттегі саяси құндылықтар күрт өзгеріп, еліміз тәуелсіздік алып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп, ұлттық идентификация қажеттілігі жоғары деңгейде болып тұрған кезде қоғамның, ұлттың саяси, идеологиялық, психологиялық санасы жаңа жағдайларға бейімделуге ұмтылған шақта халық өз басынан түрлі жағымды-жағымсыз жайларды өткізгені аян. Осы бір екіұдай кезеңде қоғамда пайда болған екіұшты психология, үміт пен күмән ақынның өмірді, тұрмыс-тіршілікті қабылдауына әсер еткен: «Бір емес мұнда, Заманнан соноу үш** келдім, Балдай екен деп, сіміріп уын ішкенмін. Тұраннан шығып, Құранға кіріп, тұманға, – Цивилизацияға – Мен десант болып түскенмін!». Осы кезеңдегі  қазақтың сипаты  «Керілген арқан – кесілген бас» өлеңінен көрінеді: «Сол-ақ екен, Бітіп кенет жал бұған, Өз еліне өзі барып  салды лаң. Жайқаң қағып келе жатса жаманы, Арқан керіп шығады ылғи алдынан, –».

Осындай қайшылықты жағдайда да ақын Алашын қорғап, қолдау көрсетеді: «Арқан бойы көтеріліп Күн әні, Айықпай тұр қалай мұның тұманы?Алаш деген – Мағжанның Шолпаны – Күнәсіз!!! Һәм күнәлі…», себебі «Алаш дейтін Рентгеннің алдында, Бар болмысың тұрады ғой көрініп?!»

«Қазақстан» деген өлеңінде ақын өз елінің даласы мен данасын,  киелі топырағы мен сабырлы тағдырын айта келіп, ұлттық сезімнің селқостығына қынжылады: «.. Қалай Тәңірі осынша ұлы ұлысқа Ұлттық сезім сыйлауды кетті ұмытып?!.»

Ақын өзінің жеке тұлға, толық адам ретінде танылуына  сөз құдіретінің  ерекше ықпал жасағанын төмендегі жолдармен көрсетеді:  «Ой да күнде асқақ болмай, сезім де, Жүректі ұстап жүрдім Тәңірі тезінде. Пенде құсап өмір сүрдім иттей боп, Адам болып – (Өлең жазған кезімде). … Жерді құшып, аспанға ұшып біресе,- Арқама кеп аруақтар түнесе; Ақын деген—періштеден сәл төмен, Пенделерден биікте екен мың есе!; Өлең деген—өз ұлтыңның болмысы. Әлдиі—сол, әні де—сол,—соңғысы. Абай-Хакім адам болған әуелі, Содан кейін ақын болған ол кісі». Қам-қарекеті мол тіршілікте өзіндік «менін» сақтап, пендешілікке бой алдырмай, АДАМ боп қалуға  өлеңмен қатар ықпал еткен күшті, яғни адамзат өркениетінің ұстанымдарына айналған ойлардың бастауы саналатын сакральді кітаптарды естен шығармайды: «Оқып соны рахатқа бөленген, Бір айырмам біреулерден  өлермен, – Төрт Кітапты қалай түсінгенімді, Айтып шыққан адаммын мен – Өлеңмен…».  

Қаламгер кітабындағы әр өлеңнен ұлттық, отандық, әлемдік мәдени, тарихи танымдық база мен кеңістікпен тығыз байланыс көрінеді, ал мұның өзі ақын ұстанымының, кредосының жалпыадамзаттық құндылықтармен астасып, ұштасып жатқанын байқатады. Мәселен, «Жап-жас ем. Шешем бар жанымда, Елім бар, ерекше мұратым. Алашқа, ағайын, бауырға, Бауырым езіліп тұратын. … Тыйылып періште күлкім де, Көзіме ащы жас іркілді. Бауырым қап-қатты бұл күнде. Алаш та бір түрлі?!. Бауыр да бір түрлі…». Бұл өлеңнің бастапқы шумағы ұлы Абайдың «Жас күніңде бәрі дос» деген жолын еске түсіріп, өлеңнің семантикасы хакім ақынның айтар ойымен үндеседі.

Тек ұлттық қана емес, сонымен қатар білімнің әлемдік шеңберде болғаны тілдік тұлғаның лингвомәдени құзіреті дәрежесінің жоғары да жан-жақтылығының көрсеткіші болмақ. Бұл тұрғыда С. Ақсұңқарұлының таным-білім аясы кең, дүниежүзілік мәдениет пен руханиятты сабақтыратынын айта кету керек, мәселен, «Прометей алауы» өлеңін алайық. Әлемдік мифологиядан таныс атау өлең тақырыбына шығарылған. Негізгі мағыналық ұйытқы сөз алау арқылы жарық пен қараңғының қақтығысы шешілген, яғни Прометей қолындағы алау суық, еш сәулесіз әлемге  тіршілік беріп, басынан өткізген ешқандай азап-қасіретке қарамай, адамзат өмірін жалғастыра беретінін көрсетеді. Өлеңнің соңғы жолдарында лирикалық кейіпкер – субъектінің көрінуіне байланысты прецеденттік атаудың когнитивті сипаты бұрынғыдан да кеңейіп, жан-жақты айқындала түседі:

Тіл алмайтын баламын мен, көресімді көремін,

Прометей алауымен өртенеді өлеңім.

Өртенеді өзегім де өзге затты жат қылып,

Кең дүниені кеземін де, өтемін от лақтырып.

Ақын өлеңінде дәстүрлі оттың алаумен алмастырылуы кездейсоқ емес: алау сөзінің семантикасындағы жағымды мән, әдемілігі, жарық түсірер сипаты,  алыстан көзге шалынатындағы, сол себепті қамтитын кеңістігінің ауқымдылығы лирикалық субъектінің поэзияға көзқарасын ерекшелесе, соңғы жолдағы от сол поэзияның бір бөлшегі — өзін көрсетеді.

Қаламгер үшін қоғамда болып жатқан өзгерістер, оның ішінде әйел мен ер адамның негізгі міндеттерінің ауысып кетуі де ақылға сыймайтын құбылыс: «45 градус аяз. Алқынады қос өкпе, Өмір бастан көшсе өстіп көшед те. Базарда тұр Баян сұлу боп-боз боп, Қозы Көрпеш күтеді оны төсекте».

Нобель сыйлығының әдебиет бойынша 1923 жылғы иегері,  ағылшын тілінде жазған ирландтық ақын Уильям Йейтстің айтуы бойынша «Поэзия – если это не народная поэзия – таит в себе больше, чем выражает», сондықтан ақынның жаңа кітабының айтары да мол.

Бар ғұмырында «Жақсылыққа шырағын жақсын арым. Болашақ кеп қолымнан алса бүгін Алтын емес,— Ақиқат тапсырарым! Жыр жолына жанымды бақшыладым» деп келе жатқан С. Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» кітабы ұлт рухын көтеруге қызмет ететін, ұлттық мәдени кеңістікте өзіне лайық орынға ие деген ойдамыз.