Алмагүл ӘДІЛОВА «БІР КІТАП ЖӨНІНДЕ (ГИПЕРТЕКСТ ЖӘНЕ КВАЗИГИПЕРТЕКСТ)»

 

А.С. Адилова

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

 

Адамзат дамуының қазіргі кезеңінде, яғни жаһандану үдерісі мен жаңа технологиялардың өрістеуі нәтижесінде әр халықтың күнделікті тұрмысы мен рухани, мәдени, танымдық кеңістігінде үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі. Бұл өзгерістер халықтар арасындағы байланыстарды кеңейтіп, мемлекеттер арасындағы шекараны ашып, ұлттық (этникалық) сәйкестікті шартты ұғымға айналдыра алатыны да аян.  Алайда кез келген ұлт, халық өз болмысын, ерекшелігін, мәдениетін сақтауды, оларды тарих толқынында жоғалтпауды көздейді және сол жолда өз дамуындағы әр мүмкіндікті барынша пайдаланады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ қоғамы дамуының әр кезеңінде белгілі бір мәдени құбылыс айрықша қызмет атқарған. Мәселен, жыраулар поэзиясы, шешендік өнердің билер институтымен қабыса, қатар өркендеуі, алғашқы кітаптардың таралуы.

Мәдени үшінші ақпараттық төңкеріс деп көрсетілген баспа ісі қазақ даласына кешірек келгені аян, яғни кітап, газет-журналдар шығару ісінде ұзақ уақыт бойы Ресей баспагерлеріне тәуелді болдық, сонымен қатар сол шыққан басылымдарды сақтап, жинақтау мәселесіне де аса ыждаһаттылық танытпағанымыз да белгілі. Алайда аз көлемде шығып, бүкіл қазақ даласына тараған алғашқы газеттер, кітаптар еліміздегі қоғамдық ой-сананың жетілуіне, қалыптасуына, өзгеруіне ықпалын тигізді. Бұл орайда ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басында ұлт қамын ойлаған, әр жерде діни, зайырлы білім алған, алып жатқан жастардың іс-әрекеті түрліше болды. Олардың бірі ұлтты патша үкіметімен тікелей күреске шақырса, екіншілері халықтың сауатын ашу, мәдениетке үндеу арқылы алашқа қызмет етсе, үшіншілері өздері білім ала жүріп, этникалық ерекшелікті танытуды мақсат етті. Осы топтарда есімдері аталып, қазақ қоғамы мен тарихы,  ой-пікірі мен руханияты үшін еңбек еткендердің қатарында Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған жастар да болды, мәселен, ақын-жазушылар М. Жұмабаев, Б. Майлин, Т. Жомартбаев, драматург Б. Серкебаев, ағартушы-педагогтер Құлмұхамед Оразбаев, Армия Ешмұхамедов, Ибрагим Тасболатов, Шахмұрад Назаров, Ғабдолла Хамзин т.б. Осында оқыған қазақ шәкірттері 1915-1918 жылдары  қолжазба «Садақ» журналын шығарып тұрған. Б. Майлин осы журналдың редакторы болып, «Шұғаның белгісі» әңгімесін осында жариялайды [1:454].

Бұл журнал туралы алғаш 1958 жылы мақала жазған Т. Кәкішев осы бағыттағы ізденістерін 1986 жылы кітап етіп шығарды [2].

Зерттеушінің   кітабы кеңес дәуіріндегі қазақ қоғамы үшін үлкен жаңалық болды, себебі бұл кітаптың құрылымы, мазмұны ерекше еді. Әлеуметтік, ұлттық-мәдени, психологиялық  факторлардың ықпалымен қалыптасқан  тілдік тұлға ретінде ғалым өз бетінше алған білімімен өзін-өзі жетілдіру, игерген білімі мен тәжірибесін ұлт мұратына жұмсау, қоғамдағы қасаң ойларды өзгерту мақсатында кітабының танымдық құндылығы жоғары болғанын көздеді.

«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясында ғылыми-көпшілік деп анықталған кітапта автор өз баяндауына сол кездегі Кеңес Одағының ірі-ірі мұрағаттарынан тапқан, қазақ ұлты, мәдениеті, тарихы, әдебиетіне қатысты деректерді енгізіп, олардың кейбіріне өзі түсініктеме беріп,  кейбірін басқа адамдардың пікірімен ұштастырып, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы, ұлт санасындағы толқыныстарды көрсеткен. Оның арасында материалдың денін «Садақ» журналында жарық көрген мәтіндер құрайды.

Кез келген мәтін белгілі бір автордың сөйлеу әрекетінің нәтижесі, сондықтан оның негізгі белгілері ретінде мағыналық байланыстылықты (связность), ақпараттылықты, біртұтастықты (цельность), бірігушілікті (единство), аяқталғандықты атайтын болсақ,  ғалымның мәтінінде бұл ерекшеліктер үнемі бұзылып отырады, сондықтан біз бұл біртұтас зерттеу еңбегін квазигипертекст деп атағанды жөн көреміз.

Мәтін лингвистикасы ерекше қарқынмен зерттеле бастаған ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап зерттеу еңбектерінде ең жиі қолданылатын сөздің бірі «текст» және оның дериваттары болды.

И.Р. Гальпериннің  мәтін лингвистикасы  жеке ғылым саласы ретінде енді-енді қалыптаса бастаған кезде ұсынылған және түрлі сын-ескертпе, түзетулерге қарамастан әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан  «тиянақталған, атаудан және лексикалық, грамматикалық, логикалық, ассоциативтік байланыстардың түрлі типтерімен біріктірілген ерекше бірліктерден (күрделі синтаксистік тұтастықтан) тұратын, белгілі бір мақсатқа бағытталған және прагматикалық әсерді көздейтін сөйлеу үдерісінің жазбаша құжат түрінде ресімделген туындысы» [3:17] деген анықтамасы мәтіннің негізгі ерекшеліктерін қысқа қайырып көрсеткен.

Ғылыми айналымда мәтін сөзіне қатысты мынадай дериваттарды кездестіруге болады: микротекст, макротекст, контекст, перитекст, эпитекст, фенотекст, генотекст, метатекст, авантекст, гипертекст, гипотекст, транстекстуалдылық, эпитекст, субтекст, инфратекст, мезотекст, кибертекст, подтекст, интертекст, претекст. Аталған терминдердің барлығы да мәтіннің, көркем мәтіннің өз ішіндегі, басқа көркем мәтіндермен, өзге функционалды стиль мәтіндерімен, иконикалық мәтіндермен және түрлі экстралингвистикалық факторлармен байланыстарын көрсетеді. Бұлардың бірі тек бірізді түсінілетін болса, енді бірі әрқилы ұғынылды. Соңғыларының бірі – гипертекст.

«Гипертекст» терминін алғаш рет ғылыми айналымға 1965 жылы енгізген Т. Нельсон деректер базасын автоматты өңдеу теориясында «бір-бірімен сілтеме арқылы байланысқан мәтін, аудио және бейнеақпараттан тұратын жеке құжаттар жиынтығын» гипертекст деп атады [4:174]. Оның ойынша, бір-бірімен мағыналық бірлігі, тұтастығы жоқ құжаттардың белгілі бір құрылымға бірінен кейін бірі, яғни логикалық бірізді кірігуі емес, керісінше сол құжаттардың қандай да бір сілтеме арқылы кірігуі гипертекст бола алады. Мәселен, түрлі энциклопедияларды алайық. Оларда бір ғылым саласына немесе қоғамдық өмірдің әрқилы аясына қатысты деректер беріледі, олардың арасында семантикалық бірлік, тұтастық, байланыс жоқ, ол мәтіндерді әдіснамасы, ұстанған позициясы түрліше ғалымдар жазғаны да ақиқат, алайда бұлар ақпарат алуға кедергі бола алмайды.

Әр ғалымның ұстанған әдіснамасына сәйкес гипертекст те олардың анықтамаларында әр алуан мазмұнды қамтиды. Мысалы, М. Риффатердің ұғымында «гипертекстуалдылық мәтінде туындамайды, ол метатілдік құбылыс әрі ол өзін құрайтын деректердің еркіндігімен және мәтін контексінің шексіздігімен сипатталады» [5:46]. Ал Ж. Женетт үшін, «толығымен немесе жартылай алдындағы мәтінге бағытталады және онсыз түсінікті болмайды» [6:3], демек, пародия, стилизация, пастиш (пастиччо), перифраз. Француз структуралисінің бұл анықтамасы негізінде кейбір орыс зерттеушілері де гипертекст мәтінаралық байланыстардың бір түрі деп қарастырса [7], енді бірі гипертекст мәтінаралық байланыстар негізінде туындайды деп санайды [8].

Шынында да, интертекстуалдылық пен гипертекстуалдылықтың ұштасатын тұстары бар, бірақ бұлар екі түрлі құбылыс. Интертекстер белгілі бір мәтіннің ішіне бұрыннан қалың көпшілікке жақсы таныс сакралды, әдеби, тарихи шығармалардан, бұқараға түрлі деңгейде белгілі түрлі феномендер маркері ретінде сөз, сөз тіркесі, сөйлем, жеке фрагмент түрінде цитаталық (дәйексөздік) қағидатпен кіргізіліп, сол мәтіннің семантикасын байытып, толықтырып, жаңа мән тудырады. Ал гипертекст түрлі семиотикалық жүйедегі мәтіндерді тек сілтеме арқылы ғана байланыстырып, бірінен біріне көшуге, өтуге мүмкіндік береді, бұл негізгі мәтіннің құрылымын да, семантикасын да өзгертпейді. Мұндай компьютерлік сілтемемен көшіп, оқуға болатын, өз ішінде түрлі бейне, сурет түріндегі иллюстрациясы, тағы да гиперсілтемесі бар мәтіндер көбіне лингвомәдени кеңістік мүшелеріне кеңінен таныс болмайды.

Қазір бұл терминмен бүкіләлемдік интернет жүйесіндегі мәтіндер кеңістігін, яғни жиынтығын атау қалыптасқан әрі көбіне гипертекст шексіздік ұғымымен байланыстырылады, себебі бір мәтінде жаңа ақпарат пайда болуымен гиперсілтеме арқылы екінші, екіншіден тағы бірнеше мәтінге көшіп, одан әрі тағы да сілтемемен байланыстырылып отыратын мәтіндер саны ұлғая береді.  Қазақ тілінде бұл термин компьютерлік технология, соған байланысты қолданбалы лингвистика саласындағы ғылыми әдебиеттерде кездеседі.

Гипертекстің өзіне тән белгілерін қысқа түрде көрсету үшін мына анықтамалар жеткілікті: «гипертекст – это модель организации электронного текста, характеризующаяся специфической структурированностью и разветвленной системой программно поддерживаемых внутритекстовых и межтекстовых переходов, предполагающая возможность читательского интерактивного воздействия на последовательность воспроизведения композиционных единиц» [9:50].

Қазақстандық зерттеуші А.Х.Азаматованың айтуынша: «Гипертекст как особая лингвистическая вариация текста представляет собой знаковую конструкцию (текст в широком смысле) с мультимедийным представлением информации (объединение текста, графики, видео, звука). Т.е. гипертекст  –  это поликодовый текст с креолизованной фактурой, полностью реализующий свои функциональные возможности в электронном виде при помощи механизмов гиперссылок» [10]. Байқалып отырғандай, бұл анықтамаларда гипертекстің компьютер экранында, түрлі иллюстрациясы, сілтемесі қоса жүретін вербалды мәтін екені көрсетілген.

Алыс және таяу шетел ғалымдары соңғы кездері гипертексті бірнеше бағытта қарастырады: 1. Гипертекст – жаңа білім беру, ойлау жолы, ол адам  ойлауының бірізді еместігінен туындайды; 2. Гипертекст – коммуникация тәсілі  және әлеуметтік желілік кеңістікті ұйымдастыру жолы; 3. Гипертекст – лингвистикалық талдау нысаны, жаңа  лингвистикалық санат; 4. Гипертекст – көркем мәтінді ұйымдастыру тәсілі; 5. Гипертекст – сөздіктер жасаудың жетілдірілген жолы және мәлімет іздеудің оңтайлы тәсілі; 6. Гипертекст – оқыту мен білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру жолы [11].

Негізінен, зерттеушілер гипертексті интернет дискурсымен байланыстырады, алайда онда мәтінге тән негізгі белгілер сақталатыны да ақиқат, сол себептен де орыс ғалымдары «көркем гипертекст», «квазигипертекст» және «электронды гипертекст» ұғымдарының ара-жігін ажыратуды ұсынады [12], себебі, жоғарыда көрсетілгендей, адам ойлауының жолы, тәсілі түрінде жекелеген мәселе, құбылыс туралы ақпар беретін кейбір мәтіндер гипертекст ретінде қарастырыла алады. Осыған байланысты мына пікірді келтіре кеткен де артық емес: «Книжные гипертексты, которые обладают определенными ссылками на другие произведения, либо выступают в виде комментариев; имеют несколько вариантов развития сюжета; вовлекают читателя в процесс построения читаемого текста и делают, таким образом, процесс чтения «интерактивным» (кавычки – С.А.Стройков) [12].

Сонымен, жекелеген кітаптағы мәтіндер авторлық баяндау арқылы басқа мәтін бөліктерінен құралса да, ол мәтіндердің семантикалық тұтастығы  болмайды, әр мәтін жеке бір тақырыпта түзіледі, жанрлық-стилистикалық тұрғыдан бірізді сипаттала алмайды, оларды бір-бірімен  байланыстыру үшін дәстүрлі тілдік-стилистикалық құралдар (мағыналық ұйытқы сөздер, жалғаулық, шылау, есімдіктер, лексикалық, синонимдік қайталамалар)  қолданылмайды.

Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, О.В. Дедованың пікірін қуаттай келе, С.А.Стройков былай дейді: «…для обозначения определенной специфики традиционных произведений, в силу тех или иных причин напоминающих нам электронный текст, мы будем использовать термин квазигипертекстуальность»  (астын сызған — біз) [12], яғни осы тұжырымға сүйене отырып, «Садақ» кітабы квазигипертекст екенін айтуға тиіспіз. Аталған құбылыс шетел зерттеушілеріне «протогипертекст»  терминімен де таныс  [13]. Латын тілінен көптеген тілдерге ауысқан «квази» префиксі шетел тілі сөздіктерінде ұқсас, сол сияқты, жалған деген мағыналарды береді, ал ғылыми ортада алғашқы екі мағынаны беретін префикс ретінде қолданылады,  сол себепті квазигипертекст деп электронды гипертекске ұқсас дәстүрлі мәтіндерді атайды.

Бұл терминдер, тұжырымдар мен анықтамалар, зерттеу бағыттары ХХІ ғасырдың басында нақтыланып, жаңа технологиялармен тығыз байланыста қарастырылғанын ескерсек, Т. Кәкішев өз ізденістерінде мәтіннің бұл түрін олардан бұрын түзгенін байқаймыз.

26 бөлімнен тұратын мәтінде «Садақ» қолжазба журналының материалдары, журналды шығарушылардың сөздері диалог кешенінде авторлық ремаркамен цитата түрінде де,  ешқандай байланыс маркерінсіз авторлық баяндаудан кейін ретімен де берілгені көрінеді. Мәселен, кітаптың «Соқыр соқпақ» бөлімінде: « — Тыңда, тыңда, — деп оқи жөнелді. – «Ұлу 1916. 4 ноябрь, жұма, 20-сан». Мына жерге «Садақ» деп жазыпты, оны әбден анықтайтын жебелі садағың мынау. Өздері не қылғанмен жарайды, молодцы, ағаштың бұтағындағы мына құс тұрымтай ма, әлде қырғи ма, ұшуға дайындалып тұр ма өзі?». Осы үзіндіде журналдың мұқабасындағы сурет сипатталып тұр, бұл мәтінаралық байланыстарда аталатын синкретті интертекстуалдылық болып саналады. Ал интернет дискурсында бұл мәтін құрылымында осы суретке  сілтеме берілетін еді.

Журналдың авторлық баяндаудан кейін берілген мәтіні: «…Мазмұнына көз салғанда «Жинағы деген сөз көлеңдеп шыға келді.

«Садақ» оқушыларына ………………………Басқарма

Сәлемдесу………………………………………….Жекей

Өтініш………………………………………………. Керей

Ескі сөз……………………………………………….Жекей

Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі………..Керей

Ескерткіштен бір бөлек……………………….Жекей

Құтты болсын……………………………..Құдайберді

Қысасы қияметке кетпес……………………..Жекей

Ашық хат………………………………………………Есіл

Халық өлеңдері: Жалған досқа, Намаз батасы…Жекей

Қуанышты күн…………………………………….Бөрте

Хабарлар, телеграмдар, басқалар»». Бұл жерде «Жинағы» деген сөз сілтеменің қызметін атқарып тұр, алайда үзінді мәтінге жаңа мән үстейтін фрагмент емес, тек жаңа ақпарат қосып тұр.

Осы бөлімде Т. Кәкішев өз баяндауы арқылы қолжазба журналға баға бере отырып, бірнеше мәтінді келтіреді, мәселен, «Садақ» оқушыларына жазылған сөз, «Сәлемдесу», жарнама мәтінін, журнал авторларын көбейтуді мақсат еткен новелланы (жанрын Т. Кәкішев солай көрсеткен) келтіреді [2:11]. Журнал шығарушының түсі ретінде берілген соңғы мәтінді интертекст деп қарастыруға болады, яғни мәтінаралық байланыстар теориясында түс мәтінді декодтаудың бір жолы деп түсініледі.

Жазушының баяндау барысында берген журнал мәтіні де кейде басқа деректі еске түсіру үшін сілтеме қызметін атқарғаны байқалады, мысалы,  кітаптың «Кәусар бұлақ» бөлімінде қолжазбадағы «Ескі сөз» айдарымен ұсынылған мәтін еш маркерсіз беріліп, кейіннен цитата ретінде ресімделіп, соңында: ««Көк Нұра, 25 июнь», — деп жазып алған жері мен күнін көрсетіпті» деген авторлық ремаркамен қорытындыланады. Осы күн, яғни «Садақ» материалы авторға қазақ тарихындағы қаралы күнді еске түсіруге ықпал етеді. Бұның өзі аталған мәтіндер екі түрлі қызмет атқарып тұрғанын көрсетеді: Т. Кәкішевтің мәтіні мен «Садақтан» алынған мәтін бір құрылымда қатар тұрып, гипертекст болса, жазба журнал мәтіні интертекст бола алады, себебі онда прецедентті құбылыстың (феноменнің) маркері бар.

Осы бөлімде қолжазба журналдың бірнеше мәтіні Т. Кәкішевтің түсіндірмесі арқылы берілсе, «Зейнел аға» бөлімінде З. Имажановтың естелігі, «Жүргенге жөргем ілігеді» тарауында С. Мұқановтың «Бостандық туы» газетінің 1926 жылғы 15 февральдағы санындағы «Елестету» естелігі, 1923 жылғы «Еңбекші қазақ» газетіндегі естелігі, «Уфада» бөлімінде «Ғалия медресесі» туралы ақпараттық-анықтамалық  мәтін, «Қазыналы Қазанда» түрлі газеттерде шыққан өлеңдер, іс қағаздарынан үзінділер, «Садақ жебесінің атылуы» бөлімінде азанама, «Алаш» газетінің орыс-қазақ тілінде қатар басылған бас мақалалары, «Садақ сөйлей бастады» бөлімінде «Қазақ» газетінен және татар тілінде шығатын «Вақт» газетінің материалдары, «Буырқанған 1917 жыл» бөлімінде «Садақ» журналында жарияланған бірнеше мақала, Жиенғали Тілепбергеновтің «Жазғы көш» әңгімесі, Б. Майлиннің екі өлеңі, ертегі, С. Құдаштың хаты, «Ғалия» шәкірті» бөлімінде қарағандылық Армия Ешкеевтің Тоқа псевдонимімен көрсетілген екі мақаласы, «Мәнді кештер, көңілді әуендер» бөлімінде әдебиет кеші туралы хабар мәтіні т.б толық келтірілген. Осы аталғандардан-ақ баяндау барысында келтірілген мәтіндердің бәрі түрлі функционалдық стильге жататыны, сол себепті олардың лексика-фразеологиялық қабаты әрқилы екендігі, олар бір-бірімен мағыналық тұтастық құрамайтыны байқалады, яғни бұлар автордың ойын дәлелдеу, дәйектеу, нақтылау үшін, бірінен біріне көшіп, келтіріліп отырған. Міне, осы құрылымдық ерекшелігіне қарай Т. Кәкішевтің бұл кітабын, нақтылап айтсақ, гипертекст және, электрондық нұсқадағыдай гиперсілтемесі жоқ болғандықтан, квазигипертекст деуге болады.

Жаңа технология пайда болмай тұрып, өз кезеңінің техникалық мүмкіндіктері шегінде әлі де социализм құрсауында жатқан, қазақ қоғамының дамуы мен тарихы турасында евро-, русоцентристік көзқарасты ұстанатын елін ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының ұлт мұраты, мүддесі үшін атқарған қызметімен таныстырудың өзі игілікті үлкен іс болғанын баса айтқымыз келеді.

Дүниежүзі ғалымдарының қаупі мен қорқынышын тудырып отырған өндірістік революциялар кезінде кітаптың қағаз нұсқасы болмауы да мүмкін, алайда ұлт тарихы, ұлт руханияты үшін әр кезеңде жарияланған кітаптар маңызды  боп қала беретіні сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиет:

 

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы:Қазақстан даму институты, 1999. – 752 б.
  2. Кәкішев Т. Садақ: Эссе. – Алматы: Жалын, 1986. – 264 б.
  3. Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М.: Наука, 1981. – 137 с.
  4. Нельсон М. Гипертекст // Толковый словарь современного русского языка. – М.: 1999. – 670 с.
  5. Риффатер М. Интертексуальность и гипертекстуальность // New Literary History 25. – 1982.
  6. Зенкин С. Преодоленное головоокружение // Женетт Ж. Фигуры. – М.: Изд. им. Сабашниковых, 1998. – С. 22.
  7. Фатеева Н.А. Типология интертекстуальных элементов и связей в художественной речи // Известия РАН. Серия литературы и языка. – 1998. — №5. – С. 25 -38.
  8. Шульгинов В. А. Гипертекстовая структура сетевого дневника-сообщества как особого гипержанра компьютерно-опосредованной коммуникации (на материале сетевого дневника-сообщества «владивосток»): дисс. …канд. филол. наук. – М.: 2014. – 210 с.
  9. Дедова О. В. Теория гипертекста и гипертекстовые практики в Рунете / О. В. Дедова. — М.: МАКС Пресс, 2008.- 284 с.
  10. Азаматова А.Х. Гипертекст как единая смысловая структура -http://pps.kaznu.kz/2/Main/FileShow2/19854/86/3/9/0//
  11. Лутовинова Ольга Васильевна Гипертекст: понятие, основные характеристики, возможные подходы к лингвистическому анализу // Известия ВГПУ. 2009. №5. URL: http://cyberleninka.ru/article/n/gipertekst-ponyatie-osnovnye-harakteristiki-vozmozhnye-podhody-k-lingvisticheskomu-analizu (дата обращения: 09.04.2021).
  12. Стройков С. А. Изучение гипертекста и гипертекстуальности в контексте современной лингвистики // Вестник ВУиТ. 2009. №2. URL: http://cyberleninka.ru/article/n/izuchenie-giperteksta-i-gipertekstualnosti-v-kontekste-sovremennoy-lingvistiki (дата обращения: 13.09.2017).