Елдос ТҮЙТЕ «Қасым шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың берілу жолдары

Қасым шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың берілу жолдары

 

Е.Е. Түйте

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

филология факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент

 

Кез келген қаламгер шығармасынан өзі туған, өсіп-өнген ортасының ерекшеліктерін, заманының келбетін, тыныс-тіршілігін аңғару қиынға соқпайды. Өйткені адам лексикалық тіл байлығын өзі өмір сүрген ортаның әсерінен қалыптастырады және оны әркез қоғам қажеттілігін өтеу мақсатында дамытып отырады. Қазақ әдеби тілінің дамуына, қазақ поэзиясының жаңа бір сатыға көтерілуіне себепкер болған тұлғаның бірі – Қасым Аманжолов. Қазақ поэзиясында Қасым өлеңдерінің алатын орны ерекше. Поэзия патшасы Абайдан нәр алып, өзіндік қолтаңбасы бар талғамы терең ақын өлеңдерінің мазмұны әр алуан, табиғаты тереңде. Ақынның қай тақырыптағы қандай өлеңін алып қарасаңыз да қазақы дүниетанымға сай ерекшеліктерді, ұлттық құндылықтарды аңғара аласыз. Бұл – ақынның туған елі мен жеріне деген шексіз махаббатының белгісі.

Әй, тәкәппар дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба, сен мені?

Мен қазақтың баласы! – дейтін өлең жолдарындағы ақынның «мен қазақ деген халықтың баласымын» деген ойынан дүние ғана емес, өзі де ақынға тән тәкәппарлық мінез танытып, әлемге жар салып тұрғанын байқау қиынға соқпайды. Оған «Тәкәппарлық, ерлікті Асқар таудан үйренгем» немесе «Аты шулы шығып тұр, Қасым деген бір ақын!» деген өлең жолдары да дәлел бола алады. Қазақ әр уақытта қайсар мінезді, рухы биік, тәкәппар, батыр халық болды. Осы қасиеттің бәрін бір бойына сидыра білген ақынның рухы – бұл, заманның қылышынан қан тамып тұрған кезіндегі ақынның ерлігі – бұл.

Қ.Аманжолов өлеңдерінде халқымыздың болмысын, дәстүрін, тұрмыстық тыныс-тіршілігін танытатын заттық, дыбыстық, көру, дәмдік, тактильді бейнеде көрініс беретін қазақы ұғымдарды бейнелейтін сөздер жеткілікті. Мысалы заттық бейнеде келген домбыра, қобыз, сырнай, орамал, бөрік, тымақ, тон, камзол, мола, ауыл, қымыз, іркіт, айран, ірімшік, құрт, сыбаға, шаңырақ, түндік, сырғауыл, шымылдық, шолпы, бойтұмар, жайнамаз, күбі, әбдіре, ошақ, бесік, қамшы, қанжыға т.с.с. тілдік бірліктер көптеп кездеседі. Мысалы: «Күй кеулеп, үй түндігі желпілдейді, Қосылып домбыраға сырлы қобыз, «Айнымасқа серттескем, Айғағым бұл орамал» немесе «Қалтаңда ақ орамал, Бір шетінде атым бар…», «Молаға екі жігіт келіп жетті, Біреуі ақын еді от жүректі», «Сыбағам қайда, сыбағам? Жоқ па, сірә, ешқашан?!» немесе «Неге сонша ентелейсің елеуреп, Сыбағаңды қоятындай біреу жеп?!», «Өмірден үміт жоқ өзге, Даланың тердім тезегін», «Түндіктері желпілдеп, Күтіп тұрды жарлы ауыл. Шыр айналды шаңырақ, Сықырлады сырғауыл», «Құлдықтың құрсауы емес – баста бөркім, Табиғат бөбегімін өскен еркін» т.б. Жоғарыдағы домбыра – халқымыздың қасиетті музыкалық аспабы. Домбырамен орындалатын қазақ әндерінің өзінде ерекшелік бар. «Ал ойнайын домбыра, Қосыла ғой «Ай, гөкке». Мұндағы «ай, гөк» ән деген мағынада беріліп тұр. Ай-гөк, игау-гай, игай-көккім-ай агаугай, алқарай-гөк, игигай-гиккай дегендер қазақ халық әндерінде көптеп кездеседі, бұл әнге әр беретін қаратпалар (сөз, дыбыс) болып табылады, халқымыздың бір ерекшелігі осында жатыр. Орамал – серттің, тазалық пен пәктіктің белгісі, сыбаға – дәстүрімізде сыйлы адамдарға берілетін кәде, шаңырақ – киіз үйдің бір бөлшегі, татулық пен береке-бірліктің символы т.с.с.

Дыбыстық бейнеде келген ән, күй, дыбыстап шақыру: «Ән мен күйді сапырған, Сал домбыра – сал ожау», «Құраулап жылқы шақырған, Қоңырау үнді келіншек», көру бейнесінде: «Ортада сапырылған сары қымыз, Былқылдап пісіп жатыр бағланыңыз», тактильді бейнеде: «Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп, Тіріліп іздегендей мені әкем», «Ұйықтап бір кетуші еді екі жетім, Желпуші ед қанатымен Арқа желі…», «Ай нұры шағылысып ақ жүзіне, Бетінен сүйіп өтті самалды леп» т.с.с.

Ақын шығармаларында қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қатысты лексика да көрініс беріп отырады: ақ отау құру, келін түсіру, жасау беру, қалың мал, табақ тарту, беташар, шаш сипатар, қол ұстатар, ат жарыс, көкбар тарту, бесік жыры т.б. Мысалы: «Сыбанып білектерін бір топ әйел, Тігіп жүр келін түсер ақ отауды. Шәйіден шымылдығы, белден төсек, Қойыпты сірестіріп бар жасауды», «Әнші жүр әбден жаттап «бет ашарды», Боз бала, жас келіншек, қыз – «аужарды». Кім алар «шаш сипатар», «қол ұстатар», Бәрі де күні бұрын ойлаған-ды», «Жарлылар жабыларын жарыстырып, Жамбы алып жігіттері көкбар тартты». Мұндағы беташар – жаңа түскен келінге айтылатын өлең түрі, шашсипатар, қолұстатар – екі жасты табыстырудың алқашқы амалы, көбіне бұл істі жеңгелері атқарып, сый-кәде алады, аужар – жөн-жоралғылар жасалып, қыз аттанар кезде айтылатын өлең түрі.

Қазақ жері өзінің бай тарихымен, тау тұлғалы тұлғаларымен, қайталанбас сұлу табиғатымен ерекшеленеді, көз қызығар байлығымен адамды тәнті етеді. Осыған орай ақын өлеңдерінде өзі мақтан тұтар тарихи тұлғалар  есімдері, географиямызға тән жер-су, жан-жануарлар, құс атаулары молынан ұшырасады. Шығармада мұндай лексика не тура, не ауыспалы мағынада келеді.

  1. Тарихи тұлғалар есімі: Бұқар жырау, Сүйінбай, Махамбет, Біржан сал, Ақан сері, Абай, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Құрманғазы, Сұлтанмахмұт, Жамбыл, Абдолла, Мұхтар, Сәбит, Ғабит т.б. Мысалы: «Келеді ер Махамбет – жыр нөсері», «Қиырдан Құрманғазы күй тыңдатып, Тәттімбет түстік жерден сылқылдатып», «Әндетіп оқып отыр ақын Абай» т.б.

Жер-су атауларына қатысты: Баянауыл, Бурабай, Оқжетпес, Сарыарқа, Талғар, Алатау, Қарағанды, Атырау, Орал, Жайық, Есіл, Сыр, Қарқаралы, Ертіс, Арал, Тарбағатай т.б. Мәселен, Көкшетауды сұлу Көкше, көк қасқа Көкшетау, жер мен көктің жәннаты деген эпитет, теңеулермен суреттейді. «Берсе де Гейне Рейнін, Гомер – Парнас, Көкшемді мен айырбас етем бе екем!» — деп туған жерге деген сүйіспеншілігі мен оны қорғау жолында аянып қалмайтындығын паш етеді. Сол сияқты сары Емел, айбарлы Алатау,  қария Алатау, сұлу Көкше, алтын Алтай, ұлы Балқаш, нұрлы Балқаш, ойлы Балқаш, ерке Сыр т.б. сияқты қолданыстар бар.

  1. Жан-жануарлар атаулары: жылқы, түйе, киік, құралай, бұғы, марал, құлан, арқар, қоян, қасқыр, түлкі, аю т.б. Бұл аталғанның бәрі Қазақстан территориясын мекендегендіктен ақын өлеңдерінде көрініс беріп отырады. Кейде тура мағынасында, кейде ақын айтар ойын осы тілдік бірліктер арқылы астарлап жеткізеді. Мысалы: «Көктемде көрсеңіздер Көкшетауды, Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар»  т.б. Немесе ауыспалы мағынада жауды қасқырға теңеу кездеседі: «Апат боп өліктерді басып-таптап, Қасқыр боп, өрт боп дұшпан келді қаптап» т.б.
  2. Құс атаулары: бүркіт, бұлбұл, байғыз, қаршыға, сұңқар, лашын, қарлығаш, торғай, қарға, аққу, үкі, үйрек, қаз. Мысалы: «Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл, Түн болса, тұғыр етіп байғыз қонған» немесе ауыспалы мағынада «Көре алмай содан менің қаршығамды, «Қан болып жатыр ма, — деп, — құшып шыңды», адамды қарт бүркітке теңейді: «Альпы тауын бетке ұстап саңқ-саңқ етіп, Шықты ұшып қарт бүркіт ер Суворов», аспанда ұшқан ұшақты сұңқарға теңейді: «Шығандап шықты көкке болат сұңқар, Ұмтылған қаршығадай қаз ілгелі» т.б.
  3. Өсімдік, ағаш атаулары: емен, терек, қайың, қарағай, жауқазын. Мысалы: «Долы қыстың дауылы, Құлата алмас еменін», «Терезе алды – жас терек, Тұр екен кімдер сүйеніп?», «Би билеттім бұралтып, Ақ балтырлы қайыңға», «Жалбырап жұртқа шыққан жауқазын ек, Көзіне ерте ұрынған долы күздің» т.б.
  4. Балық атаулары: жайын, шортан, аққайран т.б. «Біресе жайындай боп жон көрсетіп, Біресе бүктетіліп айдаһардай», «Шолп-шолп еткен шортанын, Шоқтығынан ұстадым», «Ақ қайраңы айға атылған, Көл еркесі, Аралым!».

Бұдан басқа, қазақтың табиғатын, атап айтқанда, дархандығын, сұлулығын, ерекшелігін танытатын мынандай сөз қолданыстары да жиі ұшырасады: қазақтың кең даласы, қазақтың әні мен өлеңі, Сарыарқаның желі, жер жәннаты – сұлу Көкше, жер мен көктің жәннаты (туған жерге қатысты), туып өскен тау-далам, кең далам – дастарханым – атамекен, ұлан-байтақ туған елім, байтақ жатқан сары дала, біздер өскен кең мекен, кең далалы, кең пейілді қазақпыз  т.б.  

Ақын туған жеріне, еліне деген ерекше сезімін үнемі сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен, арқа ару, нұрлы күн т.б. эпитеттермен әсерлі жеткізеді. Мысалы, «Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен, Лебімен алар тартып, шықсаң қырға», «Арқа ару, ашып нұрлы күн бетіңді, Ойнатып, еркелетіп мен жетімді» т.б.

Сол сияқты елді, жерді сипаттайтын алтын нұр, алтын ту, алтын тұғыр, алтын жаз, алтын жұлдыз, сом алтын, алтын айна, алтын от, алтын өмір, алтын қалам, алтын таң, алтын дария, алтын арай, алтын тау, алтын кірпік, алтын жайлау, алтын ай, алтын Алтай, алтын жыр, алтын арна, алтын бесік, алтын діңгек, алтын жал, алтын күн сынды сөз қолданыстары да бар. Мысалы: «Алтын жайлау, ата жұртым, Әкеткендей жерсің ыстық», «Ай астында алтын тау, Әлде нұрлы күмбез бе?», «Аспандағы алтын ай, Адастырмай алып бар», «Көрген жоқ мұндай ерді жаралғалы, Тау болып Тарбағатай, алтын Алтай…», «Алтын жыр ақтарылып ауызынан, Желпілдеп жер түндігі дауысынан», «Уа, дариға, алтын бесік – туған жер, Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!» т.б.

Қ.Аманжолов туған елі мен жерін ерекше махаббатпен сүйді. «Мың есе білдірдің ғой қадіріңді, Атыңнан айналайын ата қазақ!» немесе «Сарыарқа, самалды тау, сырнайлы өзен, Сағындың сен де мені, айтпай сезем. Айбарлы ақсақалым – Алатауым, Күт мені сабырлы оймен, түңілме сен». Сондықтан Отан алдындағы борышын зұлмат соғыста өтеді. Туған жері ақынға рух берді, үміт отын сыйлады:

Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,

Орнашы зердеме кеп, ұлы Алатау,

Құйылшы жүрегіме, Есіл мен Сыр,

Өтейін қаптатып сел, қиратып жау.

Сол сияқты:

«Қазақ деген атымды,

Өшіре алмас ешбір жау!

Төбесінен, тиіссе,

Төңкерілер Алатау» — деген жолдардан ақын бойындағы намысты, өршілдікті көреміз. Өзінің рухты өлеңіне туған жерін қосып, құдіретін жырлаудан еш жалыққан емес. «Бөтен елдің падишасы болғанша, Өз елімнің терсем артық тезегін!» деп ерекше тебіренеді. Өзге елде сұлтан болуды емес, бар жан-тәнімен ұлтаны болуын қалады. Біз қазақтан Қасымды, Қасымнан қазақты еш уақытта бөле алмаймыз.

Кез келген ақынды даралап, пайымын парықтайтын – оның өзіне тән ерекше сөз қолданысы. Ақын-жазушыларымыздың міндеті обьективті ортада болып жатқан дүниені немесе қоғамның шындығын шығармасына арқау ету ғана емес, тіл байлығын да арттырып, бұрын-соңды болмаған соны тілдік қолданыстарды лексикаға қосу. Ақын өлеңдеріне тән ерекше қолданыстар бар, олар түрлі сөз жасаушы тілдік тәсілдер арқылы сәтті шыққан: өлгеннің сыбағасы, күле толқу, толқынның асау тайы, ұлпа бұлт, долы бұлт, өлеңнің ерке өзені, көңілімнің нұр сәулесі, тіршіліктің жәрмеңкесі, қарттықтың боз қырауы, өмірдің алтын кесесі, қиялымның қанаты, жанымның жанат нуы, жанымның терезесі, көңілдің кілті, бостандықтың бүркіті, дүниенің кірі, бақыттың бесігі, түн жүрегі, орман шашы, ескіліктің күлі, ақылдың алтын оты, намыстың нажағайы, жауыздықтың тәж бен тағы, сәулетті өмір саясы т.б. Мысалы: «Жамандап өлген жанды кәсіп еткен, Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен», «Бауырында Оқжетпестің тұрдым жалғыз, Көл жатты күле толқып, айтып аңыз», «Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы, Тоқып кеп тау мойнына оралады», «Ағыттым бойдан ел үшін, Өлеңнің ерке өзенін», «Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі, Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!», «Өмірдің алтын кесесін, Тосқанмын айдың нұрына», «Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,  Ақылдың алтын оты сөнген шақта» т.б.

Табиғаттағы болып жатқан тылсым дүниелерді, ерекше құбылыстарды ақын жанымен сезініп, барынша әсерлі суреттейді. Мәселен бір ғана толқынды алайық. Ақын қолданысында оны асау тайға, төбелескен айғырға, қасқырға теңеген ерекше қоладаныстар кездеседі: «Қайталық, тіл алыңыз, әне алда, Толқынның ойнақтап жүр асау тайы», «Даурығып әлденеге толқын шулап, Көкала айғырлардай жатыр тулап», «Ту асау толқындарға мініп алып, Ән шырқап Бурабайда салдық сайран», «Толқынды алсам керек ашулантып, Қасқырдай қамады кеп жан-жағымнан, Жіберді қайығымды қалтылдатып» т.б.

Халқымыздың ерекшелігін, танымын түр-түстер арқылы да сипаттап беруге болады. Түр-түске қатысты әр ұлттың таным-түсінігі әр басқа. Қасым өлеңдерінде ақ, көк, қызыл, күрең, қоңыр т.б. түр-түстердің тілдік қолданысы мен мән-мағынасынан мыналарды көруге болады:  ақ орамал, ақ қанат, ақ қағаз, көк дауыл, көк шалғын, көк сүңгі, көкала арлан, қара құйын, қара түн, қара бұлт, қара ту, қара дүлей, қара ағаш, қара топан, қара көз, қара жартас, қара барқыт, қып-қызыл дария майдан, жап-жасыл балғын шақ, күп-күрең таудың шыңы, сары аяз, сар дала, сары қымыз, қоңыр самал, қоңыр бел. Мұндағы ақ – тазалықты, пәктікті; көк – шөпті, асқақтықты;  қара – көбіне жамандықты, соғысты; қоңыр – сабырлықты, жайлылықты білдіреді. Мысалы: «Көк дауылдай кеуделі, Жігіт болдым, ер жеттім», «Алқара көк астымда, Белде болат қанжарым», «Қауіпті қара құйын желі соғып, Қашырып бара жатыр беттің қанын», «Қып-қызыл дария майданға, Басыммен сүңгіп келемін», «Жап-жасыл балғын шағымда, Шомылып өртке өскем мен», «Қоңыр самал төске алып, Үнді қуып жөнелдім».

Ақын шығармасында қалқатай, сәулем, сәулешім, жаным, нұрым, қозым, құлыным, еркешім, қарағым, қарғам, шырағым, айым, күнім, жұлдызым, бұлбұлым, балапаным, бауырым, қалқажаным, сүйінішім деген қазаққа тән еркелету, жанына жақын тарту, жақсы көру мәнді сөздер мен дариға сынды қаратпа сөз жиі кездеседі. Мұндай тілдік бірліктер ұлттық ерекшелігімізді, болмысымызды танытады. Мысалы: «Аққудайын айдынға қонар күні, Болар ма екен құмартқан қалқатайдың!», «Сүйген сәулем – серігі жас жанымның, Сеніменен мәңгілік жасар едім», «Алдында кезек сүйіп екі ұлын, Дейтіндей «жаным, нұрым, оу, құлыным», «Түсінемін бақытыңды, қарағым, Қолда барым – осы өлеңді әкелдім», «Сүйдіретін маңдайын, Қозым менің, құлыным, Әрі қызым, әрі ұлым», «Дариға, бізе де бір тиді кезек, Сені өртеп жатыр міне ызалы кек» немесе «Дариға, бар екен ғой ескерушім, Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп» т.б. Ақын қолданысындағы «дариға» қаратпа сөзі әртүрлі мағынада жұмсалады.

Ақын өлеңдерінен таза болмыс-бітімі мен туған жерге деген сағыныштан ауыл келбетін, тыныс-тіршілігін көруге болады. Ауыл бейнесін қорадағы қой, көгендегі қозы-лақ, белдеудегі бұзау, жылқы, қыстау, қора, күресін сияқты тілдік бірліктер арқылы көз алдыңа әкеледі. Мысалы:

«Дүркіреп қойлар үркіп, қойшы сасып,

Шулады көгендегі қозы-лағы.

Бұзаулар белдеулерді үзе қашып,

Мөңіреді азан-қазан сиырлары.

Дөңкиіп түйелер де тұрып жатты.

Шідерін үзе үрікті жабы-дағы».

Сол сияқты:

«Құраулап жылқы шақырған,

Қоңырау үнді келіншек;

Қуалап құлын қайырған

Қайда жүрсің, жеткіншек?!».

Немесе:

«…Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,

Ерттеулі аттар толы қора маңы.

Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,

Тойдырып күресіннің сырғанағы».

Ақын қаймағы бұзылмаған қазақтың бейнесін, келбетін былай деп суреттейді.

Кемпір көрем көк өзендей» күй төккен,

Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.

Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,

Күлкісі – күн, сайрап кетсе – сандуғаш,

Жігітіміз барабар жас түлекпен.

Бұл «Қазақстан» дейтін өлеңінен біздің ұлылығымыз бен даналығымызды, өзгеден биік даралығымызды, ойлағанда тереңдігімізді, ашылғанда кеңдігімізді, ән салғанда асқақтығымызды көреміз, марқаямыз, қазақ боп туғанға қуанамыз.  Немесе:

Ата қазақ ақ сақалды,

Атыңа мін, ал домбыра.

Жина жырмен ұрпағыңды,

Аш кеудеңді батырыңа – дегеннен салты мен дәстүріне берік, рухы биік көшпелі қазақ халқының ғасырлар бойы жасап келе жатқанын аса мақтанышпен жырлайды.

Қорыта келгенде, Қасым Аманжолов өлеңдерінен өршіл рухты, асқақ арманды, қайталанбас ерлікті, туған жерге деген сағынышты, елге деген ыстық ықылас пен сезімді, табиғатқа деген сұлулықты, өмірге деген құштарлықты, досқа деген адалдықты, балаға деген шексіз сүюді, қазаққа деген зор махаббатты көреміз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Аманжолов Қ. Дариға, сол қыз: Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Раритет, 2006. – 256 б.
  2. Аманжолов Қ. Нұрлы дүние: Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1991. – 392 б.
  3. Аманжолов Қ. Дариға, сол қыз. Өлең-жырлар. – Алматы: Атамұра, 2003. – 212 б.