Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ «Көлеңкемді сүйретіп, желкелеп жүр аспа шам…» өлеңдер топтамасы

Жанат Жаңқашұлы – Ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Сарыобалы аулында 1987 жылы туған. 2009 жылы ҚарМУ-дің журналистика бөлімін тамамдаған.  Қарағандыдан шығатын аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы.

Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. «Тәңір таңбасы» атты кітабы шыққан (2012 ж). Қазан қаласында өткен Ғабдолла Тоқай атындағы халықаралық фестивальдің дипломанты. Дәуітәлі Стамбеков атындағы сыйлықтың иегері. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған Респбуликалық «Ұлы дала» мүшәйрасының бас жүлдегері.

 

Ұлумен шайқас

 

Шұрық тесік легенді төңкергендей түн жапты,

Қаламыма қол создым, қалың ойға құндақты.

Шертпе күйдей шекемнің тамырыммен хат жазам,

Сен жүрекпен оқышы тек,

ҚЫМБАТТЫМ!

 

Қарсы алдымда том-том ой, қоздап қана қопсыған,

Көсеп қалсаң көңілден алаулаған от шығар.

Өзегімде мың жылдық сағыныш бар, соны айтам,

Содан кейін басқаны айтуда мән жоқ шығар…

 

Әр сөзден соң көп нүкте қойып жатыр зілдей мұң,

Сұрақ белгі жоқ мұнда, жауабын да білмеймін.

Қаншама хат жазылды, қаншама хат тағы да –

Етегіне от тиіп, пеш ішінде гүлдейді…

 

Көлеңкемді сүйретіп, желкелеп жүр аспа шам,

Ардай әппақ ақ қағаз, кешір мені ластасам.

Сегіз көзді өрмекші кейпіне еніп әлдекім,

Қоса оқитын секілді, қайта жаза бастасам.

 

Түн жапқанда әлемді, хат жазамын күнде мен,

Шыққан сопы секілді, жаным балқып шілдеден.

Ұлуменен шайқаста, ұлы ойлардан жеңілдім,

Өлген сарбаз кейпінде, менен қалған күллі өлең.

 

***

Қасіретті көлеңке

 

Атом бомбасы жарылғанда оның бойындағы радияция қуатының күштілігінен адам молекулалық тұрғыда ыдырап, күл-паршасы шығып, ғайып болып кетеді екен де, қабырғаға түскен көлеңкесі ғана қалып қояды екен. Адамзат бұған Хиросимада куә болған. Көлеңкелердің суреттері әлемнің түрлі мұражайларында тұр… Ал біздің Семей даласында қанша көлеңке қалқиып иесін күтіп жүр десеңізші…

 

Қасіретті көлеңке, қабырғаға сүйенген,

Аңырап сен қалдың ба, айрылғанда иеңнен?

Иең қайтып келердей әлі күтіп тұрсың ба,

Күл орнына таңырқап, көліктерге тиелген.

 

Жер айналып түскендей, о, не тоба бұл деген?

Күл ұшады алма ағаш бұтағынан гүлдеген.

Көлеңкесіз қалғанның қасіреті шамалы,

Иесі жоқ КӨЛЕҢКЕ –

Көңілдегі зілді өлең!

 

Тасқа басқан таңбадай, қабырғаға қатталып,

Бірі жолдың үстінде табандарға тапталып –

Көлеңкелер зарлайды, зарын естір кісі жоқ,

Көлеңкелер қарғайды, жер мен көрді ақтарып.

 

Көлеңкеге көңіл айт, күнәңді де айт адамзат,

Көлеңкенің құны бар, бұдан былай адамзат!

Сұрапылдың сүргіні келген кезде, баспасын,

Құдайыңның алдында тұмаңды лай, адамзат!

 

Қанша соғыс болса да, қан төгетін едің-ау,

Кеудесінен шаһидтің жан сөгетін едің-ау.

Қан-сөлі жоқ, тәні жоқ,

Көлеңкесі қайғының,

О, адамзат, не мынау?

 

Қасіретті көлеңке, қабырғаға сүйенген,

Ғасыр өтті саған да, айрылғалы иеңнен,

Ғасыр өтті маған да, айырылғалы киемнен,

…көлеңкесі сындымын қара тасқа басылған,

Қасіретті ҚАЗАҚтың  –

Ділі…

Тілі…

Күйі өлген…

 

***

БОРАН

(ЭТЮД)

 

Боран,

Шыр айналмай қоя тұр, дөңгеленбей,

Үйімдегі мен сүйген меңді өлеңдей —

Ыңылдайсың ішіңнен,

Өзіңді өзің,

Əдемі бір əуенмен емдегендей.

 

Бұрқасынмен бұрқылдап,

Бұла күнім,

Жылағың келсе осылай жыла күнім.

Ызыңдаған боранға селт етпейтін,

Құлық еті —

Құрыш ер құлағының.

 

Нан басып, үнсіз əйел,

Ұн борайды,

Жаныңды жел жұлымдап мұңға орайды.

Ақ түтек ұн бораған бөлме ішінен,

Қораланып көңілсіз «күн» қарайды.

 

Көп əуеннің сөзі жоқ, ыңыл бүгін,

Төске салған темірдей сығылды үнім.

Ақ қамырдан ашуын алып жатыр,

Түріп тастап дүние шымылдығын.

 

Ашылмаған алапат сиқыр əлі,

Əйел айтқан ыңылдап күй тынады.

Ертең, ертең ұйыған уыз дала,

Жатады үнсіз,

Əйелдей ұйқыдағы.

 

09.02.2017 ж

 

***

Үш мың жылдан кейін,

Менің бас сүйегімді тапқан жан не ойлар еді?

Өлген жылымды айтар…

(Бұл бас Өлеңді қойғалы өлі)

Өмірімнің соңына леп белгі қып,

Қара таспен бастырып қойған өлім!

 

Үңірейген көз шарама қарап,

«Бұ кім?» деп толғанар,

Із-түзсіз кетпейді Өлең боп қонған Ар!

Суалған өзеннің арнасы секілді,

Тамырдың ізінен,

Жыр оқыр сонда олар.

 

Жаңғақтың дәніндей қатпарлы миымнан,

Мейіздей де қалмаған,

Бәрін де сұм уақыт жалмаған.

Өлеңді тарихтан оқитын дәуірде,

Бас сүйегімнен жыр оқығаны,

Ұнайды, ал маған!

 

Ақ кебіннен қалған жыртысты зерделер,

«Құрттай қуыршаққа оранып,

Көбелекше тірілуге сенген сорлы пенделер»,

Деген шақта,

«Ақ қағазға» деп түзер ем,

Тіл болса менде егер…

 

***

Мен сенің терезеңнің алдындамын,

Көңілімде қалың сел,

Қарғын жауын!

Ысқырып қап сыртымнан сұп-суық жел,

Мені айналып үріп жүр ал құм, дауыл.

 

Әйел деген әулие,

Сездің білем,

Перде ішінен сығалап көз дүрбімен.

Жанарымды көрдің сен жас іркіген,

Ерінімді көрдің сен сөз мүлгіген.

 

Қабырғаңа сүйеніп көлеңкеммен,

Батар күн ба, жоқ әлде мен өртенгем.

Өткеніңнен елес боп келіп тұрмын,

Өмір сүргің келеді сен ертеңмен.

 

Зағип жанның итіндей жол бастаған –

Көлеңкем ғой жасаған алғаш қадам.

Терезеңе телміріп өткен шақ тұр,

Мен емес тек,

Мен емес ол басқа адам…

 

03.01.2018 ж