Зәмзәгүл ЖУЫНТАЕВА «ҚАСЫМ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АТАУЛЫ СӨЙЛЕМДЕР»
Жуынтаева Зәмзәгүл Нағашыбайқызы 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 1 монографияның, 2 оқу құралының, 10-нан астам оқу-әдістемелік құралдың авторы. 1989 жылдан бері Е.А.Бөкетов атында Қарағанды университетінде қызмет етіп келеді.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Жуынтаева З.Н., ф.ғ.к., доцент
Қасым Аманжолов – қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны. Оның қазақ әдебиеті тарихында алар орны ерекше, поэзиясының көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары екені белгілі. Жалпы поэзияда атаулы сөйлемдер жиі кездеседі және олар түрлі стильдік мақсатта қолданылады. Біз мақаламызда ақын өлеңдеріндегі атаулы сөйлемдердің түрлері мен қолданысына тоқталуды мақсат еттік.
Атаулы сөйлем де ойды қалыптастыру, білдіру, хабарлаудың тілдік грамматикалық формасы. Бірақ бұл – ерекше формаланған сөйлемдік белгінің ерекше ұйысқан түрі. Ол ерекшелік атаулы сөйлемнің грамматикалық жаратылысында, яғни сөйлемнің тұла бойының атау формада тұрып, сол форма арқылы берілуінде. Атаулы сөйлем болудың шарты, танылудың екінші бір шарты – ол контексте ғана жасалады. Кем болғанда 2-3 сөйлемнен тұратын контекст болуы шарт, – дейді Ғ.Мадина [1, 89]. Мысалы:
…Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,Ерттеулі аттар толы, қора маңы.Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,Тойдырып күресіннің сырғанағы. (Ағайыма). Ақын өлең шумағында табиғат құбылысының көрініс атауын білдіру үшін «қыс» сөзін атаулы сөйлем ретінде қолданып, сол арқылы әрі қарай ойды жалғастырып тұр. Бұл жерде контекстің ықпалы ерекше екені байқалады. Егер атаулы сөйлем болмаса, ойдың не туралы екендігі айқындалмас еді. Сонымен, атаулы сөйлемді контекспен бірге қарасақ, оның жаңа қырлары көрінеді.Шекара. Асқарлы тау.Айнала адыр.Күзетте қызыл әскер Ерболат тұр.Таулардың бір атасы ТарбағатайАрасын екі дүние бөліп жатыр. (Құпия қыз). Бұндағы атаулы сөйлемдер абзац басында көркем сөзді әліптемелеу, суреттеу мақсатында қолданылған.
«Әуелде сөйлем бір-ақ сөзбен айтылған, ол диффуздық сөйлем бір қадірлі заттың атымен айтылатын болған. Ол мифологиялық объектінің көрінісі еді. Әуелде бұл сөздің, сөйлемнің мағынасы көп болған. Кейін сөйлем мүшелері көбейген кезде де олар бірінен-бірі ажырамаған. Осы күндері атаулы сөйлем мағынасы тұтастығы жағынан инкорпорациялық құрылысқа жақын. Соңғы кездері әр рудың ұраны да соның қалдығы» [2; 170-171] деп, С.Аманжолов айтқандай, жоғарыда берілген ақын өлеңдеріндегі мысалдардан ерекше зат атауының аталып, содан соң ол жайында толық мәліметтің беріліп тұрғанын аңғарамыз.
Қазақ тіл білімінде осындай құрылымдарға алғаш көңіл аударған зерттеуші-ғалым О.Төлегенов «түсінік атаулы» деген термин қолданбаса да, олардың қалыпты атаулы сөйлемдерден өзіндік ерекшелігі бар екеніне назар аударады. Ғалымның ойынша, лепті мүшеленбейтін атаулы сөйлемдер зат, болмысты хабар мағынасында суреттей білдіретін атаулы сөйлемдер емес, эмоциялық мағынада сипаттай білдіретін атаулы сөйлемдер болады. Хабар-суреттеме мəнді сөйлемдер сияқты атау тұлғалы жалқы, жалпы зат есімдерден жасалады. Олардың мазмұны бірде сөйлеу барысында айрықша назар аударылған не еске түсірілген зат, болмысқа, бірде бұрын айтылған баяндаулардың қорытындысына не салдар-себебіне негізделеді. Мысалы:…Олар өзге жерде емес, Москваның қасында тұр… Москва!….. Базаралы! Қазақта жалғыз қимас, бел арыстай көрген, бұл өңірдегі ең қымбат жан еді [3, 71]. Осы тәріздес эмоциялы атаулы сөйлемдер ақын поэзиясында да қолданыс тапқан. Мәселен:
– Ой, Днепро, Днепро! Зерделі өзен,
Алыстан бізді тартады лебің.
Тасып тұр кегің, айтпай-ақ сезем,
Қызғанып жаудан Украина жерін. Бұл жерде атаулы сөйлем сүйсіну мағынасын беру үшін қолданылған.
Немесе:
О,өлең!
Өлең деген не нәрсе бұл?Өлең – су, – дейді біреу, ағыл-тегіл.Ой толы отыз жасар жігіт – жырымӨлең – су жағасынан термейді гүл. О, өлең! Досым бар ма сенен жақын!Қарашы,Өмір – өлең, өмір – ақын.Заманның соғып тұрған жүрегіміз Жөнім бар ақынмын деп мақтанатын. (Біздің дастан). Мұндағы «О, өлең!» сөйлемі айтушының сүйсіну, көксеу тəрізді эмоциялық қатынас арқылы белгілі бір хабар беріп тұр.
…Атаулы сөйлемде әлдебір оқиға, құбылыс немесе әрекет туралы хабарлаудан гөрі, солардың бірін атап көрсету жағы басым жатады.
Тегінде, атаулы сөйлем әлдебір көріністі атап қана қоймайды, сонымен бірге сол көріністің осы шақта болып жатқандығын білдіреді. Бұл, әсіресе, сол атаулы сөйлемнің жалғасы сияқты қызмет атқаратыны келесі сөйлемнен анық байқалады [4,189-б.].
А.Таусоғарова өлеңнің поэтикалық контексіндегі атаулы сөйлемдерді біршама зерттей келе, мұны қолданылу аясына байланысты екі түрге бөліп қарастырады:
- Автор-субъектінің эмоционалды күйін белгілейді. Бұл мәселеде атаулы сөйлем тұлғасындағы сөз я сөздердің тіркесі қайталанып келеді.
- Атаулы сөйлем бейнені метафоралы тіркестер түрінде берілуіне қарай ақынның объектіге я субъектіге қатынасын да білдіреді [5,138]. Дәл осы айтылған пікірдің дәлелін Қасым поэзиясынан да байқай аламыз. Мысалы:
«Сандық-жүрек! Сен маған бердің» дедің,
«Еш күмәнсіз өзіңе сендім» дедің.
«Қол ұстасып бірге өтсем, арманым жоқ,
Жаным – сендік! Қайтсең де көндім» дедің.
Сандық-жүрек! Сақтауға бердің сөзің,
Қос сандықпен күшейді жастық сезім.
Дәл сонда сен: «Уағда, мен – сенікі!»
Демеп пе едің, жаудырап қара көзің? (Сабыр етші).
Немесе:
Сақыпжамал! Бір өзіңде
Екі әйелдің аты бар.
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан ай туар.
Сақыпжамал! Атың қандай!
«Сәпен» дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай,
Сенен қайсы қыз артық?! Кейбір жағдайларда жалпы өлеңнің түгелдей дерлік әрбір шумағында бір тіркестің немесе сөздің қайталануының өзіндік себебі болады. Автор бұл жерде эмоциялы күйінен немесе сол сәттен хабар беру үшін қолданғаны байқалады.
Қазіргі тіліміздегі бір ерекшелік – тақырып атаушы сөйлемнің жиі қолданылатындығы. «Тақырып атаушы сөйлем, дәстүрлі анықтама бойынша, тыңдаушыға немесе оқырманға кейінгі сөйлемнің баяндау предметі, мазмұны не туралы екенін алдын ала хабарлау мақсатында қолданылатын сөйлем» деп көрсетеді Ж.Жақыпов [6, 32]. Ф.С.Сафиуллина мақаласында тақырып атаушы сөйлемнің атаулы сөйлемнен өзіндік ерекшелігі бар екендігін атап көрсетеді. Біріншіден, тақырып атаушы сөйлем (именительный темы) – атау септігіндегі зат есім немесе атау септігіндегі басты сөзбен келген сөз тіркесі; екіншіден, тақырып атаушы өзіндік және жеке интонацияға ие болады; үшіншіден, тақырып атаушыдан кейін үзілістен соң міндетті түрде коррелят элементтер, яғни оны бекітетін есімдіктер болатын базистік сөйлемдер келеді [7, 82]. Осы сияқты тақырып атаушы сөйлемдерді Қасым Аманжолов поэзиясынан жиі кездестіруге болады.
Фурманов, Фрунзе, Щорс, Аманкелді…Майданда біздер үшін солар өлді.Көтеріп иығымен сол батырларБіздерге берді әкеліп туған елді. ???
Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,Тоңы – алтын, түгі – торқа жер мынау!Қарағанды – қара қазан қайнаған,Дүние-байлық тұрған жайнап айналам,
Елдігіме етер шүбә қандай жау?! (Қазақстан). Осы мысалдардан сегменттік құбылысты да аңғарамыз. Бұл жерде мынадай қасиеттерді көруге болады. Біріншіден, атаушы сөйлемдер атау септігінде тұрған зат есім, екіншіден, олардың өзіне тән интонациясы бар, үшіншіден, бұл сегменттерден кейін үзіліс болып, одан соң базистік сөйлем келіп тұр, әрі олардың контекске тәуелді мәтін байланыстырушылық қасиетін көреміз. Тақырып атаушы атаулы сөйлемге ұқсас болғанымен, сөйлемнің қасиетіне жауап бере алмайды, бірақ ол өзінен кейінгі сөйлемге негіз болады, онсыз кейінгі сөйлемнің кім, не туралы айтылып жатқандығы анықталмайды, яғни контекске тәуелді. Бұл жерде ақынға тән ерекшелік атаулы сөйлемдердің бірыңғай мүшелермен берілгендігінде.
Синтагмалық интонацияға ие сөз тіркестері номинативтік мәнде белгілі бір ұғымды білдіреді, ал контекстік мазмұн бойынша бірыңғай бастауыштар. Номинативтік мәнге ие сөздердің тіркесін атаулы сөйлем ретінде қабылдауымызға олардың бірыңғай мүше түрінде келуі, осы шақтық мәнінің байқалмауы, сондай-ақ номинативтердің дерексіз ұғымдарға құрылуы да себеп болады [5, 135]. Төмендегі мысалдан да осындай жайтты байқауға болады:
О, бақыт!Бақыт деген ол, не нәрсе?Бақыт па, біреу жұлып қолға әперсе?Бақыт ол әр адамның өзінде екен,Бойынан шығады екен шын тербенсе. Өлең өлшеміне байланысты автор ішкі сезімін атаулы сөйлем арқылы жүзеге асырған, әрі белгілі бір құбылысты өз қабылдауы негізінде сипаттап өз көзқарасын білдіреді.Мезгіл атаулыға мезгіл мағынасын білдіретін күн, ай, жыл атаулары және мезгілдің белгілі бір мөлшерін білдіретін шақ, кез, түс, түн, қараңғы, кеш, көктем, қыс, уақыт, бейуақ деген сияқты атаулар жатады. Бұндай жайтты ақын поэзиясынан кездестіруге болады:
Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші,
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші! (1945 жыл).
Р.С.Әміров: «Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтік мақсаттың қажетімен қалыптасқан. Бұл сөйлемдер төңіректі, жағдайды үнемді жолмен суреттеу үшін және пікірді эмоциялы етіп білдірудің амалы ретінде жұмсалады» деп, жұмсалуына қарай үш топқа бөледі:
1) бейнелеу мағыналы атаулы сөйлемдер. Кең дала. Ұзақ жол (О.Б.). Күз. Күн суына түскен (О.Б.).
2) эмоциялы атаулы сөйлемдер. Күлуін! Сыңсып жылауын! (О.Б.).
3) сөгіс, тілек мағыналы атаулы сөйлемдер. Мысалы:Атама! Еске алсам зығырым қайнайды (М.Ә.). Аңдап сөйле! (М.Ә.). Қаңғыған неме! Өркенің өскір! (О.Б.) Р.С.Әміров эмоциялы атаулы сөйлемдерге «Шіркін, осы ауылдың жастары-ай! Ойын-сауық десе жанып кетеді» деген сияқты сөйлемдерді жатқызады [8, 91-94]. Қасым Аманжолов өлеңдерінен бейнелеу мағыналы сөйлемдер мен эмоциялы атаулы сөйлемдерді ұшырастырдық. Мысалы:
Япырай, мына күннің райын-ай!
Төсектен тәуір болып тұрайын-ай.
Десем де қабағын бір қойды-ау ашпай
Ерегіскен, енеңді ұрайын-ай!
Амал қанша! Жалмауыздар желікті,
Аямапты, ақын қанын төгіпті.
Ақын ұлан қоштасарда жанымен,
Ақтық рет: күндей күлген көрікті
Жас сұлуын – Музасын бір көріпті. (Ақын). Өлеңнің бастапқы тармақтарындағы атаулы сөйлемдер арқылы субьект сол бейнені әсерлі беріп отырғанын аңғарамыз.
Қасым Аманжолов поэзиясындағы атаулы сөйлемдердің қолданысына талдау жасағанда олардың мынадай мақсаттарда жұмсалатынын байқауға болады: мәтіндегі тұтас бір оқиғаның экспозициясы ретінде; белгілі бір пікірдің, айтылыстың бір бөлігін өзектендіру мақсатында, сол арқылы мәтін оқырманының зейінін нақты бір ақпаратқа аударту үшін; атаулы сөйлемдер «атай салу» үшін емес, мәтіннің жалпы суретімен, (модальділігімен) жанрымен астасып жатады. Осы тұста ақын поэзиясының өзіне тән ерекшелігі бар екендігін көруге болады. Ақын жырларында тақырып атауыштар, зат атаулы, мезгіл атаулы, эмоциялы атаулы сөйлемдер жиі кездеседі.
Қорытындылай келе, өлең мәтінің синтаксистік ерекшеліктерін қарастырған ғалым А.Таусоғарова: «Өлеңнің ырғақты синтаксистік-композициялық құбылысында атаулы сөйлемдер интонацияға иеленіп автор-субъект қатынасын да осы шақтағы деректі болмысты, объектіні я субъектіні актуализациялауы арқылы танылады» деген шешімге келген болатын. Атаулы сөйлемнің өлең құрылысында жасалуына: 1) ақынның белгілі бір болмысты объектілік тұрғыда қабылдауы, 2) субъектінің я объектінің бейнелі статикалық сипаты, 3) баяндауыштық мәні бар тілдік элементтердің түсіріліп, номинативтік атаулардың анықтауыштық қатынастағы сөздермен тіркесіп, жекелеген тармақтарға орналасып, интонацияға иеленуі, 4) кейбір логикалық қайшылықта құрылған предикаттық қатынас тән, метафоралы сөйлемдердің объектіні сипаттау мәнінің басымдығы, 5) іс-әрекетті білдіретін етістік сөздердің, тіркестердің синтаксистік құрылымының басында келіп, матаса байланысқан тіркестің статикалық мәнінің актуалдануы негіз болады [5,138], – дейді. Осы айтылған көзқарас ақын өлеңдерінің мәтінінен көрініс тапқаны аңғарылады. Сол арқылы Қасым Аманжолов өлеңдерінің құндылығы арта түсері сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мадина Ғ. Номинатив сөйлем // Қазақстан мектебі. 1973. №3, — 89-102 б.
- Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: Санат, 1994. – 320 б.
- Төлегенов О. Жалпы модальді жəне мақсат мəнді жай сөйлем типтері. – Алматы: Мектеп, 1968. – 169 б.
- Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. – Алматы: Мектеп, 1981. – 199 б.
- Таусоғарова А. Өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктері. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 185 б.
- Жақыпов Ж. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. – Қарағанды, 1998. – 158 б.
7.Сафиуллина Ф.С. О сегментации в татарском литературном языке. (Именительные темы) // Советская тюркология. 1977. №1. – С.82-87.
- 8. Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Мектеп, 1983.– 165 б.
9. Қ.Аманжолов. – Алматы: “Айғаным” баспа үйі,