Марат АЗБАНБАЕВ «Қасымның Оралдағы іздерін зерттеу мәселелері» (соңы)

 

Біз Қасым өмірі мен өнері жайында зерттеуімізді Орал қаласынан бастағанымыз өте дұрыс болғанына қазір көзіміз толық жетіп отыр. Олай дейтініміз, біз «Қасымның Оралдағы іздерін зерттеу мәселесі» деп белгіленген  бірінші мақаламызда Қасымның ағалары Ахметжан мен Нығметжан әкелері Рахымжанның бірінші әйелінен туған соң Қасымның анасы Айғаншаның тағдырына араша түсе алмады деп тұжырым-жоба жасап едік. Біздің сол болжауымыз дұрыс болып шықты, Оралдан оралған бетте, жол сапарымызды, мұрағатта тапқан істің ізін суытпай, алғашқы сезім- түйсік ұмытылмай тұрғанда барынша  жан таласып хатқа түсіріп үлгерген соң, асықпай ауылдағы деректерді зерттеуге көштік. Қарағандыдағы мұрағатта өлкентанушы Ю.Поповтың қорында Қасымның қызы Дариғаның жазған бірнеше хаттары біздң келуімізді күтіп жатқандай болып көрінді. Дариға  онда Қасымның ағасы Ахметжан әкесі Рахымжанның бірінші әйелінен туған, Қасымнан жиырма жастай үлкендігі бар, Айғанша Рахымжанның үшінші әйелі деген ақпарат берген. Біз, Орал мен Қарағандылық деректерді салыстыра отырып Қасымның өмірбаянына бір шағын шолу жасап шығайық деп шештік. Үйткені, Қасымның өмір жол-ізін табу мен өткен тіршілігін зерттеудің өзі бір деректі дитективтік дүние. Қасым бізге, зертеушілерге арнап жазып кеткен ескертпесі де барын есте ұстаймыз: «Жүзінде кәрі жердің әжімі көп, Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.»Дегенмен, Қасымның өзі  «табарсыңдар» деп сеніп кеткен соң, сенімін ақтауға тырысып ізіне түсіп бағайық. Қасымның досы Есмағамбет Ысмайловтың естелігіне сәйкес Қасым 1942 жылы Қиыр Шығыс Сібірде әскерде, мекені: «ППС-57. Инженерно-строительный батальон- 2767. », бұл да толық зерттелмеген бір із.  Қызы Дариғаның ақпараты бойынша Қасым 1933-1934 жылы: «Уральский военно-учебный пункт»-те оқыған, «комполитсостав.» Олай болса, Оралдағы атты полкте жүріп Қасым Дариға айтқан жерде Сейдахметов Әнуармен танысқан болар, бұл да зерттелмеген тағы бір із. Із көп, іс аз. Қазірдің өзінде Қасымның нақты Оралға келу себебін дәл анықтай алмай отырған жайымыз бар. Дариға Қасым қызының жазуы бойынша Қасым Ленинградтың орман институтына оқуға барған, бір жылға жетпей, оқудан жалығып, оны тастап кеткен. Ал, Оралға қашан, неге  келді, ол туралы Дариғаның жазбасында нақты дерек жоқ.  Бір аңызыға сай Қасым Ленинградтан Оралдың үстімен өтіп бара жатып, поезд қалада аялдағанда, перронның басында гармондатып, жырлап жүрген татар жастарына ілесіп кетіп Орал қаласында қалып қойған-мыс. Бұл Шәмшінің «Сыған серенадасын» ромалэлардың керуен-көшіндегі бай-патшаның қызына ғашық болып жазды деген сияқты негізсіз, некесіз туған көп аңыздың бірі болар дейміз.  Қасымның Оралдық поэзиясында  татар халқының әнінен, өлеңінен ешбір әуен де, әуез де естілмейді, бір татар қызының аты да аталмайды.  Білеміз, Орал сауда қаласы, ертеден орысы бар, татары бар көпестер мен діни қызметкерлер, ақын, музыканттар жайлаған. Қарқаралының қазағы Қасымды бай мырзалардың жігіттері  сұлу қыздарын қызғанып, қызғаштай қорғап, ақынды өлсе де жолата қояр ма? Бұл, біріншіден, екіншіден Қасымды біреу асырауы тиіс қой, 1931-1932 жылдар ашаршылық, жоқшылық жылы. Қасым жиырмадан асқан азамат жігіт, бала-шаға емес, Оралда кім оның ерке еркіндігін құрметтеп төріне, төсегіне тегіннен тегін шығара қояды десеңізші?  Қасымды қарулы, қайратты, білегі сом жігіт деп ешкімде сипаттамайды, оның бір тіршілік көзі болар кәсіп иесі екендігі де айтылмайды. Әзірше, естеліктерден естігеніміз Қасым отызыншы жылдың басында Алматыда «Лениншіл жас» пен «Қызыл әскер» газеттерінде қызмет еткен, нақты қандай қызмет атқарғаны белгісіз. Қасымның қызы Дариғаның жазбасы бойынша 1931-1937 жылдары Қасым жоғарғы оқу орнын бітірмеген, Орал пединститутында да оқымаған. Еш дау тудырмайтын басы ашық, деректі дәлелі мол әңгіме, ол Қасымның Орал қаласында шығатын  «Екпінді құрылыс» газетінде қызмет етуі. Бірақ ол газетке Қасым қалай және кандай қызметке орналасты тағы да тиісті дәрежеде анықталмай отыр.  Ақыры, біз бір мезет Қасым болып ойланып, фактілерді ойнатып көрелік. Қасым Ленинградтағы орман институтына үкіметтің жолдамасымен  бір топ жастармен жолданған, жалғыз емес, жолбастары, жолдастары бар. Қасымның қызы Дариға айтады: «Әкем Семейден Алматыға Пединституттың әдебиет факультетінде оқуды ойлаған, дайындық курсында жүргенде бір топ қазақ жастарын Ленинградқа орман шаруашылық институына жіберген, ол кезде тіршілік үшін аса қажетті мамандықтарды игерген жастарды арнайы оқуға жолдау ісі болатын.» Ленинградтағы оқуды Қасым сүймеді ме, көңіліне жақпады ма, ауырды ма, оқуды ауырсынды ма, әйтеуір әлде бір себептермен білімнен қол үзеді. Ауырған болса,емханаға барып, тіркеліп, дәрігерлік анықтамасын алып ауырып қалдым деп Алматыға қайтпай ма? Қасым қайда бармақ? Алматыға қайтіп бара алмайды, тапсырылған істі тастап кеткен жасты ендігәрі оқу орнына кім жолата қояды? Алматыға жол жабық, қайтпек керек, не амал?  Қасымның білімін растайтын қолында қағаз-құжаты атымен болмаған. Қызы Дариғаның айтысына қарағанда Қасым Семей қаласында да ешбір оқу орнын толық бітірмеген, ешбір атестаты жоқ. Тек Жазушылар Одағының жанындағы марксизм- ленинизм университетін бітіргендігі туралы қағаз-құжаты бар. Сонымен, бар сөзді бір түйінге байласақ, Қасым ешбір мамандықтың, кәсіптің иесі емес, білімін растайтын ресми құжаты жоқ адам. Ондай адамды, тамыр-таныстықсыз қім қызметке алады: Бәріміз көріп отырғандай Қасымды Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетіне алыпты, бұл Батыс Қазақстан облысының облыстық, қалалық партия комитетінің, облыстық, қалалық атқару комитетінің органы.     Біздің ойымызша, Қасымның Оралға келуінің екі жолы бар. Бірі, Лениградтағы Қазақстанның өкілі Оралға жіберген, екіншісі кезбелік жолға түсу? Бірақ, кезбе болып, серілік құруға да қаржы керек, Қасым ұры- қары, жолбасар болған деп ешкімде куәлік етпейді.  Ол Ленинград қаласынан Оралға қай жолмен, қандай көлікпен жетті, жолға жетерлік ақшаны қайдан тапты, кім берді? Ағалары Ахметжан мен Нығметжан Семейде қалды, көмек қолын созар басқа туыстарынан мәлімет білмейміз? Қызы Дариға Поповқа жазған хатында Ленинградтағы оқуын Қасым жарты жылдан кейін тастап кетті дейді. Дариға әкесінің Семейде де бірде бір оқу орныны аяқтамағанын растайды. Ленинградта да солай істейді, бұл Қасымның жасынан мектеп тәртібін, талабын көрмей еркін ерке өскенінің кері әсері болар. Қалай болғанда да, Қасым Оралға оқусыз- тоқусыз, мамандық-кәсіпсіз келген. Мүмкін, оның жазу-сызуға қабілеті Лениградтағы бір, бізге беймәлім, қазақ оқығанына белгілі болып, ол Қасымды өзі білетін жақын жер санаған Оралға жолдады ма екен?  Қасым 1930 Алматыдағы «Ленин жас» және «Қызыл әскер» газеттерінде қызмет етсе, кім онда оны орналастырды, қайда тұрды, кімді паналады, бәрі белгісіз. Дариғаның естелігіне сай Қасым Семейде 1921- 1927 «Жас өспірімдер» мектебінде оқыған және де Семейге Қасым ағаларын іздеп өзі барған.  Дариғаның Қасымның ағасы Ахметжаннан естігені бойынша Қасым  №7 ауылда туған, әкесі Рахымжан  1918 жылдың  6 қаңтарында қайтыс болыпты.  Ахметжан Қасымнан жиырма жас үлкендігі болса, онда ол шамамен 1895 жылы туған болып шықпақ. Әкесі Рахымжанның туған жылы 1875 -1880  жылдар деуге келеді, үш рет үйленген жан, қалың мал беруге мүмкіндігі болғаны да, әйтпесе,  кедей де қызын тегін бермейді ғой. Қасымның да ұзақ жыл бойдақ жүріп, үйленбегенінің бір себебі осы әлеуметтік –тұрмыстық жағдайына да қатысты болар. Тұрақты, лауазымды, ақшалы қызметке тұру үшін тиісті деңгейдегі білімі барын растайтын оқу құжаты керек. Революцияның бас кезінде оқымаған кедей таптан шыққан ширақ, пысық, талапты, талантты адамдарды билікке әкелу, төрден орын беру үрдісі бірте бірте жоққа шығарылып ендігі кезекте сауатты оқыған мамандарға кеңінен жол ашыла бастады. «-Мен 17 жасымнан соң сауатымды аштым»-, депті Сәбит Мұқанов 1935 жылдың 5 наурызында Оралда «Екпінді құрылыс» газетінің қызметкерлерімен кездесуінде. «Сондықтан ерте уақыттағы менің өлеңдерім көбінесе ауыздай айтылатын  өлеңдер еді. Бұлардың барлығы да ертеректе болды, енді мен қызыл профессура институтын бітіріп, Батыс елдерінің, орыс халқының және басқа халықтардың әдебиетін білгеннен кейін өзімді бір сыпыра сауатты деп санаймын.»  Сәбит Мұқановтың «бір сыпыра»  деген сауаттылыққа қатысты  сөзі оның білімге деген көзқарасын сипаттайды да, өз сөзі сыпат — дәлел, куә, уәкіл болып отыр, сөз қолдану реті ойды соған жетелейді. Мұқановтың айтуы бойынша 1932-1935 жылдары қызыл профессура институтын бітірсе де өзінің сауаты толық, бай, көзі қарақты емес екенін мойындап отыр.  Оралға келген іс-сапарының мақсатына сәйкес Сәбит Мұқанов әрине, ақын, жазушылар, журналистерден бөлек, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұқан Құрамысовпен кездесуі міндетті еді. Сәбит Мұқанов өз мемуарында Ізмұқанның мінезін мінеп, мұқатқандай, дегенмен 1935 жылдың көктемінде Мұқанов пен Құрамысовтың әлеуметтік мәртебелері тең емес-тің.   Құрамысов Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Мұқанов Сәбит Москвадағы оқуын жаңа  бітірген кезі.   Және де Құрамысов Ізмұқан  1938 жылдың 25 ақпанында Алматыда Санжар Асфандияров, Жұбан Құдайбергенов, Сейтқали Меңдешов, Сәкен Сейфуллиндермен бір күні «халық жауы» атанып атылып кеткен жан. Кім не айтсада, Құрамысов Ізмұқан өзі туралы өзі жазып кеткен шын сөзін біз Оралдағы мұрағатта сақтаулы жатқан оның жеке ісінен оқыдық. Ізмұқанның өз қолымен жазған өмірбаянымен таныссақ, оның тағдыры бәрімізге белгілі адамдардың жетімдік өмірінен бөлек, ерекше  қызық екен, 1896 жылы орта шаруасы бар отбасында туған Ізмұқанды бір апта өтпей жатып әкесі Мұқаштың үлкен ағасы Есенғали өзінің ұлы қылып асырап алып, бауырына басады. Есенғалидің өзінен туған ұлы болмаған, оның мінезі өте шатақ, өзі кедей, ішетін кісі дейді.  Құрамысовтар Тұз-төбе ауылына кірме, кішігірім рудан тараған, қай жақтан аталарының ауып келгендерін жазбапты. Томар-өткелде үш класстық мектепте 1908- 1910 оқып сауатын ашқан, Бөртелінің екі жылдық училищесіне оқуға бармақ ойы болғанда,  ата-аналары жібермеген.Алайда, кітаптан қол үзбеген, өзін жақсы көретін мұғалімі Тульский мектептің кітапханасынан Ізмұқанға кітап беріп тұрыпты. Өзі де, қолындағы бар тиын- тебенінен қолға түскен кітапты сатып алуға тырысқанмен, бар оқуы жүйесіз еді.  1912 жылы  Есенғали туыстарынан мал жинап, бір қызын ұзатып, қалың малына Ізмұқанға бала жастан атастырылған бір қызды алып беріп үйлендірген. Ізмұқан үйленіп, үй болған соң ғана өзінің Есенғалиға өгей бала екенін білген, үйткені ол Ізмұқанды туған ата-  аналарына жуытпай, жолатпай өсірген. Асырап алған ата-аналары қайтыс болғанда, туған әкесі өз бауырына тартпақ ниет білдіргенде Ізмұқан илікпеген, әкесінен көңілі қалып және Есенғалиға, өгей шешесіне деген сүйіспеншілік сезімі жібермеген, оларға деген бала махаббаты жеңіп кеткендей. 1916 жылы Орынбордағы қалалық  қасапханаға(скотобойня) қара жұмысқа жегіледі. Айына 36 рубль алып тұрған Ізмұқан қалада шығатын 4 газетті және де букинистен ұсталған кітаптарды сатып алып тұрған. Орынборға келісімен «Қазақ» газетімен байланыста болғанын мәлімдейді. Кім кеңес беріп, ақыл айтқанын көрсетпейді.  Осы Орынбор кезеңінде саясатқа деген қызығушылығым пайда болды депті Ізмұқан. 1929 жылдың 24 маусымындағы автобиографиясында Ізмұқан өзінің 1924 жылдың маусым- қазан айларында Меңдешевтың ықпалында болып, соңың тобына жүргенін баян етіпті. Біз, бұл зерттеуімізде сол замандағы қазақ азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты бағалай алмаймыз, оған біліміміз де, білігіміз де жетпейді. Біздің мақсатымыз Қасымның Оралдағы өресі мен өрісі өскен ортасын анықтау еді, кейбірін таптық та, соның бірі Ізмұқан Құрамысов болса, екіншісі Тұрарбеков Зейнулла, облыстық комсомолда бөлім меңгерушісі. 1937 жылы Құрамысов та, Тұрарбеков те Алматыға ауысады, сәйкестік пе, әлде басқаша тіршілік ісі ме, білмедік,  Қасым да астанаға аттанады. Біздің де ғылыми тобымыз, зерттеу ісінің заң-ережесіне сай үшеуінің ізімен Алматыға мұрағаттан Қасым жөніндегі дерек іздеу үшін жол жүрмекшіміз. Ақ Жайықтық жазбамыз Ақ басты Алатау бауырында жалғасар деген үмітпен аттанып бара жатырмыз. Ақ жол!

Марат Азбанбаев 10.02.2021 ж.

Мен не жаздым, сонша соңға түскендей…

Біз, саяси қуғын-сүргін құрбандарын саяси- құқықтық тұрғыдан толық ақтап алу үшін, ең алдымен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын- сүргін құрбандарын  ақтау» туралы заңының(әрі қарай Ақтау заңы) тууына себепші болған ғұмырлық оқиғаларды қаз- қалпынша баяндап беруге тиістіміз. Егерде, біз қас заманның құқықтық- саяси портретін дұрыс зерделеп сызып шықсақ, онда біздің елімізде адам құқықтары мен бостандықтарына іс жүзінде, шын мәнінде шынайы кепілдік берерлік  нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол ашылмақ.

Елге белгілі академик Серік Қирабаев ақын Қасым Аманжоловтың шығармашылығына қатысты, аспирант шағындағы, сын мақаласын органдардың тапсырысы бойынша жазғаны туралы айтқан ақ адал, деректі сөзін анық ақиқат деп қабылдаймыз. Сол себепті, біз Қасымның «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» өлеңін жаппай саяси қуғын- сүргін құрбанының қаламынан туған раст сөзді құқықтық дәлел ретінде танитынымызды да мәлімдейміз.

Ақын Қасым Аманжолов  «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» өлеңінде заңдылық пен адам құқықтары сөз жүзінде танылғанмен, реалды нақты кепілдіктер берілмеген Советтік мемлекетте өмір сүрген адам баласының басынан өткізген ауыр қайғы- қасіретінен хабар жеткізіп, жазықсыз жапа шеккен жан,  зорлық-зомбылықты өз көзімен көрген куә ретінде тура сөйлейді.

Расында да, Қасым Аманжоловтың 1937 жылы Оралдан Алматыға келген уақыты Советтік тоталитарлық биліктің әдеби сынды жаппай саяси қуғын-сүргіннің ұтымды құралы ретінде  қолдануының ең шырқау шегіне жетіп, соның салдарынан Қазақстанның  ұлттық интелегенциясының үлкен тобы  саяси қуғын- сүргінді басынан өткеріп жатқан кезі еді. Ал, ақын Қасым Аманжоловтың саяси қуғын- сүргінге ілінуге, әлеуметтік қауіпті адам ретінде мемлекеттік органдармен ресми танылу кезегі 1951 жылдың күзінде келеді.

Үйткені, 1917 жылдың 25 қазанында (7 қараша) төңкеріспен келген, жүгенсіз кеткен жаппай саяси құғын- сүргін процессі  бір басталған соң өз бетімен, өз еркімен тоқтауға құлқы жоқ-тың.

         Ақтау заңының кіріспе бөлігінде мемлекет өзінің алдына жаппай қуғын- сүргіннің барлық құрбандарын ақтауды  мақсат етіп қойғанын мәлімдейді.

Әрине, тәуелсіз, егемен мемлекеттің жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлауы түзу, ақ ниеттен шыққан іс екеніне күмән жоқ. Дегенмен, заң мәтінінде жаппай саяси қуғын-сүргінді жүзеге асырған мемлекеттің дербес атауы, репрессияның басталу себебі мен ұйымдастырушы күші көрсетілмеген соң заңды оқыған адамның  көңілінде саяси- құқықтық белгісіздік сұрауы пайда болады.  Сол себепті, Ақтау заңының кіріспесінде  заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұзған Советтік мемлекеттік органдары екендігін анық көрсетуге міндеттіміз.

Сонымен бірге, 1917 жылғы төңкерістен кейін пайда болған «Советтік» деп аталған мемлекетте бүкіл билік бір ғана большевиктер партиясының қолына тиіп,  «мемлекеттік билік органдары» деп аталатын құрылымдардың бәрі дерлік сол партияның басқаруына, қадағалауына, бақылауына көшкенін білеміз.  Қазақстанда да  мемлекеттік саяси- жүйе 1920 жылдан бастап осы үлгі-өнегеде құрылды. Қазақстандағы жаппай саяси қуғын- сүргіннің басталу мерзімін біз 1920 жылдың 5 қаңтары деп белгілеуді дұрыс деп табамыз. Саяси репрессияның бастауын осы бір күнге байлап отырғанымыздың бір анық дәлелі ретінде  Алматыдағы Президенттің мұрағатында(қ.140 т.1, іс.1) сақтаулы жатқан келесі құқықтық құжатты  ұсынамыз.  Бұл, 5.01.1920 жылы 37  мүшесі қатысқан, коммунистік фракцияның бірінші Советтік Қырғыз Өлкелік конференциясының мәжілісінің хаттамасы.  Қазақстанды ежелгі колониялық әдетпен  «Киргизский край» деп атайтын. (Ескерту, мақаланың өне бойында бөтен мемлекеттің барлық атаулары сол күйінде алынып отырады.) Ақтөбе қаласында өткен коммунистер фракциясының конференциясында Ресей коммунистік партиясының(большевиктер) Қазақстандағы біртұтас Орталығын құру туралы қарар қабылданады. Есте ұстайтын дерек- Ресейлік коммунистік партия. Большевизм- Қазақтың құқықтық- мәдени  топырағынан жаралмаған, саяси- әлеуметтік негізі жоқ, тарихи жат идеология. Конференция хатшысы Джандосов, төрағасы Мюрат, Түркістан майданының революциялық- соғыс кеңесінің уәкілі. Қазақстандағы Совет үкіметінің барлық орталық және жергілікті органдарына бағыт- бағдар нұсқап және қадағалауды атқарып келген соғыс – революциялық (төңкеріс)комитетінің орнына большевиктер партиясы орнығуы тиіс, ендігі жерде, біз- саяси басшылар және ұстаз болып табыламыз делінген қарарда. Большевик партиясының бұл қарары кейін 1977 жылғы СССР Конституциясының 6 бабында өз орнын табады  да, конференция қарары конституциялық нормаға айналады. Яғни, большевиктер өзінің жаппай саяси репрессиясында бүкіл саяси жүйені, қоғамдық құрылымдарды қарулы құрал ретінде жұмсап келгені ісі конституциялық деңгейде заңдастырылады. Мысалы, 1932 жылдың 23 сәуіріндегі большевиктер партиясының қаулысымен бұрынғы түрлі пролетарлық жазушылар ұйымын жауып тастап, жаңа советтік жазушылар одағын  құрып, онда коммунистік  фракция болуға міндеттеліп, шығармашылық іс партиялық басқару мен қадағалауына өткізіледі.  1934 жылы 15 тамызда өткен Совет жазушылардың бірінші съезі «Партия мен үкімет жазушыларға бар жағдайды жасап отыр» деген желеумен «социалистік реализмді» басшылыққа алып қоғамдық одақ партияның аппаратына құйылды да, әдеби сын жанры жаппай саяси репрессияға тікелей қатысады. Жаппай саяси қуғын- сүргіннің толас таппауының негізгі себебінің бірі және бірегейі  Совет империясындағы өкімет билігінің большевик партиясы мен советтерден бүтіндей  саяси аппараттың қолына толық көшуі еді. «Саяси апппарат» дегеніміз не, бұл ұғым, құбылыс қай уақытта өмірге келгенін тарихи фактіге сүйеніп қарастырып көрелік. Большевиктердің бір басшысы Троцкий «Саяси аппарат» ұғымы туралы 1921 жылғы  Ресей Коммунистік Партиясы(б)  X-шы съезінде былай деген: «Біздің партия- жалғыз партия. Сол себепті ол- саяси аппарат боп табылады.» Партия- саяси аппарат болса, партиялық әдебиет те аппараттық қызметкерлер(номенклатура) табынан  табылды. Біз әлі күнге дейін қолданып жүрген «apparatus» зат есімі  латындағы «ap- park criminal in aliquem»- Римдегі сот  процесстерінде «біреуге қарсы айыптау деректерін жинау» деген ұғымынан тарайды. Сөз түйіні- Советтік әдебиет- партиялық айыптаушы аппарат. Сол съезде Лениннің жан- жолдасы, оның Шығыстағы сенімді өкілі Г. Сафаров: «Шет аймақтарда пролетариат жоқ. Сондықтан, билік орыстарда болу керек. Қазақтарда Алаш- Орда бас көтеруде» деп ескерту жасады. Ескерту есепке алынды да, советтік әдеби аппарат ұлт ақыны, ғалым Мағжан Жұмабаевқа қатысты айыптау материалдарын жеделдете жинай бастады.  С.Мұқановтың: «Мағжанды және басқа да алашордашыларды халық алдында әшкерелеп, олардың халыққа жау элементтер екенін дәлелдеу мақсатымен 1924 жылдың басында Орынбор қаласында Мағжан Жұмабаевтың үстінен әдеби сот жүргіздік. Онда: 1. Жұмабаевқа қазақ халқының және қазақ халқының қорғанышы – «Кеңес өкіметінің де жауы» ретінде үкім шығардық. 2. Оның барлық шығармаларын оқырмандар аудиториясынан алып тастап, оқуға тыйым салу туралы үкіметке өтініш түсірдік. 3. «Бұдан былай кеңестік баспа орындары М.Жұмабаевтың шығармаларын жариялауға жол бермеуі 9 керек!» – деп әдеби-идеологиялық үкім шығардық.»   Сонымен, 1920 жылғы идеологиялық үкім шығарушы «Советтік әдеби- сот» процесстері жүз жыл бұрын Сперанскийдің дала жұртына 1822 жылы енгізген Сібір ережесі, патшаның 1862 жылғы Сот реформасы мен 1865 жылғы  жерді тартып алу заңдарының тікелей мұрагері болып шыға келді. Ол туралы Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде нақты деректер негізінде жан- жақты қамтылып жазылған екен.  Мұстафа Шоқай,1917 жылы Петербургтегі «Совет рабочих и солдатов» атты ұйымның басшысы Н.С.Чхеидзеден бастап талай орыс социал-  демократтармен таныс, істес адам,  елдегі саяси ахуалды жетік білетін саясаткер, қас заманды былайша сипаттаған: «Соқыр еліктеу салдарынан орыстың отаршыл озбырлығын үйренген жерлестеріміз орыс шовинизимінің сойылын соғып соның «пролетариат диктатурасы», «өзін өзі сынау» деген қаруымен тағы қазақты аңдуда.»

Біздің пайымдауымызша, Ақтау Заңы арнаулы мақсатынан өзге, қоғамдық маңызы бар тәрбиелік қызметімен ерекшеленеді. Ол, адам баласының өз ісі үшін   сұрау болатынын еске салуы. Иә, әркімнің өмірде таңдау еркіндігіне сай әрекет етуге мүмкіндігі, құқығы барлығы бәрімізге аян.  Ерік- жігер бар жерде жауапкершілік те болуы заңдылық пен құқықтық тәртіп. Мағжан Жұмабаевтың көріп- білгені бойынша 1917 жылғы февраль революциясы «қалғып отырған қазақ азаматын да қағып оятты. Ояну дәуірінде қазақтың азаматтары «ел  ісінің иесі болатын азаматтар шығаратын мектепті жаңа негізге, қазақ жанына қабысатын, үйлесетін негізге құрмақшы еді. Бірақ басталған жыр бітпей үзілді. Қолға алынған іс  тиянақталмай қалды. Төңкерістен төңкеріс болды. Толқынан толқын қақты. Тегінде «тағдыр жазған» жолымен қалтақтап келе жатқан  қазақ елі Россия революциясы толқынының екпінімен кете барып қанша ұтты, қанша ұтылды, бұл істері жұмбақ, анық шешуін тарих берер. Қазіргі күнде екпіндеп бара жатқанымызда өзімізге өзіміз есеп беруге қол тимейтін түрі бар.»  Мағжан Жұмабаев өте дұрыс, тауып, танып айтқан. Есеп беру- ел жады, санасы, жауапкершілігі. Февраль революциячы, октябрь төңкерісі қазақтың ұлттық еркін қозғалысы емес-тің. Түрлі революция мен реформалар туралы 1862 жылы Шоқан Уәлиханов та ақ патша әкімшілігіне өз пікірін жазбаша жеткізген: «Әр ұлттың өзін өзі билеуге құқығы барлығын жоққа шығару үшін қандай да болмасын билік етуші үкімет халықтың еркін қозғалысын болдырмауға тырысып бағады. Әртүрлі сырттан танылған «революция», «реформалардың» бәріде қазақ ұлтының жалпы адамзаттық өркениет жолымен, өз ерік- жігерімен еркін өсіп- өнуіне кедергі, қиянатшыл, ұлттық рухты күйретуші күш болған соң қазақ халқы үкіметке сенбейді.»деп. Атаң қазақ жаманнан жиреніп, жақсысынан үйреніп, өнеге ал, керектісін ескеріп, ұмытпа десе,  коммунизм елесіне елтіп- елегзіп, ессіз мүлгіп ілесіп кеткен жұрт өзіне өзі  есеп беруді мүлдем естен шығарып алып еді. Олар түгіл, Ресей де өзіне өзі есеп бере алмай қалды да,  «Октябрь революциясының»  қорытындысын тек 1993 жылы шығарып жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы заң жариялады. Ресей заңының кіріспесінің біздің заңдағы кіріспесінен айырмашылығы саяси-құқықтық позициясының анықтығында. Оларда саяси репрессияның басталуы мен орындаушысының аты мен заты нақты көзделген «Советская власть» және «с 25 октября (7 ноября) 1917 года.»

Бүгінгі күні, Президент Ақтау заңындағы жаппай саяси қуғын-сүргiннен жазықсыз жапа шеккендердің бар категориясының толық тізбесін жасау қажет деп арнайы мемлекеттік комиссия құрды. Президенттің жарлығындағы мақсат- міндеттерді орындап шығу үшін, біз Ақтау заңының 1-ші бабына саяси репрессия жүргізуге жауапты «мемлекеттік органдар мен олардың өкілі болып табылатын лауазымды адамдар» тізбесіне саяси қуғын- сүргінге тікелей белсене араласқан, қатысқан, көндіру шараларының алғы шарттарын дайындаған, жол берген, бастаушы, басқарушы, нұсқаушы ролін атқарып, соның негізінде Совет империясы кезіндегі «құзыретті орган»  дәрежесіне көтерілген «қоғамдық құрылыс» деп саналатын Коммунистік партиямен қатар СССР Жазушылар Одағын, оның басқару органдарын  да  енгізуге тиіспіз. Осы жайды ескере отырып біз Парламент пен Үкіметтің қарауына ақын Қасым Аманжоловтың «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» атты аяқталмай қалған өлеңін Ақтау заңының1-бабына енгізілуге жататын толықтыруларға негіз боларлық тарихи құжат, факт ретінде зерттеу объектісі деп қарауын қалар едік. Қасымның «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» өлеңінде ақынды барлық  азаматтық, адамдық құқықтарын, бостандықтарын шектеу ғана емес толық айыруға бағытталған саяси себептерден туындаған мәжбүрлеу, көндіру шараларының толық тізбесі суреттелген. Қасым жазықсыз, жолсыз жазаға ұшырауда. Ақынның соңына түсіп алу-  қуғын- сүргіннің басы. Қорлық көрсетуде. Тап дұшпаны қылмақ, тап жолдан тайған деп.  Тұрмыс- тіршілікте қыспаққа алуда, күн көрісін қиындатуда. Өлімге итермелеп өмірін жоймақ. Ал, тірісінде тұрмыстан аласталып, адамшылық дәрежесінен бездіру. Иә, Қасым Аманжолов айып тағылып сот үкімімен бас бостандығынан айырылған жоқ, өлім жазасына кесілген жоқ, саяси сенімсіз, қауіпті адам ретінде әкімшілік тәртібімен қудаланған емес. Сол себепті, жаппай саяси қуғын- сүргін құрбаны деп тануға заңды негіз жоқ дерміз. Дегенмен, асығыстық қылмай, ақырын ойланып бір көрелік. Біз Ақтау заңына енгізілуге жататын толықтыру мен өзгерістердің сол замандағы қоғамның саяси- құқықтық жүйесінен бастау алып тұрғанын Қасым ақынның тағдыры, оның өлеңі- куәлігі, естелігі, айғақтамасы арқылы суреттеп берелік. Қасым- айғақкер, Қасым шығармашылығы сыналған 1951 жылы «Әдебиет және искусство» журналындағы мақала- құқықтық айғақтама, заңды дәлел. Мақала Қазақстан Совет жазушылар Одағы мен Искусство істері басқармасының айына бір рет шығатын «Әдебиет- искусство» журналының 1951 жылғы октябрь айындағы №10 санында шыққан. Журналда жарық көрген сын мақаланың атауының өзінен ызғарлы саяси леб есіп тұр: «Қ.Аманжолов творчествосындағы жат пікірлер.»  Мақала авторы басында «Қасым сөзге бай,  мықты ақындардың бірі» деп мақтап алып, іле «Аманжоловтың шығармаларында өгей, бөлек, бөтен Советтік идеяға жат сарындар жиі кездесіп қалады» деп сынауға көшеді. Қасымды ұлтшыл ақын деп айыптай отырып сыншы   Серік Қыйрабаев ұлт аралық қатынастар саясатына мынадай ұғым енгізеді: «Аға ұлт- орыс халқы»… Аға ұлты- «Союз нерушимый республик свободных- навеки сплотила Великая Русь.» Ұлттық теңдік керексіз болып қалған. Тура бір Лениннің досы большевик Г. Сафаровтың: «Шет аймақтарда пролетариат жоқ. Сондықтан, билік орыстарда болу керек» деген сөзінің калькасы. Ескі сөз ережесін ескерсек «Аға» -ежелгі құқықтық термин, «үлкен», «ұлық» деген ұғым береді. «Аға ұлт»- үкім етуші, билеуші, үстем ұлт.

ші, үстем ұлт. Басына һәм өзіне өзгешелік бермек — адам ұлын бір бұзатын іс.

Сыншы Қасым ақынның өлеңіндегі әртүрлі тіркестерді термелей келе түйінді сөзінде, бәріне бір- ақ баға береді: «Өрескел саяси қателер.» Саяси айып тағылуда.  Сыншы ойын тереңдете түседі: «Әрине, мұны кездейсоқ туған қателер деуге болмайды. Бұл- қолына қалам алып әдебиетке араласқан кезінен бері Аманжолов творчествосында үздіксіз көрініп, қайталанып кел жатқан теріс көзқарастар системасы.»  Жүйе бар, қайталану, рецидив дейді. Жүйе саналы істен тумақ, яғни осының бәрінде Қасым қасақана қылып, қаскүнем болып шықты демекке сылтау тауып беру.  Сыншының шешуші, соңғы сөзі мақалаға тапсырыс берген партиялық аппарат екенін анық байқатады:  «Кезінде бір талай сындар айтылды, ҚК(б) Оталық Комитеті тарапынан да ескертулер жасалды. Сонда да, ақын бұл пікірлерден тиісті қорытынды жасамады.» Сыншы мақалада ҚК(б) Оталық Комитеті атынан сөйлеуге, ақынды саяси айыптауға мандат алған кісідей сөз саптайтыны заңды, үйткені ол тапсырыспен сөйлеп, республика дегейіндегі саяси аппаратты Москвадағы Орталық билік алдында ақтап алмақ. Сыншы түгіл Сталинде ақтап ала алмайтын еді. Аппаратың саяси- құқықтық портретін Совет үкіметінің алғашқы басшысы Ленин(Ульянов) өзі бірінші болып салып кеткен еді » К вопросу о национальностях или об «Автономизации» атты мақаласында, одан артық кім айтар: «Говорят, что требовалось единство аппарата. Но откуда исходили эти уверения? Не от того ли самого российского аппаратакоторый, как я указал уже в одном из предыдущих номеров своего дневника, заимствован нами от царизма и только чуть-чуть подмазан советским миром. Несомненно, что следовало бы подождать с этой мерой до тех пор, пока мы могли бы сказать, что ручаемся за свой аппарат, как за свой. А сейчас мы должны по совести сказать обратное, что мы называем своим аппараткоторый на самом деле насквозь еще чужд нам и представляет из себя буржуазную и царскую мешанину, переделать которую в пять лет при отсутствии помощи от других стран и при преобладании «занятий» военных и борьбы с голодом не было никакой возможности.
При таких условиях очень естественно, что «свобода выхода из союза», которой мы оправдываем себя, окажется пустою бумажкой, неспособной защитить российских инородцев от нашествия того истинно русского человека, великоросса-шовиниста, в сущности, подлеца и насильника, каким является типичный русский бюрократ. Нет сомнения, что ничтожный процент советских и советизированных рабочих будет тонуть в этом море шовинистической великорусской швали, как муха в молоке». Лениннің  «типичный русский бюрократының» ісі Абай көрген «ұлықсыған орыстардың  законсыз зорлығы» Жаппай саяси қуғын- сүргін- законсыз зорлық.

Сыншының аппаратты қорғаштап сөйлеуі өмір шындығынан туған іс болатын. Ол кезде Қасымға «Өрескел саяси қателер» жасады деп айып тағушы ҚК(б)П ОК-нің  өзіне де қауып төнген тұс. Қазақтың ұлттық қайраткерлеріне зорлық-зомбылық, мәжбүрлеу, көндіру әрекеттердің бәрі 1952 жылы октябрьде өтетін ВКП (б) 19 съезінің алдында өз бастарын аман алып қалуға жанталасқан дайындық шараларының бірі еді.   «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан сөз ету туралы» атты мақаласы жөнінде ҚК(б)П ОК-нің 1951 жылы 10 сәуірде қаулысы шықты,  онда хатшы Шаяхметов жолдас БК(б) Оталық Комитеті басшылығымен идеологиялық майданда жіберген елеулі қателіктерді  ақырына дейін түзей алады деп серт береді. ҚК(б)П ОК  «ақырына дейін түзей алады» деген сертіне адалдығын жиырма сегіз жыл  өткеннен кейін де 1979 жылдың 14 желтоқсанында тағы да бір мәрте нақты іспен дәлелдеп шықты. Біздің сұрау салуымыз бойынша, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, мұрағатта сақтаулы жатқан(  708 қ. , 83 тізім, 96 іс, 46-54 пп.) 1979 жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «О работе ректората и парткома Карагандинского государственного университета по идейно-политическому воспитанию студентов и совершенствованию подготовки специалистов в свете требований XXV съезда КПСС» туралы қаулысын және оған қоса: 9 парақ 1 данада қосымша құжаттардың көшірмесін жолдады.   Бұл құжаттың құндылығы мынада. 1951 жылы «саяси аппарат» ақын Қасым Аманжоловқа қарсы қандай қулық-сұмдық амал қолданса, тура сол тәсіл 1979 жылы ректор Ебіней Бөкетовке де қарсы жұмсалған екен.  Ректор Ебіней Бөкетовке қатысты  ҚК(б)П ОК-нің қаулысында  1976  жылдың наурыз айының басында өткен КПСС-тің  XXV съезіне сілтеме жасауы өздері үшін орынды, заңды көрінеді. Үйткені, қылған істері 1977 жылдың 7 –ші қазанындағы  СССР-дің конституциясына сәйкес келетін. СССР-дің жаңа конституцияның 6-шы бабында КПСС-тің – орны конституциялық құрылыста заңды түрде бекітілді: «Руководящей  и  направляющей   силой   советского общества,  ядром  его  политической  системы,  государственных  и общественных   организаций   является   Коммунистическая   партии  Советского Союза.» Бұл конституциялық норма 5.01.1920 жылы Ресей коммунистік партиясының(большевиктер) Қазақстандағы біртұтас Орталығын құру туралы қарарында көзделген «біз саяси басшылар және ұстаз болып табыламыз» деген 1917 жылдан іс жүзінде (де-факто)жүргізіліп келе жатқан ұстанымын түпкілікті заңдастыруы (де-юре)еді. КПСС саяси басшы болса, ол, Советтік мемлекетте орын алған жаппай саяси қуғын- сүргінге бірден бір жауапты заңды тұлға болып танылуға жатады. СССР конституциясында КПСС-тің Советтік  қоғамның басқарушы және жол нұсқаушы күші, оның саяси жүйесінің, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзегі болып табылады делінген. СССР Конституциясында КПСС – күш деп ашық айтылып отыр, бұл «әлді жықпақ бай жеңбек әуел бастан» дегендей, Совет үкіметі, партия, қоғамдық құрылымдар толықтай  саяси аппараттың билігінің қоластына көшті де, партиялық бақылау, қадағалау деген уәжбен әркімнің, барша қоғамның, бүткіл мемлекеттің тыныс- тіршілігі тымырсық түнек түрмесіне қамалды. Саяси аппараттың тар қапасында қатардағы қарапайым қараңғы саналатын қара шаруа ғана емес, олармен  бірге көзіқарақты  қара таяқтар да күн кешті. Мысалы,  ҚК(б)П ОК-нің бюро отырысында, (хаттама№86,  8- пункт, 14 желтоқсан 1979 ж.)академик Е.А. Бөкетовті  Қазақстан Компартиясының  XIII, XIV съездерінің делегаты, Қарағанды облыстық партия комитетінің  мүшесі   болғанына қарамай оны ректорлық орнынан алып тастауға ұсыныс жасалды. Ректорат пен парткомға қойылған ең басты айып студенттерді идеологиялық –саяси тәрбилеу ісі КПСС-тің  XXV съезінің, Қазақстан Компартиясының   XIV съезінің талаптарына сай болмай шығуы. Ректор Е.А. Бөкетов КПСС мүшесі, сол себепті оны қызметтен кетіруді Қарағанды облыстық партия комитетіне жүктеді.  Облыстық партия комитеті Бөкетовті шақырып алып бюроның қауысымен таныстырған соң ректор өз еркімен кету жөнінде өтініш жазады. Е.А. Бөкетовтің университеттің ректорлық қызметтен босауының себебін жазушы Медеу Сәрсеке «Ебіней Бөкетов» атты ғұмырнамасында ректор мен бірінші хатшы Д.А.Қонаев екеуінің арасындағы бақталастықтан көреді де, елдегі билік иесі талантты тұлғаға жол бермеген, жазықсыз қудалап, күнкөрсетпегенге саяды. Әрине, о заманда да, бұл заманда да күш сынасқан күндестіктің болғанын, болып жатқанын жоққа шығаруға да болмас. Дегенмен, біз бұл жерде тек жоғарғы оқу орны- университеттің ректоры «саяси апппараттың» шешімімен лауазымды қызметінен босатылғанына тоқталып отырмыз.   Е.А.Бөкетов университеттің ректорлығына 1972 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің ұсынуымен тағайындалған болатын, 7 жыл өткен соң обком ЦК-ның өткізген тексерісінен кейін, бюроның  нұсқауымен ректорлықтан алып тасталды.  Ректор Бөкетов КПСС мүшесі болып табылатындықтан партияның Жарғысы мен ұйғарымына қарсылық білдіруіне реті де, дәрмені де жоқ еді. Бюроның шешіміммен келіспесе партиядан шығарылып тастарылар еді де, басқа бір ғылыми, оқытушылық жұмысқа ілігудің өзі мұң болмақ-тың. 1951 жылы Қасым Аманжоловты да Орталық Комитеті партия қатарынан шығармақ үшін «Әдебиет және искусство» журналында сын мақала жариялауға нұсқау берген. Партиядан шығарып алса, Жазушылар Одағынан кетіру жеңіл, қаламгерлер ұйымынан кетсе, ақын жалғыз күнкөріс көзінен айырылар еді. Бұл саяси аппараттың өзінше ойлап тапқан «демократиялық» ойны болса, 1937  жылы жағдай басқашалай қалыптасты, ол жылы Қарағанды обком партиясы «халық жауын»  әшкерелеу қажеттілігі туралы тікелей тапсырма берген. Қарағанды облысы 1932 жылы құрылған, облыс орталығы әуелде Петропавл қаласы,  1936 жылы Қостанай және  Солтүстік Қазақстан облысы бөлініп шғып, облыс орталығы Қарағанды қаласына ауыстырылды. Сол себепті Қарағандыда ЦК ВКП (б)-ның Қарағанды облысы бойынша ұйымдастыру бюросы құрылып,оның  бірінші хатшысы болып Г.И.  Пинхасик  тағайындалды. 1937 жылдың 10 қарашасында III- партиялық областық пленумда: « Вопрос о Балхаше надо будет разобрать на заседании Бюро. Факт остается фактом, что Прибалхашский райком ни одного врага не разоблачил». Пинхасик «жауды тап» дейді. Бюроның келесі отырысында дейін Балхаш өңірлік партия комитетіне бір «жауды» қалай болса да табу керек-тің. Таппаса,  өз бастары саяси саудаға түседі, себебі Пинхасик хатшылығымен қоса, НКВД-ның халық комиссары Н. Ежов ойлап тапқан, «особая тройка»-ның мүшесі, бұл соттан тыс саяси репрессияның органы болатын. 1979 жылдың Бюросы ректорды орнынан алуға ұсыныс берсе,  1937 жылдың Бюросы «халық жауын» әшкерелеуге тапсырма берді. Партия мен Пинхасик айтты-бітті, өңірлік партком «халық жауын» жылдам тапты. Алыстан іздеп азаптанбай Балхаштағы кенбайыту фабрикасының инженері Төленов Жармұхамедті өндірісте зиянкестік істеді деген жалған айыппен 3 желтоқсанда қамауға алды. Төленов(үкім бойынша Тюленев ) тергеуі бір жылға созылды, 1938 жылдың 18 қазанында ол 25 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, Магаданға айдалды.(қ.1680 т.3,іс.122) Төленов Магаданда жүргенде 1940 жылдың 4 ақпанда Москвада 1936-1938 жылдары  НКВД-ның бастығы болған Н. Ежов атылып тасталды. О, құдірет! Қаныпезер Ежов атылған 4 ақпан күні Төленовке қатысты айыптау үкімінің күші бұзылып, іс қайта тергеу жолданды. Төленов алты айдан соң Қарағандыға 1940 жылдың 29 тамызында оралып, Балхаш фабрикадасындағы қызметіне кірісті.  Инженер Ж.Төленов, ақын Қ.Аманжолов, ғалым Е. Бөкетов үшеуі де КПСС мүшесі.  Инженер Ж.Төленов Семейде алақұйын заманаларда 23 жасында 1924 жылы Ленин өлгенде партия қатарына өткен, ақын Қ.Аманжолов қан майдан даласында 33 жасында  1944 жылы соғыста партия мүшесі болды, ғалым Е.Бөкетов 23 жасында Алматыда бейбіт тіршілікте 1948 жылы студенттік кезінде партияға қабылданды. Үшеуі де партияға құдайдай сеніп өткен жандар. Үшеуі де Бюроның нұсқауымен заңсыз  қудаланды, жәбір көрді, жапа шекті. Үшеудің ішіндегі жас шағынан үлкені инженер Ж.Төленов 1961 жылы аман-есен зейнетке шықты, Қарағандыда республикалық дәрежедегі зейнетақысын алып тұрып, 82 жасында өмірден өтті.  Төленовтен жиырма төрт жас кіші Ебіней Бөкетов  58 жасында кенеттен қайтыс болды. Бөкетовтен он төрт  жас үлкен  ақын Қасым Аманжолов 1955 жылдың  17 қаңтарынан 18 қаңтарға қараған түнінде 43 жасында өмірден озды. Әрине, ол кезде ақынның неден өлгенін анықтайтын экспертиза өткізілмегені белгілі. Ақын сырқат еді, кейінгі жылдары жиі науқастанып қала берген, тұрмыс- тіршілігі, денсаулығы төмен адам-ты, бұрынан келе жатқан дерт алып кетті деуге реті келіп тұр.

Бірақ, ақынның  «Мен не жаздым сонша соңға түскендей» өлеңінде баян еткен қорлығы мен қайғысы  бізден  Қасым Аманжоловты жаппай саяси қуғын- сүргін құрбаны ретінде құқықтық және саяси тұрғыдан ақтап алуды талап етуде. Біле білсек, құқықтық тәртіп тұрғысынан қарасақ  Қасым Аманжоловтың «Мен не жаздым сонша соңға түскендей» өлеңі Мемлекеттік комиссияға ақынның өзін заңды және саяси тұрғыдан ақтауды сұраған азаматтық өтініші, адамдық ұсынысы.   Қасым Аманжоловтың жаппай саяси қуғын- сүргіннің құрбандарының қатарына қосуға құқықтық негіз беретін дүниенің бірі — ақын    Кенесары Қасымовтың көтерілісіне байланысты саяси сынға алынып, осы себеппен қудалануы. ВКП(б) органы  «Правда» газетінің бетінде  1950 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан  тарихының мәселелері  маркстік- лениндік тұрғыдан баяндалсын»деген мақаласының басылуы бұл партияның екіжүзділігін көрсетеді. 1941 жылы Германия СССР-ге басып кіргенде Қазақстанда жауынгерлердің рухын көтеру үшін даңқты бабаларының ерлік істерін еске  салғанда Кенесарының да аты аталған. Күркіреп соғыс та өтті, қауіп- қатер де сейілді, енді жаппай саяси қуғын-сүргінді жаңа күшпен жалғастыруға мүмкіншілік алдық деп «саяси апппарат» қазақ ұлтының адал ұлдарын аңдуға, алдауға, аулауға, атуға емін-еркін кірісті.  Бұндай зымиян, сұрқия амал «саяси апппарат» тарапынан империя заманынан қолданылып келе жатқан іс еді. 1838 жылы Кенесары хан көтерілісіне  қатысқан Қаракесектің Байбөрі табынан шыққан ауылдар 1845 жылы еліне орала бастайды. Олардың біразы бұрын ақ патшаның офицері Кудрявцевтің басқаруындағы казак отрядына шабуыл жасағандар екен. Патша әкімшілігі оларға қатысты қылмыстық қудалауды әзірше тоқтата тұруға шешім қабылдайды. Үйткені, іздене бастаса оралған қазақтардың арасында күмән туып, қауіптеніп, шекара асып кеткенімен қоймай, өздерімен бірге басқа жұртты  да өздерімен қоса ала кетуі мүмкін. Сол себепті, далада толық тыныштық орнағанға дейін тергеу ісін уақытша тоқтау қажет санаған.  Патша әкімшілігі күте білген, олардан советтер де қалыспаған. 1943 жылдың 3 сәуірінде Семейдің облыстық соты Текебаев Азбанбайды  РСФСР-дың Қылмыстық кодексінің 58- 1 б.2, 58-11 баптарымен соттап ату жазасына кескен. Үкімнің кіріспе бөлігінде «Активный участник банд выступлений 1931 года» ерекше атап жазып қойыпты. Азбанбай да Кенесары ханның көтерілісіне қатысқан Байбөрілер  тегінен.  Органдар 1931 жылғы Абыралы көтерілісінің бастауы болған оқиғаны ұмытпай 11 жылдан соң 1942 жылдың 22 қарашасында қамауға алған. Батыста соғыс жаңа қызып жатқанда, шығыста жаппай саяси қуғын-сүргін ешбір тоқтау таппаған, ал  1951 жылы  ол тіпті кең құлаш жайып қазақ ұлтын тұтастай қамтуға айналды.

Қ.Аманжоловты, Е.А.Бөкетовті, Ж.Төленовті, Текебаев Азбанбайды  саяси репрессия сойқанына салған бар ресми құжатты шығарған, мәжбүрлеу, шектеу шараларын қолданған «саяси аппараттың» түп иесі, қожайыны ВКП(б)-КПСС болатын.  Сол себепті, КПСС, ВЛКСМ, Союз писателей СССР  құрылымдарын, «Правда», «Известия» газеттерін, басылымдарын саяси репрессияға тікелей кінәлі деп танып, Қазақ елінің бар азаматтарын қаралап, намыс-арын қорлап «бандит», «вредитель», «враг народа» деп саяси жала жапқан  бүкіл құқықтық- саяси құжаттарын заңсыз деп тауып, күші жойылды деп жариялауымыз қажет. Осы саяси шешімді Ақтау заңына енгізсек қана біз  саяси қуғын-сүргін құрбандарын саяси- құқықтық тұрғыдан толық ақтап алуға мүмкіндік аламыз. Онсыз  Қасымның  «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей..» деген саяси- құқықтық сауалы жауапсыз қала бермек!

1936 жылдың сәуірінде Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған  Қасымның «Талантқа техниканы қосу керек»  деген  мақаласының  атауын  сөз басында сол күйінде алып отыруымыздың себебін бірден ашық айтайық. Ол- Қасым сөзінің қасиет- құдіреті. Қасым сөзі- «шинель» де емес, «шекпен» де емес, «етік» те емес. Қасым сөзі- найза. Үкілі найза. Қасым- қазақ өнерінің үкілі найзасы! Қазақтың әні мен өлеңін найзадай көтеріп келген де, Шығыстың аласа аспанын түңдіктей түріп тастаған  да — Қасым!    Қасым- асыл жары поэзияға тең болсам деп арман еткен ойшыл ақын. Ежелден ерке бұлан, еркін өскен терең ойдың құдығын қаза білген сол баяғы бір Қасым!

Соған айғақ, дәлел, дерек ретінде Қасымның музыка мен музыканттар туралы  жазбасында әлімсақтық, байырғы мәдениеттің «техника» атты  термин сөзін асқан білімпаздықпен  арқау етіп алғандығына назарларыңызды аудармақшымыз.

Біз үшін Қасымның «Талантқа техниканы қосу керек» деген ой-сөзінің құндылығы автордың «техника» терминін үйреншікті болып кеткен қолөнер кәсібі, оның өнімін әзірлеудегі іс- қимыл барысы, амал- әрекеттер жиынтығы деп емес, техниканың арғы атасы көне грек «τεχνη» терминінің негізгі мағынасында, өте орынды, ретін танып қолдана білуінде болып тұр. Көне термин сөз «τεχνη»  мағынасы — өнер, білім, ғұмыр.  τεχνη — көзге көрінбесті, білінбесті ашып беруші, айқындаушы, ақиқатты жүзеге асырушы. Табиғат  әуел бастан ғылым, рахым, ғадаләтті әркімге шама- шарқынша бар қылып жаратқан. Үшеуі де адам бойына тәңір ием дарытқан қасиет-қабілет. Бұл- Жаратушының әркімге сеніп тапсырған сыр сипаты. Адам баласы сеніп тапсырылғанға кепілші болып, жауапкершілікті өз міндетіне алуға келісім берген. Пенде Алла аманат еткен заттың амандығына, тазалығына мүлтіксіз қызмет ету жолында болуға серт еткен соң жоқтан бар болып, адам болып өмір сүру құқығының иесі атанды.  Әркім — дарынды таланты бар,  еркін, есті, тілді, естуші тұлға.   Алла берген сыйды өз халінше, қадарынша гүлдендіріп, кәмәләтқа жеткізбек үшін әрине жаратушы тарапынан  адамға ынта да, жігер де берілген. «Бұл үшеудің (ғылым, рахым, ғадаләт) өзі таза ниетпен ізденсең ғана берілетін нәрселер, әйтпесе жоқ» дейді Абай. Ізденіс дегеніміз-  ұғу, үйрену, сол арқылы ашылу, толығу, ақылға ақыл қосу процессі. Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпсн өсер.  Ашылу- менмендіктен арылу, ғадалет мекен қылар орынға айналу. Алла хикметін анығырақ сезумен артық ғылымға қол жеткізу. Рахым мен ғылымды таза ниет, ақ адал жүрегіңмен қабыл алу. Адамдықтың қағбасына, үйіне айналу.  Гректің «этика» сөзі де осы «үй» — жан-жануардың, ит-құстың апан, үңгірі,  тұрағы, баспанасы, ұясы деген мағынасынан шыққан. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Швед тілінде құстардың «ұя салу» процессін белгілейтін сөз: «bala».  Бұл термин көптеген тайпалардан құралған көне шумерлердегі мағынасы — «шаруашылықты басқару қызметінде кезектілік ретімен алмасу». Абай жолындағы бірінші сөйлем: «Үш күндік жолдың, бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.» Соңғы  «барын салды» сөз тіркесін жазушы Мұхтар Әуезов Абайдан алып отыр: «Ортаға көп салдым, Өзімде барымды. Япырмау, неңді алдым, Сау коймай арымды?»  Барлық пен байлықтың қайнар көзі- білім. Барлық бала шәкірттік шақтан жиналады. Абай айтқан: «Әділеттік, арлылық, махаббат пен — Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.» деп. Басқаға әрі өтуге жол жоқ. Сол себепті «Бала шәкірт» термині- таза мұсылман, толық адамдыққа жету жолы. Енді, бір сәт ойланайықшы. Қасым ақындықтан өзге бірнеше музыка аспаптарында ойнай білген, нотаға сауатты, ән жазған, театр сыншысы, журналист, өнер қайраткері. Тегінде, бала шәкірт Қасым Семей қаласында оқуда жүргенде бір мықты ұстаздың  мектебін көрген сияқты.

Қасым мақаласы Орал қаласында өткізілген күйшілер мен музыканттардың слеті- байқауынан жасаған әрі қысқа, әрі нұсқа сын- репортажы. Қасымның мақаласы оның Оралдағы облыстық театр студиясына биліктің бұйрық-жарлығы бойынша жетекшілік қызметте жүргенде жазылған дүниесі.

Үйткені, Қасым Аманжолов 1932- 1936 жылдары Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда өмір сүрген. 1934 жылдың мамырында «студия- театр» ретінде құрылған оқу орнының ісі өнбей, күтулі нәтиже болмай қойған соң, 1935 жылдың наурызында облыстық партия мен облыстық атқару комитеті өздері тексеру жүргізіп, жетекшілік етуге «Екпінді құрылыс» газетіндегі Қасым Аманжоловты бекітеді. Әрине, бұл шарасыздықтан туындаған тағайындау еді, Қасымның арнаулы салалық білімі жоқ, Алматыдағы оқу- ағарту комиссариаты  қажетті маман жібермей қойған. 1934 жылы студия- театр құрғанда бұл оқу орны 8 ай ішінде болашақ қазақ драма театрына керек актерлерді дайындап шығаруға міндетті еді. Бірақ, ұйымдастыру кезеңінде жіберліген қателіктердің нәтижесінде қазақ драма театрын құру жоспарының орындалмай қалу қаупі туады, бір жылда бес директор келіп, бес директор кеткен. Бір жылдың ішінде 32  оқушы студияға кіріп, біраз уақыттан кейіін оқуды тастап кетсе, сол уақытта 10 оқытушы ауысқан. Жергілікті билік жедел арада, шұғыл түрде өз күштерімен студия мәселесін   шешуді, істі дұрыс жолға қоюды ойластыра бастайды. Театр ісін тез арада, бірден өз бетімен жүргізіп алып кете алатын,  оқу мен тәжрибені үйлестіріп, үйіріп, өрел болар, жан-жақтан жасақталып жатқан жаңа ұжымды басқара алар  кісі іздестіре келе бәріде бір ауыздан Қасымның кандидатурасына тоқтайды. Партия мен комсомолдың студия- театрға жетекшілік етуге біздің Қасымды таңдап алуының себебін  оның мына біз сөз қылып отырған мақаласындағы көшелі өнер иесінің бигінен көрініс берген музыкалық білімділігінен көреміз.  Қасым «Талантқа техниканы қосу керек» мақаласында  музыканы «көркем өнердің көркі» деп бағалайды. Сондықтан да жалпы көркем өнер қызметкерлерінің арасында музыканттардың алатын орны да соншалықты зор саналады. Музыканттық көбінесе талантқа байланысты. Музыкаға ыңғайы күшті таланттардан жақсы музыкант шығады. Қазақ көркем өнерінің жақын арада қалалық слеті болды. Сонда біз едеәуір ысылып қалған, таланты күшті күйшілерімізді, музыканттарымызды көрдік. Солардың бірі Оралдағы қазақ  студияның оқушысы  Orazqalьjьp Сәkіr (мақала латын графикасымен жазылған, есім-текте қате кетпес үшін сол күйінде алдық.) Orazqalьjьp Сәkіrдің музыкалық таланты бар, скрипкада әжептәуір ойнайды. Былайғы мандолин, домбыра, рояль жағына да бір сыдырғы ыңғайы бар. Шынында Orazqalьjьp Сәkіr музыкалық курсын, немесе мектебін өткен емес. Ол өзінен өзі ақ музыкалық жолға түсіп жүр. Мінекей, бұл жерде біз Orazqalьjьpтың талантты дарыны бар екенін көреміз…. Orazqalьjьp Сәkіr-дің әйелі Orazqalьjьва Tymija студия оқушыларының арасында қазірде алдыңғы қатарда келе жатыр. Актрисалық таланты бар. Даусы да бір сыпыра тәуір. «Ардақ», «Жиырма бес», «Айнам көз» әндерін скрпикаға қосылып жап-жақсы айтып шығады… Біздің заманымыз көркем өнердің жоғарғы дәрежесін талап етеді. Бізге сол зор тілегімізді қанағаттандыра аларлықтай көркем өнер кадрлары керек. Ол үшін кадрды дайындау керек, көркем өнердің техникасыне жетілдіру  керек. Техникасыз, білімсіз құр талантпен ілгері басуға болмайды. Талантқа техниканы қосу керек, міне сонда шын мағынасында көркем өнер кадры шықпақ… Мысалы: Orazqalьjьp әлі күнге дейін нотаны жөнді білмейді. Бұл қате. Жақсы музыкант болу үшін алдымен нотаны жақсы меңгеру керек.»-деп түйіндейді Қасым. Яғни, көшелі өнер иесі болып шығудың бір шарты музыкалық сауаттылық, білім, шеберлік қажет.    Қасым Аманжоловтың 1935 жылдың басында өзіне билік сеніп тапсырған істі аброймен атқарып шығарғанына дәлел ретінде «Екпінді құрылыс» газетінің 1936 жылдың 31 желтоқсанындағы нөмірінде  жарияланған 1934 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық ппартия комитетінің бірінші хатшысы Құрамысов Ізмұқанның Орал қаласына драматург, театр майталманы Жұмат Шаниннің келуіне байланысты жиындағы сөзі дәлел: «  Біздің театрымыз жас театр. Біздің театрымыз гүлдене бастаған соң, бізден нәтиже шығатынына көз жеткен соң бізге Жұмат Шанинды көмек бер деп жіберіп отыр. Сіздердің қай- қайсыңыздың естерінде бар шығар. Мен өткен жылы Алматыдан қатардағы артистердің бірін сұрағанда бере алмаған еді. Міне бүгінгі күні Шанинді беріп отыр. Бұл бізге үлкен жәрдем. Үлкен сыйлық. Бұл Қазақстанның театрының, көркем әдебиетінің кадрының жеткілікті болғандығының дәлелі, сонымен қатар  өскендігімізге ілтипат. Мен сіздерді 1934 жылдың басынан ақ  білемін. Сіздердің тарихтарыңыз да содан басталады. Ол уақытта қандай едіңдер, бүгінде қандай болып отырсыңдар. Өздеріңіздер де білетін шығарсыздар. Мен артиспін деп рөлге таласып, біріңе бірің бағынбай жататын  едіңдер ғой. Бүгін ол жоқ қой. Алматының Қазақстандық театрына сөз жоқ қой. Енді сендер де облыстық театрының қайсысымен де болса таласуға шамасы келетін театр деуге болады. Жұмат қазақ искусствосының ағасы деуге болады.»  Қасым Аманжолов сол күні Жұмат Шанинмен кездесті ме, жоқ па  біз білмейміз, ондай ақпарат таппадық. Біздің қолымызға түскен деректер бойынша Қасым Оралда қазаққа белгілі екі кісімен жүздесіпті.  Бірі, Қасымды Оралда 1934  жылы күзде іс сапармен жүргенде кездестірген  Жайық Бектұров. Екінші кісіміз-  Сәбит Мұқанов. 1935  жылдың наурызында Оралға қазақтың өнері мен әдебиетінің мәселелерімен келген Сәбит Мұқанов «Екпінді құрылыс» газеті редакциясының ғимаратында жергілікті ақын, жазушылармен жолығады. Бұл, Сәбит Мұқановтың 1932-1935 жылы оқыған Москвадағы қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін бітіріп келген кезі болар. Оралда өзінің өмірбаянымен  таныстырғанда 17 жасынан соң  сауытын ашқанын «Сондықтан ерте уақыттағы менің өлеңдерім көбінесе ауыздай айтылатын өлеңдер еді. Бұлардың барлығы да ертеректе болды, енді мен қызыл профессура институтын бітіріп, батыс елдерінің, орыс халқының және басқа халықтардың әдебиеттерін білгенен кейін өзімді бір сыпыра сауатты деп санаймын» депті. Газет қызметкерлерінің алдында, оның ішінде, әрине Қасым да бар, С.Мұқанов «қызыл профессураны» бітірген соң бір сыпыра сауатты болғанын ерекше атап өтеді. Тарихи –құқықтық құжаттарға сай ол институт қызыл, коммунистік идеологиялық қызметкерлерді шұғыл, тез арада дайындау үшін құрылған еді.  «Қызыл пофессура институты»- теориялық тұрғыдан жалған «пролетарлық диктатураны» желеу етіп, сол таптың қамын жегенсіп, өздерінің  шағын «партиялық» тобына артықшылық, өзгешілік беріп, өзгені  іріткі салушы, әлеуметтік жат элемент деп асып, атуға көшкен «қызыл террордың» идеологтарын шығарушы партия органы еді. С.Мұқановтың өзі де куәлік етеді: «Сөзім- оқ, үнім- найза түйреп қасты, Даусымды арпалысқан күрес ашты.» Жалғандық пен жасандылықты жалау еткен бұралқы, бұзық, бүлікшіл  ВКП(б) қас заманның құдайы іспеттес еді. Шумерлер өз құдайларын «музыкант» деп атағандығы туралы әңгіменің шығу тегі жалпы әлемді ақыл, ой, ес, парасат билейді, басқарады деген  пікірге байланысты. Мына, адам баласының көзіне көрінген, ақылмен білінген, жүрекпен  сезілген бар нәрсе Жаратушының емеуріні. Емеурін- жұмбақ, тұспал тіл,  сырлы сыбыр. Тұспал сөз. Мақсат, ниетті аңғартатын нышан, ым, біліну, көріну.  Ымды білмеген, дымды білмес. Алла тағала адам баласын не үшін жаратты? Өсіп, өнсін — деп. Сол өсіп-өну жолында адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды — әуелі дос көбейтпек, ешкімге қас сағынбастық, зарар келтірмеу, әрбір ісің таза ниетті, арқа сүйерлік шеберлікпенен  болуы. Ғұмырдың өзі ғалами ғылымның бір көрінісі, білінуі. Білінгенді білмек үшін- таланты адам бойына біткен бар қабылет, қасиетін, дарынын  дамытып, жетілдіруге міндетті. «Талант» — көне гректік сөзі. Оның бір мағынасы ежелгі Палантин антологиясында жазылған: соттың тезі, әділдік таразысы.   Таразы да, қазы да өз бойыңда болу үшін талантқа техниканы қос дейді Қасым.

 

ҚР судьялар одағының мүшесі,отставкадағы судья                 Марат Азбанбаев

 

 

.