Марат АЗБАНБАЕВ «Қасымның Оралдағы өмірін зерттеу мәселесі» (жалғасы)

Қалада орын алған жағдай анықталған соң бәрі де студия театр ісін тез арада дұрыс жолға қоятын білікті, білімді маман іздей бастайды. Жуық арада өңірде табыла қоймаған, Алматы тиісті кәсіби маман жолдауға ықылас білдірмеген, республиканың он бес жылдығына дайындалып әлек, алыстағы Оралға кім бара қойсын. Оралдықтар Алматыдан қатардағы артистердің бірін жіберуді сұрағанда да, олардың бұл орынды өтінішіне құлақ та аспаған.

Істің арты насырға шауып бара жатқан соң,  біздің өзіміздің ішімізде  студияға жетекшілік етуге лайықты кім бар деуге тіреледі. Облыстық комосомол ұйымы бірауыздан Қасым Аманжолов лайық деп тауып студия театрдың ендігі тағдырын соның қолына сеніп тапсырады. Әрине, хатшы Ізмұқан студия театрдың жетекшілігін ақын, журналист, комсомол Қасым Аманжоловқа тапсырмас бұрын студиядағы іске тексеру жүргіздіріп барып ресми шешім қабылдаған. Соныменен, ақын Қасым Аманжоловтың Қазақстан Республикасының Халық ағарту  халық комиссариаты арнайы  құрған Орал қаласындағы студия театрға 1935 жылдың наурыз айында жетекші болып ресми түрде тағайындалады.  «Бас қосылса Арысқа, кім шабады намысқа?» деп Абай сұрау салғандай Қасымның өнер өміріндегі тағдырлы трагедиялық тар жол, тайғақ кешуі осылай басталады.

Оралдағы билік тармақтары, астананың өкілі студия театрының жұмысы алға баспай, ақсап жатқанын бүкіл Қазақстанға, Совет үкіметінің  құлағына жеткізбей дабырлатпай, қоңыраулатпай, мәселені тым ұшықтырмай Оралда үй ішінің ішкі шаруасындай ахуалда қалдыруға өзара келіскен сыңайлы. Студияның сорақы жайының негізгі себебі студияны ұйымдастыруда Халық комиссариаты тарапынан да кемшіліктер кетіп, жергілікті жердің жұмысында олқылықтар орын алған соң екі жағыда Москвадан жеку естіп, таяқта жеу қаупі  сейілмей тұрғанда сөзді көбейтпеуге тырысты. Бұған Алматыдан келген Жазушылар Одағының өкілі Сәбит Мұқановпен Батыс Қазақстан облысының бірінші хатшысы Ізмұқан Құрамысов екеуінің жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан Орынбор қаласындағы таныстықтары да оң ықпал еткен сияқты.

Бірақ, советтік- партиялық аппараты алаңдатып, жүректеріне тағы үрей ұялатып, түн ұйқысынан шошып оянатындай қылып  елді елең еткізген мақала «Екпінді құрылыс» газетінің 1935 жылғы 1 мамыр күнгі санында басылып шыққан Қасым Аманжоловтың мақаласы еді. Біздің қазақ ұлты, біздің қазақ халқы Қасымды әуел бастан қазақтың –ар намысы деп бірден таныған. Себебі, Қасым партияның, революцияның, отаншыл халықтың әрдайым  сын айқас кезеңдерінде  ең бұрын суырылатын поэзиялық семсері болып жаратылған еді. Қасымның студия театр туралы мақаласы да шындықтың жаза баспай, бұлтармай соғатын снайперлік оғындай атылды. Қасым асқан мергендікпен құралайды көзге атқан кәнігі аңшыдай бірден нысанаға дәл тигізді де, оның мақаласы ең бұрын от алатын бронь бұзар снарядтай бюрократтық аппараттың амал айласының қорған қамалын бір атқаннан күйретіп тас талқан етті. Тағы да бір шындықты ашып айта кетейік.  Өлкелік бірінші хатшы Ізмұқан да, бюрократиялық аппарат та театр ісін тап мынадай білімді, білікті талдауды ақын Қасымнан күтпеген болар. Қасым қаладағы студия театрдың жұмысын ұйымдастыру қызметін жан- жақты тексере, зерттей, талдай келе алдағы уақытта облыстық бюрократиялық аппарттың басынан қайғы тарқамастай қорытынды жасап қоғамға ұсынады.    Өзінің студиядағы кемшіліктердің себеп- салдары туралы аналитикалық- ақпараттық  анықтамасын Қасым былайша  тұжырымдайды:«Қысқасы 1934 жыл студияның өмірінде үкімет ақшасын жөнсіз жойған жыл болып саналуға тиіс. Бұған ең алдымен облыстық оқу бөлімі кінәлі болуы керек».  Комсомол Қасым коммунистерден де азулы шығып ауызды бірден облыстық оқу бөліміне салып отыр.   Әлде Қасымға партия хатшысы Ізмұқан рұқсат берді ме екен, Сәбит Мұқанов келіп кеткеніне екі айдан асты. Сірә, Ізмұқан астананың өкілі кеткен соң өз қызмет құдыретін пайдалана отырып студияға тиісті тексеру ұйымдастыртып, қорытындысы бойынша қаламы жүйрік, сөзінің қисыны мықты, жүйелі талдай білетін, білімді Қасымға бюро шешімімен мақала жазуды тапсырған деуге келеді. Мақала обкомның газеті арқылы өңір жұртына жетеді, Алматыда да оқитын болған соң оттай жандыратын, оттай күйдіретін қуатты, уытты қалам иесі поэзия прометейі Қасымға тапсырмаған да басқа кімге тапсырады және де облыстық комсомол өнерді жетік меңгерген, сегіз қырлы бір сырлы ақын Қасымды театр ісіне басшылыққа ұсынып отырса.  «Үкіметтің ақшасын жөнсіз жойған жыл» деу заң жағынан, құқықтық тұрғыдан қарағанда Қасымның пайымдауы қисынға келеді және де оның жазғаны қызметтерін салақ атқарғандары үшін жауапты адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғауға жетерлік әрекетсіздік, зиянкестік, жауапсыздық туралы ақпарат еді. Кінәлі кісіні де дөп тауып атын атап, түсін түстеп береді- облыстық оқу бөлімі.   Қасым өзінің қорытындысына қандай жағдайлар негізінде келіп отыр екен енді соны бірге саралайық. Қасымның келтірген дерегі бойынша «қазақ студия театры Оралда 1934 жылдың мамыр айында ұйымдастырылған. Студияның адына қойған міндеті қысқа мерзім ішінде(8 айдың ішінде ұлт театр шеберлерін(актерларын) дайындап шығарып, облыстық қазақ театрының негізін жасақтау еді, одан бері бір жыл өтті, осы бір жылдың ішінде студияның тапқан табыстары жоқ емес бар. Бірақ жеткіліксіз. Бір жылдың ішінде алуға тиісті білімнің үштен бірі ғана алынған.1934 жылдың оқу программы 32 %  процент қана орындалған, оқу жоспарының орындалмай қалуына басты себептер мыналар болған. Біріншіден, оқушылар сұрыпталып алынбаған, кез келген адам студияның оқушысы болып жүре берген. Екіншіден, театр білімінен сабақ беретін мамандар, әсіресе ұлт мамандары жетіспеген. Үшіншіден, оқу жұмысы  дұрыс құрылмаған, басшылық  жұмысы кем болған.Осылардың салдарынан оқушылар мен оқытушылардың  тұрақсыздығы күшейген. Бір жылдың ішінде студияға кіріп, бір жылдан соң шығып кеткен оқушылардың саны 32, оқытушылардың саны оншақты болған.Қала берді басқарушы қызметкерлердің өзі де тұрақтамаған, студияға бес директор келіп, бес директор кеткен. Студияның оқитын үйі, оқуға керекті құралдары болмаған. Қалалық театр мен еңбек сарайының әр бұрышына көшіп жүріп өмір өткізген. Оқушылардың тұрмысы дұрыс құрылмаған, жатақ хана, асхана дегендер болмаған. Саяси тәрбие қоғам жұмыстары еш қандай жүргізілмеген.» Қасым жазған деректер, фактілер, ақпараттар аспанан түспеген, студия жұмысын тексерген комиссияның ресми  анықтамасынан алынғаны көрініп тұр. Ал, қорытынды ой, шешімді партия бюросы жасаған, тек Қасым, студияның жаңа жекекшісі болып тағайындалған соң өзіне артылып отырған жауапкершілік жөнінде оқырманмен ой бөлісіп, қолдағы бар деректі қоғамға дер кезінде жеткізуші, ақпарат таратушы болып отыр:«Қысқасы 1934 жыл студияның өмірінде үкімет ақшасын жөнсіз жойған жыл болып саналуға тиіс. Бұған ең алдымен облыстық оқу бөлімі кінәлі болуы керек.» Бір жағынан обком партия газетті өзінің трибунасына айналдырып отыр да, трибун Қасымның сөзі трибунал үкіміндей естілмек.  Мұндай пікірге біздің бәріміз Қасым мақаласын әрі қарай оқығанда бірдей келеміз. Қасым сөзін жалғастырайық: «Осы халдерді ерекше еске алып Ізмұқан жолдас бастаған облыстық партия комиттеті осы жылы 17 де (айы мақалада түсіп қалыпты, біздің жобалауымызша сәуір айы- Сәбит Мұқанов наурыз айында келіп кеткен соң қолға алынған іс сияқты)» қазақ студиясының жұмысын жақсарту туралы әдейі мәселе қарап, тиісті қаулы шығарды.» Қасым ресми қаулыға сілтеме жасауда. Бұл қаулыны оқып көрелік деп едік, мұрағатта обкомның барлық хаттамалары, қаулылары құпия тұрде сақтаулы, қолға берілмейді деген уәж естідік. Ол қаулыда (Қасымның қолында қаулы мәтіні болған екен),  қазақ студиясының жұмысын дұрыс жолға қою, студияның көркем өнердің үлгілі ордасына айналдыру жөнінде нақты шаралар көрсетілді. Ол шаралардың бастылары: ең алдымен студияны көркем өнерге икемі мол, талапты, жігерлі жастар мен толықтыру , олардың тұрмыстық күйлерін жақсартып, жұмыстарының жемісті болуына жағдай туғызу, оқу жүргізетін, ойын қоятын орындармен қамтамасыз ету, түрлі оқу, театр құралдарын жеткілікті алуына жағдай туғызу, көмек көрсету болды. Міне, осының арқасында соңғы кезде, студияның өміріне жаңалықтар кіріп,  жұмысының бет аласы бір сыпыра жөнделді деуге болады».  Қасым мақаласында партия мен комосомолдың күнделікті қадағалуы мен көмегінінің арқсында тәрбие жұмысы және қаражат мәселесі де дұрысталғанын атап өтіп театрдың тікелей шығармашылық жұмысына ауысады. Қасым тағы да бір мәрте облыстық партия комитетінің қаулысына сілтеме жасайды да, сол қаулының негізінде студия өзінің жұмысын негізінен қайта құра бастады деп мәлімдейді. Мақаланың осы бір тұсы өте қызықты, үйткені Қасым студия жұмысын Оқу-ағарту комиссариаты белгіленген жүйеден, жолдан өзгеше бір өзіндік үрдісте жаңғыртпақ ниет танытып отырғанын, жаңа көркем жетекшісі ретінде өз қызметін баян етуде. «Мысалы»-, дейді Қасым, « студия осы жылдың февралына дейінгі жұмысы кілең ғана қисын жөніндегі сабақтар (театр тарихы, актерлік қисын т.т.) болып келген. Қисын мен тәжрибе (практика) байланыстырылмаған, саясат, әдебиет сияқты оқушылардың жалпы сезімін, мәдениеттілігін артыратын сабақтар жүргізілмеген. Қазірде студияның жұмысы өндірістік түрге бейімделіп, қисын мен практиканы байланыстыра жүргізуге кірісті.» Бұл дегеніңіз, негізінде Қасымның новаторлық ісі, студияның жұмысы дағдарысқа ұшырап, құлдырап бара жатқанда өнерге оқыту орталығын сақтап қалуға, құтқаруға  бағытталған шұғыл шара және де шебер көркемдік шешімді тағлымдық танымының биіктігін танытып  отыр.  «Ендігі жерде»- дейді Қасым, «қазақ театр студиясы өзінің жемістерін  сахнада көрсетіп отырмақ. Алайда студия дәл қазіргі қалпында  театр жолына көшіп кетуге болмайды. Бізге үлгілі, өмірімізге сәйкесті театр керек. Білімді, мәдениетті көркем өнер шеберлері олай болса, біздің студиядағы жастарымыз әлі де оқулары керек, қисын жөніндегі білімдерін тереңдете беруі керек. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен қателіктердің салдарынан студия ал»дына қойған міндеттерін айтылған кезінде орындап шыға алған жоқ. Ұлт театрының заманымызға лайықты шеберлерін дайындап бере алған жоқ».  Қасым мақалада кемшіліктер мен қателіктерді жеке- жеке атап шығып,  студия үкімет үмітін ақтамады деп болған фактіні айқын суреттеп берді. Әрине, өз кезегінде ежелгі сұрақ шықпай ма: «Не істеу керек?», Қасым оған да мақалада өз жауабын ұсынады. «Сондықтан да, бұдан былай студия -театр емес, театр- студия болуға тиіс» дейді Қасым. «Былайша айтқанда: бір жағынан оқу оқыса, екінші жағынан ойын- сауық өткізіп отыратын болуы керек.  Сонда, бір, екі жылдың ішінде біздің театр студиямыз үлгілі ұлттық театр бола алатындығы сөзсіз. Студияның қазіргі жағдайы жақсы, келешегі зор. Театр студияның оқушылары соңғы  кезде пьесалар қоюға дайындық жасап жатыр. «Бүлікшілік», «Болат», «Таң Талсайдың тәртібі», «Шахты» сияқты пьесаларды жақын арада сахнада көрсете бастамақ. Бірақ, осы пьесаларды дайындауда көп қиындықтар кездескен болса, оны сахнада көрсетуде де орасан қиындықтар кездесейін деп отыр. Оның себебі, біріншіден театр өнерін, ұлт көркем өнерін жақсы білетін маман(режиссер) жоқ. Қазақстанның халық ағарту комиссариаты ондай адамды күні осы уақытқа дейін жібере алмай келеді. Екінші қиындық- театр студияның оқу жүргізетін, ойын қоятын үйі жоқ. Оқушылардың жатаханасы да жоқтың қасы.  Облыстық партия комитетінің бұл жөніндегі қаулысын тиісті мекемелеріміз орындамай отыр.Дәл қазіргі жағдайда театр, жатақ үйлер мәселесі театр- студия жұмысына үлкен бөгет жасап отыр.  Бұл мәселеге тиісті органдар ерекше зер салуы қажет. Театр студияны- үлгілі театр комбинатына айналдыруға бүкіл әкімшілік, шаруашылық орындарымыз, әсіресе комсомол, кәсіпшілік одақтарымыз көмектесіп ат салысулары керек».  Қасым бұл мақаланы жазғанда 23-24 жас жігіт, үйленбеген, жалқы, бойдақ адам, өзінің жеке баспанасы жоқ, газетте қызмет еткен кезі.  Ол үкімет құрған, облыстық оқу бөлімі ұйымдастыруға тиісті студия- театрға партия тапсырмасымен жетекшілік етеді.  Газеттегі мақалаларда Қасымның студия-  театрдағы лауазымы, қызметтік функциясы, құқығы айтылмайды. Бәрінің сөз саптауына қарасақ Қасым студияның жұмысын бір қалыпқа түсіруге, жөн-жобаға келтіру үшін жұмсалған арнайы үкімет уәкілі. Фельетон мен айыптаушы мақаланың мақсаты Қасымды театр ісінен кетуге еріксіз мәжбүр ету, бұлардың ісі  үркіту, үрей туғызу жолы еді. Қасымның қызметтік міндеті театр қызметін, театр- студия  өнерін бір жолға салып заман талабына сай, лайықты болатын өнер оқу ордасын құруды қамтамасыз ету. Қасым студияға барған кезде ол ұйым-ұжымның не директоры, не көркемдік жетекшісі болмапты. Оқу бағдарламасы алға қойылған мақсат-міндетке сәйкес емес, оқыту да жүйесіз, берексіз, режисссер жоқ, ойнайтын, оқитын үй-күй жоқ. Қасым жанып тұрған өртке келіп түскен, ақынның мына: «Өмірге пенде болып неге тудым, Не себепті қоғамның жолын қудым, Балапандай талпынып жас кезімнен Неге сонша серт беріп белді будым?» деген өлең жолдары театр студияның кері кеткен көшін таза өнер жолына алып шығу үшін күресіп жүргенде жазылған. Оны Орал өңірінің азаматы Зейнолла Тұрарбековтің Оралдық музыкалық драма театрын «Қасым құрған театр» деген шын жүрек шыққан сөзі толығымен растайды.

Қасым ақын өзінен кейін келер ұрпаққа өзі туралы деректерді архивтардан іздеу керектігін арман-датындай аманат етіп кеткен сыңайлы.   «Әдебиет және искусство» атты журналдың 1951 жылғы бірінші санының бірінші бетінде  Қасымның  «Ленин- Сталин» деген өлеңі былайша басталады: «Іздеймін жырға азық, Архивтардан сөз қазып. Шақырамын өлеңді «Ленин- Сталин» деп жазып.» Біз Оралда мемлекеттік мұрағатта кездестірген бір дүниеге байланысты Қасымның жаңағы өлең жолдарын заман ағымына сәйкес өзгертіп айтып жіберсек: «Іздейміз жырға азық, Архивтардан сөз қазып, Шақырамын шабытты «Орал- Қасым» деп жазып.» Шынында да, Қасым десек  Оралымызды еске аламыз, Орал десек Қасымды ұмытпаймыз. Орал қаласында 1936 жылы «Комосмол ұрпағы»  деген қазақ тілінде газет шығарыла бастапты, газетке партиялық нұсқау-директиваға сай редактор қылып обком комсомолының бөлім меңгерушісі Зейнолла Тұрарбеков жолданған еді.   Зейнолла жолдас газеттің 1936 жылғы 3 апреліндегі №16 (135) санында Қасым өміріне қатысты мақала жариялапты. Мақала «Советтік жастың күні» деп белгіленген баған-айдар астында шығуының мақсаты да бізге түсінікті, газет барлық жастарға үлгі боларлық совет жасының өмір- тіршілігін сипаттап беруде. Мақаланың аты «Күндік өмір», авторы біздің Қасым Аманжолов. Зерттеуіміздің басында біз бәріңіздің назарыңызды мына тарихи –көркем фактіге аударған едік. Ол- Қасымның бүткіл өмірлік поэзиясы Оралдан, Ақ Жайықтан, Шағаннан бастау алған деп. Әрине, Семей мен Қарқаралының өзіндік орны бар, алайда Қасымның адам, азамат, ақын ретінде танымал тұлға болып жаратылған жері- Орал. Біздің Оралдық Қасымның қазақтың бар  ақындарына поэзиялық ықпалы орасан, зор еді. Жаңағы 1951 жылы журналда жарияланған «Ленин- Сталин»өлеңіндегі  келесі «Архивтардан сөз қазып» деген жолдары кейін Мұқағали Мақатаевтің ақын Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңінде көрініс береді: «Шаң басқан подвалдағы архивтерден табылармыз». Бірақ, Қасым Аманжоловта ақын Мұқағали Мақатаевқа қарағанда «архив» сөзінің түпкі, алғы мағынасын дұрыс ұғып орнымен білімді  қолдана білгенін аңдадық. Мақатаевта «архив» сөзі сән үшін, Қасымда мән үшін жүр. Мұқағалида көне гректің «архив» сөзі «үкімет үйі», «өкімет ғимараты» мағынасынан алынып отыр, Қасым болса «архив» сөзінің алғы, арғы, негізгі сүйегіне сүйсініп шабытануда. Архивтің алғы мағынасы- бастау, әлім сақ, Абай айтқан ғалами ғылым, жаратылыс жарлығы, материяның қозғалысы. Өмір дегеніміз материя қозғалысының биологиялық көрінісі: «Өмір- дүние дегенің. ағып жатқан су екен, Жақсы жаман көргенің ойлай берсең У екен.»  Қасымда «Архив»- ой, қазақтың «ар» дегені қозғалыс, жалын, от:  «Қуатты ойдан бас құрап еркеленіп сөз шығар».  Міне, Қасым «архив» сөзін қалай ойнатып, ойлантып сөйлетеді. Қасымның «Болдым үйір өлеңмен, Сырлар тарттым тереңнен» деген өлең жолдары біздің пікірімізді бекіте түседі. Қасымның «Архивтардан сөз қазып» деген өлең жолдары терең ой мен терең ғылымға талаптанған жанның түбі терең сөзі. Ғафу Қайырбеков бізге Қасым Аманжоловтың өлеңін оқи білу қажет деп нұсқауына басшылыққа ала отырып біз айтар едік Қасымның Оралдағы публицистикалық, прозалық дүниелерін де  оқып білсек оның өрісі мен өресін тап басып көрер едік деп. Сол себепті сіздерге «Комсомол ұрпағы» газетіндегі Қасымның мақаласын ұсынамыз. Бұл мақалада Қасым өзіне қатысты деректерді келтіреді, оның «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» өлеңі де 1936 жылғы осы бір шағын әңгімеден бастау алады. Одан басқа, бұл мақаланың дәлел ретіндегі ролі де ерекше, 1935 жылдың қазан мен қараша айында «Екпінді құрылыс» газетінде қос ауыз мылтықтың қос оғындай қатар  атылған қаскөй материалдардың Қасымға қатысты жалған сөздерін жоққа шығарады. Қасым бұрынғыдай комосомол мүшесі, қызметін атқарып жатыр, дін аман-сау, өзінің «Күндік өмірін» көпшілікке жария етуде. Мұрағатта жатқан гаезттің халы мүшкіл екен, ескіріп, мүжіліп, үгітіліп, күл болуға айналыпты. Басқа мұрағаттарда газеттің осы саны бар ма, жоқ па онысын білмедік, сондықтан да Қасымның өзі қалдырған жазбаның деректілік тұрғыдан алғанда аса құндылығын еске отырып, жоғалып кетсе кейін өкінеміз ғой деп мәтінді толықтай қотарып алуды ұйғардық. Сүретке  түсіргеніміздің кейбір жері анық шықпаған соң мұрағаттың ғылыми қызметкері  Нагимова Ботагөз Жалғасовнаға қоңырау соғып тағы да бір сүретке түсіруді сұрадым. Өтінішімді қор бөлімінің қызметкері  Таудаева Гүлжиһан қолма қол орындап сәтті түсіріп жіберген соң ғана Қасым мақаласы толық шығатын күйге енді.   Біз, бәріміз бірге Қасым әңгімесін тыңдалық: «Шар ете түскен дауыс шекемнен өтті. Селк етіп оянып, көзімді ашып алсам: досымның кішкене бөпесі еңбектеп есікке барып,(ашамын деп қолын қыстырып алса керек) бақырып отыр екен. Барып көтеріп алдым да төсегіне домалата салдым…

…Көздің былшығын үге-түге шық-шық еткен сағатқа қарасам 8-ді соғып кеткен екен. Терезеге барып, сыртқа көз салдым: Нағыз жазғы тұрымғы маужыраған табиғат. Ұшы-қиыры жоқ айдындай көк аспанда көлбей жүзген кербез күн көкжиектен көтеріліп, күлімдеп қарап, нұр- сәулесін жерге төгіп тұр. Күннің алтын нұрына қанаты шағылысып, жалт-жұлт етіп бір бүркіт қалқып көкте кетіп барады.Түнде тоңазып қатқан жер күннің ыстық нұрына балбырап ери бастаған; Күн нұрымен оянған қар суы жыландай иретіліп, сылаңдап жыра- жырамен жылжып барады.Ілезде күннің нұры терезеден өтіп үйге кірді. Бала кездегі ойыма түсіп кетіп, айнаны алып, күннің нұрына тоса қойдым.Айнаға шағылысқан алтын сәуле төбеге ырғып шығып, еркелегендей жымыңдап, билеп тұра қалды… Әдетім бойынша, керіліп, созылып гимнастика жасадым.Бірақ үйде жасаған гимнастиканың бабы қанша келе қояды.Турниктың орнына- шегеге асыласың.  Кейбір нөмірлерін тастап та кетесің. Жуынып, киініп алдым да, түндегі жазғандарымды қолыма алып: «Табиғат тоқтамайды  сабыр етіп, Тоқтатуға табылмас еш бір тетік, Өзгермек сыры дағы, жыры дағы Өмірге біреу келіп, біреу кетіп » деп бара  жатқанымда, күжілдеп самауырын да келіп қалды. 4-5 аяқ шайды ілезде тастап алдым да, сұр шинелді  киіп алып, қара бөрікті қисайта тастап, кеңсеге қарай бүлкілдедім… Көше бір түрлі көңілді. Айнадай жарқыраға аспан. Қалқыған күн.Қалықтап ұшып бара жатқан жыл құстары көрінеді.Бұтақтарда,үйлердің шатырларында, терезелердің маңдайында сайраған сансыз торғай.Оқуға, қызметке анталай ағылған халық. Бәрініңде жүзі жарқын, көктегі күнмен бірге күлгендей, күннен қуанышты  сыр білгендей. Оңтүстіктен ептеп ескен жібек жел желпігенде көктемнің иісі шыққандай. Совет көшесі мен Коммунист көшесі мүйісіндегі дағдылы шіретке тұра қалдым. Бұл шірет қаладағы зор шірет. Бірақ, бұл шірет- капитал мемлекеттеріндегі биржелердің алдындағы жұмыссыздардың шіретіндей емес, одан әрине, әлде неше мың есе аса болар; ондағыдай жылжымайтын, қайта созыла беретін шірет. …(Мақаланың газеттегі тап осы жері желініп, түтіліп қалыпты оқуға қиын, сол себепті біз тек танылған сөздерді ғана келтіріп отырамыз ) Қала берді Оралдағы( не туралы жазылғанын сөйлемнің қисынына қарай жобалап отырмыз)…понның «алғырлығынан» туып отырған қазіргі керосин шіретіне де ұқсамайды. …Бұл шірет жастардың қаулап өскен мәдениеттілігін сипаттайтын шірет. Бұл газет,журнал шіреті.» Қасымның әңгімесінде Совет көшесі мен Коммунист көшесі мүйісіндегі газет пен журнал киоскісі айтылып отыр.Яғни,Қасым Совет көшесін жоғарыдан төмен қарай бойлап келеді: «Өмірдің алтын кесесін, Тосқанмын айдың нұрына. Кешкенмін  Совет көшесін Кеудемді ашып құрбыма. Сонау шетте, сонау үй, Кетер ме, сірә, көңілден? Алушы ед тартып мені ылғи, Махаббат, жастық лебімен.» 1943 жылы жазылған өлеңнен біз Қасымның өзі тұрған мекен жайды емес, басқа бір үйді айтып тұрғанын көреміз және де «сонау» деген сөзден Қасымға да, Оралдықтарға белгілі нақты үй- қазақтың музыкалық драма театры. «Махаббат пен жастық демі толы үйге кімдер жүр екен еркіндеп үйге еніп» дегені- театр үйі.  1935 жылдан Қасым жетекшілік еткен қазақ музыкалық драма театры 1948 жылы Атырауға көшірілді, «қаржы жетпейді», «кадр жетіспейді» деген сылтаумен. Қасымның әңгімесін әрі қарай жалғастырайық: «Үлесіме тиген газеттерді алдым да кеңсеге келдім, сағат тоғызға тақаған екен.- Бүгін күн қандай жылы, көктемнің сыры білінеді. «Қар да кетіп, жер кеуіп, Күн далаға нұр сеуіп. Мотор даусы көк жыртып, ТОн қопарып, жер жыртып,Егін жайда қайнап іс –Басталады-ау жазғы….» деді ақын досым Қуан…Іске кірістік. (біраз сөзді айыра алмадық, әңгіме газет қызметкерлері туралы.) …Ағып кеп далаға жайылған қайнар бұлақтың суындай- ой шыңынан құйылған сұлу сөздер ақ қағазға маржандай тізіле бастады… жорғалаған қалам… сорғалаған сөз,  жайнаған жүз, ойнаған көз. Бұлар газет қызметкерлері.Бұлар партияның өткір құралын баптап, қайрап, шыңдап, ұлы құрылыс майданына алып шығып отырғандар. Бұлар бүгінгі бақытты, салтты өмірдің сырын маржан етіп, тілін- жібек жіп, қаламын біз етіп, жалынды тілмен, дарынды жырмен, өмірге кесте тігіп отырғандар. Сағат төрттің шамасы.(Бір кітап, бір киім дүкеніне жолай соққаны туралы сөз бар, оған тоқтамадық.)..Мөлдір аспанда Орта Азияның  мақтасындай бөлек- бөлек ақ бұлттар орнаған. Алтын күн батысқа қарай ауған… көше- көшеде көпіршіп, ылайланып ағып жатқан қар суы. Суға шырпының қабын салып, кеме қылып, өздерінше  Арктикадағы «Челюскин»шілерге ұқсап, мәз болып ойнап жүрген жас балалар, судан, шалшықтан қорғанып, бақайының ұшынан басып, қалтылдап жүгірген кейбір кербез жеңгейлер. Зуу етіп өтіп жатқан машиналер, Ауыздығымен алысып, делбені керіп, сатырлатып өтіп жатқан аттар.Бір көшеде мойны сорайып, маң- маң басып түйе де кетіп барады. Ағыл- тегіл халық. Соның ішінде «С» қарындас та келе жатыр екен, жауқазындай жүзіне, жаудыраған көзіне- көзім түсіп кетіп еді… Үйге келдім..Ілулі тұрған мандолинді сыңғырлатып ойнай бастадым… ойымның жетегімен жорғалаған саусақтар небір аккорды салып- Жүректің терең сырларын, Көңілдің шаттық мұңдарын, сымға тізіп сызылтып, шалықтатып, құбылтып, кейде теңіз тасығандай- тамылжыта, үзілте… кейде тамған тамшыдай, сорғалата, тізілте..Dо, RE, Mij,  Pa,  SOL, Lә, Sij.. Лақылдата төкті күй.. Мандолинды тастай беріп, күймен тебілген көңілдің  шын сырын: «Көңіл шіркін шалықтап, Әр немені саласың, Кейде көкте қалықтап, кейде жерде қонасың! Не тілегің бар сенің, Айтшы маған тыңдайын! Келгенінше дәрменім, сырыңды мен жырлайын.Өмір- бақша жемісін, Ерінбейін, терейін, Тек сен емес, ел үшін, біз мұра салып берейін! Деп күнделікті  дестеріме жаза салдым да, «Маркс, Энгельс көркем өнер туралы» деген оқып жүрген кітабымды қолыма алдым». Сонымен, Қасымның өз қолынан шыққан оның бір күндік өмірі туралы жазбасынан ақынның 1936 жылы Орал қаласында Совет көшесінде жүргенін көреміз: Үстінде сұр шинелі, басында қара бөрік. Баяғы Қасым бір Қасым. Жазбай танисың. 1944 жылғы «Үстімде сұр шинелім » деген өлеңнің «сұр шинелі» ақын қаламынан қағазға түскен кезі  1936 жылдың көктемі. Оралда атты полкте 1933-1934 жылдары әскер сапында жүрген кезінен үстінен түспеген сұр шинелі.  Қасым -Газет қызметкері. Ұлы құрылыс майданында жүрген қайраткер қаламгер. 1936 жылдың сәуірінде Қасым  мандолинінен «Dо, RE, Mij,  Pa,  SOL, Lә, Sij..» деп лақылдата төгілген күйді біз 1939 жылдың  30 қарашасында дүниеге келген тағы да бір өлеңінен естиміз: «Жоқ! Махаббат- гүл емес, жанның күйі, Табиғаттың адамға тартқан сыйы. Кеуде бейне күй сандық, білсең ойна Оның да бар Dо, RE, Mij…  SOL, Lә, Sij » Қасымның Оралдағы қазақтың музыкалық студия театрына 1935 жылдың мамыр айынан 1936 жылдың желтоқсан айына дейін аман-есен жүргенін «Екпінді құрылыс» газетінің мамырдағы «Студия әртістері ет комбинатында» деген мақала, «Комсомолец ұрпағының »  21 қарашадағы «Шахты» атты хабары дәлелдейді. Бұл хабарда «студия театры 12 қарашада қойған пьесасы оқып жүргендегі кезінен ана құрлым жақсы болды» деген тұжырым жасалған. Бұл- Қасымның еңбегін шынайы бағалаудың қоғамдық көрінісі болатын! (жалғасы бар).