Марат АЗБАНБАЕВ «Қасымның Оралдағы өмірін зерттеу мәселесі»

Павлодар облысының Ертіс қаласында 1955 жылдың 3 қарашасында дүниеге келген Марат Ақторғайұлы Азбанбаев Қарағанды облыстық сотында судья болып қызмет атқарған. Дегенмен, өз жұмысын әдебиетпен ұштастырған қаламгердің туындылары қазақтың құнарлы тілін, ділін, құнды қара өлеңін, туған ұлтының жанашыр ұлтжан азамат екендігін айғақтайды.

Әдебиет әлеміне өзіндік стилі, үні, айтар ойын кәсібіне сай дәйектерімен жеткізе білетін тағылымды тың қаламгер Марат Ақторғайұлы Азбанбаев Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын  зерттеуші. Назарларыңызға Қасымның Орал қаласындағы өмірі туралы жазылған зерттеу еңбегін ұсынып отырмыз. 

 

Қасымның Оралдағы өмірін зерттеу мәселесі

      Оралдағы Қасым өмірін зерттеушілердің бірі журналист Мұнайдар Балмолда «Ақ Жайық» телеарнасында  маған қойған «Қасым Аманжоловтың «халық жауы» атанып, сотталып, атылып кетуі мүмкін бе еді?» деген сауалына мен «Қасым ақын, әйтеуір, құдай оңдап, ондай қайғы- қасыреттен өліп құтылды, үйткені Мағжанға өткізілген әдеби- сот процесстері тікелей Қасымға да қарсы баяғыда –ақ басталып кеткен еді, шамамен 1935 жылы деуге тірек болар фактілер мұрағатта сақтаулы деп сенімді түрде жауап бердім.

Біз, 2021 жылдың 18 қаңтарында Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының маманы Ботагөз екеуміз Ұзақбай атты азаматты мұрағаттың партиялық қорынан ұзақ іздесек те, Ұзақбай Құлымбетов таптырмай қойды. Ұзақбайдан үмітімді үзіп «Екпінді құрылыс» газетіне үңіліп, ақтарып- төңкеріп қарап отырғанымда латын графикасымен таңбаланған 1935 жылғы  беттерінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Құрамысов Ізмұқан деген кісінің есімін кездестірмесім бар емес пе?  Көзге түскен  деректі дереу әрі қарай дамытып пайдалану үшін біз «Ұзақбай Кұлымбетов» туралы ақпараттың растығын анықтамақ болып Оралдық секеннен  асқан ақын Айтқали Нәріковке қоңырау шалдық. «Сіздің 2011 жылғы мақалаңызда Батыс Қазақстан облыстық большевиктер партиясының бірінші хатшысы Ұзақбай, ал мұрағатта 1934- 1936 жылдарында- Ізмұқан, осы екеуінің қайсысы Сақыпжамалдың жездесі болып шықпақ және де бұл туралы әңгімені кім жеткізді сізге» деп төтесінен сұрау салдық.  Бар гәп, ақын Айтқали Нәріковтің әңгімесі ақын Қасым Аманжоловтың құдай қосқан қосағы Сақыпжамалдың жездесі Батыс Қазақсан облысының бірінші хатшысы болғандығы туралы еді. Егерде, Айтқали ақсақал жазғандай бірінші хатшы «Ұзақбай» болатын болса әңгіме бір басқа арнаға аумақ, ал Сақыпжамалдың жездесі бірінші хатшы болған Құрамысов Ізмұқан болса Қасым туралы зерттеу өзіне тиесілі заңды, дұрыс жолына түсіп, Қасымның «Жүзінде кәрі жердің әжімі көп, ізімді табарсыңдар әзер іздеп» деген сөздерін талдап, баға беруге бола-тынын іштей сезініп отырмыз.  Телефон тұтқасын көтерген Айтқали ақсақал біздің газет ақпаратынан тапқан Құрамысов Ізмұқанды ақын Қасым Аманжоловтың жұбайы Сақыпжамалдың жездесі деп санайтынын растады. Сақыпжамалдың жездесі туралы ақаратты кімнен және қайдан алғанын сұрағанымызда  Бисен Жұмағалиевтен естіп едім кезінде деп үн қатты. Бисен Жұмағалиев дегеніңіз  Ақжайық жұртына, Орал өңіріне, бар батысқа белгілі адам, обком хатшысы болып қызмет атқарған, аймақ тарихын жақсы білетін, көргенімен тоқығаны мол кісі. Демек, Бисен Жұмағалиевтің сөзіне сене қалсақ Сақыпжамал жаңағы бірінші хатшы Құрамысовтың балдызы  болып шықпақ. Ел  сөзін бақсақ Сақыпжамал басында Қасымға көңілі кетары болмағанымен, апа- жездесі жалғыз атты жас жігітті маңайларына жолата қоймағандай. Қасымның Орал қаласына келуі туралы аңыздар да  жеткілікті, бірі Алматыдан келді десе, бірі Ленинградтан келіпті-мыс. Қасым қай жақтан Оралға келсе де бұл қалада оның бір арқа сүйері, жан ашыры болғаны һақ. Үйткені, 1932 жыл Қазақстанды ашаршылық басып және советтерге қарсы шаруа көтерілісі  лаулап тұрды, ірі, ауыр өндірістер іске қосылып, жұрттың бәрі тыныш, тоқ тұрмыс іздеп, аш елдің сабылған кезі. Қасым жиырма жастағы жігіт, ағасы Ахметжан оны өз бетімен жібере де қоймас  та еді, және де Оралда ат басын тірейтін танысы  болмаса көңілі ұнатқан жұмысқа кім алады. Мына біздің тыныш заманның өзінде жүріп тұру қиындап кеткенін көріп отырсыздар. Қарағандыда мұрағатта Қасымға қатысты мәліметтерді тексере келе, мен шұғыл түрде тез арада  Орал қаласындағы мемлекеттік мұрағатқа бару керек екенін анық сезіндім. Оралда ескі көз таныс Шахин Амангелдімен хабарласып, өзімнің мақсатты жоспарыммен бөлістім. Шахин Амангелді 20 жылдай Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметін басқарған белгілі, беделді журналист, жазушы. Амангелді екеуміз алғаш 2003 жылда Астанада Жоғарғы Соттың төрағасы Қ.Ә.Мәмидің қабылдауына шақырылғанда танысқан едік. 17 жыл өткенде Қасым Аманжоловтың мұрасын зерттеу үшін Оралға ұшу керек болды да, 13 қаңтарда Амангелдіге қоңырау соғып бес күн мұрағатта жұмыс істеу үшін көмек көрсетуді сұрадым. Амангелдінің жасаған дайындық жұмысын Қазақстан жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Халиолла былай деп бағалады: «Қайда барсаңда жұрттың бәрі « Оралға Азбанбаев келіпті Қарағандыдан» деп қарсы алады, тап бір бүгін тура көктен Ғайса пайғамбар түскендей!»  Ең бастысы, Амангелді өзі барып мемлекеттік мұрағаттың басшысы Айжан қарындаспен келісіп карантин кезінде оқу залында маған жұмыс істеуге рұқсат алып бергені болды.

Мен, 18 қаңтарда сағат 10 –да мұрағатта Қасымның Оралдағы ізін зерттеуге кірісіп кеттім. Бекер келмеппін, құр қайтпайтын болдым, мұрағатта бірден өте бір құнды дерекке жолықтым. Партия қорында сақталған бір істің ішінде Қасымның Оралға ағасы Ахметжанның ақылымен келгендігін дәлелдейтін факт табылды. Ел-жұрт Қасым Аманжолов 1931 жылы Ленинград қаласындағы орман шаруашылығы институтында бір жыл оқыды деген естелік айтуда. Алайда, нақты дәлел ретінде ешбір құжат көрсетілмеген соң бұл ақпарат күмән туғызбақ.  Тағы да бір естеліктерге сәйкес Қасым Оралдың педагогикалық институында оқыған деген сөз бар, бірақ оған да дәлел- құжат жоқ. Қасымның 1931 жылы Лениградқа оқуға баруын мен кезінде Әлихан Бөкейхановтың императорлық орман институтында оқығанымен байланыстырып көргем. Бөкейхановтар Қарқаралы жақты мекен етті, мүмкін жас Қасым Бөкейхановтардың біреуімен Ленинградқа еріп баруы да мүмкін ғой. Әйтпесе, Қасым елде жүріп оқу іздеп Ленинградты таңдауында бір себептің болуының тиістілігі заңды сияқты.  Мысалы, Әлихан Бөкейхановтың ұлы Үгедей Москвада жүргенде Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен онымен бірге Қарсақпай-Жезқазғанға жұмысқа кетеді. Үгедейден басқа Қаныш Жезқазғанға өзімен бірге кен байытушы инженер Жармұхамед Төленовті үгіттеп шақырады. Бұл екеуі Семей қаласынан таныс, Жармұхамедтің ағасы Жақсылық қазақ тарихында «Тюленев» деген атпен белгілі. Қасым да бір үлкен кісінің кеңесімен орман шаруашылығы институында бір жыл болса да оқыған болар. Осы арада бір ескере кететін жай Қарқаралы уезінің болыс- болыс ауылдарында қазақ руларымен, аталармен бірге төре, қожа, төлеңгіт, қырғыз аралас тұрған. Қасымның қызы Дариғаның естелігі бойынша Сақыпжамал Павлодар жақтың  тумасы, тегі қожа, ақын Қасымның анасы да қожалардан, заңдылық емес, кездейсоқтық  болар.

Қасымның үлкен ағасы Ахметжан Бөкейханның төрелеріне інісін Ленинградқа қосып жіберуі де әбден кәміл. Орман шаруашылығы институтын Қасым неге таңдады, кім кеңес берді, оқуға баруға қаржыны қайдан тапты, Ленинградтта сол оқу орнын қалай іздеп тапты, егерде оның бір жол білетін басшысы болмаса? Сұрақ- сауалымызға жауап берер қазіргі таңда  тиісті құжат- ақпарат жоқ болған соң біз де естелікке жүгінейік. Жұбан атындағы облыстық кітапхананың қорында сақталған Ғафу Қайырбековтің 1975 жылы «Жұлдыз» журналының  № 1 санында 214- 217  беттерінде жария болған, Қасымның қайтыс болғанының жиырма жылдығына жазылған естелігінде келтірілген Қасымның өз сөзін біз дерек ретінде қабылдауға мәжбүрміз. Ғ.Қайырбеков айтады: «Қасымның адалдығы сонда- ол өз кемшілігін емес, жақсылығын үйретті. Әлі күнге есімде ол маған: «жаным, мен өмірдің небір ғаламат талқысына жастай түсіп, жолым қисық, қиғаш боп өскен адаммын. Кезінде ала алмаған білім мен тәрбие көп жетімдік көрсетіп жүр. Сондықтан менің бойымда керексіз кемшілік жайттар болуы заңды, ол өзіме тән, сен оны алма, жақсымды ал!»-деген.» Осы сөзден біз Қасым өзінің дер кезінде ала алмаған білім мен тәрбие көп жетімдік көрсетіп жүргенін көре білген, ұққан, өзінің бойына, ойына сын көзімен қарап, өз мінін өзі өз тезіне сала  білгенін байқаймыз. Қасымның Лениградтан Оралға Ахметжан ағасының ақылымен келгендігін дәлелдейтін мұрағатта табылған фактіні де сөйлететін мезет енді түсті. Бар құжат, естеліктер Қасымның 1932 Оралда «Екпінді құрылыс» газетіндегі қызметі туралы  келісіп отыр. Бұл газет Батыс Қазақстан облыстық, қалалық партия комитетінің, атқару комитетінің газеті болғандықтан оған қызметкер болып орналасу да оңай болмаса керек, компартия өзінің баспасөз органына көлденең көк аттыны жолата қоймасы анық. Қасым Оралға нақты көмек берер кісіні көздеп келген, ол «Екпінді құрылыс» газетінің сол кездегі редакторы Сыздықов Зәйтүн болатын. Мұрағаттағы Сыздықов Зәйтүннің жеке ісінде оның Оралда 1932 жылдың 26 тамызынан 1934 жылдың 16 қаңтарына дейін болғандығы тіркеулі, яғни Қасымның Оралға келген уақытымен бір. Мазасыз мезгіл, большевиктер бір партияның үстемдігін орнатып алып, фракциялық топтарды құртып жатқан қуғын- сүргін заман.  Бас редакторға да өзі сенетін, білетін қызметкерлер керек, жазу-сызуға жүйрік сауатты қаламгерлер қат кезеңде білімді, білікті маманды алу пайдалы. Қасым Зәйтунге ағасы Ахметжанның сәлемін жеткізіп газеттегі қызметке бірден алынған. Үйткені, Сыздықов Зәйтун Қарқаралының қазағы Берқара болысынан, істе «Берриккаринский волость» деп белгіленген, Ахметжан мен Қасым көрші Темірші болысынан. Сыздықов Зәйтун 1900 жылы туған, Қасымнан көп үлкендігі бар.  Қарқаралының қазағы көп қой, бір бірін қалай Оралдан іздеп тапты десек, істегі мына бір Зәйтунға қатысты деректер біздің ойымыздың дұрыстығын анық дәлелдейді. Сыздықов Зәйтүн батрак болып байдың малын баққан, Қарқаралы қаласында 1921- 1923 жылдары күзетші, милиционер. Қасымның Семейге кету уақытын бір жерде  1921 жыл десе, Есмағамбет Ысмайлов бала Қасымды ағасы Ахметжан  1923 жылы Семейге алып кетті деп хабар береді. Міне, осы 1923жылы Семейге біздің Сыздықов Зейтун де келіп Советтік- партиялық мектепке оқуға түседі, курсант атанып, үш жыл 1926 жылға дейін оқиды. 1926-1927 жылы Семейдің Қызыл таңында,  1927 -1928 жылдары Павлодардың Қызыл ағашында қызмет етеді де, 1929 жылы Ташкентте (САКу)оқиды. Істе мамандығын «журналист» деп көрсеткен. 1931- 1932 жылдары Ақмола қаласында газет редакциясында істеп райком мүшесі боп сайланады. 1932- 1934 жылдары Оралда «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы, обком мүшесі болып сайланған. Естеліктер бойынша Қасымның ағасы Ахметжан 1920 жылдары Семейде тіршілік еткен, ағайындылардың жастарына қарай отырып, бізге  мынадай пікір айтуға реті келіп тұр, жазатайым қате кетсек, құдайым кешірер. Ахметжан мен Нығметжан әкелері Рахымжанның бірінші әйелінен туған ба деп те ойлайсың, олай деуге Қасымның Ахметжанның үйінен жеңгелерінің өгейлік көрсеткендіктен Семейдегі интернатқа кетіп қалуы. Қасымның туған анасы Айғаншаны, 1888 жылы туған, төркіндері алып кетіп басқа біреуге әйелдікке беріп жібергенде, Ахметжан мен Нығметжандар Семейде болған да, бұл іске тікелей араласа алмаған сыңайлы. Қасым бес жаста әкеден айырылса, ол 1916 жылға түсіп тұр, Ахметжан оны 1923 жылы Семейге алып келген. Бізге жеткен еміс-еміс естеліктер осы бағытта ой құруға жетелейді. Ахметжан мен Нығметжан Семейге әкесі Рахымжанның көзі тірі кезінде ертерек кетіп, онда орнығып алып, үйлі-баранды, ауқатты күй кешкендей. Тұрмысы түзу, қонақ күтуге жағдайы, ыңғайы бар, қолы ашық өнерге жақын жүрген жан болған соң  Ахметжанның үйіне  Семейдегі сол кездегі большевигі бар, Алашы бар қазақтың оқыған-тоқыған қаратаяқтары, өнерпаздары, белсенділері жиі барып, көңіл көтеріп, сұхбат құрып жүрген. Әрине, олармен бірге Сыздықов Зейтун де бар, және де Қасымның Оралға Зейтунның ізімен келгенін кейінгі оқиғалар да бекітеді.

Күйлі, мұңлы Қасымның тіршіліктің небір ғаламат талқысы мен тезінде өткен қым-қуыт ғұмыры қиыннан қиыстырылып, көпшіліктің қызығып, сүйсіне оқитын деректі детектив іспеттес.

Қасымның тағдырлы жолында екі тұлғаны айналып өте алмайтынымыз тарихи шындық. Екеудің бірі- Құрамысов Ізмұқан Мұқашұлы, ел ішіндегі сөзге сай Қасым ақынның жары Сақыпжамалдың жездесі-мыс. Қасымды балдызына тең көрмей, Сақыпжамалдың маңайына жолатпаған деседі Орал жұрты. Бұл- ауыз әдебиеті, ал тарихи фактіге келетін болсақ Сақыпжамалды Құрамысовтың балдызы қылар нақты, дәлелді ақпарат қазіргі таңда табылмай отыр. Біз Оралдың облыстық мұрағатында Ізмұқан Құрамысовтың машинкаға басып шығарылған  екі беттік өмірбаянынмен таныстық. Өмірбаян іздері терілген қағаздың сапасы нашар болған соң жазуы көне сүрлеудей көмескі тартқан. Қазіргі заманғы техниканы пайдаланып көшірме жасауға тіпті келмейді, фотоға түсіруге де мүмкін емес, оқуға да қиын. Әйтеуір, көз жанарымыздың нұры қайтпаған, әрбір әрпін өткізіп алмайық деп ескі қағазды күн көзіне қарата тапжылмай отырып оқып шығып, дәптерімізге тізіп тастадық. Орысша жазылған екен, баяндау стилі өзіне өзі есеп беріп отырғандай, бір жағынан өткен өмірінің өкініші, екінші жағынан ерік- жігері, қайрат қуаты құрыштан құйылғандай әсер қалдырады. Біз, Оралдық ғалым, ақын, жазушы, журналистерге Құрамысов Ізмұқанның өзі баян еткен өмір сырын арнайы зерттесеңіздер ештеңеден ұтылмайсыздар дер едім. Мұрағат деректерінде Ізмұқан Құрамысов Ақтөбе облысының Томарөткелдің Тұзтөбесінде туып өскен, бесік құдалықпен атастырылған қосағы да өз ауылынан. Кейін тек  басқа біреуге үйленбесе, жұбайы Павлодар жақтың адамы емес. Құрамысовтың отбасы туралы ақпаратты оның  1938 жылғы «халық жауы» деп айыпталған ісінен табуға болар, ол үшін Алматыдағы мемлекеттік мұрағатқа ат басын тіреу керек. Құрамысов Ізмұқан зерттеуге тұрарлық тұлға, оның ақын Қасым Аманжоловқа тікелей байланысты Оралдағы қызметі жайында сәл кейінірек арнайы тоқталармыз, дәп қазір ақын тағдырындағы екеудің екіншісінің кім екеніндігіне  көшелік.

Екеудің екіншісі, ақынның жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылындағы сыншысы академик Серік Қирабаев. Академиктің Қасым Аманжоловтың туғанына 90 жылына арналған «Қыран қанатты ақын» мақаласында өзінің ақынға қатысты сын мақаласын 1951 жылы органдардың тапсырысымен жазғанын ашық жеткізіпті. Біз бұл ақпаратты Оралдағы Жұбан кітапханасы қорынан алынған «Егемен Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 13 шілдеде жарыққа шыққан санынан таптық. Серік Қирабаевқа тапсырыс берген «органдар», сол кездің лексикасы бойынша барлық саяси күш қолдану ұйымдары.  1951 жылы диктатор Сталин әлі тірі, бүкіл басқару мен бақылау тетігі большевиктер  партиясының қолында. Қирабаевтың жазып отырған «органдары» жаңа ғана институт бітірген маманға ақын Қасымға қарсы сын мақаланы жазуға тапсырысты қандай жолмен бергеніне келетін болсақ «Әдебиет және искусство» журналы Жазушылар Одағының жанында құрылғанын есте ұстау қажет. Жазушылар Одағын 1943 -1952 жылдары Сәбит Мұқанов басқарды. Журналда Қирабаевтың(Қыйрабаев) мақаласы шыққан соң оған Жазушылар Одағының жабық партия жиналысында баяндама жасауға тапсырыс беріп, сыншының «ақынмен бетпе бет келуге тайсақтағанына» қарамай жиналыста баяндама жасауға көндірген.  Жас сыншыны еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуаты бар бізге беймілім көпті «органдар» дейді, академик жалпылама атай салған, «орган» атынан тапсырыс берген кісінің аты-жөнін, лауазымын атамайды, ол жағын аттап өтеді. Білмейді емес біледі, ұмытып та кеткен жоқ, әзірше айтуға болмайтын сыр бар, есімдер атала қалса шатақ шығып кетпек. Қарапайым қисынға салсақ «Әдебиет және искусство» журналы Жазушылар одағына қараған соң, одан қаржылық, кадплық тұрғыдан тәуелді, расында мемлекетке, одақ құрылған кезінен мемлекет бюджетінен қаржыландырылатыны дау тудырмас ресми факт.  Сонымен, заңды жолмен тура жүрсек тапсырыс берген органның атауы өзінен өзі шыға келмек. Әрбір органның басқарушысы, төрағасы бар, қарамағындағы журналға, қызметкерге қандай болмасын тапсырыс тек солар арқылы ғана берілетіні мәлім. 1951 жылы Жазушылар Одағын Сәбит Мұқанов басқарғанын атап өттік,органдарға  не себептен коммунист, соғысқа қатысқан жауынгер, өзі ауру Қасым Аманжоловты айыптау қажет болды екен? Жалпы Совет империясында жүріп жатқан репрессияға кезекті бір «ұлтшылды», «халық жауын» іліктіріп жіберу керек болса, таңдау осы жолы неге Қасым Аманжоловқа түсті? Кім ұсынды «органға» Қасымды құрбандыққа шалайық деп? Сын- әдебиеттің бір жанры, объектісі көркем шығарма, партия авторларды ауыздықтау мақсатында сын және өзара сын дегенді алып шықты сахнаға. Сыншы, Қасымды «органдар» талап еткендей сойып салса, бітті, соның сөзі сөз, ғылым, өнер саласындағы маман сарапатамасы ретінде айыптау актісіне, үкіміне негіз болмақ.  Ақын  Қасым Аманжоловтың  «органдардың» қаламына не себептен ілікті?  Негізгі себеп- адам баласының бойындағы табиғи қызғаныш сезімі. Күш сынасқан күндестікке апаратын да осы бір әр адамға тән қызғаныш сезімі. Өмірдің бар қызығы пенденің көңілінде қызғаныш тудырмай қоймайды. Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартарсың. Баста ми, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.  Мал түгіл өнер өмірге де талас туды. Өлеңге  әркімнің-ақ бар таласы деп Абай да біліп аңдатқан.  Сол әркім жәй әркім емес әкім болса қайтпек? Және де жәй әкім емес, бүкіл мемлекеттік органдарды, барша қоғамдық ұйымдарды, адам мен азаматты билеп-төстеп, бағындырып, үйіріп, үрейлендіріп, үйретіп отырған билік иесі- бүлікшіл,  бұзық большевиктер партиясы болса не дер едіңіз? Мағжан Жұмабаев өз заманымен беттесе білді де шет ел капиталының күшімен билікке келген революцияға мынадай  баға беріп кетті: «Тегінде «тағдыр жазған» жолымен қалтақтап келе жатқан қазақ елі Россия революциясының толқынынының екпінімен  кете барып қанша ұтты, қанша ұтылды, бұл істері жұмбақ, анық шешуін тарих берер. Қазіргі күнде екпіндеп бара жатқанымызда өзімізге өзіміз есеп беруге қол тимейтін түрі бар.»  Мағжан Россиядағы революцияны «төңкеріс» деп санады, бүтін елдің астын үстіне шығарған заңсыз қылық. Қасым да жырлады «Ескі өмірді төңкеріп, шығарды астын үстіне, кім сүйсінбес, дәл мұндай кереметті күштіге.»  Уақыты жетіп іріп-шіріген, өсіп-өнуге, дамуға кедергі болған  ескі өмірді төңкерудің әр жағында капитал мен империялардың мәңгілік тай-таласы жатты. Қазіргі транскорпорациялар Алла тағалының ғылымына қарсы тұрып  ұлт- ұлысты жоққа шығармаққа арам тер болып әлектенуде.

Большевиктер өздерінің арман-даттары адамзаттың бақ- баяны, бауырластығы, теңдігі, ұлт еркіндігі деп ұрандатқанымен өз елінде, көршілес жұртта  азаматтық соғыстың өртін лаулатып, ақыры октябрь төңкерісін қанды қызыл терррор мен саяси репрессияға ұластырды.  1951  жылы репрессияның гильотинасы  қазақтың ұлттық ақыны Қасым Аманжоловтың басына да төнбек еді. Олай болатын себебі, академик Серік Қирабаевтың тілімен зерделесек Қасымның әр сөзі Советстанда ұлттық тәуелсіздіктің жырындай естіліп жатты. Серік Қирабаев «Қасымның шығармаларын дәл бүгінгі егемен ел мүддесі тұрғысынан қайта оқысаң, оның сол тәуелсіздікті аңсап өткен арманын, заманынан оза шапқан қиялының биіктігі мен көрегендігін айқын көресің.» Академиктің бұл айтқаны рас, орынды, заңды және оны тарихи тұрғыдан дәлелдейтін фактілер 1932-1936  жылдардағы Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетінен тауып отырмыз.  Академик Серік Қирабаевтың 1951 жылғы «органдардың» тапсырысымен жазған «Әдебиет және искусство» журналындағы жария болған сын мақаласы Қасымға қарсы жазылған ең бірінші мақала емес-тің. Аспирант С.Қирабаевтан көп ертерек 15 жыл бұрын Оралда, облыстық партия мен атқару комитетінің газеті «Екпінді құрылыс»-тың 1935 жылғы күзгі бір санында Қасым өнерін сынаған алғашқы мақала жарық көрді. Газет атауының өзі-ақ әйгілеп тұрғандай оның бетінде елдегі социалистік құрылыстың қарқынды, екпінді дамуын көрсету мақсатында көбінесе өндіріс тақырыбы, еңбекшілердің тұрмыс майданы орын алатын. Газет тақырыбы алуан түрлі, сан қырлы, тіршіліктің өзіндей: «Облыста бір қысыр мал қалмасын, зиянкес жәндіктер жойылсын, мал бағу дұрыс жолға қойылсын. Күнделікті тіршілік қамы, мал азығы, еңбек табысы, ет-май, сүт,  стахановшылар үлгісі, тілшілер слеті, жан талас.» Көп орынды Москвадағы Орталық Партия өмірінен хабарлар алып жүр, сала құлаш баяндамалар, есептерден дауылдатқан революциалық есер екпін. Мағжанның суреті дәл түскен: «Қазіргі күнде екпіндеп бара жатқанымызда өзімізге өзіміз есеп беруге қол тимейтін түрі бар.» Бір жақсысы газетте арнайы «Әдебиет беті» болған екен, онда көбінесе Оралдағы ақындардың өлеңдері берілген. Кейде сын ретінде жазылған фельетондарды кездестіресіз, біреуі тіпті толық өлеңмен жазылыпты, оның авторлық қолтаңба Қасым қаламына ұқсайды, оны анықтау үшін әрине  әдебиет маманның зерттеуі қажет.  «Екпінді құрылыс» газетіне Қасым 1934 жылдың 20 ақпанында «Айбынды қызыл әскер күші» атты өлеңін  әскери атты полктен жолдапты. Біздің ойымызша Қасым сол полкте жүріп  Сақыпжамалдың күйеуі Сейдахметов Әнуармен танысқан. Хатшы Ізмұқанның екі жастың арасында туған таныстыққа еш қатысы жоқ, ақын мен хатшының шынайы адамдық қарым қатынасы жайы  алда нақты дәлелді деректер келтіре отырып сөз қылмақпыз.  Ал, дәп қазір, біз бағана әңгіме етпекке әуеде берген Қасым туралы алғашқы сын мақалаға оралайық. 1935 жыл. Орал қаласы. «Екпінді құрылыс» 30 октябрь күнгі №252 (1153) санындағы үшінші беттегі «Махаббат құрбандары» деген мақала бірден өзіне  көз тартты да, мен оны, латын графикасы болса да, бір демде оқып шықтым.  Мақала әдемі, әсем тілмен сөйлейді, маған сын емес сыр сияқты көрінді. Расын айтсам, мақаланы екі қайтара оқып шықанда шын көңілден, аты аталмаған авторға ырза болып шаттана, шабытанып рахаттана, сүйсініп күліп алдым. Мына мақала, Қасымға байланысты оңайлықпен таптыра қоймайтын тың дерек, сеніп оқысаң оқиғасы шын дерлік.  Зерттеушіге де керегі осындай тосын, толқынды дүниелер, оған ойда жоқта жолыққанда күйің тасып билеп те кетесің. Басында мақала зілді сын- фельетон түрінде қалыпталған, алайда бізге әзілі басым, кей жері сайқымазақ, көңілді водевильдей өте тартымды көрінді. 31 жылдың ашаршылығын, 37 жылдың репрессиясын өткермеген жанға қазір солай болып қабылданар, алайда Қасым қатты қысым, саяси қыспаққа түскенін газеттің басқа сандарындағы айтыс- тартыстан анықтадық. Әттең, мақаланың авторы кім екендігі жазылмаған, әйтпесе ол кісіні ақын Қасым Аманжоловтың бірінші зерттеушісі деп атауға болатын өмірлік деректер қалдырып кетіпті. Кейінгі кезде Оралда «Қасым үйі» деген әңгімеге тиек болып жүрген Қасымның мына бір: « Сонау бір шетте, сонау үй, Кетер ме, сірә, көңілден? Алушы ед тартып мені ылғи, Махаббат жастық лебімен» деген өлең жолдары Қасым Аманжолов пен Жәрдем Тілековтер бірге тұрыпты-мыс деген Кареев көшесіндегі № 69 үйге ешбір қатысы жоқ. Қатысы бар үй болса, ол-  Оралдың Совет көшесіндегі қазақ театр студиясы актерлерінің жатақ үйі, яғни жатаханасы. Мақаладағы оқиға сол жұпынылау келген  жатахананың бір бөлмесіндегі бір қыздың «Мен өлемін, мен өлемін, тұрмаймын дүниеде. Мен жолымнан адастым. Ол мені кеше сүйдірді, бүгін күйдірді. Енді тек өлу керек.» деп аспандағы айды селт еткізіп жалт қаратқан жан айғайынан басталады. Әрине, ол сұлу қыз  хан қолында тұрмапты, «етімді шал сыйпаған құрт жесін» жартастан терең суға құламапты… Тек біздің ұққанымыз, «Махаббат құрбандары» мақаласы Қасымнан  өш алмақ, кек қайтармақ қолдың улы оғы еді. (Қасымның Оралдағы  өмірін зерттеу мәселесі

Оралдағы Қасым көшесінде орналасқан мемлекеттік мұрағатта Жұмат Шанинді партиялығын қайтару туралы өтініш бойынша қаралған іс қаншама қиылып сұрасақ та бізге берілмеді. Айтары бір-ақ уәж, себеп, ол құпиялық, қауіпсіздік комитеті әлі  рұқсат етпеген, «халық жауы» үкімінен Ж.Шанинін  ақталғанына қарамай, тарихи зерттеудің объектісіне жататын  іс әлі күнге дейін құлыптаулы күйінде сарғайып жатқанына да 80 жылдан асып барады(ф.П-37 оп. 93,ед.хр.171 связка 2, 37 листов.) Істің атауына көңіл аударсақ Жұмат Шанинді партия қатарынан Орал қаласында шығарған сияқты, әйтпесе партиялық шешімді қайта қарау туралы өтінішті неге Оралдағы ұйымға берген?  Бұның себебі,  Жұмат Шанин Орал қаласына қызметке келген соң тәртіп бойынша жергілікті қалалық  партия ұйымында есепке тұрып, ресми тіркелген. Алматыдағы драма театрының жас артистері «Мәт аға» деп құрметтейтін Қазақстанның алғашқы халық артисі, театр мэтрі Жұмат Шанин 1936 жылдың желтоқсан айында  Орал қаласына келіпті.  Жұмат Шанинді Оралда сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұқан Құрамысов қарсы алып, жұрт алдында сөз сөйлеген, оның «Екпінді құрылыс» газетінде 1936 жылдың  30 желтоқсанындағы санында басылған сөзінде Шанинді келесідей бағалайды:  «Жұмат қазақ искусстовасының ағасы» деп. Ізмұқан хатшы өнерден хабары бар және қазақ өнерінің жетістігімен және жетекшілерімен таныс екенідігін осы сөзінен-ақ байқауға болар. Біздің заманда академик Рымғали Нұрғалиев қазақ театрының негізін салушы, драматург, қазақтың драма, опера артистерінің ұстазы болған, өзі актер, театр сыншысы, музыкант Жұмат Шанин туралы «Халқымыздың ұлттық театр өнерінің туу, аяғын қаз басу, өсу дәуірінің алғашқы кезеңіндегі үлкенді-кішілі жеңістері Жұмат Шанин есімімен тығыз байланысты. Заман талабына ыңғайлас репертуар жасау, театр мен драматург достығы, актер талантын шындап, білім беру, ұстаз режиссердің өнегелі сабақтары-осы мәселелер төңірегінде ол салмақты ойлар айтып, берекелі істер тындырды» деп кең түрде ашып мол жазғанын көреміз. Жаңағы Ізмұқанның баяндамасынан  Жұмат Шанин театр құруға Оралға жәрдем көрсету үшін жалғыз келмегенін, онымен бірге театр өнері саласындағы екі мықты маман ере келгенін білдік, олар туралы әлі алда  айтылады.

Қазақ театрының атасы атанған, ірі театр қайраткері, теоретигі Жұмат Шанин батыстағы Орал қаласына облыстық музыкалық драма театрын құруға және басшылық етуге келу себебінің бір ұшығы «Екпінді құрылыс» газетінде 1935 жылдың  30 қазанында және  6 қазанында  шыққан екі мақалада жатқанын таптық. Себеп пен салдарды талқылмас бұрын бір мезет театр тарихын қысқаша шолып өтейік, сонда бізге тура жолмен жүруге жеңіл болады да, «Екпінді құрылыс» газетінің  бетінде жүріп өткен кішігірім саяси тартыс, соғыстың мән- маңызын, ондағы ақын Қасым мен хатшы Ізмұқанның ұстанған позицияларының ұлттық өнер  мүддесінен туындағанына куә боламыз. Ұлттық өнер дегеніміз – ұлттың өзі, ұлттық өмір, тыныс- тіршілігі, болашағы, кеңістігі. Тарих былай сыр шертеді: Советтер үкіметін орнатып, оған басшылық еткен большевиктік партия барлық республикаларда түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет құруды бастады.1933 жылғы Қазақстанның өлкелік партия ұйымының «Ұлт өнерін дамыту шаралары» туралы қаулысының негізінде Оралда 1934 жылы қазақтың студия- театрын құру қолға алынды. Студия театр құрудың мәнісі болашақта Оралда ашылмақ қазақтың музыкалық драма театрына кадрлар дайындау, кәсіби актерлерді оқытып шығару. Студия театрға ұйымдастыру, қаржы бөлу жағына жауапты заңды тұлға «наркомпрос»- оқу- ағарту комиссариаты. Алматыда қаулы қабылданды, бұйрық шықты, енді жоспарланған істі жүзеге асыруға келгенде Оралдағы студия театр құрылысы ешбір ілгері баспады, барлық іс- шара кері кетіп,  жылжымай табандап жатып алған соң Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің өзі 1935 жылы тікелей араласуға мәжбүр болды да «легкая кавалерия» деп атала бастаған комсомол ұйымына студияның жұмысына араласуға тапсырма береді. «Партия айтты, комсомол құп» деді де өнерге жақын жүрген белсенді комсомол ақын Қасым Аманжоловты мәдениет майданына аттандырды. Міне, ақын Қасымның Оралдағы театр өнерін ұйымдастыру ісіне араласуының құқықтық, заңды жолы Үкімет, партия, комсомол жарлығы арқылы қалыптасты. Орал қаласында студия театрды ұйымдастыру ісі 1934 жылдың мамыр айында басталғаны туралы ақпарат Қасымның «Екпінді құрылыс»газетіндегі мақаласында жүр. Мақаланың аты «Театр студия» деп аталады. Алты ай өткеннен кейін «Екпінді құрылыста» Қасымды мінеген, сынаған мақаланың жариялануының себебі Қасымның 1935 жылы 1 мамыр күні газеттің №102 санында студия театрының ұйымдастыру жұмысына қатысты бар жағдайға объективті сараптама жасап қалың жұртқа жеткізген  мақаласында жатыр. Әуел басында Қасымды оңдырмай сынаған фельетон мен бас  мақаланы оқыған кезде  «қап, қайдан ғана артистердің ортасына барды екен, оларға жергілікті үкіметтің өзі ие бола алмай жатқанда, қараптан қарап тұрып өз басын бәйгәге тіккені несі» деп    Қасыммен іштей дауласып та алғамыз. Бірақ, біраздан соң алаң көңіл орнына түсті, 1936 жылғы «Екпінді құрылыс» пен «Комсомол ұрпағы» газеттеріндегі ашық, жария ақпараттар бойынша Қасым 1937 жылдың қаңтарына дейін театр студияға жетекшлік етіп келген. Алматыдан Жұмат Шанин келген соң Қасым  театр студияны астаналық театр өнерінің кәсіби кадрларына өткізген, яғни Қасым 1935-1936 жылдары партияның арнайы тапсырмасын табысты, аброймен атқарып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін халық пайдасына, мәдениет, өнер қажетіне жұмсай білген. Мұрағатта 1935 жылы Батыс Қазақстан облысының партиялық комитетінде студия-  театрдың жұмысын талқылаған мәжілісін хаттамасын, қаулысын, ондағы нақты декеректерді зерттейік деп ойлап едік, онымыз іске аспады, алдымыздан тағы да «болмайды, бәрі құпия» деген тоқтау шықты. Амал жоқ, алдымыздағы газет беттеріне үңілдік, әйтеуір бізді бұл тығырықтан алып шыққан Қасымның өзі болды. Оның1935 жылы  газетте басылған «Театр студия»мақаласы соншалықты жан-жақты, терең,  білімді жазылғаны біздің көз алдымызға істің мән- жайын ап-анық қып  жайып салды. Сонымен қатар, «Екпінді құрылыс» газетінің бетінде жүріп өткен мәдениет майданы Қасымның 1935 жазылған өлеңдерінің пайда болу себептерін тауып беріп отыр. Нақты атасақ, Қасымның «Әлде…», «Сүйдім дедің» атты  өлеңдерінің  бағанағы «Махаббат құрбандары» мақаласымен ұштасып жатқанын көреміз. Аталған мақалада Қасымды студия жетекшісінің қызметін пайдаланып бір жас актрисаны өлеңімен арбап алып, соңынан алдап кетті, азғындық қылды деп сынайды. Жігіттің айнып кеткеніне ыза болған актриса ашуға ащы суды қосып жатаханада шу шығарып, елдің шырқын бұзады. Мақала екеуін де кінәләп, айыптайды, комсомол қатарынан шығарып тастайды. Қасым қарсы мақала жазбайды тек бізге мақаланың шыққан тегін- төркінін дұрыс ұқсын, барлық жай түсінікті болсын дегендей «Сүйдім дедің» өлеңінде ақын сұлу қызға «Сүйдім дедің, білегіңнен ұстадым, Бірақ сені сүй деп зорлап қыспадым; Адамшылық жүрегіңмен, еркіңмен «Сүйдім» деп, білемісің құшқаның? »  Міне дәлел, 24 жастағы жас Қасымды ерке, сұлу қыз өз еркімен, өз адамшылық жүрегімен сүйген. Фельетон- мақалаға арқау болған оқиғадағы қыздың ерсі қылығына Қасым қатты қынжылады: «Ойлашы өзің, осың дұрыс қылық па? Ойлашы өзің, осың адамшылық па? Айтқан сөзден, берген серттен тайғаның- Мағынасыз тауып сылтау сыныққа?» Біз мақала-фельетонның тапсырыспен туғанын атап едік, ол болжауымызды Қасымның өзі де бекітеді «Әлде» деген өлеңінде: «Әлде, сенен басқа жарды сүйдім бе? Сенен ұрлап жүректе сыр түйдім бе? Әлде, мүмкін, дұшпан сөзін құп көріп, Сабырсыз боп жоқ нәрсеге күйдің бе?» Фельетон ойдан құрастырылған екен: «Жоқ нәрсеге күйдің бе?» деп қызыдың сабыр сақтамай көлденең сөзге еріп кеткенін анық көрсетеді. Қасым қыздың қылығы мен фельетонның шығуының себеп салдарын дұрыс анықтай білген: «Дұшпан сөзін құп көріп.»  Газеттегі мақалада Қасым бірге актрисаның есімі, ата-тегі қоса берілген, түнгі сағат екіде мас күйінде жатаханада ылаң салған. Мақалада автор қыздың қолына бір бөтелке арақтан басқа  селебе пышақ ұстатып қояды. Жатаханадағы жігіттерге «бой бермей алысып өзін өзі бауыздамақ болдыға дейін» жеріне жеткізе, майын тамызып тұрып суреттейді. Тіпті оқырманның сеніміне кіру үшін әңгімесінде екі жастың бірге өткізген бір кешін автор күні, сағаты түгіл минуты, секундына дейін сипаттайды. Арғы себебін білмейтін тыңдарман оның жазғанына иланып та қалмағы заңды. Біздің өзіміз, сексен бес жыл бұрын өткен оқиғаны баяндаған автордың жетегінде аңдамай, абайламай кетіп қала жаздық. 1935-1936 жылғы театр студияға қатысты материалдармен егжей- тегжейлі танысқан соң барып Қасымның өсек, аяң, қауесеттен зифа бойы таза екеніндігіне көзіміз жетті. Әрине, газет материалдарымен қатар бізге Қасым ақынның 1935-1936 жылдары Оралда жазған өлеңдері көп көмектесті.  Жалпы, Қасымның Оралдағы өмірін, өнерін зерттеуде, зерделеуде ақынның Жайықта өткізген отты жылдарындағы өсіп-өнген ортасын дұрыс анықтап алған абзал. Қасымның 1933 жыл деп белгілеген «Ескерткіш» атты өлеңінде ақын қай жерден іздеу керектігін сызып беріп кеткен: «Адаспастан өмірдің тұманында, Қатар жүрдік, бірге өстік, әзілдестік. Отты жаспыз, біздерді кім білмейді, Сезімі бар адамды кім сүймейді.» Бүрге жүріп, дос болуға серттескен!  Сол себептен Қасым сұлу қызға : «Айтшы, жаным, неге тайдың сертіңнен, Айтшы, жаным, от шығарып бетімнен, Айтшы жаным, біліп қана кетейін,Өлсем-дағы сенің салған дертіңнен!» Адам Қасым, ақын Қасым, жас Қасым сұлу қызды жамандыққа, зұлымдыққа қимайды да,  кінәні өз бойынан іздеп баққан: «Айтшы, жаным, неден көңлің қалдырдым, Айтшы, жаным, не деп, серттен тандырдым? Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған, Неге мұнша жүрегімді жандырдың?»  1935 жылы Оралда жазылған «Айтшы жаным» өлеңіндегі «не жазыппын мен саған» деген сауал- сұрағы Алматыда «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» деп басталатын жырға ұласады. Қасымның «Мен не жаздым, сонша соңға түскендей» жинақтарда аяғы жоқ деп анықтама беріледі.Қасымның бұл өлеңін аяқтап шығу үшін Оралдағы «Айтшы жаным» өлеңінің не себептен туғанын тауып, дәлелдеуміз керек. «Поэзия дегеніміз, жоқтан бар болудың небір себебі» депті Аплатон, сол  айтқандай біздің алдымызда Қасым өлеңнің туу себебін дұрыс анықтасақ талай сыр көмбесін ақтарамыз. Өз уақытында Ғафу Қайырбеков біздің әдебиет зерттеушілеріне ғылыми әдістемелік темірқазық боларлық жол салып кеткен екен: «Әңгіме, Қасымды солай еді-ау, былай еді-ау емес, Қасымды оқи білу, жаңадан тани түсу мәселесінде болса керек» деп. Қасым поэзиясын оқи білу, оқығанды көптің  пайдасына жарата білу үшін мемлекеттік мұрағаттардағы деректерді ідеп тауып, зерттеуіміз қажет, әрбір деректің анық-қанығын анықтап барып, ғалымдарға талдауға ұсынуға тиіспіз, арнайы сала мамандары сараптама өткізсін, сын тезіне салсын да ғылыми айналымға енгізсін. Қасым өмірінің ізіне үңіліп жер бетін шарлап ізденбесек ақын поэзиясын өз мәнінде жетік ұқпаймыз.

Шынында да1935  жылы  «Екпінді құрылыста» жарыса шыққан қос мақала «Махаббат құрбандары» — 30 қазан күні, «Қазақ театр студиясы туралы» — 6 қараша Қасымды мерт қылуға атылған улы оқ болатын. Студия театрда бұрынан келе жатқан кемшілік, өрескел істердің бәрін жіпке тізе келіп, ақыр аяғында қыздың қате қылығын өздеріне тиімді жағынан суреттеп беріп, кінә мен күнәні бір Қасымның басына үйіп төккен. Қасым қыздың алдын да, қоғам алдында да ақ,  адал екенін «Кім кінәлі?» өлеңінде ақтарыла айтып кеткен: «Кім кінәлі? Мен бе? Сен бе? Таласпалық, Айтсын жұрт. Егілмеші құр бекерге.Мә орамал, жасың сүрт. Бұл хикая болсын жария, Жасырмайық жұрттан біз. Көздің жасын көл дария Етіп біз де сыққанбыз.» Өздеріңіз көріп отырсыздар, Қасым жалтақтап жасырынбайды, бұқпайды, таласпайды. Жариялылықты, ашықтықты қалайды, жұрт талқысына, тезіне түсуден тартынбайды, жауапкершіліктен қашпайды, ардан аттап, ақиқат шындықтан безбейді.  Қасымның Оралдағы  өмірін зерттеу  мәселесі

Біз, Оралдағы бес күн бойы мұрағатта Қасым мұрасына іздеу салып жүргенде біраз азаматтарға айтқан да едік, тағы да бір қайталап айтып өтсек артық болмас деп санап отырмыз. Ойымыз, біздің пікірімізді мәдениет, ақын, жазушы, әкім, журналистерден де бөлек азаматтық қоғамның әрбір мүшесіне жеткізу. Біз, Қасымның есімін бұрынғы Совет көшесінен Кареев көшесіндегі №69 үйіне таңып қоюдың ешбір реті келмейді деп санаймыз. Қасымның Оралдағы бүкіл тіршілігі, қызығы, қуанышы, күйігі Совет көшесінде өткенінен хабардарсыздар. Қызмет орны «Екпінді Құрылыс» газетінің редакциясының ғимараты – Совет көшесінде, қазақ драма театрының өртеніп кеткен ағаш үйі-Совет көшесінде, Қасым тұрған досының үйі- Совет көшесінде, театр студияның жатаханасы- Совет көшесінде, ҚазПИ ғимараты- Совет көшесінде. Біздің Қарағандыдан келген ғылыми экспедициямыздың жетекшісі Байқоныс тегі Гүлбаршын Ыдырысқызы, филология ғылымының докторы, ағылшын тілінің маманы бізге: «Байқайсыздар ма, Оралдың   бұрынғы Совет көшесі Европадағыдай «altstat»- қаланың ескі, тарихи орны, ескерткіші іспеттес.Тұнып тұрған тарих, қазақ ұлтының тарихы.» Біздің пайымдауымызша  Қасым есімін Кареев көшесіндегі беймәлім бір үйге ала қашу  қате іс болар, Қасыммен бірге қазақтың біраз тарихы көпшіліктің көзінен баз көшіп, қалтарыста қалып, күресінге тастағанмен бір болар. Қатты кеттік пе, жоқ, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, айтпасаң сөздің атасы өледі. Қасымсыз Совет көшесінің ең бір әдемі, көркем тұсы жат империя тарихының мұражай-көшірмесі болып қала бермегі қиын-ақ. «Мен сүйемін аспандағы алтын күнді» деп жырлаған Қасым көшелердің ішінен тек қана бір Оралдағы Совет көшесінің есім-сойын өлеңіне енгізді емес пе?  Совет көшесі Қасым Аманжоловтың өмірінде бір ерекше орын алатын мерейлілер мекені, алтын үйегі, отты жылдарының ескерткіші.

Сөз- ақпарат көзі, мұрағаттағы газетте сақталған, Қасымға айыптау үкімін шығарған «Махаббат құрбандары» мақаласының авторы ақынға қатысы бар хикая- оқиға 1935 жылдың  25 қазанында Совет көшесінде орын алды деп шежіре шертеді. Тек, неліктен екені белгісіз, автор «Совет» көшесінің революциялық- большевиктік саяси ресми атауын өзгертіп «кеңес» көшесіне айналдырып жібереді. Автор оқиғаның күні түгіл  сағатына шейін нақтылай түсіп оқиға түнгі сағат 2 де басталағанын көрсетіп майдандағы алғы шептен шұғыл хабар жеткізгендей. Автор оқырмандарды өз бауырына тартып Қасым туралы ел білмейтінді өзі ғана білетін жалғыз адамдай көрсету мақсатында Қасымның бір күндері бір актрисамен пивнойға соққанын, көңіл көтеретін сусын ішкен соң киноның үшінші сеансына шыққанда, дәп бір өзі солармен бірге қыдырып жүргендей, түнгі сағат 12-ден  18 минут кетіп қалған екен деп сипаттайды.  Мақаланы қаламы жүйрік, білгір журналист тапсырыс бойынша жедел, шұғыл түрде жазғаны айқын сезіледі. Басты мақсат, Қасымды жазықсыз жазаға ұшырату, адал адамдарды арандату, өнерлі жастарды араздастыру. Біз үшін бұл мақаланың әрбір сөзі Қасым туралы ақпарат көзі ретінде орны өте ерекше, аса маңызды деп санаймыз, қараймыз, бағалаймыз. Мақалада автор Қасымды белсенді, білімді комосомолец деп танып отыр, сынса да қабілет, қадірін жоққа шығармайды. Газет тілшісі облыстық комсомол комитеті театр студиядағы жас актерлерге  Қасымды жетекшілік, ұстаздық ет деп жұмсағанына баса көңіл аударады. Обком комсомол Қасымға «біз саған сенеміз, барлық кемшіліктерді түзеу сенің қолыңнан келеді» деп жұмсаса, Қасым сол сенімді ақтамады дейді мақала. Мақалада ең басты құнды дерек, ол Қасымның студия театрға, мемлекеттік өнер оқу орнына жетекші, басшы ретінде ресми түрде жолдама, бұйрық алған лауазым иесі.

Бұл фельетон мақала Қасымға қарсы ұйымдастырылған қастандықтың кіріспе- прелюдиясы ғана еді. 1935 жылдың 6 қарашасындағы нөміріндегі екінші мақалада Қасымға айып тағуға жетерлік мінеу мен іреу сөздің «ауыр артеллериясы» іске кіріседі. Мақаланың биліктегі білімді, білікті, кәнігі кәсіби бюрократтың қолымен жазылғаны бірінші жолдан-ақ шаң беріп тұр. Мақала атауының өзі автордың маңызды мемлекеттік мәселені қозғамақ, қорғамақ ниетті адам екендігін және де биліктің қат-қабат, қатпарлы бір сатысында өзіндік орны барлығын меңзейді. Қалыптасқан аппарттық әдеп-әдеттен таймай, жағымпаздықтың жаяу жорғасынан жаңылмай автор мақаланың «бісмілләсін» өлкелік партия комитетін, оның жаңа басшысына «мадақ көпшігін» қоюдан бастайды. Автор өлкелік партия комитетінің жаңа басшылығы тұсында Орал өңірінде «түрі ұлттық, мазмұны социалистік ұлттық өнердің жаңа дәуірі, өркендеу дәуірі басталғанын» паш етеді де, барлық сын сөздің жебесін қалалық партия, комсомол, оқу бөліміне бағыттайды. Осы қалалық ұйымдарды театр студияда орын алған кемшіліктерге кінәлі деп табумен қатар Қасым Аманжоловтың бір қызбен болған «достық жанжалы» комсомолдың жастар арасындағы саяси тәрбие жұмысындағы «авангарттық рөлін» сынап өтеді, Қасымды комсомолдан шығарылып тасталғанын туралы да көпшілікке мәлім етуді ұмытпайды. Енді, біз Орал театр студиясының тариғы туралы ондағы Қасымның орынын өз мәнінде өмірлік шындықққа сәйкес анықтау үшін 1935 жылдың 6 қарашасында  жазылған мақала авторының мәртебесін, биліктегі орынын, қызметтік бедел дәрежесін  дұрыс таба білуіміз керек. Өлкелік партия комитетінің жаңа басшының жанына жағатын жылы лебіз білдіре отырып қалалық партия комитетіне қорықпай сын айтуына қарағанда мақаланың авторы өлкелік партия комитетінің қызметкері екендігіне сөз жоқ. Мақала комитеттің бірінші хатшысының қолдауы және  рұқсаты бойынша шыққаны да шындық. Бұл амал бірінші хатшы Ізмұқан Құрамысов пен биліктің басқа да тармағындағы  лауазымды  қызметкерлерге қалқан, қорғаныс үшін керек болды. Қаншалықты бұл мақала олардың жанын сақтап, қорғап қаларын бір алла білетін, бұл мақала оларға тек уақытша болса да көпірме көбік сөзді өздеріне бір кебенек, сауыт қылып, Қасымға қапқан құрып қою амалынан туған әрекет еді. «Тышқан өмірінің ұзақтығы тек қана мысыққа ғана мәлім» дегендей Оралдағы театр  студия мәселесі қай жағаға алып шығатыны әлі белгісіз-тің. Москва үнсіз, Алматы жақ та тым- тырыс, үкілі өкілі келіп кеткеніне де алты айдан асты, өздері бір харекет қылмаса,белгісіздіктен жарылып кетердей халде жүргенде актрисаның ойсыз, осал қылығы аппаратқа ақпараттық ойынды бастап жіберуге серіппе-сылтау болып шықты. Істің мәні мынада болатын. 1934 жылдың мамыр айында Орал қаласында студия театр құрылды, бұл оқу орнының мақсаты болашақ қазақ драма театрына қажетті актер кадрларын  оқытып шығару-тың. Оқу уақыты 8 ай, күтілген нәтиже шықпады. 1933 жылы  8 қыркүйекте Өлкелік партия комитеті «Ұлт өнерін дамыту шаралары» туралы қаулы қабылдағаны белгілі. Интернетте  жүрген ақпарат бойынша Оралдағы қазақ драма театры 1934 жылы ашылған оның көркемдік жетекшісі  болып семейлік Ғалиақбар Төлебаев тағайындалған. Алайда, бұл ақпараттың растығы тексерілуге жатады, үйткені барлық мұрағаттағы мәліметтер бойынша Оралда 1934 жылы қазақ драма театры іс жүзінде атымен жоқ болатын, тек студия театры мамыр айында құрылған. Орынборға республикалық қазақ драм театрына бармай қалған Ғалиақбар Төлебаев Оралға баруға қалайша келісім бергені белгісіз, әзірше еш дерек таппай отырмыз, құдай қаласа Семейдің мұрағатынан бір дерек табылып та қалар деп үміт жібін үзбей өзіміздің 1934 жыл басталған  Орал қаласындағы студия театрдың жырын жалғастырайық.  1934 жылы ақпан айында өлкелік партия комитетіне бірінші хатшы болып Ізмұқан Құрамысов келеді, міне осы Ізмұқан жолдас келген кезеңде мамыр айында студия театр құрылуы туралы Алматыдағы Наркомпросветтен бұйрық жетеді. Қазақша айтсақ Оқу –Ағарту халық комиссариатынан келген жарлықты Орал қалалық оқу ағарту бөлімі іске асыруы міндетті еді. Біздің қолымызда әзірше бұл студия театр құрылуы туралы   ресми құжат болмай тұр, сондықтан біз студия оқу мекемесінің сол кездегі заңды жағдайын тексерген Қасым Аманжоловтың 1935 бірінші мамыр күнгі «Екпінді құрылыс» газетінде жария етілген мақаласына жүгінуге мәжбүр боламыз. Үйткені, Қасымның бұл мақаласы  ресми, партия, үкіметтің қаулы, заңдары, бұйрықтары негізінде газетте пайда болған. Бұған бір жағынан себепші болған жазушы Сәбит Мұқанов еді, ол кісі 1935 жылдың 5 наурыз күні Қазақстандық жазушылар комитетінің тапсырмасымен Оралға бірнеше мақсатпен келген. Сәбиттің газет қызметкерлерінің алдында айтқан сөздеріне қарағанда республикалық партия комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жазушыларға алдағы Қазақстан республикасының он бес жылдығына дейін ел өмірінен көркем кино фильмнің либероттосын жазуға бәйге жариялаған, бұл мәдени шараны орындауға жазушылардың алдына міндет етіп қойған. Сірә, Оралға Сәбит үкіметтің тапсырмасын орындау үшін жаңа күш, таланттар іздеп шыққан, әңгіме либерротто жайы болған соң Оралдағы студия театр жұмысы тілге тиек болуы заңды іс, үйткені бұл оқу орны болашақта құрылмақ қазақтың музыкалық драма театрына кадрлар дайындау үшін ашылғаны белгілі. Міне, енді Мирзоян киноға либеретто қажет деп жарлық етуде, Қазақстан өмірінен түсірілетін киноға өлеңмен жазылатын музыкалық вокалдық шығарма дайындап беру. Әрине, мұндайда алдымен музыкалық студиялардың мамандары  ауызға алынады да, Алматыдағы жазушылар комитетінің есіне Оралдық студия түскен соң Сәбит Мұқанов Батыс Қазақстан облысына ат сабылтып жетеді. Үміттеніп келеді. Келсе, студия театрдың аты  бар да заты жоқ болып шығады. Мирзоянның тапсырмасы, Мұқановтың келісі Ізмұқаннның студия ісіне көзін ашады да, ол жедел түрде істің жағдайын шұғыл тексеруге тапсырма береді. Бағанағы біз айтқан мақалада Ізмұқанды мақтаудың себебі осы жайтқа байланысты туған. Студия театр құру, оны ашу Оралдың қалалық оқу бөліміне тапсырылғаны анық, үйткені студия-  оқу мекемесі, мәдениет ошағы емес. Сол себепті студияның жұмысына жауапты орган қалалық оқу бөлімі, оның басшылары, мамандары, бірақ қаладағы, облыстағы барлық мемлекеттік маңызы бар істер үшін жауапты облыстық партия комитетінің бірінші басшысы.  Сәбит Мұқанов та Алматыдан бертінде тағайындалған хатшы Левон Мирзоянның тапсырмасына сілтеме жасап, ревизор  ролінде сөйлеп баққан. Сәбиттің Оралға келуінің бір себебі студияның 8 айда театрға кадр- актерлер дайындап шығу мерзімі ақпан айында аяқталған, оның ойы бір жағынан солармен танысу бола-тын.  Сәбит Мұқанов газет қызметкерлерімен кездесуінде Оралдық жазушылар ұйымы Өлкелік жазушылар комитетімен жақсы байланыс жасай алмай келеді деп орынсыз кінә тағады. Біздің Оралдық жазушыларының ұйымын қорғай сөйлеумізді ақтайтын тарихи негіз бар, Қазақстанда 1932 жазушылардың бұрынғы ұйымы таратылып жаңа Жазушылар ұйымын жасақтау үшін ұйымдастыру комитеті жұмыс істеп жатқан, жазушылардың ұйымдастырушылық I съезі 1934 жылдың 12-18 маусымында өтеді. Жазушы Сәбит Мұқанов болса Оралға 1935 жылдың наурыздың бесінші күні келіп отыр.  Азаматтық соғыстан, ашаршылықтан жаңа  шыққан ел- жұрттағы Оралдық жазушылар ұйымының қаржылық қауқары шамалы болатын, ресми билік арқылы тіркелмесе оларға бюджеттен көк тиын да бұйырмайды. Қаржысы, қамқоршысы, қолдаушысы жоқ қаламгерлер газеттегі жалақыға  күн көріп тірішілік етіп жүргенде Сәбиттің оларды кінәләуіне һақысы жоқ-тын. (Жалғасы бар).