Марат АЗБАНБАЕВ «Қасым- Шәкәрімнің шәкірті»

Қасым- Шәкәрімнің шәкірті

Біздің бүгінгі сыр- сандыққа  таңдап тапсырған тақырыптың атауына қатысты ел-жұрт айтар сөз басы келесідей кестеленіп түсері һақ:«Абайдың ақын шәкірттері туралы бір ғасыр бойы созылған айтыс-тартысы, дау-дамайы бар  әңгіменің шет жағасын ертеде оқып өскеніміз рас, ал енді мына заманға жеткенше алдыңғы үлкен кісілерден «Қасым -Шәкәрімнің шәкірті» дегенді  естіп көрмеп едік…»

Шынында да, 1931 жылы Шыңғыстауда қаза тапқан Шәкәрімнің денесі отыз жыл құр құдыққа тасталды да, ел ішінде оның шығармасын жариялау түгіл, атын атауға рұқсат етілмегені мұқым қазаққа мәшғұр.  Қасым Семей қаласына 1921 жылы он жасында келіп жетті дегеннің өзінде Шәкәрімнің алдын көріп, сөзін тыңдауы тіпті мүмкін іс емес-тұғын, және де оны бекітерлік дәлел болар ақпарат та жоқ.  Шәкәрім 1858 жылы туғанын білесіздер, ол 73 жасында қаза болды да, 1958 жылы ғана ақталды, оның шығармаларының жинағы 1988 жылдары шыға бастады. Міне, осы объективті жағдайларға байланысты 1911 жылы туып 1955 жылы 43 жасында өмірден өткен Қасым Аманжоловты  Шәкәрім Құдайбердіұлының бала шәкірті деуге еш қисыны келмейтіні туралы мамандардың уәжі де орынды шығары рас.

Рас, бәрі дұрыс, бәрі жөн,  шын сөзбен есті адам таласпас. Тек, біз саяз ойлы советтік жалған, жағымпаз сыншылдықтың күні өткенін ескере отырып, қоғамдық талқыға ұсынылған «бала шәкірт» ұғымын текті терең оймен тексеріп, әділ ақиқатын бәріміз бірге  іздеп көрсек дейміз.  Ең алдымен, Қасым да, Шәкәрім де қазақ атты адамның баласы, Абай айтпай ма: «қазақ та адам баласы» деп.  Әрине, Қасым да, Шәкәрім де адам баласы болған соң, құдай тағала олардың әрқайсысының бойына шақ келер қабілет, қасиет өнер дарытқаны елге аян.  Қасым мен Шәкәрімнің ата-бабалары қоныс қылған Қарқаралы, Қайнар, Қарауыл сыбай қонған, көрші, құд- андалы жұрт. Қасымның шыққан тегі Қаракесек табы болса, Шәкәрімің туған нағашысы Дегелең мен Тайланды жайлаған Қаракесек Байбөрі. Қасым да, Шәкәрім де Қазақ Елінің Орта жүзі Арғын тайпасынан. Қасым әкесінен бес жасында қалса, Шәкәрім жеті жаста жетім атанды. Қасым да, Шәкәрім де табиғат бөбегі, екеуі де жарысып желмен жүгіріп, ойынға тіпті тоймаған қыр баласы. Шәкәрім де, Қасым да он жасқа келгенінде домбыра, гармоньді игеріп, үйренген, екеуі де ержеткенде ән, күй шығарған сазгерлер.  Шәкәрім билік пен байлықтың иесі Құнанбайдың немересі, ол бар  Ырғызбайдың ортасында  ерке өскен соң, оны өнерге үлкен ағалары баулып, білімін жетілдіріп баққан. Біз, жас Қасымның музыкалық аспаптардың бірнеше түрінде ойнауды қай жерде, қай мезгілде және кімнен үйренгенін әзірше нақты анықтай алмай отырмыз. Ел ішінде таралған ауыз әдебиетінің ақпаратына жүгінсек Қасым Семей қаласына 1921 жылы келген алғашқы жолы өнер, білімге қолы жеткен сыңайлы.  Қарқаралы өңіріндегі өз ауылында қандайда бір  оқудан өтті деген пікір баспа бетінде жарық көрмеген. Біз, осы күні қолда бар деректерге сүйене отырып айтарымыз, Қасым Орал қаласында жүріп театр студияға жетекшілік етуге қажетті өнер- білімді бір ғана Семей қаласында алуы тиіс. Қасым Семейден кейін Алматыда шамалы  уақыт қана өткізіп Лениград арқылы Оралға ат басын тіреген.  Біздің топшылауымызша Қасым музыкалық, ақындық, журналистік сауатын да сол кездің оқыған, тоқыған қара таяқтардың үлкен шоғыры еңбек еткен Семей қаласында ашқан. Соныменен, Семей қаласы- Қасымның өсіп-өнуіне, жетілуіне  ұстаздық қызмет атқарған  шаһар. Үйткені, тарихи Семей қаласы 1920 жылдары саясаттың да, өнердің де, әдебиеттің де қайнап жатқан қазаны еді. Ол кездегі Алаштық Семейде біздің Абай мен Шәкәрімнің әділ, арлы сөздерінің рухани-азаматтық ықпалы аса зор  болатын.

Әрине, Қасым мен Шәкәрімнің өскен әлеуметтік ортасы екі бөлек болса да, бұларды замандастар қатарына жатқызуға әбден болар дейміз. Шәкәрім ақ патша ағзам билігінің қирап- құлағанын көзі  көрген қарт,  1931 жылдың күзінде Советтік –партиялық үкіметінің қарулы қасқырының қолынан оққа ұшты.  Қасым болса жетімдіктің жыртық тонын тастап Советтерді өз елім деп  қарсы алған, әлі өнер шынын, сырын аңдап көрмеген жеткіншек еді. Дәп солай бола тұрғаныменен Қасымды Шәкәрімнің бала шәкірті деп тануға негіз болар бір себеп бар. Ол туралы Қасым «Мұхтар аға!» өлеңінде  «Өзіңіздей өссем деп те ойланам» деп ашық жазып кеткен екен.  Өзіңіздей өссем деп те ойланам.  Міне- себеп. Өрелі мен өрісін таңдау жолы. Таза ақыл ақты барлайды.   Мұхтар Әуезовтің өніп өскен ортасы- Абай, Шәкәрім. Ғалым, суретші Мұхтар да, Абай сияқты  бала шәкірттіктен өткен кісі: «Үш күндік жолдың, бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.» Роман-эпопеяның бірінші жолында Мұхтар Әуезов Абайдың сөзін тікелей  терең оймен пайдалана білді. Бұл, Мұхтардың өзінің түлеп ұшқан ұясын, өзі де қазақтың бас ақынынан үлгі өнеге алушы, бала шәкірт екенін нақты байқатуы еді.  Абайға ұқсап «Өзімде барымды ортаға көп салдым»  деген сөз ишарасы. Барын салу, бар болу дегеніміз — ата баласы емес,  адам баласы бола білу. Адамның бәрі- өз халқың. Қасым да, Шәкәрім де тапқа, топқа, шарға, партияға бөлінбеген, бірлігі жарасқан қазақ ұлты, қазақ халқы үшін адал еңбек етуге серт берген ақын- ойшылдар. Олардың өлеңдері ұғып оқысаң -арқа сүйерлік шеберлік, жан көңіліңмен сезінсең- сүйсінерлік дүние. Қасым мен Шәкәрім поэзиясында, үлкенін ұстаз, кішісін бала шәкірт дегізер, екі ақынға да ортақ бір тақырып бар, ол — шындық. Күйлі, сыршыл Қасым мен ойлы, шерлі Шәкәрім өз заманының өмір шындығын көре білген, көргенін көркем сөзбен халық жетесіне жетерліктей шырқап берген тіл шеберлері. Бірақ, «біз» дескен арлыларға өмір сүргізбес ежелгі «мен» және «сен» тайталасы, күш сынасқан күндестік әкелген сайтан саясатқа шындық мүлдем қажет емес-тің.

Сондықтан да, екеуі де жаппай саяси қуғын- сүргінге ұшырады да, Шәкәрім – 1931 жылы, Қасым -1951 жылы  жолсыз жаза кешті.  Шәкәрімді атуға бұйрық еткен кім, Қасымның соңына түсуге нұсқау берген кім…(Жалғасы бар)

 

Марат Азбанбаев