Мақсат ЖҰМАТАЕВ «Қасым ақынның екі хаты»

                   

Танымал тұлғалардың бір-біріне жазған хаттары басқа елдерде жеке ғылыми зерттеуге айналған. Оларда сол хаттарға арналған кітаптар да шығып жатады. Ал, біздің ұлтымызда осы мәселе әлі де өз жолын таба алмай жатқанға ұқсайды. Ақиық ақын Қасым Аманжолов пен белгілі жазушы Жайық Бектұров арасындағы осынау шағын екі хат мерзімді басылымдарда, бәлкім, кітаптарда бұрында жарияланған шығар. Құнды да жәдігер дүниелердің қанша рет жарыққа шықса да, қаншама басылса да бағасы кемімейді. Өткенді ойлау, еске алу, айта жүру, бүгінгі тілмен айтқанда – рухани жаңғырудың өзі. Біз рухани құндылықтарымызды өткен тарихымыздан іздейміз. Дәстүр жалғастығы мен ұрпақтар сабақтастығы қашанда қажет. Осы тұрғыдан келгенде, Қасым ақынның қысқа екі хатының өзінде үлкен тарих жатыр. Сол заманның тамыры бүлкілдеп тұр. Аңызға айналған ақынның күнделікті қарапайым тірлігін мынау екі хаттан-ақ көруге болатындай. Ендеше хаттар мәтініне көз жүгіртіп көрейік:

           Бірінші хат:

          «Жайық! Жүсіпке сәлем айт. Хатыңды алдым. Аманшылық. Баяғы Қасым бір Қасым. Қабікен хат жазбайды. Өкпелеп жүрген болуы керек.

        Мен Талдықорғанға барып қайтуым керек еді. Творчестволық командировка бермек. Бірақ қазір суық түсіп, берекесі қашып тұр ма деп қорқамын. Осы жағдайын маған жазып жібер. Ауасы қандай? – бүрісіп жүретін болсам қиын (өйткені мен өзім суық тиіп, ауырғышпын-ақ).

        Жақында өлең жіберемін. Оған қарамай сен газеттеріңнің қызық (өлең боларлық) материалдары бар сандарынан іріктеп қана (бірен-саран) жіберіп тұр. Сонда мен облыстарыңның өмірінен өлеңдер жазып жіберіп тұрар едім. Хош! Жіберген гонарарды алдым. Өте бір керек кезінде келді. Домаш. Адрес. г. АлмаАта, Городская №69, Аманжолову. 15/XI-48».

Екінші хат:

«Жайық! Амансыңдар ма! Мен де солай. Сендерге өтірікші болдым. Қусақ туралы жаза алмадым. Өйткені декада мәселесі киіп кетіп, барлық күш соған мобилизована. Жақында бір нәрселер жіберемін. Бірақ сендер хат жазып тұрыңдар.

        Мына филармонияның бригадасы сіздің облысқа бара жатыр. Сендер искусствоны қадірлейтін адамсыңдар, осылардың жемісті жұмыс істеуіне мықтап көмектесіңдер. Осы жаздың біраз күндерін сендердің облыстарында өткіземін. Обязательно! Хат жазыңдар. Қасым.

               8/III – 49. Алма-Ата, Городская, 69».

Бұл екі хатқа жазушы Жайық Бектұров кейіннен мынадай түсіндірме жазыпты: «Жүсіп» деп отырғаны, журналист, әрі жазушы Алтайбаев Жүсіп. Ол сол жылдары Талдықорған облыстық газетінің редакторы еді. Бұл кезде Қасымның осы газетке бірнеше өлеңдері басылды. Солардың бірі, ұмытпасам, «Ауыл сырты Маржанкөл» болу керек. «Қусақ туралы» деп отырғаны өзінің сұрауы бойынша мен біраз газет  материалдарын жіберіп тұрдым. Соның бірі – Көксу өзені бойына салынған Қусақ  дейтін жердегі тоған, сондағы шағын электр станциясы еді. «Қабікен» деп отырғаны – марқұм ақын Қабікен Мұқышев. Қабікен кезінде Қасымға жақын жүріп, аралас-құралас болып еді. «Баяғы Қасым бір Қасым» деуі өз өмірінде айтарлықтай өзгеріс, асып-тасып кеткен ештеңесі жоқтығын аңғартуы ғой. Бізге қанша келем деп құлшынса да, Қасым Жетісу өлкесіне ақыры келе алмады. Көп кешікпей сырқатқа шалдықты.

Қасым үлкен-кіші шығармасының бәрін өмірдің нақты көріністерінен алушы еді. Сол себепті де оның Алматыда отырып, іргедегі Талдықорғаннан нақты, күнделікті, өлең боларлық қызықты дерек іздеуі тегін емес. Бұл бүгінгі ақындарға үлгі. Айтпақшы, «барлық күш декадаға мобилизована» деп отырғаны – 1949 жылы Москвада өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші он күндігіне дайындық болатын.

Қасымның екі хаты туралы Жайық атамыз тағы да бір дерек ретінде: «1947 жылдың күзіне қарай өзім абақтыдан алғаш оралғанда Қасыммен қайта кездестім. Одан кейін 1948 жылдың аяқ кезінде Талдықорған қаласында болып, сондағы облыстық газетке азды-көпті араласым болды. Осы тұста Қасым Талдықорған облыстық газетіне мен арқылы біраз өлеңдер жіберіп, жариялатып тұрды. Сол тұста жазған Қасымның екі хаты конвертімен әлі қолымда сақтаулы», — деп нақтылайды.

Мұрағаттарда сақталған сарғайған хаттар осылай сыр шертеді. Қасымдай дауылпаз ақынның күнделікті тыныс-тіршілігі кішкене ғана құсни хаттармен де бізге жетіп отыр. Мұның өзі қасымтануға қосылған айтарлықтай  үлес екендігі сөзсіз.

 

 

 

Мақсат Амангелдіұлы Жұматаев

 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қоғамдық ғылымдар    негіздері      және Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі.

                                                                               Нұр – Сұлтан қаласы.