Медина ҚҰТЖАНОВА «Мұзбалақ ақын» Мұқағали Мақатаевқа арнау

Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл

      Мұзбалақ ақын    

Мұқағали атаға арнау

Алатаудай, ақын ата, армысың,

Аласармай, биіктеген – тау мүсін.

Мұзарттағы мұздан таймас мұзбалақ,

Бізге арман, өзің қонған қарлы шың.

Туған жердің тік көтерген жыр-әнін,

Қарасаздан түлеп ұшқан қыраным.

Талантыңа таңқалды да, жол беріп

Ақын қылып, Сенім артты Тұраның.

Көк аспаннан құйылғанда кәусар жыр,

Көңілдерді көтеріпті ізгі нұр.

Әрбір жырың қайшылықта туса да,

Өлеңіңде қарапайым Өмір тұр.

Ғасырларға қаққан ғажап қанатын,

Өлеңі – от, мәңгі алау боп жанатын.

Садағынан жыр атылған сардар – ол,

Даламыздың дарабозы, дана ақын.

Балта батпас бағаналы терексің,

Үлкенге де, кішіге де керексің.

Көк бөрідей қасиетті, қайсар ұл

Жеке жортқан, елден бөлек, ерексің.

Құдіреті аумай қалған аршадан,

Өзіңді аңсап, еліктеді қанша адам?..

Мұң арқалап ұшқан Муза құсыңды,

Әлі күнге келеді іздеп барша жан.

Жүректерде үміт-сәуле жаңғырып,

Жырларыңмен атар талай таң күліп.

Біз сүйетін Өмір атты өткелде,

Өлеңіңмен Өзің барсың – мәңгілік!

 

Медина Құтжанова,

Қарағанды Банк колледжінің студенті.