Саржан ТАКИРОВ «Қасым шығармашылығы және кеңестік идеология»

Қасым шығармашылығы және кеңестік идеология

 

Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті,

ф.ғ.к., Саржан Уахитұлы Такиров

 

Қазақ поэзиясының асқар шыңдарының бірі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың көркем әдебиетке араласа бастаған, өзінің алғашқы жырларымен оқырман жұртты елең еткізген кезеңі ұлт әдебиеті тарихындағы өте бір күрделі уақыт болатын. Халықтық фольклор мен ақын-жыраулар мұрасы, Ұлы Абайдан бастау алатын ұлттық поэзия, оның ішінде Алаш арыстары шығармашылығы жас таланттың ақындық кредосының қалыптасуына тірек болмады дей алмасақ керек. 1924-1930 жылдар аралығында Семейде әуелі интернатта, одан соң техникумда оқыған кездері болашақ ақынның дүниетанымдық болмысына ықпал еткені сөзсіз. Себебі, Алаш рухын асқақтатқан Семей жұртынан зерделі де зерек жас көп нәрсені көкейіне түйіп өскеніне дау жоқ. Алайда 1930 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жаста» жұмыс істей бастаған шағында, сол кездегі әдеби сында орын алған әсіре тапшылдық көзқарас пен «тұрпайы социологизм» теориясы оның шығармашылық мұратына белгілі бір дәрежеде әсер етті. Өйткені, әдеби сында асыра дәріптеліп жатқан «жаңашыл» тақырыптар кеңестік дәуір идеологиясының осы талап-тілектеріне сай негізделген болатын. Ал, 1932 жылдан ұлттық әдебиеттану мен сында ғылыми негізделе бастаған «социалистік реализм» аталатын жасанды көркемдік әдістің ықпалы кейін ақынды «Советтік менің өз елім» деп жырлауға мәжбүрледі. Бұл жөнінде академик С.Қирабаев: «Әдебиет тарихының көп беттері «ақтаңдақ» күйінде қалды, социалистік реализм теориясы әдебиеттік әдісімізді бір жақты, жалаң мадақтаудан аса алмады, әдебиет сыны да өз міндеттерін ойдағыдай орындаған жоқ», – деп дұрыс атап өткен болатын [1,20]. Сондықтан, ақынның алғашқы бір өлеңі «Әскер жырында»: «Тап қорғауға талап қып келдік біздер… Жаса, жаса, Социалистік Отанның күзетшісі» деп жырлаудан басталуы да заңды. Мағжандай дарынға «Тоқсанның тобырын» жазуға дейін мәжбүр қылған қылышынан қан тамған қызыл империя ұлттық мүддеге тамыр тартатын кез келген қадамды жойып жіберу зұлматын бастап та кеткен болатын. 1939 жылы «Өмір сыры» атты өлеңдер жинағы шыққанға дейін әдеби сын Қ.Аманжолов туралы арнайы пікір білдіре қоймаған. Тек сол кездегі қазақ поэзиясының даму барысы жайындағы шолу мақалалар мен жазушылар одағы тарапынан жиі ұйымдастырылған жиындар мен пленумдардағы баяндамаларда ақынның шығармашылық ізденістері жақсы аталып отырды. Керісінше, Қ.Аманжоловтың өзі әдеби сын саласында қалам тартып, 1937 жылы «Лениншіл жаста» «Ер Тарғын» операсы – коллективтік еңбектің жемісі», «Алма бағында» атты рецензиялық мақалаларын жариялайды. Бұл бағытта әдеби ортада таныла түсуі 1938 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Көп оқып үйреніп, жақсы жазайық», «Ірі табыс», «Жамбыл – халықтың ақыны» және тағы басқа да мақалаларына жалғасты. Ал «Социалистік Қазақстанда» 1939 жылы «Халық композиторы ақын Естай», 1940 жылы «Ұлы ақын туралы трагедия», «Жамбыл шығармаларының аудармасы туралы», «Жоқтан барды жамау-жасқау» («Өлең-әндер» деген жинақ туралы) атты мақалалары жарық көреді. Бұларға арнайы тоқталып, термелей талдап жату артық және қажет те емес. Жас талапкер оларда қазақ әдебиеті сынын белгілі бір биіктіктерге жеткізіп тастады деп те айта алмаймыз. Алайда, атап көрсетудегі басты себебіміз – Қасым ақынның өлең сөздің теориялық мәселелеріне жетік болуымен қатар, сын жанрларынан да молынан хабардар болғандығын таныту ғана емес, біз сол арқылы ақынның «халық жауларын» әшкерелеу науқанына белсене кіріскен «солақай сыншылдардың» қатарынан көрінбегендігіне назар аудартуды қажет деп таптық. Қазан төңкерісінен бергі жиырма жылда кеңестік аталатын әдебиеттің барлық ауыр жүгін көтерген ақын-жазушылардың алды атылып, қалғаны қуғынға түскен кездегі Қасым ақынның азаматтық тұлғасы қандай дәрежеде танылғанын байқау қиын емес. «Большевиктік өзара сынды» күшейту арқылы «тап жауларын» әшкерелеуге шақырған кеңестік идеологияның шылауында кеткен сыншы-әдебиетші, ақын-жазушылар туралы нақты мысалмен ұзақ тiзiм келтіруге де болар еді. Әрі-беріден соң олардың осы кездегі қаралағыш мәндегі талқандағы мақалалары ұлт әдебиетінің қара шаңырағын ортасына түсіре жаздады. Соның салдарынан қазақ әдебиеті бүкіл одақтық көлемде Ж.Жабаев бастаған халық ақындары «шапанының» тасасында қалып қоя жаздағаны да жалған емес. Аманжоловтанудағы тұңғыш ізашар мақала – 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналының алтыншы санындағы Кәрiмжан Дәукенов деген автордың «Бір жинақ туралы» (Қ.Аманжоловтың «Өмір сыры» жинағы жайында) аталатын рецензиясы болды. Сыншы ақын өлеңдерінің тақырыптық-идеялық тұрғыдағы жан-жақтылығына, түр мен мазмұн, ұйқас пен ырғақ туралы жаңашылдық сипатына ерекше тоқталған. «Хан Тәңірі», «Горький» атты өлеңдеріндегі В.Маяковский әсеріндегі футуризмді, «Толғау», «Тұрмыс толғауы», «Ұлы Октябрь» және т.б өлеңдеріндегі халықтық толғау-термелік дәстүрді шығармашылық шыңдалу жолындағы ізденістері деп табады. Сыншы дұрыс атап өткеніндей, осы жинақтағы «Ақын ескерткіші», «Руставели Шотаға» атты жырлары ұлттық лирикада шын мәнінде соны жаңалық еді. Себебі, әр тармағы 15-16 буыннан тұратын және «аа», «бб» түріндегі егіз ұйқасқа құрылған өлең түрі Қасым ақынға дейін бола қойған жоқ. Бұл өлең түрі кейін Т.Айбергеновтің, М.Шахановтың шығармашылықтарында жалғасын тапқаны мәлім. «Бурабай толқындары», «Көкшетау», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Жаңбырлы кеште, көшеде» сияқты тамаша туындылары мен «Қытай қызы», «Бикеш» поэмалары туралы пікірлері арқылы сыншы ұлт әдебиетіне кең тынысты дарын келгенін бағамдайды. Әрине, рецензия болған соң сын айтылуы да заңды. Бірақ оларда тапшылдық көзқарастан туындап жатқан саяси мән іздеу сипаты жоқ. Мейлі, әдеби-теориялық тұрғыдағы талдаулары қазіргі кездегі талап деңгейінен көп төмен жатса да, алғашқы айтылған бағаның мәні қашан да зор екені белгілі. Қалай десек те барша жазушылар ұжымының кіндік басылымы саналатын «Әдебиет және искусство» журналындағы осы екі-ақ беттік мақаланың Қасым ақынды қанаттандырғаны анық. Соғыс жылдарындағы «Бәрі де жеңіс үшін!» ұранына қазақ қалам қайраткерлері де жедел үн қосып, патриотизм мен отан сүйгіштікті, ел қорғаушы ерлердің өршілдігін дәріптеуді қажет еткен талапқа сай бірсыпыра жаңа шығармалар жарияланды. Бірақ көпшілігі науқандық деңгейдегі үгіт-насихат, ұраншылдық сипатта болғандығын да жасыруға болмас, Өйткені, соғыс жағдайындағы өмір шындығын, қанды майдан даласын, ондағы жауынгер психологиясын терең білмеуден туындаған қиындықтар шын шеберлік деңгейінде жырлауға еш мүмкіндік бере бермеді. М.Әуезовтің «Намыс гвардиясы» туралы Б.Момышұлының: «Елгезек солдатты, мойынұсынғыш, өте әділ, айбынды, ер жүрек, қарапайым жауынгерді қайда жібергенсіз? Сіздің Төлегеніңіз ұрыс даласының солдатынан гөрі сахна сайқымазағына айналған» деген пікірі майдан даласын көрмей, білмей жазу секілді елеулі олқылықты дөп басуымен ерекшеленеді [2,229]. Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы қазақ поэзиясының ірі жетістігі дегенде, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы айрықша аталатыны заңды. Бұл шығарманы үлкен ақындық дарын қуаттылығының нәтижесі деп бағалаған орынды. Қасым поэмасы шығармашылық ортада резонанс тудырды да, әдеби сын тарапынан өте жоғары бағаланды. Осы жерде көркемдік деңгейі биік бұл соны туындыны бағалауда сол кездегі сыншылдық ой-пікірдің ұшқырлық таныта білгенін де атап өту керек. Поэманың Ғ.Мүсірепов секілді сөз зергерінің сыншылдық-эстетикалық таным-талғамының деңгейінде табылуының өзі көп жайды аңғартады. Жазушының «Майданнан соққан жаңа леп» мақаласы тек осы шығарма үшін ғана емес, сол жылдардағы ғылыми және теориялық деңгейі төмендеп кеткен әдебиет сыны үшін де үлкен олжа болды. «Поэма майданда ерлік көрсетіп, елі үшін қаза тапқан ақын жайында, ақын Қасым жанының бар толғануын, кек күшін, сезім тереңдігін бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сөзімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан» деген пікірі арқылы шығарманың идеялық арнадағы поэтикалық және өршіл романтикалық тереңдігін жоғары бағалады [3,187]. Автор сонымен қоса Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңіне тоқтала келіп, «Қасым мен Əбудiң осы екі шығармасы майдандағы ақындарымыздың ойлау, тереңдеу үстінде екендіктерінде дәлелдейді, өйткені бұл өлеңнің екеуі де «байырғы даңғыл» емес. Осы күнгі барлық кеңес поэзиясының жақсы үлгілерімен салыстыруға болатын шығармалар» деген тұжырым жасап, «…қазақ поэзиясындағы жаңа леп, көркемдік дамуымыздағы тың серпін» деп түйіндейді.

Қырқыншы жылдардың екінші жартысында Кеңестік идеологияның талаптарына сай тағы да саяси зобалаң толқыны басталып, мерзімді басылым беттерінде «ұлтшылдық» пен «саяси қателіктерді» айыптаған, қаралаған сын мақалалар жазылды.  «Бұл тұрғыда 1946-1948  жылдардағы ВКП(б) Орталық Комитетінің идеология саласындағы қаулыларының, 1947 жылғы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулысының атқарған зиянды рөлін бүгін ашып айтуға тиіспіз» деген С.Қирабаев пікірі аталған қаулылар зардабын тереңірек байыптауға ой салады [1,24]. Қазақ әдебиеті тарихынан жазылған оқулықтар, жазушылар мен ақындарды «тұрпайы социологизм» тұрғысынан сынау, саяси идеологиялық қателіктер қазбалауға арналған көптеген мақалаларының өзегі болды. Әсіресе, П.Кузнецовтің «Идеясыздық және жайбарақаттық жағдайында», С.Бәйішевтің «Идеясыздық пен сауатсыздықтың жинағы» атты мақалалары қазақ әдебиетіндегі елеулі шығармалардан тек қателіктерді, кемшіліктерді әшкерелеу мақсатын ұстанды. П.Кузнецов аталған мақаласында: «Қазақстанның совет жазушылары одағының партия ұйымының жұмысын, жаңа әдеби шығармалардың жарыққа шығуын, жеке жазушылардың творчестволық жолын Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің үгіт және пропаганда бөлімі мұқият қадағалап отырмаған. Жазушылар одағындағы көкейкесті, күрделі мәселелерге назар аударылмаған. Әдебиет тіршілігінің өте маңызды мәселелері, әдебиет сыны, театрлардың репертуарлары жөніндегі аса маңызды мәселелер Қазақстанда оңаша жағдайда шешіліп отырған», – деп, әдебиет пен өнер, сын мәселелеріне Қазақстанда саяси тұрғыда жете көңіл бөлінбей отыр деген біржақты баға берді («Социалистік Қазакстан» 1946, 4 қазан). Ә.Тәжібаев, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Жұмалиев, Қ.Аманжолов, С.Мұқановтардың шығармаларындағы кемшіліктерді де П.Кузнецов барынша әшкерелеуді мақсат еткен. Бұлардан бірыңғай саяси қателіктерді қазбалай келіп, оның негізгі себебін: «Идеология майданында қырағылықтың мұқалғандығынан, қазақ әдебиетіне идея, принциптік жағынан большевиктік талап қоюдың ұмытылғандығынан ғана болып отыр», — деп түсіндіреді. Бұл мақала қазақ зиялыларына төнген қауіпті танытып қана қоймай, олардың береке-бірлігіне іріткі салуды діттегенін де көрсетеді. Әсіресе, қазақтың басты қаламгерлеріне шүйлігуі де ойлантпай қоймайды. С.Бәйішев өз мақаласында сын нысанасына С.Мұқанов, Қ.Аманжолов, Қ.Шаңғытбаев шығармаларын алуымен шектелмей, «Әдебиет және искусство» журналы тарапынан орын алған кателіктерді: «еліміз алдында тұрған міндеттерге сәйкес, оқушылардың өскен тілегіне сай, қалың еңбекшілер бұқарасын коммунистік рухта тәрбиелеу ісіне бағытталған материалдарды ғана ұйымдастыру, жазғызу және жариялау орнына, қолға не түссе, соны ешбір талғамай баса берген… Кейбір нашар шығармаларды орынсыз мақтауға салынған», — деп тізбелейді («Социалистік Қазақстан» 1946, 27 қазан). Автор журналда жарияланған Ш.Құсайынов, Қ.Шаңғытбаев, С.Мұқанов, Қ.Аманжолов шығармаларынан іліп алар ештеңе таппай, олардан кемшілік тізіп мәнсіз, мағынасыз туындылар деп табады. «Дәл қазіргідей уақытта идея жағынан ұстамсыз, көркемдік жағынан құнсыз, мәдени дәрежесі төмен шығармаларға орын беріп, идеясыздық пен сауатсыздықтың жинағына айналу себебі не? Мұның себебі, ең алдымен, жазушылар Совет өмірі мен Совет шындығын, олардың даму заңдарын маркстік-лениндік ғылым тұрғысынан әлі жетік білмейді» деген қорытынды жасайды. Сол арқылы әдеби сын марксизм-ленинизмді ту етіп ұстану жолында саяси тереңдікті мейлінше ұштау қажеттігін ескертіп, осы бағыттағы идеологиялық кемшіліктердің «атын атап, түсін түстеп» берді.

Алайда сын кеңестік идеологияның әдебиет туралы кертартпа саясатының шырмауында кетті десек, қателесер едік. 1949 жылғы қарашада болған Қазақстан Жазушылар одағының ІҮ пленумында С.Мұқанов 1947-1948 жылдардағы қазақ әдебиетінің даму барысына шолу жасап, баяндама жасады. Жазушы әр жанрдағы жетістіктер мен кемшіліктерге шолу, тоқталу барысында поэзия, проза, драматургиядағы елеулі шығармаларды талдаған. Баяндаманың өзіндік ерекшелігі әдеби даму барысының байыпты сараланып, ақын-жазушылар шығармаларының әдеби-теориялық тұрғыдан талдануында. Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, Ж.Саин, Д.Әбілов, Ә.Сәрсенбаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Х.Ерғалиев, А.Тоқмағамбетов, Ж.Сыздықов сынды ақындар поэзиясының тақырыптық, стильдік ерекшеліктері ажырата көрсетіліп, әр ақынның өзіндік даралығы туралы эстетикалық байыптаулар берілген. «Өзге қазақ ақындарынан гөрі Маяковскийге жуықтайтын бізде екі ақын бар, біреуі Тайыр Жароков, біреуі Қасым Аманжолов». «Меніңше, Қасым өз заманының бейнесіне үйлес мықты сөз табуға дағдыланып келе жатқан ақын» деген әдеби-теориялық байламдары баяндамашының сынның эстетикалық, ғылыми сипатын ұстанудағы бағытын айқындай түседі. «Ұлтшылдыққа» қарсы жүргізілген идеологиялық күрес 1940 жылдардың соңында көркемөнердегі космополитизмге қарсы саяси науқанға ұласты. Батыс мәдениегі мен әдебиетіне бас июшілікке қарсы күрес «Космополитизм — импералистік реакцияшыл идеологияның улы қаруы» атты мақала арқылы көрініс берді де, сыншылдық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді жаңа бір қасаң қағида шырмауына салды. Қасым ақын шығармашылығынан «әшкерелеген ұлтшылдық» енді басқалармен бірге космополитизмді талқандауға бағытталған жаңа науқанның нысанасына айналды. Қ.Аманжоловтың тура осындай кезде баспадан шыққан «Дауыл» (1948) жинағын оқырман қауым өте жақсы қабылдағанымен, әдеби сындағы космополиттік саяси кателікке толы мін іздеген «солақай сыншылдардан» аман қалмады. «Дауылдан» соң атағы жалпақ жұртқа дүркіреп кеткен дарынның ұлттық мүддеге тамыр тартатын идеялары саяси билікке ұнамаса, оған әдеби ортадағы көреалмаушылық пен қызғаныш қосылып, ақынды мүлде құртуды жедел қолға алды. Қасым тағдырдың қиын-қыстаудан тұратын азапты кезеңі осылайша басталған еді.

Космополитизмді әшкерелеу 1951 жылы өткен ҮІІІ пленумда ҚК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов жасаған баяндамаға басты арқау бола отырып, саяси билік жүйесінде түпкілікті қолдау тапты. Баяндамашы «идеологиялық жұмыста, әсіресе тарих ғылымы, әдебиет және искусство саласында әлі де ірі кемшіліктер, саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар бар. Бұл қателер, әсіресе, Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде айқын көрінді» [4,2], — дей келіп, тарихшы Е.Бекмаханов, әдебиетшілер Е.ЬІсмайылов, Қ.Жұмалиев, қаламгерлер М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Бекхожиннің Кенесарыға қатысты еңбектері мен шығармаларын идеологиялық тұрғыда өткір сынға алып, «ұлтшылдық» таңбасын басты. Сонымен қатар, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Аманжолов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаев шығармаларындағы ұлт тарихына тамыр тартқан идеялық арналардан «қателіктері» теріліп, олардың «кемшіліктерін» көрсете кетуі де назардан тыс қалдырмады. Бұл кеңестік қоғам орнағаннан бастап саясаттың «қолшоқпары» болып қит етсе жау іздеуге әбден дағдыланып алған, әшкерелегіш жолды қатты ұстанған әдеби сынға жаңа нысана тауып беруге жасалған бағыт-бағдар десе де болады. Коммунистік идеология осы қаулы-қарар негіздеріндегі ұлтшылдықты әшкерелеу жұмыстарына бұрынғыдай әдеби сынды тағы да кеңінен пайдалануға ұмтылды.

Космополитизмге қарсы күрес науқанына барлық ғылым саласы жұмылдырылғандықтан, әдеби сын да одан шет қалмады. Одақ деңгейінде үлкен идеологиялық мән берілген бұл науқанға қазақ әдеби сыны да өз «үлесін» қосуға ұмтылды. Әдебиет пен өнердегі «саяси ауа жайылушылықты», космополитизмді барынша әшкерелеуді мақсат еткен Ж.Шаяхметов: «Қ.Аманжолов «Дауыл» деген өлеңдер жинағында қайдағы бір ежелден келе жатқан, жапа-жалғыз «Қазақстанды» жырлайды. Ол Қазақстанды «ата-бабаларының жері» деп сүйеді. Ол үшін Қазақстан «Жер мен көктің бірден-бір жұмағы», ал Ертіс өзені «бостандықтың бесігі» деп әдеби сынның ендігі ұстанар бағыты мен мақсатын да «айқындап» берумен қатар «ұлтшыл» ақындар қатарын жаңа есімдермен толықтыра түсті.

1951 жылы 2 шілдеде «Правда» газетінде «Против идеологических извращений в литературе» атты бас мақала жарияланды. Бұл мақаланың жазылуына А.Прокофьевтің «Звезда» журналында В.Сосюраның «Украинаны сүй» өлеңінің аударып жариялауы басты себеп болды. Украина Жазушылар одағының арнаулы шақырылған ҮІ пленумында А.Корнейчук «Правдада» жарық көрген мақаланың маңызын «партияның біздің әдебиет тағдырына, біздің Украина мәдениетіне әкелік қамқорлығының көрінісі», — деп бағалады. Сол арқылы В.Сосюраның аталған өлеңі «ұлтшылдық» тұрғыдағы көрініс деген пікір жер-жерлерде, яғни КСРО-ның өзге республикаларында қолдау тауып қана қоймай, әр ұлттың әдебиетіндегі ақындар шығармашылығынан «В.Сосюраларды» іздеу науқаны белең алды. «Қазақ баспасөзінің бетінде біреуді біреу қаралаған мақалалар үсті-үстіне жарияланып жатты. Әр түрлі мезгілде қазақ поэзиясының қазынасын молайтқан дала жайындағы жырларды қырағы көздер суық қабақ сүзгісінен қайтадан өткеріп, көрген кінәраттарына жерден жеті қоян тапқандай шаттанды» [5,69]. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмай Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин сынды ақындар өлендері қатты сынға алынды. «Көркем әдебиетті белгілі штамппен сынайтын, ол өлшеулеріне сыймағанды басқа көзге төпелейтін тоқпақты сыншылар да көбейіп кетті», — деп жазған Ә.Тәжібаев пікірі сол уақыт шындығына және әдеби сынға тән басты сипат еді. Бұл 1930 жылдар ойранынан соңғы аз уақыт аралығында қазақ поэзиясының көркемдік арнаға бет бұруында елеулі еңбек сіңірген көрнекті өкілдерін жасытып, шығармашылық дағдарысқа ұшыратты. Бұл турасында «Халқым, елім» деген ақындардың бәрі жаппай айыпқа ілінді. Әсіресе Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин қатты сыналған еді. Нағыз патриоттық рухта жазылған осындай және басқа ақындардың бірсыпыра өлеңдеріне танылған кінә қисынсыз-ақ еді. Сондықтан да Қасым сияқты лаулап тұрған талант иелері біраз тоқырауға ұшырап қалды», — деп жазады ғалым М.Дүйсенов [6,95].

Әдеби сынның ғылыми принциптері мен эстетикалық сипатынан алшақтағаны соншалық, бұл ақындардан «декаденство, мистицизм, буржуазиялық символизмді» табу сияқты өрескел қателіктер орын алды. Ал Қасымның «Қазақстан», «Сарыарқа», «Ертіс» өлендері, Қ.Бекхожиннің «Батыр Науан» поэмалары ұлтшылдықты дәріптейтін шығармалар тұрғысынан қарастырылып, сыңаржақ сындарда қате бағаланды. Мәселен,  А.Нұрқатовтың: Қасым «Қазақстан» деген өлеңінде халқымыздың жаңарған өмірін, жарқын бейнесін суреттеудің орнына ескілікті дәріптейді. Өз творчествосында да буржуазиялық-солшылдық пен символизмге ұрынып жүрген Ә.Тәжібаев Қ.Аманжоловтың ұлтшылдық сарындағы өлендеріне бас иеді» деген пікірі соған дәлел бола алады («Әдебиет және искусство» 1951, 75 б). Осындай солақай сыншылдық пікірлер ақынның өлең өнеріне деген азаматтық кредосынан бәрібір де тайдыра алған жоқ. Пленумдар мен жиындарда және баспасөз бетіндегі негізсіз сындарға кейістік білдіргенімен кейбіреулер секілді ақындық позициясынан тайып, қазақтың қара өлеңіне сатқындық жасаған емес. Оған жазушы Ж.Бектұровқа «Дариға, сол қыз» өлеңіне жазылған сын туралы айтқан: «Өзің жақсы білесің, өзіміздің С. дейтін ескі досымыз осы өлеңді баспасөз бетінде қатты сынап тастады. «Келмейді-ау өлгім» дегенімді сыншы жолдас республикалық беделді газетте пессимизм деп, торығу, тарығу, жабығу деп, дарашылдық, күйректік, күйгелектік деп сөкті. Сынды жақсы көреміз-ау, тек сын әділ болса екен. Тек сыншылар мен сынаушылардың бір жартысы өмірді дәл бір киімнің пішуі үлгісінде көреді. Сын есті болса ғой. Мейлі сынай берсін, мін таға берсін, өзім жөн деп білсем, өзгеге пысқырып та қарамаймын. Жаза берем, жаза берем, төпеп жаза берем», — деген пікірі дәлел.

«Әдебиетімізді жат пікірлер мен қателерден біржола арылтайық» деген Т.Жароков Қ.Бекхожиннің «Батыр Науан», Ә.Тәжібаевтың «Жас қазақ», Қ.Аманжоловтың «Ертіс» өлеңін ұлтшылдық сарын деп тапты. Мұның бәрі әдеби сынға саяси-әлеуметтік жағдайдың, партиялық қаулылардың қаншалықты кереғар ықпал етуін танытса, сонымен қатар, сынның әділ де принципті жолынан жаңылып, идеология талабын мүлтіксіз орындау құралына айналғанын көрсетеді. «…Тұрпайы социологиялық сын Қазақстанды көркейтудегі «аға» ұлттың шексіз қамқорлығын, Сталиннің данышпандық қызметін, партияның көрегендік саясатын, жұмысшы табының жетекші рөлін, тың игерудің теңдессіз мәнін, тағысын-тағыларды ұйқастыра мақтап, марапаттауды күштеп таңды. Мұның сансыз мысалы сол тұстағы кез-келген басылымның бетінде жарыса жамырап тұр» деген ғалым А.Шәріптің пікірінен сол дәуірдің келбетін, замана шындығын, «халықтар көсемі» басқарған партияның сынды өзінің қаруы ретінде пайдаланғанын байқауымызға болады [5,70].

Ендігі кезекте идеология әдеби сынды тұтас ұлттың рухани құндылығын тұқыртушы, оны кемсіту құралына да шебер айналдыра білді. Бұған қосымша «Әдебиеттің жоғары идеялығы үшін күресейік», «Әдебиетіміздің идеялы тазалығы үшін күресейік» деген қағидалар ту етіп көтерілді. Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының ашық жиналысында, жазушылардың қалалық жиналысында әдебиеттің таптығы, идеологиялық жұмыстардағы «ұлтшылдық», «буржуазиялық» қателіктермен күрес жолдары жаңа қырынан айқындала түсті. Сөз өнерінің эстетикалық сипаты мен алар көркемдік асуларын саралайтын әдеби сын қаламгердің саяси ұстанымдарына сай нені жазу керек, неден бас Тарту керек дейтін мәселеге орынсыз килікті. Сол арқылы әдебиет пен сынның беделіне, оқырмандардың эстетикалық талғамына сызат түсірді.

Осыған сай Қ.Аманжолов шығармашылығы ұлтшылдық сарыны бар деп табылған басқа да қаламдастарымен бірге қосақ арасында міндетті түрде аталып отырды.

Әдеби сын «ұр да жық» тұрпайы социологияның өрістеуінен қателіктерге орын беріп, қаламгер шығармашылығын, әдеби туындыны талдауда сынампаздық, дәйексіздік сияқты қате қағидалар қалыбынан шыға алмады. Сын әдебиеттің идеялық шыңдалуына, поэтикалық тұрғыдан кемелденуіне, көркемдік деңгейінің өрістеуі мен эстетикалық бағыт-бағдарын бағамдауда шығармашылыққа өрісті ықпал етудегі беделі мен ықпалынан айрыла бастады. Біздің тек қана осы 1951 жылғы жарияланған отызға жуық мақаланың ұзақ-сонар тізімін келтірудегі мақсатымыз — сынның басты назар аударған бағыты мен нысанасын байқату ғана емес, Қ.Аманжолов осы солақай сынның соққысына ұшыраған жалғыз ақын емес екенін де таныту еді. Ақиқатын айтар болсақ, осы солақай сынға ұшыраған кейбір қаламгерлерден өзінің «ұлтшыл емес» екенін дәлелдеу мақсатында бұл саяси науқанға қалай араласып кеткенін байқамай да қалғандары бар.

Тума талант Қ.Аманжоловтың әдеби сынның осындай күйге ұшырауына қынжыла отырса да түсіністікпен қарауы таң қалдырады. Оны «Сыншыларда да кінә жоқ, оларда жазық та жоқ. Сынның арнаулы тапсырмамен жазылатындығы да бар. Кейбір өресі тар білімсіз басшылар кешкі, таңғы, күндізгі желдің бетіне қарай тапсырма бере салады. Бізде әлі сынның өрісі тар. Келелі сын болуы үшін үлкен әдебиет жасалуы керек» деген пікірі дәлелдейді [7]. Дауылпаз ақынның «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» дейтін өлең жолдары еске еріксіз түседі. Дарындылық түйсік дейміз бе әлде ақындық оптимизмнің асқақ рухы дейміз бе, әйтеуір бүгінгі ұрпақтың көркем әдебиет пен сында еркін қалам тартуын көрегендікпен болжай алғаны шындық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері, Алматы, 1995, 282 б.
  2. Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап. Алматы, 1991, 400 б.
  3. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. Алматы, 1970, 330 б.
  4. Шаяхметов Ж. Республикалық, партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы мен және оны жақсарту шаралары туралы. Әдебиет және искусство, 1951, Б. 1-14.
  5. Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. Алматы, 2000, 336 б.
  6. Дүйсенов М. Ақын мұраты. Алматы, 1967, 180 б.
  7. Бектұров Ж. «Баяғы Қасым, бір Қасым…». Ана тілі, 2011, 8-14 қыркүйек.

Қасым. – 2012. – №1. – 126-133 б.