Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, Мен өлемін өзімнің биігімде… (Талғамы терең Төлеген. Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығына орай) Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА

 

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, Мен өлемін өзімнің биігімде…   

(Талғамы терең Төлеген. Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығына орай)

Көктемнің шуақ шашқан күнінде  «Мен туыппын қызғалдақты көктемде, жеті қабат жерге шұғыла жеткенде» не болмаса «…Мен көктемнің баласымын» — деп талантты, талғамы терең Ақын дүниеге келді. Қазақ поэзиясында өзінің поэтикалық шеберлігімен, қуатты  лирикасымен, өзіндік стилімен, жалпыхалықтық  лексиканы  ұтымды қолданған, сөз ойнатудағы ерекшелігімен  айрықша танылған ақындарымыздың бірі –Төлеген  Айбергенов болатын. Ақын «Бір тойым бар» өлеңінде өзінің жан дүниесінің толғанысын былайша береді.

 

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

    Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

    Бірақ…бірақ………………………………..

     Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

    

     …Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,

 Қазанымда бір асым ет қалмауын.

       Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

    Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін талай түнгі тілегім ед,

      Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

Эстетикалық  деңгейі жоғары, айтар идеясы айқын, мазмұны терең көркем поэзия оқырманға сөз құдіреті арқылы жетеді. Сөз құдіреті арқылы суреткер тілінің әсемдігі, көркемдігі, тілдік құралдар мен тәсілдерді орнымен жұмсап, сөз қазынасын молынан пайдаланып, сөздерді қиыстырудағы ұтқырлығы, шеберлігі, даралығы, өзіндік сөз саптауы танылады. Жазушы Әбіш Кекілбаев бір естелігінде: «Төлеген сөз жоқ талант. Дара талант, сара талант. Дара бітім адамның болмысына тән. Талант тақыр жерде өспейді» ал,  ақын Әбділда Тәжібаев: «Біз поэзиямыздың тағы бір алтын сандығының алтын тұтқасын аштық, аштық та Төлеген дүниесін көрдік» — деп ерекше баға беріп кетеді [1,208].

Қазақтың талантты ақындарының бірі – Төлеген  Айбергенов өлең өлкесінде поэтикалық тілге бай да құнарлы, образды лирикасымен ерекшеленеді. Белгілі ғалым, академик  Р.Ғ.Сыздық: «Поэтикалық тіл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты көріктеу құралдарының санымен, тіпті сапасымен танылмайды, суреткердің өз міндетіне алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тіл арқылы әсерлі де бейнелі түрде көрсете білуінен танылады» — деп айтуы орынды деп білеміз [2,8]. Өйткені поэзия тұтастай образды сөздер тізбегінен тұрмайды, экспрессивтік бояуы бар сөздермен,сөз тіркестерімен берілуі де мүмкін.

Т. Айбергенов лирикасында жалпыхалықтық лексика ұтымды қолданылып, көркем де шебер беріліп, оқырман сезіміне ерекше әсер ететінін өлеңдеріне лингвистикалық талдау жасау барысында аңғара түсеміз әрі талдау барысында көз жеткіземіз. Ғалым Б. Кәрібаева: «Төлеген шығармашылығы поэтикалық тілге бай, тым құнарлы поэзия. Қуатты поэзия. Себебі, сонша көкжиегі кең, кеңістігі шексіз көрінгенімен, жүйелілік бар. Ұлттық өлеңнің дәстүрлі жібек жібін жеті қат жер астынан ерекше бір құдіретпен сезініп, үзіп алмауға барын салады. Өнер құпиясының тереңіне бойлатады. Тіл тылсымын анық сездіреді»,-деп ақын поэзиясына шынайы баға береді [3,161]. Ақын өлеңдері көркемдік-эстетикалық  жағынан өте жоғары және сөз қолданудағы өзіндік стилі анық байқалады. Ақын өлеңдерінде семантикалық мән-мағынасы мен стильдік бояуы айқын, бір-бірімен үндесе айтылатын әрі бірін-бірі нақтылап, толықтыра түсетін сөзқолданыстардың тобын жинақтап, жүйелеп келтіреді.

1960-1970 жылдар поэзиясына зер салатын болсақ, таланттарымыздың  санаулысының  бiрi де бiрегейi, лирикалық жырлардың жыршысы болған, тылсым табиғат тілін түсініп қана қоймай, оны шынайы сөйлеткен,  саналы ғұмырын жыр – құдіретке  арнаған  Төлеген Айбергенов болатын. Ақын өзінің «Ақындық» деген өлеңде поэзияның оңайлықпен тумайтындығын, оның жолы ауыр болатындығын, талант, шеберлік, жауапкершілік, ақындық интуиция бәрі өлеңге, құдіретті сөз өнеріне қызмет ететінін айтады.

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

                                      Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас  жолдар торабын.

Нахақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес – кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

                                      Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.  

Т.Айбергенов поэзиясында жалпыхалықтық лексика ұтымды қолданылып, көркем де шебер беріліп, оқырман сезіміне ерекше әсер ететінін өлеңдеріне лингвистикалық талдау жасау барысында байқаймыз.

Төлеген Айбергенов – табиғаттың  тілін терең түсініп, сөзден сурет салып, образды сөз өрнектерімен көрінген шебер суреткер ақын. Табиғаттың тылсым құпия сырларын суреттеуде тілдік элементтерді ұтқыр қолданып, сөз оралымдарын еркін ойнатып жұмсайды. Ақын өзі айтқандай: «Аппақ қардан омбылап, көктем іздеп келем мен» — дегендей астарлы оймен лирикасында табиғаттың тылсым күштері мен адамзаттың байланысы айқын көрініс береді. Ақын лирикасында табиғат адаммен  байланыста  жанды  бейне, динамика ретінде алынады. Атап айтар болсақ: ай, күн, жұлдыз, аспан, жер,  тау, өзен, көл, тас, бұлт, жаңбыр, нөсер, жел, жапырақ, гүл, аяз, қар – заттық ұғымның атауларын бір-бірімен байланыстырып тұтастай гармония жасайды. Табиғаттың құпиясын жырлауда ақын ұлы Абай дәстүрінің жалғастығын танытады, бірақ өзіндік түйсігімен, түсінуімен, қабылдауымен, талғампаздығымен тереңдетіп өзінше береді және сөз-образдарды шебер қолдана біледі. Оның табиғат туралы қай өлеңін оқысақ та жанды бейне көз алдымызда сөз — кестелер арқылы өріліп, сурет-образ болып тұрып қалады. Осы сурет – образдар ақын суреттеуінде жалпы халыққа түсінікті тілдік элементтер арқылы түзілген. Ақын сөзқолданыстарды ұтымды қолданып, сөз арқылы образ жасайды. Ойымыз дәлелді болу үшін ақын өлеңдеріне тоқталайық:

      Ұқсаған көктегі ай асқан шамға —

      Аспанға бейне шоқтан басқан таңба.

      Жұлдыздар жез шегедей жымыңдаған

      Шашылған ақ шекердей дастарқанға.

Көк әуе – көзі  қыздың москвалық,

Бұлт жатыр биік таудан жастық алып.

Қаңтардың қалшылдаған қатты аязы

Барады тәнді үсітіп, тасты қарып

      Суықтан дала жатыр тұмауратқан,

      Мұртына теректердің қырау қатқан.

Айналып қуғыншы жел жүгіріп жүр

Әупілдеп үрген иттей құр аулақтан.

Аяздан алма жүзі арайланып,

Жүр әне, күзетші шал қора айналып.

     Дәл қазір нені ойлап тұр екен ол,

     Телміріп бір нүктеге қарай қалып…

Ұлт тілінің мүмкіншілігін, жалпыхалықтық лексиканы қолдана отырып, сөзден бояуы қалың картина жасап, табиғаттың тірі көрінісін көз алдымызға алып келеді. Образды сөзқолданыстарды қолданбай – ақ жалпыхалықтық лексикалық қолданыстарды барынша шынайы бергенін көреміз. Тәуелсіз табиғаттың объективтік бейнесін поэзияның тіліне бағындыра отырып суреттейді. Ақын сөзқолданыстарын орынды жұмсап әсерлі де мәнерлі етіп жеткізіп берген. Ұғымға түсінікті сөздердің рет-ретімен түзілуі өлеңнің барлық жүгін арқалап, стильдік бояуын қалыңдата түседі. Тексті түзуші тілдік элементтердің қызметі әр шумақта жалғасын тауып ой нақтыланып, айқындалып, сөздердің қолданысынан образды айқын көреміз. Әрі текстің оқырманға жетуі, ой-санасына әсері  дамытыла көрсетіледі. Өлеңдегі табиғат – қозғалысты  беруінде поэтикалық тон мүлдем басқаша өрілген. Т. Айбергенов лирикасындағы ерекше көңіл аударатын қолданыс – құбылтуды  өте шебер қолданады. Құбылту дегеніміз табиғат құбылыстарына немесе жалпы жансыз заттарға тірі адамның қылығын, қимыл-әрекетін теліп суреттеу екенін білеміз. Ақынның төрт-ақ жолдан тұратын төмендегі үш өлеңіне назар аударайық:

 

Сыңсиды жел қобызын бұрап тартып,

Қалмады қырға   біткен қияақтан түк.

Телміріп тас төбеден ай төнеді,

                                                      Аспанда алтын қазан сияқтанып                                

 

Аймалап ерке желі жан денені,

Бозарып қылаң беріп таң келеді

Малынып шығар күннің шұғыласына

                                                      Көк құрақ мың құбылып сәнденеді.

 

Аяздан тұрған жан жоқ өзін біліп,

Сақтапты тау ғана тек төзімділік.

                                                     Шебер қыс көлді ұқсатып бір ғалымға,

                                                     Көзіне іліп кетіпті көзілдірік.

 

Төрт-ақ жол өлеңге ақын қаншама шынайылықты сыйғызып, сөзден сурет салудағы өзіндік даралығын таныта түседі. Осы жоғарыда берілген шумақтарда көзге ерекшеленіп тұрған тілдік қолданыстар болмаса да, ақын жалпыхалықтық лексиканы шебер сөйлете білген.

Жел қобызын тартып сыңсыса, аспаннан ай төніп қарап тұр. Күннің шұғыласына көк құрақ сәнденіп тұрса, шебер қыс сурет салып тұрғанын байқаймыз. Ерке жел денеңді аймалап, көк құрақ сәнденеді яғни адамның іс-әрекеті жансыз табиғатқа телініп, сөзден салынған сурет оқырманын бір тұңғиық ойға жетелейтіні анық.  Қашанда табиғатты түсінген, сезінген, аялау керектігін білген ақынның сөз саптауындағы жинақылықты, тілдік оралымдарды ықшам да ұқыпты орнын тауып жұмсағанын байқаймыз.

Ақынның туған жерге деген махаббатын, табиғатты жанындай сүйгенін жалпыхалықтық лексиканы қолдана отырып өте шынайы жеткізіп бергенін байқадық.

Күн бикеш көк жиектен құлап кеткен,

                                                      Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен.

Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды,

                                                      Сақырлап қайнап жатыр бұлақ біткен.

                                                      Тосшы сен құлағыңды аңдай қалып,

                                                      Барады кең дүние әнге айналып

                                                      Нар қамыс суылдаса жер бауырлап,

                                                      Бақалар тамсанады таңдай қағып.

Екі шумақтан ғана тұратын өлең мәтінінде ақын табиғат көріністерін суреттеп бере отырып, қазақ тілінің лексикалық байлығын барынша шынайы қолданып, текстегі сөзқолданыстарды әсерлендіре түседі. Сөз-образдар арқылы жанды суретті көз алдымызға алып келеді және  қарапайым сөзқолданымдар негізінде табиғатты сөйлетіп, оқырманын алға жетелейді.

Тазалық, мөлдірлік, тереңдік, сұлулықтың символы бұлақты талай ақын жырлады. Бірақ Төлеген ой мен сезімді ұштастыра отырып образды сурет жасады. Бейнелі сөздерді қолданбай-ақ жалпыға түсінікті тілмен ойын,  дәл, нақты, мәнерлеп жеткізіп берген.

Түнгі бұлақты суреттеуде грамматикалық формаларды (зат есім, сын есім, есімдік, етістік, етістік формаларын) белгілі бір стильдік қызметте жұмсайды. «Күн бикеш көк жиектен құлап кеткен» ерекшеленіп тұрған тілдік қолданыс екенін байқаймыз. Метафоралық қолданысты орнын тауып жұмсайды әрі бейнелілікті айқын көрсетіп береді. Сонымен қатар сөз ойнатудағы шеберлігін байқатады.

Ақынның «Далада» өлеңінде де табиғаттың тылсым күшін, жанды образдармен суреттеп береді. Бейне бір табиғатқа тіл біткендей күйде боласыз.

Айна көл тұнып тұрған шарадағы,

Қымызды көз алдыңа келтіреді

                                   Ұялшақ сәби талдың жағадағы,

                                   Етегін гулеп ойнап жел түреді.

Ну қамыс жарыса өскен шулап күліп,

Қайтадан түрегелді сұлап тұрып

Толқыны жардан құлап, аунап тұрып,

                                   Сұңқылдап бұлақ жатыр сыр ақтарып

Судырлап жатыр орман жалғастырған

Ауыл мен асқар таудың екі арасын,

Қызыға тыңдап көріп тұрмын қырдан

                                   Даланың тоқсан тарау операсын.

 

Ақын лирикасында экспрессивтік сөздерді, лексикалық қабаттарды, морфологиялық тұлғаларды, синтаксистік қайталауларды, көркемдегіш амалдарды текст түзу үшін ғана емес, мәтіннің стильдік бояуын қалыңдата түсу үшін әрі өлеңнің көркемдік көкжиегін кеңейтіп, эстетикалық өрісін биіктету үшін қолданады. Ақын экспрессивті сөздерді қолдану арқылы өлең мәтінінің стильдік бояуын қалыңдата түседі. Мысалы:

Көрсең ғой, шіркін, бәрін де көзбен көрсең ғой,

Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей.

Осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа

     Бір әсем дария керек — ақ екен дәл сендей.

Осы қолданыста «шіркін» сөзінің стильдік қызметі ерекше көрініп, мәтінге күшейту қызметін қосып тұрғанын байқауға болады. Сонымен қатар етістіктің өлеңнің басында, соңында екі рет қайталанып келуі де өлеңге айрықша фон бере түседі. Шылау сөздер де өлеңге динамика беріп, текстен жай хабарлау емес, нағыз қозғалыстың бар екенін байқатады, яғни жай шылау сөздердің (жатыр-ау, керек-ақ)  грамматикалық қызметінен гөрі стильдік қызметі айқындала түскен. Ақын өлең тексінде ау,ақ шылауларын белгілі бір мақсатпен қолданып отырған.

Экспрессивті сөздерді, образды айшықты сөз тіркестерін қолданбай-ақ ақын төрт жолдан ғана тұратын «Пейзаж» өлеңінде табиғаттың жанды суретін, тамаша көрінісін көз алдымызға алып келеді.

Көк шықты таудың тарғыл тасын жасырып,

Арықтан сулар жатыр тасып ағып

Аямай жерге төгіп алтын нұрын

Күн көзі күлімдейді қасын қағып.

Сонымен қатар «Көктем әуендері» шағын ғана өлеңде көктем көрінісін аса шебер бере отырып, өлеңдегі динамика анық байқалады. Жалпыхалықтық лексика өз орнымен жұмсалып, мәтінге айрықша стильдік фон беріп тұрғанын айқын көруімізге болады.

 

Төбеде найзағай жарылып,

Аспанға келді кеп сойқанды.

Қыстағы қаймағы алынып,

                                      Өзеннің күбісі шайқалды.

Шағала шаттана ән бастап,

Көлге кеп үдетті қиқуды,

Кеудесін көтерді тау да асқақ,

                                      Бүршігі үлбіреп гүл тұрды.

Табиғат пен адам әрекеті бір-біріне жақындастырылып, адамның әрекеті арқылы табиғатқа жан бітіре отырып, өлеңнің эмоциялық әсерін күшейте түседі. Бұл өлең жолдарынан ешқандай да экспрессивтілік, айрықша сөзқолданыстар көрінбейді, бірақ ақын қарапайым жалпыхалықтық лексиканы қолданып өзіндік стилін байқата түседі. Ақынның «Қыс туралы»  өлеңінде де  қыстың көрінісін ғажап суреттеп береді.

     Далаға ақ текемет жайып тастап,

         Шырқайды дүлей боран әнін асқақ.

Тамшыдан меруерт шашу шашамын деп,

Аспан да салют беріп жатыр қоштап.

 

Ышқынып, алып-ұшып көкірегі,

Селеуден серке қоян секіреді.

         Нұрымен айналасын тазартып тұр,

    Күміс ай секілденген көк күрегі.

 

         Торғайлар бұтақтарға қонып алып,

               Сайрап тұр балмұздақ жеп шөлі қанып.

Қыз беті қызғалдақ боп құлпырады,

Жатқандай арай өзен толып ағып.

Дыбыстық қайталаулар (Күн көзі күлімдейді, қыстағы қаймағы, кеудесін көтерді, селеуден серке қоян секіреді) өлеңнің түріне ғана емес мазмұнына да қатыстылығы байқалады. Өлеңнің үніне, әуеніне дыбыстық құрылымның айрықша әсерін көреміз. К дыбысымен келген аллитерациялық қолданыс орнымен жұмсалып, дыбыстар гармониясының да өлең мәтініне әсерін және стильдік қызметі айрықшаланып тұрғанын байқаймыз. Өлеңнің көркемдігі жекеленген тілдік элементтерден тұрып, күрделі ассоциация тудырады. Суреткер ақын Т.Айбергенов лирикасын оқып отырғанымызда ерекше назар аударатынымыз туған жер, табиғат ұғымдары оның творчествосының негізгі өзегі іспетті. Ақын лирикасынан тіл иірімдерін аса сезімталдықпен қолданғанын, сөзді таңдап, тауып жұмсау даралығын көреміз.

Академик Р.Ғ.Сыздық: «Өлең тілін зерттеуде мақсат шығарма мәтінінде көркемдіктің әйтеуір бар екенін көрсету емес, сол көркемдіктің оқырман сезіміне қалайша әсер ететіндігін дәлелдеу. Өлеңнің көркемдігін оның поэтикалық тілі көрсетеді. Поэтикалық тіл дегеніміз сөзбен түскен әсем кестелер болса, сол кестелерді төгетін амалдардың көрінісін зерттеу – лингвистикалық  ізденіс үлесіне тиеді» — деп ақын  тілінің көркемдігін зерттеудің маңыздылығын, қажеттілігін баса айтады [4,28]. Ақынның поэтикалық тілі арқылы оның көркемдік әлемі ашыла түсіп, сөзқолданымдар мәтін ішінде айрықша стильдік жүк арқалайды.

Төлеген Айбергенов лирикасының лингвистикалық табиғатын қарастырғанда назар аударатынымыз – оның  ұлт тiлiнiң байлығын, оның мүмкiншiлiктерiн қаншалықты пайдаланғанын, әдеби тiлiмiздiң дамуына қосқан үлесiн, өзiндiк қолтаңбасы мен өрнегiнің айрықша байқалатындығында.

Академик З. Қабдолов: «Лириканың күші – әсерлілігінде, әсерлілік әр нәрсені әншейін ауызекі әңгіме қылғандай сылдыратып айтып беруде емес, айтайын дегенін сырлы суретке айналдыруда, демек, лириканың күші – баяндауда  емес, суреттеуде жатады»[5,438],-дегендей Төлеген өлеңдерінен сурет-образ айқын көрінеді. Т.Айбергеновтың поэтикалық тiлi ешкiмге ұқсамайтын даралығымен ерекшеленеді, сөз құдiретi арқылы ақын көрiктi, әсем, сұлу сөз-бейнелер жасап, әрбiр сөздi  ойнатып жұмсайды. Сөз-бейнелерiнiң көрiктiлiгi, әсемдiгi, сұлулығы, мағыналылығы, айқындылығы – ол қолданған  сөзқолданыстардың  негiзiнде жатыр. Ақын лирикасындағы сөзқолданымдар, сөз-образдар  стильдiк құралдардың бәрi де образдылыққа  қызмет етiп  тұрғандығын әр өлеңiн оқыған сайын көрiнiп отырады. Төлеген Айбергенов  лирикасының тiлi арқылы  қазақ поэзиясына, қазақ тiлiнiң лексикалық қазынасының баюына, одан әрi  дамуына айтарлықтай  өз қолтаңбасын қалдырғанын байқаймыз.

Сөз құдіретін терең сезінген, қастерлеген, тілдік оралымдарды орнымен жұмсаған, аз ғұмырында мол мұра қалдырған талантты ақын сөздің қуатын таныта білді.

                              Мен күн сайын теңіз боп ақтарылам,

                              Бұлбұл болып шулаймын бақтарыңнан.

                              Көктем жаққа аққулар ұшырамын,

                              Жазираның ақ түтек ақпанынан       

                                         Басқасынан ажалым жетпес менің,

      Жауыздықпен өйткені шектеспедім

      Мен жарақат салмаған семсер едім,

      Сондықтан жарқылдаймын,

      Әйтпесе өтпес те едім,

      Өле берсін күншілдер күйігінде,

      Өз ғасырым өзімнің иінімде.

      Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,

                              Мен өлемін өзімнің биігімде — деп ақын өзі айтқандай қашанда адамдықтың, ақындықтың биігінде қалады [1, 208]. Сөзбен шындықты айта білген, сөзден сурет салған, табиғаттың тылсым күштерін сөйлете білген ақын еді. Жоғарыдағы өлең жолдарынан ақын рухының асқақтығын ғана байқап қоймаймыз, эстетикасы жоғары, талғамы терең поэзия екенін аңғарамыз және ақынның өзіне берген бағасын да айқын көреміз. Бұл сөзбен шындықты айта білген ақындық қабілет ғана емес, ақынның көрегендігі, шынайылығы мен  өзіне жоғары талап қоя отырып, поэзияның құдіретін терең сезіне білуі болса керек.

Сөз саптаудағы ерекшелігі айқын көрінетін, сөз құдіретін терең сезініп, әрбір сөздің қолданысына жауапкершілікпен, сезімталдықпен, мәдениеттілікпен,  адамгершілікпен қараған таланты биік, талғамы терең ақын Төлеген Айбергенов поэзия әлемінде қазақтың тілге бай, сөзі құнарлы, образды сөз өрнектерін ұтымды қолданған, шеберлікпен жұмсай білген кең тынысты лирикасымен танылған ақындарымыздың бірі болып оқырман жүрегінде қалады. Ақын лирикасы әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi:

 

  1. Айбергенов.Т. Аруана – бауыр дүние. –Алматы: Атамұра, 2003. -208 б.

 

  1.     Сыздық Р. Сөз құдiретi. –Алматы: Санат, 1997. – 179б.

 

  1. Кәрібаева Б. Қара өлең және лирика. –Алматы , 2001. – 173б.

 

  1. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. –Алматы: Санат, 1995. -8-28  б.

 

  1.     Қабдолов З. Сөз өнері.  –Алматы: Өлке, 2014. -496 б.

 

Ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор  Қазанбаева А.З