ЖАДЫРАП ЖАЙНАП КҮЛДІ ЖЕР………. (ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ «ДОЛЫ БҰЛТ» ӨЛЕҢІНІҢ ЛЕКСИКА- ГРАММАТИКАЛЫҚ СИПАТЫ ) А.З. Қазанбаева
ЖАДЫРАП ЖАЙНАП КҮЛДІ ЖЕР……….
(ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ «ДОЛЫ БҰЛТ» ӨЛЕҢІНІҢ
ЛЕКСИКА- ГРАММАТИКАЛЫҚ СИПАТЫ )
А.З. Қазанбаева, ф.ғ.к., доцент
Академик Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов қазақ поэзиясында өзінің жеке дара тілін, стильдік бояуын қалыптастырған таланттарымыздың бірі де бірегейі деп айтуға негіз бар. «Дауыл ұлының» ақындық таланты өзіндік идиостилі арқылы ерекшеленеді. Мына пікірге иланбасқа болмайды: «Қазақ поэзиясында Қасым жаңалығы ең алдымен сөз күрделенді: жарыққа, бояуға, музыкаға айналды. Ырғақ күрделенді: екпінге, пафосқа, құдіретке айналды. Шығарма күрделенді: ақын түйсігі бір құбылыстың, бір жердің үстіндегі сезімін жан-жақты, көп көріністі суреттермен сипаттарлық шеберлік тапты» [ 1,563].
Өзіндік даралығымен, ерекшелігімен, сөз қолданудағы шеберлігімен, поэтикалық өрнегімен тұлғалы ақынымыз өлеңнің өрісін кеңейтті. Әр ақынның азаматтық дауысы өзі өмір сүріп отырған қоғамға байланысты ашыла түседі. Жалпыхалықтық қолданыстағы сөздерді көркем шындықты ашуда өткір әрі аса бір шеберлікпен жұмсайды. Қасым лирикасынан үнемі табиғатпен, өзі өмір сүріп отырған қоғаммен, қоғамдағы болып жатқан сан қилы оқиғалармен шынайы көркемдікті, оқырманын ойлантуға, сендіруге мәжбүр ететін ерекше ішкі байланысты байқаймыз.
Ақын өлеңдерін оқығанда тағы бір көзге көрініп тұрған ерекшелік – сөзбен суреттелген өмір, тіршілік құбылыстары тұтас бір поэтикалық картина жасайды. Осы тұтас картина айшықты, ұтымды, оралымды, көркем әрі мәнерлі қолданылған тіл нақышы арқылы көрініс табады. Әрбір суреткердің шығармашылығын танытудағы негізгі сүйенері – тілі. Эстетикалық деңгейі жоғары, айтар идеясы айқын, мазмұны терең көркем шығарма оқырманға сөз құдіреті арқылы жетеді. Сөз құдіреті арқылы суреткер тілінің әсемдігі, көркемдігі, тілдік құралдар мен тәсілдерді орнымен жұмсап, сөз қазынасын молынан пайдаланып, сөздерді қиыстырудағы ұтқырлығы, шеберлігі, даралығы, өзіндік сөз саптауы танылады.
Қазақтың біртуар, дарынды ақындарының бірі – Қасым Аманжолов өлең өлкесінде поэтикалық тілге бай да құнарлы, образды лирикасымен ерекшеленеді. Ақын өлеңдері көркемдік-эстетикалық жағынан өте жоғары және сөз қолданудағы өзіндік стилі анық байқалады. Ақын өлеңдерінде семантикалық мән-мағынасы мен стильдік бояуы айқын, бір-бірімен үндесе айтылатын әрі бірін-бірі нақтылап, толықтыра түсетін сөзқолданыстардың тобын жинақтап, жүйелеп келтіреді. Белгілі ғалым, академик Р.Ғ.Сыздық: «Поэтикалық тіл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты көріктеу құралдарының санымен, тіпті сапасымен танылмайды, суреткердің өз міндетіне алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тіл арқылы әсерлі де бейнелі түрде көрсете білуінен танылады»- деп айтуы орынды деп білеміз [2,8]. Өйткені поэзия тұтастай образды сөздер тізбегінен тұрмайды, экспрессивтік бояуы бар сөздермен, сөз тіркестерімен берілуі де мүмкін.
Өлең тұтастай табиғат көрінісін суреттейді. Беймәлім табиғаттың тылсым күштері сөз – образдар арқылы оқырманына жетеді әрі ой салады. Ақын шығарманың тақырыбына, айтар ойының дәлдігіне қарай образдар жасайды. Сол образды оқырманына жеткізуде тілдік амалдарды, грамматикалық тұлғаларды, фразаларды, сөздерді, сөз тіркестерін ұтымды қолданып, белгілі бір мақсатқа таңдап жұмсайды. Ақынның шеберлігі әрі ұтқырлығы сол – сөз-образдар арқылы көркемділікті көз алдымызға тұтас поэтикалық сурет ретінде алып келеді. Өлеңнің құрылымы сегіз буынды төрт шумақтан тұрады. Табиғаттың бір көрінісі аспанды торлаған жай бұлт емес, «долы бұлттың» әрекеті баяндалады. Өлең мәтінінде ерекше көңіл аударатын көркемдегіш амалдардың бірі құбылтуды ақын айрықша қолданып, «долы бұлтты» жанды бейнеге айналдырады. Жансыз заттарды адамның іс-әрекетіне телу, тірілту, сөйлету ұлы Абайдан бастап бүгінгі ақындарымыздың шығармаларында кең етек алған. Әдетте долы сөзі адамның мінезіне байланысты айтылатыны мәлім. Өлеңнің әр жерінен үзінді келтіріп көрейік:
Суырып көкте қылышын,
Нөсерлі қара төнді бұлт,
Тарылтып жердің тынысын,
Тапа-тал түсте болды ымырт.
«Долы бұлт» ақырады, жылайды, аймақ тебіренеді, жер күледі – осы қолданыстардың бәрі — табиғатқа тіл бітіп сөйлеп тұрғандай жанды көрініс ретінде берілген. Өлеңнің алғашқы төрт жолындағы «нөсерлі қара бұлт» күрделі эпитеті арқылы ақын төніп келе жатқан бір сұмдықтың боларын сездіреді. Долы бұлттың қаһарына, әрекетіне иланасыз, сенесіз, әрі одан қорқасыз.
Күйзелді келіп, күңіренді,
Аласұрды аспанда.
Шуылдап аймақ тебіренді,
Жалынын жерге шашқанда….
Өлеңдегі «күйзелді, күңіренді, аласұрды» қимыл етістіктерінің қолданысында динамика басым. Етістіктердің бір-бірінен үстемеленіп, күшейтіле түсуінен олардың стильдік қызметі нақтылана, қоюлана түскен.
Әр түрлі формадағы етістік – өлеңдегі мәтін түзуші элементтер. Алғашқы жолдағы екі етістікті байланыстырушы дәнекерлік қызметті «келіп» көмекші етістігі атқарып тұр. Қимылды әрі қарай дамыту, күшейту үшін ақын осы сөздерді дәл таңдап қана қоймай, оқиғаны шиеленістіре түсу мақсатында жұмсаған.
Осы төрт жолда етістіктердің қимылдық қызметінен гөрі экспрессиялы- эмоциялық, әрі көркемдік қызметі басым.
Өлеңнің құрылымында басы артық тұрған сөз, сөз тіркестері жоқ. Әр шумақтағы ой бір-бірімен байланысып жалғасын тауып жатыр. Өлеңнің кіріспесінде аспанда төнген қара бұлт жайында хабар беріледі. Оқиға одан әрі қарай өрбиді, шиеленісе түседі.
Өрістен қашты төрт түлік,
Асыға үйге енді жұрт…
Салатындай бір бүлік,
Ақырды жерге долы бұлт.
Өлеңдегі негізгі образ – «долы бұлт«. Оның әрекетінен адам да, мал да сескеніп, жандарына тыныштық іздейді. Ақын тағдыры күрделі де қиын. Ақынның өзі де, өмірі де осы долы бұлт іспеттес. Табиғаттың тылсым күшімен ақын-тағдыр да байланысып кеткендей көрініс береді.
Жоғарыда келтірілген шумақтарда ақын бұлттың образын сомдауда сөз оралымдарын, бір-бірімен астасып, қабысып жатқан сөз тіркестерін дәл жұмсап, образды аша түседі. Бұлттың бір сәттік әрекетін жалпы қолданыстағы лексикамен ғана жеткізіп береді.
Өлендегі грамматикалық тұлғалар — (зат есім, етістік формалары, шылау сөздер, сын есім) мәтіннің кұрылымын құрайтын тілдік элементтер ретінде қызмет ететін қуатты сөз-образдар. Ақыннын айтар ойының түйіні соңғы шумаққа жинақталған.
Жіберді жылап долы бұлт,
Төгілді жерге көк нөсер…
Өтті де кетті, болды ұмыт,
Жадырап, жайнап күлді жер.
Аспанды торлап, өшін кімнен аларын білмей тұрған «долы бұлт «көк нөсерге» айналды. Бір-ақ сәтте тылсым табиғат күші өз қалпына келіп, бәрі ұмытылды.
Мәтін түзуші негізгі элементтер етістіктер формасы жағынан әр алуан, бірақ бәрі байланысып, бірін-бірі толықтырып поэтикалық стильдік қызмет атқарады. Өлеңде етістіктің баяндауынан гөрі сипаттауы, суреттеуі басымырақ көрінеді. Өтті де кетті етістіктері қимылды бастап әрі аяқтап тұр. Де – шылауының екі арадағы дәнекерлік қызметінен гөрі стильдік қызметі басымырақ. Де шылауының бұл контекстегі қызметі жай емес, қосымша мағыналық реңк беру үшін екі етістіктің арасына келтіріліп, салмақты ойға жетелейді. Демек, мұнда де шылауы белгілі бір стильдік қызмет атқарып, айтылмақ сөздің әсерін күшейтеді.
Осы сияқты мәтін ішінде оқырман сезіміне әсер ететін, белгілі бір стильдік мақсатпен қолданылған сөздер және сөз тұлғалары көптеп кездеседі. Шығарма тілінің көркемдігі суреткердің сөзді аз-көп қолдануында емес, сөзді орнымен көркем жұмсай білуінде. Ақын сөзді қиыстырып, тиісті жерінде ұтымды қолданып қана қоймай, ойдың түсініктілігін, айқындылығын, дәлдігін беру үшін сөз мағынасын сан жаққа құбылтып жұмсайды.
«Долы бұлт» қандай да бір сұрапыл күштің иесі болмасын, жерде тіршілік өз қалпына түсті. «Күлді жер» деп құбылтуы — өлеңнің шешімі, ақын идеясының түйіні.
Ақын қандай жамандық болмасын (өмірде де, табиғаттың бізге беймәлім кұпия күштерінің арасында да), қашаңда жақсылық, ізгілік, тазалык, адалдық жер бетінде мәңгі қалады деген үлкен ойды оқырманына жеткізіп ғана қоймай, шешімін де айқындай түскен. Ақын өлеңдерiнiң ғұмыры ұзақ, жылдар өткен сайын оның бағасы биiктеп, асқақтай түседi. Ол осылайша қанша оқырманының жүрегiнен әлi де орын алатыны шындық. Туған халқының арман мақсатын терең ұғынған ақын туған жермен тағдыры да, тамыры да қосылып жатқанын сезiнiп, өзiнiң бар бiтiм-болмысымен жырлап, баласындай мәпелеген жырын айшықты сөздермен өрнектедi. Қасым Аманжолов поэтикасын зерттеген ғалым Тұрсынхан Әбдрахманова: «Қасым Аманжолов поэзиясы – дауылдай екпіннің, өткір ой, отты сезімнің поэзиясы. Ол сегіз қырлы сөз өнерінің барлық қырын жасындай жарқылдатып, оттай лапылдатып, өрттей лаулатып өз дегеніне көндірген ақын. Аз өмірінде мол мұра қалдырған, талғампаз, ойшыл, тәкаппар ақын, қазақ поэзиясы аталатын сәулетті сарайдың берік бір ірге тасы, биік бір діңгегі». [3,109]
Дауылпаз Ақын – Қасымға тән тағы бір ерекшелік – ұғымға жеңіл қарапайымдылық, қуатты, күшті, астарлы, әсерлі, нақты, айқын, дәл, ықшам сөзқолданыстардың қабат-қабат образға оранып, меруерттей тізіліп тізбектеле беруінде болса керек.
Жалпы, ойымызды қорытындылайтын болсақ бояуы қанық, сөз – образдар көркем тілмен өрілген, әсері күшті, отты, жігерлі, қуатты өлеңдеріндегі ерекшелік екенін аңғаруымызға болады. Қазақ поэзиясында өзінің поэтикалық шеберлігімен, қуатты лирикасымен, өзіндік стилімен, жалпыхалықтық лексиканы ұтымды қолданған, сөз ойнатудағы ерекшелігімен айрықша танылған ақындарымыздың бірі – Қасым Аманжолов шығармашылығы ғасырдан-ғасырға ұласып, ұрпақ санасында жаңғыра түседі. Қасым өлеңдерін оқыған сайын сөз–образдардың қолданыстағы мән-мағынасы айқындалып, ерекшеленіп әр қырынан ашыла түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Стиль сыры . –Алматы, 1974.
- Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы, 1995
- Абдрахманова Т. Қасым Аманжолов поэтикасы. – Алматы, 1976
- Аманжолов Қ. Нұрлы дүние. – Алматы, 1992