«Қасым мен Жұмекен» Марат АЗБАНБАЕВ
«Жаңа үйленген кезіміз. Қазіргі мына Райымбек даңғылы, бұрынғы Ташкент көшесінің бойындағы қорымда есікке жақын жерде оң жақта қара сырмен сырланған темір шарбақты Қасым Аманжоловтың зираты бар. Біз, Жұмекен екеуміз әр демалыс күні Қасым ағаның басына бір барып қайтқанымызға риза болушы едік». (Нәсіп Мұстахқызы естелігінен).
Әлемдегі ең бірінші сутегі бомбасының идеологы, академик А. Сахаров ядролық қарудың сынағын Семей атом полигонында өткізген 1953 жылдың 12 тамызында күнделігіне келесідей жазба сызыпты: «Сутегі бомбасы- теоретиктердің жұмағы» деп. Империя ғалымының ұжмағы адамзат баласының тозағына айналғанын ақын Қасым жете көре білді де «Өзім турлы» өлеңінде: «Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім, Көре алмай көп жеріңді мен кетемін, Арпалыс ала құйын заманалар Арбасып тұрып алды, мен не етемін.» деп, екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері соңғы ақ адал, ой саларлық анық сөзін қалдырыпты. Совет солдатының көбісі сұрапыл соғыстан кейін де жер бетінде капитализм мен коммунизм арасында үнсіз, тымырсық түнек идеологиялық майдан жүріп жатқанын білмеген. Адамзаттың алтын ошағында тозақ отын жағып отырған әлділер мен байлардың әлегінен жер бетінде өмір әлі де бір арнаға түсе алмай жанталасып жатқанына жаңа ұрпақ та куә. Әлемдік соғыстан тың шыққан Америка капиталы қолындағы қолшоқпары- атом бомбасымен Жапон қалаларын бір жайпап өтіп, Совет үкіметіне қасақана қыр көрсетіп жатқан кезеңде ақын Қасым елге қазақ поэзиясына, замандас ақындарының ортасына оралды. Қасым ақынның 90 жылдығына арнап шығарылған екі томдық жинағының 1- томының 183 бетінде ақының «Ақын мен Шахтёр» атты өлеңі 1948 жылы жазылған деген ақпарат бар. Ақын шығармаларының библиографиалық көрсеткіші қолда жоқ болған соң жаңа жылдың қарсаңында «Қасымның мына өлеңінің тарихын, сырын кім біледі екен, ғалымдардың не айтары бар. Қай жылы жазылды, алғашқы рет қай газетте басылып шықты, қай жинағына еніп еді» деп әлеуметтік желіде ел- жұртқа сауал салғамыз. Жаңа сиыр жылын қарсы алып, тышқан жылын шығарып салып өзімен өзі әлек болып жатқан жұрт Қасымның қаладағы тас тұлғасындай үнсіз қалды, біз өлең мәтініне үңілдік. Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңі таза диалогқа құрылған, шығарманың жанрлық бейнесі екі кейіпкер арасындағы әңгіме- сұхбат іспеттес болып, бір қарағанға қарапайымдау көрінгенмен, өлеңде көзге түспес терең сыр, қызық құпия бар екені сезіледі. Сол себепті өлеңнің жан-жүрегін дұрыс танып, табу, талдау үшін оқымысты оқырман білім мен ғылымға сүйенуі міндет екенін ұқтық. Басында атап өтіп едік, өлең Қасымның 1945 жылда елге әскерден босап, азаматтық өмірге араласуы кезеңінде жазылған деп. Бір рет көзбен шолып оқып шыққанда өлең құрылымы күрделі емес көрінер, сюжеті мен айтпақ ойы анық, түсінікті сияқты. Өлеңнің қатысушы кейіпкерлері де көп емес, біреуі – ақын, екіншісі – шахтер. Алайда, азшылық көріп алданбаңыз, кейіпкерлер саны мол, міне, қараңыз, өлеңді жазып отырған ақынымыз бар, өлеңнің мәтіні тұр, өлеңнің тыңдарманы, оқырманы, көрермені мың-миллион. Олардан өзге, өлеңге бір ерекше, қатты қызығу білдірушіліктің иесі бар, оның аты бізге мәлім, ол өлең тұтынушысы- тапсырыс беруші. Қасымның «Ақын мен шахтер» туындысы мемлекеттік тапсырыспен жазылғаны шындық, өлең- үндеу, өлең- насихат, үкімет жастарды болашақта таңдап алуға тұратын мамандық ретінде шахтерлікті дәріптеу, шахтер қатарына тарту, кеншілік кәсібімен көркем тілде таныстыру, бейнелеп, кестелеп қызықтыру. Шынында да, өлең тілі бай, сыр-сипаты көркем, күйлі, плакаттықтан ада шағын шығармадағы шахтер бейнесін Қасым баяғының һас батырындай сүреттеп берген. Алғы сөзінің өзі ежелгі ертегіден еріп келгендей «Қолда бұрғым, түстім бір күн, жеті қат жер астына;» бала кезінен ертек тыңдап өскен қазақ баласына таныс тілдік танымдық тіркес: «Жер үстінің Ер Төстігі жер астына түскенде жеті жолдасқа жолығуы.» Келесі өлең жолдары да алғы сөздердей әдемі, жылы, жұмсақ келіп, жас адамның қиялына қанат бітірер қызыл тіл: «Өттім үңгіп, кеттім сүңгіп, қара мақпал пластыға», ешбір қиындық, ауырлық жоқ, төніп тұрған қауіп- қатер сезілмейді, түсу де, үңгу де бәрі, бәрі жеңіл, қолдан келер іс. Мұхтар Әуезов жазғандай Қасым ұлттық дәстүрді, ақындық түрді бар элементі жағынан байыта, дамыта айтып, образдарды халық поэзиясы үлгісінде алып жаңа сапаға, сап таза келісімге қол жеткізгенін байқаймыз. Шахтер мамандығын жатсынбасын деген ойдан Қасым тіл теңеуінде фольклорлық теңеу сөздерді тотыдай түрлендіріп, жан сүйсінердей дамытып баққан. «Қара мақпал пластыға» деген теңеуде Қасым көмірдің табиғи қара түсін берерде қазақтың көбінесе жылқыға айтылатын теңеуін дұрыс тауып, орнымен қолданған: «мақпал қара» жылтыраған, мақпал мата сияқты әдемі қара түс. Қасым өзінің негізгі өмір өнері ақындықты салыстырмалы кейіпкер- кәсіп ретінде саналы түрде алғаны айқын. Ақын өзінің жетік білетін мамандығы, өнері, кәсібі, ақындығын тапсырылған тақырыбы- шахтердің жолын ашпақ ниетпен алға тартып, майданға салуда. Қасымның ойы- шахтер кәсібін әдемі, әсем жырлап жастардың ақындыққа құмар керемет жүректерінің күшін кеншілер астанасы Қарағандыға бағыттамақ. Классик Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңі сол заманның қажеттілігінен, тіршілік талабынан өрілген, өрістеген шығарманың бірі, сұраныс ұсыныс тудырады, тапсырыспен таланты өлең жазып неге табыс таппасқа?! Күйлі, мұңлы Қасым, көп жылдар бойы Алматылық ақын, жазушылар өмірінен тыс, сырт қалып, жалқы жанның күнін кешкені белгілі, үйтпесе оның «мен не жаздым, сонша соңға түскендей» атты өлеңі дүниеге келмес-тін.
Соғыстан қайтқан Қасымның 1946 – 1948 жылдарындағы өміріне қатысты деректер бойынша Алматыдағы тіршілігі тұрмыс сынына түсіп, күнкөрісі, өмірі бейнетке толы, қиындық кешумен өткен. Оның объективті және субъективті себептері сан алуан, ақын тағдыры сегіз қырлы, бір сырлы жанр, небір тар жол, таяғақ кешу тарауларынан тұрады. Бір сөзбен түйсек: «Бар табиғат- бір тіршілік, бір тіршілік баяғы». Әркім, әр талант әр салада, әр тарапта әріде де, беріде де өз күні үшін, өз тірлігі үшін талпынады, тарпыйды, талайды, тағылық танытып сайтандыққа тартып кетуге дайын. Советтік дәстүр бойынша кезінде Мағжанға құрылған «әдеби-сот процесстері» Қасымға да қойылды. Өйткені, биліктегі жалғыз большевиктер партиясы бүкіл Совет империясының бюджетіне, бар ресурсына қожалық етті. Советтік билік ұлтық әдебиетті таптық, тобырлық ниетпен социалистік реализмді ойдан шығарып, бақастығын, қызғанышын қоздырып өзара сынға салып бөліп тастады. Бір ақынға құт, бір ақынға жұт қонды, бірі ұтып, бірі ұтылды. Көркем тіл өкілдері советтік билік алдында таза бас иіп, толықтай тізе бүкті. Сөз өшті, поэзия өлді. Советтер 1946- 1948 жылдары капиталистік жүйемен идологиялық қырғи қабақ соғыс жүргізіп жатқан кезеңде еркін жанның еркелігін көтермейтін, қарсы шығып бас көтермек ойлыны жүйе көрге тықпай қоймайтын елде тымырсық түнек түнеді. Сол тұста, бірінші кезекте советтерге ядролық қару жасайтын метал керек-тін, металлургияға- кокс қажет, кокстелетін көмір Қарағандыда өндірілетін.
Қорғаныс жүйесіне кокстелетін көмірдің көлемі жетіспей жатқанда партия 1946 жылы 3 шілдесінде дереу шұғыл шаралар қолдану үшін Москва Қазақстанға көмір министрі Вахрушевты жұмсады. Москва жұмыс күші жетпей жатқан Қарағандыға бұрынғыдай жан-жақтан эшелон-эшелон жұртты тасу мүмкін емесін түсінетін, соғыс аяқталды, таза террордың да уақыты өтіп, зорлық-зомбылықтың қоғамдық өмірдегі зарар-зардабы сыртқа шығып толық көрініс бере бастаған мазасыз мезгіл. Вахрушев қатысқан Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті бюросының 1946 жылдың үшінші шілдесіндегі жабық мәжілісінде көмір өндіру деңгейінің құлдырап кетуінің бірінші, алғы себебі ретінде жұмыс күшінің құрамы мүлдем өзгеріп кеткені аталды. 1946 жылы жұмыс күшінің 25 %- сотталған, жазаларын өтеушілер құрады. Оның себебі, мынада еді, тек қана бір 1943 жылдың басындағы есеп бойынша Қарағандыға 6139 сотталған жеткізілсе, Орта Азия Әсери округы 5262 кісі әкелді, обылыстық советтер 6407 кісі жіберді. Қарағанды қараша мен желтоқсанда осыншама адамды қарсы алуға дайын болмай шықты, баспана, киім-кешек, ауыз су, құрал-сайман тапшы еді. Арқаның ақырған сары аязы, қарлы бораны, қу мен сұмның ызбары, соғыс ызғары қосылды. Сондай-ақ, жергілікті советтер үкімет бұйрығын жедел орындау үшін мобилизацияға жатпайтын шалдар мен бозбалаларды, емшектегі баласы бар әйелдерді заңсыз алғызды. Шахтаның ащы түтіні мен тар қапас жертөлесіне жұрттың көбісі шыдай алмай қашты, оларды сырттай соттады, қуғын- сүргінге ұшырап, сот репрессиясы қызып тұрса, билік Қарағанды шахталарының қасынан екі түзеу – еңбек колонияларын ашу туралы Берияға өтініш жолдады. Қазір лаваларда көмір қазушылардың 40% -тінің жасы 40-тан асқандар, 4%-ті әйелдер, бұлардан зор өнім күтуге болмайды десті. Енді, жастарды шахтерлік кәсіпке тартудан басқа амал қалмады да, көмекке көркем сөз, қызыл тіл, поэзияны шақырды. Партия поэзиялық сөздің күш-қуаты әдебиеттегі бар жанрдан мықты екенін жақсы білетін. Партия сияқты поэзияның да таңдауы тек қана таңдамалыға ғана түсетіндігі талас тудырмас табиғат заңы. Партия тапсырмасын поэзия Прометейі Қасым асқан шеберлікпен, шешендікпен шешіп бергенімен қоса жас ақындарға ақын сөзі қандай болу керек екендігін де үйретіп кеткен. Өлеңнің әр жолы елеулі үлгі, өрнек өнегеге бастарын оның мазмұнынан көріп, өмір шындығынан дәлел тауып отырған жөніміз бар.
Біздің әдеби-құқықтық зерттеуіміздің нәтижесінде Қасым Аманжоловтың «Ақын мен шахтер» өлеңінің Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен өнерінде ерекше орын алғаны анықталды. Жұмекеннің «Шахтаға мен де барамын» атты өлеңі 1955 жылы «Лениншіл жас» газетінің 16 қыркүйек күнгі санында Қарағанды көмір бассейіне баруға тілек білдіруші комсомолецтің арнауы ретінде жарық көрген. Атыраудан Алматыға оқу, білім іздеп келген жас Жұмекен комсомолдық жолдамамен Қарағандыға көмір қазуға аттанады. Мүмкін, жас Жұмекеннің ақын Қасымының «Ақын мен шахтер» атты өлеңін оқып шахтер болуды көңілінде арман-дат етуі де заңды құбылыс. Үйткені, Қасым өлеңінде ақындыққа құмарларға айтқан ескертпесі бар емес пе: «Шахтер болмай, Шабыт қонбай, Аша алмассың жыр кенін» деген. 1948 жылы жазылып жария етілген Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңін газет-журналды, ақындардың жаңа шыққан жыр жинағын құр жібермейтін сауатты, саналы оқырман Жұмекеннің оқуы тиіс еді деп санаймыз. Жұмекен республикалық баспасөзбен таныс болғанымен қоса, оларға өз өлеңінде жолдап жүргені рас. Мысалы, республикалық «Пионер» журналының 1955 жылғы апрель айның санында Жұмекеннің «Балуан» атты өлеңі басылып шықты, сірә, өлең ертерек 1953-1954 жылдары жазылған болар. Сонымен қатар, Қасым өлеңінде «Бізбен бірге Түс тереңге, Талабыңның түр жеңін. Сырты жарқын, іші салқын, Қойсаңшы құр сызуды; Тоңба өзің, Болсын сөзің, тас көмірдей қызулы» деп жастарға үн қатқанда Жұмекен жүрегі қалыс қала ма?! Әрине, «жер құлар, мерт қылар» деп қорықпай ол Қарағанды барды, кен шахтасын өмірдің қазып беріп, мәңгі өлмес, артқыға ой саларлық жыр жазып кетті. Жұмекеннің поэзиядағы ағасы Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңінде айтылмай қалған сырының, тартылмай қалған күйінің жалғасы іспеттес Қарағанды туралы «Еске алып едім» деп басталатын өлеңі бар. Біздің мұрағаттан кездестірген деректеріміз бойынша ой өлшесек Жұмекенің бұл өлеңі адам баласының жер бетіндегі тірлігінің трагедияға толы тағдыр- талайына арналған шығарма деуге заңды негіз барлығын дәлелдеу болашақ ісі.
Қазіргі қазақ поэзиясы бірлігі жарасқан ел ғой, Қасым десек Жұмекенді еске аламыз, Жұмекен десек Қасым еске түседі. Өйткені, Жұмекеннің өзі айтқан сөзі бар ғой: «Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам, «Дүние қасіретіне жасымаған». Жоқ енді, амал қанша! От еді ол, Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған!»
От ұстаған Прометейге ұқсаған Қасым ұстазының үлгі-өнегесімен Жұмекен өмірдің кен шахтасын қаза біліп, проза мен драматургия батып бара алмаған Қарағанды тарихы туралы шындықты поэзия тілімен жеткізе білгенін мұрағат деректері дәлелдеп растайды. Өнерде Қасым ағасының жолын таңдаған Жұмекен көшелі өнер иесі Қасымды қатты құрмет тұтып: «О, космос ақыны!» деп поэзиядағы алтын аспанға балап өтті өмірден.
Қазақстан Республиекасы Судьялар одағының мүшесі Марат Азбанбаев