«ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ» Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ
«Қарбалас қызметтен қол қалт еткенде, көптен қол тимей кеткен архив материалдарын ақтарып отырып, бірқатар тың, маңызды дүниелерді қайта салмақтап, санамды бір жаңғыртқандай болдым. Жалпы, шаң басқан архивтерде қордаланған ұлт, ел мен жер тарихына қатысты материалдармен жұмыс жүргізу көптен бері үзбей шұғылданып келе жатқан таңсық ісім. Осы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірқатар архив материалдары хрестоматиялық, құжаттамалық, талдамалық т.б. тұрғыдан жарық көрді. Олар көзі қарақты оқырманның, осы сала бойынша ізденуші маман-ғалымдардың олжасына айналып, ғылыми айналымға енгізілді.
Бұл бағыттағы жұмыстарды мен негізінен белгілі себептермен Омбы, Орынбор облыстық мемлекеттік архивтерінде, сондай-ақ Санкт-Петербург, Москва архивтерінде жүргіздім. Орынбор архивінде халқымыздың аяулы азаматы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының осы қалада өткізген кезеңіне қатысты құжаттар біршама сақталған екен.
Өздеріңізге белгілі, биыл А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпекші. Осы орайда, осыдан он шақты жыл бұрын әріптестеріммен бірге қолымызға түскен архив материалдарын көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмын.
Абыз Әбіш Кекілбайұлы: «Ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға» деп атап өткен Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті қоғам қайраткері, кешегі ұлы Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, ақын, жазушы, аудармашы, публицист, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші. Оның қыры мен сыры мейлінше мол бүкіл өмірі мен қызметінің мән-маңызын бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол бас әріппен жазылған ҰСТАЗ, ҰЛТ ҰСТАЗЫ.
«Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың» – деп жырлаған А. Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне, шығармашылығына қатысты түрлі деректі, көркем еңбектер – кітаптар, зерттеулер, кинолар, т.б. қазірде көптеп шығарылуда. Сол тұрғыда нақтылы дерек-дәйектерді алға тартқан біздің мына жазбамыз да сол арналы «Ахметтану» іліміне қосылған бір жылға болса, онда мақсатымыздың орындалғаны.
Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, көрлеріміз қазылар… – деп өзі айтқандай, ұлт ұстазына қатысты кез келген дерек маңызды деп білеміз. Осы күндері ұлт ұстазына арналған үлкен ғылыми жобаны университет ғалымдары да қолға алатынын жеткізгім келеді. Тағы бір жайт, еліміздегі зияткерлік мектептердің аты да,заты да Ұлт ұстазына сәйкес болса …»
(ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, з.ғ.д., профессор Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлының Facebook парақшасынан алынды)