«Ұлт ұясы атанған Ұлытауда Қасым көрмесі»

Бөкетов университеті «Киелі өлкем» жобасы бойынша алғашқы сапарын қойнауы тарихқа тұнған, атырабы аңызға толы ұлт ұясына айналған Ұлытау өңірінен бастады. Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Орда жұртына атақоныс болған, ұлтымыздың ұлт болып қалыптасып, сақталып қалуына себепкер болған, «Үш жүздің басын қосқан» қасиет тұнған өлкеге табанымыз тигенде Алаша хан мазарына, Жошы хан кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп кетуді ойға алдық.
Ұлытау ауданының халқы құшақ жая қарсы алды. Мәдениет үйіне дауылпаз ақын Қасымның 110 жылдығына арналған «Әй, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы» көшпелі көрмесін тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды. Қарашаңырағымыздағы «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жансая Жарылғаповтың Қасым турасында айтқан тың деректерін жиылған қауым ерекше ықыласпен тыңдады. Ғылыми кітапхана директоры Гаухар Әбдіғұлова көрмеге қойылған басылымдар мен ақынның суреттеріне қысқаша шолу жасады. Көрмеден кейін жиылған қауым «Қасым Аманжолов» деректі фильмін тамашалады. Өнер мен мәдениеттің жанашыры, «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Кенжебалақызына білім ордасының аймақтарды аралау сапарына қолдау танытқаны үшін алғыс білдіреміз.
Ақпарат Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің фейсбук парақшасынан алынды.