Әлімжан ЖАҚАН «Арқа журналистикасының алыбы еді…»

Заманымыздың заңғар жазушысы, өткір публицист Шерхан Мұртаза бір сөзінде: «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» депті. Өмірдің қысқалығын, барлық өкінішін бір тіркеске сыйғызып: «бір кем дүние» деген де осы Шерағамыз. Ойлап қарасақ, сөз зергерінің айтқан екі лебізі де Мағауия Сланбекұлы Сембай ағамыздың тағдырына, ғұмырдариясына дәл келіп тұрған сияқты.

… 2019 жылы бұл кісі фәниден қайтқанда жиылған жұртты көрсеңіз, күңіренген сөздерді естісеңіз, «Орталық Қазақстан» газетіндегі қазанамаларды оқысаңыз – ет-жүрегіңіз езіліп, егілер едіңіз. Өмірден қандай жанның өткенін сезіп, қиналар едіңіз. Сол күндері және қырық күндік құдайысында әріптестері әр-әр тұстан: «Қазақ баспасөзінің қара нары», «Сарыарқаның саңлағы», «Қарқаралының қыраны», «Құбылыс», «Марғасқа Мағаш», «Облыстық газетте ұзақ отырған редактор», «Мағауиннің өзі құрмет тұтқан қаламгер», «Тоқтар батырдың қимас досы», «Орталық Қазақстан» басылымының оқ өтпеген оғыланы» дейтін көркем теңеулерді айтып жатты… Оны естідік те, оқыдық та. Әрине, осы айтылғандардың қай-қайсы да Мағауия Сланбекұлының ойында да, бойында да бар еді.

Мен білетін Мағаш ағам Солтүстік полюстегі мұз құрсанған мұхиттағы мұзжарғыш кеме секілді, не болмаса Бетпақдаладағы ұланғайыр шөлді қақ жарып, жетер жеріне жеткен текті тұлпарға, немесе зау биікке самғаған қанатты қыранға ұқсайтын.

Үнемі жарқылдап, жайдары жүретін. Күлкісі де  ешкімге ұқсамайтын. Шынайы, таза күле білетін. Ағамызбен өткен ғасырдың 90-шы жылдары танысқан екенмін. 30 жылға жуық ағалы – інілі болып, арамызда құрмет пен ізет жүрді. Мен кейде «Мәке», кейде «Аға» деуші едім. Ағам болса, кездескен сайын: «Әй, ұл!» деп, мені бала секілді көретін. Сонда арамыздағы жас алшақтығы сегіз жылдан сәл асады екен. Неге екенін қайдам, ол кісінің  атымды атамай «Әй, ұл!» деуі, маған ылғи да «Әй, құлыным, қайда жүрсің?» дейтін әке сөзіндей әсер ететін.

Мағаш ағамның үлкен жүрегінің үнемі жастарға бұрылып, жаны ашып жүретіндігіне бір-екі мысал келтірейін.

1993 жылы мен аймақтық «Замандас» жастар басылымында жауапты хатшы болғанымда,  ол кісі «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары  еді. Сол кезде  менің 4-5 көлемді мақалаларымды «Орталыққа» жариялатқызып, «Әй, ұл! Бізге жұмысқа келсеңші. Үлкен газет қой, бір бөлімді аласың», — деп ағынан жарылған. Шынын айтқанда, мен жастар газетін қимадым. Еліміз Тәуелсіздігін енді алған кез. Газет басшысы Әшімхан Исламбекұлы тың ойлар мен жақсы идеяларды  ортаға тастайтын. Ал біз, Сағынбай Ботбайұлы, Оразбек Мақсұтұлы және тағы басқа азаматтармен бірігіп, Қарағанды мен Жезқазған облыстарының  ауыл – аудандарын аралап, жастардың һәм қалалардағы студенттердің тыныс-тіршілігін жазып жүрдік. Күні-түні еңбек етіп, қызықты романтикалық кезеңді бастан кештік. Аға газетке ағам шақырғанда бармай қалған  бір себебім осы еді. Оған өкінген жоқпын.

2000 жылы бос жүрген бір кезімде Төрехан ағам: «Бір орын босады, бізге тез жет»,- деп үйге қоңырау шалды. Күн дүйсенбі еді. Салып ұрып, «Орталық Қазақстанға» жеттім. Мағауия ағамыз бас редактор. Кабинетке  кірген бойда Мәкең: «Әй, ұл, ақыры келдің бе? Енді жұмысқа кіріс, бұрқыратып жаз. Қазір отыратын орныңды көрсетем», — деп, жоғары қабаттағы Серік аға Сексенұлының жанына алып келді. Бос орынды көрсетіп: «осында отырасың», — деп арқамнан қақты. Бейтаныс орта, маңайымның бәрінде тісқаққан, азулы журналисттер. Солардың жанында екі күн жүріп, «Орталықтың» ішкі иіріміне кіре бастадым. Үшінші күні жұмысқа асығып келе жатқанымда алдымнан бір танысым шығып: «Астанаға кеттік. Жақсы жұмыстар бар екен. Ақшалары көп..» деп, жолдан тайдырды. Сонан бір жұма жаңа қаланы, «арман қаланы» араладық. Жұмыс жайына қалды. Енді-енді бой көтеріп келе жатқан бейтаныс қалада тұру қиын болғандықтан Қарағандыға қайтып келдім. Бір апта кешігіп, жаңа жұмысыма  келгенімде, Мәкең алдымнан шығып: «Әй; ұл, қайда жоғалып кеттің? Мен сені жұма күні қатты іздедім. Ұжыммен таныстыруға, тапсырмалар беруге… Енді еңбек кітапшаңды ал да, қайқай!» — деп қатуланды. Хатшысын менің еңбек кітапшама жұмсады. Мен ақталмақ болып: «Аға, енді…», — дей бергенімде, Мәкең: «Әй, ұл, жылдам кет, әйтпесе, «отыз үшпен» қуам!», — деп қолымен үстелді қойып қалды. Әкелген кітапшаға қолын қойып, мөрін басып, өзіме қайтарды. Мен еріксіз сырғи бердім… Бұл жолы  ағама ренжіген жоқпын, тек өз іс-әрекетіме қатты өкіндім.

Арада біраз жылдар өткенде Мәкең бір күні үйге өзі телефонмен қоңырау шалып: «Әй, ұл, қалың қалай? Қайдасың? Мен бір жұмыс тауып қойдым. Абай аудандық газетіне бас редактор болып барасың ба?» — деп қолқа салды. Даусына қарағанда баяғы ашу-ызаны ұмытып кеткен сияқты. Мен ол кезде Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да оқытушы болып жүргенмін. Диссертация жазып, Алматы мен Астананың арасында  шапқылаған кез. Ғылымға бет бұрғанымды айтып, бірден «бара алмаймын» деп бас тарттым. Сонда да ол кісі: «Оның да дұрыс, дегенмен тағы да ойланып көр», — деп әлі де үміт артатынын білдірді. Кейіннен бұл мүмкіндіктен айырылып қалғаныма да өкіндім.

Иә, тау тұлғалы ағамыздың жалғыз маған  ғана емес, өзінің шәкірттеріне, кейінгі толқынға үнемі қамқор болып, жаны ашып жүретінін естіп те, оқып та білдік.

«Тау алыстаған сайын биіктейді, асқарланады», — дейді дана халқымыз. Мағаш ағам да алып тау секілді тұлға еді. Мынау жарық дүниеден өткеніне жылдан асыпты. Осынау уақыт бедерінде ағамыз бізден алыстады… Дегенмен аңыз болып қайта жақындап келеді.

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, жаныңызды пейіштің нұры шалқыта берсін, АЯУЛЫ АҒА, АРДАҚТЫ ҰСТАЗ!

 

                                                                                 Әлімжан Құтжанұлы,

                                           Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

                                                                                     Қарағанды қаласы.