Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой … (Ақын поэзиясын қайта оқығанда …) Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА

 

Қай ақынның болсын өзінің қалыптасу кезеңі, өскен ортасы, шығармашылық лабораториясы болары анық. Мұқағалиды оқығанда бірден өз тағдыры, өз айтары бар, өлеңде ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі қалыптасқан, төл мәнері бар Ақынмен бетпе-бет кездесеміз. Мұқағали туған халқын терең түсiнiп, оның тау-тасына, жерiне құдайдай табынып қастерлеудiң негiзiнде Қарасаз топырағынан  өлмейтiн жыр, өшпейтін өлең,  өр тұлғалы шын ақын туды. Ақын күнделігінде: «Ақын болу үшін ақында не болу керек?»- деген сұрақ қояды. Сол сұраққа өзі былай жауап береді: «Бірінші: Талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес). Екінші: Ұят. Өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен-өзі ұялу үшін. Үшінші: Қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдыкіндей ұлы болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау. Төртінші: Түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану. Бесінші: Еңбек. Үнемі шыңдалып отыру үшін. Алтыншы: Жан. Жан байлығын әманда сақтау қажет» [1,158]. Күнделігіндегі ойлар ақынның өзіне қойған жауапкершілігін байқатады және ақын боламын, жыр жазамын  дегендерге ой салады.

Поэзия!!!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Махабаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып-ұшқан!

….Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,….

Ақын-жүрек тіршіліктің жұрт көзіне көріне бермейтін сәттерін бір демде жеткізе отырып, қарпайымдылығымен байқата түседі. Кейде ойласақ, сол қарапайымдылықтың өзі мүмкін ұлылық шығар.

Сыншы Тұрсынжан Шапай: «Мұқағали Мақатаев поэзиясын қадір тұтатын негізгі көпшілік, оқырман қауым ақынның өзін көрген жоқ, өмірде қандай күй кешті, кімдермен қандай қарым-қатынаста болды, мінезі қандай, өзі қандай еді – білген  жоқ. Бірақ соған қарамастан, әркім-ақ өзін оны ақын ретінде ғана емес, жеке адам (личность) ретінде білетін, түсінетін сияқты сезінеді. Мұның сыры, оның өз поэзиясында жан-жақты сомдап кеткен жарқын бейнесінің, яғни, біз Мұқағалидың өзі деп білетін айқын тұлғалы лирикалық кейіпкердің болуында» [2,148]. Ақын тағдыры өлеңдерінде айқын көрініс береді. Талап,талғамы адастырмаған Ақын – Жүрек миллиондаған жүректерді тебірентеді.

Жалпы кез келген суреткердiң өзiндiк, авторлық қолданыстарын қарастырғанда олардың әдеби тiлге қаншалықты үлес қосқанын көрсету мақсат емес, соны, жаңа сөз жасауда сөзжасам мүмкiндiктерiн қаншалықты қажетiне жарата алғанын, соның негiзiнде тiл мүмкiншiлiгiн көрсетудегi өзiндiк ерекшелiгiн таныту болып табылады. Мұқағали лирикасындағы  бiрқолданар метафоралар бiр нәрсенi екiншiсiне балап, немесе  мәндес құбылыстарды  ұқсатып қана қоймай,  көркем бейне, әдемi сурет жасайды. Ақындағы  метафоралардың көпшiлiгi мағына жағынан қабыспайтын, жанаспайтын, мүлдем үйлеспейтiн сөздердi бiр-бiрiне ұқсатып, балау негiзiнде жасалған  контекстiк метафоралар. Метафораларда: «…екi нәрсенi, құбылысты салыстыру және жақындатып жанастыру негiзiнде астарлы тың мағына» [2,140] берiледi.

Демек, контексте ғана көрiнетiн окказионал метафоралар ақын поэзиясында кең қолданылған. Мұқағалида басқалардан бөлiп,  даралап тұрған оның  осындай тың образдар жасауда  iзденiмпаздығы, алдына жан салмайтын бiлгiрлiгiн танытады. Бұл тың образдарды ақын ой елегiнен өткiзiп жұмсап, сөздiң құдiретiн, тiлдiң қасиетiн байқатады. Тiлдiк единицалардың поэзиядағы қолданысы ұтымды берiлген. Мұқағали мағынасы жағынан тiркесу қабiлетi жоқ сөздердi ауыстырып қолдану арқылы да метафоралық тiркестер жасайды. Семантикалық жағынан бiр-бiрiмен үйлеспейтiн синкреттiк амалмен жасалған метафоралық тiркестердi С.Есенин поэзиясындағы метафораларды зерттеушi ғалым Н.А.Басилая бинармдар деп атайды [3,78].

Сонымен,  «…….бинармдар – мағынасы жағынан тiркесiмдiк қабілетi жоқ сөздердiң бiрi мағынасы ауысып, екiншiсi  тiркескен сөзiнiң мағынасын ауыстырып тұрған метафоралық  қолданыстар» [2,27]. Олай болса, Мұқағалидағы мағыналық аясы мен тiркесу  мүмкiншiлiгi әр түрлi сөздердiң бiрiмен-бiрi метафораланып тiркесуi синкреттiк амалмен жасалған  бинармдар болып табылады.

Ақынға өлеңдерінен мысал келтіретін  болсақ,  Мұқағали  қолданған метафоралар бiрiнен-бiрi ерекшеленiп тұрады.

 

…Қалайды-ау, сiрә, қуаныш, әлде қапаны,

Көңiлiм – жердiң шары ғой.

 

Аққу жүзген көңiлдiң айдын көлi,

Қайтер дейсiң қажаған қайғың менi.

 

Сенемiн, сенемiн деп дамылдасын,

Сенiмнiң ақ көрпесiн жамылғасын…

 

….Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,

Жанарымда жайнаған тұнады айдын.

                                                                                 

…Елегiзiп, еске түсiп қай-қайдағы,

Көңiлдiң iрiп кеттi бал-қаймағы.

 

Желпiп жiбер шаттықтың шәйiсiмен,

Бүкiл мына ғаламның мұңын бер де.

 

Құрғақ даңқ құлы болып, бәлки бiр күн, кiм бiлсiн,

Құр таласпен күн өткiзiп, түк өндiрмей өлермiз…

 

Жоғарыда келтiрiлген метафоралар  ақынның өзi жасаған тосын сөзқолданыстары, сөйлемшелер екенi тайға таңба басқандай айқын көрiнiп тұр. Суреткер ақын  әр ойды, әр сөздi бейнемен мүсiндейдi. Талантты ақын  Қадыр Мырзалиев: «Өзгенi де, өзiңдi де қайталамау – поэзияның бiр заңы»,-дейді [4,464]. Олай болса, бұған ақын лирикасы лайықты дәлел. Бұл метафоралардағы әрбiр сөздi  ақын түйсiнуiмен сабақтастырып күрделi дүниелер жасайды. Өлеңнiң құрылымына қызмет етiп тұрған сөздердiң үйлесімділігін байқаймыз. Жалпы халыққа түсiнiктi, мағыналы сөздердi метафора жасауда  ақын өзiнше құбылтады. Сол сөздерден сурет, бояу жасап ақындық “менiн” нақтылай түседi.

Ақынның тiкелей өзiнiң көңiл-күйiн ешкiм түсiне, сезiне бермейтiн iшкi сиқыр әлемiнiң қыр-сырын соны метафоралы  тiркестермен жеткiзiп бередi. Осы метафоралардың семантикасы тек  контексте ғана ашылып, жеке байланыссыз алынса, олардың бейнелiлiгi де әсерлiлiгi де солғындап кетедi.   Дерексiз ұғым атауларын нақты зат атауларымен тiркестiрiп, мағыналық үйлесiмдiлiкке үйлестiрiп ұйқастырады. Осындағы  «Көңiлдiң iрiп кеттi бал-қаймағы» деген ұлғайған метафораның әсерi, бояуы өте күштi. Мүлдем ақылға келмейтiн логикалық сәйкессiздiктi ақын ғажап берген. Әдетте сүт iруi мүмкiн,  алайда көңiл iруi мүмкiн емес шығар. Және көңiлдiң  балқаймағы болмайтыны да белгілі. Ақынның тың  қолданыстарды жасаудағы ұтқырлығы осында жатыр. Былай қарағанда бұл метафоралы сөйлемде түсiнбейтiн ештеме жоқ сияқты көрiнгенiмен,  оның астарында бейнелi ой жатыр. Көңiлiм қалды, көңiлiм жабырқады, көңiлiм күйзелдi, көңілім құлазыды, көңiлiм алаң болды деген секiлдi фразаларды қолданса, ақын ойының оқырманына  ассоциация туғызуы  сондай әсерлi болмаған едi. Бұл өте дәл тауып қолданған, экспрессивтiк- эмоциялық қызметi күштi, стильдiк бояуы айқын бірқолданар метафора. «Желпiп жiбер шаттықтың шәйiсiмен» бұл да жаңа мағыналы, бейнелi метафоралы тiркес. Алғашқы метафора – тарығу, зерiгу, қиналуды бiлдiрсе, бұл қолданыс керiсiнше қуанышты, көңiлдiң тазалығын бiлдiрiп тұр. Мұнда да мағыналық жағынан жанаспайтын сөздер үйлесім тапқан. Контексте олардың мағынасы айқындалып, өлеңге ерекше  реңк берiп тұрғаны анық көрініс береді. Бұл метафораларды синкреттiк амалмен жасалған соны, тосын  бинарм метафоралар деуiмiзге әбден болады. «Құрғақ даңқ құлы болып» синкреттiк тәсiлмен жасалған эпитет метафора. Құл сөзiнiң  жеке алғанда мағынасы түсiнiктi,  оның  жалшы ретiнде қолданылатынын бiлемiз. Бұл қолданыста даңқтың құлы, жай даңқ емес құрғақ даңқ құлы. Ақын ертеңгi күнi ештеңеге де жете алмай, атымыз да қалмай өмiрден өтiп кетемiз бе деп қауiптенедi. Адам болып жаратылған соң өмiрден  өз орныңды тауып, адам болып қалу – ол әркiмнiң мiндетi. Ендi ақынның ерекше жасаған метафораларының бiрi – «Далада тәй-тәй саусағын жаяр көк егiн» деген бейнелi сөз тiркесi. Классик, данышпан Абай: «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс», — деп қолданған. Ал, Мұқағали  өзiнше өзгертiп жұмсайды. Абайда  жүрек саусағын жайса, Мұқағалида көк егiн саусағын жаяды. Жаңадан өсiп келе жатқан көк аяғын апыл-тапыл басқан бала iспеттi. Бұнда да ақын семантикалық жақындығы  жоқ сөздердi тiркестiрiп сөз-бейне жасайды. Жалпы, әдебиетімізде дәстүр жалғастығы үнемi көрiнiп отыратын процесс. Абайдың ойын ақын өзiнше өзгертiп, жандандырып жаңаша сөз тудырып, сөздiң қолдану мүмкiншiлiгiнiң кеңдiгiн танытады.

Демек, ақын қолданған образды сөздерiмiздiң түп төркiнi ұлттық тiлiмiздiң негiзiнде жатыр. Ғасырлар бойы қалыптасқан тiлiмiзде сөздің қуаты айқындала түседі. Академик I.Кеңесбаев: «Қазақ тiлiндегi бiрде-бiр сөз не фраза  кездейсоқ, қалай болса солай жасала салмаған. Бәрiнiң де жүйесi бар: Түп негiзi бар. Себеп салдары бар» [5,72],- дейдi. Олай болса,  жоғарыда көрсетiлген мысалдарымызда өлеңнiң формасын бұзып, мән-мағынасын кетіріп, ақын ойын көлеңкелеп тұрған бiрде-бiр жүйесiз сөз жоқ. Бәрi де орнын тауып тұрған бейнелi-метафоралы  сөздер болып табылады.

М.Мақатаев өзiнiң лирикалық шығармаларында қолданған окказионалды метафоралар ақын лирикасы бояуының молдығына, пiкiрiнiң сонылығына, өлеңдегi саздылыққа,  әуездiлiкке толы  ерекшеленетінін байқаймыз. Ақын өзiнiң лирикасында бiрқолданар сөздердi дәл тауып жұмсаған. Сөзқолданыстардың мүмкіншілігі тек мәтiнде ғана айқын көрініс береді. Ойды әсемдендiре, көрiктендiре түсетiн аз ғана  метафоралық тiркестерiне тоқталдық, ақынның бiрқолданар метафоралары кез келген өлеңiнен табылып отырады. Болашақта тереңірек зерттеудi қажет етiп тұрған дүниелердiң қатарына жатады. Метафораны тек бейне жасайтын құрал ретiнде ғана емес, көркем поэзияның дiңгегi iспеттi көркемдегіш құрал деп және  сөздi құбылтудың тәсiлi ретiнде қарастырдық. Көркем сөз болғандықтан метафоралы сөз тiркестiрiнiң жұмсалуы кең өрiс алған. Метафора жасап тұрған сөздер семантикалық жағынан үндесiп келедi. Олардың мағыналық мән-мағынасы, грамматикалық құрылымы  тек контексте көрiнiп, ойды салмақтандыра түседi. Сөздiң қуаттылығы да осыдан болар, өйткенi сөз мәтiн ішінде  өзгеше бояуға ие болады. «Оңай емес орнату ойдан мүсiн», —  деп ақын өзi айтқандай сөзден сурет салу қиынның-қиыны болса керек. Мұқағали таланты оның сөзден шебер сурет салатынын  таныта түседі.

«Көркем шығарма тiлi жөнiнде  сөз ету – жазушының қанша метафора немесе эпитет қолданғанын жiпке тiзгендей санап жату емес. Бiз үшiн ең маңыздысы – образды  терең ашу үшiн автордың сол суреттеу құралдарын, өзiнiң ана тiлiнiң байлығын қаншалықты мол және қалай пайдаланғандығы» [6,221],- деп айтқан ғалым А.Нұрқатов пікірі ойымызды нақтылай түседі.

Жалпы тiлiмiзде метафораның жұмсалу аясы, қолданылу мүмкiндiгi  жан-жақты, сан-қырлы болып келедi. Метафора ойды эстетикалық жағынан және образдап, мәнерлеп жеткiзудiң тәсілі. Метафоралы  ойлы, суреттi шумақтар адамның жан дүниесiне, сезiмiне, ақыл парасатына әсер етпей қоймайды. М.Мақатаев поэтикалық тiлiндегi  метафоралар әсер, қуаты мол тiлдiк қолданысымызға соны образдар, жаңа мағына әкелген кең ұғымды сөздер. Метафора ақында тiл лабораториясын молайтатын үнемi қолданыстағы  көркемдегіш бейнелi  құрал.

Мұқағали өзiнiң лирикасында  метафораны асқан ұтқырлықпен  қолданады. Оның негiзiн әбден қалыптасқан жалпыхалықтық қолданыстағы тiлден алады. Бұрыннан тiлiмiзде бар орныққан сөздердi ойнатып жұмсайды. Соның негiзiнде бинарм, контекстiк, окказионалды, авторлық метафоралар жасап, тосын дүниелер тудырды. Поэтикалық тiлдiң қуаттылығы, көркемдiгi кең қарымды жұмсалған метафора бейнелерде жатыр. Ақын бейненi  тереңдетiп ашу үшiн бiр ғана сөздiң құдiретi арқылы беруi де мүмкiн. Мұқағалидағы осындай бейнелi сөздер өмiршең. Ақын өзiнiң  өмiрге деген, өлеңге деген көзқарасын танытып жыр-қазынасын да образды  сөздер тобынан құрды. Ол сөздi  және оның киелi қасиетiн сезiнген, бағалаған, жоғары қойған ақын. Бейнелi-метафоралы сөз поэзияда қолданылатын  көрiктеу құралы ғана емес, тіл байлығының көрсеткіші болып табылады.

Ақын өзі талантының жоғары екенін сезіп қана қоймай, жырларының мәңгі жасайтынын білді десек те болады. Жазушы Бексұлтан Нұржеке естелігінде: «Мен Мұқағалидың тірлігінде емес, өлгеннен кейін-ақ бақытты қазақ болғанына қуанамын. Оның аты, өлеңі жалпы қазақтарды  біріктірді, әлі де біріктіруде. Оның үлкен Бақыты-осы» [7,162]. Шынымен, бақытты Ақын.

Расулдай бола алман,

Жырым бөлек!

Өзімнің тілім керек, үнім керек,

Өзгені де өзіңдей сүйген елім,

Өз ақынын табады түбінде кеп!

Ақын күнделігіне тағы да жүгінетін болсақ: «Ей, безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсысымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: Мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» [1,158],-деп көрегіндікпен өзінің «жыр-қазынасына» өзі шынайы баға беріп кетеді. Қазақтың қарапайым тілінің нәрі мен мәнін терең түйсініп, «Сөз өнері дертпен тең» көрген парасатты ақын. Ақынның адамзаттың санасын сәулелендiретiн  сырлы сөздері, сарқылмас «жыр – қазынасы» мен «өлең-өмірі» қай ғасырда болмасын ұрпақ санасында жаңара, жаңғыра түседі. Ақынның нағыз өмірі – негізгі  әрі мәңгілік жыр ғұмыры өлең оқитын қазақ ұлты барда жалғасын таба береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мақатаев М. Қарасаздан ұшқан қарлығаш. – Алматы, 1999
  2. Шапай Т. Шын жүрек бір жүрек.– Алматы, 2000
  3. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы, 1995
  4. Басилая И.А. Метафора в поэзии С. Есенина. Сборник. Слово в русской-советской поэзии. – Москва, 1978
  5. Мырзалиев Қ. Сөз сиқыры. – Алматы, 1982
  6. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.– Алматы, 1985
  7. Нұрқатов А. Шындық және шеберлік. Қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері. – Алматы, 1957
  8. Мұқағали. Естеліктер. Нұржекеұлы Б. /Бір ғана поэма жазған ақын/.– Алматы, 1995
  9. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы, 1989