17 ноября 2020

Адольф Янушкевичтің Қазақ даласына сапары туралы жазбаларындағы табиғатты суреттеу ерекшелігі

Талжанов С.А.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ, г.ғ.к., доцент

Адольф Янушкевич (1803-1857) аксүйектер отбасында туған. Вильно университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, студенттердің «Жасылдар» ұлт-азаттық қозғалысына мүше болған. 1830 жылы поляқтардың ұлт-азаттық көтерілісіне белсене араласқаны үшін 1832 жылы әскери сот үкімімен ақсүйек атағынан айырып, 25 жылға Сібірге жер аударылып, оның 12 жылын Сібірде өткізген.

А.Янушкевичтің Қазақ даласына сапары туралы жазбаларында қазақ халқының сол уақыттағы әлеуметтік өмірі, этнографиясы, қазақ даласының табиғатын әдеби жанырмен сипаттағанымен, табиғатты суреттегенде қаламының жүйрік екендігі айқын байқалады.

Ол күнделігіне 22 шілде күні былай деп жазыпты: «Жүз сиырдың түр-түсін жаңылмай айтқан бір қазақтың есте сақтарлық қасиеті таң қалдырды. Үйткені оның осы жылғы ауызша айтқандары өткен жылғы тіркемемен салыстырғанда дәлме-дәл шықты». Ал 23 шілде күні күнделік авторы мынандай деректерді қағазға түсіріпті: «Санақты аяқтап, сағат 11-де жолға шықтық. Санақ барысында адам 400, жылқы 15 000, қой 80 000 болды. Шығыны көп болғандықтан, сиыр тіпті азайыпты…». Бұл бір ауылға ғана қатысты санақтың мәліметі болғанымен, сол кездегі қазақтың қай-қай ауылында да ірі қара малмен салыстырғанда жылқы бірнеше есе көп болғандығы әр санақ қорытындысы бойынша белгілі болып отырған. Мәселен, «Аягөздің санағын аяқтап, поштамен жөнелтуге әзірледік. Барлық алты болыста 52 000 жылқы, 11 000 ірі қара, 283 000 қой бар» деп жазылған. Өзіміз оқыған Янушкевичтің жазбаларынан қымыз дайындаудың мынандай екі тәсілін, яки технологиясын кезіктірдік: «Қымызға бал мен жүзім қосып сақтаса, біраз күннен кейін ол күшті сусын болады екен».  «….Біз бір-бір кеседен қымыз ішіп едік, соның өзіне едәуір қызып қалдық. Қымызды ол былай дайындайды: Кептірілген нанды немесе бір уыс құртты бие сүтімен бірге сабаға тастайды. Мұны ашытқы дәрежесіне жеткізу үшін үш-төрт күн ұстайды. Бұдан кейін сабаға бие сүтін құйып, салқын жерде ұзағырақ ұстайды. Ішердің алдында қымызды таза мата арқылы сүзгіден өткізеді және оны қоймалжыңға жеткізбейді».

А.Янушкевичтің кітабы — XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ даласы өмірінің тыныс-тіршілігінен мол хабар беретін құнды жәдігер. Құнанбай Өскенбайұлы туралы алғашқы деректерді осы кітаптан табамыз. А.Янушкевич кітабынан «Құсбек Жанай ақын туралы әңгіме қозғады. Ол жыр жырлап, түйе де, қымбат сыйлықтар да жинап алыпты.Садыр-Матайларда онымен айтысатын тағы да бір ірі ақын болған екен…» — дейді.Сондай-ақ, саяхатшы Тарақты руының болысы Бақтыбай Дайырбаевпен Ақбастауда танысады. Тоқырауын бойы Қызыларай жағында Қорсан-Керней болысы Есберген Садырбайұлымен, Әлтеке-Сарым руының болысы би Жанғұтты Ботантайұлымен (Абайға сынақ жасап, бата берген Жанғұтты шешен осы кісі), Айбике-Шаншар болысы Алшынбай Тіленшіұлымен Қарқаралыда, ал Қу тауында осы болыстың правителі, ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлымен, ең соңында Байбөрі (Қыдыралы, Кедей, Жағалбайлы руларынан құралған) болысы Алдаберген Еділбайұлымен (Шаһкерім қажының нағашысы) кездеседі. Сөзімізді түйіндей келе, Адольф Янушкевичтің бұл кітабы өткен тарихтан көл-көсір мағлұмат беретін, аңыз емес ақиқатқа құрылған, таптырмайтын ғылыми жазба, саяхат жемісі. Бізге Янушкевичтің еңбегі сонысымен де қымбат.Янушкевич аңыздарды, жырларды құмарта  жазып отырады. Әсіресе табиғатты: өзен, көл, орман, тауларды аса көркем суреттейді. Оны далада бой көтерген қазақтың елді қоныстары қатты қуантады. 1846 жылы 31 мамырда інісі Януариге жазған хатында: «Ақтау, Атбасар, Көкбекті, Құсмұрын елді мекендері менің көз  алдымда туып өсті. Ал Ақмола мәселесін бүкіл даланың болашақ астанасы». өткеннен кейін Ақмола тәуелсіз Қазақстанның астанасы болғанын ескерсек, бұл пайымдаудың нағыз көрегендікпен айтылғанын мойындау керек шығар.Жоғарыдағы хат 1846 жылға дейін-ақ Янушкевич аттары аталған елдімекендердің, оның ішінде Ақмола да болғанын айқын дәлелдейді. Жалпы А.Янушкевич қазақ даласында өзі куә болған алуан-алуан оқиғалардың көрермені болып қоймай, тікелей араласып өз ойын, пікірін батыл білдіріп отырған. Төмендегі  карто-схемадан Адольф Янушкевичтің Қазақстан аумағына саяхат-жолын көруге болады.

Адольф Янушкевичтің өмірі бір-біріне ұқсамайтын екі кезеңнен тұрады: біріншісі 1831 жылға дейінгі кезең – өз отанында өмір сүрген уақыты, екінші – 1831 жылдан кейінгі кезең, осы кезде ол ұлт-азаттық көтерілске қатысқаны үшін тұтқындалып, кезең-кезеңмен Брест, Мәскеу, Вятка, Киевке жіберілген болатын. Киевте 1832 жылдың 3 наурызында сот шешімімен Адольф Янушкевич дворяндық атақтан айырылды, мүлкі тәркіленіп, Сібірге айдалды. 1833 жылдың мамырында ол – Тобольскіде, ал дәл осы жылдың 10 желтоқсанында Ишим уезінің Желяково ауылына жіберілді. 1835 жылы оған Ишим қаласына орналасуға рұқсат берілді. 1843 жылдың маусым айында алғаш рет қазақ жеріне барған Адольф қазақ даласына ғашық болады. Ол 2 маусымда анасына жазған хатында өзінің осы сапарынан алған әсерін жазады. «Мен жап-жасыл ағаштарға оранған, аюлар, маралдар, бұғылар мен еліктер мекендейтін биік таулардан астым, Еуропада ешкім көрмеген ғажап өзендерден өттім, осы жерде 12 жылдан бері естімеген бұлбұлдың әнін тыңдадым. Мұнда мен қонған жерлеріне мыңдаған киіз үй тігетін көшпелі қызғыздарды, табын-табын сұлу жылқылар мен түйелерді, қойлар мен ірі қара малдарды көрдім Янушкевич өзінің күнделдігінде қазақ даласының табиғатын өте шебер суреттейді. Мысалы, оның 16 маусымдағы жазбасында былай делінген: «Мен атқа мініп Ай-Төбе құмды тауының үстіне шықтым. Неткен ғажап көрініс. Біздің топтағы барлығымыз сұлулыққа таңданғанымыз соншалық, бір ауыздан айқайлап жібердік. Әлемде бұдан өткен ғажайып бар ма екен. Біздің көз алдымызда ұшы-қиырына көзің жетпейтін судың айнасы. Бұл әркім бір тамашалай бермеу үшін ит тұмсығы өтпейтін қалың қамыспен қоршалған қырғыздардың ғажап көлі – Алакөл. Оның толқындарының үстіне күн сәулесі шағылысып, анадайдан тәкәппар арал көрінеді. Бұл – Арал төбе. Осы арал тылсым күштердің сарайы іспетті немесе бұл аралда су иесі мекендейтіндей әсер қалдырады. Мұнда ешбір Колумбтың ескегі тимеген. Сол жағында алыстан мұнарлаған Тарбағатайдың сілемдері, оң жағында шыңынан ақ қары кетпейтін Алатау аспанмен таласып тұр. Міне, керемет пейзаж! Байтақ дала, мөлдір су, тұнық аспан кез келген ақынды шабыттандырады. Адольф Янушкевичтің күнделігіндегі жазбалардан оның халық шығармашылығына, аңыздарға, ән-күйлерге деген қызығушылығының жоғары болғанын аңғаруға болады. Мысалы, ол кезінде атақты болған, бірақ кейіннен ұмтылған қарт ақын Түбеке туралы әңгімелейді. Сондай-ақ ол қарапайым халықты қанаған болыстар мен жергілікті басшыларды сынаған дала ақындарының бірі соқыр Жазықтың ұйқасқа құрылған жолдарын прозаға айналдырды.

Киіз үйдің іші құлаққа ұрған танадай тыныштық. Олимпиала ойындарындағыдай екі ақын жарысқа түсуде. Бірі бір ауыз сөзбен шабуыл жасайды, екіншісі бір ауыз сөзбен одан шебер қорғанады, бірте-бірте екеуінің де шабыты оянып, кәдімгідей ұрыс басталды. Бұл енді өте ғажап көрініс». Міне, осыдан кейін Адольф Янушкевич өзінің қазақ халқы, оның болашағы туралы керемет ойларын жазды. «Әлем елдері жабайы санайтын далалықтарды өз көзіммен көріп, естіп, олардың арасында өмір сүріп, олардың тіршілігіне куә болдым. Осыдан бірнеше күн бұрын бір-бірімен жанжалдасып жүрген екі партияның арасындағы қақтығысқа да куә болдым. Дала шешендерінің жанында Демосфен, Цицерондар түкке тұрмайды. Ал бүгін менің алдымда оқи да алмайтын, жаза да білмейтін ақындар мені өздерінің дарындылықтарымен таңғалдырды. Олардың айтқан сөздері менің жаным мен жүрегімнен орын алды. Бұл сонда жабайылар ма? Бұл халық тек мал бағу үшін жаратылған жандар ма? Жоқ, олай емес!» Жаратқан бойларына керемет дарын сыйлаған халық өркениеттен тыс қалуы мүмкін емес. Бір күні қырғыз даласына да өркениеттің жарығы түсіп, бүгінде көшіп жүрген халық кезінде бақытсыз парилерге менсінбей қараған Индостан касталары секілді өзіне жоғарыдан қараған халықтардың арасында құрметті орынға ие болады. Поляк халқының атақты ұлы Адольф Янушкевичтің осыдан 166 жыл бұрын айтқан сөзі қазір жүзеге асты. Бүгінде Қазақстан әлемнің өркениетті, дамыған мемлекеттері арасында құрметті орынға ие, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Қазақстан – экономикасы, мәдениеті дамыған көпұлтты мемлекет. Мұнда 130-дан астам ұлт өкілдері тату тұрып жатыр, олардың ішінде поляк ұлтының өкілдері де бар. Қазақстан-Польша елдерінің XIX ғасырда бастау алған әдеби, мәдени байланыстары бүгінде нығая түсіп, енді мемлекетаралық экономикалық байланыстары да күшейді. Қазір біздің облыста поляк халқының өкілдері тұрып жатыр. Олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін ұстанады, балалары өз ана тілдерінде оқиды. Қазақ халқы поляк халқының ұлы Адольф Янушкевичті ешқашан ұмытпайды. Оның «Қазақ даласына сапары туралы жазбалары мен хаттары» кітабы 2 рет қазақ тіліне аударылды.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Янушкевич А. Қазақ даласына сапар туралы жазбалар. Астана 2003. Аударған  Ғабит Зұлхаров.                                                                                                                  

2. Берг Л.С. Основоположник новой географии // Новый мир, 1950. №3.

3. Валиханов Ч.Ч. Дневник поездка на Иссык-Куль. Записки о гизах. Очерки Джунгарии. Записка о судебной реформе // Собр. томах, т. 1, Алма-Ата: Наука, 1961.

4. Валиханов Ч.Ч. Материалы и исследования о Кульджинском крае. Материалы и исследования о Кашгарии // Собр. соч., тд Алма-Ата, Наука.                                                                                              

5. ВалихановЧ.Ч. Письма и переписка // Собр. соч. Т. IV.Алма-Ата Наука, 1968.

6. Северцов Н.А. Заметки об усовершенствовании путей сообщения в Оренбургском крае // Век, 1861, №24.

7. Қазақстан: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы: Бас редакциясы, 1998.  X том.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика