Ә.Бөкейхан әдеби аудармасының көркемдік-идеялық сипаты

(Л.Н.Толстойдың «Жұмыртқадай бидай» әңгімесі негізінде)

Әлихан БөкейханӘлихан Бөкейхан – қазақ ұлтының әлеуметтік рухани өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай адал еңбек еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі. Оның ұланғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Ол – әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын тәржімалау арқылы қазақ аударма өнеріне зор үлес қосқан қаламгер.
Академик Р.Нұрғали: «Еш уақытта ешбір елдің әдебиет өнері томаға- тұйық қалыпта ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық асыл қазыналарынан нәр алып, байығанда ғана өркен жаймақ»[1, 108] — дейді. Демек, әдеби байланыс арқылы жаңа сапалық өзгерістерге қол жеткізе аламыз. Әдеби байланысты жүзеге асыратын аударма өнері екені даусыз. Ал қазақ аударма өнерінде Ә.Бөкейхан аудармаларының орны бөлек. Қайраткер аудармалары сан-салалы. Еуропаның жазушылары Ги де Мопассан, О.Уайльдтан бастап, орыс классик жазушылары Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, В.Г.Короленко, Д.М.Мамин-Сибиряктың туындыларын тәржімалаған.
Әлихан Бөкейхан аударма жасауының мынадай себептері бар деп ойлаймыз: өзгенің рухани дүниесімен танысу арқылы өз халқының рухани құндылықтарын таныту; әдебие және мәдени ауыс-түйіс арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды орнықтыру; рухани, мәдени ауыс-түйіс арқылы ұлттық әдебиетті жаңа сапалық деңгейге көтеру.
Мақаламызда орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдан тәржімалаған «Жұмыртқадай бидай» әңгімесі жайлы сөз қозғамақпыз.
Аударма теориясы туралы ең алғаш пікір білдірген француз ғалымы Этьен Доле «Бір тілден екінші тілге дұрыс аудару ережесі» атты мақаласында аудармашыға қойылатын басты талаптарды жіктеп көрсетеді:
1. Аудармашы тұпнұсқа мәтінін толық түсініп, сол тілді еркін меңгеруі тиіс;
2. Аудармашы түпнұсқамен қатар аударылатын екінші тілді де жетік білуі керек;
3. Аудармашы сөзбе- сөз аудармаға ұрынбағаны жөн;
4. Аудармашы қолданыстағы тілдік бірліктерді пайдалануы керек;
5. Аудармашы сөздердің баламасын мейілінше дұрыс тауып, мәтіннің стильдік ерекшеліктерін сақтай отырып аударма жасауы тиіс [2] дейді.
Жоғарыдағы бөлімдердің барлығын өз деңгейінде Ә. Бөкейхан орындай білді. Себебі, Ә.Бөкейхан орыс тілімен қатар өзге де көптеген тілдерді жетік білген. Аудармашы әрдайым толғанып, аудармаға көркем туынды есебінде қарап, аударма жасауға үлкен жауапкршілікпен қарады деп айта аламыз.
Әлихан Бөкейхан «Жұмыртқадай бидай» шығармасын тәржімалау арқылы қазақ оқырманын адамгершілік, еңбекқорлық, сабырлылық, қанағатшылдық сияқты қасиеттерді ерекше бағалауға шақырады.
Аударма барысында ұтқырлық танытып, кей тұстарда өз жанынан сөз қосып, қазақ тіліндегі нұсқаны көркейте түседі. Мәселен, түпнұсқада: «Пришел старик, зеленый, беззубый, насилу вошел на двух костылях» [3], деген сөйлемді: «Ауызда тіс жоқ, бойында күш жоқ, тәнінде ет жоқ, көшала, құлақ мүкіс, адам сыны жоқ қурап тұрған бір шал екі таяққа сүйеніп, патшаға келді» [4, 136] деп ұсынады. Аударма нұсқаның көркем, айшықты екені көрініп тұр.
Жалпы Ә. Бөкейхан еркін аударма жасаған. «Еркін аударма – бұл тәсіл түпнұсқаның өзіне тән ерекшелігін сақтаудан гөрі аудармашының өзіне тиімділігін көруден туады. Қысқасын айтқанда, еркін аударма әрбір елдің балаң кезінде, мәдени шеңбердің тар кезінде пайда болады» [5,3] делінеді. Қазақ аударма тарихындағы алғашқы қадымдарды жасаушылар қатарында Әлихан Бөкейхан тұрады. Алайда аудармашы өзіне тиімді болғандықтан еркін аудармаға жүгінді деуден аулақпыз. Керсінше, кей сәттерде Әлихан тіпті аударма жасап отырғанын ұмытып кететін тәрізді. Бұны патша алдына келген шалды суреттеуінен анық байқауға болады. Мысалы, түпнұсқада: «Хоть и крепонок на ухо был старик, а расслышал лучше сына» [3] деген сөйлем Әлихан Бөкейханда былайша көрініс табады: «Құлағының аз-ақ қақысы болса да, баласынан анағұрлым пысық, бойы сергек, жас көрінді» [4, 136]. Пысық, бойы сергек, жас сынды синонимдерді қосып, аударманы ажарландыра түседі.
Сонымен қатар, Ә.Бөкейхан аударма жасау барысында теңеуді ұтқыр пайдаланған. Қазақ тіліндегі теңеуді арнайы зерттеген профессор Т.Қоңыров: «Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымының ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі. Сондықтан да теңеуді таным құралы ретінде философияда, стильдік әдіс ретінде әдебиет ғылымында, тілдің бейнелі конструкциясы ретінде тіл білімінде зерттейді» [6, 3] деп тұжырымдайды. Көркем аудармада теңеулер автор тілінің ұлттық нақышын ғана танытып қоймайды, сонымен бірге өзіндік қолтаңбасын да айқындай түседі. Өйткені теңеудің басты қасиетінің өзі тосындығы, жаңалығы, әрі бейнелілігі болып табылады. Келесі мысалдардан осыны айқын байқауға болады.
Түпнұсқада: «Послал царь за отцом стариковым. Нашли и деда, привели к царю. Вошел старик к царю без костылей, вошел легко; глаза свелтые, слышит хорошо и говорит внятно»[3] деген сөйлем бар. Дәл осы үзінді Ә.Бөкейхан аудармасында былайша көрініс тапқан: «Патша шалдың әкесін шақыртады. Баладай ойнап, жымпыңдаған құп-қунақ шал патшаға жүгіріп келіп сәлем береді. Құлағы сап-сау, көзі жайнаған шоқтай, сөзі судай сырғиды» [4, 136]. Осылайша ең соңғы болып келген шалды аудармашы өте ұтымды бейнелейді. Автордың суреттеуін аудармашы өз деңгейінде жеткізіп, қарияның образын шынайы, нанымды бере алған десек қателеспейміз.
Аударма нұсқада:
«Патша шалдың әкесіне кісі жібереді. Жігіттер таяғына сүйенген бір шалды патшаға алып келеді. Патша бұған бидайды көрсетеді. Шалдың көзі көреді екен, бидайды алып қарайды.
– Кәні, ақсақал, бұл қай жерде шыққан бидай һәм қашан шыққан бидай? Өзің егіп көргенің бар ма, болмаса басқа еккен адамдардан сатып алып көргенің бар ма? – деп патша шалдан сұрайды. Құлағының азырақ мүкісі болса да, баласынан анағұрлым пысық, бойы сергек, жас көрінді.
– Жоқ, мен мұндай бидайды өмірімде еккенім де жоқ, орғаным да жоқ. Мен өмірде ақша дегенді естігенім де жоқ. Біздің заманымызда халық өз нанын өзі жейтін, ашаршылық болса, бар нанын көршісіменбөліп жейтін. Бұл бидай қашан һәм қай жерде шыққан бидай екенін мен біле алмадым. Біздің бидайларосы күнгі бидайдан шығымды да, үлкен де болушы еді, бірақ нақ мұндай ірі болмайтын. Әкем айтушы еді оның заманындағы бидайлар өте үлкен һәм шығымды болушы еді деп, сонан сұрасаң екен, – дейді бұл шалда» [4,135]. Бұл диалогтарды салыстыру барысында, мағыналық жағынан да, сөз қолданысы мен сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіне дейін дәлдік бар екенін көреміз. Аудармашы Ә.Бөкейхан осы сөйлемдер арқылы кейіпкердің образы мен эмоциялық жағдайын айқын көрсете білген.
Ә.Бөкейхан ұлтын сүйген азамат. Оны «жер туралы» ойларында анық байқауға болады. Әрі «жер мәселесін» Алашорда төрағасы ешқашан айналып өтпеген. Аталмыш әңгімеден де соны байқайға болады. Аудармада: « — Менің егіндігім – Құдай жері. Қай жерді жыртсам, сол жер – менің егіндігім. Еңбегім, терім сіңген жер менікі. Құдай жері кім еңбек сіңірсе, соныкі. Жердің менікі сенікі болуының шарты жалғыз-ақ еңбек. Тағы да табан ақы маңдай тер менікі, сенікі болады. Жердің менікі, сенікі болуды табан ақы маңдай тер сіңуінен,- дейді шал» [4, 137]. Осы тұста аудармашының ұлт өміріне қажетті туындыларды аударғанына тағы да бір рет көз жеткіземіз. Әлиханның өмірлік ұстанымдары аудармаларында да айқын байқалады.
Әлихан Бөкейхан аудармалары мінсіз деуге болмайды, бірақ өз заманының деңгейімен қарағанда ол өзінің аудармашылық дәстүрін, шеберлігін қалыптастырған аудармашы деп танимыз.
Ә.Бөкейхан – жазушы немесе ақын емес, негізінен қоғам қайраткері. Бірақ «ақынжандылығын» өзі көркем аудармада пайдаланған «шығарманың тұрқы, тұлғасы емес, шығарманың рухын аудару» әдісі дәлелдеп отыр. Себебі:
Біріншіден, әдебиетті, өнерді қоғамның бір құрамдас бөлшегі ретінде қабылдай отырып, халыққа айтылар сөз, жеткізілер ойдың әдебиет арқылы екенін әбден түсінуі;
Екіншіден, халық серкесінің талғампаздығының аударылғалы отырған көркем шығарманы егжей-тегжейлі зерттеп, сөз құдіретін тануы;
Үшіншіден, дүниежүзілік әдебиет салихаларының ойымен ой ұштастырып, ұлтының үдесіне жете білу қасиеті [5, 122].
Дәуір, заман өзгергенімен, жақсы, сапалы аударманың маңыздылығы сол, көркем щығарманың төл нұсқасымен бірге жасайтындығы. Ә.Бөкейхан аудармасын түпнұсқамен сәйкес, тіпті одан асып түсетін озық аударма десек артық айтпаспыз. «Жұмыртқадай бидай» әңгімесінің аудармасында шығарманың көркемдік, идеялық, эстетикалық құндылығы толығымен сақталған. Аудармашы арқасында туынды қазақ халқының рухани әрі мәдени жауһары болып екінші ғұмырын бастаған.
Көркем аударма жанрында жалықпай еңбектеніп, ізденіп, талай тамаша туындыларды ұлттық тілімізде көркем кестелеп, көпшілік ілтипатына бөленген талантты тәржімашы Әлихан Бөкейхан жаңа әдебиетте Абайдан басталған ізгі аудармашылық дәстүр үрдісін сақтап, халықтар әдебиетінің үндестігін нығайтуға, ұлт әдебиетін әлемдік рухани құндылықтармен байытуға зор үлес қосты. Ә.Бөкейхан аудармалары – оның шығармашылық еңбегінің жемісі. Сондықтан оның бұл саладағы еңбегі де – жасампаз, мәңгілік.

Е.Жанарбекқызы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты
«Қасым» порталы


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы.– Астана: Елорда, 2003. –Б.403
2. Etienne Dole. La maniere de bientraduired’une langue en alture. Paris, 1540//http: Transeurope/ru/Eten-dole.thml
3. www.litra.ru
4. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. Полноесобраниесочинений в 7 томах.- Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2011.-Қазақша-орысша. Т.7.-612 б.
5. Алпысбаев Қ.Қ, Қазыбек Г. Қ. Қазақ аудармасының теорясы мен тәжірбесі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ универстеті, 2001. –213 б.
6. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері Алматы: Мектеп, – 1978. – 192 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.