Айқасу (Қызыл партизанның аузынан) — Очерк

І

img3…Күн де батты, біз де бір кішкене қалашыққа келіп жеттік. Көлемінің кішкенелігі болмаса, сырттай қарағанда қала көрнекті көшелерінде аз да болса электр шамының жарығы бар. Бір кезде біздің командир — Егор өзінің жырық құлақ көк атымен взводты жанап келіп:

— Эскадрон командирінің айтуы бойынша біз бүгін осы қалада болатын болдық. Біздің қонатын үйіміз анау тұрған, соған барып орналаса беріңдер… Аттарың босанып кетпесін, жақсылап байлаңдар. Мен штабқа барып қайтайын,-деді де, өзінің жәрдемшісіне тапсырып, штабқа қарай кетті.

…Төрт бұрышталып салынған екі қабат көк үй. Біз сол үйдің астыңғы қабатындағы үш бөлмесіне орналастық… Шаршап келгендіктен бе, тамақты ішіп болысымен-ақ , белімізді шештік те, мылтығымызды қолымызға алып жатуға кірістік.

ІІ

…Ұмытпасам, сағат дәл төрт шамасы шығар деймін, далаға шыға келсем, қарсы алдымдағы бағанада жанып тұрған электр шамының жарығы манағыдан өзгеше. Қазір нұрына нұр қосылған сияқты.Әлгі көк үйдің өзіне қараған бетін қызыл гүл нұрына бөлеп тұр. Аспан ашық, теңгедей де бұлт жоқ, айналаның бәрі көкжиектің құшағында тұрған тәрізді. Мына көктің беті сыңсыған көп жұлдыз әлденеге қуаныш етіп, бірінен бірі ұрлап көзін қысады. Сол көп жұлдыздар ішінде «болсаң болаттай берік, тастай табанды, асылдай төзімді, қажырлы мына мен сияқты бол» деп, темірқазық та тұр екен.

…Соның арасынша аттануға деген дауыс та құлағыма саңқ ете түсті, үйге қалай кіріп қалғанымды білмеймін. Жолдастарымның бәрі қару жарағын асынуға ұмтылып қалған екен, мен де барып қосылып кеттім. Арасы бес-алты минутке толған жоқ, бәріміз де мылтық құралымызды асынып, қатар түзеп тұра қалдық. Бір кезде «шагом марш» деген команда берілді. Сол бетімізбен тартып кеттік. Әлгі штаб тұрған нудың маңайынан көп ұзағанымыз жоқ, шолғыншылар да топтан бөлініп, жан-жаққа тарай бастады. «Біздің взвод алдыңғы бөлімнің алдында болсын» деген эскадрон командирінің бұйрығы да келді, сол минутта-ақ топтан сытылып алдыңғылардың алдына шықтық. Жарты шақырымдай да ұзағанымыз жоқ:

— Енді өз ішімізден шолғыншылар шығаруымыз керек,- деді командир… Біз де өз ішімізден жан-жаққа шолғыншылар шығарып келе жаттық. Бет алысымыз қаланың күншығысындағы мұнартқан қара тау…

ІІІ

Біздің тау ішіне кіруімізді тосып тұрғандай-ақ, ежелгі таң шолғыншысы қасқа жұлдыз — шолпан да қасқайып жоғары көтеріле бастады. Айналаны жапқан түн қараңғысы да өрге түріліп сырыла берді. Нарттай жанып алтын таңның сәулесі де көрінді. Соның артынан кешіккен де жоқ, жер дүниенің анасы ерке күн де жер астынан исіне шығып, әлемді нұрлы құшағына алды.

Бір кезде «стой » деген команда берілді бәріміз де тым-тырыс тоқтай қалдық. Алдымыз зәулім биік тау, екі жағымыз қырланып кеткен бөктер, артымыз төмен құлдилап түскен ойпат. Сол ойпатты құлай біткен селдір ағаш, бір шақырымдай созылып барып, ар жағы тоғайға қосылып жатыр…

-Жаяу түсіп аттарыңды атшыға беріңдер, өзіміз қазір бекінеміз,- деді командир.

— Жолдас командир, біз осы араға бекінеміз бе?- дедім мен.

-Жоқ, жорықта жау көрмейді екен деп мұндай шұңқыр жерге бекінуге болмайды. Естеріңде болсын, жауынгерлер, жан-жағы көрінетін, жауды алыстан көре алатындай жерге бекіну керек. Сол жердің ыңғайына қарай өзін жау көрмейтіндей етіп жасыра білу қажет. Міне, сондықтан біздің бекінетін жеріміз бұл жер емес, мына төбенің тұмсық баурайы,- деді командир қолымен алдымыздағы төбені көрсетіп.Соның арасынша «бекінуге бірінші взвод төбенің батыс жақ бауырына, үшінші взвод төбенің солтүстік шығысына «марш» деген эскадрон командирінің командасы естілді, әрбір взвод өздерінің көрсетілген жеріне қарай жөнелді.

Біздің взвод төбенің солтүстік шығысына келді. Келісімен өзіміздің командир бекінудің әдісін бізге қысқаша түсіндірді де, әрқайсымыздың жататын орындарымызға көрсетіп «марш» деген команда берді. Бәріміз де бекінуге кіріп кеттік…

Айналасы он минутқа анық толған жоқ, жауынгерлердің бәрі лезде қара төбенің төсіне сіңіп кетті. Сөйлеу, тықыр, тым-тырыс тоқталды. Маңайдың бәрі лезде құлаққа ұрған танадай болды. Нақ сол кезде қара төбенің ішкі сыры терең болғанмен, сырт көрінісі баяғы меңіреу күйіне қайта түсті. Бекінген жеріміздің ыңғайлылығы сондай сырттан келген жау былай тұрсын, жауынгердердің бекінген жерін алғаш өзіміз көзбен көрсек те, қазір қай жерде екенін анық ажырата алмаймыз. Тек «пәлен жердің маңайында» дегенді жүйрік ой алып ұшып тоқтатпайды. Бір кезде сол жақ жанымдағы қалың ақ селеудің өзім жақ шетін ақырын байқап қарасам, бал-бұл жанған көздер аңдығанын қара белеңге төніп алған. Басқа жаққа бұрылатын емес. Ол Хайдар мен Максимнің көзі еді. Максимнің қолында пулеметтің кілті. Пулеметтің аузын алдымыздағы қара белеңнің белін қаптыра ашып қойған, «бәлем көрінетін болсаң белеңнен асырмай беліңді үземін» деген кейіп бар сияқты. Хайдардың қолында пулеметтің оғы тұратын қайыс. Бір шетін пулеметтің машинасына тістетіп қойыпты. Оның да екі көзі алдағы қара белеңде…

Сондай-ақ бәріміздің де қазіргі аңдығанымыз қара белең болды.

ІV

-Шолғыншылардан алынған хабарға қарағанда аттанып келе жатқан жау осы қара белеңнің ар жағында. Беталысы қара белеңнің солтүстік жақ тұмсығынан шықпақ, көптігі екі жүз қаралы кісідей. — Қазір шығып қалуы мүмкін, асықпай-саспай дайын тұруларың керек, — деді взвод ортасында жатқан командир.

Соның арасынша жаңағы көрсетілген жерден жаудың шолғыншылары да көріне бастады. Сол-ақ екен, манадан бері жаудың келуін, оның қара белеңнің қай жерінен шығатынын аңдып жатқан жауынгерлер жалма-жан мылтық, пулеметтердің аузын сол жаққа қаратып салды. Бәрі де дайын. Команда берілсе-ақ болғаны, қара белеңнің тұмсығына төнген оқ қардай борайын деп тұр. Жау шолғыншылары да жаңағы көрінген жерінен бері ойға таман түсті. Бірақ әлі де оларға оқ шығарылған жоқ. Артынан көп кешіккен жоқ шабуыл жасап келе жатқан жаудың тобы да әлі шолғыншылар келген жерден көріне бастады. Өздерінің ойларында еш нәрсе жоқ сияқты. Жайбарақат саптарымен белеңнен бері асып келе жатты. Қара белеңнің тұмсығынан 50-60 қадамдай еңкейген кезде «оқ шығаруға» деген команда да берілді.

Сол-ақ екен, манадан бері асығып жатқан жауынгерлер оқты қардай боратты. Максим мен Хайдар пулеметінің оғын оңлы-терісті екі рет серіпкенде-ақ, жаудың талайын табанда баудай түсірді.

Жаудың тірі қалғандары кейін келген жақтарына қарай қаша бастады. Нақ сол кезде «атакаға» деген команда да берілді. Атқа қалай келіп, мініп қалғанымызды білмеймін, түлкі алатын бүркіттей жаудың қалған тобына қарай «уралап» атты қойып бердік. Бұл кезде Максим мен Хайдар баяғы орында пулеметімен шетке қаша шыққандарын құлатып жатты…

А, дегенше болған жоқ, қасқа қылышты жарқылдатып біз де үйдек-түйдек келіп араласып кеттік. Екпініміздің өзі де бәлемнің естерін алған шығар деймін. Біз жетісімен -ақ қару-жарақтарын тастап, өздері қолдарын көтеріп бір жақ шетке шыға берді. Арасы жарты сағаттай болған жоқ, бәрін де қолға түсіріп алдық.

Бұл жиырмасыншы жылдың жазы еді, — деді партизан.

Абай шығармаларының аудармасы

Абайдың таңдамалы шығармаларының орыс тілінде шыққан бір томдығы жұртшылыққа тарала бастады. Бұл кітап Москва қаласындағы Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында басылып шыққан. Тиражы 25000 дана, бағасы 7 сом. Кітаптың іші-сырты қазақтың ою-кестелерімен нақышталған.

Кітаптың редакциясын басқарған советтің көрнекті жазушыларының бірі, қазақ әдебиетінің игілігіне үнемі ат салысып келе жатқан досымыз Леонид Соболев жолдас.

«Халықтың ауыр қасіретінің ғажап жыршысы болған Абайдың дауысы да бүкіл совет елінің ой-санасын жаңғырықтырсын, ұлы социалистік революция қазақ халқын қандай қара түнектен алып шыққанын Советтер Одағының халықтары ұғатын болсын», — дейді Соболев жолдас өзінің кітапқа жазған кіріспе сөзінде:

Кітапқа Мұхтар Әуезов жолдастың «Абай Құнанбаевтың өмірі мен еңбектері» деген мақаласы еңгізілген. Әуезов жолдас бұл еңбегінде Абайдың өмірі мен творчествосының алуан сырлы кезеңдерін үлкен шеберлікпен ғылыми терең мәнді етіп берген.

Абай шығармаларын бүкіл совет елінің халықтарына, оның ішінде, әсіресе, ұлы орыс халқына толық жеткізу біздің әдебиетіміздің үлкен бір мәселесі еді. Бұл мәселе, Абай шығармаларының осы жинағының басылып шығуымен байланысты, бірсыпыра шешілген сияқты.

Мұның өзі бүкіл совет әдебиетінің күрделі бір мәселесі екенін осы жинақты шығаруға қатысқан жолдастар терең ұғынған. Абайдың осы жинаққа енген таңдамалы шығармаларын (өлеңдерін, поэмаларын, ғақлиясын) аударуға ұлы орыс халқының жиырма бес шақты ақын, жазушылары ат салысқан. Абай шығармаларын аударған Липкин, Гатов, Бродский, Рождественский және басқа жолдастарға Абайдың бүгінгі ұрпақтары шын туысқандық ниетпен алғыс айтуға тиіс.

Бұл жинақтың жұртшылық сүйсінгендей ерекше бір қасиеті бар. Ол қасиет — Абай шығармаларының аудармасы түпнұсқадан онша алшақ кетпей, бірсыпыра дұрыс шыққанында. Жасыратыны жоқ, Абай шығармаларының бұдан бұрын шыққан аудармалары түпнұсқаға жақындық жағынан да, көркемдік құндылығы жағынан да ойдағыдай болған емес-ті. Ал мына жинақ ол жағынан көңіл толарлық болып шыққан.

Абайдың осы жинаққа енген шығармаларын аударған жолдастар ұлы ақынның жан толқынын, сырын, жүрегінің отын, ақылының алтын шұғыласын, ұлттық ерекшелігін, түр және мазмұн өзгешеліктерін орыс халқына айнытпай жеткізуге, орыс әдебиетінің одан әрі, бүкіл дүние әдебиетінің әлемінде Абайдың өз тұлғасын ашық көрсетуге ерінбей еңбек сіңірген. Біздің өлең-жыр аударушыларымыздың ішінде «еркін аударма» деген қағиданы көбірек қолданатын жолдастар бар. Ол «қағиданы» қолданып жүрген аударушылардың еңбектерінің нәтижесін біздің бұрын — соңды орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударылған өлең, поэмаларымыздан көріп келе жатырмыз. Ондай аудармалардың өмірлері онша баянды бола қоймайтынын жұртшылық түсінген.

Әрине, ондай «еркін аударма» қағидасына Абай сияқты ұлы ақын сыймақ емес. Абай шығармаларын аударған жолдастар еркін аударма емес, шын творчестволық аударма қағидасын берік ұстаған. Бұл жолдастар біздің кейбір аудармашыларымызға сабақ боларлықтай іс істеген.

Алайда, Абай шығармаларын орыс тіліне аудару мәселесі әбден шешіліп болды деуден аулықпыз. Қай ұлы шығарманы алмайық, оны бірден толық жеткізіп, түпнұсқасындай толық құнды етіп аудара қою өте қиын мәселе. Абай поэзиясының алуан қасиеттері мәдениетіміз, әдебиетіміз өскен сайын тереңдеп ашыла бермек. Сол сықылды, Абай шығармаларының аудармасы да барған сайын жақсара бермек. Абай поэзиясының түпнұсқасымен толық тең түскен, шыңына шығып тоқтаған аудармасын біз алдан күтуге тиіспіз.

Абайдың осы жинағына еніп отырған аудармалар бұл күнге дейін қазақшадан орысшаға аударылған шығармалардың ішіндегі ең бір бағалылары. Бірақ осылардың өзінде, түпнұсқасымен салыстыра келгенде кейбір алшақтап кеткен, түп нұсқаға жетпей жатқан жерлер кездесіп отырады.

Мысалы:

«Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда»,дегенді-

«Всадник с беркутом скачет во весь опор:

Направление следа заметил взор»

деп аудару, немесе:

«Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға»…

дегенді-

Слишком низко мы скачем, уйдет лиса! —

Так подумов, он взмоет вершинам гор»

деу, әрине, дәл аударма емес. (Жинақтың 7-бетін қараңыз. Аударған С.Липкин).

«Белый лоб — серебро, чей тонок чекан»,

(«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»)

«Он глазами лучистыми осиян»

(«Аласыз қара көзі нұр жайнайды»);

«Нос ее — словно выточен на лице»

(«Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын»);

«Шелк завидовать может шее такой»

(«Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар»),-

деген аудармалар Абай берген суреттің бояуына жетпей жатыр. (Жинақтың 9-бетіндегі Тарловскийдің аудармасын қараңыз.)

Әрине, Абай шығармаларын аудару жұмысының қазіргі кезеңінде мұндай кемшіліктер болмай қалмақ емес. Бірақ ондай кемшіліктерді алдағы уақыттарда жөндеп отыру арқылы Абай шығармаларының ең таңдаулы аудармаларын жасауды мақсат етуіміз керек. Тек Абай поэзиясы емес, жалпы поэзия аудармасының сапасын көтеруге бет алуымыз керек.

Жоғарыдағыдай біраз кемшіліктері бола тұрса да, Абай поэзиясының осы аудармалары, бұрынғы аудармаларға қарағанда, әлдеқайда жоғары екенін тағы да айтамыз.

Қазақстан совет жазушылары ұйымы, Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл-әдебиеті институты Абай шығармаларын орыс және басқа ұлттар тілдеріне неғұрлым көірек, неғұрлым сапалырақ етіп аударту мәселесін әрдайым құптап, қолдап отыруға тиіс. Абай бүкіл дүние халықтарының тілдеріне аударылуға тиіс. Ол үшін Абай шығармалары, ең алдымен ұлы орыс халқының тілінде жақсы аударылуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.