Академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына – 95 жыл «ҰСТАЗ»

5 ноября 2020

РҮСТЕМБЕКОВ КЕНЖЕБЕК ТҮСІПҰЛЫ

 

Академик Е.А.Бөкетовтің шәкірті, ҚарУ-дың бейорганикалық және техникалық химия кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Ғалымның 280-дей ғылыми еңбектері жарық көрді, оның ішінде 2 монография, 10-нан аса Кеңес Одағының авторлық куәліктері мен шетел патенттері, 40-аса оқу және оқу-әдістемелік құрал, импакт-факторлары журналдарда 25-тен астам және 10 РИНЦ мақаласы, Хирша индексі — 3. Бірқатар селениттердің термодинамикалық қасиеттері бойынша мәліметтері КСРО Ғылым академиясының «Термические константы веществ» іргелі анықтамалық кітабына енгізілген. К.Рүстембековтың ғылыми жетекшілігімен 100-ден астам дипломдық және магистрлік жұмыстар, 2 кандидаттық және 1 доктор PhD диссертациялары қорғалды.

Профессор К.Рүстембеков «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2011» ҚР БҒМ мемлекеттік гранттық иегері. Оның есімі НААР рейтингісінің 2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ЖОО-ы оқытушыларының бас рейтингісіне сәйкес қатысқан 55 ЖОО-ның арасында «TOP-50» тізіміне және «Ғылымға арналған өмір. Қазақстан Республикасының ғалымдары» (2 том) жинағына (Алматы, 2017) енгізілді.

Ұзақ жылғы абыройлы еңбектері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, КСРО ЖОО министрлігі және БЛКЖО Дипломымен, Қазақ КСР Ғылым академиясының және Қазақ КСР ЖОО министрлігінің «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медальдарымен, Қарағанды қаласы Әкімінің Құрмет грамотасымен, «ҚарМУ 40 жыл» және ҚР «ОСКХИ 30-жыл» мерейтойлық медальдарымен, бірнеше рет ҚарМУ Құрмет грамотасымен марапатталған. «Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ Еңбек сіңірген қызметкері», ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, академик Е.А.Бөкетов атындағы сыйлықтың лауреаты атақтарына ие.

 

Ұстаз

 

«Сенің есіміңнің алдында үнсіз тізе бүгуіме рұқсат ет, ұстаз»

(В.Г. Белинский)

 

Нағыз дарын иелерінің қайсысын алсаңыз да жарық жұлдыздай жарқ етіп, бірден көзге шалынады, артында із қалдырады. Осындай заңғар Тұлғалардың қатарында академик Евней Арыстанұлы Бөкетов те болатын.

2020 жылы наурыз айының 23 жұлдызында халқымыздың біртуар перзенті, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 95 жыл толды. Сегіз қырлы, бір сырлы дарын, ғұлама ғалым, жазушының соңында қалдырған ғылыми еңбектері, көркем аудармалары, публицистикалық мақалалары кезінде де, қазір де тиісті бағасын алып, маңызын жоғалтқан жоқ. Ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде де көп жазылып жүр.

Дегенмен, жазушы Медеу Сәрсекенің Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Жайсаң адамдардың өмірі» сериясымен 2007 жылы жарық көрген «Евней Букетов. Трагедия светлой судьбы» кітабын, одан кейін ол кісінің тағы 2 кітабын айтқанды жөн деп санаймыз.

Сондықтан да мен бұл естелік мақаламда олардың бәріне тоқталып жатпай-ақ, туған ағамдай ақылшы болған аяулы ұстазымның ұмытылмас өнегесі, ол кісімен әр кезеңде бірге болған сәттерде көріп-білгенім, көкейге түйгенім жайлы сөз қозғамақпын. Өйткені өзім де Евней аға дайындаған 4 ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаттарының қатарындағы көп шәкірттерінің бірімін. Оны айту, ілтипатпен еске алу, аруағына тағзым ету, демек, қай-қайсымыздың да парызымыз.

Республика тарихындағы екінші университет – академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің құрылғанына 48 жыл болды. Бүгінде Қазақстандағы ірі жоғары оқу орындарының біріне айналған университеттің ұйымдастырылуы, қалыптасуы және бастапқы кезеңдегі дамуы оның бірінші ректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еліміздегі ғылым мен жоғары мектептің көрнекті ұйымдастырушысы, энциклопедист-ғалым, химия және металлургия саласындағы аса ірі маман, бұрынғы КСРО және шет елдерге кеңінен танымал талантты жазушы, тұңғиық мәдениетті адам Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімімен байланысты. А.Пушкиннің сөзімен айтқанда оның өзі Орталық Қазақстандағы біздің « тұңғыш университетіміз» болды.

Орталық Қазақстан өңірінде өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Қарағанды қаласында Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтында, кейініректе Қарағанды мемлекеттік университетінде де академик Евней Бөкетовтің жетекшілігімен академиялық ғылым зор қарқынмен дами бастады. Сондықтан Химия-металлургия институтына ғылым жолын іздеген талапты жастар әр өңірден және басқа Одақтас Республикалардан да әртүрлі ұлт өкілдері келетін. Евней ағаның шәкірттері ғана емес, барлық дерлік институт қызметкерлері бір үлкен отбасы мүшелеріндей жұмылып үлкен мақсатқа жету жолында еңбек ететін.

Евней Арыстанұлының шәкірті бола жүріп, біз химия және металлургия саласында көптеген мәселелер жиынтығымен айналысып жүрміз деп ойласақ керек. Әсіресе күкірт, селен, теллур, мышьякты зерттеу қарқынды дамыды. Біз өзімізді «селеншілер» және «мышьякшылар», «гидридтер» және «пириктер», химиктер және металлургтер, теоретиктер және практиктер, технологтар және аналитиктер деп бөліп жүрдік. Ал осылардың барлығы Евней Арыстанұлының бойынан табылар еді. Ол осы жеке бағыттарды бір қуатты ғылыми бағытқа біріктіріп, оған Менделеевше терең мағыналы «Халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы» деген ат берді. Сөйтіп, ғылыми жұртшылыққа белгілі «Халькогендер мен халькогенидтер химиясы және технологиясы» саласындағы зерттеулердің қазақстандық мектебінің және осы аттас проблемалық зертхананың негізін қалады. Бұл проблематика бойынша төрт бүкілодақтық, бірнеше халықаралық және республикалық кеңес 1978 жылдан бастап, Қарағанды Химия-металлургия институты мен Қарағанды мемлекеттік университетінің базасында өткізілді. Алғашқы екі ғылыми кеңестің төрағасы Евней Арыстанұлының өзі болды.

Ғалымның шәкірттерінің бірі ретінде академик Е.Бөкетовтің халькогендер химиясы саласындағы творчестволық идеялары оның атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде одан әрі жалғасын табуда демекшімін.

Өткен уақыт аралығында университеттің, оның ішінде химия факультетінің ғылыми әлеуеті анағұрлым артты. Материалдық базаның нығаюы, құрал-жабдықтардың жетілдірілуі, оның ішінде инженерлік профильдегі «Зерттеулердің физика-химиялық әдістері» зертханасын ашу, ғылыми-педагогикалық кадрлардың сандық және сапалық өсуі, химия факультетінің кафедраларына химия ғылымының қазіргі заманғы іргелі және қолданбалы мәселелерін шешу деңгейіне жетуге, өздерінің ғылыми бағыттарын қалыптастыруға, дамытуға және олардың қайсыбіреулерінен көшбасшылар тобына енуге мүмкіндік берді. Бұл халькогендер және халькогенидтер химиясы саласындағы зерттеулердің қазақстандық мектебіне де қатысты.

Е.Бөкетов бейорганикалық химия кафедрасындағы «Минералдық шикізаттарды кешенді өңдеудің теориялық негіздері» атты мемлекеттік бюджеттік ғылыми бағытының тұрақты ғылыми жетекшісі болды. Евней Арыстанұлынан кейін бұл бағыттағы зерттеу бойынша химия факультетінің базасында 9 кандидаттық және 7 докторлық диссертация дайындалды және қорғалды.

…Әлі есімде 1966 жылы тамыз айының 15 жұлдызы болатын. Бұл Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін физика-химия мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап, жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының директоры Евней Арыстанұлы Бөкетовтің қабылдауына келген күнім. Бұрын сырттай білсем де, тілдеспеген едім. Бекер жүрексінген екенмін, кабинетке кіргенімде нар тұлғалы, келісті жігіт ағасы жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайды білді, майда-қоңыр дауысы, құлаққа жағымды үнімен бірден баурап әкетті. Ол алға қойған мақсатым, ғылымның қай саласымен айналысқым келетінін білген соң, қасыма бір ғылыми қызметкерін қосып беріп, институт зертханаларына экскурсия жасатқызып, таңдауды өзіме қалдырды. Осыдан кейін мен Евней ағаның алдына қайта оралып, сирек және шашыраңқы элементтер зертханасында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым. Сөйтсем, ол зертхананың меңгерушісі де Евней Арыстанұлының өзі екен. Сол күннен бастап Евней ағаның шәкірті болу бақытына ие болдым.

Ол алғашқы жүздесуде-ақ мына мәселелерге назар аударуды тапсырды. Біріншіден, химия мен металлургия саласындағы ғылымды тереңірек меңгеру үшін әрбір зерттеуші кен жыныстары мен өнеркәсіп өнімдеріне химиялық анализді өзі жасай білетін дәрежеде болу керектігін ескертті. Екіншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыра жүргізу талабын қойды. Ең соңында тар ғылым шеңберінде шектеліп қалмай, көркем әдебиет, мәдениеттен хабардар, жан-жақты білім иесі болуыма тілек білдірді. Кейін көзім жеткендей, осы қасиеттердің баршасы Евней ағаның бойынан табылатын.

Ол мені алғашқы беттен осы жолға бағыттап, екі айдай аналитикалық химия зертханасында тағылымдамадан өткізіп, сол жылы күзде Балқаш кен-металлургия комбинатына іс-сапарға жіберіп, мыс өндірісінің технологиялық процестерімен толық танысуыма мүмкіндік жасады. Ал мыс өндірісі дегеніміз өзінше бір керемет ғажайып әлем ғой! Өйткені оны зерттеу де қызық. Мәселен, таза мыс алғаннан кейін мыс электролиттік шламның (қалдықтың) құрамында не кездеспейді десеңізші: бағалы металдар – күміс, алтын, селен мен теллур сияқты сирек металдар, қорғасын, мырыш, тағы басқалары. Кейініректе мен Өзбекстандағы Алмалық, Ресейдегі Пышма мыс зауыттарында мыс электролиттік шламынан селен алудың жаңа электрохимиялық технологиясын өндірістік сынақтардан өткізуге тікелей қатыстым.

«Селен мен өлең — Е.Бөкетовтің егіз стихиясы» деп академик Зейнолла Қабдолов жазғандай, Евней Арыстанұлының ғылымдағы негізгі бағыты менің ғылыми жұмысыма арқау болды. Аспирантурада оқығанымда да оның жетекшілігімен осы мәселемен айналысып, 1975 жылы Ташкент мемлекеттік университетінде «Халькогендердің сілті ерітінділерімен әрекеттесуін дифференциалды-термиялық анализ әдісімен зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғадым. Халькогендер деп күкірт, селен, теллур элементтерін жалпы атайды.

1976 жылы ұстазым, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Арыстанұлы Бөкетов маған ғылыми – педагогикалық қызметке ауысуыма ұсыныс жасап, мені бейорганикалық химия кафедрасына аға оқытушылыққа алып, алғашқы дәрістерімнің біріне қатысып, ағалық ақыл-кеңестерін айтып, қазақша айтқанда, батасын берген еді. Бір жылдан кейін доцент, 2003 жылдан бері профессор болып осы кафедрада қызметімді жалғастырып келемін.

Осы жылдары Евней аға да үлкен шығармашылық өрлеу үстінде болды. 1966 жылы Мәскеуде «Мыс электролиттерінің қалдықтарынан селен мен теллурды бөліп алу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 1969 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс кендерін кешенді өңдеу технологиясын зерттеп, дамытып, өндіріске енгізгені үшін ғылым мен техника саласы бойынша КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент — мүшесі, ал, 1975 жылы толық мүшесі — академик болып сайланды.

Мақала көлемін ескере отырып, академик ағамыздың ғылыми бағыттарын атап өтуді ғана жөн санадық. Олар: халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы; түсті және сирек металдардың гидрометаллургиясы; мыстың, халькогендердің және халькогенидтердің электрохимиясы; фосфорлы шиізаттарды өңдеу; Орталық Қазақстанның марганец кендерін өңдеу және марганец шлактарын физика-химиялық зерттеу; мышьяк және оның қосылыстарының химиясы мен металлургиясы; түсті металлургиядағы сорбциялық – экстракциялық процестер және тағы басқалар. Олардың кейбіреулері өндіріске енгізілген.

…1969 жылы тамыз айында Евней Арыстанұлының отбасымен Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында бірге демалдық. Ерке Есілдің суына шомылып өскен оған бұл жердің суы да, қалың тоғайлы нуы да, тау-тасы да, адамдары да қатты ұнады. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың зиратына тәу етіп барғанда, ақын басындағы жұпыны ескерткішті көріп, ренжігені бар. Оның осында екенін естіген төңіректегі елдің азаматтары ертелі-кеш сәлем бере келіп, әңгімелесіп, ағадан ақыл-кеңес сұрайтын.

Қайтар жолда ұстазым менің Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданы Қ.Бабаев атындағы кеңшардағы туыстарыма соғып, таныспаққа әдейілеп ат басын бұрды. Сол уақыттан Евней ағаның біздің елмен қарым-қатынасы үзілмеді. Мұны айтып отырғаным, бірге жүрген сапарларымызда Евней аға қызметтес емес, кісілігіне, ықылас-пейіліне қарап, қарапайым жандардың дастарханынан дәм татқанды ұнататын. Сол көңіліне жаққан адамды қатты сыйлап, қадір тұтатын. Сондай адамдардың бірі Бұқар бабамыздың ұрпағы, Қарағандыда ұзақ жылдар тұрған, марқұм Қабылбек Исабаев ақсақал еді. Ол көненің көзіндей, көкірегі шежіре, қолы ашық қария болатын. Онымен әңгімелесіп, мәжіліс құрудың өзі бір ғанибет-тін. Кезінде ол кісі халқымыздың мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен де сыйлас болған. Қаныш Имантайұлы Мәскеуде науқастанып жатқанда Қабекең үйінің бал қымызын ұстап, тамсанып, алдыртып ішкенін газет оқырмандары бұрыннан біледі. Евней Арыстанұлының да оны құрметтегені соншалық, 1974 жылы Қабылбек ақсақал қайтыс болып, Ульянов ауданындағы Алабас ауылына апарып жерлегенде барып, өз қолынан топырақ салысты.

Сол секілді, Қаныш Имантайұлының өмірінен роман-эпопея жазу барысында оның бала жастағы достары ульяновтық Жұмаш Шәдетов ақсақалдың, өз атам Рүстембектің немере інісі Көшек Айтқожаұлының үйлеріне бару сапарларында мені ертіп жүретін. Осындай көптеген ізденістермен ресми жазылған мәліметтерді талмай саралау нәтижесінде, роман-эпопеясының «Ғалымның балалық және жастық шағы» деп аталатын алғашқы бөлігін аяқтап үлгерді.

Евней Арыстанұлы Қаныш Сәтбаев туралы әр кездерде «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Аққан жұлдыздан құс жолына дейін», «Таң шолпанындай жарқырап», «Тұнғыш қазақ академигі» және «Простор» журналында «Академик туралы әңгіме» атты публицистикалық әңгімелер жазды.

Е.Бөкетов шығармалары ішінде «Шоқанның шұғылалы ісі» («Святое дело Чокана») атты эссесінің алар орны ерекше.

Евней Арыстанұлы аудармашылық жұмыспен көп айналысты және орысшадан қазақ тіліне И.Василенконың «Артемка» повесін, Э.Золяның әңгімелері мен мақалаларын, болгар жазушысы И.Вазовтың «Бұғауда» романын, В.Маяковскийдің «Қандала» пьесасын, С.Есениннің «Анна Снегина» поэмасын және көптеген өлеңдерін аударды. В.Маяковскийдің поэмасынан «Кереметін», ұлы драматург В.Шекспирдің «Макбет» және «Юлий Цезарь» трагедияларын аударды.

Академик Е.Бөкетов ірі қоғамдық, ғылыми жұмыстар атқара жүрсе де, шәкірттерімен әңгімелесуге әрдайым уақыт таба білетін. Ректор кезінде жұмыс уақытында мүмкіндік болмағандықтан, шәкірттерімен таңғы сағат жетіде, кейде кешкі тоғызда үйіндегі кабинетінде ғылыми жұмыстарын талқылайтын. Ғылыми еңбектердің барлық талаптарға сай жазылуына жете мән беретін. Металлургия және химия саласындағы барлық ережелерді, заңдылықтарды, математикалық теңдеулерді, басқа да негізгі мәліметтерді түгел дерлік жатқа білетін. Жұмыстан шаршағанда бір сәт үзіліс жасап, өзінің әдеби жазбалары мен аудармаларын оқып беретін. Үйіне келген шәкірттеріне Зүбайра жеңгеміздің қолынан дәм таттырмай жібермейтін. Кейде демалыс күндері аспиранттар жатақханасына арнайы келіп, әңгімелесіп, тұрмыстарымызбен танысып, қиналған жағдайда қалайда жәрдем етіп жүрді. Отбасымыз, ғылыми ізденісіміз жайлы егжей-тегжейлі сұрап, ақыл-кеңестерін айтып, жаңа проблемаларды шешуге меңзейтін. Біз сәл ғана жетістігімізді ұстазымызбен бөлісуге асығатынбыз. Ондайда Евней аға бізді көтермелеп, мадақтай келе: «Әй, батыр, біз білгенді басқалар да білуі мүмкін. Бұған тоқмейілсуге болмайды» — дейтін де, бізге мәселені тереңірек, кеңірек зерттеп, технологияны жақсартуға немесе жаңа іргелі ғылыми мәліметтер алуға жеткізетін проблемалар ұсынатын.

Евней аға ғұлама ғалым, қаламы жүрдек жазушы ғана емес, ілім-білімді белсенді насихаттаушы публицист те еді. Мерзімді басылымдарда жастарға арналған мақалаларын жариялап тұрды. Олардың қатарына «Ағадан ақыл, ініден шарапат», «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін», «Арманшыл болғанға не жетсін», «Студент, саған мәңгілік құштарлық», «Жиырма деген жасында», «Университеттік ілім», «Жастардың болашағын ойласақ», «Маманға бүгінгі талап жоғары» және басқа да мақалалары жатады.

«Лениншіл жас» газетінің тілшісімен өзара болған сұхбатта тілшінің «жастардың бойынан қандай қасиетті жақсы көресіз?» – деген сұрағына академик – ректор «жалынды құштарлықты. Принциптілікті. Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды. Жастар табанды болуы керек» – деп жауап беріпті.

Ол: «Өзімізден кейінгі мұрағер буындардың ой-өрісі, жалпы мәдениеттілігі бойымен бірге өсуіне, ғылым – білімнің әр саласынан керекті мәліметтерді мезгілімен жан-тәніне сіңіруіне, көргені мен білгені сыңаржақ болмауына жедел ат салысуға, жақсылыққа адастырмай баулуға тырысатын оқытушы – ұстаз керек» – деп жазды.

Оның университет жайлы жазған мақалаларында көтерген проблемалары бүгінгі күні шындыққа айналып отыр.

Бірде ұстазымыздың химия факультетінің бірінші курс студенттеріне «Мамандыққа кіріспе» курсы бойынша оқыған дәрісін де тыңдағаным бар. Сонда ол жастарға химия ғылымының кешегісін, бүгінгі мен ертеңін ұғынықты тілмен түсіндіріп, Орталық Қазақстандағы химия, металлургия саласындағы ғылыми жұмыстарға тоқтала келіп, оның әр саласындағы жетекші шәкірттерінің үлесін атап өткен-ді. Сонымен қоса бұл мамандықты игеру жолындағы қадамдар, жалпы университеттік білім, ұстаз бен шәкірт байланысы туралы, жастардың жоғары мәдениетті болу үшін көркем әдебиетті, өнерді игеріп, жоғары интеллектілі болуы керектігін айтқан-ды.

Осы жылдары Евней Арыстанұлы өзінің әр салалы ғылыми мектебіне халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы деген жалпы атау бергені жоғарыда айтылды. Аталған тақырыпта 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының базасында тұңғыш бүкілодақтық ғылыми кеңес өткізілді. Оған Кеңес Одағының әр республикасынан осы саладағы ірі ғалымдар мен өндіріс басшылары қатысты. Бұл жиынға қатысушылардың біразы, атап айтқанда, КСРО Ғылым академиясының академиктері, Социалистік Еңбек Ерлері В.И.Спицын, А.В.Новоселова, республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері О.А.Сонгина, Е.И.Пономарева, тағы басқалары біздің факультетке келіп, зертханалармен танысып, өздерінің ақыл-кеңестерін айтты. Келесі кеңес те Евней ағаның ұйымдастыруымен өтті. Ал үшінші, төртінші кеңестер онсыз өткізілсе, бесінші және одан кейінгі кеңестер халықаралық ғылыми-практикалық конференция дәрежесінде өткізіліп жүр.

…Өкінішке орай, «Ленинская смена» газетінде жарияланған жазықсыз жаладан соң 1979 жылдың желтоқсан айынан Евней аға өз өтінішімен ректорлық қызметінен босап, Химия-металлургия институтында ғылыми жұмыстарын жалғастырды. ХМИ-дағы қызметін істей жүріп, біздегі бейорганикалық химия кафедрасының профессоры қызметін де қоса атқарды.

Бірақ, академиялық ғылымға соншалықты қажет және соншалықты үміт арттыратын байыпты және шұғыл қорытынды жасауға құштарлық Евней Арыстанұлы үшін институт тақырыптарының тек жоғарыда айтылған бағыттарымен ғана шектеліп қалған жоқ еді. Оның бір-біріне байланысы жоқ сияқты нәрселерді біріктіріп, сол арқылы көмір химиясының, органикалық синтездің және металлургияның проблемаларын шешуге арналған өмірінің соңғы кезіндегі ұсынысы біздің барлығымызды да таң қалдырды. Оның бұл ұсынысы ферроқұйманы қолдана отырып, төменгі сапалы күлі көп кокстан және судан жасанды мұнай алу туралы болатын. Дәл осы мәселе арқылы Евней Арыстанұлы қорытынды жасау мен күрделі мәселелерді шешуге келгенде батылдық пен алғырлықтың шыңына шыққан іспеттес көрінеді. Бұл ойдың абстракты қалықтауы емес, керісінше, мәселенің егжей-тегжейіне көңіл бөлінген, қүш-қуатқа толы және нақты бағытталған ізденістер еді.

Қайтыс боларынан үш күн бұрын Евней Арыстанұлы Қарағанды бас жабдықтау басқармасының сол кездегі бастығы А.Никоновқа мынадай қысқаша хат жазған екен: «Қымбатты Анатолий Сергеевич, Құдай үшін болашақта көмір бассейнінен өңдірілетін бензин өзендерін ағызуға қажет жоғарғы қысымды насостармен (ең болмағанда біреуімен) көмектесе гөр. Көңіл бөлгеніңе өте-мөте борышты Е.А.Букетов, 10 желтоқсан 1983».

«Мүмкін өз өміріндегі соңғы болып табылатын осы құжатты хатта Букетовте қайталанбас нәрсенің барлығы көрініп тұрса да, қалдырған химик те, металлург та, көмірші де және тіпті жазушы да емес еді. Оның авторы өзі туып өскен жерге құштар патриот болатын» – деп Евней ағаның шәкірттері техника ғылымдарының докторлары, профессорлар Химия-металлургия институтының директоры Ж.Әбішев және институт директорының ғылыми жұмысы бойынша орынбасары В.Малышев ұстазымызды осылай еске алған болатын.

Ұстазымыздың бір топ шәкірттері бұл ғылыми бағытты жалғастыруда.

…Сол 1983 жылдың 13 желтоқсаны күні ол 5-курс студенттеріне арнаулы курстан дәріс оқуға тиіс еді. Студенттер оны ХМИ-ға барып тыңдайтын. Арада көп уақыт өтпей факультетке телефон шалынды. Кенеттен естіген тосын хабар бізді қатты абыржытып, сең соққандай, өз құлағымызға өзіміз сенбей, ХМИ-ға тартайық. «Өлімге жан едің ғой қия алмайтын» деген сөз осындайда айтылған-ау. Мән-жайға қанықсақ, сұм ажал арамыздан шығармашылық кемелденген шағында, небәрі 58 жасында ғұлама ғалым, ақылшы ұстаз, қоғам қайраткері, өз халқының патриоты Евней Арыстанұлы Бөкетовті алып кетіпті. Мезгілсіз ажал, бір қарағанда алыс дерлік, химия мен техникалық ғылымдар және көркем проза саласында шын мәнінде өмірінің соңына дейін шығармашылық белсенділікке толы адамның өмірін үзіп кетті. Евней Арыстанұлының тек ғылыми мұралары 560-тан астам, оның ішінде 9 монография, 100-ден аса өнертапқыштық куәлік пен шетелдік патенттер, 90-нан астам әдеби еңбектері бар.

Евней Арыстанұлының ғылыми мектебінен 24 ғылым докторы, 40-тан аса ғылым кандидаты тәрбиеленіп шықты.

Евней ағаның асыл армандарын бүгінде ізбасарлары мен шәкірттері, ондаған-жүздеген оқушылары жалғастырып, жаңа сатыға көтеріп, ілгері дамытуда.

Евней ағаның Орталық Қазақстанда ғылым мен білім ордалаларының қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегі орасан зор. Олардың қатарында алғашқы ұйымдастыру кезеңінен бастап кемелденген шағына дейін 12 жыл бойы директоры болған Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургия институты, іргетасын өзі қалап, тұңғыш ректоры болған, 1991 жылдан өз есімімен аталатын Қарағанды мемлекеттік университеті және Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесі бар.

Жылда мен 1-курс студенттеріне алғашқы дәрісімді республикамыздағы Евней Арыстанұлының ғылыми мектебіне шолу жасаудан бастаймын. Бұл жастардың да арасынан келешекте Евней ағаның ізбасарлары шықса деп армандаймын да, ойыма ақын Кәкімбек Салықовтың мына өлең жолдары орала береді:

… Өкініш көп, салайын несіне зар.

Өз жұлдызың арнаулы көшін табар.

Шәкірті едің Қаныштай данамыздың,

Қатар ұстап қазағым есіне алар.

Иә, тарих және уақыт барлығын өз орнына қойды.

…ҚарМУ-да академик Евней Бөкетовтің халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы саласындағы шығармашылық идеялары іргелі және қолданбалы зерттеулерде, технологиялық жұмыстарда жалғасын табуда. Бүгінгі жас ғылым кандидаттары, көркемдеп айтқанда Евней Арыстанұлының «немере шәкірттері» өздері ұстаздық ете бастады, бұл дегеніміз Е.Бөкетовтің есімі оның шәкірттерінің ісінде сақталды және жалғасуда деген сөз. Біз ойша өзіміздің Ұстазымызбен әрқашан да кеңесеміз, мезгіл аралығында емтихан тапсырып, есеп береміз. Мәселен, Евней Арыстанұлының 70 жылдық мерей тойы күндерінде М.Шәріпов, 80 жылдығынан соң Ш.Әмерханова, К.Рүстембеков, Х.Омаров, ал 85 жылдық мерей тойы жылында Е.Мұстафиннің докторлық диссертация қорғағандарын айтсақ та жеткілікті. Менің «Халькогендер негізінде бейорганикалық қосылыстар синтезі, қасиеттері және олардың гидрохимиялық процестердегі түрленуі» тақырыбындағы докторлық диссертациям да және қазіргі кезде докторант және магистрант шәкірттеріммен зерттеу жұмыстармыз да осы ғылыми бағытты әрі қарай жалғастыруда.

Ғибратты ғұлама, ұлы Тұлға Евней Арыстанұлының шәкірті болып, 17 жылдай асқан дарын, биік парасат иесінің жетекшілігімен қызмет істеу бақытына ие болғаныма әрдайым мақтанамын.

Евней Арыстанұлының дарынды шәкірттерінің бірі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты В.Малышевтың сөзімен айтсақ: «Евней Арыстанұлының ғылыми өмірбаяны — Қолбасшының және Әулиенің бүгіннен болашаққа кең және жеңіл қадаммен аяқ басуы».

Евней Арыстанұлы Бөкетов Қазақстандық Ғылымды бейнеледі, біздің есімізде ол солай қалды. Евней Арыстанұлының есімі халық жадында. 1992 жылы университетте Е.Бөкетов мұражайы ашылды. Академик атындағы университеттің бас ғимаратының алдында Евней Арыстанұлы Бөкетовтің көрнекті қола мүсіні тұр. Ол ойлы жүзбен жас ұрпақты қарсы алады.

«Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім» — деген Евней Арыстанұлының арманы жүзеге асты. Біздің ұстазымыз Евней Арыстанұлы, басқа ешкімдей емес, біздің мүмкін аз уақыттық әуестігіміз бен ықыласымызға қарамастан, әрқайсымыздың қайталанбас, қымбат жекелігімізді ашып, қорғаудың қажеттілігін түсінген адам болды. Сондықтан ұстазымыз Евней Арыстанұлы өзімен ұзақ немесе қысқа уақыт аралығында қатар болған жандардың шынайы сүйіспеншілігіне ие болып, жадында мәңгі сақталмақ.

Әлемдік ғылым шыңына көтерілген Ұстазымыз Евней Арыстанұлы Бөкетовтің ғибратты ғұмыры, өшпес ғылыми және әдеби мұралары, жарқын бейнесі оның ізбасарлары мен шәкірттеріне ғана емес, ол бүгінгі және келешек жастарға да үлгі – өнеге болып қала бермек.

 

 

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика