Ақын Қасымның қадірін білеміз бе? (Нұрлыхан ҚАЛҚАМАН)

Қарағандыда жыл сайынғы дәстүр бойынша Қасым  оқулары өтті. Қасым кім? Ол – қазақ поэзиясындағы дара құбылыс. Абай салған сара жолды жалғастырған Мағжанның ізбасары. Әдебиет әлемінде ойып орын алатын ұлы тұлға. Ақын бір жердің не бір елдің ғана адамы болмайды. Поэзия жүректен шығатындықтан, барша халыққа ортақ. Ақын кешінде Қарағанды облысының жас дарындары мәнеріне келтіріп өлең оқыды, нақышына салып ән шырқады. Қылқалам шеберлдері ақың өлеңдерінің желісі бойынша сурет салды. Ал ақынның ізін басып, жолын жалғап келе жатқан жас ақындар өз өлеңдерін оқыды. Сырт көзге бұл шара тамаша өткен тәрізді болып көрінгені бар. Расымен де, жақсы өтті. Бірақ «әттеген-ай» деген тұсымыз да болды. Соған тоқталсақ…
Әуелде Қасым оқулары Кривогуз көшесінде тұрған ақын ескерткішінің алдында өтетін болып жоспарланған еді. Бірақ ауа райының құбылуына байланысты Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхана залында өтті. Құрқылтайдың ұясындай тар бөлмеге келген жұрттың бәрі сыймады, әрине. Ерте келгендер залдан қысылып-қымтырылып орын тапса, кейін келген 30-40 бала кері қайтты. Әрине, бұл ұйымдастырушылардың кінәсі емес. Қайта қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, кешті өткізіп отырғандарына алғыс айтуымыз керек. Бұл жерде басты мәселе жергілікті шенеуніктердің салғырттығында болып тұр.
Арқаның айтулы ақындарының бірі және бірегейі Серік Ақсұңқарұлы осыдан біраз уақыт бұрын Қарағандыға Қасым шығармашылық орталығы керек екенін айтқан болатын. Не үшін қажеттігін де толықтай баяндап берді. Алайда ақынның сөзі атқамінерлерге жетпеген тәрізді. Құлақтарына жетсе, жеткен шығар, саналарына жетпеді. Әйтпесе Қадыр Мырза Әліні ұлықтап, даңғарадай орталық салып берген Батыс Қазақстан жұртшылығынан біздің қай жеріміз кем? Ақын Қасым тек қарағандылықтардың емес, барша қазақтың ұлы емес пе еді?
Қасым оқуларының ашылу салтанатына Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асан, Серік Сағынтай тәрізді бірқатар ақын-жазушы келді, құттықтауларын арнады.
– Жас ақындар отыр екен. Қарағандыда сексен ақын бар дейді. Ел айтады. Күндердің күнінде солардың сегізі шықса, Құдайға тәубе дейміз.
С.Ақсұңқарұлы балаларға бата беріп, өлең оқыды. Ал ф.ғ.д., профессор Қойлыбай Асан құттықтау сөзін айта келіп, бұрыннан сөз болып жүрген тақырыпты қозғай өтті.
– Қарағандыға Қасым орталығын ашу керек-ақ. Жаңа осында келе жатып есік көзінен кері қайтқан балаларды көргенде, жүрегіміз ауырды. Олар мұнда Қасым деп келді ғой. Кітапхана ұжымы қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Оған дау жоқ. Бірақ ақын атындағы орталық болса, қалаған адамның бәрі қатысар еді. Құдайға шүкір, Қасым оқулары жыл сайын қанатын кеңге жайып, облыс деңгейіне шықты. Түрлі ауданнан жастар келіп қатысып жатыр. Келешекте мың адам, бес мың адам қатысатын ірі шараға айналар. Оған дейін орталық салыну керек. Және бір айта кетерлігі – осы Н.В.Гоголь атындағы кітапхананы Қасым Аманжоловқа беру керек. Қазақ әдебиетін оқыту Қасымнан басталады. Мектеп оқушылары әуелі Қасым шығармашылығымен сусындайды, – дейді журналист ұстаз.
Расымен де, Н.В.Гогольдың әдебиетке сіңірген еңбегі мол. Алайда қазақ баласына Қасым жақын емес пе? Қазақ әдебиетінің, поэзиясының дамуына үлес қосып, өзінің орнын әйгілеп берген де – Қасым.
Қарағандылықтар ақынның бағасын біле ме? Қарапайым халық біледі ғой, бірақ жоғарыдағылар сезбейді оны. Әйтпесе Қасым ескерткіші қасқайып тұрған Кривогуз көшесіне ақын есімін беруге болар еді. Түптеп келгенде, бізге жақыны Кривогуз ба, әлде Қасым ба?..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.