Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. ТЕРЕҢДІК. ТӘМСІЛ. ТАЛАСБЕК

Таласбек ӘсемқұловҚазақ жастары бір жылда екі бірдей рухани сардарынан айырылды. Оның бірі көктемде кеткен ақын Әмірхан Балқыбек болса, екіншісі күзде қайтқан жазушы Таласбек Әсемқұлов еді.
Екеуі де жастардың досы, әдебиетшілердің көңіл көкжиегін кеңітіп отырған энциклопедиялық білім иесі еді. Арғы-бергі тарихты, әдебиет пен мәдениетті сол екі азаматтан артық білетін адамды таба алмайтынбыз. Сол екі ағаның интеллектуалдық күшін пайдаланса, тау қопаруға болатын еді. Бірақ екеуінің де қоғамға керектігін сезінген мерейлі сәтінен гөрі қажетсіздігін түйсінген қамырықты күндері көбірек болған сияқты. Басқа кез келген қоғамда ақылды адамның, интеллектуал, талантты адамның мерейі үстем, ол адам бай-дәулетті. Біздің қоғамдағы парадоксқа қараңыз, жаңағы екі ағамыз да ұшан-теңіз біліммен соңғы жылдары үйде отырды. Жұмыссыз. Қазақтың кез келген баласы солармен деңгейлес болса ғой, әңгіме басқа еді. Бірақ олай емес. Олар мыңнан, тіпті миллионнан суырылып шыққан ардағымыз еді. Ал қай жағыңа қарасаң да білімсіздер мен дилетанттар толып жүреді. Ең білімді адамдар жұмыссыз отырады. Бұл ненің құдіреті? Рух пен тексіздіктің күресі жүріп жатыр десек, екі ағаның өмірі де сол ұлы майдандағы үлкен құрбандықтар сияқты әсер қалдырады. Бұл – қоғамға соғылған шапалақ, рухтың ескертпесі. Біз жеңіліп жатырмыз… Жә, ол жайында кейінірек.

«Елу сегіз деген еркек өлетін жас па екен?» деуші еді «Талтүс» романының бір кейіпкері. Күй сияқты құйылып тұрған роман жазған Таласбек Әсемқұловтың өзі де, жаңағы сөзді аузына Құдай салғандай, елу тоғызында ықылымға кетті. Құдай салғандай дейміз-ау, шын талант иесінің сөзін, аузына Құдай салмағанда, кім сала­тын еді? Өмір мен өлім қандай тылсым болса, талант та сондай тылсым ғой. «Та­ласбектің бүкіл өмірі, жазғаны мен сызғаны, түйгені мен түйсінгені тылсымға толы еді» дегенді, қателеспесем, Дидар Амантай айтты-ау деймін.

Расында, Таласбек Әсемқұловтың қо­ңыр­қай жүзіне, ойлы көздеріне байыптап қарасаң, кеудесіндегі күмбірді естуге болатын. Бір сәт те тоқтамай, байыппен, сыр­баз ғана төгіліп тұратын, мұңды да сәу­лелі қоңыр күй еді ол. Таласбектің ел ай­татын тылсым магиясы сол болатын. Сол күйдің бұдан былай тыншығанына илан­ғың келмейді. Ол өзі тартатын күйлер сияқ­ты кең, эпикалық тыныстағы адам еді ғой. «Тәттімбет сері» романына үңілейікші. «Адам тағдырды таңдамайды… таңдай ал­май­ды… Тағдыр адамға қонады… Сон­дық­тан тағдырың ән екен, ал ән бақытқа… қуа­нышқа жат… Бақыт пенен ән… бір-бі­ріне ешқашан қосылмайтын… бір-бірімен қатар тұра алмайтын… екі бөлек жара­ты­лыс… Ән… қасiретпен ғана туыс… Қасірет пен қамырық… әннің азығы… Ал тағ­­дырың ән екен… онда көрешегің – қа­сі­рет… Осы­ған мойынсұн… Себебі бүгін айырыл­ға­ның­нан… келешекте айырыла­рыңнан… баяғыда… өзің дүниеге келмей тұ­­­рып айырылғансың… Себебі… сен ән­сің… ән болып келдің… ән болып кетесің… Бұл дүниеде… сен қимайтын ештеңе жоқ…». Бұл, өнерпаздардың бәріне айтыл­ған ке­сім. Ауыр да азапты, бірақ шыншыл кесім.

Адамның санасында ең үлкен сілкініс, ең үлкен жаңалық, өлімнің хақтығын түй­сінген кезде болады. Бала кезіңде әл­декімнің өлімін көруің мүмкін. Саған айтады, «Нағашы ағаң (атаң, апаң, бәрібір, әйтеуір сен өзің жақсы көрген бір адам) басқа жаққа кетті, енді келмейді». «Еее, дейсің сен. – Тым алысқа кеткен болды-ау». Одан кейін де өлімді талай рет көруің мүмкін. «Тірінің бәрі өледі» дегенді орайы келгенде айтып та жүруің ықтимал. Бірақ өлімнің хақ екенін әлі түйсінбейсің. Оны түйсіну сәті бір адамға ерте, бір адамға кеш келеді және өмірде бір-ақ рет келеді. Сол сәттен бастап адам өзгеретін, есейетін се­кілді. Таласбек Әсемқұлов кітаби білімнен бөлек, өмірлік даналықтың, өмірді ең жоғарғы мағынасында қабылдау білімінің иесі еді. «Талтүстегі» қиянатты көп көрген Әжігерейді алыңызшы. ( Әжігерей Талас­бек ағаның балалық шағы емес пе еді). Қаршадай кезінде атасы қайтқанда, қан­дай терең байламға келеді: «Өлім – адам өзгерте алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бәрін өз ақылына бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс, пәк күйінде қалыпты. Пен­денің арманы таусылған ба. Қолынан келсе өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім, адам ешқашан аттай алмайтын шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған ешқашан жет­пейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына ешқашан қана алмайды. Сондықтан өлім дүниедегі жалғыз ғана шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақи­қат… Кенет… жақыныңның өлімі өзіңнің өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Се­бебі әр өлім – әркімнің өлімі. Себебі  әр өлім – бәрінің өлімі». Қандай тамырлы, кемеліне келген байыпты пікір. Бәріміздің санамыздың бір түкпірінде байыз таппай безгектеп жүрген ой. Бірақ сол ойды Та­лас­бек қағазға түсіргенде ғана, ол киелі кітап сөзіндей бұлжымас формасын табады.

«Пенденің жалғыз жұбатушысы – өлім, – деді ол тағы да сол романда.

– Адам пенде қырық құлаш зынданның түбінде жатса да өмірден үмітін үзбейді. Ал өлім деген басқа, ерекше бақ. Әрбір адамға кесімді күні келетін тәни өлім емес. Па­қыр­лықтан кемелденген, бес жасар ба­ланы пайғамбар дәрежесіне көтеретін ерекше түйсік ретіндегі өлім». Жалаң пәлсапа емес. Балаң көңілдің сәттік әсері де емес. Адам ұзақ өмір сүріп, көп қуа­ныш пен қасіретті көргеннен кейін ғана, аспан жақтан келіп, жүрекке түйілуі мүмкін жалғыз байлам. Көп адам ондай бай­ламның биігіне көтеріле алмайды. Олар­дың өлімнен қорқатыны да содан шығар? Ал Таласбек қорықса, «жиған біліміммен бөлісе алмай кетем-ау» деп қорықты. Өлімнен қорыққан жоқ. Оның мінез-болмысы бала сияқты болса да, «момақан даналық» ылғи да өзімен бірге еді. Біреулер айтады, «Көзі тірісінде мақ­тау керек еді, Таласбек өз бағасын білмей кетті» дейді. Жоқ, ол кісі өз бағасын біле­тін. Өзгенің бағасын соншалықты білетін адамның өз бағасын білмеуі қисынға сыймайды. Бірақ жылы сөзге зәру болған жоқ десек, тағы да жалған болар еді. Ол өз бағасын біле тұра, өзі айтатын «публика болып қалыптас­паған» қоғамның өзімшіл­дігі мен пасық­тығына көндіккен, дүниенің опасыз жал­ғандығын да, бәрін – бар қал­пында қабылдайтын және соның бәрінен биіктей алған адам еді. Ақылы кемел адам бәрінен биіктей алады. Бірақ ақылдан бө­лек, жан деген субстанса бар емес пе? Міне, сол жан деген жарықтықтың «ауыру, жаншылу, азап шегу» деген қабілеті болады. Адам ақылымен бәрінен биіктеп тұрған күннің өзінде, жүрегі мен жүйке жүйесіндегі әлдебір иірімдер оның жанын қылбұрауға салып шыңғыртып жатады. Талантты адам бізсіз де жалғыз, есті адам бізсіз де ба­қытсыз.

Кейде Таласбек аға келешектің адамы сияқты көрінетін. Кейде керісінше, он то­ғызыншы ғасырдан адасып, қалып қойған адамдай елестейтін. Аңғалдығы мен дана­лығы астасып жататын, пейіл тазалығы оған жастарды, жастарды оған тартатын да тұратын. Ол қашан да жаңалықтың, кәсі­биліктің, таланттың жағында болды. Және жастарды өнерге тар шеңберде қарамауға үйретті. Өзі дәстүрлі прозаның өкілі бола тұра, жаңашыл әріптестерін қорғап-қол­дау жолындағы жанкештілігі таңғал­ды­ратын. Сөйтсек, ол әдебиеттегі корифей­лердің өзінен кейінгіні көрмей тастау «та­лантына» таңырқап, ең бастысы, кейін­гі буынды да сол шеңберде тәрбиелеп жатқанын сезгенде үндемей тұра алмаған екен. Өнерге қиянат басталғанда шыдай ал­маған екен. Өйткені өзі айтпақшы, «тал­ғам деген эстетикалық ар-ұят» бо­латын.

Таласбек ағаның кез келген мақаласы үлкен философиялық, эстетикалық трак­таттың жүгін арқалаушы еді. Әрқайсысы көркем шығармадан бетер терең болатын. Ойын сығымдап беретіні соншалықты, әр абзацын бұталап, жаңа ой, жаңа толғам мен пайым ашып, таңырқап жататынсыз. Ол Дидар Амантай, не Ақберен Елгезек, не Ербол Алшынбай сияқты өзі жақсы көретін інілерінің шығармашылығын түсіндірсе, жалпы, әдебиет, жалпы, сөз өнері, ойлау жүйесі, өмірге пәлсапалық қатынас жайлы жазған болып шығатын. Өйткені ол кісінің тыныстау тәсілі сол еді, ол не нәрсені де өзінің оқыған, білген көп дүниесінің контекстінде қабылдайтын. Біздің кейбір құбылыстарды, мінездерді, кейбір авторларды ол кісідей қабылдай алмайтынымыз, жаңағы авторлардың кемшілігінен емес, өзіміздің Талас ағадай терең біліміміз мен кемелдігіміздің жоқ­тығы еді.

Ол кісі бірде телефон шалды. «Оқығам жоқ» деген мақалам шықты, оқыдың ба?»  «Оқығам жоқ…». Талай нәрсені «білмейді екем, көрмеппін, оқығам жоқ» деп мойын­дауға тура келеді, бірақ дәл осы мақалаға қатысты Талас ағаға айтқан жауабымдағы ауырлықты бұрын-соңды сезіп көрсемші. «Оқығам жоқ…». Қарап отырсам, сол ма­қалаларымен-ақ Таласбек аға бәрімізді тәрбиелеп жүр екен ғой. Ешқандай уни­верситетте сабақ бермеген, ешбір дәрісі үшін жалақы алмаған, бірақ саналарда билік жүргізетін ұлы лектор, ұлы ұстаз болыпты. Қазақтың көкірегінде сәулесі бар бүтін бір ұрпағын өсіріп шығарған екен ол. Былай қарағанда, «оқығам жоқ» синдромы бір ғана Таласбек ағаның буы­нында ғана емес, одан кейінгі жас буында да бас көтеріп келе жатқан. Ол ағалардың іштарлығын бейсаналы сезуден туған жап-жас іштарлық болатын. Таласбек аға соның алдын алды. Үйінде отырып-ақ, «otuken.kz» сайты арқылы-ақ үлкен жүкті көтеріп жүріпті.

Жоғарыда айтқандай, ол басқа дәуірде, басқа, бұдан гөрі текті, таза формацияда өмір сүруге тиіс адамдай еді. Және сондай формацияны қалыптастырғысы келді. Өзім көрмесем де, кейінгілер көрсін дей­тіндей-ді. Таласбек аға шексіз оптимист болатын. «Эфиальттың кегі немесе қазақ интернеті жайлы бір үзік сыр» деген ма­қаласы естеріңізде ме? «Интернетті жою ауаны жоюмен бірдей» дейтін жаңашыл кейіпкері Асанқадыр туралы: «Ертегідей өмірдің шеті бізге тақап келе жатыр. Бірақ оның да үсті бұлтсыз аспан емес. Өзіне тән ой-шұқыры, қалтарыс-қатері бар. Міне, осы жаңа болмыс, жаңа шындықтың сақшылары, сақтаушылары таксилерінің терезесінен қол бұлғап кетіп бара жатыр. Болашақ осылардың қолында дедім іштей. Тек абыройдан айырмасын» деп аяқтайтын еді ғой… Ол өзі де, «otuken.kz» сайтын оңды-солды шарлап жүрген ұрпақтан көп үміт күтті. Өйткені ол ұрпақ өзгенің мәде­ниетімен, әдебиетімен қаншалықты таныс болса, өз халқының рухани байлығының шын бағасын, жоғары бағасын сонша­лықты білуге тиіс. Және ол ұрпақ өнерге ешқашан қиянат жасамайды. Таласбек ағаның тәлімін дұрыс сіңірсе, дәйім лайық­ты шығарманы мойындайды, жаңа­шылдықты қабылдайды, бейнелеудің жаңа тілін іздейтін болады.

Және Таласбек аға төгілтіп, бұрқы­ра­тып та жаза алатын. Әсіресе, кинодрама­тур­гияда түйдектеліп, төпелей құйылатын шұрайлы тілді тірілтті. Мұхаң мен Ға­бең­дерден кейін дәл солай көркем тілмен сөйлесетін, астарлап сөйлеп, көп айтатын кейіпкерлерді көрген емеспіз. «Ағатай, осы сені ішіңнен бір нәрсе оттай қари ма, ал мені шоқтай шыжғырады» дейтін Бір­жан салынан кейін кемеңгер Құнан­байды күтіп жүр едік. Бұған дейін «Тұмарды» жаз­ды, «Жезтырнақ», «Көкбалақтың өлі­мі» болды, ұсақ-түйекпен алданбай, алаң­сыз жазуға мүмкіндік болғанда, тағы қаншама дүниелер ойында бар еді… Ол кісінің романы мен повесіне де қаншама ақпарат, қаншама тұжырым сығымдалып еніп жататын. Прозаны көп жазған жоқ. Бар болғаны екі роман, бес-алты әңгіме ғана. Бірақ ішінде қаншама жаңалық, баяғы қазақ үшін үйреншікті, қазіргі қазақ үшін тосын жаңалық бар еді. Қазақтың ұлт­тық дүниетанымы барған сайын жұқа­рып бара жатқаны рас қой. Таласбекпен бірге екі өкініш кетті. Соның бірі, енді қа­зақта соншама білім жинайтын, білімге ашқарақ ұрпақ туа ма, оның бәрін қазақы зердемен қорыта ма, екіншісі, бұдан кейінгі, Жүнісбайлардан (Таласбек Әсем­құловтың атасы) тәлім алмаған қазақтың бойына сол тамырлы таным біте ме деген өкініш.

Олай дейтініміз, Таласбек Әсемқұлов­тың әлемінде ашық мәтінмен айтыл­май­тын, бірақ қазақ үшін аса маңызды ұғымдар болатын. Есіңізде ме, «Талтүстегі» алғашқы оқиға? Сабыт шал кемпірінің мойнына шылбыр салып, атпен сүйрей жөнелетін. Ел-жұрт тоқтатып алғанда, «Не болды, Саба?» деп сұрамай ма? «Періш­тедей баламды қор қылды, сүйегін жа­сытты» дейтін ақсақал. Әжігерейді басынан тепкені үшін кемпірін төркініне қайтарушы еді. Немесе «Біржан сал» фильмінде «Азаматтың ары тапталып жатқанда бір қатынның өлімі садаға» дейтін Әпіш. Соның бәрі бізге бұлжымас заң, мызғымас мораль болып бекіді. Өйткені ұмытыла бастаған, бірақ қаны­мызда, санамызда бар ұстанымдар еді. Қазақ мәдениеті Омар Жәлел айтпақшы, «Матушка Россия дейтін орыстардікі сияқты әйел текті мәдениет емес, атажұрт, атамекен дейтін ататекті мәдениет». Тағы да сол «Талтүстегі» Әжігерейдің ұнатқан қызымен кездесіп келіп, таңертең атасына сәлем беретін сәтін алыңызшы. «Атамның көзінен өзгенің бақытына деген шексіз құрметті көрдім» дейтін. Таласбек ағаның өзі де сондай жомарт, дарқан жүрек­тің иесі еді. Оның оптимистігін де, жастарға жақындығын да солай ғана түсіндіруге болады.

Өйткені адам о баста бақытты болып дүниеге келеді. Оны бақытсыз қылатын, шерменде қылатын біз. Біз дегеніміз, қо­ғам, қоғам деген машина, кәдімгі кон­вейер, барыңды, асылыңды жұта береді, жұта береді, жұта береді… қазір жастар бір нәрсені түсінгендей болды. Таласбек пен Әмірхан тарығып өткен қоғамнан аяу­шылық күту, жақсылық күту қисынсыз. Бұл қоғам жақсы адамның, терең адамның, ілім жиған адамның қадірін білмейді. Сырттай қарағанда саналы адамдардың ұясы сияқты көрінетін әдеби ортаның, зиялы ортаның да жазылмаған заңдары бар. Ал Таласбек ағалардың бар айыбы, сасық заңдармен жүрмеуінде еді. «Тура биде туған жоқ» деп талай адамды көзінше сынады. Ащы айтқан кездері болды. Сол кісінің сөзінен кейін «ауырып» қалған талайды білеміз. Бірақ Таласбек ағаның ең керемет қасиеті – жақсы шығарманы көр­генде үндемей қалуды қылмыс санайтын. Бәріміз сол кісідей ойлап, сол кісідей әрекет етсек, өнер мен әдебиетте әділет орнап, оның сапасы биіктер ме еді, кім білсін…

Ұлттың сапасы санаулылармен өлше­неді ғой. Таласбек, Әмірхан, кешегі Асқар­лар сияқты, ой алыптарымен өлшенеді. Сондықтан олардың күйі – «мемлекеттік маңызы бар іс» болу керек. Жоғарыда айттық қой, рух пен тексіздік тайталасында тексіздік тықсыртып барады. Ал мына қоғамның рух иелерін бағалайтын беті көрінбейді. Басқаны былай қойғанда, мысалы, Таласбек Әсемқұловтың үйіндегі жеңгеміз Зира Наурызбаеваны танымы терең, аса талантты мәдениеттанушы ре­тінде білеміз. Осындай екі бірдей талант иесінің бір шаңырақта тоғысқанына ылғи да таңырқап жүруші едік. Енді Зира жеңгеміз қорғансыз қалғандай елестейді. Таласбектің жары болғаны үшін емес, аса терең интеллект иесі болғандығы есепті, Зираның білім-білігі құйылар арнасын тапса екен дейсің.

Өліге айтар өкпе жоқ. Айналайын ті­рілер, құрығанда біз, ойлы адамның жал­ғыздығына жалғыздық жамай бергенше, азабын жеңілдетейікші…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.