Асқар Алтайдың «Кентавр» шығармасының тілдік ерекшеліктері 

3 ноября 2020

 

ТҮЙТЕ ЕЛДОС ЕРҒАЗЫҰЛЫ

 

1983 жылы туған, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығының мүшесі. 2005 жылы ҚарМУ-дың «Қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі» мамандығын тәмамдаған. 2005-2020 жылдары аталмыш университетте оқытушы, аға оқытушы, доцент, декан орынбасары, проректор, ректор аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. 

Негізгі зерттеу мәселелері: тіл білімінің теориялық мәселелері, тіл біліміндегі жаңа бағыттар. 1 ғылыми монография, 2 оқу құралы, 3 оқу-әдістемелік еңбек, 2 электрондық оқу құралы және 80-нен астам ғылыми мақаланың авторы. Ғылыми мақалалары алыс және жақын шетел – АҚШ, Ұлыбритания, Чехия, Польша, Болгария, Ресей, Қырғызстан басылымдарында жарияланған.

 

 

Қазіргі жазушылар шығармаларының бір ерекшелігі олар өзі өмір сүріп отырған дәуірдің келбетін көрсетіп қана қоймай, бұрын-соңды болмаған соны тілдік қолданыстарды да беріп отырады. Мәселен, жазушы Асқар Алтайдың «Кентавр» шығармасына тілдік тұрғыдан талдау жасап көрейік.

Шығарманың негізгі кейіпкері – Кентавр. Ол – ежелгі грек аңыздарында  кездесетін образ, яғни адам мен аттың қосындысы.

Шығармада осыған қатысты құлын-сәби, құлын-бала, құлын-ұл, құнан-жігіт, жылқы-жігіт, құнанұл сияқты тілдік қолданыстар кездеседі. Мысалы:

«Сол сәт жылқы жарғақты құлын-сәби жарқ ете қалды». «Торы түкті, тұлғалы құлын-баланың бойы үлкен кісідей еңселі еді, екі ауыз үйдің кіре берісі тарылып-ақ қалды», «Аққазы құлын-ұлының жүрексінбестен ұмтылғанына іштей сүйсініп, өзі де тебіне берді», «Құнан-жігіт өзіне-өзі сенбеді», «Аңыраған анасын сезінді ме, қимылсыз жатқан жылқы-жігіт тізесін бүгіп, кеседей тұяқтарымен қарды сиыра қимылдады», «Моншақ жеткен бойда құнан-ұлының басын құшып жығылды».

Бұлар мәтінаралық байланысты түзеді. Жыл сайынғы әрбір оқиға осы ұғымдар арқылы өрбіп отырады. Жазушы Кентаврдың өсу кезеңін осындай ұғымдар арқылы берген. Мұндай ұғымдар А.Алтайға дейін болмаған. Тілімізде тек осыған ұқсас «құлын-тай», «тай-құнан» сияқты жылқы малына қатысты тұрақтанған қос сөздер ғана бар.

Осыған орай автор қолданысында жылқы мен адамды сипаттауға қатысты «жылқы тұрпатты, адам тұлғалы», «құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап», «торы түкті, тұлғалы, бойы үлкен кісідей», «жылқы тұрқы мен адам тұлғасы», «жануар тәнді, адам ойлы», «адам жанды, хайуан тәнді» тәрізді қолданыстар молынан ұшырасады. Мысалы:

«Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де ширады». «Құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап, қозы-лақ қуалап асыр салды». «Торы түкті, тұлғалы құлын-баланың бойы үлкен кісідей еңселі еді, екі ауыз үйдің кіре берісі тарылып-ақ қалды». «Жылқы тұрқы мен адам тұлғасы толысып, алыптана түскен Басарыс бұл кезде үйге сыймай қалған еді». «Жануар тәнді, адам ойлы жұмбақ құбылыс қос аяқтай көкке шаншыла қарғыды». «Құнан-жігіт қандасы қарғи шапшып, сом тұяқтары Дулаттың төбесінде найзағайдай ойнап, адам жанды, хайуан тәнді ұлы денесі қиялай құлады».

Шығармада авторға тән тілдік қолданыстар да жиі ұшырасады. Мәселен тілге жатық емес қос сөздер баршылық. Олар: кіресілі-шығасылы, ебіл-себіл, қараң-құраң, мінгесіп-ұшқасып т.б. Мысалы:

«Жанымен қайғы болып, туыттан әлсіреп, есі кіресілі-шығасылы боп жатыр еді». «Төрт сирақты өзіңдей тұяқты емес, екі аяқты пенденің табаны тие бермес таулы өңірге әлдебіреулер қараң-құраң пайда болды». «Кенет аңырай жылаған әйел дауысы естілді. Биік басынан белуардан қар кешіп, ебіл-себіл жылап, етегін қасат астынан қылтиған қараған мен бүрген сыдырған жеңгесі де көрінді». «Үш шанаға мінгесіп-ұшқасып жүргендердің арасында Керім көкесі де жүр».

Жоғарыдағы кіресілі-шығасылы қос сөзі «кіріп-шығып» көсемше формасында келуі керек еді немесе ебіл-себіл жылап емес, әдеби тіл нормасына сай ағыл-тегіл жылап болып қолданылуы керек.

Сол сияқты шығармада соны теңеулер де кездеседі: құлжадай еркек, құралайдай әйел; жабуланған жылқыдай; жардай қарын; қи домалататын қара қоңыздай, өгіздің бүйрегіндей, тайдай аю, бөрідей аюлар т.б. Мысалы:

«Бірі – құлжадай еркек, бірі – құралайдай әйел». «Жарының жардай қарнын қос қолдап саумалаған Аққазы бір сәт тоқтап қалды». «Олар алыстағы аңғар аузына қи домалататын қара қоңыздай дөңкиген-дөңкиген қос қара көліктерін («Джип» маишнасы еді) қаңтарып, осы бір тушаша бақырған моторлы шаналарға мініп алысқан-ды». «Түске тарта бұлар өгіздің бүйрегіндей кесек бітімді Өкпетіге де ілікті». «Тап осы арадан Тарбағатайдың тайдай аюы шықпаса, мұрнымды кесіп берейін!». «Бойлары арлан бөрідей аюлар «аһ» ұра барып мерт болды».

Бұдан басқа автор тұрақтанған теңеулерді де орынды қолданады. Мәселен: мұздай су, таудың тасындай, бозторғайдың боздай үні т.с.с.

Шығармада топонимикалық атаулар көптеп кездеседі. Ол сол оқиғаның қай өңірде орын алғандығын сипаттайды. Мысалы: Өскемен, Семей, Дегелең, Тарбағатай, Аягөз, Алтай, Күршім, Марқакөл, Аршаты шатқалы т.б. Автор Тарбағатай тауын бірде тарлан тартқан кәрі кері десе, бірде қарт Тарбағатай деп көпті көрген қарияға теңейді.

Басқа елдердің де ерекшеліктерін көрсету мақсатында шетел жер-су, ақша т.б. атаулар да кездеседі: Сауд Арабиясы, Сібір, Аляска, Америка, доллар, америкалық индеецтер, аляскалық аю, Сібір аюы т.б.. Мысалы: «- Вася, – деді Дулат оған бұрыла қарап, – қазір анау Америкадан алып келген аляскалық аюдың дауысын қосамыз…». «Әйтпесе Сібір аюының дауысын Аляскадан іздетпей-ақ, өзім-ақ таптырып берер едім, — деп Керім көкесі тас үңгірдің қардан аршыла түскен аузын кеңіте, тереңдете берді». «Әттең! — Жезде, босқа налый бермеші! Сен ренжитін жөнің жоқ. Жазда ғана сұңқар басын бес жүз доллардан бағалап алмап па едім… — Олар қалай болды? — Тю-тю… Олар — Сауд Арабиясының «қымбат қонақтары», – деп Василий Дулат жауабын орап кетті». Бұл мысалдағы сұңқарды арабтарға сату ХХ ғасырдың 90-ншы жылдарында елімізде белең алған болатын. Арабтар сұңқармен теңізде балық аулап, қымбат бағалы тастарды жинайды. Сұңқар – арабтардың «қымбат қонағы» деген осыдан шыққан.

Автор тұрғылықты өзге ұлттардың да ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмайды. Семей мен Өскемен қалаларында тұратын орыс халқы өкілінің ерекшеліктерін былай сипаттайды:

«Сен де сақ бол!

— Мен дайымын, — деді Василий де қазақша қайырып.

— Өй, мынауыңның төбесі тесік қой, – деді Керім көкесі.

— Әрине, Семейдің орысы емес пе… Өскемендіктер ғой өгіз секілді «өлдім» демейтін».

Шығармада неологизмдер мен кәсіби терминдер де жоқ емес. Мысалы: УЗИ (ультрадыбыстық зерттеу), СТО (техникалық қызмет көрсету), моторлы шана, джип (шетел көлігінің маркасы), атом сынағы т.б.

«Ойға алған ісің оңға басатын ба? — СТО-ны ашуын аштым ғой, тап Сергиопольдің өзінен… бірақ машинасын жөндетушілер аз. Ақшалары жоқ, қоймен, малмен есептесейік дейді». Немесе:

«Құрсағыңда бала емес, аң мен құсқа ұқсас құбыжық жатыр» деп шошытып еді. «УЗИ» дегенге қайта-қайта түсіріп. «Бақылауға аламыз, босанғанша тірі пендеге тіс жармайсың! Ішің үлкен… Жарып алуымыз мүмкін» деп күшейген-ді».

Мылтықтың түрлері де барынша суреттелген: орыстың «бесатары», қосауыз «оналты», «отызекі», американдық шолақ бесатар, әмірқан бесатары . Мысалы:

«Жирен мұртты жігіт ағасы жылдам жетті. Қолында орыс бесатары», «Үйден қосауыз «он алтымен» жүгіре шыққан әкесі де ұлыма оқ тигізіп алармын деп, мылтық кезен алмады», «Ол адымдай келіп, Дулат балдызының әмірқан бесатарына жармасты», «Ол өзіне қарай адамша тік түрегеп, айқайлай адымдаған аюды американдық шолақ бесатармен тап кеудеден басып-басып қалды».

Автор дәстүрден де аттап кетпеген. Қазақ халқында балалы болмағанда Алладан медет тілеп, құран бағыштаған, әулиелердің басына түнеген. Осы жағдайды да назардан тыс қалдырмаған. Мысалы:

«Алладан мойындарына бұршақ салып нәрестелі болуды сұрады. Әулие Ырғызбай атаның басына түнеді. Ұлы Мұрын апасы мен Байыс бабаларының, Қабанбай батыр, Боранбай би, Қырықбай қажы мен өз ата-бабаларының аруағына бағыштап құрбан шалдырып құран оқытты. Алла алқады, аруақ қолдады!».

Сонымен қатар шығармада «қара терге жүзіп жатқан», «қызыл тер жауып кеткен», «көзі шекесінен шығып», «аял құрмады», «жон теріңді үгермін», «ат шалдырым жер», «ақысын берсеңіз, боқысын шығарасыз», «состиып тұрған тұлғасы» сияқты окказаналдық және авторлық қолданыстар да бар. Мысалы:

«Аққазы көкке жайған алақанымен жүзін сипағанда, қара терге жүзіп жатқан Моншақ шыр ете қалды», «Ақша жүзі нарттанып, қызыл тер жауып кеткен Моншақ ышқына ширығып, ыңырана булықты», «Туған қайнысы Керімғазы үйіне келіп тоқтады. «Ел құлағы – елу, мал құлағы – саңырау» деп, Аягөзде де аял құрмады», «- Тәйт, пәтшағар! О несі-ай! Жон теріңді үгермін…», «Өзгелер ат шалдырым жерге қалдырған шаналар қасында жүр еді», «Қолында алюминий қаңылтырдан жасалған жалпақ күрек. – Ақысын берсең, боқысын шығарамыз ғой…», «Дереу состиып тұрған тұлғасын иіп, тізерлей отырып, әйелінің әлі көтеріңкі құрсағын алақанымен басып, тарбиған саусақтарымен салалай саууға көшті».

Жоғарыдағы «аял құрмады» емес, аялдамады, тоқтамады, «жон теріңді үгермін» емес, жон теріңді тілермін, «ат шалдырым жер» емес, ат шаптырым жер болып қолданылуы керек еді.  Сол сияқты «Қанша бұлтарса да, жарадар жануар бұрын өзі көрмеген жұмбақ жанға тұтылды» деген сөйлемдегі «жарадар» сөзі «жаралы» болып қолданылуы керек.

Шығармаға стилистикалық айшық беріп тұрған қолданыстар да кездеседі.

Плеонастикалық қолданыс: өлі аруақ, долы ашу, заңғар биік. Мысалы:

«Бұл сұмдық дауыс апандағы ұйқылы-ояу аюды емес, ақымдағы өлі аруақты да атып тұрғызардай еді…», «Тап осы бір мезетті күткендей, бұл зор зобалаңға шыдай алмаған, екі құлағы тас бітіп, тек қос шырағы шырадай жанған, долы ашу кернеген Басарыс ақыра шапқан», «Қара жартасты, қалың ұшқатты қабырғалары заңғар биік боп біткен тар шатқалдың түпкіріне дендеген сайын, Басарыс та жауын баққан жыртқыштай, тасадан бой жасырып, қылта-қылтадан қыдия қарады».

Оксиморон. Мысалы: «Бұл сұмдық дауыс апандағы ұйқылы-ояу аюды емес, ақымдағы өлі аруақты да атып тұрғызардай еді…».

Эпитет: суық ой, қоңыр күз, қара күз, құлын бауыр, жап-жас ерлі-зайыпты, балапан шыбық, тұнық табиғат, тұшпара депутат т.б. Мысалы:

«Қара суықты қараша. Жалтаң қырға қара күз келіп, ықтасын тауға қоңыр күз түскен». «Бұл шақта Басарыс та қолымен сусоқты боз тал арасын аша, балапан шыбықтарды кеудесімен қаға кетіп, желіп бара жатқан», «Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды», «Үйдегі әлгі жиендерің «тұшпара депутат» деп тағы күлетін болды ғой», «Басарысқа тесіле көз тікпесе де, құлын бауырын көз қиығымен сүзіп өтті», «Ақыры жап-жас ерлі-зайыптылар: «Құбыжық болса да, іштен шыққан шұбар жылан болса да, өз перзентіміз!» деген арманмен келіп, түкпірлі тау ішіне жасырынған. Қайнысы Керімнің арқасында үйін де көтеріп, мал-жанын да жеткізіп алған-ды».

Қарама-қарсы мәнді қолданыстар (шендестіру) да кездеседі. Мысалы: «Мұңсыз мамыр туып, мұңлы құстар шулады», «Ақ қар мен қара тас жаныған тағалары бесін ауған күннің сәулесіне шағылып, жарқ-жұрқ қақты».

Ауызекі сөйлеу тіліне тән ерекшеліктер де бар. Мысалы:

«Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көріп еді… содан шошына тұрып кеткен» деген сөйлемдегі «шатын жару» тіркесі дөрекі мәнде жұмсалған болса, «– Давай жезде, тездет! Күн ауып барады… Жігіттерге айтсаңшы! — Жігіттерің сенің не білет? Қолдарын өзің секілді жылы суға малып жүргендер. Сенің Астанада депутат болғаныңнан, Алматыда балуан болғаның артық еді…» деген сөйлемдегі «давай» сөзі – варваризм, ал «не білет» ауызекі сөйленіске тән қолданыс болып табылады.

Қорыта келгенде, Асқар Алтайдың «Кентавр» шығармасының тілдік ерекшеліктеріне аңыз негізіне арқау болған кентавр бейнесінің негізінде жасалған тілдік тұлғаларды, автордың өзіндік қолданыстарын, сонымен қатар, қазіргі уақыттағы заман бейнесін суреттейтін сөздерді жатқызуымызға болады.

 

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика