Бауыржан Ерман: «Жақсы қыз неге бояусыз? Сұлу қыз неге боянды?»

Бауыржан Ерман Мейірханұлы 1998 жылы 22 наурыз күні қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Отырар ауылында дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, филология факультетінің студенті. Республикалық, аймақтық жыр мүшайраларының жүлдегері. «Дүниеге келер әлі талай Қасым» мүшайрасының жеңімпазы. Өлең топтамалары Республикалық «Қасым», «Қазығұрт» әдеби журналдарында жарық көрген.

 

 

 

 

Жалғыз адам

Өңімде: өртенемін сезім лаулап,
Тоңдырды суық тағы.
Сені аңсаймын
бірнеше айға жуықтады.

Басталар үсік енді,
Періште кісі реңді
дидарың түсіме енді:

«Сен менен бір-ақ қадам алыс тұрдың,
Сен де мендей жоя алмай күдігіңді.
Мен де сендей тым ұзақ салыстырдым
өткен мен бүгінімді.

Біздерді ұмытса ғой мына ғалам!
Сосын, ешкім айтпаса өсектерін.
Ешкім де еміреніп сұрамаған
Екпесе біздің баққа көшеттерін…

Татпас едік өкініш жемістерін,
Күтпес едік көктемнің келіскенін.
Содан ғой, содан!
Білем!
Осы күні
жүрегімнің төр жағы кеміс менің…»

Түнімнің бір бұрышын мекен етіп,
Менің жырым осылай тербелетін.
Өңімдегі рас еді, ал түсімнің
Көпшілігі өмірде кері келетін.

Мен жазған өлеңдегі «Қар қыз» – адам,
Мен сүрген өмірдегі «Бал қыз» – адам.
Түсінсең, сырым осы
Өңім мен түсімдегі жалғыз адам.

Күз бен Сіз

Жолымнан кенет шығардай біреу көлденең,
Өзінен-өзі өрекпи берді өр денем.
Бітпейтіндердің бәріне қолды бір сілтеп
Көшеге қарай жүгіріп шықтым бөлмеден.

Мына бір сойқан апарады екен қайда ұшқын?
Өзіңді іздеп айналдым Күнді, Айға астым.
Әлемнің бәрін қопарып таппай қойған қыз
Сезгендей мені, қасыма келіп жайғастың.

Жаратылысқа жасырынғандай жан емі,
Солғындау екен күздің де сендей сәлемі.
Сан ғашықтардың сырына куә бақ іші,
Алқызыл түсті орамалы да әдемі!

Төбемнен келіп соққандай мені жасын бір,
Тамырым толқып, тағы да жүрек тасынды.
Даланың түгел ғажайыптарын жыйып ап,
Сән құрыпсың ғой, сарыға бояп шашыңды.

Қазақтың қызы қайғы көруге тиіс пе?..
Қара көздім-ау, толтыра берме күй ішке.
Қабағыңды ашып, қарашы маған күлімдеп,
Осы гүл саған, мейірің қанып бір иіске.

Нөсерден мынау ағаштар бізді бүркесін,
Барайық сосын көруге «Күздің жыр кешін».
Қолыңды берші.
Тырнағың көркем.
Мен тартқан
жабыстырғандай гладиолус күлтесін.

Даланың бәрі қызарғанындай сұр беттің,
Шоқтарын күздің кетті екен тағы үрлеп кім?
Үзіле алмаған жапырақтайын бұтақтан
Сызылуыңды-ай, құрметтім!

Махаббат

Махаббат неге баянсыз?
Махаббат неге баянды ?
Жақсы қыз неге бояусыз?
Сұлу қыз неге боянды?

Махаббат неге әдемі ?
Махаббат неге көріксіз?
Шын ғашық жанның әлемі
Түсетін отқа еріксіз…

Махаббат неге тым биік?
Махаббат неге аласа?
«Сүйеді екен» деп жүреміз,
Күлімдеп біреу қараса.

Махаббат неге ақылсыз?
Махаббат неге ақылды?
Бітердей бәрі бақырсыз
Ар неге нанға сатылды?

Махаббат неге мейірсіз?
Махаббат неге қайырлы?
Сынайсыз әйтеу кейін сіз
Шашасы шаңсыз шайырды.

Махаббат неге тым ұзақ?
Махаббат неге келтелеу?
Кешіксең қапы қаласың,
Бастауға әркез ертелеу.

Махаббат неге үзіксіз?
Махаббат неге көңілсіз?
Сезімсіз өмір қызықсыз,
Көктемес көңіл өмірсіз.

Махаббат неге тұп-тұнық?
Айдыны неге лайланған?
Босағасынан құт құрып,
Батпандай бір сор байланған.

Махаббат неге жауапты?
Махаббат неге жауапсыз?
Кімдерге берген сауапты?
Білмейсің еш кез, сауатсыз.

Махаббат неге алаңсыз?
Махаббат неге тынымсыз?
Махаббат болмас адамсыз,
Адамға берген ұғымсыз.

Махаббат неге алыста?
Махаббат неге жүректе?
Сезімсіз жанмен таныспа,
Бейтаныс жанға гүл екпе.

Махаббат неге көл-көсір ?
Махаббат неге татымақ?!
Құшақтап кетпе көрге сыр,
Жайып сал бәрін, ақымақ!

Мариан – Эверест

Мылқау дердей кезіккен керең мені,
Сыртқы әлемге сырқатым еленбеді.
Қарама-қайшылықта жаратылған
Айқасады тылсымдар тереңдегі.

Қарызымды өтермін өлім үшін,
Парызымды көтердім өмір үшін.
Жанымдағы жандарға неге сонда
Жасағанда бөтенмін көңіл ісін?

Сырғып өткен сәттерден былғанышты
Жыр қып өпкен дәптерде сыр қалысты.
Күтейін, деп бір досым талқандайды
Бітейін деп мәреде тұрған істі.

Жарым жанды жүрекке жар қайсың бар?
Айтылады жан-жақтан талмай сындар.
Бұлар мені тартады шың басына
Олай мені тұқырта алмайсыңдар.

Сан сойқанның терісін шұлық қылған,
Даналықты іздегем шұрық қырдан.
Бабамыздың бабасы Фарабидің
Фәлсапасы биікке құнықтырған.

Жолын білем қайғыға қамықпаудың,
Жөнін білем қыранша қалықтаудың.
Шен-бағасы парықсыз дейді біреу
Бел баласы боламын алып таудың.

Болмағанмын баланың қағілезі,
Пенде бар ма жасайтын әмір өзі?
Қуғаныңды қой енді кей ғаламзат
Туғанымды қалаған Тәңір өзі.

Бір қыз бар еді

Қарақшылар көзіне көрінбеген,
Ойы пәк, ақ-қараға бөлінбеген.

Жанары жамандыққа тоқтамаған,
Бәрібір өзгелердің жоқ-бары оған.

Ұлпадай нәзіктіктен жаратылған,
Жаратылыс ішінде дара туған.

Дидары Ай секілді, Күн көрмеген,
Бетіне опа жағып үлгермеген.

Шырмауына талай ер оратылған,
Ақпейіл, адал жанға бола туған.

Аруларға ұқсайтын бұрындағы,
Ән шырқайтын шашбауы бұрымдағы.

Нұрын шашқан сәуледей түнектегі,
Қардан ба деп ойлайсың білектері.

Бас айналып, балқисың, ырғатыла,
Таңдай қағып қарайсың сымбатына…

…Бір күні: сезім ұшып әлпетінен ,
Жанына барғым келіп жарқ етіп ем.

«Біреу ұнап қалмасын көңіліне,
Тіреу болып тұрсам «, деп өміріне.

Қалайша болмай қалар жан арманың,
Бақыт салып қарадым жанарға мың..!

Қарындас, әдемісіз дедім дағы:
«Болыңыз жүрегімнің менің бағы!»

Жұматайдың махаббат жыры сынды,
Бір тізем жерге тиіп гүл ұсындым.

Ләм-мим деп үн шықпады таңдайынан,
Амал жоқ, иіскедім маңдайынан.

Ұялып 1002 рет қиылғаны,
Бізге бір тағдыр болды бұйырғаны.

Содан бері сан уақыт өте берді,
Оятпасы бар ма еді көкем енді?!

Кейіпкері, сценарий, түсі бөтен,
Бұл менің ең ерекше түсім екен.

Соған налып, ұйқысыз таңды атырам.
Түске қарай хат келді Алматыдан,

Жанымды ұғынатын керім ағам:
«Армандар алдамайды!», — деді маған.