БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: СОҒЫСТА БЕЛГІЛІ БАТЫРЛАРДАН БЕЛГІСІЗ БАТЫРЛАР КӨП

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының рухани жан-дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның Бауыржанымын», «Мен қазақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, талғампаз жұртшылығымыздан жоғары баға алғаны мәлім. Бүгін танымал жазушымыз, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайды сексен жасқа толу құрметімен құттықтап, оқырман назарына оның Баукең туралы соңғы жазғандарын ұсынып отырмыз.

Кейін қарай жатпай, жалдана көтерілген Баукеңнің селдір, бұрыл шашы, қасқалана түскен кең, жазық маңдайы, солғын тартқан аясы үлкен отты жанары,пышақ жанығандай суалған жағы, әжім шимайлаған ақсұр жүзі, етек-жеңі сәл жалпайыңқыраған жоталы қыр мұрны, қолдарының сыртындағы адырайған көгілдір тамырлары көзге тым қораш көрінеді. Өрмекші-кәрілік: «Торыма түстің бе? Мықты болсаң, енді құтылып көр!», – деп өктемдік сыңай танытып, сес көрсеткендей.

Ішкі жан-дүнием әлем-жәлем. «Шіркін, Баукеңді жасартар құдірет-күш қолымда болар ма еді,болса, аянып қалмас едім-ау» деген ойға берілгенімді сезгендей:

– Ұнжырғаң түспесін, көтер басыңды! – деп Баукең қатты айқайлап жіберді. Мұны күтпеген мен селк ете қалып, есімді тез жинадым.Баукеңнің өжет мінезі, өр рухы мені байсалды қалпыма қайта түсірді.

– Сұрағым бар еді, – дедім қолай­сыздықты жуып-шайғым келіп.

– Сұрағың болса, қысылма.

– 1942 жылы әскери «Красная звезда» газетінің редакторы сізді шақырып, сөйлескен екен. Сол жөнінде айтып берсеңіз?

– Алғы шепке 1942 жылы әскери тілші Александр Кривицкий келді, – деп Баукең сұсты күйге енді.

– Мен оның сұрақтарына жауап беріп отырып:

– Сіз неге қазбалай бересіз?! – деппін ғой. Көзі бақырайып, таңқалды. Ішінен: «Мынау жауынгерлерін жақсы білмейді. Мұны полк командирі еткен кім?», – деп ойласа керек. Соны сезіп мен:

– Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп, – деп едім, басын изей, қуана құптады. Кейін сол сөзімді «Красная звезда» газетіне өзгертпей жазды.

…Жараланып Мәскеудің госпиталында емделдім. Бірер күн Совет Армиясы орталық қонақүйінде тұрдым. Кривицкий төбе көрсетті.

– Сізді редакторымыз редакцияға ертіп кел деп мені жіберді, – деді жымиып.

– Е, жарайды, – деп келістім. Редактор ірі денелі кісі екен. Орнынан тұрып, қарсы жүріп келіп маған қолын ұсынды. Бетінің бір жағы қал секілді қып-қызыл.

– Жолдас полковник, мен сізді көргеніме қуаныштымын.

Бұрын бетінде дағы барларды кездестіргем. Мұндай бір жағы тұтас қалы бар адамды кездестірген емеспін. Таңқалып қарағанымды байқаса керек:

– Анам мені осылай туды, енді қайтем? – деді.

Түсінген кісіге бұл оның «менің мынау бетімнен сескеніп қалдыңыз ғой» деген сөзі ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттім. Өзі ақылды кісі болу керек, менің мұныма да ыңғайсызданып қалды. Столының тартпасын ашып, «Қазбек» папиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сіріңкенің де тапшы кезі.

Орнынан тұрды, мен де тұрдым. Қалтасынан оттығын алып, алдымен өзінің папиросын, одан кейін менің папиросымды тұтатты.

Мен бұл қылығына да таңқалған болуым керек. Жымиып күлді де:

– Қазір бізде бензин таза емес, – деді. – Бірінші тұтанған кезде исі жаман болады, сәл өте құриды. Соны сіз сезбесін деп алдымен өзімнің папиросымды тұтаттым.

– Рахмет, жолдас генерал-майор.

Кривицкий есік жақта түрегеп, дірілдеп тұр. Генерал-майор қоңырау басты.

– Сізді тыңдауға әзірмін, – деп бір майор ішке енді.

– Буфетші әйелге айтыңыз, бізге екі стакан қара кофе, төрт печенье әкелсін. Полковникпен кофе іше отырып әңгімелеспекпін.

Кривицкий сезімтал, генерал-майордың әлгі сөзін: «Сен бара бер, екеуіміз ғана әңгімелесуіміз керек, кедергі жасама» дегені деп түсініп, кетуге рұқсат сұрады.

– Маған келетін кісілер бар еді.

– Иә, барыңыз. Сіздің жұмысыңыз көп қой.

Ол бұрылып шығып кетті. Темекі тартып отырмыз. Бір сұлу даяшы қатын подноспен екі стакан кофе, төрт печенье әкеп қойды. Сызыла қарап:

– Тағы қандай тағамға зауқыңыз соғады? – деді.

– Рахмет, осы жетеді.

Есік жабылғаннан кейін ішке майор енді.

– Полковникпен әңгімеміз аяқталғанша ешкім көңілімізді бөлмесін. Үкімет пен майданнан соғылған телефоннан басқа ешкіммен мені қоспаңыз.

– Құп болады.

Шифоньердің жартысындай үлкен сейфі бар екен. Жазу столының тартпа­сынан кілт алып, сейфті ашты да, бір шөлмек коньяк, екі рюмке алды.

– Жолдас полковник, кездескеніміз үшін.

Рюмке соғыстырып, кофе іше бастадық. Өзі асықпай қимылдайды екен. Біраз ойланып отырып:

– Менің сізге сұрағым бар. Біздің тілшіміз Александр Кривицкий сіздің полкіңізде болып, жақсы мақала жазып келді. Оқыған шығарсыз? Ұнағандықтан көлемін қысқартпай, газетіміздің бір бетіне тұтас жарияладық.

– Иә, оны оқыдым.

– Сіз осында дегенді естігеннен кейін көріп, әңгімелескім, Панфиловпен қалай танысқаныңызды білгім келді. Ол кісінің әскери ерлігі мәлім болды ғой. Ол өз алдына, әрине.

Панфиловтан мен бір-ақ жас кіші екенмін. Марқұм қайтыс болды ғой. Сіз қазақсыз. Панфиловпен соғыста ғана кездестіңіз, қарамағында аз уақыт қана болдыңыз. Осы аз уақыт ішінде ол кісіні қалайша түсініп, қалайша ол кісінің барлық мінез-құлқын, ойларын есіңізде сақтағансыз? Мен соған таңғалам. Иван Васильевичпен кездесулеріңіз эпизодтық кездесулер ғана. Үнемі қасында жүрген жоқсыз әрі соғыстан бұрын ол кісінің қарамағында болған емессіз. Солай ғой?

– Иә.

– Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға беріледі. Менің таңданатын себебім сол.

– Жолдас генерал-майор, Иван Васильевич қарапайым кісі еді. Ол өзінің осы қарапайымдылығы, адалдығы арқасында адамдарды өзіне баурай білді. Оның үлкен өмір мектебі болды. Ол қарапайым халық арасынан шықты.

– Иә, бірақ әскери академияда білім ала алған жоқ қой?

– Ол кісінің әскери академиясы – өмір мектебі, – деп едім, генерал-майор ұзақ ойланып:

– Ол рас, – деді басын шайқап. – Өкінішке қарай, біздің көбіміз өмірден үйрене білмейміз деп күрсінді. Күрсінді де, солардың бірі мен өзім деді.

Баукең жадырай күлді.

– Иван Васильевичтің ерлігі қызғанарлық та қызығарлық ерлік! Соғыста қаза тапқан басқа генералдарымыз аз ба? Алайда, солардың арасында Иван Васильевичтің даңқы майданды қақ жарып шықты.

– Жолдас полковник, сізге мың бір алғыс. Иван Васильевичтің қолбасылық бейнесін жақсы жасадыңыз. Алғашқы ұрысқа енген сәтіңіз есіңізде ме?

– Әлбетте, есімде. Командирлеріммен әңгіме өткіздім. Ең алдымен, 1812 жылғы Ұлы Отан соғысына, Наполеон Бонапарттың жауынгерлеріне, «Орыстар кеше сіздердің алдарыңызда қарсылық көрсете алмай қашты. Бірен-саран жараланғандарымызды құтқарамыз деп шегінбеңдер. Шегіну Француз халқына ыңғайсыз», – деп жігерлендіргеніне, Михаил Илларионович Кутузовтың: «Менің қымбатты отандастарым, қымбатты ерлерім! Орыстың өткір найзасымен Наполеонды келген жағына лақтырып тастауымыз керек», – деп жауынгерлерінің жігерін жанығанына тоқталдым.

Александр патша майдан даласына нөкерлерімен келіп:

– Михаил Илларионович, ұрысты неге бастамайсың? – дегенде, Кутузов:

– Тақсыр, біз әскери шеру өткізуге жиналған жоқпыз. Барлық полктің майдан шебіне жетіп үлгеруін күтудеміз, – деп «оқ алса, мені алсын» дегендей, жау әскеріне қарама-қарсы жасақталған саптың ең алдында қасқайып тұрады. Кенет атыс басталып, ол көзінен жараланады. Александр патша нөкерімен қашып кетеді.

Мәскеуде әскери кеңес өтіп, Александр патша:

– Михаил Илларионович, сен шегіне бересің? Наполеонды жеңесің бе? – дегенде, Кутузов:

– Құдай сақтасын, жеңу қайда? Мен оны алдауын алдаймын, аттың етін жегізем. Қалай алданғанын, Ресей біздің жанымыз екенін өмірі ұмытпайтын болады, – деп Кутузов Москваны Наполеонға соғыссыз беретінін мәлімдейді. Александр патша:

– Сен Ресейге қарсысың, Наполеонның шпионысың. Бородина майданында әдейі жеңілдің, – деп ашуланғанда, Кутузов екі қолын көкке көтеріп:

– Кімнің шпион, кімнің Ресейге қарсы екенін Құдай ғана біледі, басқа ешкім білмейді, – деп жылайды. Кутузовтың: «Потери Москвы не потерии России», – деген сөзінен кейін Москваға Наполеонның соғыссыз енуіне мүмкіндік жасалады. Франциядан келетін азық-түлік жолын партизандар кесіп тастайды. Наполеон жауынгерлері ашығады, жейтін ештеңе таба алмай қарғаны атып жеуге көшеді.

– Біз екі жағымыз да ұрыстан титықтадық, бейбіт келісімге келейік, – деп Наполеон Кутузовқа елшісін жібереді. Кутузов:

– Сіздер титықтасаңыздар, біз әлі ұрысты бастаған жоқпыз, – деп жауап қатады. Наполеон шошып кетіп: «Ойбай, мына шалдың түрі жаман. Түгел қырылмай тұрғанда Франциямызға жетейік», – деп Москваны тастап қашады.

Командирлеріме осы жағдайларды айтып, біздің айла-әдісіміз, тәжірибеміз мол. Бәрімізді Михаил Илларионович Куту­­зовтың, батыр ата-бабаларымыздың рухы қолдасын, – деп алғашқы ұрысты бастағанмын.

– Енді соғыс туралы ойыңызды білсем деймін.

– Соғыс деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген осындайда ғана көрінеді. Қорқыныш жоқ жерде әркім батырсынып, аузымен орақ орып, көкірегін кере береді. Мен өзім бетпе-бет ұрыстың офицерімін. Сын сағатында жанын шүберекке түйіп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар соңындағыларды қырғын соғыстың отына магниттей тартады. Себебі, басқалар «мен одан кеммін бе?» деп өкшелей жүгіреді. Кейбірі қуып жетіп, әрі-беріден кейін озып кетеді.

Бейбіт өмірдегі адам мінез-құлқынан бетпе-бет ұрыстағы жауынгер мінез-құлқының айырмасы жер мен көктей. Біз орнынан кімнің бұрын, кімнің соңынан көтерілгенін білмейміз. Алдыңда, қасыңда кім, есіңде жоқ. Әркім өз міндетін орындау үшін арпалысады.

Меніңше, бетпе-бет ұрыста жауын­гердің үш түрі байқалады. Бірі жараланады, бірі өліп, бірі бәрінен озып, алға кетеді. Олардың жағдайын ұрыс кезінде анықтау мүмкін емес. Әрі-беріден кейін кімнің қалай құлағанын, қалай жараланғанын біз толығымен білмейміз. Оны түсіріп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау оққа ұшып, анау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкімді кездестірмейсің. Қайталап айтайын, жолдас генерал-майор, майданның алғы шебіндегі қызу шайқас, қызу бетпе-бет ұрыста кімнің қалай өлгенін де білу қиын.

Алғы шептегі жан беріп, жан алысқан шайқаста солдаттың бас командирі – азаматтық сезім, парыз. Оны шабуылға бастайтын құдірет – сол. Менің тәжіри­бемше, көрген-білгенімше, соғыста шабуылға шыққандардан гөрі тығылып қалғандар көп өлді. Бізді жеңіске жеткізген олар емес, шабуылға шығып, ерлік жасаған аруақты ерлер. Қорыта айтсам, алғы шеп маған: «Тәуекелсіз – ерлік жоқ, азамат жолы – ар жолы», – деген ой сыйлады.

– Бетпе-бет ұрысты тамаша суреттеп, көз алдыма жанды елестеттіңіз. Сізге тағы да алғыс айтам, жолдас полковник. Келесі сұрағым, Гитлер туралы қандай ойдасыз?

– Кейбір сықақшыларымыз сықақтап жүргеніндей ол осал жау емес. Осал жау болса, қырғынға ұшырап, Москва іргесіне дейін шегінеміз бе?

Оның ең үлкен бір қателігі – Совет Одағы қырық құрамадан құралған, ынтымақ-бірлігі қағаз жүзінде ғана. Мен шабуылды бастасам, бәрі бытшыты шығып, бас сауғалау қамымен маған бағынады деп есептеді. Олардың Отанына берілгендігін білмеді. Менің ата-бабамның: «Жабылып кетсе құмырсқалар, арыстан терісін сыпырып алар» деген ескертпесін ескермеді. Оның «Моя борьба» дегенінен басқа кітабы жоқ. Мұндай адамға Кеңес үкіметінің күш-қуатын, рухын білу қиын, мүмкін емес.

– Одақтастарымыз туралы не айтасыз?

– Саясаткерлер қалай десе, олай десін, Сталинсіз жеңіске жету мүмкін емес екенін Американың президенті, екі аяғы жоқ, данышпан Рузвельт дұрыс пайымдап, «социализм жүйесін жақсы көрмегеніммен, Сталиннің қабілетіне бас ием» дей келіп, кежегесі кері тартқан Англия премьер-министрі Черчилльді өз қатарына қосып алды. Бұл – қуанарлық жағдай.

Ішке майор енді.

– Жолдас генерал-майор, сізді Сталин сұрайды.

– Қап,әзірше қош-сау болыңыз, жолдас полковник.

Мен қоштасып, тысқа шықтым.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.
Дереккөз: Almaty-akshamy.kz