Емберген Омаров: «Әкем мен анам көңілімнің төрінде»

Басы
1Көмекші хатшыға ескертіп қойған, есік жақ тыныш.Қайталап ысытып әкелген көк шайдан бірер ұрттап, ептеп демігімізді бастық.
М.О. -Әкем мен анам туған топырақ туралы айтқанда, Қоянды жәрмеңкесі туралы айтпай кеткенім жөн болмас. Өйткені бұл да тарихымыздың әйгілі бір беті. Кезінде Орталық Қазақстанда өткізіліп тұрған (1848—1930) ең ірі маусымдық сауда орны болған жер ғой бұл. Алғашында оның аумағы 2 шаршы шақырымды құраса, кейіннен ұлғая келе, осындағы Талды даласы түгелдей қайнаған қызу сауда алаңына айналған.
Жәрмеңкенің дәл осы жерде ашылуына Қытайдан Қызылжарға баратын кө­пестердің жол үсті болған­дығы әсер еткен. Оның негізін қалаушы Ялуторлық көпес Ботов еді.
1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқар­масы Қоянды же­рін­де жыл сайын 15 мау­сымнан 15 шілдеге дейін жәр­меңке ұйымдас­тыруды бекіткен. 1876 жылы мұнда он алты дүкен, 120 киіз үй болған. 1889 жылы телеграф тартылып, 1894 жылы банк бөлімшесі ашылған. 1900 жылы 30 дүкен, 276 балаған, 707 киіз үй орналасқан сауда нүкте­лері 55 шаршы шақырым жерді алып жатқан.
Жәрмеңкедегі негізгі сауда — төрт түлік мал, оның ішінде қой саудасы басты табыс көзі болған. Осындай жергілікті мал және мал өнімдеріне батыс Қытай, Моңғолия, Үндістан, Батыс Сібір, орталық Ресей саудагерлері өз жерінен қолданыстағы сауда бұйымдарын айырбасқа салған. Осыдан-ақ Қоянды жәрмеңкесінің халықаралық маңызы өте зор болғаны көрінеді.
Жәрмеңке қазақ даласының алғашқы сауда элитасын қалыптастырған.
Ұлттық өнеріміздің жаңаша түрленуіне жол ашқан мектеп болған. Қазақ халқының атақты әншісі, сырнайшы Майра Уәлиқызы көпшілікке алғаш осы жерде танылған. Қалибек Қуанышбаев көп күнге созылған жәрмеңкенің талай кештерінде дауысын бірде бала, бірде кемпір, бірде шал қылып құбылтып, ойынымен жұртты қызықтырып, атын бүкіл қазаққа әйгілі еткен. Кейін қазақ өнерінің шоқ жұлдызы атанған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Әбдінің Омары, Иса Байзақов, күш атасы Қажымұқан, Балуан Шолақ, әнші – сазгер Иманжүсіп, ұлы ақын Абай сияқты атақтыларды халыққа кеңінен танытқан да «Қоянды жәрмеңкесі» еді. Осылайша Арқа төсінде 82 жыл бойы дүрілдеп тұрған Қоянды жәрмеңкесі большевиктердің солақай шешімімен үлкен нәубет алдында 1930 жылы біржолата жабылған.
Ө. А. -Кейбір құрылыстарының қаңқиған қабырғаларын, ыбырсып үйінді боп жатқан орындарын әнебір жылдары мен де көрген едім. Колхоз басшылары қолда барды дұрыс ұқсата алмаған ғой деп ойлағам.
М.О. -Әрине, шаруасын дұрыс жүргізсе ондай үкімет құлар ма еді, құлады ғой… Ал негізі әкемнің кіндік қаны тамған жер осы Қоянды, Талды өңірі. Менің ардақты да асыл анам Күлшәкәр да осы құтты аймақта туып-өскен. Біздің әулеттің, оның ішінде әкем мен шешем бойындағы өнер мен білімге құштарлық, Қоянды Жәрмеңкесі әсерімен де қалыптасқан болар деп топшылаймын. Сондықтан әке-шешем туралы, олардың өмір сүрген уақыты мен ортасы туралы ойларымды әрі қарай өзара тұтас бірлікте қарастырып, өрбіткім келеді.
Менің анам Күлшәкәр Боранбайқызы 1925 жылы туған, ол кісі, менің түсінігімде, ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешті. Бақытты болуының себептері көп: жаппай аштық қырғынынан аман қалды, соғыс жылдарының өртінен де аман өтті, отбасын қүрды, балаларын ер жеткізді, немерелерін көрді, әлдиледі, мейірімін төкті. Мұның бәрі қарапайым пенде басына бақыт емей немене? Десем де анам өмірін біріне бірі жалғасқан тұтас мереке болды деп те айта алмаймын. Өйткені оның өмірі, көп жағдайда, қайтсек те тірі қап, өсіп-өнсек деген адами ұлы мақсатқа байланған бесбатпан аса ауыр еңбек еді. Өз ортамда басқаға үлгі болсам деген үздіксіз талпыныс еді.
Мен ержете бастағанда, анам айтқан әңгімелерден білгенім, әкесі Боранбай, руы Шақабай, орташа бай болған кісі екен. Өз ортасында инабатты ізгі мінезімен, жоғары мәдениетімен танылған, қадір-құрметке бөленген, хат тани білген. Төңірегіне билік сөзін айтқан. Өкінішке қарай, 1929 жылы төтеннен келген нәубет кезінде Боранбайдың да бар малын кәмпескелеп тартып алады. Қоянды жәрмеңкесі өтетін жерге шұбыртып айдап апарып тастайды. Жоғарыда Қоянды жәрмеңкесінің қысқаша тарихын мен жайдан-жай еске алғам жоқ. Бұрын қандай болған еді, большевиктердің «көрегендігі» арқасында енді қандай күйге тап болғанын осы жазбаларды оқыған үлкен-кіші білсін деп еске алдым. Иә, жәрмеңке тарқаған, ел кеткен, қора деген аты болмаса ашық аспан асты ғой. Мал тұяғымен жердің шаңы шығып кеткен, азыққа деп жиналған шөп жоқ. Жұт жеті ағайынды демей ме, қырсық қылғандай сол жылы қыста қар қалың түсіп, артынан саршұнақ аязы келіп қысады. Аузына шөп тістемей бүйірі қабысып аш тұрған даладағы бар мал үсіп өледі.
Жалпы жиырмасыншы жылдардың аяғына таман ел ішіндегі жағдай қатты шиелінісе бастаған еді. Себебі, адамдар көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа ауысуға ықыласты бола қоймады. Қалай ғана ықыласты болады? Отырықшылық дегеніміз күн көріс тіршіліктің мүлде басқа жолы ғой. Ал оған дайындық жасалды ма? Жоқ. Шындығында біртіндеп, кезең-кезеңмен отырықшылыққа көшуге негіз жоқ емес еді. Айталық, бұл кезде жайылымдық жерлер тарыла бастаған болатын. Жайылымдық жерлерсіз малды ұстау да, оны өсіру де қиын. Мәселе шешімнің солақайлығында болды. Совет өкіметі Қазақстанда Голощекин мырзаның «көрегендігімен» ешқандай алдын-ала дайындықсыз коллективтендіру шараларына дереу кірісіп кетті. Алдында ғана елді индустрияландыру жүргізілген, енді міне, ұжымға біріктіру ұранымен көшпелі қазақ қолындағы басты байлығы, күн көрісінің жалғыз көзі — бар малын тартып алды.
Менің шешем сол кезде тым жас болғанына қарамастан бір сұмдық істің басталғанын сезеді. Енді қалай? Елде жейтін тамақ жоқ, адамдар жаппай аштыққа ұрынып жатыр. Айтуға ауыз бармаса да, шындықтан қашып құтыла алмайсың, анам айтқан әңгіме еді, жадымда мықтап қалыпты. Сол бір зұлмат күндерде анамның қазы-қарта жеп, қымыз сапырып ішіп отырған әкесі, жаратып ат мініп, ауыл-ауыл арасында серуендеп қыдырып жүретін бауырлары аштан өледі. Не істерін білмей тығырыққа тіреліп, жаны әбден қысылғанда шешесі Қалиман апай өзінің жақын туыстарының біріне қолқа салады. Нақтырақ айтсам, Жаркеев Рымбекке, Қорғалжың ауданында милиция бастығы боп істейді екен, соған. Күлшәкәрді алып кет дейді. Қалай да әйтеуір жаны қалсын дегені ғой. Анашымның 1927 жылы туған кішкентай інісі, жақын төңірегі еркелетіп өзін Балтай дейді екен, шын аты Мұхамедияр, ауылда жылап жалғыз қалады.
Қорғалжыңдағы милиция ағасының қолына келген Күлшәкәр ол жерде бір күн маза таппайды, інісін ойлап жылай береді. Інімді сағындым, көргім келеді, апар да апар деп милиция ағасына күнде жалынады. Ақыры көндіреді. Рымбек азаматтық ірі мінез көрсетіп, Күлшәкәр қарындасын ертіп кеп, оның ауылда қалған бауырын да Қорғалжыңға алып кетеді.
Бұлар ауылға келгенде, бір қауіпті оқиғаның үстінен түседі. Жаппай аштық қырғынынан кейін ауылда жөнді естияр жан қалмаған, әйелдер кішкентай Балтайға сиыр табынын баққызып қойған екен. Ол тым кішкентай болғандықтан, өгізден құлап қалмас үшін, жан-жағынан арқанмен шандып байлап қояды екен. Өгіз бірдеңеден үркіп тулап, құлатып кеткен бе, ауылға сиыр келсе, Балтай жоқ. Адамдар мал жайылған жаққа қарай шұбырып Балтайды іздейді. Інісін көрсем деп сағынып келген Күлшәкәр осы қарбаластың үстінен дөп түседі. Із кесушілерге шырылдап ол да қосыла кетеді. Құлағына Алла сыбырлады ма, бауыр еті сездірді ме, ауыл жабыла іздеп таппаған баланы, әйтеуір, жолы болып Күлшәкәр тауып алады. Жеті-сегіз жастағы бала ғой, Балтай өгіз үстінде қалғып кетіп, өгізі үркіп, құлап кеткен болу керек. Қатты жерге құлап есінен танған, ұзақ жатқан. Шөлдеген, қарны ашқан. Тұрып кетуге әл жоқ. Оны осындай пұшайман жағдайда Күлшәкәр шөп арасынан тауып алады. Бауырын тура келген бір ажалдан құтқарып, өзімен бірге Қорғалжыңға алып кетеді.
Әрине, мен ол уақытты көргем жоқ, білетінім, шешемнен естігендерім. Әкем соғыстан жараланып, емделіп, қатарға қосылу үшін уақытша елге келгенде, әкемнің анасы, менің әжем Зылиха «балам соғысқа тағы алынса, бұ жолы одан енді аман қайта ма, қайтпай ма, ең болмаса тұқым қалсын» деп, баласына ауылдан қалыңдық іздейді. Қолындағы бар байлығы сүті бұлақтай жалғыз ешкісі, соны тартыншақтап бақылдағанына қарамай, жетегіне алып, күштеп сүйреп бүкіл ауылды аралап шығады. Қызын беруге келіскен үйге қалыңмал есебіне жалғыз ешкімді қалдырып кетемін дейді. Кәмпескеде малынан, аштықта адамынан айрылған жүдеу ауылда сүтті ешкі керемет мол байлық. Алайда қанша қызыққанмен ешкім келіспейді. Ұлын соғысқа қайта алып кетсе, қызымыз жесір қалады деп қорқады бәрі де.
Осындай алмағайып түсініксіз жағдайда менің анам әкемізді тұңғыш рет көреді. Сол сәтте-ақ араларында лап етіп махббат оты тұтана кеткенін сезеді. Әрине, басқадай бүке-шікесін мен онша білмеймін, ондай аса құпияларын бізге айтпайды ғой. Айтқаны, әкемнің шешесі, менің әжем Зылиханың үстінде қаудырлаған сауыс-сауыс әрі олақ пішілген ұсқынсыз тері шалбар, тері кеудеше екен, көзі алғаш түскенде, әйелге мүлде ұқсамапты. Ол кісі осындай құбыжық түрімен үйге кіріп келгенде, қорыққаннан қатты шошыпты. Алайда қасындағы ұзын бойлы, келбетті ұлын көріп, сабасына түседі. Бірден ұнатыпты.
Кейінірек екеуі қосылады, тойларын өткізеді. Құрсағына түйнек бітеді. Тап осы кезде, қас қылғандай, әкемді Қарағандыға комиссияға шақырады. Екеуі жолға шығып, ол кездегі көлік ат арба, салтат қой, Қарағандыға жеткенше төрт тәулікті бірінен соң бірін артқа тастап, ұзақ жүреді. Анам марқұм осы бір жайсыз оқиғаны еске алғанда «жол бойы Алладан медет сұрап, жолдасымды соғысқа алғыза көрме, жаратқан ием деп, жалынып-жалпайып тынымсыз сұңқылдап жылай бердім» деуші еді. Алла анамның көз жасын қабыл алған болу керек, әкемді комиссия жарамсыз деп тауып, елде қалады.
Ө.А. -Бұл әкеңіздің соғыстан елге жараланып келіп, ауылда емделіп жүрген кезі ғой?
М.О. -Иә, Краснодар өлкесінде болған шайқастардың бірінде қолынан жараланған екен. Қанша, қалай емделсе де, неміс оғында у болған ба, жарасының аузы бітпей қояды. Жаралы қолдың саусақтарында жан жоқтай, икемге келмей, онша қимылдамайды, өзі қатты жүдейді.
Қарағандыда бұл кезде жағдай өте ауыр болатын. Күнде қылмыс: кісі тонау, пышақтап кету, өлтіру. Әскери адам, оның үстіне аяқталмаған жоғары білімі бар әкемді прокуратураға жұмысқа қабылдайды. Тап осы тұста жас жұбайлар отбасының тұңғышы, менің үлкен ағам Бауыржан дүниеге келеді. Тұратын үйлері тесік-құтығы көп бір бөлмелі барак екен. Қыс қарлы, аязды келіп, отты қанша жақса да барақ үй жылымайды. Екі өкпесіне бірдей суық тиген Бауыржан қатты ауырады. Витамин жоқ, дәрі жоқ.
Тұңғыштарының көп тұрмай арадан шетінеп кетуі анам мен әкем үшін де, әжеміз Зылиха үшін де аса ауыр қайғы болғаны ақиқат. Әсіресе әжеміз үшін. Өзіңіз ойлаңызшы, Құдай атам мен әжеме төрт ұл және қыз берген еді. Тамыры тереңге кететін үлкен шаңырақ еді. Голощекин басшылығымен сауатсыз большевиктер ұйымдастырған «Кіші Октябрьдің» нәтижесінде елге жаппай келген аштықтан аман қалған жалғыз тұяқ – менің әкем Емберген болатын. Сол жалғыз тұйяқтан дүниеге ұл бала келіп, өшкені жанып, өлгені қайта тірілгендей болған Зылиха әжемнің көңіл күй өкінішін түсіну қиын емес шығар. Ол, әрине, келінім жас болғандықтан бала бағуды білмейді деп ойлап, немересінің өлімін содан көреді. Ебің жоқ, болбыр екенсің дейді. Бар бәлені келінінің басына үйіп-төгеді. Енді бала тапсаң, саған ұстатпаймын, өзім асырап-бағамын деп ұрсады. Ұлына да ескертіп қояды. Шынында, көп ұзамай дүниеге екінші перзенттері Төлеген келгенде, әжеміз оны өз қолына алады. Шапанының астында қолтығына қыстырып-ап жерге де түсірмейді. Сәбиді тек өзі тамақтандырып, өзі әлдилейді. Айтқан сертінде тұрып баланы шешесіне ұстатпайды да. Шешем үшін бұл, әрине, трагедиялық жағдай еді. Сүйтіп жүргенде күн көрмей, таза ауа жұтпай әжем қолтығында тұншығып жүрген бала дистрофия ауруына шалдығады. Әжеміз баланы амалсыздан шешесіне беруге мәжбүр болады. Жалпы, содан қайтып әжеміз бала тәрбиесіне араласуын да біржола қойып кетсе керек. Ал менің анам жарық дүниеге жеті перзент әкелді. Шетінеп кеткен тұңғыштарынан кейінгі төрт ұл, екі қызды аман-есен өсіріп, азамат етіп жеткізді. «Батыр ана» атанды.
Иә, менің анам ерекше жан еді. Бастауыштық білімді ауыл мектебінен алған. Сосын Қарағандының мұғалімдер институтына түсіп, оны елуінші жылдары ойдағыдай тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы деген мамандық алып шыққан. Содан бастап қырық жылдан астам уақыт бойы халыққа білім беру жүйесінде абыроймен еңбек атқарған еді. Елдің жастарына ана тілін үйретуден бір жалығып көрген жоқ. Кейбір кластарда екі-үш қана қазақ баласы бар, басқалары бөтен болса да және олар қазақ тіліне немқұрайдылық танытса да, алған бетінен қайтпаған еді.

х х х

Анамның ол кездерде бір күн жұмыссыз отырғанын мен ешқашан көрмеппін. Енді қайтсін, отбасында жан басы көп, ылғи да ақша жетпей жатады. Әкем болса, жасырмаймын, кей-кейде жұмыссыз қалып қоятыны болушы еді. Мүмкін оған мінезінің иілмейтін бірбеткейлігі себеп болған шығар. Бір айтқанынан қайтпайтын тым қайсар қасарыспа жан еді. Өзінікінің шындығына көзі жетіп тұрса, шегіну дегенді білмейтін. Сондай кездерде отбасының бар тауқымет жүгі анам иығына түсетін. Анам аңғарымпаз, жағдайды сезгіш, буынсыз жерге пышақ ұрғанды жөн санамайтын, бүгінгі тілмен айтқанда мәмлегер, сұңғыла кісі болатын. Әрине, оның мінезінен де қайсыбірде қасаң тұстары көрініп қалатын. Бір мысал айтайын. Анамның інісі Балтай – Мұхамедияр аулында жүргенде Теректі деген жердегі Қапан атты қызға үйленеді. Және ол менің анамның Балтайға өзі таңдап ұйғарған адамы екен. Алайда Балтай ол қызды әу дегеннен онша ұнатпаса керек, бірақ шешем інісін күштеп үйленбесіне қоймапты. Ол әйелден Балтай ағам үш бала сүйген еді.
Ө.А. -Анаңыздың туған інісін сүймегенін алуға күштеуінде не себеп болды екен?
М.О. -Соғыстан кейінгі уақыт қой, ауылда қыз көп, жігіт аз. Ел жүдеу. Қапан жеңешемнің әкесі билік ұстаған, байлық жинаған, төңірегіне өзінше беделді әйгілі адам екен. Яғни пайдалы адам. Ол кезде де, қазір де бәрін байлық ақша шешеді ғой. Бұл-әлмисақтан бері келе жатқан бұлжымайтын заң. Ендеше сіңірі шыққан кедей сорлы байдың қызын алмағанда, кімді алуы керек еді. Бұл жалғыз менің анамның ғана емес, сол кездегі барша жұрттық түсінігі болатын. Бүгінгі адамдар да солай ойлайды. Өйткені бұл билік жүйесі қанша өзгерсе де, пенде баласы үшін ешқашан өзгермейтін қағидат. Оның үстіне Балтай қызбен, қазақша айтқанда, үйленбей тұрып ойнап қойыпты, яғни жүкті етіпті. Мұндайдың ар жағы не болатыны белгілі ғой. Жасы әлі он сегізге тола қоймаған бозбала сүйтіп аяқ астынан үйлі-баранды әке болып шыға келіпті.
Кейін Балтай ағам Қарағанды педагогика институтына түсіп оқиды. Ой өрісі кеңіп, оң-солын дұрыстап тани бастайды. Осы тұста ол Мира атты оқыған сулу қызбен танысады. Екеуі бір-бірін құлай сүйеді. Балтай ағам алғашқы кездейсоқ алған әйелімен ажырасуға ұйғарады. Міне, осы мәселеде анам інісіне қатал мінез көрсеткен еді. Егер әйеліңді тастар болсаң, бұдан былай мені де, отбасымды да көрмейтін боласың деп, шешімін кесіп бір-ақ айтады. Соған қарамастан Балтай ағам сүйгенінен бас тартпайды, әпкесіне қайта-қайта жалынып, аяғына жығылып кешірім беруін өтінеді. Өзін де, Мираны да түсінуге шақырады. Бірақ бір қатайып алған әпкесі қайтып илікпейді…
Балтай-Мұхамедияр ағам да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы еді, өте қабілетті, еңбекқор адам болатын. Бізге көмегі көп тиген. Әкемнің қасында жүріп, Қарағандыдағы меншік үймізді салысқан. Әуелі жазғы үй деп атап, шағындау етіп тұрғызады. Кейін алты бөлмелі етіп үлкенін салады. Біз оны «особняк» деп атап кеттік.
Ө.А. -Өз уақыты үшін шынында жаман үй болмаған секілді ғой. Алты бөлмелі үй, жаздығы және бар. Ол кезде мұндай баспананы көпшілік жұрт қиялдай да алмайтын.
М.О. -Иә, әркім-ақ қызыққандай үлкен үй болды. Мен ғана емес, бүкіл балалары үшін ыстық та қымбат туған шаңырақ, айбынды әке шаңырағы болды. Әкеміздің ой-ниетінің, Балтай ағамның да қол күшінің жемісі еді. Әкеміздің әуелі прокуратурада, одан облыстық газет редакциясында, сосын мұғалімдер институтында жұмыс істеген кездерінің ескерткіші деуімізге де болады.

Бәрі балалардың болашағы үшін

-Балалары еркін ұйықтап, еркін тыныстайтын үй-жайын нықтап алғаннан кейін әкеміз соғыс кесірінен Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіндегі үзіліп қалған оқуын қайта жалғастырып, оны қырқыншы жылдардың аяғына таман ойдағыдай бітіріп шығады. Қазан қаласында тұратын академик, бір кезде Алматыда өзіне дәріс берген ұстазы Персидскийдің басшылығымен кандидаттық диссертация жазуға кіріседі.
Шешем үшін бұл аса қиын сәт еді. «Әкелерің қазандап кетті» дейтін. Күйеуінің ұзақ уақыт алыс кететінін ойлап, қызғанатынын сездіріп те алатын. Көкейінде қызғаныш тұрғасын ба, ғылым дегеннің мәніне онша бойлай қойғысы келмейтіндей көрінетін. Әсілі оның себебі де жоқ емес-тін. Балалардың жас кезі, қолға түскен азын-аулақ ақша солардың болашағына жұмсалуы керек. Анамыз, ең алдымен, отбасы тіршілігінің міне, осы жағына көбірек көңіл бөлетін еді. Басқасының бәрін, жағдайға қарай кезегімен шешіле жатар, қосалқы шаруа деп есептейтін. Әкеміздің ғалым болам деген талабына, бұл шығынды әрекет, балаларға жұмсалуға тиісті қаражат сыртқа кетсе, олардың оқу-білім тәрбиесі ақсап қалуы мүмкін деп ойлап, мазасыздануы өзінше орынды ғой анамыздың.
Әкеміз математик болғандықтан жағдайды әріден болжайтын көреген адам еді, жарықтық. Шешемізді ақылмен сабасына түсіріп, ашуын басып, өзінің ой-жоспарның дұрыстығына біртіндеп көзін жеткізетін. Әрине, содан кейін анамыз әкеміздің ойға алған ісінің оңға басуы үшін қолынан келгенше оған көмекші болуға, қолтығынан демеп жіберуге барынша күш салатын, аянбайтын.
Әкеміздің бір ерекше қасиеті ауылдағы ағайындардан баласын ертіп кім келмесін, ешбірінің бетін қайтармайтын. Баланы дайындайтын, қалаған оқуына түсіп кетуіне көмектесетін. Сүйтіп ағайын-туыстарының бар баласы дерлік мұғалімдер институтына, политехникалық институтқа, басқа да жоғарғы оқу орындарына түсіп, оқып шығып, дипломды маман атанды. Бұл жағынан әкемізден анамыз да қалысқан жоқ, оның да туыстарының бар баласы көбіне педагогикалық институтқа түсіп, жоғары білімге қолдарын жеткізді. Олар кейін мектеп директорлары, партия, совет қызметкерлері боп жұмыс істеді. Жастарға жасаған жақсылығының өтеуі шығар, анамыз қайтыс болғанда, оны соңғы сапарына шығарып салушылар санында есеп болған жоқ. Әрине, мен олардың көбін танымайтын да едім. Бірақ анамның аруағына бағыштап айтқан жылы сөздері жадымда қалды. Бір бөлке нан ат басындай алтынға пара-пар боп тұрған жүдеу күндерде апамыздың қолынан тамақ іштік, үйінде жатып оқыдық, сүйтіп адам қатарына қосылдық десті олар бір ауыздан.
Мәскеу университетінде оқып жүрген кезім болатын. Үйге бір келгенімде, шай ішіп жайланып болғасын анамның маған айтқаны бар: Қарағым балам деген, есіңде жүрсін, бір кездері әкең екеуміздің қамқорлығымызда болып, біздің көмегімізбен оқып шыққандардың бәрі дерлік күндердің бір күнінде ер жеткен балаларын жетектеп сендердің алдарыңа келеді, балаларының оқуға түсуіне көмек сұрайтын болады. Мен сонда анамның бұл сөздеріне онша мән бере қойған жоқ едім. Жарайды, ағайын арасының ескі заңы, кезінде көмектескен екенсіңдер, оның енді бізге не қатысы бар деп ойлайтынмын. Жоқ, мен қателесіппін. Анамыздың айтқаны тура айнадағыдай айнымай келді. Мектеп бітіріп, ер жеткен балаларын жетектеп келіп туыстар менен, менің ағаларымнан балаларының оқуға түсуіне көмек сұрай бастады. Біз болсақ, бір кездегі әкеміз бен анамыз сияқты, қолымыздан келер жақсылығымызды аянып қалмадық. Бұл жерде айта кетер бір жәйт, Төлеген үлкеніміз болғандықтан, мұндайда шешімді сол айтар еді, оның сөзі заң еді. Сол үлкен ағамыздың айтуымен ағайын-туыстың қаншама баласы оқуға түсті, жоғары білім алды десеңізші. Әлбетте олардың Төлеген ағама деген алғыстарының шексіз болғандығы даусыз. Мен де өз тарапымда қарап қалмадым. Азды-көпті көмегімді көрсеттім. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Әке-шешем туыстары ең қиын жылдарда қара нанды өзара қылдай бөлісіп жеді ғой. Қиын қыстау күндерде бірін-бірі тастамады ғой. Жүдеушілік жоқтықтан, көз қарауытқан аштықтан біріне бірі жалғасып жүріп аман шықты ғой. Кейінгі ұрпақ, мына біздер де, ондайды білгеніміз де, ұмытпағанымыз да жөн емес пе?!
Анашыма қатысты тағы бір айтпағым, ол кісі жатпай-тұрмай балаларының бәрі тегіс жоғары білім алғанын қалады, сол үшін аналық мейірін де, азаматтық күш-қуатын да аямады, барын салып күресті. Және, неге екенін білмеймін, бәрі түгел мұғалім болса екен деп армандаушы еді. Балалар, біз болсақ, әрқашан ана мен әке ықыласына сай болуға тырыстық. Мектепте де, жоғарғы оқу орнында да Төлеген, Шолпан, Сансызбай, Әмірхан, Лейли — бәріміз түгел дерлік үздік оқыдық. Түгел дерлік дейтінім, тек мен ғана сегізінші-тоғызыншы кластарда ептеп ата-ана қақпайынан шыға бастадым да, содан «бес» деген биіктен сәл сырғып төмен түсіп кеткен едім.
Ө.А. -Үйдегі кенже ұл «еркелігінің» бір дәлеліне ұқсайды екен?
М.О. -Ол да бар шығар, жоққа шығармаймын. Дегенмен математика пәнін онша ұнатпағаным рас. Негізінде соның да салқыны бар-ау деймін. Есеп-қисапты үлкен әпкеме ысырып тастап, өзім тарих пен әдебиетке ден қоюшы едім. Сосын әпкемнің мен үшін шығарып қойған дайын есептерін дәптеріме оп-оңай көшіре салушы едім…

х х х

-Үйде үлкен, бай кітапханамыз болды. Не керегімізді, қай саладан болмасын, содан іздеп тауып ала қоятынбыз. Әкеміз кітаптан ешқашан ақша аяған жоқ; жаздырып алатын, қолға оңай түсе қоймайтын, керек деген сирек кітаптарды, қымбатына сатып алатын. Балаларының жақсы оқуы үшін жасаған әкелік қамқорлығының бірі – оның осы үлкен, қисапсыз бай кітапханасы еді.
Әкеміз бізді әртүрлі қызықты коллекция жинауға да баулыды. Соның арқасында не жинамадық десеңізші, әралуан фарфор ойыншықтардан бастап, маркалардың түр-түріне дейін жинадық. Мұның өзі, кейін ойласам, жас адамның тіршілік танымын кеңейтумен бірге, уақыты мен зейінінің келеңсіз жаман нәрселерге ауып кетуінен сақтандыратын игілікті құрал екен ғой. Жалпы, бұл жағынан әкем мен шешемнің ойы ылғи да бір жерден шығатын. Шешем де біздің әрқайсымыздың бойымыздағы өзіндік икеміміз бен талантымыздың ашылуына қатты мән беретін. Мұндайға ақшаны да аямайтын. Мысалы, менен домбыра тартып үйренуді талап етті, бал билерінің үйірмесіне қатыстырды. Бірақ мен домбыраға онша ықыласты бола қоймадым. Орысша оқитын адамға домбырадан гөрі гитара лайық шығар деп ойладым. Әрине, балалық шалалығым ғой. Қойшы, біраз тартысқаннан кейін ортақ шешімге келіп, Тулада жасалған баян сатып алдық. Ағаларым баянда ойнады. Үйге қонақ келгенде, ол кездегі салт солай, балалар кезекпен баян тартамыз немесе баянның сүйемелдеуімен бәріміз қосылып ән саламыз. Кәдімгідей шағын концерт қоятынбыз-ды. Көбіне-көп сүйіп айтатынымыз, осы күнгі әнұранымыз, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстанымы» болатын.
Анам жұмысқа кетер алдында да, жұмыстан келе салып та, үйде жан көп, ылғи тамақ дайындаумен болады. Ондайда әпкем мен қарындасыма қосылып мен де анама тамақ жасауға көмектесе кетемін. Анамыз ондайда қатты көңілденіп, жүзі жадырап ән салар еді. Даусы керемет. Білмейтін өлеңі жоқ. Бірінен соң бірін құйқылжытады келіп. Біз қосыламыз. Анамның әншілігі мен үшін тосын да мақтаныш тұтарлық ғажайып қасиетінің бірі еді.
Ата-анамыз ерекше қонақжай адамдар болды. Туысқандарымыз күн құрғатпай ағылып келіп жатады. Дос-жарандары өзінше нөпір. Біз, балалар, кей-кейде қарнымыз тоймай, ашқұрсақ қалып та жүрдік. Ал қонақ дегенде, үйден қалай да бір асым ет табыла кетер еді. Нафталин исі сіңіп кетсе де, бір қорап жақсы кәмпит те әлдебір жасырын жерден шыға келер еді. Әрине, біз, балалар, аңсарлы тәттінің қайда жатқанын білетінбіз. Бірақ шешеміз тимеңдер, қонақ келгенде таппай қалсақ, ұят болады деп айтып қойған соң, кәмпит жатқан жерді білмеген бола салатынбыз. Әке-шеше сөзі біз үшін бұлжымайтын заң болатын. Біз олармен тек қана «сіз» деп сөйлесетінбіз.
Әкеміздің бар тапқан табысын және өз еңбегін – бәр-бәрін анамыз біздің оқу-іздену мұқтаждарымызға жұмсайтын. Мен Мәскеуде бақандай алты жыл оқыдым ғой. Сонда әр айдың белгілі бір күні маған әкем атынан 20 сом ақша келіп тұрар еді. Жиырма сом ол уақытта әжептәуір қомақты қаржы. Стипендиям тәп-тәуір еді, жақсы оқығандықтан үстемесін де алып жүретінмін. Несіне әуре болдыңыз, әке, аш емеспін ғой десем, ол маған ренжитін: сен немене, оқуды тастап, жұмысқа тұрып алғанбысың деп. Сен жақсы оқысын, ештеңеден қысылмасын деп беріп тұрмыз. Қайтарымын кейін ескерерсің дейтін.
Анамыздың айтуымен үйдегі балалардың көбі Ресей оқу орындарында оқыды. Әкеміз қаржыдан қиналғанда «бәрі бірдей оқуды алыс жерден таңдады, бері, елге қарай жақындаса теріс болмас еді, қаражат шығыны азаяр еді, деп анамызға құлаққасыс жасағағанда, анамыз көнбейтін.
Төлеген денсаулығына байланысты Мәскеуден Алматыға ауысып, Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Сансызбай ағам Мәскеу мемлекеттік университетін тәмәмдады. Онда оқыту сапасы жақсы деп әдейі таңдаған еді. Шынында жаңа ағым, композитті математика ғылымына ден қойды Сансызбай ағам. Қазіргі тілмен айтқанда нанотехнология ғой. Мысалы, қалайы мен ағашты кіріктруге бола ма? Бірі метелл, бірі ағаш дегендей. Болады екен. Жалпы, үйден Мәскеуде екі бала, Новосібірде екі бала оқып, жоғары білім алдық. Тек қарындасым Лейли ғана Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді.

Әкем мен анам көңілімнің төрінде

2-Әкем мен анамның балаларына деген осыншалық шексіз қамқорлығынан қандай ой түюге болады? Мен кейде өзіме өзімнің осындай да сұрақ қоятыным бар. Жауабын да тапқандай боламын. Өлмеген жандар адамның адам етін жеген зұлмат аштықты көрді, соғыс салған дүлей өрттен аман қалды. Енді жоғалтқандарының орнын толтыру керек. Оның жолы кісілік парасатта. Басқаша өсе де, өркендей де алмайсың. Олар адамдық қасиеттеріне ізгілікті жаңа қасиеттер үстеп, шыныға да, ширыға да қимылдауға кірісті. Ең бірінші кезекте ұрпақ өсіріп, бар күшті солардың болашағына салу керегін түсінді. Алдымыздағы әкелердің осынау ұлы еңбегінің нәтижесінде кімнің қандай болғанын, әрине, уақыт көрсете жатар, дегенмен менің анам, өзін жекелеп бөліп айтсам, көңілім мен түсінігімде аса зерделі, өз ісіне сенімді де алғыр жан болды. Біз, әдетте, ақсүйектік мінез, ақсүйектік парасат-пайым деген ұғымдар жайында айтамыз ғой, анамның өз әкесі Боранбай, әріде Шақабай атасы ақсүйек тұқымнан еді, сондай әулеттен шыққан анам, менің түсінігімде, сол биіктен таныла білді; бұл жағынан ол әкемнен озықтау тұрды десем, күпірлігім емес, шындықты тура айтқаным. Жан анам әкеммен қатар менің көңілімнің төрінде осы биігінде мәңгілікке орын тепті.
Сәл шегініс жасап, тағы айтсам, анам өнерді өте жоғары бағалаушы еді. Ол Қарағандыға гастролмен келген Бибіүл Төлегенованың, Ермек Серкебаевтың бір де бір концертінен қалған жоқ. Бізді де қояр да қоймай ертіп апаратын. Басқа да белгілі өнер адамдарының ойындарын құр жібермеуші еді. Әкем болса, концерттерге онша құлықты бола қойған жоқ; мұндайда кітабын оқып, қағазын жазып, көбіне үйден шықпайтын.
Әттең, анамыздың денсаулығы әлсіздеу болды. Естігенім, үшінші баласы Әмірханға аяғы ауыр кезінде қатты ауырыпты. Қарағандыны ескі қала, жаңа қала деп бөледі ғой. Біз Михайловка деген жағында тұрдық. Аурухана, емханалардың бәрі ол кезде ескі қалада болатын. Анамыздың еміне керек новокаин деген дәрі өте қат екен. Қыстың сақылдаған сары аязында анамыз сол дәріні жаяулап-жалпылап жүріп, бірде жер түбіндегі ескі қаладағы емханалардан іздесе, бірде сол қала базарындағы саудагерлердің қолынан табады екен. Сүйтіп әрлі-берлі сенделісте жүріп қатты жүдейді. Әйтеуір, Алла жар боп өзі де, сәбиі Әмірхан да аман қалыпты. Әйтсе де сол жабысқан жаман ауру сол жабысқаннан анамыздың бойынан кетпей қойды. Содан асқазаны бүлінді, қан қысымы өсті. Қартайған шағында осының бәрі мүлде дендеп, өзін қатты жүдетіп жіберген еді.
Анамның туғандарыма көмектессем деген ниеті мен ықыласы шексіз болатын. Оның бойындағы бұл асау құлшынысын тоқтату ешкімнің де қолынан келмес еді.
Жұмбағы көп өмір ғой. Шешеміз шыққан ортада, сонау қырсық шалған жаман жылдары, бір белсенді жамағайындары болыпты. Жұрт аштықтан жаппай қырылып жатқанда шелтиіп атқа мінсе керек. Төңірегіндегі аяқ жетер жердің бәрінен елдің қолындағы бар тәуірін үйіне тасып ала беріпті. Өзінше шалқып өмір сүріпті.
Ө.А. -Анаңыз ол кісінің атын айтқан жоқ па?
М.О. -Айтқан жоқ… Кейін ел ес жиған соң, не болып, не қойды деп тексеру жүргізілмей ме, сонда әлгінің бар былығы ашылып, табанда атылып кетіпті. Бірақ артында балалары қалса керек, анам балалардың не жазығы бар, сондықтан әкелерінің қылмысын бетке басудың керегі жоқ, атын атап қайтеміз дейтін.
Иә, анамыз күйбең тіршіліктің шылауында оратылып қалмай, үнемі алға, алысқа қараушы еді. Мысалы, әкеміз, жоғарыда айтқанымдай, балаларды өзіміздің Қарағандыда оқытсақ та болар еді дейтін. Ал анамыз, жоқ, балалар елдегі ең үздік оқу орындарында оқысын, сапалы білім алсын дейтін. Алыста оқудың шығыны көп, әкем содан сескенеді білем, анамыз жақсы оқуға жұмсалған шығынның қайтсе де қайтарымы болады дейтін, қорықпайтын.
Үлкен ағам Төлеген Мәскеу мемлекеттік университетінің математика факультетінде оқып жүргенде, шешем артынан қазы-қартасын алып жиі барып тұрды. Сосын екінші ағам Сансызбай да сонда оқуға түсті. Сүйтіп екі ағам елден алыс жерде бір мезгілде қатар оқыды. Әкем бірде арттарынан барады. Әліде жүдеу кез ғой. Күн де қатты суық болса керек. Әкем үйге келгесін айтыпты, онан да балалардың өзіміздің Қарағандыда оқығаны дұрыс болатын еді деп. Сүйтіңдер деп үгіттейді де. Шешем қарсы болады. Дегенмен үлкен ағам әке сөзіне ұйып, Алматыға ауысқан еді.
Үшінші ағам Әмірхан Ленинград (Санкт-Петербург) университетін таңдайды. Әкем қарсы болады, өзіміздегі оқуға түс дейді. Анамыз тағы да Әмірханның таңдауын қолдайды. Ақыры не керек, анамыздың қолдауымен Әмірхан дегеніне жетіп, Ленинградта оқып жүргенде, қатты ауырып қалады. Ақша жоқ. Сонда анамыз не баламызбен мені таңдайсың, не өзің машинаңмен жалғыз қаласың деп, әкеміздің мақтанышы, әртүрлі аудармалар жасап, әдістемеліктер құрастырып, сүйтіп қиындықпен тапқан қаламақысына алған «Победа» машинасын еріксіз сатқыздырады. Ыстық дүниесі ғой, әкеміздің сонда машинасын қимай көзіне жас алғанын көрген едім.
Ол кезде Теміртауда тұратынбыз. Анамыз әкеміздің машинасын сатқаннан түскен ақшаны алып, Ленинградтағы баласына барып, қасында болып, күтіп, аяғына қояды. Ленинградтың ауасы дымқыл, ызғарлы Әмірханға жақпайды. Анамыздың бұл жайға да көзі жетеді. Сөйтіп Әмірханға бәрібір оқу орнын ауыстыруына тура келген еді.
Мен мұны неге айттым? Мен келтірген мысалдарда қаперге аларлық мән болған соң айттым. Иә, отбасында кесе-аяқ сылдырамай тұрмайды ғой. Бірақ біздің әке-шеше дауы күйбең тіршіліктің ешқашан таусылмайтын уақ-түйегі үшін емес, осындай балаларына сапалы білім беру, биік өнерді сүюге үйрету сияқты өрісті мәселелерде ғана ара-тұра байқалып қалушы еді. Ондайда алдымен көбіне әкем шегінеді, алған райынан қайтады. Өйткені сүйікті жары Күлшәкәр ұстанымының дұрыстығын ол да іштей мойындайтын және сол үшін оны аса қатты құрметтеуші де еді. Осылайша үйдегі бар бала қалаған оқуымызға түсіп, жоғары білім алдық, әрине, әкеміздің арқасы екені даусыз. Сонда да әкеміз өзін кішірейтіп, жоқ, мұның бәрі аналарыңның еңбегі деп отырушы еді, марқұм.
Ө.А. -Әкеңіз Емберген шешеңіз Күлшәкәрға қатты ғашық болыпты. Көңілінің сүйген жарға деген осы нәзік ықыласын ол өмірінің ақырына дейін сақтай алды ма, сіз қалай ойлайсыз?
М.О. -Әрине, әкеміз бен анамыздың бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты біздің де жүрегімізге сәуле түсірді, бізді де қанаттандырды, еркін етті. Тек, әттең, анамыз егде тарта келе аурушаңдау болды дедім ғой. Осы тұстарда, бәлкім, жалғызсырап қалғандай күй кешуі мүмкін. Әкем де қартайған шағында қатты ауырды. Бірақ ол сіңірі мықты кәрі солдат еді, сыр бергізе қоймады. Әйтеуір, бір анығы әкем мен шешемнің бір-біріне ырза көңілде болғаннан басқа бөтен қылықтарын өз басым көргенім жоқ. Олардың өзара шынайы сыйластығы, бір-біріне деген құрметі балаларының бәріне лұғат алар үлгі боп қалғаны сөзсіз.
Әкем дем тартып жатқанда, анам күзетіп қасында отырған. Әкемнің соңғы демі шығарда, тап сол сәтте, бір мезгілде, әкем жатқан кабинеттегі электр шамы кенет жалп етіп сөніп, шынысы бұрқ етіп жарылып кетеді. Бұл –1997 жыл болатын. Балаларын жинап алып, анамыз айтты:
-Әкелерің электр шамынша барынша маздап жанды, бар қуат жарығын сендерге беріп тауысып болғасын, шам сияқты бір мезетте лап етіп жанып, жарылып кетті…
Әкем сөздің тура мағынасында рухы гранит тастай берік, аса жігерлі қайсар жан еді…

Олар да көшпелілер ұрпағы еді

М. О. -Мыңжылдықтар бойында бірқалыпты көшпелі тұрмыс кешкен қазақтар туралы сөз қозғағанда, мына бір жайды ескеруіміз керек сияқты: яғни бұл тұрмыс-тіршіліктің негізінде мазмұны мен мәні аса тереңнен тартылатын философияға құрылған адамға тиесілі ақыл ес танымның өзгеше түрі, айнала қоршаған ортамен, жан-жануарлармен, жарық әлеммен қарым-қатынастың өзіндік үлгісі немесе ережесі жатыр деп білгеніміз жөн. Қазіргі күнде көзіміз жетіп отырғандай, прогресс –өркениет дегеніміздің өзі әрқилы ғой, мысалы, тіршілік атаулыны қиратып бүлдіруші прогресс болады, барды жақсартатын жасампаздық прогресс болады дегендей. Өкінішке қарай, осы прогресс дегеніміздің өзі көбіне жер жыртушы егіншілердің, яғни отырықшы халықтардың ыңғайымен, солардың өмір түсінігі аясында дамытылып, насихатталып келеді емес пе әлі күнге дейін. Сол озат деп айдар тағылған отырықшылық мәдениет жиырма бірінші ғасырдың басында нені көрсетіп отыр? Табиғи жасыл экномикадан алшақ кеткен бүлдіруші, қиратушы экономика екенін көрсетіп отыр. Ендеше жасыл экономика деп нені айтуға болады? Ол – ең алдымен, көшпенділердің айнала қоршаған ортамен үйлесіп өмір сүру салты еді. Олар өздерінің жоғары адамгершілік философиясына сүйене отырып, табиғатпен «сіз» деп сөйлесті, оның бәз қалпын бұзбай сақтады, бүлдірген жоқ. Көшпенділердің алдындағы төрт түлік малымен, өзіндік жетік мәдениетімен табиғатпен өзара тонның ішкі бауындай үндесіп гармонияда болуын батыстықтар ешқашан озаттықтың бірегей үлгісі ретінде қарастырып, ой елегінен өткізіп көрмеген. Бұдан артық өркөкіректік болар ма, сірә?
Ө.А. -Көшпенділік тұрмысты оңтайлы да бақытты адам тіршілігіне орайластырыла құрылған өзіндік ерекше өркениет болған еді десек ше?
М.О. -Дәл солай. Алайда ерте орта ғасыр, орта ғасыр дәуірлері кезінде көшпенділер отырықшы халықтарға қатты қысым көрсеткені, оларды шапқаны рас. Осыдан бастап отырықшылардың көшпенділерге деген бітіспес өшпенділігі пайда болды. Олар көшпенділер адам емес деген ұғым туғызды. «Кащей бессмертный –Өлмейтін Кащей», балдаққа, сыпырғышқа мініп ұшатын «Баба Яга», «Кентавр –Адам ат» аңыздары көшпенділерге деген сол ешқашан бітіспес өшпенділіктің жемісі. Олар көшпенділерді барлық жаманшылықтың ордасы, жердегі тозақтың нағыз өзі деп білді. Сондықтан отырықшылар өз тарихында көшпенділерден жеңілген, олардың ығында болған, бағынған, алым-салық төлеген, т. б. сюжеттер мен деректерді бүлдіріп, өшіріп-сызып, құртып, ізін жасырумен болды. Көшпенділердің мыңжылдық өркениетінің тамаша жәдігерлерін жер бетінен біржола жойып жіберуге барынша тырысып-ақ бақты.
Бүгінде біз Ұлы Жібек жолын тартқан да, оны күзеткен де атақты Шыңғыс хан деп мойындап отырмыз. Ол жәмшік, қазіргі тілмен айтқанда, пошта бекеттерін тұрғызып, бүкіл империяда тыныштық бейбіт өмір орнатты. Соның арқасында егіншілікпен айналысатын отырықшылар да дүние тарихында тұңғыш рет бейбітшілік жағдайында емін-еркін дамуға мүмкіндік алды. Иә, біз мұны қазір ғана ашық айтып жатырмыз. Ал бұрын бәрі Ресей құптаған, Ресейде жасалған тарих аясында ғана талданатын, түсіндірілетін. Олардың тарихында, өкінішке қарай, көшпенділер тіршілік-тұрмысы мен мәдениеті үшін орын болған жоқ. Бір ғана мысал, он алтыншы ғасырда Сібірге бұзақы Ермак келгенде, ол не деген еді? Сібір құлазыған дала екен, ешкім тұрмайды екен деді. Сол бұзық Ермак қырда өлсе де, Ертістің суына батып өлсе де, ажалын қазақ батырының қолынан тапты ғой. Сонда да орыс тарихы қазақ жерін, Сібірді ел тұрмайтын құлазыған қу медиен дала еді дегенін қойды ма? Қойған жоқ. Сібірді ашқан біз, игерген біз деп көкумен болды. Ал сол Сібірде қаншама алуан түрлі халық тұрып келген еді. Неткен аянышты тағдырлар. Солардың көбі қазір азып-тозып жер бетінен құрып кетті, қалғаны да тілі мен ділінен, дінінен айрылып, басқаға сіңіп, құрудың басқа жолымен өшуге айналып жатыр.
Сібір дегенде, Сібір халықтарының тұздығы, жетекші күші әманда қазақтар болды. Алтын Ордадай асқақ империяны құрған да қазақтар. Сондықтан да Ресей империясы қазақтардың сол өр заманын, мемлекет құрудағы қарымдылығы мен көрегендігін жоққа шығаруға тырысты, өлердей жек көріп, қолдарынан келгенше барынша қатты қысым көрсетумен болды.
Осы жерде Алашордашылар жайына келсек, олар ұлттың сүт бетіндегі қаймағы іспетті болатын. Иә, олар Ресейде оқыды, білімдарлыққа жетті. Олар біз айтып отырған тарихты ағын ақ, қарасын қара деп саралай алды, әділ қорытынды шығара білді. Енді бұдан былай көшпенділердің бұрынғы ескі қалыбында қала беруіне болмайтынын түсінді. Сондықтан оларды біртіндеп отырықшы салтына, қала мәдениетіне бейімделе беруге шақырды. Аласапыран, көп қатпарлы дүние тірлігі ішінен лайықты өз орнымызды табайық деп ақылға шақырды.
Ө.А. -Алаштың арыстары да бодандықтың шаңын қағып, бостандық туын желбіреткенде туған Отанның қамын ойлап, бастарын бәйгеге тіккен еді.Қазақтың байырғы жерлерін қайта жинап алуға, біртұтас етіп құрастыруға бар күш-жігерлерін аямай салды, еш қауіптен қаймықпады. Сол алыптарды ойлаған сайын қайран қаласың, байлық қуып жүрген біреуі жоқ, ал билікті елге қызмет көрсетудің құралы деп қана білген. Әсіресе бүгінгі күннің тойымсыз ашкөздіктен масқара болып жатқан кейбір бишікештерімен салыстырсаң…
М.О. -Қазақ ұлтын қалыптастырудағы Алаш алыптарының ерен ісі де тектілік ұғымынан нәр алады. Патшалық империя қазақтың хан-сұлтандар бастаған ұлттық элитасын жойғандағы бірінші көздеген мақсаты тектілігін жою болғанын жоғарыда айттық. Дегенмен қазақтың мыңжылдықтар бойында қалыптасқан тектілік қасиеттері түгел жойылып кеткен жоқ, аймақтық, өңірлік, рулық шеңберде сақталып қалды деп те айтқан едік. Алаш зиялылары сол ортадан суырылып шықты көш бастап. Олардың білімі мен білігі большевиктер үшін қауіпті болды. Большевиктік идеологияда бәскелестікке жол жоқ. Қарсы пікір айтқанның бәрі жау. Өйткені өздері одан-бұдан құралған шала сауатты тексіз топтар еді, пікірге пікірмен қарсы жауап беруге қауқарсыз еді. Сондықтан игі жақсыларды құрту үшін олар «халық жауы» деген адам тілімен түсіндіруге келмейтін сұмдықты ойлап тапты.
Ө.А. -Оларды өкімет басына кездейсоқ келгендер деп жүрміз ғой.
М.О. -Иә, көбі кешегі ел ішін арандатқан бүлікшілер еді, құлаққа жағымды естілетін «еркіндік алып береміз», «теңестіреміз» деген сияқты оңай уәделермен қара халықты алдап, тез арада басқарушы партияға айналып шыға келді. Бұл-феномен. Сондықтан коммунистік қозғалыстың бүкіл тарихына тұтастай баға беру қай зерттеушіге де оңай орындалар шаруа емес, мен де айта алмаймын. Барлық жерде бәрі бірдей тиран, қанішер, дүниені қиратушы болды деуге менің де аузым бармайды. Өйткені олардың адаса жүріп қоғам игілігі үшін атқарған жағымды істерін жоққа қалай шығарарсың. Ленин айтты ғой, біз не мақсат үшін күресетінімізді, билікті қандай жолмен, қалай алатынымызды жақсы білдік, бірақ қолға келген билікті қалай ұстап, қалай үлгертерімізді білмедік деп. Сосын да ғой, жарақат алғаннан кейін, 1921-1923 жылдар аралығында, Социализмді қалай орнату керек, Мәдени революция дегеніміз не, тағы басқа тақырыптарға жанталаса мақалалар жазғаны.
Қалай болғанда да большевиктер елді индустрияландыру, ауылды коллективтендіру дегендерді асығыс апыл-ғұпыл қолға алды. Бірақ осыларды қалай жүргузу керектігі жөнінде ғылыми-теориялық жолы қарасытырылып, дәйегі мен дәйектемесі жасалған, нақтыланған жоба-жоспарлары болған жоқ. Қабылданды деген жоспарлары шын мәнінде ғылымға сүйенген құжаттар емес еді. Абай айтқандай, «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп, байқап көру, қателесу, яғни сүрініп-қабыну, құлап-тұру секілді жабайы тәжірибе жолымен уралап тарта беру болатын. Сол үшін төленген баға – жойдасыз апаттар. Ашаршылықты украиндықтар әдейі ұйымдастырылған «голодомор» деп турасынан айтып салды. Айта кету керек, большевик авторлар жазған, жарық көрген кітаптар баршылық, солардың беттерінде бадырайып тұр. Онда көшпелі қазақтардан ешқандай пайда жоқ, олардың құны көк тиын, қолдарынан бар келетіні мал соңынан салпақтап ере беру, коммунизм үшін олардың бойында төңкерістік түк күш-қуат жоқ, делінген. Біздің тарихымыз мұндай солақай пайымдардың құр сандырақ екенін баяғыда-ақ дәлелдеп берді.
Ө.А. -Жалпы, Қазақстан үшін коллективтендіру дегеніміз не
болды өзі?
М.О. -Тарихи құжат-деректерден зерттеп тапқаным, көшіп-қонуды қой десеңдер қояиық, бұдан былай отырықшы болсақ болайық, деген қазақтарға большевиктер не айтарларын білмей, алдымен өздерінің бастары қатқан. Сауатсыз надан билік халыққа не айта алады, қандай дұрыс жол көрсетуі мүмкін? Озбырлықтан басқа наданның қолынан не келеді? Олар сүйтті. Қырдағы момын жұрттың алдындағы бар малын тартып алды, әр босағаға бір пұт, әрі кетсе жарты қаптан тұқымдық астық берген болды. Ал қазақтың қолында айыр-кетпені де, күрегі де, әрине соқасы да болған жоқ еді. Осыдан кейін қазақ қалай ғана аяқ астынан егінші бола қалады. Олардың тағы бір тапқан төңкерістік жаңалығы, кигіз үйлерді қаз-қатар етіп тіккіздіріп қойғаны еді. Кигіз үйлердің арасынан көше қалдырып, аттарын Карл Маркс, Мирзоян деп дабырайтқандары еді. Бұдан біз не көреміз? Көшпелі жұртты отырықшылыққа көшіруде ешқандай дайындық, жоба-жоспар болмағанын көреміз. Волюнтаризм –жарыместік ойға келгенді істеу барынша белең алғанын көреміз. Нәтижесі – Қазақстан халқының жартысынан астамын алуан түрлі жоқшылық пен аштыққы ұрындырып құртып жіберді. Нағыз голодомор ғой. Тек ресми түрде айта алмаймыз.
Ө.А. -Зерттеушілер большевиктердің қолдан жасаған аштық апатында төрт миллионнан астам қазақ аштан қатты дегенді айтады.
М.О. -Мүмкін солай да шығар. Малсыз, дымсыз қалған қазақтың сонау Қу мен Қарқаралы атырабынан Қарағандыға қарай шұбырғаны анық. Көліксіз, жаяу. Баяғы қалмақ шапқыншылығындағы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан асып түспесе кем болған жоқ. Ол заманда қазақ малын алдына сала шұбырса, бұ жолы алдына сап айдаған малы түгіл, қолында ашыққанда жейтін бір шайнам азығы да болған жоқ еді. Іштерінде бірен-сарандары ғана Қарағандыға ең соңғы күшін сарқа, жер бауырлай еңбектеп зорға жетіпті деседі, сол зұлматты жылдардың күәгерлері. Басқалары түгел дерлік жол бойында өлексе боп шашылып қалған. Көмусіз, ит-құс, құрт-құмырсқаға жем болған. Ең сұмдығы, жаңағы соңғы күшін сарқа Қарағандыға еңбектеп жеткендердің жолына тосқауыл жасақ (заградительный отряд) қойылғаны еді. Олар адам деуден қалған әлсіз бишара міскіндерді ат арбаларға тоғыта тиеп, қайтадан қыр асырып, алыс айдалаға апарып тастаумен болған. Қаладағы зпидемиологиялық жағдай бұзылмасын деп өздерінше жасаған сақтықтары ғой. Әкемнің айтқаны бар, бірде балалар үйіне барса, жетімдердің көптігінен аяқ басар жер жоқ екен. Солардың өзін үйлеріне апарып тастаңдар деп бұйырыпты большевик бастықтар. Қайдағы үй десеңізші. Тарихта адамгершілікті аяққа басқан бұдан асқан аюандық болған ба екен? Әй, білмеймін. Мұны қатардағы жәй ғана кішкентай дерек дей аламыз ба? Адам етін жеу канибализм етек алғаны ше? Оны бізге айтты ма? Айтқызды ма?
Ал қолына билік ұстап осы саясатты жүзеге асырғандар ше? Олар үлде мен бүлдеге оранды, не ішемін, не жеймін демеді. Ат басындай алтындарға иелік етті. Біраз уақыт оларға қой дейтін қожа, әй дейтін ажа болмағаны анық. Өйткені дүниенің быт-шытын шығарып халықты жаппай аштыққа ұрындырғандар сырттан келген біреулер емес, осы елдің өз ішінен шыққандар болатын.
Ө.А. -Осынау біріне-бірі жалғасқан алапат ауыр зұлматтар қазақтың сағын сындырды, мінезін жасытып жіберді деуімізге бола ма?
М.О. -Не десем екен? Екінші жаһандық соғыс кезінде фашистер басып алған жерлерде әралуан сатқындар болды дейміз ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, адам баласына ең тәтті не? Оның шыбын жаны ғой. Тірі қалу үшін адам не істемейді? Тұтқынға түскенше, өлген артық деу, жалған патриотизм, сандырақ. Соғыстың алғашқы кезеңінде совет әскерлері жүз мыңдап, миллиондап қоршауда қалып қатты қырылғанын білеміз. Талайлар қоршауды бұзып, аман шығып та жатты. Соларға «жарайсыңдар, ерледіңдер» деді ме? Жоқ. Күдікпен қарады. Сенімсіздікпен қорлады. Талайын жазықсыз жазалады да. Бәрі не үшін? Әлдебір түсініксіз идеал үшін. Ауылдың мал баққан қазағы идеал дегеннен не түсінеді? Аштықтың қан қасабынан аман өтіп, бірақ ақыл-есінен адасып, есеңгіреп қалғандар ше?
Алайда осы зұлматтардың өзін социализмнің ұлы жеңісі деп бағалап, толассыз насихат жүргізілді. Адамды не болса соған қуанатын жағдайға жеткізді. Шешем марқұмның айтқаны еді, бірде оған жақсы оқығаның үшін деп, бір жыртыс мата беріпті. Сол сәтте жер-дүниеде менен бақытты адам жоқтай боп көрінген еді дегенді шешем. Менің еңбегімді көрді, ерекше атады, бұл не деген әділдік, қамқорлық деп қуаныштан жарылардай боп жер-көкке симай кеттім дегенді. Жасасын коммунистік партия, ұлы көсем Сталин деп, шаттана жүріп әлгі матадан өзіме, ініме іш киім тіккенім ешқашан есімнен шыға қоймас, сірә, деген… Солай, жалғыз менің шешем ғана емес, өз уақытында бір жапырақ матаны, бір әшмөңке шайды, әлдебір мақтау қағазды әркімнің де социализмнің жеңісі деп қабылдағанын білеміз…
Аштықтан аман қалғандар, ептеп ес жиып, алдына он қой біткендер бұрынғыдай емес, өмірге икемді бола бастады. Олар айналаға байыппен қарап, қалыптасқан жүйенің қыр-сырын жіті тани бастады, соның ыңғайына қарай бейімделуге кірісті. Мұны қазақ санасындағы тектоникалық жарылыс десек те болады. Мәні: өлмеу, тірі қалу, аман болу.
Ө.А. -Қайталап сұрасам, осының бәрі қазақтың өзіндік қалыпты мінезін бұзып жіберген жоқ па?
М.О. -Сіз тым тереңнен тартып отырсыз. Түсінемін. Бұған менің айтарым мынау: қазақтың мінезі өзгерді, бұзылды дегендеріміз, бұл-кейінгі сөз. Ал отызыншы жылдары аштықтан аман қалғандар үшін маңыздысы – бірінің етін бірі жеуден тыйылып, қайтадан адам қалпына келгені еді. Өзіңіз ойлаңызшы, аштық жаппай белең алып тұрғанда, үлкендер дастарқандағы талшықтың соңғы түйірін қыздарына бермей, ұлдарына берген. Халықты өсіретін әйел бала ғой, соған қарамастан. Өйткені бұрынғылар ұғымында ұл бала әулетті жалғастырушы, ол бір өзінше планета, бәрі соның айналасында дөңгеленуге тиіс. Мысалы, менің әкем сондай болды.
1937-1938 жылғы атышулы үлкен репрессияны алайықшы.Ұлттың сүт бетіндегі қаймағы бір мезетте сыпырылды да қалды. Ғайыпқа жіберілді. Неге? Өйткені олар бәрін көрді, аштықтың куәсі болды.Сұмдықтың сырын түсінді. Өздеріне өздері неге деген сұрақ қойып, советтік болмысқа басқаша қарай бастады.
Ө.А. -Яғни оларда да тектіліктің жұрқанасы бар еді. Сол тектілік оларға ой салды, айналада не болып жатқанына басқаша қарау керек екенін естеріне түсірді, адами ар-ождандарын оятты демексіз ғой?
М.О. -Солай болғаны ақиқат. Сондықтан да большевиктік жоғарғы билік олардың көзін жою керек деп шешті, солай етті де. Артынша соғыс басталды. Енді жаңа ғана жетіліп келе жатқан ұлт жастарын-ұлдарын қырғын майдан ортасына қарай айдады. Солардың өлгені өліп, өлмегені аяғынан, қолынан айрылып жаралы боп, контузияға ұшырап қайтса да, естерін жиып қана қоймай, үйленіп, көп балалы отбасын құруға ерік-жігерлері жетті. Бұл-аталарымыз бен әкелеріміздің үлкен ұлы ерлігі. Ұлт тектілігінің бұл да бір айшықты көрінісі. Этнос тұрғысынан қарасақ, сол аталарымыз бен әкелерімізді шетінен батыр десек болады. Олар шын мәнінде ұлтты қайта қалпына келтірді. Қораба-қорын жасады. Әйтпегенде құрып кетуіміз әбден-ақ мүмкін еді.
Ө.А. -Иә, бүгінгі ұрпақ мұны жадында мықтап ұстауға тиіс.
М.О.-Білгені аз, мәнін ашқаны, сол мәннен әркім өзіне қуат тапқаны ләзім. Соғыстан кейін де аштық болғанын білеміз. Соған шыдап, аман қалып, бүгінгі біздерді дүниеге әкелулері, қайталап айтсам, әкелеріміздің баға жетпес ұлы ерлігі екендігі даусыз. Статистикаға жүгінсек, тек 1959 жылы ғана еліміз 1926 жылғы деңгейіне әрең жеткен.
Большевиктердің бүлдіргені көп, ешқашан орны толмас қан-қасаптарды өз қолдарымен ұйымдастырды. Десек те сол қан-қасаптардан аман қалғандардың ұрпағы мына сіз, мына мен жаман білім алдық па? Жаман қызметтер атқардық па? Майдаланып кеттік, ниетіміз бұзылды дегенге келсек, әртүрлі жаман келеңсіздік қылықтар қай халық арасынан да кездеседі. Сатқын дейсіз бе, парақор жегіш дейсіз бе, табылады. Отбасындағы сияқты ғой, қолыңдағы бес саусақ тәрізді баланың бірі анадай, бірі мынадай болып жатады емес пе.
Иә, біз сол бір аласапыран замандарда көп нәрсемізді жоғалттық, мінезіміз де жасыды, көзге көрінбей бұғып, тиыш жүруді әдет еттік.
Ө.А. -Олай болса, қазақтардың аштыққа өте-мөте қатты ұрынуына, репресияның аса қатал түрде өтуіне жер-жердегі қазақ басшылары да тікелей кінәлі болды десек ше?
М.О. -Қазақта белсенді деген сөз бар, негізі жаман ұғым емес. Енді осының өтірік жалған белсендісі бар, халық басына түскен біраз қасірет сондайлардан келгені де рас. Олар шынымен де тектілігін жоғалтқандар. Қырағы большевик, таза советшіл болып көріну үшін олар жоқ жерден бәле іздейтін, табатын да.
Ө.А. -Сонда олардың бұл ісі саналы әрекет пе, жоқ әлде әдейі ойластырылған қысастық па?
М.О. -Олай да, былай да деп айту өте қиын. Сол кездегі танымдық деңгей тұрғысынан олардың көбі өздерін шын патриотпыз деп санаулары да мүмкін. Тірі қалудың бір амалы ретінде қару етулері де ғажап емес. Бір мысал айтайын. Менің әкемнің немере ағасы Хасен Ахметов аты тарихта қалған адам. Қарқаралыда Совдеп құрылып жатқанда, ақ гвардияшылар тұтқиылдан шабуыл жасап, большевик белсенділер дегендерді түгел қырып кетеді. Ішінде Хасен Ахметов те бар. Әкем марқұм сол бауырын өмірі аузынан тастамаушы еді. Өйткені әкем басына қара бұлт үйірілгенде, талқыға түсетін, жұмыстан қуылатын, сотталатын қауіпті жағдай туғанда ылғи да «мен Совет өкіметі үшін жан берген Хасен Ахметовтың бауырымын» деп төс қағып, талай мәрте құтылып кеткен. Хасен шынында кім еді? Большевиктік идеяға шын ұйыған фанат па? Жоқ әлде, ақгвардияшылардың қылышы астына байқаусызда түсіп қалды ма? Анығын нақты білмеймін. Әйтеуір большевиктік даңқымен әкемді талай бәледен құтқарғаны анық. Жалпы, жалмауыз қатал империяның бірнеше ғасырлық тепкісінің әр кезеңінде тірі қалу үшін біздің хлқымыз, оның алдыңғы қатарлы ұлдары жағдайға қарай бейімделу керегін де жақсы білген. Мұны мен дұрыс түсінемін. Тірі қалсаң, үміт бар, өліп кетсең, не бар? Бес Франция сиятын осынша жер алабына ие бола тұрып, құрып кетпеуді ойлау жаман қабілет емес. Декорациялық түрде болса да Қазақ ССР-ы деген түсінікті пйдаланып, тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтап қалуға тырыстық, қан араластырып жойылып кетпеуге күш салдық. Ақыры міне, бабалар аңсаған жарық күнге қол жетті. Бүгін көгімізде көк байрағымыз еркін желбіреген тәуелсіз дербес ел болып отырмыз. Тәуелсіз елдің билігін қолға ұстаған жаңа ұрпақ, Елбасымыздың тікелей басшылығымен шекарамызды белгілеп, нықтады. Бәлкім, әлдебір жер пұшпақтарын көршілерімізге берген шығармыз. Дау шығарсақ арты не болар еді? Беті әрмен, бастан құлақ садаға, шекарамызды белгілеп қана қойғанымыз жоқ, екі жақты әлем мойындаған заңдармен мәңгілікке тастай етіп бекіттік. Бұл қанда бар тектіліктің ешқайда кетпейтінін, бұғып қанша жатса да, әйтеуір сәтті бір күні бұрқ етіп қайта бас көтеретінін дәлелдейтін керемет айғақ. Иә, шекара мәселесінде шикілік болмау керек екен, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Украинадағы қаны сорғалаған трагедиялық жағдайлар соны айтады.
Әрине, біздің өз ішіміздің сыншылары да қарап жатқан жоқ. Жер беріп қойдық, ауылды құртып алдық, оқу сапасы төмендеп кетті, жұмыс орны аз, жезөкшелік көбейді, тағы сол сияқтыларды бықсытады. Ал Украйнада не болды, ойлаңызшы. Бауыр бауырына оқ атты, бірі-бірінің үй-жайын қиратып тастады, өртеп жіберді. Ондай дағдарысты біз де бастан кештік, бізге де оңай болған жоқ. Бірақ адамдық қалпымызды сақтап абыроймен өттік. Өткенге көзқарас мәселесінде біздің түсініктеріміз өзара шарпысып та қалатын шығар. Алайда әр уақыттың өз қаһарманы болады. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз қанша қиындық көріп, қандай қайшылықтарға ұрынбасын, олар өз заманының ерлері. Көшпенділіктің тектілік ұстанымын сақтай білген, адамгершілікті ту еткен шынайы ерлер. Бала кезімде Қабанбай, Бөгенбай, баяғының тағы басқа батырлары туралы естимін ғой, сонда бұлар совет мемлекеті үшін не істеген, қайдан шыққан батырлар деп ойланушы едім. Одан кейін төңкеріс кезінің батырлары –Жандосов, Меңдешов, Сейфуллиндерді білдік. Азамат соғысы дегеніміз не? Әке мен баланың бір-біріне оқ атуы екен. Себеп? Әкенің арқа еті арша, борбай еті борша боп өмір бойы тірнектеп жиған-тергенін, орнатқан қалыбын баласы мұның бәрі түкке алғысыз бірдеңелер, қиратамын дейді. Мысалы, әкенің қолындағы сонау арғы атасынан бері үзілмей өсіп-өніп келген бар малын тартып алып, ашық-шашық колхоз қорасына айдап апарып тастады. Бұл не сұмдық?! Қыр қазағы мұны бірден түсіне қойды деймісіз. Әрине, түсінген жоқ. Бірақ қинап, еріксіз түсіндірді. Ол заманның идеологтары керемет күшті адамдар болды ғой. «И Ленин такой молодой, и октябрь юный впереди», «Ленин тірілердің ішіндегі ең тірісі» -миымызға құйды, тоқыдық, аузымызға құйды, жұттық. Солай ғой. Қоғамнан асып қайда кетесің. Октябрят болдың, пионерге өттің, комсомол қатарына тұрдың, партияға қабылдандың. Пионер өтірік айтпайды, Павлик Морозов әкесін ұстап берді, молодец!
Ө.А. -Алға, комсомол, туың қолыңда..,
М.О. -Иә, туғанннан өлгенге дейінгі белгілеп қойған жүрер жолың осы еді. Осы тура жолдан оңға, солға аттап көр, не болар екенсің…

Өтен Ахмет
Жалғасы бар…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.