Ерік Нарынов. Арман

Ерік Нарынов

Нарынов Ерік Сейсенұлы — 1997 жылы, 17 шілде де  Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов атындағы ауылда дүниеге келген. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті.

Арман

Жырмен жазып жүрегімнің жарасын,
Жырмен шарлап, жер мен көктің арасын.
Жұдырықтай қайратымды қамшылап,
Арман қуып барамын мен, анашым.

Қанат қағам мен арманым арқылы,
Арманымның өмірдейін бар құны.
Биіктерді мекен еткен қыранның,
Құлағыма шалынады шаңқылы.

Сол бір биік ғұмырымның тармағы,
Сол бір биік ақ шұғылам таңдағы.
Сол биікке жетпей жатып үзіліп,
Өлгенім ол — қанатымның талғаны.

Биік ұшам қара жерден, тозақтан.
Сүрлі-соқпақ кешпеу үшін балақтан.
Биік ұшам барлығынан, анашым,
Құдай мені биік үшін жаратқан!

Ауыл

Қой маңырап кезбеген соң қырларын,
Туған ауыл айтып жатыр мұң,зарын.
Аспанына бүркеніп ап бұлттарын,
Сағынардай шалғай кеткен ұлдарын.

Ол сағынар, сағынбайды бірақ ұл,
Арман қуып асып кетті қыр, адыр.
Ал қарттары күннен-күнге азайып,
Іргесінде көркейуде бір ауыл.

Ауылымның, тереңдепті жарасы,
Молалармен бір ақ адым арасы.
Өлілердің ауылына көз салсам,
Көрінеді балалықтың моласы.

Өлшенбейді, сағыныштың көлемі,
Әр адамға сағыныш қой керегі.
Балалықтың тас моласын құшақтап,
Өксіп-өксіп, жылап алғым келеді.

Көңілді ән

Темекісін тұтатып аяң басып,
Біреу заулап, біреулер аялдасып.
Ұшқан құстар қайнаған тіршілікті,
Жаратқанға жүргендей баяндасып.

Тағдырының теңселіп дауылында,
Шер аралас қан тулап тамырында
Жылу шашып әнімен қария тұр,
Жұмыр жердің жылусыз бауырында.

Мен өнерден басқа ға бас имедім.
Қарияның әнінен тасый бердім.
Көңілді әуен маңайға жаңғыруда,
Қабырғасын қаусатып тас үйлердің.

Ән ұнады, немесе аяғаны,
Бақыр беріп кетеді таяғаны.
Бейбақ қарттай бақ сұрап әр-бір адам,
Бір құдайға алақан жаяды әлі.

Толық қанды кім ұқты өмір мәнін?!
Көше кезіп кетті ғой не бір дарын.
Қатал өмір көңілін қалдырса да,
Сол бейбақ қарт шырқап тұр көңілді әнін.

Кек алу

Зәулімдерді теңселтіп шыбық талдай,
Өкпе,назын ішіне бұғып қалмай.
Боран соқты долығып жер ананың,
Өрт боп жанған өзегін суытқандай.

Бұл боранда жандар көп арам қатқан,
Адуыны сондықтан алаңдатқан.
Шерлі боран соғуда жер ананың,
Кегін алып жатқандай адамзаттан.

Дүр сілкінсе табиғат жоқ амалың,
Табиғатта кім ұққан нала барын.
Қамқоршыдай ақ боран жер ананың,
Ақ матамен таңып жүр жараларын.

Ақ қасқыр боп бұл боран ұлығандай,
Ауыр еді қасқырдың мұңы қандай.
Сол жыртқыштан кеудесі кекке толы,
Тобыр халық қашып жүр түгі қалмай.

Талай боран әскері көктемде өлген,
(Біздер жайлы сұрады-ау өткендерден.)
Дүлей боран қатігез мына әлемге,
Жазалаушы әскердей көктен келген.

Боран

Жерді кезіп жүргендей үйір жылқы,
Қамбар ата – аспанның түйір бұлты.
Сол бір жаяу жер сызған бұрқасыннан,
Секем алдыдаланыңдүйім жұрты.

Бір шайқастың сезгендей болатынын,
Маза қашып, таппады дала тыным.
Басталардай «ақтабан шұбырынды»,
Қарағандар шуласты қара-құрым.

Қан шайқасты бар ғалам көрсін бүгін,
Ерлік жайлы шайырлар өрсін жырын.
Дүлей боран тауларға соғыс ашты,
Кеуде керген жақтырмай өршілдігін.

Биік таулар үрейге бой алдырып.
Қайрат, күшін ішіне қояр бұғып.
Сол қорқыныш сезімді суреттер ем,
Бұл жалғаннан кеткендей бояу құрып?

Уақыт сайын күшейіп аласұрып,
Дұшпанына келердей шамасы нық.
Дүлей боран аттанды атойлатып,
Күйретуге тауларды тым асығып.

Бар тіршілік құштар-ақ соғысқанға,
Ерегісіп иттердей қарысқанға.
Тау етегі ну орман қара халық,
Жапа шегер күштілер алысқанда.

Ұят жоқ деп…

Ұят жоқ деп ұрыстың аға маған.
Мен ұяттың ауылын жағалағам.
Сол ұятты жүргенде серік қылып,
Жемтік қылып талаған арам адам.

Ұят үшін аға жан өлуде кім.
Азабына ұяттың көнуде кім.
Салқын соққан тас бауыр бұл өмірде,
Тек жыртқыштар үмітті көруге күн.

Ақ қараның мез болдым таласында.
Толасындар толасты толасынға.
Түсін мені аға жан мүмкін емес,
Қой боп жүру қасқырлар арасында.

Туын тіккем ұяттың ақ шынарға.
Сыйынатын бас иіп бақ сынарда.
Ұятымның киелі ақ жалауы,
Көрінеді тек қана жақсыларға.

Сүйем сені тіршілік !

Жақсы көрем мен өзіңді, тіршілік!
Жүрсемдағы мұңмен сені бір сүріп.
Жатсадағы біреу сенен түршігіп,
Кетсін мейлі біреу сенен күрсініп,
Жақсы көрем мен өзіңді тіршілік!

Жақсы көрем мына сені, тіршілік!
Көшкініңнен, қалмаса да бір шыбық.
От кеудемнен тырнап, теріп жыр сығып
Жүріп келем алға қарай құлшынып.
Себебі мен сүйем сені, тіршілік!

Куә болып бар күреске сендегі,
Өзің жайлы ойлайды екен ел нені?!
Жан тәнімен сүйер сені, тіршілік,
Жалғыз адам мен болармын жердегі.

Таулар

Асқақ таулар, жұмбақ бұққан ішіне,
Қарасаңшы, табиғаттың ісіне.
Орын беріп шыңдарынан бір биік,
Осы таулар енетұғын түсіме.

Таудың жырын шыңға құмар ер білген,
Таудың мұңын жеті қатты жер білген.
Өр дауыспен сырқыратып тастарын,
Өр тауларға өлең оқып бердім мен.

Мәлім болып ғасырлардың шындығы,
Түріледі талай сырдың түндігі.
Тына-тына, бар шыдамы таусылып,
Қарт тауларым сөйлеп кетсе бір күні!

Әке

Дауылмен дауылша алысып,
Боранмен боранша алысып.
Бөрімен бөріше қарысып.
Жүйрікпен жүйрікше жарысып.
Әкешім өтті-ау жастығың.

Қаз мойын асауды үйретіп.
Жауыңды құлатып күйретіп.
Тақымға салып ап сүйретіп.
Ақылға жүректі билетіп.
Кештің -ау ғұмыр әкешім.

Дала мен дала боп құлпырып,
Кеудеңе бір жылы жыр тұнып.
Теңіздей бір тулап бір тынып.
Тағдырға көндікпей бұлқынып.
Әкешім өтті-ау дәуренің.

Бетіңде әжімің тереңдеп,
Бәріне алаңдап елеңдеп.
Мен үшін жаныңды берем деп.
Төбемнен нұрыңды төгем деп.
Зырғуда әке өмірің.

Аспанда ойнатып жасынды,
Ақ түске боятып шашыңды.
Күн сайын идіріп басыңды.
Күздей боп қуратып жасылды.
Әкешім келді -ау кәрілік.

Құс қайтып барады

Қаныққандай өмірдің қыр-сырына,
Кез боп жүріп, сәттілік қырсығына.
Тағы құсты тұрмын мен шығарып сап,
Жаз керімді тістеген тұмсығына.

Бір қария қарайды құс көшіне,
Оралмайтын балалық түсті есіне.
Балалыққа кетер ед қанат қағып,
Сыйар ма екен жүрегі құс төсіне.

Айдын көлдің тұз себіп жарасына,
Шаттық сыйлап ойынның баласына.
Құшағыңа көктемді әкелем деп,
Ұшып барад серт беріп даласына.

Бірі қалып, кетуде бірі жатқа,
Туған жерден жырақтап тым ұзаққа.
Түймедейін көздерден жас төгіліп.
Құстар ұшып барады жылы жаққа.

Өмір деген толқыған жыр дария,
Өмір деген бір биік шыңдағы ұя.
Көшкен құсқа көп қарап ойға батып,
Өз мезгілін күтіп жүр бір қария.

Күз ғұмыр

Жапырақтар үзілді желегінен,
Қара жерге қүп-күрең өре кілем.
Қарағаш ол — өр ақын ғасыр көрген,
Қол үзуде біртіндеп өлеңінен.

Сағыныштан сыздаған көрем төсін,
Түсірместей болған соң көлеңкесін.
Ерке желге өптіріп жапырағын,
Шатқа толы өткізбес өлең кешін.

Өр қарағаш жоғалтты жасыл түсін.
Ғайып болды сұлулық асыл пішін.
Еміреніп айтуда жоқтау жырын,
Бойындағы сарп етіп ғасыр күшін.

Қайда кетті жасыл түс кім біледі?
Әкетті ме уақыттың түнгі лебі?
Іздегендей жоғалған жасыл түсті,
Көк аспанда қаз, үйрек дүрлігеді.

Көктем деп біл, бүршіктей балалықты,
Жаз жастығың, айырар ара жікті.
Күз келгендей өлшеулі ғұмырына,
Қара шашы анамның ағарыпты.

Жалынды жастық

Көйлектің түріп жағасын.
Тағы да қызға барасың.
Қыз құмар болу досым-ау,
Өзіңе ғана жарасым.

Жылы сөз айтып молынан.
Сүйесің нәзік қолынан.
Ауады есі еріксіз,
Шықпастай сезім торынан.

Құшақтап сұлу керімді,
Ойлайсың іштей деріңді.
Бір ебін тауып сүйерсің,
Қолдан соң қызыл ерінді.

Солдырып піскен шиесін,
Қанғанша құмар сүйесің.
Тартынып жатса жетер деп,
Балаша қабақ түйесің,

Сыздатқан тауып дерт емін.
Ұмыт боп келер ертеңің.
Аймалап оны жатарсың,
Астында жылы көрпенің.

Шоқтанып дене күйдіме?
Ерінің отты сүйдіме?
Жалындап өтер осылай,
Жастықты жалын дейдіме?!

Күттіңбе

Жүрегің толқып, сен мені,жаным күттіңбе?
Топ-толық айға, сағыныш туын тіктіңбе?
Үйімнен шығып асығып барам бір саған,
Өзіңе деген, өлеңді жазып біттімде.

Арқаңда сенің біреуді, қалқам ұмыттым,
Мұздаған жанды сәулеңмен шарпып жылыттың.
Сәулеңді жинап жүргенде мені сен күтіп,
Шамдарын жағып тұрғандай болад тынып түн.

Күте түс, жаным, шыдай түс ,жаным тағыда.
Тұлпардың асау жармасып келем жалына.
Жармасып келем, қуанып келем тасынып,
Сыйлайтын жылу, өмірде сенің барыңа.

Жүрекке соққан сезімнің жырын жырлатып,
Көзіңде терең ашылмай қалған сыр жатып.
Күттіңбе, жаным, күттіңбе, жаным сен мені?!
Өмірде мынау күтудің өзі бір бақыт!

Аппағым

Жауа түс тағы, жауа түс тағы, аппағым,
Өзіңе деген бір тұнық сырды сақтадым.
Өн бойың ызғар… Аяздан қуат алсаңда,
Шынымен сиқыр өзіңнен жылу тапқаным.

Сағынған жанға махаббат толы құшақ ем,
Бақытты жанға көзімен көрген түс әлем.
Мендегі жүрек кеудеңде сенің соқса егер,
Сағынып жүрген тауларды барып құшар ең.

Сағыныш толса кеудемде болар жарылыс,
Сағыныш тәтті, сағынып көрде балын іш.
Аппағым, менің қолыма қалам алдырып,
Жаздырған өлең тауларға деген сағыныш.

Таулық сезім

Тау жаққа бұрып желкенді,
Тау жаққа барып өртендік.
Тауларда бізбен өртенді,
Оранып отқа көркемдік.

Өптірдік таулық самалға,
Шоқтанда ыстық денені.
Тауларда ұқсап қамалға,
Қамалған көңіл дөнені.

Бір қызық үндер жаңғырды,
Бүйірін соғып заңғардың.
Тұрағын таппай қаңғырды,
Мазасын алып аңдардың.

Жылжытып жылдар тарықтым,
Теректей нәзік бой жеттің.
Жаным-ау сосын ағыттым,
Түймесін сендік көйлектің.

Бір жақұт таппай тереңнең,
Құмарым менің қанбаған.
Жалындай ыстық денеңнең,
Көйлегің қалай жанбаған.

Көңілдің тарқап бар мұңы,
Көктем боп көңіл қар жатқан.
Жаным-ау біздер сол күні,
Мәз болып қайттық тау жақтан.

Тауларым шіркін көркем ең,
Жырыма болған сан арқау.
Сұлумен мені өртеген,
Мен үшін сендер жанартау.

Алаңсыз күндер моласы.

Оралмас менің өткенім,
Алыстап кеткен жағасы.
Мектебім менің мектебім,
Алаңсыз күндер моласы.

Айырды уақыт өзіңнен,
Жүректе долы жарылыс.
Жас болып аққан көзімнен.
Тұншыққан іште сағыныш.

Күнтүзбе толы сандарда,
Уақыттың сайқал тыңшысы.
Таңдарды жалғап таңдарға.
Өзгермес ешбір түр-түсі.

Қоңырау шылдыр естіліп,
Жасымды аққан көп сүрттім.
Қалса да үні ескіріп.
Күйінен артық Моцарттың.

Мектептен бақыт теріппін,
Түспейтін ешбір бағасы.
Осында міне Еріктің,
Алаңсыз күндер моласы.

Өмір жайлы

Бар екен-ау өмірде не бір қайғы,
Ой електен өткіздім не бір жайды.
Өмір жайлы көп нәрсе білген болдым,
Көп айтқан соң анашым өмір жайлы.

Ағам, әпкем, бәріміз бір адамдай.
Жалтақтаймыз әңгіме сұрағандай.
Құрақ құрап отырар анам болса,
Құрақ-құрақ өмірін құрағандай.

«Дәурен-ай » — деп бастайды сөздің басын,
Асқар таудай түсіріп ұнжырғасын.
Отырады сосын ол жаулығымен,
Мөлтілдеген тыя алмай көздің жасын.

Өмір оның тырнаған жарасын мың,
Торлап алған жүрекпен санасын мұң.
Қарап тұрып алаңсыз жастығыма,
Өртенердей өзегі анашымның.

Толқын соғып жағасын көңілінің,
Дауысынан естимін теңіз үнін.
Мен өмірден қаймығып қалады деп,
Кей сәттерін айтпайды өмірінің.

Бұл өмірдің аз көріп жақсылығын,
Көп көрген-ау жоқшылық, тапшылығын.
Анашымның ап-ащы көз жасынан,
Бұл өмірдің сеземін ащылғын.

Өмір жайлы жазылған анам дастан…
Арпалысы, мұңы көп ғазал дастан…
Аяйтын да секілді анам мені,
Енді ғана өмірге қадам басқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.