Естен қалмас бір оқиға (Жауынгер дәптерінен)

amanzholov_photo_8Старший сержант, сені штабқа, партбюроға шақыртып жатыр,- деді посыльной. Бардым. Капитан Шестернов: Ал, дайындал, үгітшілердің округтік мәжілісіне барасың,- деп жылп-жылп етеді. Бұрын қабағынан мұз түспейтін капитанның мұнша жылпылдауы мені біраз ойландырып тастады. «Әй, шырағым-ай, мені өзім жіберіп отырмын дегендей ғып қыр көрсетесің. Тегі сен емес шығарсың, подполковник Әлпин шығар. Сенің сырың мәлім еді ғой. Осы немені несіне ардақтаймын деп ойлайтын да шығарсың. Шынында да мен емес, сенің баратын жөнің бар еді ғой. Ішіңнен менің баруымды ұнатпай-ақ отырсың-ау», деген ой басыма келе қалды. Сарт етіп бұрылып кете бардым. Азық-түлігімді алып, жолға жиналып жатыр ем, аға лейтенант Бессережнов (батальон командирінің саяси орынбасары) шақырды. Бардым. Сені жақсы үгітші деп округке мәжіліске жіберейік деп жатыр едік, енді жібере алмаймыз…-деді ол маған. Соны айтты да, жүгіріп штабқа кетті. Артынан мен де бардым. Сүмірейіп қайта шықты. Лездің арасында иі қанып, жұмсап қапты. Ал дайындал, таза киім ал…- деп маған енді ақыл айта бастауға кірісті.

Брянск І-шіден поезға мініп, Москваға қарай тартып кеттік. Февральдың 3-інде Москваға келдік. Қазан вокзалында 5-6 сағат поезд күтуге тура келді. Сессия жүріп жатқанын білем. Қазақ азаматтарының біріне жолыққым келе берді. 3 сағатқа ұлықсат алып, «Москва» қонақ үйіне келдім. Коменданттан ұлықсат сұрап, Қазақбаевтың пәтеріне келдім. Есікті қақтым, әйелі шықты. Кішкене қара домалақ бала коридорда ойнап жүрді. Коридордағы диванда отырып жеңгеймен біраз әңгімелестім. «Жарайды, айтайын» деп, ол кетіп қалды. Енді бір мезетте бір жуан келе жатыр. Қарасам баяғы өзіміздің Жазушылар одағында іс жүргізуші болып істеген Баязитов. О, құданың құдіреті-ай! Тіпті семіріп кетіпті, маған паңдана қарайды. Тіпті сөйлескісі келмейді. Егер менің офицерлік погоным болса сөйлесетін сияқты. Балтырымдағы таңғышымды, үстімдегі шинелімді көрген соң, оның шолақ ойының қортындысы мәлім ғой. Сонда да болса, жайымды айтып жалынғандай болып, Қазақбаевтың қабылдауын сұрадым. Кіріп қайта шықты да:
Ағайдың қолы тимей жатыр. Ертең кел, — деді. Мен ертең келе алмайтынымды айтып, отырып алдым. Табандаған бір жарым сағат отырдым. Неше түрлі ойлар келді – ау басқа. Баязитов бір шыққанда: — Тәртіптеріңіз бойынша, әуелі тексеріп барып қабылдайтын шығарсыңдар. Олай болса міне документтерім, — дедім. Бір мезетте желбегей шапан жамылған Қазақбаев шықты. Ол мені кабинетіне ертіп барды. «Мен қазақтың ақынымын. Егер мені білетін болсаңыз, маған бір документ жаздырып беріңіз…» деуім мұң екен, ішінен жақтырмай қалғаны жүзіне ойнап шыға келді. Сен қазақ ССР Жоғарғы Советіне менің атыма хат жаз, мен қағаз жібертейін, — дей салды. Көкейі мәлім болды.

Осында, әлгі Сәбит Мұқанов жүр, — деді бір қаға берісте. «Сәбит» дегенді естіген соң көңілім тасып кетті. Тезірек кеткім келді. Ал, сізге көп рахмет. Айыпқа бұйырмасаңыз, Сәбитті тауып алайын, — деп тайып бердім. Қонақ үйдің есігі алдында машинаға мініп жатқан бір жуан нән қара қазақты көрдім.

Сәбиттің қайда тұратынын білесіз бе? – дедім. «Мына жаманның Сәбитшілін қара» дегендей, адырая қарады ол маған. Тек аздан соң ғана: — «Гранд отельде», — деді. Гранд отельге кеттім. Сәбит жоқ. Жүрегім алып ұшып барады. Таңғаламын: «Мынау нағыз түс сияқты болды-ау. Бақыт деген түлкідей еркелеп алдыма келді. Бірақ жалт беріп алдап кетпесе игі еді», деп ойлаймын, Жазушылар одағына қайта-қайта телефон соғып жүріп, азын-аулақ ақшамды бітіріп алдым. Енді қайттым? Уақытым бітіп барады. Күн батып, қараңғы бола бастады. «Қой, не де болса бақытымды бір сынайын» — деп, Метроға түстім де, Арбаттан келіп шықтым. Воровский көшесімен апақ-сапақта салдыртып келем. «Жоқ, кездесе алмайсың, бақытсызсың. Жоқ, кездесесің бақыттысың» деген екі ой басымда керісіп келеді. Егер кездессем, одан арғы перспективам жарқырап тұрған сияқты. Кездеспесем тіпті, вокзалға қалай жетерімді білмеймін. Өкпесін қолына ұстап жортты дегеннің өзі осы болды.

Ендігі бір сәтте алдымдағы переулокпен бір адам шықты да, менің алдыма түсіп, кете барды. Қуып жеттім, сыртынан байқасам – Сәбит!

Сәке! – дедім мен. Менің осы үнім не көктен, не жерден шыққанын білмей қалды-ау деймін, Сәбит жалт қарап, біраз кідіріп тұрып қалды. Кенет есін жиған кісідей:

Ойбай-ау, Қасым! – деді де, мол денесімен тарпа бас салып, құшақтап алып, сүймесі бар ма мені. Көңілім бұзылып кетті. «Бақытты екенмін» деп ойладым мен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.