«Қайда! Қарағандыда!» кітабының он кемшілігі

Қайда! Қарағанды!«Қайда! Қарағандыда!». Өткен жылы Ә.Бөкейханның конфренциясына барғанда осы кітапшаны қонақтардың қоржынына салған екен. Үйге келген соң ашып қарадық. Қарағанды маған бөтен емес, өзіміздің туған-өскен ауылымыз ! Он екі жасар бала күнімде әкем қолымнан жетелеп 2-ші интернатқа әкеліп тапсырған. Қарағандыда университетте оқыдық, ғалым атандық деген сияқты. Сол себепті болар Қарағандының әр жақсы ісіне қуанамыз, бір жағдайсыз хабар естісек жабығамыз.

Шағын ғана кітапшаны «Өрлеу» ұлттық орталығының Қарағанды филиалының, яғни Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының ұжымы құрастырған екен. Тамаша бастама ! Азамат болу мектептен, өз қаласының тарихын оқудан, оның ұлы азматтарымен танысудан басталады. Бірақ «для широкого круга читателей» орысша-қазақша аралас кітапшаның тиражы бар-жоғы 50 дана. Көпшілікке арналған дүние ең болмағанда 500 данамен шығуы керек қой. Мүмкін, болашақта кітпашаны қайта басып шығарғанда ескерер деп біраз пікір қосқанды жөн көрдік.

Біріншіден, Қарағанды ерте дәуірлерден бері адам қонысы болған жер. Қаланың ортасында қазір аянышты, қоқыс төгетін жылға болып қалған Бұқпа мен Соқыр сияқты даланың екі өзенінің бойы толған тас және қола дәуірінің ескерткіштер. Неолит қонысы Қарағанды университетінің Оңтүстік-Шығыс аудандағы ғимаратының іргесіне тиіп тұр. Бір-екі сөйлеммен атап өтетін тарих, ал оқырман, әсіресе балалар қаншама ақпарат алады. Оларға Қарағандының «қос өзені» туралы сіз айтпасаңыз кім айтады ? Бәлкім, олардың ішінен қаланың әкімі шығып Бұқпа мен Соқырды қалпына келтірер.

Екіншіден, 1934 жылы қала дәрежесін алмай-ақ Қарағандыда көміршілердің әр шахтаның түбінде шашылған шағын қоныстары болған. ХІХ ғасырдың 60- жылдары олардың барлығы қосылып Рязанов компаниясының меншігіндегі Спасскі зауытына мың пұттай көмір беріп отырды. Ол жерді қазақ Ақбұйрат адыр дейді, жағалай Соқыр-Сораң таулары. Сол кезеңге қатысты М.Красовкий сияқты Ресей генштабының полковнигінің тамаша жазбалары бар, неге пайдаланбасқа ?!

Үшіншіден, көпшілік оқырман үшін Қарағандыға ағылшындардың ие болған кезеңі де қызықты емес пе ? Егер шындығын айтсақ Қарағанды атауының әлемге танылғаны, кітапқа енгені де сол уақыт. «Спасск акционерлік қоғамының» қызметкері Френк ван Агнев «Қазақ (жеріндегі) өмірім» (Live with the Kirghiz) кітабында «Спасскіден он үш миль солтүстікке қарай, домна пештеріне де, адамның жылы өмір сүруіне де қажетті ересен (автор huge, яғни гигант сөзін қолданған) көмір қоры бар Қарағанды шахталары орналасқан» дейді (р.7). Э.Нельсон Феллдің «Ресей және қазақтар» (бұл кітап 1916 жылдан бастап бірнеше атаумен жарияланған) кітабы Қарағанды өңірі туралы қызықты тарихи және этнографиялық деректерге толы.

Төртіншіден, Қарағанды туралы бір кітаптан Ғабиден Мұстафин мен Қасым Аманжолов қалмайды, бірақ қашанда Қасымның туған жері Қызыл, Ғабиденнің туған жері Жауыр деп көрсетіледі. Дұрысы -Ақбай-Қызылбай, Жауыр бұғы таулары.

Бесіншіден, Қарағандының қалалық және аймақтық газеттерінің тізімінде «Орталық Қазақстаннан» басқа қазақша газет-журнал жоқ. Сонау қиыншылыққа толы 90-шы жылдары біздің Әшімхан Жампейісов басқарған «Замандас» деген газетіміз болушы еді. «Валют-Транзит» ақшасына «Азия-Транзит», «Тілашар» сияқты журналдар шығып отыратын. Мұқабасына шарлатан Кашпировскийдің суреті қойған «Авиатректен» басқа ештеңені оқымайтын болғанбыз ба ?!

Алтыншыдан, Қарағанды жоғарғы оқу орындарының ішінде «Болашақ» университеті неге жоқ ? Көп жұрттың Қарағандыны осы университет арқылы танитыны жасырын ба ? Кітапшаға ең болмағанда Нұрлан Дулатбековтың «Карлаг» тарихына қатысты жасаған еңбектері кіруі керек еді ғой ?! Қарағанды қаласы мен өңірінің тұтас бір кезеңі осы «Карлагпен» байланысты.

Жетіншіден, Бұқар жыраудың туған-өлген жылдары дұрыс көрсетілмеген. Бүкіл өмірбаяны өзінің толғауларында сайрап жатқан жырау 144 жыл өмір сүрді деген не сандырақ ? Жырау 1683 жылы Бұхар қаласы маңында туып, 1780 жылы Далба тауында қайтыс болды (Қараңыз: Ж.Омари. Бұқар жырау-он екі тарих. Қарағанды, 1994; Астана, 2007). 97 жас адам үшін аз ба ?! Бұқар жыраудың скульптуралық бейнесі де бір ретке келмей қойды. Әркім ойына келгенді жасап жүр. «Қайда ! Қарағандыда !» кітапшасына енген скульптураның авторы Ж.Молдабаев дейді. Бұқарекең түрі жыраудан көрі, еуропалық теңіз пираттарының бейнесіне көбірек келеді. Әйтеуір жырау бейнесін шығару керек екен, жыраудың тұқымдарын жинап алып фотоға түсір де, ортақ түрге келтір, қазіргі күні оны жасау онша қиын емес. Бұқар бабамызды «суырып-салма ақын» дегені де ұнамайды. Ол заманда қазақта екінің бірі суырып салма ақын. Жыраудың өзі Абылайға «жеті ханды жебеледім» дейді, яғни жеті ханды жетектедім деген сөз. Осыдан-ақ Бұқар жырау деңгейін білуге болады ғой.

Сегізіншіден, кітаптың он беті спортқа арналған. Серік Сәпиев пен Г.Головкинді көрсетуге кім қарсы ? Бірақ білім мен ғылым, тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет саласын да солай көрсетіңіз ! Қазақ «білекті -бірді жығады, білімді -мыңды жығады» дейді. Әлде, білімімен, өнерімен әлемге танылып жүрген ұлдар мен қыздар жоқ па ?! Кітапшаның өзі «Өрлеу» орталығынан шыққаннан кейін басты мақсат білімді-ғылымды насихаттау шығар. Қазіргі білім саласы жас азаматтарды бизнеске баулуды басты мақсат қояды, жарайды, ендеше Қарағанды бизнесінің екпінділерін де жазайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлауға таяу қалған Қарағандыны көтерген Айтбақы Біләлов туралы неге бір ауыз сөз жазбасқа ?! Ол кісінің қолынан ғылыми жұмыстарына грант алған азаматтар қайда ?

Тоғызыншыдан, мен білетін Қарағандыда Әлімхан Ермековтен мықты қазақ болған жоқ. Потанин мен Усовты Орталық Қазақстанға алып келетін осы Әлекең, Қанышты Томскіге оқуға жібіретін де Әлекең ! Лениннің алдында Сибревкоммен, Астрахан ревкомымен жағаласып Қазақ республикасының шекарсын белгілейтін де Әлімхан Ермеков ! Сонда бар-жоғы 29 жаста ! Әлекеңнің өмірінің соңы осы Қарағандыда өтті. Кітапшаға Әлімхан Ермеков туралы бір ауыз мәлімет кірмегені өкінішті.

Оныншыдан, біздің жас шағымызда Алаш кезеңі туралы әңгімені Жайық Бектұров ағамыз ғана айтушы еді. Мағжан өлеңдерін өз басым алғаш Жайық ағайдан естідім. Кітапшада бірталай уақыт осы өңірдің жазушы-ақын қауымына басшылық жасаған Жайық Бектұров аты жоқ. Тек қана Жайық ағамыз емес осы Қарағандыға талай еңбек сіңірген азаматтар туралы аз-кем ақпарат қазіргі күні жастарға керек-ақ. Кезінде «Қарағанды радиосында» Базар Мамыр деген ақын азамат қызмет жасады. Екеуіміз бірлесіп бес жылдай «Зерде» хабарын жүргізіп едік. Ол кезде ұлттық тарих, өнер, шешендік сөз туралы ақпарат өте аз, таңертең ерте жүргізілетін «Зерде» талайды ұйқыдан оятып еді.

Әйтеуір бұл кітапшаны «Өрлеу» шығарып жатыр екен, бір нәрсені айтпасам болмайды. Кезінде Мұғалімдер білімін жетілдіру институтында тарих кабинетіне Рашит Шайзаратұлы Хасенов деген өте бір зиялы ағамыз жауап беруші еді. Қарағанды облысы мектептерін сол кісіден артық білетін адамды кездестірмедім. Бұрыңғы «КСРО- тарихынан» «Қазақстан тарихына» өзге облыс мұғалімдерін Аманжол Күзембайұлымен, Қарағанды облысы бойынша Рашит Шайзаратұлымен бірге бейімдедік. Мен лекциядан шаршаған кезде әр ауданның мұғалімдерінің мінез-құлқын, тіл ерекшелігін, күлкілі оқиғалаларын айтып отырушы еді. Осы аталған кісілерден де басқа да елге қызмет істеп жүрген, еңбегі сіңген азаматтар бар, олардың да Қарағанды тарихынан ойып орын алатын уақыты келді. Біз Совет кезеңінде салынған ізден біртіндеп шығып, ең алдымен қазақ халқына, тәуелсіздік тарихына қызмет істеген азаматтарды екшеуге көшуіміз керек.

Жамбыл Артыкбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.