Қарағандыда «Құмдауыт» жыр жинағының тұсауы кесілді

Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының төрінде жырдан шашу шашылды. Қаламы қарымды жас ақын Жәлел Шалқардың тырнақалды туындысы – «Құмдауыт» жыр жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Ақын өлеңдеріне арқау болған өмір өзгерістері, туған жер, махаббат жайлы толғаныстар оқырманға ой салады. Сондай-ақ жинақта өзбек ақындарынан тәржімаланған өлеңдер де топтастырылған.

"Құмдауыт" жыр жинағыЖәлел Қуандықұлы 1986 жылы Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстан өңірінде дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің филология факультетінің түлегі.
Жәлелдің қаламынан тамған жырлары «Айбергенов әлемі», «Қасым», «Тұмар» тәрізді республикалық басылымдарда жарық көрген. Бүгінгі күнде де мерзімді баспасөзде жарияланып тұрады. Өлеңдері «Қасымнан – ғасырға» атты Қарағанды облысы жас ақындарының аудиоантологиясына (2011), «Өмірге келер әлі талай Қасым…» жыр жинағына (2011) енген. Жас ақындар арасындағы бірнеше мүшәйраның жүлдегері. Олардың арасындағы ең елеулісі – Қазақстан шекарасын аман алып қалған Жұмабек Тәшеновтің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген «Ұлтына қорған болған ұлы тұлға» жыр мүшәйрасында алған бас жүлдесі. Аталмыш мүшәйрада Жәлел Қуандықұлы «Жылдың үздік ақыны» деп танылды. Мүшәйраны ұйымдастырушылар оның өлеңдерін топтастырып, жинақ ретінде шығарып беру туралы ұйғарымға келді. Енді, міне, аталмыш жинақ оқырмандар қолына араға бір жыл салып тиіп отыр. Оның не себепті «Құмдауыт» аталғанын Жәлел Қуандықұлы былай деп түсіндіреді:
«Менің туған жерім – Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан өңірі. Бала күнімде құмда аунап, табанымды құмға сіңген күннің қызуына күйдіріп өстім. Сондықтан тырнақалды жыр жинағымды «Құмдауыт» деп атауды жөн көрдім».
Бұл жинақ – жас ақынның оқырмандарға жол тартқан алғашқы кітабы. Осымен шектеліп қалмай, алдағы таңда оқырмандарын жаңа жырларымен қуантады, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосады деп сенеміз.

Сұлтан ҰЛАНҰЛЫ
«Қасым» порталы


Назарларыңызға Жәлел Қуандықұлының бірқатар өлеңдерін ұсынамыз:

ҚҰМДАУЫТ

Құмдауыт қыраттарым,
Жаныңнан жырақтадым.
Татымы таңдайымда,
Су ішкен бұлақтарым.
Тербетіп сыйың есті,
Санама құйын көшті.
Шөлдетпес – əуіріңе,
Табаным күйіп өсті.
Сыр шертем мөлтек, ізгі,
Мерейлі ер жеткізді.
Адырлар күйін тартып,
Жүректі селт еткізді.
Көркіңе асық едім,
Көрмесем тасып едім.
Ләйлəдай келбетіңе,
Мəжнүндей ғашық едім…
Кеудеме берік өлшем,
Серпілмес сенім ең сен.
Толқушы ең желмен бірге
Теңіздей, мені көрсең.
Басқызбас жардың басын,
Өзіңдей бар мұндасым.
Жаныңды күзетуде
Сексеуіл тағдырласым.
Жайсаңым қырқасы кең,
Анам həм сырласым ең.
Ең алғаш сезім жайлы
Бауырыңа жыр жазып ем…
Уысымнан таси кетіп,
Ойың жоқ бас иетін.
Еркіндік – өлең деген,
Құм мінез қасиетім…
Жетелер шыңға бүтін,
Ақ көрпе Құмдауытым.
Дамылсыз сен дегенде,
Жүйткиді Жыр-дəуітім!
Елтіген ғазалға сан,
Сырыңды аз аңдасам.
Кеш, соңғы Мəжнүн жырды,
Құмыңа жаза алмасам.

КӨСЕУ

Қараша ауыл…
Қара ошақта зорыға,
Анам жүрді қос білегін түрініп.
Сексеуілдің қыжынаған шоғына
Отырушы ем жылынып.
Армандасаң, дәл осында арманда,
Сарын қосып алабұртқан сарынға.
Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,
Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.
Жұмбақтанып таңғажайып атырап…
Көп білуге құмар едім Тегімнен.
Қара көсеу құдіретін бақылап,
Таң қалатын едім мен.
Содан бері өтті талай мұнар – жыл,
Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.
Өмір мені сан түрлі ғып сынап жүр,
Бәрі – арман.
Кеңдік маған қанмен келген сый екен,
Адамдығым анам сүтін өтеуде.
Бір ұққаным – ауыл жетпей жүр екен
Шоқ кеудемді көсеуге…

ЛӘЗЗАТ

Ләйләдай лағыл лебізге лайық,
Балапандайын бейкүнә бейнең.
Күлкіңнен артық ем іздеу — айып,
Тұншыға қалса керқұла кеудем.

Әлем әспеті әлі де әрсіз,
Сендік сиқырды сезіне алмаса.
Кереметтердің бәрі де нәрсіз,
Мейірімді сендей кезі болмаса.

Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,
Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем,
Ешкімді сендей сүйе алмас едім.

Заман заман ба заңдылықтарсыз?
Шегінсе шындық, шертеді мұң күз.
Ажарсыз дер ем паң қылық қар қыз,
Ғалам құбыжық еркелігіңсіз.

Ақын ақын ба арбаса арын?
Сезім сезім бе бір жылытпаса?
Өмір өмір ме далбасаларын
Тізгілей бермей, сырып тастаса?

Тағдыр тағдыр ма, тар жол торламай?
Шабыт — шабыт қой, шапса қайда да.
Жәлел Жәлел ме, бір жыр арнамай,
Жұматай жүз жыр жазса Ләйләға…

СЕН ТУҒАН КҮН

Боркемік жасыққа емес,
Жарқынға асық та әуес.
Арлыға серік
Әрі ес
Кең туғансың.

Әуеннің жариясымен,
Бақыттың бар ұясымен,
Сезімнің дариясымен
Тең тұрғансың.

Кірпігің Күнді қалқалап,
Дүниеге кербез, паң қарап,
«Ақынның жары» дейтін
Жүкті арқалап
Сен туғансың…

Бүгін — сен туған күн!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.