«Қасым Аманжоловқа арнау» АЛЛАМБЕРГЕНОВА Қырмызы

20 ноября 2020

 

Алламбергенова Қырмызы Жадигерқызы

Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Есет батыр атындағы МБ-ның 2018 жылғы түлегі. Қазіргі таңда академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультеті, «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті.

 

Қасым Аманжоловқа арнау

 

Өлеңменен сырласып сіз жайында,

Ақын аға мен де бір жырлайында.

Жыр жолымен ойнақтап қайтайыншы

Шабыт тұнған жүректің сырнайында.

 

Сырнайымда өзгеше сыр шертеді,

Тілі қиын, көп пенде білсе тегі.

Майда ескен қуаныш шаттандырып,

Енді бірде күңірентіп, күрсінтеді.

 

Қазақтың талантты жан асылынан,

Аманжол Рахымжанның Қасымынан

Тулап тұрған толқыннан беймәлімге,

Алармысың, ей дүние, жасырына?

 

Пәк өнердің тұсында қаусырына,

Тірі емес деп айтпақсың қайсың мына?

Алаулап тұр,қара әне, жыр қоймасы,

Поэзияның өрлеген тау шыңына.

 

Нұр құйылып кеудеме тербегенде,

Күйбеңінен тірліктің емдегендей.

Кеше, бүгін, ертеңмен тілдесуді,

Ұғынар ма едім дүниеңе келмегенде?

 

Көктем көңіл, жаз жүзі ғашық еткен,

Буырқанып жатсың ба дүние-ау кең?

Күй лебізі еркелеп төгілгенде,

Құлағыңды тоссаңшы асық өлкем.

 

Құмарлана қандырып құрышымды,

Бір мезетке кеңейтіп тынысыңды.

Сұлу желпіп, керім бір самал есші,

Перзентіңнің шақырған үні сынды.

 

Шабыттанып барамын шамадан тыс,

Ей, көңілім, толқыма сабаңа түс!

Ақын Қасым жайында бүгін жазсам,

Жыр Қасымын толғаймын жаз, көктем, қыс!

 

Үңілгенде сырт қалпы келбетіне

Қиял қалам шарлайды суретіне.

Жүрек көзі тоймастай бұл сөзіңнің,

Тәңір берген ерекше құдіреті ме?

 

Тума дарын қалдырған даңғыл жолың,

Талай ұрпақ дәріптеп қуар соңын.

Кей мәңгүрттен өшсе де қам жемегін,

Көп жүректен өлеңің алған орнын!

 

 

 

 

«Сөз зергері қазақта…»

 

Өнерге мен де бірер арнайын деп,

Сөз жаздым ізгі жолды жалғайын деп.

Ерлігін кешегінің бүгінгіге,

Мадақтап, паш етуден талмайын деп.

 

Қазақта көсем болған, батыр да бар,

Би болған, шешен болған, ақын да бар.

Халқына қадірлі жан,  дарындар көп,

Талантымен өмірдің кілтін табар.

 

Тілі мірдің оғындай тіліп өткен,

Әділдікпен жол тапқан мың жүректен.

Тоқсан ауыз сөзіңді бір түйіндеп,

Сөз сөйлеген қазекем зергер неткен?

 

Аталы сөз артында қастерлеген,

Баталы ұрпақ Абай боп төске өрлеген.

Өнегелі, ғұмырлы жақұт жырлар,

Көмескілеп қалып та ескірмеген.

 

Өшпей өсіп келетін сонау жылдан,

Сөз зергері қазақта ерек тұнған.

Бағыт берер өмірлік сапарыңа,

Шырағданың іспетті биік тұрған.

 

 

 

 

 

 

 

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика