«Қасым өлеңдері ұйқасының лингвистикалық сипаты» Бектұрсын ҚАЛИЕВ

 

Қалиев Бектұрсын Аманқұлұлы

Филология ғылымдарының кандидаты, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті

 

Қасым өлеңдері ұйқасының лингвистикалық сипаты

Қазақ поэзиясында бағдары айқын, стилі өзгегеұқсамайтын, әдебиетке қайталанбас өрнек, сөз қолдануда айнымайтын тәсіл, тасқындай аққан сөз нөпірі, тіл бейнелігі, астарлы ойымен халықтың жүрегінен ойып орын алған ақынның біріҚ.Аманжолов.

Қай қаламгер болсын, шығармашылығының ұлттық сипатын, көркемдік бедерін сөз еткенде, ең бастысы, оның тіліне айрықша мән береміз. Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігі әдебиеттану тұрғысынан да, тілдік тұрғыдан біршама сөз болса да, өлеңдері ұйқасының лингвистикалық сипаты көп айтыла бермейді.

Қасым өлең шумақтарындағы айтайын деген ойын ұғынықты, нақты жеткізу үшін кірме сөздерді өлеңдерінде өте жиі пайдаланған екен, оны мынадай ұйқасым дәлелдейді:

Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,

Кәсібім – соғыс болып, атым – солдат,

Қан жалдап, шалпылдатып кете бардым

Серігім болды менің азап – мехнат [1, 176].

Мұндағы «солдат» орыс тілінен енген кірме сөз болса, ал еңбек, азап, бейнет мағыналарын білдіретін «мехнат» араб-парсы тілінен енген сөз, бұл әдеби тілде қолданылмағанымен, ауызекі сөйлеу тілінде, яғни жалпыхалықтық тілде айтыла береді.

Шумақта кейде не бары бес-алты ғана сөз ұйқасуы мүмкін «қиын сөздер» де кездеседі. Кейде олардың саны одан да аз болуы мүмкін. Мүлде ұйқасы жоқ, әуезділігі жағынан үйлеспейтін сөздер де ұшырасады. Ұйқасатын сөз сыңарларында аз ұшырасатын сөздердің ішіндегі кейбіреулері ақынның қаламына жиі ілінетін ұйқасқа телінуі мүмкін. Әсіресе «ұ», «ү» еріндік дауыстылары бар бір буынды сөздерге ұйқас табу өте қиын:  күз – түз, гүл – күл т.б.

Кейде бір-ақ рет ұйқастыруға жарайтын сөздер де кездесуі мүмкін. Яғни мұндай сөздер бұрын ұйқасқа алынбаған жаңа немесе «қиын» сөздер болып келеді. Ұйқасымы оңайлықпен табыла қоймайтын мұндай ұйқасты ақын, әрине, бір-ақ рет қолданып, оқушысын өз тапқырлығымен таң қалдыру мақсатында жұмсауына болады. Алайда оны екіншілей қолдану немесе басқа тілден (кірме сөздерді) алып пайдалану жасанды немесе қайталау түріндегі ұйқас болып көрінуі мүмкін. Мысалы:

Біреу болар инженер, біреу доктор,

Профессор, редактор… не кондуктор,

Не машинист, не ұшқыш, не әнші – артист…

Болғым келед мен ақын тілі өткір [1, 128]

немесе

Семья шағын мемлекет,

Мен – президент, сен – премьер,

Арттым саған көп міндет

Премьер жолдас, бер пример [1, 84].

Мұнда әрі кірме сөздерді (латын және орыс тілінен енген), әрі паронимдік үйлесімге сәйкес құрылған сөздерді ұйқасымға шығарған. Бұл да – ақынның ұйқас жасаудағы өте бір ұтымды шыққан тілдік қолданысы.

Ұйқас сөздердің омонимдес, синонимдес және антонимдес болуы

а) омонимдік ұйқас. Егер тармақ соңында әртүрлі мағынаны білдіретін омоним сөздер дыбыстық жағынан үндесетін болса, омонимдік ұйқасқа жатады. Олар көбіне өлең тармақтарының соңында ұйқас ретінде қолданылады. Омонимдік ұйқас Қасым өлеңдерінде өте жиі кездеседі:

Отыр ма екен жан жарым?

Жатыр ма екен жан жарым?

Толған айдай дидарын

Көрмегелі жыл жарым [1, 35].

Бұл шумақтағы ұйқасушы тармақтардың соңындағы жарым сөзі дыбысталуы бір болғанымен, морфологиялық жағынан екеуі екі түрлі сөз табына (екі түрлі ұғымды білдіреді) қатысты болып, әртүрлі мағынаны білдіріп тұр. Омонимдік ұйқасты жыр, толғауларда көп қолданылатын редифпен шатастыруға болмайды. Табиғаты ұқсас болғанмен, редиф деп тармақ басында немесе тармақ соңында ұйқастан кейін қолданылатын бірдей сөз және сөз тіркестерін атайды. Ал омонимдік ұйқастағы сөздердің ішкі мазмұны бөлек болғандықтан, олар толыққанды ұйқас болып саналады.

Қасым омонимдес ұйқасты қолдану арқылы қалыпты бейнелі сөздерден құрылған өлеңге өзінше өрнек қосып, қайталанбас көркемдік сипат бере білген. Яғни сыртқы тұлғалары бірдей, бірақ мағыналары бөлек екі сөздің ұйқас ретінде қолданылуы өлеңнің ішкі мазмұндық тұтастығына ешбір нұқсан келтірместен өзгеше бір дыбыстық үйлесім тудырған.

Институтта жүр оқып,

Қазақ қызы – Қарашаш,

Оқы, оқы, қарындас,

Туған жерге білім шаш [1, 53].

ә) омонимнің кіріккен түрі, яғни ұйқасатын сөздің тұтасымен басқа бір сөздің ішіне, оның бір құрамды бөлігі ретінде кірігуі арқылы үндесуі:

… Оқ жауып нөсерлеп,

Қар күреп кеудеммен…

Ойлап па ем көрем деп,

Сұлуым, сені мен? [1, 41].

Мұнда толық мағыналы мен есімдігі екінші бір кеудеммен сөзінің ішіне қосымша (мен көмектес септігінің мағынасын білдіретін жалғау) болып еніп қайталануы арқылы ұйқасым жасап тұрғанын байқауға болады немесе мына өлең жолдарындағы ауыз сөзі де келесі тармақ соңындағы жалмауыз (жалма+ауыз) біріккен сөзінің ішінде қайталанып барып, ұйқас құрайды:

Еуропада жортып жүр бір жалмауыз,

Қасқыр көзді, қабан тіс, орақ ауыз,

Гитлер деген бір пәле кебін киген

Көрген пенде – «көрқап» дер, мынау нағыз [1, 214].

Айтар сөзін бітірмей жар,

Қарай берді жасы іркіліп.

Кеткендей-ақ қайғы-қанжар,

Жар өзегін тіліп-тіліп [1, 125],

дегендегі жар толық мағыналы сөзі екінші тармақтағы қанжар сөзінің соңғы буынын қайталау арқылы ұйқасым жасаған.

б) паронимдік ұйқас немесе кейде мұны паронимдік аттракция дейді. Паронимдік ұйқасқа дыбысталуы ұқсас болып келетін, әр түбірден тараған сөздердің контексте, әсіресе өлең тармақтарындағы үндесімде әсерлілік туғызу үшін қолданылатын, стилдік қызметімен ерекшеленетін құбылысты жатқызамыз. Мұны да Қасым өлеңдерінен көптеп кездестіреміз. Мәселен,

Рас, жаным! Едім ғашық,

Жастық албырт күнімде,

Ол бір кездер кетті-ау қашық,

Түс сықылды бүгінде [1, 8].

Мұны омонимнің фонетикалық түрі – омофондесе де болады [2, 168], яғни біркелкі айтылып, түрліше жазылатын, мағынасы мен сыртқы тұлғасы басқа-басқа болып келетін сөздердің ұйқасуы.

Сәскеде сансыз көкек сұңқылдаған,

Неткен кез дүние балқып күй тыңдаған!.

Еркелеп бұйра бұлақ жатыр аунап,

Сүйкімді жас үнімен сыңқылдаған [1, 52].

дейтін шумақтың бірінші және төртінші тармақтарындағы ұйқасқа шығарылған сөздер бірдейге жақын дыбысталады әрі стилдік жағынан мәндес, мағыналас болып келген, мұны да паронимдік ұйқасқа жатқыза аламыз. Паронимдік ұйқасқа тағы бір мысал:

Күн көтерген балғын қыз

Жауап қатты күлімдеп:

Сыйлағаным, алыңыз,

Көп қой менің күнім, — деп [1, 56].

Өлең тармақтарының ішінде ұйқас сөздердің мағыналары бір-біріне қарама-қарсы немесе өзара мәндес болып та келе береді. Бұл әсіресе грамматикалық егіздеуге (параллелизм) құрылған тармақ ішінде көп кездеседі.

Себебі мұндай тармақтар екі құбылысты салыстыру арқылы үйлесімділік, ұқсастық тудырады. Мәселен, Қасымның «Қуанышқа, бақытқа», «Түнгі сыр», т.б. өлеңдерінде контекстік антоним мен синонимдердің ұйқасқа қатысуын (тармақ басында, тармақ ортасында, тармақ соңында) көптеп кездестірдік. Мысалы:

Жастық отың сөнбесін,

Жігеріңмен жарқылда!

Қарттық саған келмесін,

Тартылма да сарқылма! [1, 140].

Сүйгеніммен екеуміз сыр айтыстық,

Сыр сандықтан шыққан сөз болмай ма ыстық,

Тағы біраз сүйісіп алдық тағы

Тәтті өмірдің жайынан жыр айтыстық [1, 37].

Осы шумақтарда курсивпен берілген сөздерді мәнмәтін (контекст) аясында алып қарайтын болсақ, өзара мәндес, мағыналас ұғымда жұмсалғанын көреміз. Сондықтан мұндай сөздерді стильдік мәні бар үйлесімді сөздерді контекстік синонимдік ұйқасқа жатқызамыз.

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,

Сый көрді небір сараң мол Қасымнан.

Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,

Айырылсам ала көңіл он досымнан [1, 160].

Сол сияқты бірыңғай етістік тұлғалары арқылы да байланысқан кейбір синоним өзара мәндес ұғымда жұмсалады:

Көк тірегі – Хан тәңірі жеңілді,

«Жер тәңіріне» басын иіп берілді.

«Жер тәңірі» – батыр туған большевик!

Бағынарсың, бас ұрарсың жер мен көк! [1, 164].

Стильдік немесе контекстік антоним жарыса қатар қолданылып, антоним ретінде қалыптаспаса да, белгілі бір контексте ғана қолданысқа түседі. Мысалы:

Қадірлі біздің досымыз,

Біздерден аулақ сырқаулық.

Қайратқа қайрат қосыңыз,

Жасасын біздің денсаулық! [1, 136].

Ақын өлең шумағының әсерлігін, құлаққа жағымдылығын, көңілге қонымдылығын күшейту үшін адамның аузына қапелімде түсе қоймайтын сөзді («сырқаулық») «денсаулық» сөзімен ұйқастырып жібереді. Бұл да ақынның ұйқас тудырудағы бір тапқырлығы дейміз.

Антонимдес ұйқастар көбінесе бір шумақ ішінде қатар қолданылып жалпылық мәнде жұмсалады:

Бүгін мұнда, ертең анда,

Біз жүргенде ұшқан құстай,

Білдірместен кетіп қалма,

Жастық шіркін, қош айтыспай! [1, 148].

Бұл соборда поптар бұрын,

Жамаушы еді өлім күйін,

Мұнарадан енді бүгін

Біз шырқаймыз өмір күйін [1, 148].

Осындағы антоним сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарып, үстеу мен үстеу және есімдіктер, зат есім мен зат есім өзара байланысқа түскен.

Сол сияқты бірыңғай зат есім тұлғалары арқылы да байланысқан кейбір антоним тікелей қарама-қарсы мәнде жұмсалады:

Мен сүйем аспандағы алтын күнді,

Самалды, майда желді салқын түнді.

Мен сүйем ауаменен ширатылып,

Құлаққа жылы тиген мұңлы үнді [1, 168].

Өтіп өмір өрінен,

Алды орын төрінен,

Айы туып оңынан,

Күні туып солынан,

Ен байлыққа кенелді.

Орындалып тілегі,

Шаттық кернеп жүрегі

Махаббатқа бөленді [1, 235].

Аталмыш шумақтар ішіндегі ұйқасқа алынған сөздерді контекстік синоним мен антонимдерге жатқызуға болады. Бұлар тармақ бойында айрықша мәнге ие болған, әрі мұндай ұйқастардың стилдік бояуы да, оқырманға әсері де ерекше болып келеді.

Сөзімізді қысқаша қорытындыласақ, Қасым Аманжолов өлең ұйқасында синоним сөздерді молынан қолдана отырып плеоназм құбылысына жол ашатынын, мағынасы қарама-қарсы антонимді де жиі пайдаланғанын, аллитерация, ассонанс, синтаксистік параллелизм т.б. көркемдік бейнелеу құралдары арқылы әдебиетімізді байыта түскенін айқын аңғарамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Аманжолов Қ. Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэмалар / құрастырған Д.Қ.Аманжолова. – Алматы: ТОО «Тенгри», 2001. – 344 б.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Санат, 1993. 284 б.