«Қасымтанудың өзекті мәселелері» Берік РАХЫМОВ  

11 ноября 2020

Б.С. Рахымов филология ғылымдарының докторы, профессор

(Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті)

 

«Дүниеге келер әлі талай Қасым»

Қолына қалам ұстаған үлкендi-кiшiлердiң бәрi де Қасым Аманжолов туралы жазып жатыр. Табиғат берген таланттың таусылмас қырлары мен әлi күнге тамсандыра түсетiн сырлары көп. Негiзiнде «Сөз өнерi — өнер атаулының ең қиыны және күрделiсi», — деген О.Бальзактың тұжырымы көркем шығарманы оқыған сайын ойға оралып, ерiксiз бас шұлғытатыны бар. Өз басым поэзиялық шығармаларды оқыған сайын осы бiр пiкipдi құптай түсемiн. Өзге де ақындар сияқты Қасым Аманжолов шығармашылығы да сонысымен маған қымбат. Рас, бiз дарынды ақынды көзiмiз көрiп, көкірегiнен шыққан көңіл күйiн естiгенiмiз жоқ. Алайда, ақынның барлық болмыс-бiтiмi оның өлеңдерiнде тұрғандай. Анығына көшсек, Қ.Аманжолов өмiр тарихын жазған ақын. Ақындардың пipi ұлы Абай өз ұлтының барлық өмiрiн өлеңге көшiрсе, дарынды Қасым осы жолға нық қадам басып, бастан өткен тағдыр — талайын өнермен айтқан. Ол туралы ой-пiкiрлер қалдырып, тебiрене тексерген ғалымдардың өзi осы тұжырымды қуаттауға тырысқан едi. Бұған таласпақ болғандар ең алдымен Қасымды көзi көрiп, өнерiне баға берген Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Ә.Тәжiбаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Әбдiрахманова және т.б. ғалымдардың еңбегiне бiр үңiлiп шыққаны дұрыс. Қ.Аманжолов поззиясының бiр қыры халықтың рухани қазынасынан нәр алады. Ақын өскен орта, киелi топырақ тұнып тұрған фольклорлық мұраға бай болатын. Талғамы жоғары бала Қасым сол асыл қазынаны құныға тыңдап, құлақ құрышын қандырғанына шүбә келтiру орынсыз. Өмір мектебiнен алған тамаша тәлiм-тәрбие өнер жолындағы дарынды тез есейтiп, жыр жарысына қосылған жүйріктің әбден ысылып, бабына келген тұлпар екендiгiн бiрден танытты. Қасымның қаламынан туған «Ұшқыш болғым келедi», «Отан күзетiнде», «Жалмауыз», «Орамал», «Жыр жолында асқар тау», «Сұлудың сымбаты», «Ерлiк қандай, Ер қандай», «Сұлтанмахмұт, туралы баллада», «Байқал», «Құпия қыз», «Ақын өлiмi туралы аңыз» т.б шығармаларының тiл өpнeгi халық поззиясының бар асылымен суарылғандығы анық. Бұны ақынның «Жыр жолында асқар тау» деп аталатын Нұрпейiс жырауға арналған өлеңi де дәлелдейдi. Мысалы:

«Алысқа бiр көз салып,

Асқар биiк тау көрдiм,

Асқар таудан жосылған

Aғыл-тeгiл сел көрдiм,

Аққу ұшып, қаз қонған,

Айдын шалқар көл көрдiм» (1;85), — дегендегi Қасымның көргені мен бiлгенi, табына таң қалғаны Нұрпейiс жырау едi. Суырып салма өнердің майталманына Қасым болса дәстүрлi жырау үлгiсiмен тiл қатады. Көненің көзi, асылдың сынығын сөзiнен таныйды. Ұлттық дәстүрге тән бұндай, ерекшелiк «Сұлтанмахмұт туралы балладада», «Құпия қыз» поэмаларында тұр. Бұл шығармаларды оқыған сәтте Қасымның суырып салмалық өнерге жақын тұрғанын, халық поэзиясы өкiлдерiмен бiте қайнасып кеткендiгін байқаймыз. Дұшпандықты жеткiзуде де ақын фольклордағы албасты, аждаһа, перi, қабан т.б. жауыздықтың өкiлдерiн қалыпты пайдаланады. Бұны Қасымның басқа теңеу таппағандығы емес, қайта халық түciнiгiнe тым жақын жеткiзудегi шеберлiктiң дәнекерi деген дұрыс. Айталық, «Жалмауыз» атты өлeңiндeгi нeгiзгi нысана басқыншылықтың мақсатын түсiндiру Мысалы:

Европада жортып жүр бiр жалмауыз,

Қасқыр көздi, қабан тiс, орақ ауыз,

Фашист деген бiр пәле кебiн киген

Көрген пенде — «Көрқап» дер, мынау нағыз.

Қыздың жасы көл-көсiр жалдағаны,

Жазықсыз жан, жауызды, жаламағаны,

Қорқау қасқыр сықылды көрден шыққан,

Екi ұртынан copғaлaп адам қаны.

«Адам қанын қалдырмай төксем», — дейдi,

«Жауыздықты жаhанға ексем», — дейдi,

«Жан бiткендi жұтып ап, жұмыр жердi-

Допқа ұқсатып бiр жаққа тепсем», — дейдi (2;92).

Ежелгi халық поззиясындағы 7-8 буынды өлең өлшемi мен он бiр буынды қара өлең ұйқасын дамыта жаңғыртудағы Қ.Аманжоловтың эпикалық құлашы шексiз, тынысы кең едi. Әcipece, балалар әдебиетiнен орын алатын «Жанна», «Әпкесi мен бөпесі», «Ағасы мен iнici», «Бесiк жыры», «Жетпic пен жетi», «Бал бөбек» өлеңдерiнен ауыз әдебиетiндегi санамақ, мазақтама, өтiрiк өлеңдердiң белriлерiн көремiз.

Қара өлең үлгiсiмен баяндалатын «Қойшыбай қарттың арманы» атты балладасы «Мiнгенiм дәйiм менiң күрең бестi» дейтiн халық әнiмен қатар, кәдiмгi сөз барымтасы айтысты еске салады. Бұл тектес шығармалары қатарына «Жылқышы жыры», «Сырдария аңызы», «Ауыл сырты маржан көл» т.б. жатқызуға болады.

Халық ауыз әдебиетiндегi жасалған «Баян сұлу», «Қыз Жiбек» т.б. сұлулар бейнесi талай сөз сүлейлерiне мәңгiлiк тақырып болып, өз басынан өткерген перизат сезiмдi айрықша ынтыға жырлатқан. Оның бастауы суырып салмалық өнерден кең орын алып, Ақан cepi, Бiржан, Естай шығармашылығымен толысқан.

Ұлы ақын Абай поззиясындағы дамытылып, оның жолын ұстаған талай шайырлар мен жазба әдебиетiн қалыпты арнаға түсiрген Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсiпбек, Мiржақып, Сәкен, lлияс, Бейiмбет, Мұхтар, Сәбит т.б. поэзиясында жалғасын тапқан. «Сұлудың сымбаты» атты өлеңiнде Қасымның да сол дәстүрдi нық ұстап, ұлттық поэзияның қыр-сырына аса қанық екендiгiн танимыз. Оған төмендегi жыр шумақтары дәлел:

Қара көз қиылған қас, жазық маңдай,

Алма бет, ақша жүзi нұр тамғандай.

Қыр мұрын, оймақ ерiн, меруерт қыз,

Бейне мақпал қызыл тiл шекер балдай.

Төгiлген иығына қара шашы,

Жiбектей жүз кұлпырған дамыл алмай.

Күмбездей жаpқыpaғaн мойыны бар,

Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.

Тiк иық, сүмбiл бiлек, кербез кеуде,

Қос емшек ақ төсiнде қос алмадай (3;92).

Қазақ қызының хас сұлулығы мен асыл қасиеттерi ақын поэзиясының бөлiнбес бiр бөлшегi десек те болар. Академик З.Ахметов ұлттық поэзияның даму ерекшелiктерiне байланысты зерделi зерттеуiнде мынадай тұжырымға келген: «Поэзия деген сөздiң өлең, жыр деген мағынасынан басқа, ретiне қарай, көркемдік, әсемдік деген мағынаны да беретіні тегiн емес. Поэзия терең, нәзік сезімнен туады. Ол көңілдің толқынысын, жүректің лүпілін білдіреді»(4;9), — дейді. Рас, ақын жүрек әміріне бағынады. Шыңғырған шындықты образбен ойлап, оны көз алдыңда әдiл таразыға тартады.

Қapa өлеңнен құйын көтерiп, дауыл тұрғызған Қасым Аманжолов кез-келген тақырыпқа талғаусыз баға бермеген. Көзбен көрiп, жүрекпен сезіп барып қана, күй пернеге қол салған. Соның жарқын дәлелi Отан соғысы жылдарындағы поэзияда тұр. Бiзге дейiнгi зepттeyшi ғалымдар бұл туралы бағасын берген едi. «Соғысты бейнелеуде Қасым Аманжолов көркем сөз, өлең сөздiң, толық мағынасындағы поэзияның осындай үйлесiмiн жасады» (5;48), — деген Т.Әбдiрахманованың пiкipi әдiл айтылған. Майданға aттанып бара жатқан ақынның туған даласымен қоштасу жырлары ел аузында жатқа айтылып, талайлардың жан жүрегiн егiлте елжiреткен классикалық туындылар. Бұл пiкipiміздi «Сарыарқа», «Орал», «Ciбip», «Байкал» өлеңдері толық дәлелдейдi. Сұрапыл жылдарға арналған шағын өлеңдерiмен қатар Қасымның поэзиясының эпикалық құлашын танытатын поэмалары екендігі анық. Соғысты көрген және көрмеген бiрнеше ақындар поэма жазды. Бірақ сонын бәрiнен Қасымның «Ақын өлiмi туралы аңыз» атты поэмасы оқшау тұрғаны даусыз. Кезiнде поэмаға қатысты Л.С.Соболев және Н.Тихоновтар байыпты баға бердi (6;5). Қазақ әдебиетi туралы толғанатын зиялы қауым бұны бiр ауыздан мақұлдады.

Жаңа шығарманың бәрi классикалық дүние болмайтыны белгілі. Қасымның өткендi жаңғыртып, поэтикалық жаңаша ырғақ пен санаға серпiлiс туғызуы суреткерлiк шеберлiгiнде жатыр. Елi мен жерi үшін аттанған Қобыланды, Алпамыс, Қамбарлардың жырдағы ел жұртымен қоштасуы, эпикалық шығармадағы батырдың жүрiп өткен жолы оқиғадан-оқиға тудырмаушы ма едi. Майданға aттaнғaн Қасым Аманжоловтың қатерлi сапары өлеңмен басталып, жеңiспен оралуы да сөз өнерiмен өріледі. Шағын ғана «Дариға сол қыз» өлеңi шалқар шабытты, ақындық алғырылықты аңғартқандай. Ұлтының ұлылығын мойындату екiнiң бірінің қолынан келе бермеген. Ал ақын Қ.Аманжоловтың поэзиясы сонымен құнды, әсерлi және мәңгiлiк.

Бізге белгілісі Қ.Аманжолов түрлі қиын кезеңдерді бастан кешіріп, шығармашылық талантын еркін ашуға тежеу жасаған идеологияның ықпалында өмір сүрді. Сондықтан да болар, ол өз заманының келешегіне үмітпен қарады. Алдындағы Сәкен, Ілияс, Бейімбет шығармаларына еліктеген тұстары да көп. Оны кезінде Ә.Тәжібаев та айтқан еді (7;535).

Бүгінде жұрт Рақымжанның Қасымының «Сайра, сайра Сандуғашым», «Айтшы жаным», «Әлде…», «Домбырамда бір күй бар тартылмаған», «Жиырма бес», «Дариға сол қыз», «Ақ Сәуле», «Өзім туралы» т.б. өлеңдерін ән қылып айтып, айрықша ләззат алады. Бұны өнерден өз бақытын тауып, өмір кітабына есімін алтын әріппен жазған халқының, сүйікті перзентіне құрметінің шынай белгісі мен тілегі дегеніміз ләзім.

Ақындық өнерді мұрат тұтқандарға таланттың қоятын талабы да күшті. Әуелі сол талапты Қасым өзіне қойған еді. Оған төмендегі мына шумақтар айғақ:

Өлеңім өзіме тарт. Тірі адам бол!

Алдыңа алмай-ақ қой мауыты стол.

Ақын бол, азамат бол, жауынгер бол,

Халқыңды құшақтап сүй, — міндетің сол.

Кей өлең келеді тым қылтың-сылтың, —

Жалтылдап, ұсынады жұртқа сыртын.

Топ жара енген менің жігіт жырым

Оларды тыжырынтар енді мүмкін.

Қалтылдақ қалпақ киген ғасырлардың,

Қыз мінез қылтыңына бас ұрмадым!

Аламын ауыр ойдан ауыр сөзді.

Мақта емес, ми болған соң басымдағым.

Ақынға тән тәкаппарлық пен батылдық осылай болса керек. Теңіздің түбінде маржан барын елдің бәрі біледі. Бірақ соны көретін, ең алдымен, поэзияда шын ақын ғана. Себебі, оның бар мұраты соның жолына бағышталған. Қасым да оны ашық айтқан. Мысалы:

Поэзия – асыл жар,

Тек өзіңе тең болсам.

Менде қандай арман бар,

Мәңгі бірге сен болсаң!

Иә, поэзияның айдынында еркін жүзген ақын бұл сертіне берік еді. Өмір-өзеннің ағысын аңдаған Қасым да өз тындырғандарын ойға салып, толғауы тоқсан тілден түйін түйіп, өзінің тобықтай түйгенін айтты:

Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Өртке тиген дауылдай өлеңімді

Қасымның өзі емес деп кімге айтасың!

Туған халқын шексіз сүйіп, ұлтының ұлылығына риясыз сенген Қасым Аманжолов өзінің түйінін жұрты мақұлдап, келер ұрпағы қолдайтынын түйсініп кетті. Бір анығы-ақын бағасыз емес. Алайда, асыл сөздің тарихындағы оның орны толық анықталып, бүкіл болмысымен ұлттық әдебиеттің шеңберіне енген жоқ.

Иә, көп болып қолға алсақ, ақын Қ.Аманжолов та сан қырынан көрініп, жұлдызша жарқырай бермек.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Аманжолов Қ. Нұрлы дүние: Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Жазушы, 1991.
  2. Сонда. 75-бет.
  3. Сонда. 92-бет.
  4. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы. Мектеп, 1973.
  5. Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1976.
  6. Солнечный день. Алма-Ата, 1994, «Казахстанская правда», 1949, 25 мая.

7. Қазақ совет әдебиетінің тарихы. ІІІ т. 2 к. Алматы, 196


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика